Әдемі фото үшін өлім аузынан қалды: қазақстандық дәрігерлер жасөспірімді қалай құтқарды
Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Қостанайлық 15 жастағы жасөспірім бір сәттік сурет үшін ажалмен бетпе-бет келді: ол теміржол вагонының үстіне шығып, 27 мың вольттық тоқ соққысына жығылып, денесінің 60 пайызын күйік шалған. Дәрігерлер бір жарым ай бойы оның өмірі үшін күресіп, 18 ота жасады және аяқ-қолын ампутациядан аман алып қалды. Қазір жасөспірім сауығып келеді және болашақта дәрігер болғысы келетінін айтады, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.
Кернеу астындағы сурет
Биылғы маусымда Қостанай облыстық ауруханасына өте ауыр электр жарақатын алған 15 жастағы жасөспірім жеткізілді. Оқиғадан сәл бұрын ол досымен бірге әсерлі суретке түсу үшін теміржол вагонының үстіне шыққан. Ол сол сәтте түсірілген суретті әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап та үлгерген.
Зардап шеккен жасөспірімнің парақшасынан скриншот
Алайда бала вагон үстіне шыққан кезде тоқ соққан: оның денесі арқылы 27 мың вольт өтіп, жасөспірім отқа оранған.
"Мен ұшып барып жерге құладым, досым үстімдегі отты сөндіріп, жедел жәрдем шақырды. Орнымнан тұруға тырыстым және есеңгіреген күйде үйге қайтпақ болдым, бірақ машинист мені тоқтатып, дәрігерлерді күту үшін жерге отырғызды. Олар келген соң маған ауырсынуды басатын дәрі екті. Біз екі минуттай жүрдік, бұл жер жақын, оқиға ауруханадан шамамен бір шақырым жерде болған. Қабылдау бөлімінде адам көп болғаны есімде, бәрі маған қарап тұрды. Ары қарай ештеңе есімде жоқ", - деді жасөспірім Tengrinews.kz тілшісіне.
Қазіргі уақытта жасөспірім ауруханада емін жалғастырып жатыр, оның қасында әжесі бар.
Фото Tengrinews.kz
Әйел сол күнді әлі күнге дейін түршіге еске алады. Оған қоңырау шалып, немересінің басына түскен жағдай туралы хабарлағанда, ол алдымен сенбей, мұны алаяқтар деп ойлаған, сондықтан тұтқаны бірден қоя салған.
Зардап шегушіге 18 ота жасалды"Тұтқаны тастай сала ұлыма қарай жүгірдім, оған да қоңырау шалып, болған жайтты хабарлапты. Мұндайды ешкімнің басына бермесін... Барлық дәрігер мен медбикелерге, осында еңбек етіп жатқан жандардың бәріне мың алғыс. Оларға басымды иемін, егер солар болмаса, ол аман қалмас еді, мұндай жарақаттардан кейін адамның тірі қалуы некен-саяқ", - дейді зардап шеккен жасөспірімнің әжесі.
Дәрігерлер бір жарым ай бойы жасөспірімнің өмірі үшін күресті. Мұндай ауыр электр жарақатынан кейін санаулы адам ғана аман қалады, алайда медицина мамандары оның жағдайын тұрақтандырып, баланың өмірін сақтап қалды.
"Денесін ауыр күйік шалғанынан бөлек, оның қаны сирек кездесетін төртінші теріс топ болып шықты. Жанашыр тұрғындар қан тапсыру туралы үндеуге дереу үн қосты. Бала өте қиын кезеңнен өтті, ең бастысы – ол аман қалды. Біз күйік ең қатты зақымдаған аяқ-қолын ампутациялаудан сақтап қалдық. Реаниматологтардың, травматологтардың, ота блогы бригадасының үйлесімді жұмысы, сондай-ақ түпнұсқа дәрі-дәрмектерді алып берген демеушілер мен донорлардың арқасында науқастың жағдайын тұрақтандырып, сауығу жолына шықтық", - дейді жасөспірімнің емдеуші дәрігері Мирас Елжасов.
Мирас Елжасов. Фото Tengrinews.kz
Жасөспірім жансақтау бөлімінде жатқанда оған қарқынды және шокқа қарсы терапия жасалып, қан құю және хирургиялық ем шаралары жүргізілді. Дәрігерлер тері мен сүйекке 18 ота жасады, оның ішінде пластикалық оталар мен тері трансплантациясы бар.
Фото Tengrinews.kz
Оң серпінге қарамастан, жасөспірімді алда әлі ұзақ әрі күрделі оңалту жолы күтіп тұр.
Электрик болғысы келген, енді медицинаны армандайдыБолған оқиғаға дейін жасөспірім электрик мамандығына оқуға түсуді жоспарлаған екен. Енді ол оқуын жалғастырып, 11-сыныпты бітіруге және болашағын медицинамен байланыстыруға бел байлады - ол дәрігер болуды қалайды.
"Бір қызығы, осы оқиғаның алдында ғана электрик мамандығына құжат тапсырған едім. Енді дәрігерлердің жұмысын көріп, мен де солардың жолын қуғым келеді. Мирас Болатханұлы мен Руслан Асқарұлына емімді бастан-аяқ бақылағандары үшін көп рақмет айтамын. Сондай-ақ мейірбикелерге, аурухананың барлық қызметкеріне, соның ішінде санитарларға қажырлы еңбектері үшін мың алғыс", - деп зардап шеккен жасөспірім дәрігерлерге ризашылығын білдірді.
Қостанайлық дәрігерлер жасөспірімдерді мұндай әрекеттердің қауіптілігінен сақтандыру мақсатында осы оқиға туралы айтып беруді ұйғарды. Әсерлі сурет түсіру үшін көбісі өмірін қатерге тігеді, алайда мұндай оқиғалардың соңы әрқашан сәтті аяқтала бермейді. Дәрігерлер ешқандай сурет адам өмірін өлім қаупіне тігуге тұрмайтынын ескертеді.
Алматыда дәрігерлер тоғызыншы қабаттан құлаған әйелді аман алып қалды
Бұған дейін Алматыда дәрігерлер тоғызыншы қабаттан құлаған әйелді аман алып қалды. Зардап шегуші ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен - одан көптеген сынық пен ішкі мүшелердің ауыр зақымдануы анықталды.
Медицина мамандарының үйлесімді жұмысы мен сауатты емдеу тактикасының арқасында, жарақаттардың ауырлығына қарамастан, ауруханаға түскеннен кейін жетінші тәулікте дәрігерлер арнайы жабдықтың көмегімен науқасты біртіндеп көлденең қалыптан тік қалыпқа ауыстыра бастады. Оныншы тәулікте әйел ауруханадан шығарылды.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:57
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 18 Тамыз 2026 20:40 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















