Қазақстан балалары : жарқын болашақ кепілі
Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Сондықтан мемлекет өскелең ұрпақты білім, мәдени, шығармашылық, психологиялық, физиологиялық дамытуға, денсаулығын қорғауға баса мән беріп келеді. Осы орайда елде 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы әзірленіп жатыр. Президенттің IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес қабылданғалы тұрған бұл ерекше бағдарлама балаларға нендей игілік әкеледі?
Қазіргі жас – тек тәуелсіздік түлегі
Бір қызықты дерек бар. 2025 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының азаттық алғанына 34 жыл толады. Ал елімізде 35 жасқа толмаған азаматтардың бәрі – жастар санатына жатады. Яғни, дәл қазіргі жас атаулының барлығы – Тәуелсіздіктің түлектері! Оның бірі қалмай бәрі тәуелсіз Қазақстанда өмірге келді және бодандық емес, тек бостандық заманында ер жетіп келеді.
Қай заманда да қоғамның қозғаушы күші – жастар. Болашақ Қазақстан қандай болады десек, қазіргі жас ұрпаққа қараған жөн. Олар өткен ғасырдағы тоқырауды емес, жаңа мыңжылдықтағы өрлеу рухын және толағай табысқа ұмтылысты бойына сіңірді, еркін өсті. Мемлекеттің міндеті – болашағына үлкен сеніммен қарайтын сол ұрпағының әрбір ізгі қадамына қанат байлатар, дарынын ұштап, арынына өріс ашар іргелі үрдістер мен берекелі бастамаларды ілгерілету.
Міне, осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасымен, балаларға қатысты бұрын-соңды болмаған жаңа тұрпатты бағдарлама қабылданатын болады. Оның ерекшелігі – биыл жүзеге асыру мерзімі аяқталып, күші жойылатын түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарлардың бірнешеуін біріктірмек. Сондықтан Үкімет мұны мұқият ойластырып, нақты шешім қабылдауға міндетті.
Құжатпен жұмыс Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайдың қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Құрылтайдың 2025 жылғы 14 наурызда өткен сол жиынында Қасым-Жомарт Тоқаев мысалы, 2023 жылы бекітілген, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы жоспардың мерзімі биыл бітетінін еске салды. Оны ауыстыратын жаңа құжат даярлану үстінде. Десек те, осы қауіпті кеселге қарсы күрес шараларының бір бөлігін Үкімет жас ұрпаққа қатысты бағдарламаға да көшіре алар еді.
Президент биылғы жылы балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де түгесілетінін еске салды. Қазақстан әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдады. Былтыр барлық аймақта балаларды психологиялық қолдау орталықтары ашылды.
Қолданыстағы заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тоқаевтың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды, бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтырып жібергені тілге тиек етілді. Жас ұрпақты жымысқы жат қозғалыстардан қорғау да күн тәртібінде күйіп тұр. Үкіметтің жаңа бағдарламада діни тәрбиеге көңіл бөлгені маңызды.
–Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отыр. Мұның сыртында осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Бұл өте маңызды құжат болмақ, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында.
Бағдарлама неге кешікті?
Президенттік бағдарламаны жазуға Оқу-ағарту министрлігі ғана емес, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Денсаулық сақтау, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Ішкі істер, Ғылым және жоғары білім, Қорғаныс министрліктері жұмылдырылып жатқандықтан, құжаттың түпкілікті ортақ нұсқасы әзірге дайын емес.
Сондықтан жуырда Үкімет үйінде Премьер-министрдің орынбасары–Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының жобасы емес, тек тұжырымдамасы талқыға салынды. Отырыста бағдарламаны әзірлеуге Оқу-ағарту министрлігінің балалар омбудсменін, Парламент депутаттарын және азаматтық қоғам өкілдерін тартқаны мәлімделді.
«Аталған құжат Қазақстандағы балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған қолданыстағы және жоспарланған барлық шараны біріктіруге бағытталған. Бұл өскелең ұрпақтың мүддесі үшін жүйелі, тұрақты әрі дәйекті саясат құрудағы маңызды қадам болмақ», – деп хабарлады ведомство.
Осы ауқымды жұмыс барысында мемлекеттік органдар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты барлық бағдарламалық, нормативтік және стратегиялық құжатқа ревизия жүргізді. Бұл қайталанатын ережелерді анықтауға, бір бағдарлама аясында өзара кіріктіріп, интеграциялауға, ескірген, кемеліне келтіріп, жетілдіруді қажет ететін бағыттарды айқындауға мүмкіндік беріпті.
Жауапты тұлғалардың түсіндіруінше, мұның бәрі бағдарлама жазу аясында атқарылатын жұмыс ауқымын еселеп арттырған екен. Кешігуінің бір себебі сонда болса керек. Мемлекет басшысы тиісті міндетті наурызда қойғаны мәлім. Содан бері 8 айдай уақыт өтті. Бұдан бұрын, биылғы мамырда сол кездегі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Қазақстан балалары» 2025-2026 жаңа оқу жылы басталғанша дайын болатынын хабарлаған еді. Сөзінде тұра алмады.
Ғалымжан Қойшыбаев бағдарламаның Қазақстандағы әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі қорғауды қамтамасыз ететін тұрақты мемлекеттік саясаттың негізіне айналуға тиіс екенін атап өтті. Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, бағдарламаны әрі қарай пысықтау бойынша бірқатар тапсырма берілді. Әйткенмен, шенеуніктер бұл істі тым созбалаңға салып жібермеуі қажет. «Қазақстан балалары» бағдарламасы биылғы жыл соңына дейін қабылданып, 2026 жылдың басында күшіне енеді деп күтіледі.
Бір «шаңырақ астында» – түрлі жоба
Президенттің өзі мән берген құжатты сапалы жасау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Құрамына барлық жауапты мемлекеттік органның, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, түрлі сала сарапшылары кіріпті. Топқа түрлі ұсыныс әлі күнге түсіп жатыр.
Солардың негізінде кеңауқымды әрі бірыңғай бағдарламаның негізгі 7 ірі бағыты айқындалды. Олар жас ұрпаққа тәрбие беруді, білімді қолжетімді етуді, шығармашылығын дамытуды, жастардың денсаулығын қорғауды және саламатты өмір салтын қалыптастыруды, спортпен шұғылдануына жағдай жасауды, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, буллингтен, зорлық-зомбылықтан қорғауды, осал отбасындағыларын әлеуметтік қамсыздандыруды және басқасын – жасөскіндер өмірінің әртүрлі саласын қамтиды. Оларды толықтыру және пысықтау жалғасады.
Нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен, буллинг-әлімжеттікпен және бұзақылықпен күрес күн сайын өзекті бола түседі. Жас ұрпақ арасындағы түрлі әлеуметтік кеселге қарсы іс-қимылға бүкіл қоғам болып жұмылуы керек. Ендеше жаңа бағдарлама қоғамды тыс қалдырмағаны абзал. Түптеп келгенде, «Қазақстан балалары» бірегей бағдарламасы әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған қолданыстағы және алда жоспарланып отырған барлық шараны біріктіруге тиіс.
«Бұл мемлекеттің, ата-аналардың, педагогтердің, дәрігерлердің, әлеуметтік қызметтер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің күш-жігерін біріктіретін Қазақстандағы тұңғыш кешенді бағдарлама болмақ. Осы себепті балалық шақты қорғау саласында жасалған барлық істерді – нормативтік-құқықтық құжаттардан бастап нақты шараларға дейін ненің тиімді екенін, ал қай тұстары қайта қарауды, толықтыруды қажет ететінін түсіну үшін мұқият талдау жүргізілді. Сондай-ақ статистика өзектілендіріліп, зерделенді, себебі әрбір санның артында баланың тағдыры тұр», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі.
«Қазақстан балалары» бағдарламасы тікелей өскелең ұрпақтың қызығушылығы мен мүддесіне бағытталатын тұрақты және дәйекті мемлекеттік саясаттың өзегіне, темірқазығына айналуға тиіс. Оның аясында, әсіресе жас ұрпақ арасында ұлттық рухани-мәдени құндылықтарымызды, қазақы дәстүр мен дүниетанымды дәріптеу маңызды. Ұлттық рухтың уызына жарыған ұрпақ қана азаттық пен тұтастықты, асыл тілімізді, айбынды ұлтымызды сақтап қала алады. Шыққан тегін, салт-дәстүрін, даңқты бабалардың өнегелі өмірін білетін және асыл мирастай ары жалғай алатын рухы берік, ойы озық елді ешкім тізе бүктіре алмайды.
Өз кезегінде, Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа бағдарлама аясында практикалық шараларды, әрбір баланы жүзу дағдыларына тегін үйретуді ұсынды. ТЖМ жыл сайын оқу жылы ішінде балаларға төтенше жағдайлар кезіндегі мінез-құлық ережелерін түсіндіруге күш салады. Сондай-ақ оқушылар, педагогикалық құрам және ата-аналар арасында алғашқы көмек көрсету бойынша профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Осы мақсатта оқу орындарында кадет сыныптары, әскери-патриоттық клубтар, «Жас құтқарушылар» және «Жас өрт сөндірушілер» үйірмелері белсенді енгізіліп, дамытылып жатыр.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы сарапшылары жас ұрпақтың критикалық ойлау қабілетін, ақпараттық және қаржылық сауаттылығын, ұжым ішінде жұмыс істей білуін дамыту қажетіне назар аудартты. Осы мақсатта мысалы, республикада бес мыңнан аса дебат клубы істейді. Бұған дейін Президент те айтқандай, балаларды әлеуметтік кеселдерден қорғау үшін олардың сыни ойлау қабілетін ұштау қажет. Жас ұрпақ көп уақытын интернет пен әлеуметтік желілерде өткізетіні жасырын емес. Олар жалған идеялар мен мінез-құлықты бұзатын теріс тәрбиенің ықпалына оңай түсуі ықтимал. Сол себепті әр педагог балаларды өз эмоциясын ұстауға, кез келген нәрсеге немесе жағдайға байыппен қарап, дұрыс шешім қабылдауға үйретуі керек.
Қазіргі заман жастарында кейде менмендікке, эгоизмге ұштасатын индивидуализм, оқшауланушылық, өз мүддесін өзгеден жоғары қою басым. Білімді, дарынды жастар қабілет-қарымын көбірек бағалайтын және көбірек төлейтін елдерге кетіп қалады. Білімді, білікті жас маман өз елімізге керек. Оларды Қазақстанда ұстап қалудың нақты жолдары мен тиімді тәсілдері жаңа бағдарламада көрініс тапса, құба-құп.
Біз сөйлескен елордалық педагогтердің ұсынуынша, жаңа бағдарламада жас ұрпақтың құндылықтық бағдарын қалыптастыруды, жанына жағатын әрі жақсы табыс әкелетін болашақ кәсібін айқындауға нақты септесуді, өмірден өз орнын табуына тиімді көмектесуді қарастыратын нақты шаралар, тәсілдемелер мен тетіктер қарастырылса дұрыс. Онсыз, сылдыраған су сөзден, игі ниеттен ғана тұратын бағдарламаның «өмірі» ұзақ болмайды. Мысалы, «Біртұтас тәрбие», «ҚР мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасы», бұған дейін болған және өскелең ұрпаққа арналған өзге де құжаттар міндет-мақсат үдесінен шыға алмады, адымы алысқа бармады.
Білім жүйесінде жас ұрпақтың бойына адамгершілік, рухани және мәдени құндылықтарды дарытуға бағдарланған түрлі іс-шара жүзеге асырылады. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымында, соның ішінде жекеменшік мектептерде де жаңа тәрбие моделі – «Адал азамат» атты біртұтас бағдарламасы енгізілді. Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген. Бағдарламаның басты мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтарды тәрбиелеу.
Бұдан бөлек, мектептерде «Оқитын ұлт», «Таза Қазақстан – экологиялық мәдениет», «Отбасы және орта мектеп», «Дәстүр мен ғұрып», «Құқықтық сана – қауымға пана», «Еңбек – елдің мұраты», «Үнем – қоғам қуаты», «Қоғамға қызмет», «Мектеп өмірінің бір күні» (ата-аналарға арналған экскурсия), мектепте психологиялық қызметті ұйымдастыру, мектептердің татуластыру қызметтері, өзге де көптеген жоба қолға алынған. Осы және басқа жобалардың ірісі, ілкімдісі «Қазақстан балалары» бағдарламасында қамтылса, бүкіл елде шашыраңқы түрде емес, «бір шаңырақ» астында бірдей жүзеге асырылса жөн.
Айхан ШӘРІП
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:51
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 11 Қараша 2025 07:04 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















