Alatau City өңірлік дамудың қуатты хабына айналады
Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Кеше Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, алқалы жиында «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заңының жобасы бірінші оқылымда қаралды. Отырыстың күн тәртібіндегі осы жалғыз әрі негізгі мәселе бойынша Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндама жасап, депутаттар алдында болашақ смарт қаланың тынысын ашатын заң жобасын таныстырды.
Әлемдік тәжірибе ескерілген
Вице-премьер Қанат Бозымбаев Үкімет Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасын Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауына және Алатау қаласын дамыту туралы Жарлығына сәйкес әзірлегенін айтты. Сондай-ақ бұл заң жобасы Мемлекет басшысы айқындаған тәсілдер мен қағидаттарға негізделгенін, оның негізгі мақсаты Алатау қаласының жедел және тұрақты дамуына жағдай жасау екенін атап өтті.
Қанат Алдабергенұлының айтуынша, жақында қабылданған Конституцияда жекелеген өңірлердің экономикасын жылдамдату үшін «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режімін конституциялық заң арқылы енгізуге болатыны көрсетілген. Осыған сәйкес, мемлекет Алатау жобасын дербес экожүйе ретінде қарастырып отыр.
Қанат Бозымбаев заң жобасын әзірлеуге жетекші халықаралық сарапшылар тартылғанын айтты. Олар арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтар арқылы қалаларды дамыту бойынша әлемдік тәжірибені зерттеп шыққан.
«Атап айтқанда, Шэньчжэнь, Хайнань (Қытай), Седжон мен Сонгдо (Оңтүстік Корея), сондай-ақ Сингапур, Дубай және Доха сияқты қалалардың тәжірибесі қарастырылды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қалаға тек арнайы мәртебе беру жеткіліксіз. Негізгі рөлді тиімді институционалдық орта атқарады. Мысалы, Шэньчжэнь мен Хайнань тәжірибесі – бұл өңірлерде жергілікті әкімшіліктерге кең өкілеттіктер берілген. Олар салық режімдерін бекіте алады, жеңілдіктерді әкімшілендіреді және инвестициялық қолдауды басқарады. Нәтижесінде шешімдер жедел қабылданады, орталық органдармен функциялары қайталанбайды. Хайнань провинциясы одан да кең экономикалық өкілеттіктер алды. Осы жылдан бастап Хайнань жаңа сауда және инвестициялық хаб ретінде жарияланды», деді Үкімет басшысының орынбасары.
Осыларды ескере отырып, Үкімет Алатау қаласында да әкімшілік салық режімдерін бекіту, жеңілдіктерді және инвестициялық қолдаудағы дербестікті енгізуді ұсынып отыр.
Сондай-ақ Үкімет Алатау қаласын дамытуға қатысты заң жобасын әзірлеуде әлемдік бизнес пен туризмнің қайнаған ошағына айналған Дубай қаласының да тәжірибесін сырт айналмапты. Себебі Дубайдың арнайы экономикалық аймағының тәжірибесі бір орталықтан мемлекеттік қызметтерді, бақылауды және әкімшілендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл тетік бизнес-лицензияларды беруді де қамтиды.
Ал Сингапур тәжірибесі ұзақмерзімді 50 жылға дейінгі стратегиялық құжаттардың маңыздылығын көрсетіп отыр. Сондықтан Қ.Бозымбаев Алатау қаласының да стратегиялық құжаттары ұзақ кезеңге арнап қабылдануға тиіс екеніне назар аударды. Оның айтуынша, мұндай құжаттарға кемінде 5–10 жыл өзгеріс енгізілмеуі қажет.
Құқықтық мәртебенің қажеттілігі
Баяндамашы оң тәжірибеге ғана емес, сонымен бірге сәтсіз мысалдарға да талдау жасады.
«Кейінгі 10 жылда әлемде инвестициялар, инновациялар және технологияларды тарту үшін мыңнан астам арнайы әкімшілік және экономикалық аймақ құру жарияланды. Бұл қалалар немесе аймақтар арасындағы бәсекелестік күн сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Алайда құрылған аймақтардың шамамен 60%-ы сәтсіз аяқталды», деді вице-премьер.
Мәселен, Таяу Шығыс пен Азиядағы жобалардың сәтсіз жүзеге асырылуына құқықтық және салықтық дербестіктің болмауы, басқарудағы бюрократия, инфрақұрылымды дамытуға қаржының жетіспеушілігі, тәуелсіз сот жүйесінің әлсіздігі, құзыретті органдардың жарияланған салық жеңілдіктерінен қайта бас тартуы және жер учаскелерін инвесторлар мүддесіне әділетсіз алып қою мәселелері негіз болған.
Қ.Бозымбаев осындай себептерді назардан тыс қалдырсақ, инвесторлардың Алатаудың маңына жоламау қаупі бар екенін жеткізіп, заң жобасын дайындау кезінде аталған тәжірибелер мен қорытындыларды толық ескеру өте маңызды екеніне тоқталды. Себебі бүгінде Алатау құрылғаннан бастап инвесторлар қаланың әлеуетіне үлкен қызығушылық танытып отыр екен.
«Қазірдің өзінде жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын алғашқы 44 инвестициялық жоба қалыптастырылып және 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл қаланы ғылым, туризм, медицина және инновациялар орталығы ретінде дамытудың негізін қалайды. Олардың қатарына ірі әлемдік танымал компаниялар «Mars», «PepsiCo», «Hyundai Green Food», «Envision Energy», «Khan Tengri Biopharma» және екі индустриялық-логистикалық хаб, сондай-ақ «ASP Аrena, «К-Park» сияқты туристік жобалар кіреді», деді Қанат Алдабергенұлы жалпы отырыста.
Сонымен бірге заманауи «Iconic Complex» көпфункционалды кластері, көшбасшы KAIST Кореяның жоғары технологиялық университеті және пилотсыз ұшу аппараттарын енгізу бойынша стратегиялық жобалар іске асырылмақ.
Вице-премьер қаланы инфрақұрылыммен қамтуды кезең-кезеңмен іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі жоспар бекітілгенін атап өтті. Алға қойған мақсаттар іске асқан жағдайда, халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2050 жылға қарай қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд долларға дейін жетеді деп күтіліп отыр.
Баяндама барысында заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталған Үкімет басшысының орынбасары Қ.Бозымбаев Президенттің бұл қалаға ерекше құқықтық мәртебе беруі артықшылық емес, қажетті құрал екенін атап өткеніне мән берді. Ұсынылып отырған заң жобасы осы қағидатқа негізделіп отыр.
«Конституциялық заң негізінде Алатауда арнайы құқықтық режім қалыптасады. Ол кәсіпкерлік қызметтің негізгі бағыттарын қамтиды. Нәтижесінде Алатау жаңа басқару және технологиялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін заманауи реттеуші алаңға айналады», деген Қ.Бозымбаев Алатауда сынақтан өткен тиімді тетіктер алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де таралуы мүмкін екенін атап өтті.
Жедел өркендеудің жеті бағыты
Баяндамашының айтуынша, Алатау қаласында салықтық жеңілдіктер ғана емес, сонымен бірге бизнесті реттеу, инвесторларды тарту және инвестициялық дауларды шешу жүйесін қамтитын толық экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр.
Атап айтсақ, біріншіден, Alatau City Authority стратегиялық дамуға негізделген жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Оның негізгі бағытын Премьер-министр басқаратын Кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырады. Кеңес қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды және әкімшілік актілерді бекітеді. Ал мәслихат пен әкімдік қаланың әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселелеріне жауап береді.
Екіншіден, заң жобасында инвестициялық келісімдердің тұрақтылығы, арнайы құқықтық режімнің басымдығы және лицензиялаудың жеке тәртібі қарастырылған. Сондай-ақ «бір терезе» қағидаты арқылы тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі. Инвесторлардың құқығы халықаралық деңгейде қорғалады.
Үшіншіден, салықтық преференциялар басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға ғана беріледі.
Төртіншіден, Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады. Оның бюджеті республикалық бюджет құрамында блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасып, негізінен инфрақұрылымды дамытуға және ұзақмерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Өз кезегінде жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін Кеңес бекітетін болады.
Бесіншіден, қаланың ұзақмерзімді инвестициялық дамуы стратегиялық құжаттарға негізделеді, олар – 30 жылға арналған ұзақмерзімді даму жоспары және 15 жылдық стратегия мен мастер-жоспар. Инвесторлар үшін тұрақтылықты сақтау мақсатында аталған құжаттарға өзгерістер тиісінше 10 және 5 жыл ішінде бір реттен жиі енгізілмейді.
Алтыншыдан, жер қатынастары арнайы режім арқылы реттеледі. Қаланың жер қоры қалыптастырылады. Бұл стратегиялық және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралы және даму мен экономикалық өсудің ресурсы ретінде қарастырылады.
Жетіншіден, қала бастапқыда «Digital by default» қағидатына негізделіп құрылады. Яғни барлық негізгі қызмет цифрлық форматта жұмыс істейді. Қалада инновациялық технологияларды енгізу үшін эксперименталды құқықтық режімдер қарастырылады. Бұл байланыс, цифрлық желілер, жасанды интеллект, роботтық жүйелер және автономды көлік сияқты салаларды қамтиды.
«Ұсынылып отырған Конституциялық заң жобасы Алатау қаласында халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті юрисдикция қалыптастыруға бағытталған. Аталған тәсілдер экономикалық өсімді жеделдетуге, технологиялық дамуды күшейтуге және жаңа капитал тартуға мүмкіндік береді», деді Қ.Бозымбаев.
Инвестициялық кезеңнің негізгі бағыты
Сенат депутаты Серік Шайдаров заң жобасын талқылау барысында жобаны іске асыруға дұрыс көзқараспен қараған кезде Alatau City бүкіл өңірдің экономикасын қайта жандандыруға қабілетті қуатты хаб бола алатынын атап өтті. Дегенмен, барлық ерекшелікті ескеріп, халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу мен одан сабақ алу аса маңызды.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс, бұл капиталды тарту үшін теңдесі жоқ жағдайлар жасауды, прогрессивті реттеуші режім орнатуды, озық инновациялық шешімдерді енгізуді, өмірдің барлық саласында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалануды білдіреді деп атап өтті. Осыған байланысты жобаны жүйелі әрі тиімді іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін барлық факторды ескеру қажет. Бұл аса маңызды міндет», деді ол.
Сенатор осыған байланысты жер қатынастары саласындағы проблемаларға, оның ішінде заңсыз құрылыс салу мен жер учаскелерін өз бетінше басып алуға, жер учаскелерін беруде біркелкі болуды талап ететін аяқталмаған рәсімдерге ерекше назар аударды.
«Жалпы, Алатауды дамыту негізінен жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Бюджеттік инвестициялар мен квазимемлекеттік сектордың инвестициялары мемлекетке немесе квазимемлекеттік ұйымдарға тиесілі көлік, коммуналдық, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында ғана бағытталуға тиіс. Осыған байланысты қаланы басқару органдары, әкімшілік пен әкімдіктің алдында бюджет қаражаты мен тартылған инвестицияны тиімді пайдалану бойынша бірінші кезектегі міндет тұр», деді С.Шайдаров.
Қабылданған қадамдар инновацияға бағдарланған ұлттық экономиканың орнықты өсуін ынталандыруға, жоғары технологиялық салаларға инвестиция тартуға және Алматы агломерациясының жинақталған әлеуеті негізінде іскерлік және инновациялық белсенді халықаралық маңызы бар өңірлік орталығын қалыптастыруға бағытталған.
Жоба – еліміздің келешек кескін-келбеті
Отырыста Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы шаһардың тұрақты өсуі мен дамуы үшін жетілдірілген құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық жағдайлар жасау мақсатында әзірленгенін атап өтті. Республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режімі» бекітілгенін, бұл инвесторларға қолайлы жағдай жасайтынын нақтылады.
«Осыған байланысты, біріншіден, қаралып жатқан Конституциялық заң жобасына сәйкес Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру – оның қарқынды экономикалық дамуы үшін жаңа тәсіл. Бұл цифрландыруға, тікелей инвестиция тартуға, инновацияларды енгізуге және заманауи қалалық орта қалыптастыруға бағытталған «ақылды қала» болмақ. Екіншіден, заң жобасы қаланы басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруды көздейді», деді Н.Сабильянов.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева талқыланып отырған заң жобасы жай ғана құжат емес, еліміздің келешек кескін-келбеті екенін айтты. Жаңа Конституциямыз арнаулы құқықтық режімдерді экономика драйвері ретінде пайдалану үшін іргетас қалағанын, Алатау қаласы осы стратегияны іске асыру жолындағы алғашқы көлемді қадам екенін атап өтті.
«Мен Алатауды үлкен болашақ күтіп тұрғанына сенемін. Неге? Өйткені жобаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың ауқымы орасан. Қаланың айрықша мәртебесі белгіленді, оның қызметі Үкімет тарапынан тікелей қадағаланады және кепілдендірілген басым қаржыландыру көзделген. Жалпы инвестициялық әлеуеті 2050 жылға дейін 10 триллион теңге деп бағаланып отыр, оның ішінде алғашқы триллион теңгенің жобалары белсенді кезеңде игеріліп жатыр», деді депутат.
Отырыс барысында сенаторлар Бекбол Орынбасаров, Әлібек Нәутиев және басқалар сөз сөйледі.
Айта кетейік, Парламент Палаталарының бірлескен отырысында екінші оқылымды өткізу 27 наурызға жоспарланған. Заң жобасын наурыз айының соңына дейін Мемлекет басшысының қарауына енгізу көзделіп отыр.
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Сыр өңірінің балалары Алматы чемпионатында топ жарды
Аймақтар • Кеше
Ақтүтек боран кезінде адамдарды құтқарған мұғалім төсбелгімен марапатталды
Марапат • Кеше
Талдықорғанда зейнеткер 5 келіден астам есірткімен ұсталды
Есірткі • Кеше
Алматыда ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді
Аймақтар • Кеше
Президент Әкімшілігінің бірқатар қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды
Марапат • Кеше
Дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Грузиядағы Grand Slam турнирінің чемпионы атанды
Спорт • Кеше
Дзюдодан Грузиядағы Grand Slam турнирі: Талғат Орынбасар қола жүлдегер атанды
Спорт • Кеше
Президенттің атына Ораза айт мерекесіне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті
Президент • Кеше
Әсет Матаевке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Қоғам • Кеше
Алакөлге пойыз және әуе билеттері қашан сатыла бастайды?
Туризм • Кеше
Ғылым, білім және Конституция: Қазақстанның жаңа бағытының үш тірегі
Президент • Кеше
Шымкентте DamDastour халықаралық гастрономия фестивалі өтеді
Аймақтар • Кеше
Владимир Путин Мемлекет басшысын референдумның табысты өтуімен құттықтады
Президент • Кеше
Екібастұзда құмар ойындарға қатысқан мемлекеттік қызметшілер анықталды
Қоғам • Кеше
Қостанай облысында полицейлер мұз астына түсіп кеткен екі балықшыны құтқарды
Оқиға • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:67
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 21 Наурыз 2026 08:08 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















