Ауқымды жобалар жүзеге асқан аймақ
Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Мемлекет басшысының Жарлығымен осыдан үш жыл бұрын құрылған аймақта қандай өзгерістер болып жатыр, қай салалар ілгері басты?
Өңір экономикасында өсім бар
Ең алдымен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сөз болды. Биыл алғашқы 9 айда көптеген салада қарқын өсім болған. Мәселен, көлік саласында – 123,4%, байланыс – 106,4%, өңдеу өнеркәсібінде – 101,3%, ішкі саудада – 105,9%, ауыл шаруашылығында – 102,8%, инвестицияда 103,1% өсім тіркелген.
Қаңтар мен қазан айының арасында мемлекеттік бюджетке облыстан 137,3% өсіммен 441,4 млрд теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсті. Оның 316,7 млрд теңгесі республикалық бюджетке аударылса, қалған 124,7 млрд теңгесі жергілікті қазынаға аударылған.
Облыс құрылған кезде бюджет көлемі 251,3 млрд теңге болса, қазір бұл көлем екі есеге өсіп, 500,9 млрд теңгені құрап отыр. Бюджеттің 45 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалған.
Берік Уәлидің айтуынша, өңірдің тарихи әлеуетін, тың мүмкіндіктері мен көлік-логистика саласындағы потенциалын ескеріп, облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында талдау жасалыпты. Соның негізінде даму жоспары құрылған. Оның ішінде Семейде жаңа шағынаудан салу, инвесторларға жағдай жасау, экономиканы әртараптандыру және индустриялық аймақтың көлемін ұлғайту, туризмді және ауыл шаруашылығын дамыту бағыты бар.
Өңірде жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалар саны 97-ге жетіп, тартылатын инвестициялар саны 3,5 трлн теңгеге дейін өсті. Олардың ішіндегі 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілді.
«Ірі инвестициялық жобалардың бірі – көлемі 577,5 млрд теңгені құрайтын, жалпы ұзындығы – 297,5 шақырым Аягөз–Бақты теміржол желісінің құрылысы. Бұл – өңірдің және тұтас еліміздің дамуына тың серпін беру үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен басталған үлкен жоба. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бекітіліп, 2023 жылы іске асыру басталған. Қазір жобаға 30 млрд теңге инвестиция салынып тұр. Нысанды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деді Абай облысының әкімі Берік Уәли.
Аймақтың өнеркәсіп саласында да ілгерілеу бар. Түркияның Мирилдыз КейЗэт ЛТД компаниясы жалпы құны 480 млн долларды құрайтын «Алтын өндіру фабрикасын салу» жобасын іске асыруды бастады.
Тұрғындарды жұмыспен қамту жайы да көңіл бөлініп жатқан саланың бірі. Биыл жалпы сомасы 25,9 млрд теңгеге 14 жоба іске аспақ. Соның арқасында 453 жұмыс орны ашылады. Бұған дейін 13,3 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асып, 124 жұмыс орны құрылған. Бұлардан бөлек, өңірде алтын өндіру фабрикасы, суару жүйелерін енгізу, ұсақ мал өсіру, нефрологиялық орталық пен кірпіш зауытының құрылысы, қағаз және картон өндірісі бойынша жобалар атқарылуда. Осылайша, жыл соңына дейін 12,6 млрд теңгені құрайтын, 255 жұмыс орнын ашатын тағы 7 жобаны қосылмақ.
Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін жобалар қатарында күнбағыс майын тазалау, жаңбырлатқыш қондырғылар орнату, Семейде Toyota орталығын салу, денешынықтыру-сауықтыру кешендері бар.
Аймақ басшысы инвестиция тартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатқанын, жыл басынан бері 100 шетел инвесторымен кездескенін жеткізді. Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және шетелдік инвесторларды тарту мақсатында «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай елінің инвесторларымен 1,5 млрд доллар тұратын 15 меморандумға қол қойылған. Бұл құжаттар логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және басқа да перспективалы салаларды қамтиды. Олардың ішінде қытайлық серіктестермен жалпы сомасы 39,5 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру басталды.
Сонымен қатар өңірден шыққан елге танымал тұлғалардың, кәсіпкерлер мен меценаттардың қатысуымен өткен «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форумда 336 млрд теңге тұратын 15 келісімге қол қойылған.
Инвестициядағы игілік
Облыста 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағы бар. Биыл 3 жаңа жобаға жер беріліп, толыққанды игерілген. Индустриялық аймақты 186 гектарға дейін кеңейтіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Инвесторлардың өңірге деген қызығушылығы индустриялық аумақты кеңейту қажеттілігін көрсетіп отыр. Осыған байланысты Семей қаласында 500 гектар жер бөлу жоспарланған.
Туризмді дамыту бағытында да атқарылған шаруа жетерлік. Саланы үйлестіретін туризм басқармасы құрылды. Туризмнің әлеуетін іске асыру үшін туристік маршруттар бойынша жол инфрақұрылымын жетілдіру және жол бойындағы сервисті дамыту жөнінде шаралар қабылданған.
«Бесқарағай ауданының солтүстік-батыс бөлігінде Шипалы көл орналасқан, ондағы тұздың концентрациясына байланысты оны Израильдегі Өлі теңізбен салыстырады. Аягөз өзенінің оң жағалауында ең танымал қазақ аңызындағы кейіпкерлердің құрметіне салынған «Қозы-Көрпеш және Баян-Сұлу» мазары алыстан көз тартады. Шүлбі су қоймасының жағалауы жағажай демалысы үшін тартымды орын болып есептеледі. Ал Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірінің суы – емдік қасиетке ие. Ақсуат ауданынан солтүстік-батысқа қарай 63 шақырым жерде орналасқан ХIХ ғасыр құрылысы Ырғызбай ата кесенесі Қазақстанның 100 киелі объектісінің тізіміне енген. Семей–Қарауыл тасжолында аңызға айналған ғашықтар жұбына құрмет ретінде салынған «Еңлік-Кебек» кесенесі орналасқан. Сонымен қатар «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватын танымдық туризм ретінде қарастыруға болады, – деп атап өтті аймақ басшысы Берік Уәли.
Республикалық және халықаралық деңгейдегі іскерлік, мәдени, спорттық және басқа да кең ауқымды іс-шараларды өткізу қонақүй қызметтеріне сұранысты арттырады, бұл тиісінше заманауи элиталық қонақүй кешендерінің құрылысына серпін бермек. Алакөл жағалауында демалушылар үшін қолайлы жағдай жасап, оның инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданыпты. Биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Көл жағалауындағы Қабанбай ауылында құтқару стансасы және өрт сөндіру депосының құрылысы басталды.
«Аталған жобаны іске асыру нәтижесінде Қабанбай ауылының аумағы мен көл жағалауын біріктіріп, игерілген жер көлемін 3 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Болашақта бұл Алакөлді өңірдің жетекші туристік орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Жағалауды дамытудың негізгі жобаларының бірі – Әзербайжан инвесторларының қатысуымен іске асатын «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысы. Бұл жоба бойынша екі мемлекеттің басшылары 21 қазан күні келісімге қол қойды. Қазір құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісілуде», – деді Б.Уәли.
Сонымен қатар қытайлық компаниялар Алакөл туристік аймағында жалпы алаңы 40 гектар болатын 100 шағын қонақүйдің (глэмпинг) құрылысын жоспарлаған.
Цифрландыруға зер салынады
Облыста жасанды интеллект технологияларын дамытуға, оларды түрлі салаларға енгізуге және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Семей қаласында «Ақылды қала» бағдарламасын дамыту Жол картасына сәйкес, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және қалалық процестерді автоматтандыру мақсатында барлығы 27 жоба іске аспақ. Оның жетеуі орындалды, қалған 20 жоба атқарылу процесінде.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып, жаңа технологияларды қолданатын бірқатар жобалар әзірленуде. Оның ішінде еңбек мобильділігі орталығы үшін онлайн-кезек басқару жүйесі; облыстың киелі орындарының голограммасы; CРM-жүйесі; Делдал-бот; AssylAI жобасы; вакансияларды іздеу және жұмысқа орналастыруға арналған Jidek.kz порталы; республикалық деңгейде алғаш рет іске қосылған sanminimum.kz автоматтандырылған порталы бар.
Аталған технологияларды тиімді енгізу үшін сапалы интернетпен қамту маңызды. Осы мақсатта жыл соңына дейін 10 ауыл интернет желісіне қосылады. Келер жылдан бастап облыстың 179 ауылын, 343 әлеуметтік нысанды талшықты-оптикалық желіге қосу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Jusan Mobile акционерлік қоғамы 26 шалғай ауылды OneWeb спутниктік технологиясы арқылы интернетке қоспақ. Нәтижесінде, келесі жылы ауылдардың интернетке қолжетімділігі 96%-ға жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар республикалық және облыстық автожолдар бойындағы антенналар құрылысы 2027 жылы толық аяқталады.
Агроөнеркәсіптің адымы
Агроөнеркәсіптік кешен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауылдардың экономикалық және тұрақты дамуында маңызды рөл атқарады. Ал Абай облысы – ежелден ауыл шаруашылығына бейімделген аймақ. Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге қатысты нақты тапсырмалар бергенін білеміз. Негізгі міндет – алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе арттырып, саладағы еңбек өнімділігін үш есе ұлғайту.
Өңірде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9 айда 339,5 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 209,7 млрд теңгеге мал шаруашылығының өнімдері өндіріліп, 105% өсім қалыптасты. Саланы мемлекеттік қолдау шаралары аясында 15,1 млрд теңге субсидия бөлінген.
«Кең дала» бағдарламасымен облысымыздың 202 шаруасына көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген 5%-бен 9,5 млрд теңге қаражат берілді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 9 айда 101 мың тонна ет және 248,4 мың тонна сүт өндірілді. 13,5 млрд теңгеге жаңадан 446 заманауи ауыл шарушылығы техникасы алынып, техника паркін жаңарту деңгейі 5,1% жетіп отыр. Бұл көктемгі егіс егу және егін жинау кезеңіндегі еңбек өнімділігін арттырды. 782,1 мың гектарда егін жиналды. Президенттің егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында дәнді дақылдар алқабы 12 мың гектарға қысқарып, жоғары рентабельді майлы дақылдар алқабы өткен жылмен салыстырғанда 42,5 мың гектарға ұлғайды», – деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақта 113,4 мың гектар суармалы жер бар. Оның 31,6 мың гектары пайдаланылып отыр. Су үнемдейтін технологияларды қолданылатын алаң 22,1 мың га жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 8,3 мың гектарға ұлғайған. Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған республикалық Кешенді жоспарына сәйкес, облыста 6 су қоймасы салынып, 10 гидротехникалық құрылыс жүргізіледі, сондай-ақ 17 ирригациялық жүйені қайта жаңартылады.
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 31 мың гектарға жаңа суармалы жүйе енгізіліп, 180 миллион текше су жинақталады. 181 шақырым магистралды арналар жөнделеді. 1 гектардан алынатын өнімділік 16 центнерден 27 центнерге дейін артады.
Жаңасемей ауданында ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік беретін «ЕвразияАгроСемей» ЖШС базасында 7,7 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна ет комбинаты жобасы іске асырылып жатыр.
Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмаған жерлерді қайтару ісі қарқынды жүріп жатыр. Қазір жалпы ауданы 152,3 мың гектар болатын 428 жер учаскесі мемлекет иелігіне қайтарылған.
Инфрақұрылым қарқынды дамуда
Облыстың басты назарында инфрақұрылымдық сипаттағы мәселелерді кезең-кезеңмен шешу мәселесі тұр. Ең маңызды проблеманың бірі – халықты жылумен қамтамасыз ету.
«Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында биыл бұл мақсатқа 11,8 млрд теңге бөлінді. Аталған қаражатқа Семей қаласын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13,6 шақырым жылу желілерін ауыстыру жұмыстары атқарылды. Аягөз қаласында да жылу тапшылығы проблема болды. Екі айдың ішінде «Орталық» қазандығында әрқайсысының қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш қазандық орнатылды. Сонымен қатар 3,9 шақырым жылу желілері ауыстырылып, жылу мәселесі толық шешілді», – деді Берік Уәли.
Курчатов қаласында, Жарма, Бородулиха, Жаңасемей аудандарында 9 жылу көзінде және 4 шақырым жылу желілерінде жөндеу жұмыстары атқарылған. Жылу көздері көмірмен толық қамтылып, халық пен бюджеттік мекемелерге қажетті қор жеткізілген.
Семей қаласының оң жағалауында жылу энергиясының тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін Президенттің жаңа жылу электр орталығын салу туралы тікелей тапсырмасы бар. Осы мақсатпен әкімдіктің, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен жобалаушының қатысуымен жедел жұмыс тобы құрылыпты.
Осы тұста әкім сумен жабдықтау мәселелеріне де тоқталды. Оның сөзінше, бұл мақсатқа биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 16,7 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде, арнаулы мемлекеттік қор есебінен 10,1 млрд теңге берілді. Аталған қаражатқа жыл соңына дейін 33 жоба жүзеге асырылып, ауыз сумен 38 мың адам қамтылады. Нәтижесінде, облыстың сумен қамтылу деңгейі 100%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
Су желілерінің тозуын азайту мақсатында биыл 4 жоба аяқталып, тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендетіледі. Келесі жылға 24 су желілерін қайта құру жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.
«Жолдарға тоқталатын болсақ, биыл көптен күткен республикалық маңызы бар Қалбатау–Майқапшағай автожолының 184 шақырымы аяқталды. Бұл бағыт өңірдің ішкі және сыртқы көлік байланысын жақсартып, облыстың көршілес Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен, сондай-ақ Қытаймен шекаралық сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Талдықорған–Қалбатау–Өскемен автожолының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір негізгі бөлігіне асфальт төселіп, соңғы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Семей қаласын айналып өтетін автожол құрылысын жүзеге асыруға бағытталған келісімге қол қойылды. Жоба қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде 2028 жылға дейін жүзеге асырылады», – деді аймақ басшысы.
Жергілікті жолдарды жөндеуге биыл 21,4 млрд теңге қарастырылған, бұл қаражатқа 358,8 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде, Семей қаласының 52 көшесінде орташа жөндеу, 40 аулада аумақтарды асфальттау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 35 аула абаттандырылды. Қарағайлы және Энергетик шағынаудандарын Омбы–Майқапшағай тасжолымен жалғайтын жаңа көше пайдалануға берілді. Жоба аясында жаяу жүргіншілер мен веложолдар салынды, шамдардың тіректері орнатылды.
Семейде төртжолақты жаңа көпір салу жобасы іске асуда. Жоба Мемлекет басшысының қолдауымен, Қытаймен өзара іс-қимыл аясында қайтарымсыз қаржы есебінен аяқталады.
Құрылыс жұмыстары жеделдетілді
Жыл басынан облыс бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 194 млрд теңгені құрап, 159,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамту үшін биыл 1 146 жалға берілетін пәтер сатып алуға 23,3 млрд теңге бөлініпті. Бүгінде қала мен аудан әкімдіктері 213 пәтер сатып алған.
Сонымен қатар Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында биыл 21,6 мың шаршы метр 4 несиелік тұрғын үй пайдалануға берілді, тағы 13 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Қазір облыста тұрғын-үй кезегінде 30 мыңға жуық адам тұр, оның ішінде Семей қаласы бойынша – 20,5 мың адам. Осы мәселені шешу үшін қаланың тарихи орталығындағы инфрақұрылымның тозуын, жаңа құрылыс үшін бос алаңдардың тапшылығын ескере келе, жаңа тұрғын үй ауданын құру ұсынылған.
Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әр өңірі Абай облысына бір нысаннан салмақ. Осы салынатын ғимараттардың негізгі бөлігі жаңа тұрғын үй ауданында бой көтереді.
Мектеп тапшылығын азайту мақсатында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында жыл басынан бері 3 мектеп қолданысқа берілсе, Аягөз қаласында 600 орындық мектеп ашылды. Семей қаласының Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жалғасуда.
Апатты мектепті жою мақсатында Жарма ауданы Суықбұлақ ауылында биылғы шілде айында 100 орындық мектептің құрылысы басталды. Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерге қосымша ғимараттар салынып жатыр.
Биыл 12 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, 9 мектеп күрделі жөндеумен қоса, толық жабдықталып реновациядан өткізілді. Былтырдан бері 500 орындық көпфункционалды Оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Құрылысты аяқтауға арнайы мемлекеттік қордан 7,6 млрд теңге бөлінген.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында облыс бойынша былтыр 62 ғимарат салынса, биыл Ақсуат ауданының Қожагелді және Аққала ауылдарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары ашылды. Жыл соңына дейін Үржар ауданында күндізгі стационары бар дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі.
Арнайы мемлекеттік қордан 5,6 млрд теңге бөлініп, 3 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Жалпы, биыл денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6,9 млрд теңге бөлінген.
Облыстағы озық салалар
Қазір аймақтың мәдениет саласында 296 нысан жұмыс істейді. Мемлекеттік және ұлттық мерекелермен қатар, өңірде ұлттық өнер мен руханиятты дәріптейтін бірқатар маңызды мәдени іс-шаралар өткізілді. Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, лайықты деңгейде атап өтілгенін көрдік. Жуырда облыс әкімдігінің атсалысуымен Рим қаласының Вилла Грациоли саябағында ұлы ойшылдың мүсіні орнатылды.
Облыста денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында биыл 400-ге жуық іс-шара өткізіліп, бұл жарыстарға 50 мыңнан астам адам қатысқан.
«Халықты спорттық инфрақұрылыммен 1000 адамға шаққанда қамтамасыз ету көрсеткіші 52%-ға жетті. Жыл басынан 3 нысан қолданысқа берілді, 5 нысан құрылысы аяқталуда, қалған 11 нысан салынып жатыр. Жеке кәсіпкерлермен меморандум аясында 5 спорт нысанының құрылысы салынуда. Облыс орталығында 25 мың көрерменге арналған стадион құрылысын жүзеге асырылмақ», – деді Б.Уәли.
Жастар саясаты да жүйелі жүруде. Облыс тұрғындарының 24,9%-ы – жастар. Биыл осы саланы үйлестіретін жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма құрылды. 9 айда Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде 7 106 жас жұмысқа орналасты. Биыл 60 астам адамға 1,5 млн теңгеден жаңа бизнес-идеяларға қайтарымсыз грант берілген. Ал «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 1000 жас жұмыспен қамтылды.
Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы өңірде қарқынды түрде іске асырылып келеді. Облыс бойынша 44 іс-шарадан тұратын өңірлік іс-қимыл жоспары бекітіліп, оның 25-і орындалған. Экологиялық бағдарлама аясында 5 сәуірден бастап апта сайын санитарлық-экологиялық сенбілік өткізіліп келеді. Аталған шараға 349 мың тұрғын қатысыпты.
Қорыта айтқанда, облыстың қай саласында да алға ілгерілеу, тұрғындар игілігі үшін атқарылған істер мен мақсат етілген жоспарлар жетерлік.
М.ЖАЛҒАСҰЛЫ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:95
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 13 Қараша 2025 06:12 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















