Клиника туралы жағымсыз пікір: Қазақстанда пациентті жазалауы мүмкін бе?
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Астана тұрғыны әлеуметтік желіде елордалық медициналық орталықтардың біріндегі емдеу сапасына қатысты теріс пікір қалдырғаннан кейін, клиника өкілдері одан жазбаны өшіруді талап еткенін айтты. Ол бас тартқан, содан кейін медициналық ұйым сотқа жүгінуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Клиника қай жағдайда пікірді теріске шығаруды талап ете алады және пациентті сын айтқаны үшін жауапқа тарту мүмкін бе? Бұл мәселені Tengri Health тілшісі анықтап көрді.
"Пікіріңізді бір сағат ішінде өшіруіңіз керек": не болды?Жазба авторының айтуынша, 2026 жылдың мамырында ол Астанадағы клиникалардың біріне жүгінген. Ол бару себебін нақтыламады, бірақ емдеу барысы оған күмәнді болып көрінген.
"Мен кез келген жұмыс сапасына көңілі толмаған тұтынушы сияқты клиника сайтында өз ойымды тармақтар бойынша жазып, шынайы пікір қалдырдым".
Қыздың айтуынша, біраз уақыттан кейін клиника өкілдері жағдайды талқылаудың орнына, бұл пікір медициналық мекеменің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретінін және шындыққа жанаспайтынын жазған.
Ол хат алмасудың скриншоттарын жариялады. Оған сүйенсек, клиника өкілі пікірді өшіруді сұрап, бас тартқан жағдайда медициналық мекеме таралған мәліметтерді теріске шығару, келтірілген шығындарды өтеу және авторды жауапқа тарту туралы талаппен сотқа жүгінуі мүмкін екенін ескерткен.
Қыздан пікірді өшіру қайта сұралған. Содан кейін, хат алмасуда мәселе құқықтық алаңда шешілетіні айтылған.
Ол жазбаны түзеткенімен, өшіруден бас тартты. Алайда, оныңайтуынша, клиника өкілдері хабарласып, сайттан "жалған" пікірді алып тастауды талап етуді жалғастырған.
Біз медициналық істер жөніндегі адвокат Сәния Секероваға хабарласып, пациентті жағымсыз пікір үшін шынымен жауапқа тартуға бола ма, сын мен заң бұзушылықтың айырмашылығы неде және клиниканың "жеке пікірді" өшіруді талап етуге құқығы бар-жоғын білдік.
Клиника жағымсыз пікірді өшіруді талап ете ала ма?Адвокаттың айтуынша, медициналық ұйым пікір тек жағымсыз болғаны немесе клиникаға ұнамағаны үшін ғана оны өшіруді талап ете алмайды.
Сонымен қатар, Қазақстанның Азаматтық кодексінің 143-бабына сәйкес, ұйымның өз іскерлік беделін қорғауға құқығы бар.
"Теріске шығару туралы талапты қанағаттандыру үшін сот мәліметтерді тарату фактісін, олардың беделге нұқсан келтіретін сипатын және шындыққа сәйкес келмейтінін анықтауы керек".
Сондай-ақ клиника дәлелденген шығындарды және басқа да сот шығындарын өтеу туралы талап қоя алады.
Бірақ сарапшы пікірдің мазмұны шешуші мәнге ие екенін атап өтті:
"Қазақстанда Жоғарғы соттың 2026 жылғы 20 мамырдағы №3 жаңа нормативтік қаулысы қолданылады. Онда соттар фактілер туралы тұжырымдар мен бағалау пікірлерін ажырата білуі керек екені тікелей көрсетілген".
Адвокаттың айтуынша, дәл осы айырмашылық мұндай дауларды қарау кезінде принципті маңызға ие.
Пациент пікірде не жаза алады?Егер пациент шынымен де медициналық қызмет алып, тек өз тәжірибесін сипаттаса, оның бұл туралы айтуға құқығы бар, деп түсіндіреді адвокат.
"Мысалы, ол медициналық мекемеге жүгінді, қандай да бір қызмет алды және көңілі толмады. Бұл жағдайда оның өз пікірін бөлісуге толық құқығы бар".
Адвокат пациенттің медициналық немесе кез келген басқа қызмет туралы оң немесе теріс әсерлерін сипаттай алатынын айтты. Бұл ретте тұжырымдарға мұқият болған жөн.
Мысалы, емдеу "күмәнді болып көрінді" деген тіркес (жазба авторының пікірінде осындай сөйлем болған) өздігінен пациенттің жеке тәжірибесін бағалауы болып саналады және мұндай тіркесті қолдануға болады.
Басқа жағдай - егер адам клиника нақты заң бұзды немесе іс жүзінде көрсетілмеген қызметті көрсетті деп жазса. Мұндай мәліметтердің шындыққа сәйкестігін тексеруге болады және ол үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай тұжырымдардан аулақ болған дұрыс.
Клиника сотқа жүгінсе не болады?Егер медициналық ұйым жарияланған мәліметтер оның беделіне нұқсан келтіреді деп есептесе, дау шынымен де сот талқылауына ұласуы мүмкін. Онда екі тарап та өз дәлелдерін ұсынуы керек.
"Қажет болған жағдайда сот даулы мәтіннің мағыналық мазмұнын және ондағы айтылған пікірлердің сипатын зерттеу үшін сот сараптамасын, соның ішінде сот-филологиялық сараптамасын тағайындай алады. Ұсынылған дәлелдемелер мен іс мән-жайларына түпкілікті құқықтық бағаны сот береді", - деп түсіндіреді адвокат.
Медициналық орталық сараптама ұйымына өз бетінше жүгініп, сараптама жүргізе алады, содан кейін дайын қорытындыны талап арызға қоса алады.
"Оны қанағаттандыру үшін мәліметтердің таралу фактісін, олардың ар-намысқа нұқсан келтіретін сипатын және шындыққа жанаспайтынын анықтау қажет болады. Егер жоғарыда аталған жағдайлардың тым болмаса біреуі расталмаса, талап арыз қанағаттандырылмайды", - деп атап өтті Сәния Секерова.
Пациентке де өз уәждері мен дәлелдерін ұсыну қажет болады.
Бұл жерде, мысалы, клиникаға жүгінуге және алынған медициналық қызметке қатысты құжаттар, өзі сипаттаған салдарды растайтын материалдар туралы сөз болуы мүмкін.
Айтпақшы, клиникамен арадағы жазысқан хаттар да бұл жағдайда пациенттің пайдасына дәлел бола алады.
Жазысқан хаттардың заңдық күшіАдвокат жоғарыда аталған, қызға ультиматум қойылып, пікірді өшіруді талап еткен жағдайға қатысты жауап берді:
"Сотқа жүгіну ниеті туралы ескертудің өзі заңсыз қоқан-лоқы емес, өйткені әр тарап өз құқықтарын қорғаудың заңда қарастырылған тәсілдерін қолдануға құқылы. Бірақ пациент пен клиника өкілдері арасындағы жазысқан хаттарды дәлел ретінде ұсынуға болады. Сот оны істің басқа материалдарымен бірге бағалай алады".
Оның пікірінше, клиникадан келген хабарламаның өзі пациент үшін пікірді өшіру туралы заңдық міндеттеме тудырмайды.
Егер дау кейіннен сотқа ұласса, жазысқан хаттарды дәлел ретінде пайдалануға болады.
"Пациент бұл фактіні өз мүддесін қорғау үшін пайдалана алады. Заңнамалық деңгейде жазысқан хаттардың заңдық күші бар. Яғни, солардың негізінде сот қандай да бір қорытындыға келе алады немесе жазысқан хаттарды белгілі бір дау бойынша дәлел деп тани алады", - деп нақтылады сарапшы.
Сонымен қатар, ол ең алдымен пікірді өшіруді талап етіп отырған тұлғаның шынымен де клиника өкілі екеніне көз жеткізуге кеңес береді.
Секерованың айтуынша, пациент жіберушінің жеке басын және оның медициналық ұйыммен байланысын растайтын құжаттарды сұратуға құқылы.
Шынымен не үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін?Адвокат ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін немесе беделді түсіретін көрінеу жалған мәліметтер таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін бөлек ескертті. Сөз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы туралы болып отыр.
"Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін заңда қарастырылған құқық бұзушылық белгілерін, соның ішінде таратылған мәліметтердің көрінеу жалғандығын анықтау қажет. Заң медициналық ұйымның іскерлік беделін де, пікір білдіру еркіндігін де қорғайды", - деп түйіндеді Сәния Секерова.
Демек, медициналық қызмет туралы теріс пікірдің өзі пациентті жауапкершілікке тартуға болады дегенді білдірмейді. Барлығы оның нақты не жазғанына және екі тараптың қандай дәлелдер ұсына алатынына байланысты.
Тексеруге болатын фактілер туралы тұжырымдар мен пациенттің жеке пікірін көрсететін бағалау пайымдауларын ажырата білу маңызды. Бұл ретте сот әрбір нақты тұжырымды істің мән-жайын ескере отырып бағалайды.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:66
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 29 Қыркүйек 2026 08:25 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















