Алакөлде туып, Гималайда ғұмыры үзілген Сәліс Әміреұлы жайлы не білеміз
Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Чан Кайшидың ханымын таң қалдырған қазақ
Кеңестер Одағының қолдауымен құрылған «Шығыс Түркістан Республикасы» мен Шыңжаң провинциясының жергілікті әкімшілігі арасында «бейбіт келіссөздер» жүріп жатқан беймаза, қысылтаяң шақта Қытай Республикасының Президенті Чан Кайшидың ханымы, әлем таныған дипломат – Сун Мэйлин 1946 жылдың ақпан айында қақтығыс аймағына құпия сапар шегеді. Тараптардың шекарасына айналған Манас өзенінің бойын өз көзімен шолып қайтқан Сун Мэйлин Үрімжі қаласында газет тілшісі деген бүркеншік атпен жергілікті ұлттық азшылықтардың өкілдерімен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрады. Бұл жайында 1939 жылдан кейін Сун Мэйлинге хатшы болған, 1945-1949 жылдары Шыңжаң институтында оқытушылық қызметпен айналысқан қытайлық қаламгер Чжан Цзыгэ өз еңбегінде келесідей деректер ұсынады:
– Сун Мэйлин этникалық азшылықтардан шыққан көрнекті қайраткерлерге амандаса бармақ болды. Оның қолында алдын ала әзірленген тізім бар еді. Олар: Дүнген мәдени қауымдастығының төрағасы Ма Лянцзюнь ахун мен оның орынбасары Ма Гои, Қазақ мәдени қауымдастығының төрағасы Сәліс және қазақ төресі Әлен цзюньванның ханымы Қадуан. (Сун Мэйлин) менен тағы біраз адам ұсынуды сұрады. Мен Шынжаң институтының бірнеше оқытушысын атадым. Олардың арасынан екі адам іріктелді: қазақ Ни Хуадэ (Нығымет Мыңжани) мен ұйғыр Мұхити (Ибраһим Мұхити)... Қазақ жігіті Сәліс қытай тілін мүдірмей сөйлейді екен, мемлекеттік қызметтің машықты сөз тіркестеріне судай: «Орталық үкіметтің сізді көтерілісшілердің өкілдерімен келіссөз жүргізуге жіберуі, шынымды айтсам, өте ізгілікті шара. Тиісті ұйымдарды провинциялық үкіметтің айналасына біріктіре білгенде ғана әр ұлт жұртшылығының қолдауына ие болуға жол ашылады» деп көсіле жөнелді. Ол һәм өз еркімен бізге аудармашы болып, Қадуан ханымға бірге барды, - деп жазады Чжан Цзыгэ.
Дүнген мәдени қауымдастығының өкілдерімен тіл табыса алмай көңілі жасып шыққан Сун Мэйлин ханым мен оның сапарластарын ұстамдылығымен, шешендігімен, ширақтығымен таң қалдырған Сәліс Әміреұлының шын мәнінде ірі қайраткер, нағыз ұлт жанашыры болғанын былайғы жұрт біле бермейді.
Сәліс – Көктұманың тумасы
Халық тағдыры сынға түскен күрделі, алмағайып кезеңде өмір сүрген Сәліс Әміреұлы туралы мағлұматтар, өкінішке қарай, өте тапшы, керек десеңіз бір-біріне қарама-қайшы. «Солтүстік-батыс Қытайдағы ұлттар сөздігі» деп аталатын энциклопедиялық еңбекте қайраткер тұлға жайлы мынадай дерек келтіріледі:
– Сәліс (1919-1950), шын аты Қалиасқар Әміреұлы. Үрімжінің тумасы. Үрімжідегі Моңғол-қазақ мектебі мен педагогикалық училищеден оқу тауысқан. Қытай тілі мен жазуын жетік игерген. Оқу тауысқаннан кейін жылдар бойы училищеде оқытушы болған. 1942 жылы қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының төрағасы болып сайланған. Кейінірек (жергілікті билеуші) Шэн Шицайдің пәрменімен тұтқындалып, түрмеге қамалады. Шэн Шицай Шынжаңнан кеткеннен кейін, Гоминдан кертартпашылдары оны абақтыдан босатып, маңызды қызметке тартады. Үш аймақ революциялық үкіметі мен Шыңжаңның жергілікті билігі арасындағы табысты бейбіт келіссөздерден кейін Шынжаң коалициялық үкіметі құрылғанда, Гоминдан тарапының көрсетуімен Сәліс коалициялық үкіметтің мүшесі, хатшылық жетекшісінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Ол әрқашан Гоминдан партиясының нұсқауына сай «Үш аймақ» өкілдерімен тіресіп отырған. 1947 жылы Сәуле баспасының директоры қызметін қоса атқарады және қазақ тіліндегі «Сәуле» журналын шығарып, кері насихат жүргізеді. 1949 жылы да кертартпа ұстанымнан бас тартпай, Оспан бандыларымен ауыз жаласып, Шынжаңның бейбіт бостандығына қарсы әрекет етеді. ҚХР құрылғаннан кейін бүлікшілерді бастап Шыңжаңнан қашып кетеді, келесі жылында Цинхайда өледі.
Баттаса жағылған идеологиялық бояуды есепке алмағанда, осы шағын анықтаманың өзінен Сәліс Әміреұлының әрқашан ұлт-азаттық күресінің бел ортасында, қиянкескі саяси күрес алаңында жүргеніне көзіміз жетеді. Дегенмен мағлұматта жаңсақтық та жоқ емес. Бұл әсіресе көрнекті тұлғаның туған жылы мен туған жеріне қатысты.
Фото: Қ. Рашатұлының мұрағатынан
Сәлістің туған қарындасы Үмітқанның жұбайы, кезінде ұзақ жылдар бойы «Шыңжаң газетінің» қазақ редакциясында аға аудармашы болып қызмет еткен Әділ Ысқақжанұлының қойын дәптеріндегі естелігіне жүгінсек, Сәліс Әміреұлы – Мақаншының тумасы.
– Сәлістің шын аты Қалиасқар Әмірәліұлы. 1934 жылы Моңғол-қазақ мектебіне оқуға түскенде Саржан деген тегіне байланысты оқу орны тарапынан Сәліс аталып кеткен. 1916 жылдың бас шенінде Мақаншыда туған. Ақ патшаның қазақтан әскер алу туралы жарлығы шыққанда бір старшын тума деген ел 1916 жылдың күзіне қарай Қытай жеріне өтіп, Үрімжі төңірегін мекен еткен. Әкесі Әмірәлі арбамен отын, көмір тасыған кірекеш болған. 1927 жылы Сәлісті Көк мешіт медресесіне оқуға берген. Осында 3-4 жыл оқып, 1931 жылдан кейін кірекештік жұмыспен айналыса жүріп, қытай тілін өз бетімен игерген. Моңғол-қазақ мектебінде Дубек Шалғынбаев, Ахметқали Бітімбайұлы, Әділ Сексенұлы, Сағидолла Аралбайұлы, Ілияс Жолжақсыұлы сияқты қазақ балаларымен қатар оқыған, - деп жазады Әділ Ысқақжанұлы.
Фото: Құштар Рашатұлының мұрағатынан
Ал Астана қаласында тұратын фотограф-кәсіпкер Құштар Рашатұлы нағашы атасының әкесі болып келетін Сәлістің тумысы жайлы бізбен келесі деректі бөлісті:
– Сәліс атам – ұлт руханиятының шырақшысы болған ұлы тұлға. Ол 1912 жылы қазіргі Абай облысының Мақаншы ауданында, Көктұма өзенінің бойында өмірге келіпті. 1916 жылы ел басына түскен ауыр нәубетте Сәлістің әкесі Әмірәлі ел-жұртымен Қытай асып, Тарбағатайдың Шағантоғай өңірін пана тұтады. Кейінірек өлкенің білім ордасы – Үрімжі қаласына қоныс аударып, ұл-қызын оқуға беріпті. Сәліс өлкенің саяси өміріне, жастар қозғалысына ерте, белсенді түрде араласып, бостандық, еркіндік, теңдік үшін күресті, осы жолда түрмеге қамалып, абақтыда азап шекті. Үрімжідегі Педагогикалық мектепте оқытушы болған жылдары жер-жерден қазақ балаларын оқуға тартып, Қытайдағы қазақ интеллигенциясының қалыптасуына сүбелі үлес қосты, - дейді ол.
Мейлі қалай болғанда да Сәлістің 1910 жылдардың орта шеніне қарай Қазақстан топырағында, Мақаншы жерінде, Көктұма бойында дүниеге келгені анық. Сәліс және құпия Сәуле ұйымы туралы өте құнды деректер ұсынған тарихшы Қабимолла Мәнжібаев те қайраткердің Қазақстанда өмір есігін ашқанын өз естелігінде атап өтеді.
Құнды құжат
Сәліс Әміреұлының қайраткерлік қыры Шыңжаң өлкесінің жергілікті үкіметінде хатшылық жетекшісінің орынбасары қызметін атқарған жылдары жарқырап көзге түседі.
– Сәліс атам мешеулікті білім мен ғылым арқылы ғана жоюға болатынын ерте білді. Сондықтан мәдениет, ағарту жұмыстарына айрықша көңіл бөлді, қазақ жастарының білім алуына жағдай жасап, қазақ зиялыларына қамқоршы бола білді. Үрімжі қаласынан көптілді мектеп ашып, қазақ, ұйғыр, қытай балаларын оқуға тартты. Өнер отаулары мен үйірмелерін ұйымдастырды. Қытайда қазақ театрының қалыптасуы мен дамуына да Сәлістің еңбегі сіңген, - дейді Құштар Рашатұлы.
Соңғы пікірдің шынайылығын Сәлістің көзін көрген, дәрісін тыңдаған, кейінірек Сәуленің құпия жұмысына тартылған Қабимолла Мәнжібаевтің естелігіндегі «Қазақ-қырғыз ұйымының Өнер бөлімі жағынан сахналық қойылымдарға қатыстырылып, ай сайын, маусым сайын спектакль қоюға араластым. «Қыз Жібек», «Қарагөз», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Ертарғын», «Көтібар», «Алдар Көсе» қойылымдарында басты рөлдерде ойнадым» деген дерек растай түседі.
Фото: Тайбэйдегі «Мемлекет тарихы институтының» мұрағатынан
Сәлістің ұлт жанашыры ретіндегі қайраткерлік қызметінен мәлімет беретін құнды құжат Қытайдың Тайбэй қаласындағы «Мемлекет тарихы институтының» архивінде сақтаулы. 1947 жылдың қазан айында жергілікті Құпиялық басқармасы ұсынып, қараша айында хатқа түскен құпия мәліметтің толық мәтіні келесідей:
Шекара қызметі туралы Хабарлама
Бірінші, Шыңжаң провинциялық үкіметі хатшылық жетекшісінің орынбасары Сәлістің қазақ өкілдерін жиналысқа шақырып, үкіметке өз талаптарын жеткізу туралы шешім қабылдағаны жөнінде
Шыңжаң провинциялық үкіметі хатшылық жетекшісінің орынбасары Сәліс 13 қазан күні Дихуа (Үрімжі) қаласында Қазақ мәдени қауымдастығы атынан шаһардағы қазақ ұлтының өкілдерін жиналысқа шақырған. Жиналыста Сәліс бұған дейінгі революция кезеңінде қазақтар көбірек құрбандық берді, бірақ соның есесіне келген құқық пен игіліктің қызығын ұйғырлар көріп отыр; біріншіден, қазақтардың соғыста көрсеткен ерлігіне үкімет алғыс жариялаған жоқ; екіншіден, хатшылық жетекшісі Айса Ұйғыр мәдени қауымдастығына көбірек көңіл бөліп, (ұйымның жұмысын) үкімет бюджетінен қаржыландырып отыр, ал Қазақ мәдени қауымдастығына мұндай артықшылық берілмеген деп мәлімдеген. Қазақтар қызу талқыдан кейін үкіметке келесідей 7 талап қоюға шешім қабылдаған:
1) Жұмыстан кетірілген Абдыкерим Махсұмның орнына провинциялық үкіметтің төрағасының орынбасары қызметіне қазақ өкілі тағайындалсын;
2) Бейбітшілік келісіміне сәйкес Денсаулық сақтау департаментінің басшысы болып Дәлелхан (Сүгірбаев) тағайындалған еді, бірақ Дәлелхан қазірге дейін бұл жұмысқа кірісе алмады, бос орынға қазақ өкілі тағайындалсын, провинциялық дәріханада директордың орны да бос тұр, бұл қызметке де қазақ өкілі толықтырылсын;
3) Мемлекеттік органдарда қазақтарды кемсітушілік жаппай өмір сүріп отыр, бұдан кейін қазақ қызметкерлердің үлесі көбейтілсін;
4) Үкімет өзге ұлттардың білім ісіне көбірек мән береді, алда қазақ мектептерінің де саны көбейтілсін және қазақ тұрмысының мәдени дәрежесін көтеру үшін қазақ жастарына тегін білім берілсін;
5) Коммерциялық банктер қазақтарға бес жыл мерзімге өсімсіз қарыз берсін, қазақ шаруашылығын дамытуға қаржылай көмек көрсетілсін;
6) Егіншілікті дамыту үшін үкімет тау бөктерлерінен қазақтарға көбірек жер сатып берсін;
7) Мемлекеттік органдардың іс-қағаздарында қытай және ұйғыр тілдеріне басымдық беріліп, қазақ тілі ескерусіз қалып келеді, теңдіктің белгісі ретінде бұдан кейін ұйғыр және қазақ тілдері қытай тілімен қатар қолданылсын.
Осы айтылған талаптарға үкіметтің екі апта ішінде жауап беруін сұраймыз.
Көрініп тұрғандай, құжаттағы әр тармақ аса күрделі жағдайда тұрған өлкенің құбылмалы әлеуметтік-саяси өмірінде қазақ халқының мүддесін жоқтап, ұпайын түгендеуге, ұлт-азаттық күресте қол жеткен жетістікті шынайы, мақсатты саяси құқықтар мен экономикалық игіліктер ретінде нақтылауға, қазақтардың жергілікті биліктегі мәртебесін көтеріп, үлесін арттыруға бағытталған өзекті һәм өжет талаптар еді.
Саяси күрестегі қазақшылдығы Сәлісті билікке қауіпті адам ретінде көрсетсе керек, әйтпесе Құпиялық қызметі соңына шырақ алып түсіп, Нанкинге жасырын мәлімет жібермес еді. Оны былай қойғанда, қайраткердің ұстанымдары коалициялық үкіметтегі кей әріптестеріне, әсіресе «Үш аймақ» өкілдеріне аса ұнай қоймаған, оны «қазақ ұлтшылы» деп ұйғарып, көзге шыққан сүйелдей көрген. Коалициялық үкімет ыдыраудың алдындағы саяси толқулар кезінде, «Үш аймақ» тарапының ұйымдастыруымен Үрімжі қаласында шеруге шыққан кеңесшіл, «шарқишыл» («Үш аймақ» күштерін жақтаушылар) ұйғыр, қазақ жастары жергілікті биліктегі қазақ өкілдері – Жанымхан Тілеубайұлы мен Қадуан ханымды (Қадиша Мамырбекқызы) және Сәліс Әміреұлын лауазымды қызметтен босатуды талап етіп ұран шақырады. Бұған жауап ретінде Үрімжідегі қазақ, дүнген бұқарасы да қарымта шерулер ұйымдастырып, оның соңы от пен судай екі топ арасындағы қақтығысқа ұласады. Оқиғалар тізбегі Бұрхан Шаһиди, Сайфуддин Азизи, Қабимолла Мәнжібаев сияқты белгілі тұлғалардың естеліктерінде де, құпиясыздандырылған Гоминдан құжаттарында да тәптіштеп баяндалған.
Кескілескен күрес кейде кісі өліміне дейін де барған. Мысалы, 1946 жылы қыркүйек айында Алтайдағы сайлау науқанына байқаушы болуға бара жатқан Түркістан Ноғайбайұлын (Үрімжі аймағының басшысы Қадуан ханымның орынбасары) жолшыбай «шарқишыл» содырлар ұрып өлтіреді. Дәл сол күндері Тарбағатайда байқаушы болып жүрген Сәліске Моңғол-қазақ мектебінде бірге оқыған сыныптастары Дубек Шалғынбаев пен Ахметқали Бітімбайұлы қамқор болады. Бұл жайында Сәлістің Үрімжіге оралған соң тілеулестеріне «Тарбағатайдың жаршысы Дубек, сақшысы Ахметқали екен, мені екеуі қорғап қалды. Олар маған марксизм-ленинизмді көп айтты... Үрімжіге қайтпа, Гоминданға сенбе, олар қара ниетінен қайтпайды деді... Мені (үкімет билігіндегі) Сауан шекарасына дейін жеткізіп салды» деп ағынан ақтарылғанын Қабимолла Мәнжібаев жазады. Саясат алаңында өзара қарама-қайшы бағыттарды ұстанса да, алаштың мүддесін қорғауды, қазақтың көсегесін көгертуді түбегейлі мақсат тұтқан арыстардың арасындағы сыйластық пен жанашырлық, өкпеге қиса да өлімге қимайтын ағайынгершілік қасиет кім-кімді де тәнті етері хақ.
Сәліс және «Сәуле» ұйымы
Сәлістің қайраткерлік қызметі сөз болғанда «Сәуле» ұйымы туралы айтпай кету мүмкін емес. Ұйым шамамен 1943 жылы, Сәліс қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымына төраға болып тұрғанда құрылған. Құрылтайшылары – Сәлістен өзге Нығымет Мыңжани (Тарихшы-ғалым, қоғам қайраткері), Закария Әшенұлы (әскери қайраткер), Әбдікәрім Ынтықбаев (ақын), Мәжит Әбузаров (аудармашы, баспагер), Халық Қари (қоғам қайраткері); ал белсенді мүшелері қатарында Қабимолла Мәнжібаев, Зарып Жошыұлы (қоғам қайраткері), Әдіс Сексенұлының есімдері аталады. Мәнжібаевтің куәлік беруінше, Сәліс оған «Сәуленің» тыңшылық ұйым да, феодалдардың қолшоқпары да емес екенін, басты мақсаты қазақтың әлеуметтік-саяси, шаруашылық-мәдени құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтқан.
«Сәуленің» қызметі әсіресе Шарқи мен жергілікті билік арасындағы бітімге сәйкес 1946 жылы қыркүйек айында коалициялық үкімет құрылудың қарсаңында жандана түседі. 1945 жылдың аяғына қарай Гоминдан билігі болашақ коалициялық үкіметтің құрамына енетін қазақ өкілдері туралы пікір жинағанда, сәулеліктердің ортақ шешімімен белгілі тұлғалар Ж.Тілеубайұлы, Қадуан ханым, З.Әшенұлы, С.Әміреұлы мен Н.Мыңжанидың кандидатурасы ұсынылып, саяси жүйедегі қазақ өкілдерінің үлесі кеңейтіледі.
Сәулеліктер өлкедегі түрікшілдік бағытты ұстанатын зиялы қауыммен жақын байланыста болған. Белгілі ұйғыр ғалымы Хеуір Тимурдің еске алуынша, 1945 жылы түрікшіл ұйғыр зиялылары Мұхаммед Имин мен Айса Юсуптің бастамасымен Алтай баспасының дайындық комиссиясы құрылғанда, Сәліс төрағаның орынбасары болып сайланады. 1947 жылы «Дәрнек» конвенциясында Мыңжани қазақтың ата тарихы туралы баяндама жасағаннан кейін сәулеліктердің «пантүркистермен» арақатынасы жақындай түскенін Мәнжібаев те атап көрсетеді.
Сәулеліктер түрлі себеппен ата жұртынан ауа көшуге мәжбүр болған шығыс қазақтарының мүддесін де қаперден шығармаған. «Сәуленің» қаулысымен ұйым мүшесі, Құтыби ауданы әкімінің орынбасары Оразбай Қалиұлы 1949 жылы көктемде Қытайдың Цинхай провинциясындағы қазақтарға жансауға сұрау үшін, Солтүстік-Батыс Қытайдың әскери-әкімшілік басшысы, дүнген милитарист Ма Буфанға елші болып барады. Сол жылдың жазында жергілікті әкімшілік қызметкер Кәрім Әкірами де «Сәуленің» тапсырмасымен Ма Буфанға жолығып, сол аймақтағы қазақтардың хал-жағдайынан хабар алып қайтады.
«Сәуле» ұйымы қазақтың шаруашылығы мен мәдениетін дамыту мәселесін үнемі назарда ұстайды. Соның бір айғағы – «Ырыс» компаниясы. Белгілі қайраткер-ғалым Хасен Оралтайдың куәландыруынша, «Ырыс» компаниясының мақсаты қазақтың қолындағы жүн, тері секілді шикізат өнімдерінің құнын көтеру болған. Компанияны Сәліс басқарған.
«Сәуленің» тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі 1947 жылы «Сәуле» баспасының құрылуы деп сеніммен айта аламыз. Баспаның жұмысына сәулеліктерден өзге белгілі қазақ зиялылары тартылады. «Сәуле» журналы жарық көріп, оған Н. Мыңжани бас редактор болады. Х. Оралтайдың еске алуынша, журналдың алғашқы санында баспа мен басылымға демеуші болған 35 тұлғаның тізімі беріледі. тізімнің ең басына Оспан батыр, Жанымхан қажы, Қалибек Хакім, Қадуан ханым есімдері берілген. «Сәулеге» қосымша әдеби-көркем «Шаншар» басылымы да шығарылады. Баспадан «Абай өлеңдері», «Иман-шарт», «Әліппе» т.б кітаптар жарық көрген.
1947 жылдың күзінде «Сәуленің» мұрындық болуымен және жергілікті биліктің бекітуімен Үрімжіде қазақ театры ашылады. Қытайдағы қазақ өнерінің алғашқы қарлығаштары осы алтын ұяда қанаттанып, топшысын бекітеді. 1948 жылы Үрімжіде ашылған өлкелік тіл мектебіне қазақ балаларының қабылдануы да сәулеліктердің құлшынысының арқасы екенін Мәнжібаев өз естелігінде атап көрсетеді. Осы мектепте білім алған қазақ жастарының қатарында Нұрдолла Оспанұлы, Әзімқан Тішанұлы, Меллатқан Әленұлы, Нариман Жабағытайұлы сынды болашақ сөз зергерлері мен қазақ баспасөзінің қара нарлары да болады.
Тибетке көш
1949 жылдың күзіне қарай Қытайда саяси режимнің ауысатыны, билікке коммунистер келетіні белгілі бола бастады. Жергілікті билікке жақын қазақ жетекшілері мен зиялыларының да пікірі екіге жарылады. Жанымхан қажы мен Қадуан ханымның шақыруымен өткен алқалы жиында Сәліс жаңа билікке сенбейтінін айтып, эмиграцияға кетуге бел буғанын мәлімдейді. Мәнжібаев Сәліс көшінің 1949 жылдың 15 қараша күні қозғалғанын жазады:
– Сәліс, Әбдікәрім (Ынтықбаев), Әділ (Сексенұлы) ауылдары Қарашәріге қарай көшті. Мен де оларға ілесіп, Алғұйдағы Қалибек (Хакім) ауылына бардым. Аз күннен кейін Сәлістер өзенді құлдап, бір тұмсықты айнала бергенде, біз Закарияның (Әшенұлы) қайнатасы Зейнембай молдамен бірге өзенді өрлей көштік. Менің Сәліс, Әбдікәрім, Әділді соңғы көруім осы болды, - деп жазады Мәнжібаев «Кешірмелерім» дейтін мемуарлық еңбегінде.
Фото: Қабимолла Мәнжібаевтың мұрағатынан / ЖИ-мен өңделді
Қалибек көшімен қанаттаса жылжыған Сәліс ауылына жолшыбай Лобнор ауданында әкімшілік қызметте болған Имин Дамолла (ұйғыр ұлтынан) бастаған шағын топ қосылады. Ұзын саны 23 адамнан тұратын Сәліс ауылын алда ауыр, қайғылы тағдыр күтіп тұрғанын ешкім болжамаған еді.
– Ұлы нағашым (нағашы атасының әкесі деген мағынада - ред) Сәліс, оның бажасы Әбдікәрім, тілеулес, мұраттас досы Әділ көші көк тіреген Тяньшань тауынан асып, Лобнор суын кешіп, «барса келмес», «ажалдың қара құмы» атанған Такла-Макан шөлінен ендей өтіп, Қытай Тибетінің жотасына көтеріледі. Ұлы нағашы апам (нағашы атасының шешесі - ред.) Зібила Ахмадиқызы жол үстінде шұғыл дерттен көз жұмады. Әбдікәрім атамның жұбайы Сәлимән Ахмадиқызы Тангула тауынан асарда ыстан қаза табады. Тибет жеріне арып-ашып әзер жеткен қаралы көшті жолшыбай Цинхайдың (Көккөл) Гасхол деген жерінен қосылған Жолбарыс ханның әскерлері бір түнде қырып кетеді. Қанды қырғыннан Сәлістің ұлы Әбдісаттар, Әбдікәрімнің ұлы Тоқтар, Әділдің ұлы Әлім ғана аман қалады, - дейді Қ. Рашатұлы.
Айтарға жеңіл болғанмен, Бұланай (қазақтар Гималай тауларын осылай атаған) асқан ұлы көштің басынан өткен қиямет пен қысмет жайлы Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» және қытайлық қаламгер Әпетай Мұқарапұлының «Киелі көш» еңбектерінде төбе құйқаны шымырлатып, аза бойды қаза қылатын небір деректер келтіріледі. Сәліс ауылының қабырғаны қайыстырар қайғымен аяқтаған болжаусыз жазмышы, бостандық үшін басын бәйгеге тіккен ерлердің сенім артқан жолдастарының (Гасхол жерінде Сәліс көші Шыңжаңнан қашып шыққан Жолбарыс тобымен бірге Қытай Тибетінің астанасы – Лхаса қаласына бет түзейді) қолынан қапыда қаза тапқан ауыр тағдыры жүректі шымырлатпай қоймайды. Жолбарыс қырғынынан тірі шыққан Әбдісаттар (халыққа Мусаттар есімімен таныс, белгілі сазгер-композитор), Тоқтар (кейінірек Тибет өлкесінде лауазымды қызметтер атқарған) және Әлім (Үндістан арқылы Түркияға өткен) берген куәлік бойынша, Жолбарыстың (Юлбарс-хан, тегі Қашқардан, Қытайдың Құмыл уәлаятының губернаторы, Шыңжаң провинциясының Төрағасы, 1971 жылы Тайваньда өлген) қарақшылары жолшыбай Сәліс, Әбдікәрім, Әділ (жұбайы Бәдіғұл), Иминдерді атып өлтіріп, 6 жетімге көштен тартып алынған қойды айдатып қояды.
Фото: Қ. Рашаттың жеке мұрағатынан
– Жол үстінде ересек 3 баланы да атып тастады. Әлім, Әбдісаттар және мен – үшеуіміз тірі қалдық. Бізге әке-шешемізден тартып алған қойды айдатып жүрді. Қазіргі Бангэ ауданының Жаңма деген жерінде Әлім екеуімізді атуға ыңғайлана бергенде, аяқ астынан тибеттіктер үстімізден түсіп, атылмай қалдық. Ақыры Әлім үшеуімізді Тибеттің орталығы Лхаса қаласында тастап, Жолбарыс өзі Үндістанға кетті, - деп еске алады Тоқтар Әбдікәрімұлы 1980 жылы Түркиядағы туыстарына жазған хатында.
Осылайша Алакөл жағасында, Көктұма бойында кіндігі кесілген Қалиасқардың – қазақтың еркіндік аңсаған батыр ұлының, Алаш мұратын ту етіп, қамшының сабындай қысқа ғұмырында туған халқының есе-теңдігі үшін от пен суға кезек түскен тау тұлғалы қайраткердің өмірі Тибет жотасында қапылыста қиылады, азаттық іздеген от жүрек қапияда сөнеді.
Ақтаңдақ
XX ғасырдың екінші ширегіндегі ала сапыран кезеңде арғы беттегі саяси-әлеуметтік тартыстың ұйтқыған өзегінде өмір кешкен қайраткер, күрескер тұлғаның еңбегі мен мұрасы жайлы зерттеу жоқтың қасы. Оның басты себебі – архивтік деректердің қол жетімсіздігі мен ұзақ жылдарға жалғасқан идеологиялық теріс түсініктің салдарынан ол кісі туралы объективті, әділ баға берілмеуі.
Сәліске Қ. Мәнжібаев «қытай тілін жетік білетін, бір беткей, ісік-желігі жоқ байсалды, қазақшыл, қарапайым жан еді» деп мінездеме берсе, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, 1946 жылдың тамыз айында Шәуешек қаласында қайраткердің көзін көрген Қызырғали Зәуренбайұлы өз естелігінде былай еске алады:
– Сәліс сұңғақ бойлы, кең маңдайлы, қараторы өңді, сымбатты, әдемі жігіт екен. Шәуешекте шығып тұрған «Халықшыл» газетінде Сәлістің «Халықшылдық» деген көлемді мақаласы жарияланды. Мақалада... оқымысты жас жігіт өзінің туған еліне деген ыстық ықыласын, шерлі жүрегінің ақ тілегін жете жеткізгендей әсер қалдырды.
Өкінішке қарай, қайраткердің фото портреті сақталмаған немесе құпия мұрағатта жұрт көзінен тасада жатқан шығар. Бүгінде бізге Сәліс Әміреұлының көппен бірге түскен жалғыз суреті белгілі. 1937 жылы белгілі қоғам қайраткерлері Әбеу Құдышұлы мен Абай Қасымовтың Үрімжіге сапарында түсірілген ескі суретте артқы қатар оңнан екінші адам Сәліс деп көрсетілген.
Фото: Сурет Abai.kz порталынан
Соған қарамастан Сәліс Әміреұлының қайраткерлік қызметі, шығармашылық мұрасы, алашшыл-қазақшыл болмысы жайлы, жалпы өткен ғасырдың 30-40 жылдарында Қытай бетіндегі қазақтарға көшбасшы һәм қамқоршы болған зиялы қауымның қилы, қиын тағдыры туралы терең, іргелі, ғылыми зерттеулер қажет-ақ. Онсыз тарихи ақтаңдақты түбегейлі анықтау, түгендеу әсте мүмкін емес.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:79
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 02 Мамыр 2026 14:16 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















