Нұрлан Әбдіров: Біз үшін ең бастысы сайлаушылар сенімі
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Еуропа елдері сайлау ұйымдастырушылар қауымдастығының шешіміне сәйкес, әлемде жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтеді. Оның мақсаты – азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мен сайлау үдерісін жетілдіруге назар аудару. Сайлау жүйесі қызметкерлерінің биылғы кәсіби мерекесі Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орайлас келіп отыр. Аталған мерзімде еліміздің сайлау жүйесіндегі елеулі өзгерістер мен әлі де шешімін күткен мәселелер жөнінде біздің тілшіміз Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіровпен сұхбаттасқан еді.
– Нұрлан Мәжитұлы, сіз сайлау жүйесін жетілдіру арқылы қоғамды демократияландыру бағытында жасалған қандай өзгерістер маңызды деп ойлайсыз?
– Сайлаушылардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыру – Ата заңымызда айқындалған міндет. Кейінгі жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформалар аясында еліміздің сайлау жүйесін жаңғырту дәйекті түрде іске асырылып келеді. Мәселен, қолданыстағы заңнамаға 2021 жылы енгізілген түзетуге сәйкес, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 7 пайызынан 5 пайызына дейін төмендетілді. 2022 жылы саяси партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелер саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылды. Нәтижесінде, жаңа саяси партиялар құрылып, тіркелді. Олардың Мәжіліске өткендерінің саны 3-тен 6-ға дейін көбейді.
2021 жылы ауыл әкімдерінің сайлауы енгізілді. Өткен жылы ғана 914 ауылдық округ басшысын жергілікті тұрғындар тікелей сайлады. 2022 жылғы референдум арқылы мажоритарлық сайлау жүйесі енгізіліп, бірмандатты сайлау округтері құрылды. Аудандар мен облыстық маңыздағы қалалардың мәслихаттары түгелдей мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болды. Облыстық мәслихат депутаттарының жартысы – мажоритарлық жүйе бойынша, жартысы пропорциялық жүйе бойынша, яғни партиялық тізім бойынша сайланады. Мәжіліс сайлауы да аралас жүйеге көшірілді. 2023 жылдың соңында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін қанатқақты режімде сайлау басталды. Кейінгі 2 жылда 54 аудан мен қала әкімі сайланды. Жалпы, өткен жылы республика бойынша түрлі деңгейдегі 1028 сайлау өтті.
– Былтыр Парламенттің кейбір депутаттары аудандар мен облыстық бағыныстағы қалалардың әкімдерін сайлау мәселесін қайта қарауды ұсынды. Осы туралы ойыңызды ортаға салсаңыз.
– Бұл ұсынысқа Мемлекет басшысы назар аударып, Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінде аудан әкімдерін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау қажеттігін атап айтты. Ал ауыл әкімдерін сайлау өз тиімділігін көрсетті. Халық бұл жаңа институтты қолдап жатыр. Сайланған әкімдердің 60 пайызы бұрын мұндай жұмыс атқармаған. Әкімдер тұрғындарға бос уәде бермей, белсене жұмыс істеу қажеттігін түсінді.
Халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету, жұмыссыздықпен күресу, елді мекендерді дамытудан бастап, дерт меңдеген науқасты ауруханаға жедел жеткізу сияқты азаматтардың жеке мәселелерін шешу, яғни алуан шаруаны зыр жүгіріп атқару оңай емес. Кейде «Ауыл әкімі етіп кімді сайлау мәселесін тек аудан әкімі шешеді» деп айтылып жатады. Мұндай сыңаржақ пікірмен келісу қиын. Қазір ауыл әкімдігіне үміткерлерді тұрғындардың өздері ұсынып жатқан мысалдар аз емес. Тіпті өз ауылдарынан әкімдікке лайықты адам таппай, аудан әкіміне әділ де іскер азаматты тауып беру жайлы өтініш айтқан ақсақалдар да бар.
Аудан әкімдері де ауылды басқаруға білікті мамандардың келгеніне мүдделі. Мысалы, мен Атырау облысында іссапарда болып, Махамбет ауданының әкімімен сөйлескенімде ол өзіне «ыңғайлы» ауыл әкімі емес, уақытпен санаспай жұмыс істейтін, жұрттың мұқтаждықтарын шеше білетін ауыл әкімі қажет екенін айтты. Өзге өңірлерде болғанымда да осындай уәжді жиі естідім.
– Ел азаматтарының дауыс беруге қатысу белсенділігі қалай?
– Жағдай әр жерде әркелкі. Ал сайлаушылар белсенділігінің төмендеуі жаһандық үрдіс болып саналады. Жуырда біз Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен демократия және сайлауды басқару тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатыстық. Сонда сөз сөйлеген Демократия және сайлауға жәрдемдесудің халықаралық институтының (International IDEA) Бас хатшысы Кевин Касас-Самора кейінгі 15 жылда дүниежүзі азаматтарының дауыс беруге қатысуы орта есеппен алғанда 65 пайыздан 55 пайызға дейін төмендегенін мәлімдеді. Біз өз елімізде жүргізген талдау нәтижесі ересектерге қарағанда жастардың сайлауға қатысуы 11 пайыз аз екендігін көрсетті.
Сондықтан болашақ электоратымыз – өскелең ұрпақ екендігін ескеріп, олардың саяси белсенділігін арттыру шараларын қолға алдық. 2022 жылы ОСК жанынан Жас сайлаушылар клубын құрдық. Басты мақсатымыз – жастарды сайлауға қатысуға ынталандыру, олардың құқықтық мәдениетін арттыру және жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Осындай қоғамдық бірлестіктер өңірлерде де құрылып жатыр. Олардың құрамында жастар көшбасшылары, студенттер мен жоғары сыныптардың оқушылары бар. Қазіргі таңда ел бойынша 248 клуб жұмыс істейді. Қатысушыларының саны – 3275 адам. Клубтар жұмысына аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері ұдайы назар аударып, қажетінше көмек көрсетіп отырады.
Бұған қоса, ОСК мүшелері бұрынғыдай кабинеттен шықпайтын қағазбастылықты шектеп, өңірлерге іссапарға баруды дәстүрге айналдырды. Біз барған жеріміздің бәрінде жас және болашақ сайлаушылармен міндетті түрде кездесіп, ашық әңгіме құрып жүрміз. Олардың қойған сауалдарының ешқайсысы жауапсыз қалмайды. Жастардың саяси сауатын көтеруге де тырысамыз.
Жас сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарында заманауи әдіс-тәсілдерге жүгіну қажеттігі сөзсіз. Жастардың көпшілігі қазір әлеуметтік желіні пайдаланатынын ескеріп, бұқаралық коммуникацияның осы саласына баса назар аударуға тура келді. Бұл жұмыста бізге жас өрендердің өздері де жәрдемдесіп жүр. Мысалы, Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы, Жас сайлаушылар клубының мүшесі Аяжан Мөңкебай замандастарын сайлауға белсенді қатысуға шақырған «Менің дауысым маңызды» атты комикстер жасап шығарды. Алматылық жастар тіпті «Болашақтан келген дауыс» комикстер сериалын дайындады. Біз үшін жас ұрпақтың өз құқықтарын біліп, сайлауға белсене қатысқаны, заңды сыйлап, оны бұзуға жол бермегені маңызды.
– Қоғамда сайлаудың ашық та әділ өтуін қамтамасыз ету үшін электрондық дауыс беруді енгізбей болмайды деген пікір айтылып жүр. Осы ұсыныс жайлы не айтасыз?
– Электрондық дауыс беруді енгізу – айтуға ғана оңай шаруа. Мұндағы басты мәселе – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен сайлаушылардың сенімі. Халықаралық тәжірибеге зер салсақ, электрондық дауыс беруге көшкен елдер көп емес. Осы технологияның екі негізгі түрі бар. Біріншісі – компьютер мен смартфонды пайдаланып, қашықтықтан интернет арқылы дауыс беру. Әлемде бұл әдіске толық көшкен жалғыз мемлекет – Эстония. Бұл елде жергілікті, парламенттік, еуропалық сайлаудың бәрінде дауыс интернет арқылы беріледі. Көршілес Ресейде электрондық дауыс беру федералдық және өңірлік сайлауда қолданылып жүр.
Екіншісі – сайлау учаскелерінде орнатылған электрондық машиналар арқылы дауыс беру. Бұл әдіс Бразилияда, Үндістанда, Америка Құрама Штаттарында, Филиппинде кеңінен қолданылады. Бельгияда ішінара ғана қолданылып жүр.
Электрондық дауыс беруден бас тартқан елдер де аз емес. Мысалы, Германияда 2009 жылы Конституциялық соттың шешімімен электрондық машиналарды қолдану сайлаудың басты қағидаттарын бұзады деп шешті. Нидерландта электрондық машиналар 1990 жылдан 2007 жылға дейін қолданылды. Ақыры бұл әдіс ел қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп ұйғарылып, нидерландтықтар қағаз бюллетеньдерге қайтып оралды.
Норвегия интернет арқылы дауыс берудің қанатқақты жобасын сынақтан өткізіп, оның тиімділігі жоқ әрі тәуекелі бар деген шешімге келді. Себебі қашықтан дауыс беру сайлауға қатысушылар санын көбейткен жоқ, сондай-ақ дауыс беру құпиясын сақтауға қатысты алаңдаушылық та туғызды.
Финляндия 2008 жылы эксперименттік жоба ретінде сайлау учаскелеріне орнатылған электрондық машиналарды қолданып көрді. Алайда сайлаушылардың 2 пайызы өз таңдауын растамағандықтан және бірсыпыра дауыс із-түзсіз жоғалып кеткендіктен, сот эксперименттік округтердегі сайлауды заңсыз деп таныды.
Жапониядағы муниципалитеттер электрондық дауыс беру тым қымбатқа түседі деп санап, дауысты қолмен санау әлдеқайда жылдам әрі экономикалық тұрғыдан тиімді деп шешті. Канада интернет арқылы дауыс беру кибершабуылдардан қорғануға кепілдік бермейтіндіктен, федералдық сайлауда онлайн дауыс беруді енгізуден бас тартты.
Біздің елде де 2003–2007 жылдары қажетті жабдықтар миллиардтаған теңгеге сатып алынып, электрондық дауыс беру сайлау учаскелерінің 15 пайызында енгізілген еді. Алайда оған сайлаушылар сұранысы 7,5 пайыздан 2,1 пайызға дейін төмендеді. Сол себепті бұл әдісті қолдану тоқтатылды. Шынтуайтында, жүргізілген сауалнамалар электрондық дауыс беруді ересек адамдар ғана емес, жастар да онша қолдамайтындығын көрсетіп отыр. Олар бұл әдіс сайлаудың әділ өтуіне әрі жеке деректердің ұрланбауына кепілдік бермейді деп санайды. Мұндай күдік негізсіз де емес. 2023 жылы Үндістанда интернеттің жасырын бөлігі – Darknet-те 815 млн үндіс туралы ақпаратты қамтитын мәліметтер базасы сатуға қойылғаны анықталған. Мұны істеген хакерлер жеке адамдардың мәліметтерін тексерумен және медициналық жазбалармен байланысты жеке деректер орналастырылған мемлекеттік порталдарға кибершабуыл жасаған.
Сондықтан халқымыздың «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегеніндей, біз электрондық дауыс беруге көшу мәселесінде асығыстықпен қате шешім қабылдауға жол бермеуіміз қажет. Кейбір мамандардың айтуынша, электрондық дауыс беруге келешекте күрделі міндеттерді шапшаң орындауға қабілетті кванттық компьютерлер шығарылған кезде ғана көшуге болады.
Жалпы, біз үшін ең бастысы – сайлаушылар сенімі. Өйткені азаматтардың сайлауға сенбеуі – кез келген мемлекет үшін үлкен қауіп. Егер сайланбалы мемлекеттік органдар мен лауазым иелеріне халық сеніммен қарамаса, онда олар ойдағыдай жұмыс істей алмайды.
– Сонымен сайлау көп, сайлаушылардың сенімі басты құндылық деп айтып отырсыз. Осы сенімге жетудің жолы қандай?
– Бұл жерде басшылыққа алатын негізгі ұстанымдар: сайлау рәсімдерінің заңдылығы, сайлау ұйымдастырушыларының кәсібилігі, үдерістердің ашықтығы және қоғаммен тұрақты диалог. Дәл осы құрамдас бөліктер сайлау жүйесіне деген орнықты сенімді қалыптастырады. Ең бастысы – электоралдық науқандар қатаң түрде еліміздің сайлау туралы заңнамасына сәйкес өтуі керек.
Бүгінгі таңда сайлаулар тұрақты түрде өткізіледі, осыған байланысты сайлау комиссиялары тұрақты жұмыс істейтін құрылым ретінде қызмет атқарады. Бұл ретте кәсібилендіру шешуші рөлге ие: комиссия мүшелерінің даярлығы мен тәжірибесіне қойылатын талаптар күшейтілді. Себебі сайлау үдерісінің сапасы мен оның заңдылығы әрбір сайлау комиссиясы мүшесінің даярлық деңгейіне тікелей байланысты.
Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы үшін электоралдық оқыту «сайлау науқанына арналған» біржолғы шара емес, сайлау кезеңін де, сайлауаралық кезеңді де қамтитын жүйелі әрі үздіксіз жұмыс болып саналады. Жалпы алғанда, өткен жылы республика бойынша 6 800-ден астам оқыту іс-шарасы өтіп, оған 115,4 мыңнан астам сайлау үдерісіне қатысушы қамтылды. Алайда біз үшін басты көрсеткіш – сан емес, алынған білімнің сапасы мен практикалық қолданылуы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті
Өнер • Бүгін, 23:40
Президент • Бүгін, 23:26
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:15
Экологиялық мәдениет қалыптастыру – түбегейлі қағидат қатарында
Саясат • Бүгін, 08:10
Қасым-Жомарт Тоқаев: Татуласу – мықтылықтың белгісі
Саясат • Бүгін, 08:05
Қазақстан мен Пәкістан ынтымақтастығы стратегиялық деңгейге көтерілді
Саясат • Бүгін, 08:00
Қоғам • Бүгін, 07:55
Өнер • Бүгін, 07:50
Жәдігер • Бүгін, 07:45
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:40
Қанат Бозымбаев өңірлердің су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық барысын тексерді
Үкімет • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы табысталды
Президент • Кеше
Қазақстан әлемнің 70-тен аса еліне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды
Президент • Кеше
Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізді
Президент • Кеше
Азаматтық-құқықтық шартты айналып өтуге тосқауыл қойылады
Қоғам • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:14
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 05 Ақпан 2026 08:50 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















