Қазақстанда бензин бағасы қалай қалыптасады және оған мұнай құны әсер ете ме?
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Қазақстан экономикасының мұнай және оның әлемдік бағасына тәуелді екені көпшілікке мәлім.
Алайда экспорттан түсетін табысты өндірушілер мен бюджет иеленеді, ал қарапайым халық үшін жанармай бекеттеріндегі баға әлдеқайда маңызды. Tengrinews.kz жаһандық шикізат нарығы қазақстандықтардың әмиянына қалай әсер ететінін және мұнай арзандаса да, бензин бағасы неге төмендемейтінін түсіндіреді.
Ирандағы қақтығыстың өршуіне байланысты мұнай котировкаларының құбылуы биылғы әлемдік экономиканың басты оқиғаларының бірі болды. Ақпанның аяғы мен наурыздың басында АҚШ пен Израиль Ислам Республикасына шабуыл жасай бастағанда, мұнай бағасы сәл кідіріспен болса да, барреліне 70 доллардан 90 долларға дейін көтерілді.
Тегеран әлемдік логистика үшін аса маңызды Ормуз бұғазын жауып тастағаннан кейін, котировкалар қысқа мерзімге 120 долларға дейін көтерілді. Кейіннен олар соғыс қимылдары мен келіссөздер барысына қарай құбылып отырды, бірақ барреліне 100 долларлық межеден тек бір рет - мамырдың басында бірнеше күнге ғана асты.
Анықтама: Ормуз бұғазы - Иран мен Оман арасындағы Парсы шығанағын Оман шығанағымен, әрі қарай Үнді мұхитымен байланыстыратын тар теңіз өткелі. Ол әлемдегі ең маңызды энергетикалық маршруттардың бірі саналады: ол арқылы Сауд Арабиясы, Ирак, БАӘ, Кувейт және Иран сияқты Парсы шығанағындағы ірі өндірушілер мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттайды. АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартысында Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне орта есеппен 20,9 миллион баррель мұнай мен мұнай өнімдері тасымалданған. Бұл - сұйық көмірсутектердің әлемдік тұтыну көлемінің шамамен 20 пайызы және теңіз жолымен тасымалданатын барлық мұнайдың төрттен бірі. Бұл бұғазды толық алмастыра алатын балама маршруттар іс жүзінде жоқ.
Шілденің соңында Brent маркалы мұнайдың баррелі 85–90 доллар төңірегінде болды, бұл әлі де соғысқа дейінгі деңгейден жоғары.
Бүгінде Ормуз бұғазы әлі толық ашылмаған, ал бір тараптан АҚШ пен Израиль, екінші тараптан Иран арасында толыққанды бітім жасалған жоқ. Түрлі кезеңдердегі шамалы өзгерістердің өзі котировкалардың екі бағытқа да күрт секіруіне алып келіп отыр.
27 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды "соққыға жығуға" уәде берді. Содан кейін мұнай бағасы жеті пайызға қымбаттады.
Дональд Трамптың 2026 жылғы 27 шілдеде Мичигандағы сөйлеген сөзі, онда ол Иранды "соққыға жығуға" уәде берген болатын. Ақ үйдің бейнебаянынан кадр
Бірақ тамыздың басында-ақ АҚШ лидері жоспарланған жаппай соққының тоқтатылғанын және келіссөздердің жаңа кезеңі болуы мүмкін екенін жариялады, содан кейін мұнай бағасы бірден 7,3 пайызға арзандады. Сарапшылар мұндай үрдіс сақталады деп күтіп отыр.
Бұл жағдайда қазақстандықтардың көпшілігін әлемдік негізгі шикізаттың котировкалары емес, олардың күн сайын жанармай бекеттерінен көріп жүрген бензин құнына әсері қызықтырады.
Көбіне бекеттердегі жағдай жаңалықтарда айтылып, жазылып жатқан мәліметтермен сәйкес келе бермейді.
Жанармай бекетіндегі бензин бағасы әдетте неге байланысты болады?Автожанармай құю бекеттеріндегі (АЖҚБ) отын құны әлемдік мұнай бағасымен бірге өзгеріп отыруы керек сияқты көрінеді. Бірақ бұл тек импорттаушы елдерге ғана қатысты, олар қажетті отын көлемін немесе оның негізгі бөлігін шетелден сатып алады.
Ал өзін-өзі қамтамасыз ететін елдер үшін мүлдем басқа тетіктер жұмыс істейді.
Алдымен импорттаушы елдерде бағаның қалай қалыптасатынын қарастырайық. Жергілікті АЖҚБ желілері бензинді шетелден немесе отандық өңдеу зауыттарынан сатып алады. Сатып алу бағасына компанияның пайдасы, сондай-ақ мемлекеттік ҚҚС пен акциздер қосылады, нәтижесінде отынның түпкілікті құны қалыптасады.
Экспорттаушылар үшін де халықаралық бағалар негіз болып табылады, бірақ одан әрі есептеулер мүлдем басқаша жүреді. Бұл жерде "нетбэк" ұғымы шешуші рөл атқарады.
Анықтама: Нетбэк деп сатушының түпкілікті қаржылық нәтижесін, яғни барлық ілеспе шығын мен мемлекет алдындағы міндеттемелерді төлегеннен кейін қалған соманы айтады.
МӨЗ бензинді жай ғана сатып қоймай, оны сатып алушыға немесе трейдер-делдалға жеткізуі керек, сонымен қатар экспорттық бажды да төлеуі тиіс. Осы екі негізгі компонент шетелге сатудан түсетін табысты азайтады. Қалған сома экспорттық нетбэк саналады. Ол ішкі нарықтағы оңтайлы бағаны анықтау кезінде сатушы үшін бағдар қызметін атқарады.
Өңдеу зауыттары үшін өз тауарын қайда сату - ел ішінде ме әлде шетелде ме, бәрібір. Сондықтан олар әрқашан нақты уақытта қай жерде баға тартымды болса, соны таңдайды.
Егер бүгін әлемдік бағалар ішкі бағалардан жоғары болса, сатушы бензинді экспортқа жібереді, нәтижесінде ел ішінде ұсыныс азайып, бағалар теңеседі. Егер ішкі котировкалар жоғары болса, ұсыныс отандық нарықта артады да, баға төмендейді.Тағы бір маңызды фактор - бензинге салынатын акциз, одан экспорттаушылар босатылған. Отын ел ішінде сатылған кезде оны әдетте МӨЗ төлейді. ҚҚС сияқты ол да сатып алушыға, сайып келгенде АЖҚБ-дан жанармай құятын жүргізушіге жүктеледі.
Осылайша, экспорттаушы елдердегі бензиннің ішкі бағасының әлемдік бағаға тәуелділігін көрсететін қорытынды формула былай көрінеді:
жанармай бекетіндегі баға = әлемдік баға – экспортқа тасымалдау құны – экспорттық баж салығы + акциз + ҚҚС + ЖҚС пайдасы + ілеспе шығындар.
Бұдан әлемдік бағадан бөлек, ішкі бағаға басқа да факторлар: логистикалық шығындар, экспорттық баж салығы, акциздер мен ҚҚС әсер ететінін көруге болады.
Олардың мемлекет немесе нарық ықпалымен өзгеруі экспорттаушы елдердегі автокөлік иелері көретін бензиннің түпкілікті бағасының әрдайым әлемдік мұнай бағасына қатаң сәйкес келе бермейтініне әкеп соғады. Мысалы, билік акциздерді немесе ҚҚС-ты көтеруі мүмкін, сол кезде әлемдік шикізат бағасы бір деңгейде тұрақты сақталса немесе тіпті төмендесе де, жанармай қымбаттайды.
Мұндай жағдай көрші Ресейде көп жылдан бері байқалып келеді, онда 2010 жылдардың соңы мен 2020 жылдардың басында "салық маневрі" жүргізілді.
Оның мақсаты пайдалы қазбаларды өндіру салығын (ПҚӨС) арттыру арқылы экспорттық баж салығынан біртіндеп бас тарту болатын. Бұл салық тек экспортқа жіберілетін шикізат пен жанармайдан емес, елде өндірілетін әрбір баррельден алынады. Мұндай қадам Ресей бюджетіне оң әсер етуі тиіс еді. Экспорттық баж салығының біртіндеп жойылуы нетбэктің (экспорттық бағаның) ақырын өсуіне алып келді.
Ал ел ішінде бензиннің қымбаттауына жол бермеу үшін билік өндірушілерге "демпфер" деп аталатын арнайы өтемақы механизмін енгізуге мәжбүр болды. Бірақ ол шығынның бір бөлігін ғана өтегендіктен, Ресейде жанармай бәрібір қымбаттады, тек болуы мүмкін деңгейден баяуырақ өсті.
Дегенмен, егер мемлекеттік саясат пен нарық жағдайлары ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз әрі болжамды болып қалады деп есептесек, түпкілікті тұтынушылар үшін бензин құны әлемдік мұнай нарығындағы бағаға сәйкес тек жоғары емес, төмен қарай да өзгеріп отырар еді.
Ал Қазақстанда жағдай қандай?Республикада 2025 жылғы қаңтардың аяғына дейін бензиннің бөлшек саудадағы бағасына мемлекеттік реттеу қолданылды. Ол жойылған сәтте жанармай бекеттерінде АИ-92 бензинінің литрі 205 теңгеден, ал дизель отыны 295 теңгеден аспауы тиіс еді.
Үкімет АИ-95 пен бензиннің басқа түрлерінің бағасын бақыламады.
Реттеуден бас тарта отырып, Энергетика министрлігі бағаның күрт өсуіне жол бермеуге және "нормативтік әрі әкімшілік шаралар" арқылы оның кезең-кезеңімен өсуін қамтамасыз етуге уәде берді.
"Біздің болжамымыз бойынша, алғашқы өсім бес теңгеден аспайды. Біз нарық қатысушыларын осы индикаторға бағыттаймыз. Кейіннен баға тым күрт өсіп жатқанын көрсек, әр жағдайға шұғыл әрекет ететін боламыз", - деп мәлімдеген еді былтыр қаңтарда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Ведомствоның басты мақсаты - бензин мен дизель бағасының мемлекет баға белгілеу процестеріне араласпайтын көрші елдердің деңгейіне дейін жылдам қымбаттауына жол бермеу болды.
Бірақ 2025 жылдың қазан айында-ақ ең қатаң әкімшілік шаралар іске қосылды. Инфляция қарқыны 12,9 пайызға жеткен шарықтау шегінде Энергетика министрлігі бағаны осы жылғы наурыздың аяғына дейін ағымдағы деңгейде (әрбір жеке жанармай бекетінде) бекітілді.
Мұндай шара кейінгі айларда инфляцияның баяулауына ықпал етті, бірақ бағаны мемлекеттік бақылаудан бас тартуды толыққанды деп санау қиын деген әңгімелер тудырды. Сонымен қатар, нарық қатысушылары үкіметтің баға тұрақтылығы үшін кез келген уақытта араласуға дайын екені туралы белгі алды.
Бұдан бөлек, қазақстандық мұнай өңдеу саласында жүйелі теңгерімсіздіктер бар.
Елдегі ең ірі МӨЗ-дерді іс жүзінде бақылайтын "ҚазМұнайГаздың" былтырғы есептілігінде отандық өңдеу зауыттары процессингтік (өнім беруші шикізаты) схемасы бойынша жұмыс істейтіні айтылған. Бұл схема бойынша МӨЗ-дер өздеріне тиесілі емес шикі мұнайды комиссия үшін өңдеп, содан кейін алынған мұнай өнімдерін өндіруші компанияларға береді.
"Қазақстандық МӨЗ-дердің қызметі процессингтік схема бойынша жүзеге асырылады, мұнда зауыттар шикізатты өңдеу бойынша қызмет көрсетеді, ал дайын өнімді сату мұнай иелерінің (өнім берушілердің) жауапкершілік аймағында болады. Бұл модель өндірістік активтерге технологиялық тиімділікке, процестерді оңтайландыруға және шығындарды бақылауға шоғырлануға мүмкіндік береді", - делінген ҚМГ-ның 2025 жылғы есебінде.
Дегенмен мұндай жұмыс принципі қайта өңдеу саласына инвестиция тартуды қиындатады деген сыни пікірлер де бар. Өйткені мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) шығындарды азайтуға мүдделі емес, ал бұл жеке қаражатын салатындар үшін өте маңызды. Қаржы құйылымы болмаған соң, жаңа қуаттар салынбайды, демек, нарыққа қосымша отын көлемі түспейді. Ал қалыпты жағдайда ұсыныстың артуы бағаның төмендеуіне әкелуі тиіс еді.
Анықтама: алыс-беріс немесе процессингтік қағидат былай жұмыс істейді: мұнай иесі (тапсырыс беруші) шикізатты МӨЗ-ге береді, зауыт оны белгіленген тариф бойынша өңдеп, дайын өнімді мұнай иесіне қайтарады, ал иесі оны әрі қарай өткізумен өзі айналысады және мұнай мен мұнай өнімдерінің бағасына қатысты тәуекелдерді өзі көтереді. Мұндай модель кезінде МӨЗ табысы негізінен өңдеу қызметі үшін төленетін ақыдан құралады.
Анықтама: маркетингтік қағидаттың құрылымы басқаша: МӨЗ немесе онымен байланысты компания мұнайды өзі сатып алады, оны өңдейді, содан кейін дайын мұнай өнімдерін ішкі немесе сыртқы нарықта сатады. Бұл жағдайда компания тек өңдеуден ғана емес, сатып алынған шикізат құны, өңдеу шығындары және мұнай өнімдерін сату бағасы арасындағы айырмашылықтан да пайда табады. Тиісінше, маркетингтік модель кезінде коммерциялық тәуекелдер - мұнайдың әлемдік бағасының, бензин мен дизель отыны құнының, сұраныстың, логистика мен қорлардың өзгеруі де компанияның мойнында болады.
Алыс-беріс схемасы Қазақстан үшін әлі де өзекті және тіпті басымдыққа ие. Бұл МӨЗ-дер мұнайды сатып алып, өнімдерін өздері сататын маркетингтік схемаға кезең-кезеңімен көшу туралы 2022 жылы қабылданған заңға қарамастан болып отыр.
Дегенмен мұнай-газ саласының сарапшысы, PACE Analytics талдау компаниясының негізін қалаушы Асқар Исмайылов Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында мұнай-газ саласының қазіргі жағдайында алыс-беріс схемасын Қазақстан үшін оңтайлы деп атайды. Салаға өңдеу ісіндегі монополияның жоғары деңгейі тән: үш ірі МӨЗ - Атырау, Павлодар және Шымкент зауыттары "ҚазМұнайГаздың" бақылауында. Осыған байланысты маркетингтік әдіс сатушылардың өзара келісіп алу қаупін тудырады, деп есептейді сарапшы.
"Маркетингтік схема бойынша өте аз көлемде ғана сатылады - бұл тек заңды сақтау үшін ғана жасалады. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қабылданған болатын. Әрине, қазіргі уақытта алыс-беріс схемасы әлдеқайда қолайлы", - дейді Исмайылов.
Оның айтуынша, жұмыс істеп тұрған зауыттар қомақты инвестицияны қажет етпейді. Жоспарлы жөндеу жұмыстарын меншікті және қарыз қаражатын ұтымды пайдалану есебінен қаржыландыруға болады.
"Инвестиция мәселесін Бас прокуратураға жүгіну арқылы шешуге болады, мен бұл туралы көп айттым. Біз бұл салада қаншама қылмыстық іс қозғалғанын көріп отырмыз. Егер ақша мақсатты түрде жұмсалса, бәріне де жетеді", - дейді Исмайылов.
Саладағы ахуалға қатысты басқа да көзқарас бар.
Halyk Finance инвестициялық компаниясы мемлекеттің өндіруші компанияларды шикі мұнайдың белгілі бір көлемін ішкі нарықта төмендетілген (экспорттық бағамен салыстырғанда) бағамен сатуға міндеттейтіні туралы бірнеше жылдан бері жазылып келеді. Halyk Finance дереккөздерінің бағалауы бойынша, дисконт 55–70 пайызға жетеді, бұл жылына жүздеген миллиард теңге көлеміндегі алынбаған пайдаға тең және отандық МӨЗ-дерге мұнай жеткізуді өндірушілер үшін тиімсіз етеді.
Республиканың үш ірі кен орны - Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз акционерлері бұл міндеттемелерден босатылған. Олардың қатарында "ҚазМұнайГаз", ресейлік "Лукойл", америкалық Chevron мен ExxonMobil, италиялық Eni, ұлыбританиялық Shell, франциялық TotalEnergies бар және олардың барлығы өндірілген шикізатты алыс шетелге емін-еркін экспортқа шығарады.
Өңдеу зауыттарының өзі екіұшты жағдайда қалып отыр. Бір жағынан, олар арзан шикізатқа қол жеткізсе, екінші жағынан - үкіметтің міндетті квотасынан тыс мұнай көлемін алуы екіталай. Бұл да олардың инвесторлар үшін тартымдылығын және бүкіл саланың даму болашағын шектейді.
Соған қарамастан, халық саны мен бизнестің өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыруға көмектесетін төртінші ірі мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салуға дайындық жұмыстары қатар жүріп жатыр. Бұл үкіметтің, соның ішінде Мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасында мазмұндалған жалпы тәсіліне сәйкес келеді.
Онда ел ішіндегі өңдеу көлемін үнемі арттыру қажеттілігі айтылған. Бұл тек ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, қосылған құны жоғары күрделі өнімдерді шығару арқылы ЖІӨ-ні өсіруге мүмкіндік береді.
Талдаушы Асқар Исмайыловтың пікірінше, тағы бір МӨЗ салу шынымен де өсіп жатқан тұтынуды қанағаттандырады.
"Егер жобаны соңына дейін жеткізу мүмкін болса, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтудің қажеті болмайды, демек, ауқымды қаржы құюдың да қажеттілігі туындамайды".
Тұжырымдамада республикада өңделетін бензиннің 10 пайызына дейінгі мөлшерін экспортқа шығару қарастырылған - бұл болашақта оның профициті болған жағдайда ғана жүзеге асады.
Егер бұл мақсаттарға қол жеткізілсе, ішкі нарықтағы бағалар мемлекеттің қатысуынсыз тұрақтандырылады және сұраныс пен ұсыныс теңгерімі сияқты қарапайым нарықтық механизмдер арқылы қалыптасады.
Фото: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Бірақ мамандар бұл жоспарлардың шындыққа жанасатынына күмәнмен қарайды. Қазір елде бензин мен басқа да мұнай өнімдерін теміржол және автокөлікпен экспорттауға үнемі ұзартылып отыратын тыйым режимі орнаған. Қазіргі тыйым қарашаға дейін күшінде, бірақ соған қарамастан құқық қорғау органдары арзан отандық бензинді шетелде қайта сатуға тырысатын құқық бұзушыларды жиі ұстайды.
Теңсіздіктерді еңсеруге ЕАЭО-ның ортақ мұнай өнімдері нарығы көмектесуі тиіс, бірақ оның құрылуы бастапқыда 2023 жылға жоспарланғанымен, бірнеше рет кейінге қалдырылды. Қазіргі жоспар бойынша ол 2027 жылдың қаңтарында іске қосылуы тиіс.
Ортақ нарық барлық қатысушының жеткізушілерге, сатып алушыларға және биржа түріндегі делдалдарға тең әрі ашық қолжетімділігі есебінен одақ ішіндегі баға деңгейін теңестіреді деп болжанып отыр. Кез келген ниет білдіруші қатысушы елдердің кез келгенінде жанармай сатып ала алады және сата алады.
Егер қандай да бір жерде отын айтарлықтай қымбат болса, сатушылар дәл сол жерге жеткізуге мүдделі болады. Бұл ұсыныстың артуына, демек, құнының төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар, бағасы төмен мемлекетте ұсыныс азайып, бензин басқа жерде тиімдірек сату үшін сол жаққа тасымалданатын болады.
Дегенмен, мәселен, Еуразиялық бизнес қауымдастығының (мақсаты еуразиялық экономикалық интеграцияны дамыту және нығайту болып табылатын коммерциялық емес ұйым) сайтында ортақ нарықтың бірнеше айдан кейін шынымен іске қосылатынына күмән келтірілген мақала жарияланды. Онда мерзімнің кемінде тағы бірнеше жылға шегерілуіне дайындалу қажет екені айтылған.
Бұған Қазақстандағы бөлшек сауда бағаларын көпжылдық мемлекеттік реттеу ғана емес, сонымен қатар республикадағы нарықтың монополиялану деңгейінің жоғарылығы да себеп: жоғарыда айтылғандай, үш ірі зауыт - Атырау, Шымкент және Павлодар зауыттары - "ҚазМұнайГаздың" бақылауында.
Сонымен қатар, бензин құнына тікелей әсер ететін тағы бір фактор - акциздер. Олар жүйелі түрде индекстеледі және биыл қаңтарда 10 пайызға өсіп, бір тонна бензин үшін 38,1 мың теңге, ал дизель отынының тоннасына 35,7 мың теңгеге тең болды. Акциздер, басқа да жанама салықтар сияқты, сатып алушыларға жүктеледі және тауар бағасына қосылады, бұл жанармай бекеттеріндегі бензин құнының гипотетикалық төмендеуіне қосымша кедергі болады.
Бензин бағасына қатысты түйінОсыдан бір жарым жыл бұрын Қазақстан бензиннің бөлшек сауда бағасын реттеуден ресми түрде бас тартқан болатын. Алайда өзгерістер күткендегідей болған жоқ. Бұрын жанармай бекеттеріндегі ең көп сұранысқа ие отын түрлерінің бағасы үкімет белгілеген шекті деңгейге тірелетін. Қазір бұл шектен асу техникалық тұрғыда мүмкін болғанымен, іс жүзінде мемлекет кез келген сәтте араласуға дайын, бұл соңғы бірнеше ай бойы байқалып келеді.
Тіпті тұтынушылар үшін бағаны тікелей "қатыру"тетігі болмағанның өзінде, бензинді өндіруден бастап сатуға дейінгі әртүрлі кезеңдерде нарықтық емес көптеген факторлар мен тетіктер сақталып отыр. Олардың барлығы соңғы сатып алушы үшін бағаның қалыптасуына әсер етіп, оны шикі мұнайдың биржалық бағасының құбылуынан алшақтатады. Оған тек мұнайшылардың пайдасы мен Ұлттық қордың табысы ғана тәуелді.
Бір жағынан, халық пен бизнес дүрбелеңнен қорғалған. Екінші жағынан, егер экономиканың қажеттілігі өңдеу мүмкіндіктерінен жоғары болса, жұмыс істейтін нарықтық механизмдердің жоқтығы теңгерімсіздікке, тіпті тапшылыққа әкеп соғуы мүмкін.
Авторы: Алексей Афонский
Аударған: Дина Шәріпхан
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Қазақстанда газ бағасы қалай қалыптасады және ол неге өсіп жатыр?
Мұнай мен ядролық қару үшін күрестегі тең нәтиже - сарапшы Иран мен АҚШ меморандумы туралы
Газ тапшылығы бар ма: Қазақстан көгілдір отынды кімнен сатып алады және кімге сатады?
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:102
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 14 Тамыз 2026 08:38 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















