Мектептегі оқуды 18 жасқа дейін созу дұрыс па? Сингапур мен АҚШ тәжірибесі Қазақстанға не береді
Согласно материалам сайта Informburo.KZ, передает Qazaq24.com.
Филология ғылымдарының докторы, ғалым Ерболат Саурықов 18 жастағы жастардың мектепте білім алуын жалғастыруының орындылығына қатысты өз сараптамалық көзқарасын білдірді. Сарапшының пікірінше, мәселе мектептегі оқу мерзімін механикалық түрде қысқартуда емес, білім мазмұнын қазіргі жастардың даму ерекшеліктеріне, еңбек нарығының сұранысына және түлектердің кәсіби дайындығына сәйкестендіруде жатыр.
Педагогтың айтуынша, 18 жастағы жастардың мектепте білім алуын жалғастыруының орындылығы педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан кешенді қарастырылуы қажет. Қазіргі жасөспірімдер цифрлық технологияларды ерте меңгереді, ақпаратқа жылдам қол жеткізеді және өз болашағына қатысты шешімдер қабылдауға белсенді түрде қатысуға ұмтылады. Сондықтан 18 жастағы жасты дәстүрлі мектеп режимінде ұстау оның ересек азамат ретіндегі құқықтық мәртебесі мен оқушы рөлінің арасында қайшылық туындатуы мүмкін. Бұл кейбір жоғары сынып оқушыларының оқу уәжінің төмендеуіне, шамадан тыс бақылауды сезінуіне, дербестігінің шектелуіне және ересек өмірге қадам басуы жасанды түрде кейінге қалдырылып жатқандай әсердің қалыптасуына әкелуі ықтимал.
"18 жасқа толған адам кәмелетке жеткен азамат болып саналады, жұмыс істеуге, қоғамдық өмірге араласуға және маңызды шешімдерді өз бетінше қабылдауға құқылы. Сонымен бірге физиологиялық акселерация психологиялық және әлеуметтік кемелденудің автоматты түрде қалыптасқанын білдірмейді. Жасөспірімдердің есею қарқыны әртүрлі. Сондықтан тек биологиялық жасқа сүйену дұрыс емес. Жас адамның академиялық дайындығын, эмоциялық тұрақтылығын, әлеуметтік дағдыларын және жауапты шешім қабылдау қабілетін де ескеру қажет. Демек, мәселе 18 жастағы азаматтың мектепте білім алуында ғана емес, соңғы оқу жылының мазмұны мен ұйымдастырылуында жатыр. Егер жоғары сыныптарда қатаң реттелген дәстүрлі мектеп режимі сақталса, психологиялық қолайсыздық туындауы мүмкін. Ал оқу кәсіби таңдау жасауға, зерттеуге, практикаға және дербес жұмысқа бағдарланса, қосымша оқу жылының білімдік құндылығы болуы мүмкін", – деді Ерболат Саурықов.
Ғалымның пікірінше, мектептегі білім беру, әдетте, 17-18 жаста аяқталатын АҚШ тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Алайда жоғары сыныптарда білім алу тек дәстүрлі мектеп сабақтарымен шектелмейді. Dual Enrollment бағдарламалары аясында оқушылар мектепте оқуын жалғастыра отырып, колледж пәндерін қатар меңгереді және академиялық кредиттер жинақтайды. Early College бағдарламалары мектеп және жоғары білім беру пәндерін өзара үйлестіріп оқытуды көздейді. Нәтижесінде білім алушы мектеп аттестатымен қатар колледж бағдарламасының елеулі бөлігін, кейбір жағдайларда жоғары білімнің екі жылына дейінгі бағдарламаны меңгере алады. Осылайша, жас адам ресми түрде мектеп оқушысы болып қалғанымен, іс жүзінде ересектерге арналған білім беру ортасына қосылады. Бұл оның кәмелетке толған азамат ретіндегі мәртебесі мен оқушы рөлінің арасындағы қайшылықты азайтады. Қазақстан үшін бұл тәжірибе мәселенің тек мектепті бітіру жасына байланысты еместігін көрсетеді. 17-18 жастағы білім алушы қатаң реттелген мектеп режимінде қалып қоймай, колледждің немесе жоғары оқу орнының пәндерін меңгеруге, кәсіби практикадан өтуге және өзінің білім беру траекториясының бір бөлігін дербес қалыптастыруға мүмкіндік алуы тиіс.
"Қатаң сабақ кестесі, бірыңғай міндетті пәндер жиынтығы және сыртқы бақылаудың жоғары деңгейі сақталған дәстүрлі мектеп режимі осы жастағы жастардың дербестікке деген қажеттілігіне әрдайым сәйкес келе бермейді. 17-18 жаста жас адам белгіленген талаптарды орындаудан біртіндеп өз мақсатын айқындауға, білім беру траекториясын таңдауға және қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілік алуға көшуі тиіс. Егер мектеп мұндай мүмкіндік бермесе, оқушының білім алуға қызығушылығы төмендеп, соңғы оқу жылы формалды кезең ретінде қабылдануы мүмкін", – деді ғалым.
Оқи отырыңыз: 18-дегі жасөспірімдерді мектепте ұстау қаншалықты орынды? Президент сауалына мамандардың жауабы қандай
Жоғары сыныптардағы білім мазмұны өзгертілген жағдайда мектеп режимін жастардың қажеттіліктеріне сәйкестендіруге болады. Ол үшін:
міндетті бейіндік емес пәндердің санын оңтайландыру; оқушыларға пәндерді таңдау мүмкіндігін беру; бейіндік оқытуды дамыту; кәсіби сынамалар мен өндірістік практиканы ұйымдастыру; колледждер мен жоғары оқу орындарының жекелеген курстарын енгізу; кәсіпкерлік, қаржылық, цифрлық және құқықтық сауаттылықты дамыту; оқушыларды ғылыми, әлеуметтік және волонтерлік жобаларға тарту; дербес және жобалық жұмыстың үлесін арттыру қажет."Мұндай жағдайда жоғары мектеп дәстүрлі мектеп режимінің жай ғана жалғасы болмай, жалпы білім беру, кәсіби даярлық және ересек өмір арасындағы өтпелі сатыға айналады", – деді ғалым.
Ғалым Сингапур тәжірибесінің ерекше қызығушылық тудыратынын алға тартты. Бұл елде орта мектепті аяқтағаннан кейін оқушылардың барлығы бірыңғай бағдарлама бойынша білім алуға міндетті емес. Қабілеттеріне, қызығушылықтарына және кәсіби мақсаттарына байланысты жастар:
университетке түсуге дайындайтын Junior College ұйымындағы екі жылдық оқуды; Millennia Institute ұйымындағы үш жылдық бағдарламаны; политехникалық білім беру ұйымындағы үш жылдық практикаға бағдарланған бағдарламаны; Institute of Technical Education ұйымындағы екі немесе үш жылдық техникалық және кәсіптік бағдарламаны; қосымша дайындық қажет болған жағдайда орта мектептегі қосымша бір оқу жылын таңдай алады.Сингапурдағы политехникалық бағдарламалар практикалық оқытуға бағытталған және түлекке еңбек нарығына шығуға немесе университетте оқуын жалғастыруға мүмкіндік береді. ITE бағдарламалары кейін жұмысқа орналасуға немесе оқуын одан әрі жалғастыруға болатын техникалық және кәсіптік біліктілік алуды қамтамасыз етеді. Осылайша, Сингапур моделі барлық жасты бірдей мектеп режимінде ұстамайды. Ол академиялық, қолданбалы және техникалық-кәсіптік бағыттарды қамтитын бірнеше білім беру маршрутын ұсынады.
"Қазақстанда да негізгі мектеп бағдарламасын меңгергеннен кейін білім алушыға бейіндік жоғары сынып, колледж, университеттің даярлық модулі немесе практикаға бағдарланған бағдарлама арасынан таңдау мүмкіндігін қарастыруға болады. Жастардың еңбек нарығына бір-екі жыл бұрын шығуы экономикаға бірқатар артықшылық бере алады. Біріншіден, экономикалық белсенді халықтың саны артады. Екіншіден, жас мамандар практикалық тәжірибе мен кәсіби дағдыларды ертерек жинақтай бастайды. Үшіншіден, кадр даярлау мерзімі қысқарады. Төртіншіден, жастардың қаржылық дербестігі мен жауапкершілігі ертерек қалыптасады. Білім алуды ертерек аяқтау адамның еңбек қызметінің ықтимал ұзақтығын да арттырады. Егер маман кәсіби қызметін бір-екі жыл бұрын бастаса, ел ауқымында бұл жұмыспен қамтудың, салық түсімдері мен еңбек өнімділігінің артуы түрінде қосымша экономикалық тиімділік беруі мүмкін. Бұл, әсіресе, маман тапшылығы байқалатын мынадай салалар үшін маңызды: өнеркәсіп; құрылыс; энергетика; ауыл шаруашылығы; көлік және логистика; ақпараттық технологиялар; қызмет көрсету саласы; білім беру мен әлеуметтік саланың жекелеген бағыттары. Сонымен бірге еңбек нарығына ерте шығудың өзі кадр тапшылығы мәселесін шеше алмайды. Егер түлектің сұранысқа ие біліктілігі болмаса, ол төмен жалақылы, бейресми немесе тұрақсыз жұмыспен қамту секторында қалуы мүмкін. Сондықтан білім беру траекториясының жалпы ұзақтығын қысқарту сапалы кәсіби даярлықпен қатар жүргізілуі тиіс", – деді Ерболат Саурықов.
Экс-депутаттың айтуынша, Сингапур тәжірибесі ерте кәсіби мамандану экономиканы білікті кадрлармен жылдам қамтамасыз етуге ықпал ететінін көрсетеді. Политехникалық білім беруді немесе ITE бағдарламаларын таңдаған жастар қолданбалы дағдыларды меңгеріп, классикалық университет бағдарламаларының түлектеріне қарағанда еңбек нарығына ертерек шығады. Бұл модельдің артықшылығы – еңбек нарығына ерте шығу оқу мерзімін жай ғана қысқарту арқылы емес, нақты біліктілік алу арқылы қамтамасыз етіледі. Түлек жұмыс берушіге белгілі бір практикалық дағдылармен келеді. АҚШ-та Dual Enrollment және Early College бағдарламалары кейінгі біліктілікті алудың жалпы мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Академиялық кредиттердің бір бөлігі мектепте оқып жүрген кезде игерілетіндіктен, студент колледж немесе университет бағдарламасын жылдамырақ аяқтап, білім алуға жұмсалатын шығынды азайтады және кәсіби қызметке ертерек кіріседі.
Оқи отырыңыз: Cмартфонға тыйым және мүлік салығы: 1 қыркүйектен бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді
Қазақстан үшін мынадай бағыттар перспективалы болып келеді:
кәсіпорындармен бірлесіп колледждерде дуальды оқытуды дамыту; жоғары сынып оқушыларына колледждер мен жоғары оқу орындарының пәндерін кейіннен кредиттерін қайта есептеу мүмкіндігімен меңгеруге жағдай жасау; білім беру бағдарламаларын әзірлеуге жұмыс берушілерді қатыстыру; кәсіби сынамалар мен өндірістік практиканы ұйымдастыру; білім беру бағдарламаларын экономика қажеттіліктеріне сәйкес тұрақты жаңарту; өңірлік және салалық кадрларға деген сұранысты болжау; жас мамандарды алғашқы жұмыс орнымен қамтамасыз ету шараларын дамыту.Экономика үшін жастың еңбек нарығына неше жаста шыққаны ғана емес, оның қандай біліммен, дағдылармен және біліктілікпен келгені маңызды.
"Қажетті жағдайлар жасалған кезде мектепті ерте аяқтап, колледжге немесе университетке түсу жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Жас адам мамандықты ертерек игере бастайды, өндірістік практикаға, ғылыми жобалар мен тағылымдамаларға қатысады. Нәтижесінде 20-21 жасқа қарай оның дипломы немесе кәсіби біліктілігімен қатар практикалық тәжірибесі де болуы мүмкін. Мұндай траектория техникалық және қолданбалы мамандықтар үшін ерекше тиімді. Колледждегі оқуды дуальды даярлықпен ұштастыру сұранысқа ие біліктілікті ертерек алып, кәсіби қызметті бастауға мүмкіндік береді. Ал жоғары оқу орындарының студенттері ғылыми зерттеулерге, стартаптарға, академиялық ұтқырлыққа және жобалық жұмысқа ертерек қосыла алады. АҚШ тәжірибесі жоғары сынып оқушысы жоғары білімге алдын ала қол жеткізген жағдайда оның бәсекеге қабілеттілігі артатынын көрсетеді. Early College бағдарламасының түлегі мектепті кейінгі оқу кезінде есепке алынатын академиялық кредиттермен бірге аяқтай алады. Соның арқасында ол уақыт пен қаржысын үнемдеп, дипломын ертерек алып, еңбек нарығына жылдамырақ шығады", – деді экс-депутат.
Ары қарай Ерболат Саурықов Сингапур тәжірибесі жеке білім беру траекториясын ерте таңдаудың тиімділігін көрсететінін айтты. Жас адам академиялық білімді, политехникалық ұйымның практикаға бағдарланған бағдарламасын немесе техникалық-кәсіптік даярлықты таңдай алады. Қосымша уақытты қажет ететін оқушыларға мектепте тағы бір жыл білім алу мүмкіндігі сақталады. Бұл икемді жүйеде бірыңғай міндетті маршрут емес, жастың академиялық, психологиялық және кәсіби дайындығына сәйкес бірнеше нұсқа ұсынылуы қажеттігін білдіреді. Қазақстанда осындай тәсілді жүзеге асырудың практикалық мысалдары бар. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті "жылдам мамандықтар" деп аталатын топқа жататын бірқатар бағыттар, соның ішінде ақпараттық технологиялар саласы бойынша колледж түлектеріне арналған қысқартылған білім беру бағдарламаларын іске асырады. Бұған дейін университет Жамбыл өңіріндегі бірнеше колледжбен бірлесіп білім беру бағдарламаларын синхрондау бойынша жұмыс жүргізді. Пәндердің мазмұны, оқыту нәтижелері және қалыптастырылатын кәсіби құзыреттер өзара салыстырылды. Соның негізінде бұрын игерілген оқыту нәтижелерін тануға, тиісті пәндерді қайта есептеуге және жоғары білім алу мерзімін қысқартуға мүмкіндік жасалды.
"Мұндай модель "колледж – университет – еңбек нарығы" білім беру траекториясының сабақтастығын қамтамасыз етеді, бұрын игерілген материалды қайталап оқуды болдырмайды, сондай-ақ білім алушылардың уақыты мен қаржылық шығындарын азайтады. Колледж түлегі кәсіби даярлықты қайта бастамай, оны білім берудің неғұрлым жоғары деңгейінде жалғастырады. Бұл тәсілдің ақпараттық технологиялар мен қарқынды дамып келе жатқан басқа да бағыттар үшін маңызы ерекше. Мұндай салаларда жұмыс берушілердің талаптары жылдам өзгереді, ал экономикаға қысқа мерзімде практикалық қызметке кірісе алатын мамандар қажет. Сонымен бірге қысқартылған бағдарлама даярлық сапасына қойылатын талаптардың төмендеуін білдірмейді. Оның негізінде бұрын игерілген құзыреттерді объективті түрде тану, қайталанатын пәндерді алып тастау және жоғары білім алу үшін қажетті жаңа оқыту нәтижелерін міндетті түрде меңгеру жатыр", – деп қосты ғалым.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің тәжірибесі білікті кадрларды жедел даярлау мынадай жағдайларда мүмкін екенін көрсетеді:
колледждер мен университеттің білім беру бағдарламаларының сәйкестендірілуі; бұрын алынған оқыту нәтижелерінің объективті бағалануы; игерілген құзыреттерді тану және пәндерді қайта есептеу; оқу материалының қайталануын болдырмау; қорытынды оқыту нәтижелеріне қойылатын талаптарды сақтау; даярлық мазмұнын айқындауға жұмыс берушілерді қатыстыру; білім беру бағдарламаларының практикалық бағыттылығы.Оқи отырыңыз: Діни уағыз бен әдепсіз әзіл. Қазақстанда асабалардың қызметін лицензиялау қажет пе
Сонымен қатар мектепті ерте аяқтау барлығына бірдей міндетті болмауы тиіс. Әрбір жасөспірім 16-17 жасында мамандықты саналы түрде таңдауға дайын бола бермейді. Қате таңдау мамандықты ауыстыруға, уақыт жоғалтуға және отбасы мен мемлекет үшін қосымша қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін.
Сондықтан икемді білім беру траекторияларын қарастыру орынды:
академиялық және психологиялық тұрғыдан дайын оқушыларға мектепті ертерек аяқтау мүмкіндігін беру; жұмысшы біліктілігін алуға бағдарланған оқушыларға колледжге өтуге жағдай жасау; ғылыми немесе академиялық бағытты таңдаған оқушылар үшін бейіндік 12-сыныпты сақтау; мектепте жүріп колледждің немесе университеттің жекелеген пәндерін меңгеру мүмкіндігін беру; оқыту нәтижелерін өзара тану және игерілген пәндерді қайта есептеу; колледж түлектері үшін жоғары білімнің қысқартылған бағдарламаларын іске асыру; жеке психологиялық-педагогикалық және кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу."Бұл мәселені мектептегі оқу мерзімін механикалық түрде қысқарту қажеттілігі ретінде емес, жастардың уақытын тиімді пайдалану, білім беру бағдарламаларындағы қайталануды болдырмау және мектеп, колледж, университет пен еңбек нарығы арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету мүмкіндігі ретінде қарастырған жөн. Негізгі мақсат – жасөспірімді мектептен мүмкіндігінше ерте шығару емес, оны дербес өмірге, кәсіби білім алуға және еңбек қызметіне уақтылы әрі сапалы дайындау. Халықаралық тәжірибе икемді білім беру маршруттарын қалыптастырудың тиімді екенін көрсетеді. АҚШ-та білім алушы мектепте оқуын жалғастыра отырып, колледж пәндерін меңгеріп, академиялық кредиттер жинақтай алады. Бұл кейінгі оқуын ертерек аяқтап, кәсіби қызметке жылдамырақ кірісуге мүмкіндік береді", – деді Ерболат Саурықов.
Сингапурда орта мектептен кейін жастарға академиялық, қолданбалы және техникалық-кәсіптік бағыттардың бірін таңдау ұсынылады. Сонымен қатар қосымша дайындықты қажет ететіндер үшін тағы бір жыл білім алу мүмкіндігі сақталады. Ерболат Саурықовтың айтуынша, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің тәжірибесі де икемді білім беру траекторияларының тиімділігін көрсетеді. Жамбыл өңіріндегі бірнеше колледжбен бірлесіп жүргізілген білім беру бағдарламаларын синхрондау жұмыстары колледж түлектері үшін, оның ішінде ақпараттық технологиялар бағыты бойынша қысқартылған оқытуды енгізуге мүмкіндік берді. Демек, білім беру траекториясын жеделдету оқу сапасын төмендету немесе мерзімді формалды түрде қысқарту есебінен емес, мынадай тетіктер арқылы жүзеге асырылуы тиіс:
қайталанатын пәндерді алып тастау; бұрын алынған құзыреттерді тану; оқыту нәтижелерін қайта есептеу; мектептер, колледждер мен университеттердің бағдарламаларын синхрондау; практикалық даярлықты кеңейту; білім беру бағдарламаларын әзірлеуге жұмыс берушілерді қатыстыру."Қазақстан үшін оқу мерзімі мен мазмұны білім алушының формалды жасына ғана емес, оның академиялық, психологиялық және кәсіби дайындығына байланысты айқындалатын икемді модель тиімді болуы мүмкін. Бір оқушыға колледжге немесе университетке ертерек өту мүмкіндігі берілсе, екіншісіне бейіндік 12-сыныпта оқуын жалғастыру ұсынылуы мүмкін. Қажетті кәсіби құзыреттері бар колледж түлектері үшін жоғары білімнің қысқартылған бағдарламалары қарастырылуы тиіс. Мұндай тәсіл жастардың жеке ерекшеліктерін ескеруге, білім сапасын сақтауға, оқу материалының тиімсіз қайталануын қысқартуға және Қазақстан экономикасына қажетті мамандарды даярлауды жеделдетуге мүмкіндік береді", – деп қорытты сөзін Ерболат Саурықов.
Другие новости на эту тему:
Просмотров:71
Эта новость заархивирована с источника 08 Сентября 2026 15:08 



Войти
Новости
Погода
Магнитные бури
Время намаза
Драгоценные металлы
Конвертор валют
Кредитный калькулятор
Курс криптовалют
Гороскоп
Вопрос - Ответ
Проверьте скорость интернета
Радио Казахстана
Казахстанское телевидение
О нас

"18 жасқа толған адам кәмелетке жеткен азамат болып саналады, жұмыс істеуге, қоғамдық өмірге араласуға және маңызды шешімдерді өз бетінше қабылдауға құқылы. Сонымен бірге физиологиялық акселерация психологиялық және әлеуметтік кемелденудің автоматты түрде қалыптасқанын білдірмейді. Жасөспірімдердің есею қарқыны әртүрлі. Сондықтан тек биологиялық жасқа сүйену дұрыс емес. Жас адамның академиялық дайындығын, эмоциялық тұрақтылығын, әлеуметтік дағдыларын және жауапты шешім қабылдау қабілетін де ескеру қажет. Демек, мәселе 18 жастағы азаматтың мектепте білім алуында ғана емес, соңғы оқу жылының мазмұны мен ұйымдастырылуында жатыр. Егер жоғары сыныптарда қатаң реттелген дәстүрлі мектеп режимі сақталса, психологиялық қолайсыздық туындауы мүмкін. Ал оқу кәсіби таңдау жасауға, зерттеуге, практикаға және дербес жұмысқа бағдарланса, қосымша оқу жылының білімдік құндылығы болуы мүмкін", – деді Ерболат Саурықов.







Самые читаемые


















