“Бір шелек алтын“ үшін алты адамның өлімі. Петропавл тарихындағы ең жантүршігерлік қылмыс қалай ашылды?
Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Осы жазда Петропавл тарихындағы ең атышулы қылмыстардың біріне 40 жыл толады.
Бұл трагедия тек қала тұрғындарын ғана емес, бүкіл Кеңес Одағын дүр сілкіндірді. Істің бетін ашу қылмыстық іздестіру бөлімі жұмысының жарқын мысалына айналып, кейіннен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған оқу материалдарына енді.
Tengrinews.kz тілшісі ІІМ ардагерлері көмегімен және Солтүстік Қазақстан облысы ПД музейінде сақталған құжаттар негізінде сол қорқынышты түннің хронологиясын қалпына келтіріп, қанішерлерді іздеу мен құрықтау бойынша жүргізілген ауқымды операцияның мән-жайын білді.
Клара Цеткин көшесіндегі сұмдықСолтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің (СҚО ПД) музейінде қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істерге ерекше орын бөлінген.
Әдемау Меңдібаева, СҚО ПД баспасөз хатшысы. Фото: ©️ Tengrinews.kz
"30 жылдан аса уақыт бойы музейдің меңгерушісі Любовь Осинская болды. Ол қор сақтаушы Нина Бенграфпен бірге шулы қылмыстар бойынша материалдарды тірнектеп жинады: қылмыс болған жерлерден айғақтарды жылдап күтіп жүріп алдыратын, оларды тарихи маңызы бар деп тануды және музейге тапсыруды сұрап өтініштер жазатын, - дейді СҚО ПД баспасөз хатшысы Әдемау Меңдібаева. - Соның нәтижесінде тұтас экспозиция жасалды. Иә, кейбір жәдігерлерді көргенде төбе шашың тік тұрады. Бірақ, соның арқасында адамдар полицейлер еңбегін бағалап, олардың қаншалықты күрделі әрі маңызды жұмыс атқарып жатқанын түсінетін шығар".
Әдемау Меңдібаеваның айтуынша, "сыған алтыны" ісіне қатысты құжаттар мен суреттер ең маңызды жәдігерлердің бірі болып саналады.
Олар сол кездегі солтүстікқазақстандық милиционерлерден үлкен төзімділік пен кәсібилікті талап еткен тергеу амалдарын еске салады.
Петровтар-Лебедевтер отбасын өлтіру дерегі бойынша № 50387 қылмыстық істен анықтама: "1986 жылғы 15 тамызға қараған түні Петропавл қаласында белгісіз қылмыскерлер Клара Цеткин көшесіндегі № 31 үйде тұратын "молдовалық" сығандар - Петровтар-Лебедевтер отбасының алты мүшесін өлтірді. Қылмыскерлер суық қарудың бірнеше түрін қолданған, 19 атау бойынша алтын бұйымдар ұрланған. Мүрделер мен зардап шегушілер үйдің бір бөлмесіне үйіліп, үстеріне бензин құйып өртелген. Кездейсоқ аман қалған П. Лебедева бетперде киген қылмыскерлердің бірін бір сәтке көріп қалған. Куәгер қылмыскерлерді сипаттап, олардың жасын, санын айтып бере алмады".
Бұл анықтаманы осыдан 40 жыл бұрын СҚО ішкі істер басқармасының аса маңызды істер жөніндегі бөлімінің сол кездегі бастығы, қазіргі ІІМ ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Владимир Бондаренко дайындаған.
Владимир Иванович Бондаренко. Спикердің жеке мұрағатынан алынған фото
Владимир Иванович сол кезде жоғары басшылыққа шұғыл түрде дайындаған бұл құжаттың көшірмесін әлі күнге дейін сақтап келеді. Қылмыс өте өрескел әрі қатыгез болғаны соншалық, ол туралы тек Алматыға (сол кездегі ҚазКСР астанасы - Алма-Ата) ғана емес, Мәскеуге де баяндалған.
"Иә, бұл іс өмір бойы есімде қалды, - дейді Владимир Бондаренко. - Оқиға орнына келіп, үйге кіргенде, тура мағынасында өртенген мәйіттер үйіндісін көрдік. Түтін, күйік, жағымсыз иіс, бүкіл денесі күйіп қалған нәресте еңбектеп жүр... Жұмыс істеген жылдары не көрмедім, бірақ мынадай сұмдықты бірінші рет көрдім..."
Сол қорқынышты тамыз түнінде дабыл бойынша шақырылғандардың қатарында іздестіру жөніндегі аға жедел уәкіл Зинаида Трусова да болды. Қазір ол - ішкі істер органдарының еңбек сіңірген ардагері, отставкадағы подполковник, қылмыстық іздестіру қызметкерлерінің жедел қызметі туралы бірнеше кітаптың авторы.
Зинаида Михайловна Трусова. СҚО ПД фотосы
"Есімде, бізбен бірге жас учаскелік полицей болды. Жедел топ келгенде, үйдің іші тас қараңғы еді - не сымдар жанып кеткен, не қарақшылар кесіп тастаған. Осы жігіт қанға тайып жығылды. Фонарьмен жарық түсіргенде, ол кішкентай қызды көрді. Кейін бандиттер үлкендері алтынның қайда екенін айтуы үшін оны жанып тұрған газ плитасының үстінде ұстап тұрғаны анықталды. Денесі күйген, қан жоса болған сәби, шамасы, шоктан әлі де еңбектеп, шыңғырып жүр екен, кейін ол, шетінеп кетті... Мұны көрген соң учаскелік полицей инсульт болды - сондай күйзеліс болған", - деп еске алады Зинаида Михайловна.
Алты адам өлтірілген:
отбағасы - 57 жастағы Грек Петров, оның 17 жастағы ұлы Бэрэгано, 19 жастағы қызы Ляна, сондай-ақ Гректің 21 жастағы ұлы - Маскали Лебедев пен оның отбасы: 23 жастағы аяғы ауыр әйелі Пуся Иванус және қызы Рупункуца Лебедева (бұл сәби бір жасқа толуына небәрі бес күн қалғанда көз жұмды)."Тек 16 жастағы Папуша Лебедева кереуеттің астына тығылып, аман қалған. Сығандардың үйінде кілем көп болатын, олар ораулы күйінде жерде жатты, кейібірі тік тұрды. Кереуеттің өзі биік, көрпе-жастығы мол еді, бойжеткен солардың арасына тығылған. Ол болған жайтты естіп жатқан, бірақ ештеңе көрмеді. Кейін ол тіпті қылмыскерлердің ешқайсын дауысынан да, түрінен де тани алмады", - дейді отставкадағы подполковник Трусова.
Қылмыскерлер кеткеннен кейін бойжеткен жасырынған жерінен шығып, туыстарына қарай жүгіреді. Болған жайтты мүмкіндігінше тезірек хабарлау керек еді, бірақ ол кезде үйлерде телефон жоқтың қасы болатын. Милиция шақыру 12 жасар балаға тапсырылды: ол маңайдағы жалғыз телефоны бар жабық дүкеннің терезесін шағып кіріп, 02 нөмірін терген.
Бұл жерге жат адам аяқ баспайдыБұл жантүршігерлік қылмыс Петропавлдың шетіндегі Жұмысшы кентінде болды. Кент қаланың негізгі бөлігінен теміржол арқылы бөлінген, кеңес жылдарында ол жерге үлкен автокөлік көпірі салынған болатын.
Петропавлдағы Жұмысшы кентіне апаратын автокөлік көпірі. Фото: ©️ Tengrinews.kz
Анықтама: Жұмысшы кенті - қаланың ең үлкен және көне шағынаудандарының бірі. Оның тарихы 1830-жылдардан, қалалық теміржол вокзалының артындағы елді мекен немесе депо жұмысшыларына арналған слобода ретінде басталады. Онда тораптың білікті мамандары (машинистер, кондукторлар) мен алғашқы желілерді салған жұмысшылар қоныстанған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылға эвакуацияланғандардың есебінен кент айтарлықтай кеңейді. Ол кезде Жұмысшы кентінің халқы бірден ондаған есе өсті - мұнда көптеген уақытша жер төлелер мен барактар салынды.
Кеңестік және посткеңестік кезеңдегі көптеген онжылдықтар бойы бұл аудан ең криминалды және қауіпті жер ретінде танылды, мұнда бейтаныс адамдарға, әсіресе күн батқаннан кейін келмеген дұрыс еді. Халық арасында оны тіпті "қазақстандық Чикаго" деп те атаған.
"Бұл түсінікті де: тарихи тұрғыдан аудан ірі теміржол торабының айналасында дамыды, сондықтан мұнда бүкіл империядан келген жол салушылардан бастап, маусымдық жұмысшыларға, қашқын айдаудағылар мен белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға дейін түрлі халық жиналды. Теміржол вокзалы әрдайым қылмыстық элементтерді өзіне тартатын орын болды, - деп жазды өлкетанушы Вера Яворская өзінің жарияланымдарында. - Аудан батпақты жерде, нақты жоспарсыз, бейберекет өсті. Жеке сектордың алып массивін тар, қараңғы, асфальтталмаған тар көшелер мен қалың қамыс басып жатты. Кеңес жылдарында және 1990-жылдары мұнда көше жарығы мүлдем болмаған деуге болады. Қылмыскерлер үшін бұл тонау жасап, жүздеген бірдей биік қоршаулардың арасында лезде көзден таса болу үшін тамаша жағдай еді".
Петропавлдағы Жұмысшы кентіндегі гараждар. Фото: ©️ Tengrinews.kz
Жұмысшы кентінің жаман аты шыққан шағы 1980-жылдардың аяғы мен 1990-жылдарға тұспа-тұс келді. КСРО ыдырағаннан кейін ауданды ауыр әлеуметтік мәселелер толқыны басты.
Дәл осы Жұмысшы кентінде 1980-жылдары сығандардың үлкен диаспорасы тұрды - олардың кейбірі базарда сауда жасаса, көбі есірткі саудасымен күнелтті. Оқшауланғандығы мен қараңғы көшелердің лабиринтіне байланысты Жұмысшы кенті қаланың басты апиын ордасына айналды - мұнда жеңіл және ауыр есірткілер жаппай сатылып, қолданылды.
Адамдар алтын үшін ажал құштыПетров-Лебедевтер отбасының отағасы Грек Алексеевич құрметті адам болатын. Металл шебері болып жұмыс істеді, көп еңбек етті. Көршілері бұл отбасы туралы тек жақсы пікірде - салмақты, еңбекқор, инабатты, дәулетті жандар ретінде еске алады.
Грек Петров. Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті музейінің мұрағатынан алынған фото
"Жедел ақпарат бойынша, Грек Петров кезінде алтынды белсенді түрде сатып алған, біраз уақыттан кейін оның бір шелек алтыны бар деген қауесет тараған. Бандиттердің үйге дәл осы үшін келгені және алтынды табу үшін үй иелерінің барлығын, соның ішінде нәрестені де аяусыз қинағаны бірден белгілі болды... Іздестіру жұмыстары осы бағытта басталды", - дейді отставкадағы полковник Владимир Бондаренко.
Істі тергеуге Солтүстік Қазақстан милиционерлері бір айдан сәл аса уақыт жұмсады. Осы уақыт ішінде мыңдаған бұрын сотталғандар, ұрланған заттарды сатып алушылар тексерілді, қаза тапқандармен қандай да бір байланысы бар жүздеген адамнан жауап алынды. Жүздеген автокөлік тексеріліп, мыңдаған дактилоскопиялық іздер салыстырылды. Үй-үйді аралау жүргізіліп, жүздеген сұрау салулар мен бағыттамалар жіберілді. Қылмыстық іздестіру қызметкерлері қандай да бір ілік табу үшін бүкіл Кеңес Одағы бойынша іссапарларға шықты.
Зинаида Трусова, отставкадағы подполковник. Фото: ©️ Tengrinews.kz
"Сол кезде мен үлкен үстелдей ватман парағына сығандардың Петровтар-Лебедевтер әулетінің шежіре ағашын сызып жатқанмын. Алтын туралы ақпараттың қалай және кімге кеткенін білу, барлық байланыстар мен таныстарды пысықтау үшін алыс-жақын туыстардың барлығын анықтау қажет болды. Бала-шағасы, күйеулері, әйелдері мен немерелерін қосқанда 100-ге жуық адам жиналды. Мұны көрген басшылық жағасын ұстады", - деп Зинаида Трусова тергеудің егжей-тегжейін сипаттайды.
Ресейлік колониядан Петропавлға тіпті Лебедевтің ұлын да айдаумен әкелді. Мүмкін ол түрмеде біреуге бір шелек алтын туралы айтып қойған шығар деп, ілік іздеді. Бірақ ол ештеңе білмейтін болып шықты.
Орасан зор еңбек"Бұл іс бүкіл КСРО бойынша үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Петропавлға Одақтың түкпір-түкпірінен: Томск, Днепропетровск, Тюмень, Свердловск, Тула, Целиноград, Омбы, Кишинев және тағы басқа қалалардан сыған отбасыларының өкілдері ағылып келді, - деп жалғастырды Зинаида Михайловна. - Қылмыстың бетін ашудың негізгі салмағы, әрине, облыстық қылмыстық іздестіру бөлімінің иығына түсті, бірақ ІІБ-нің барлық қызметі: учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, МАИ, қоғамдық тәртіпті қорғау бөлімі, тергеу, криминалистер атсалыспағанда, бұл жұмыстың қанша уақытқа созыларын кім білсін".
Жедел уәкілдердің қажырлы еңбегі біртіндеп өз нәтижесін беріп, тергеу жібі күдіктілерге жетелей бастады.
Бағыттардың бірі МАИ қызметкерлері бұған дейін қылмыс болған жердің маңынан байқаған автокөліктерді тексеру болды. Осылайша, қала тұрғындарының біріне тиесілі көлік назарға ілікті. Кейін оның көлікті қылмыскерлерге беріп жібергені, содан соң қылмыс ізін жасыруға көмектескені белгілі болды. Милиция қызметкерлері жұмысты осы адамнан бастады.
Владимир Бондаренко, ІІМ ардагері, отставкадағы полиция полковнигі бүгінгі күні СҚО ПД музейінде. Фото: ©️ Tengrinews.kz
Бірақ Владимир Бондаренконың айтуынша, бұл істе милицияның сәттілігі де үлкен рөл атқарған:
"Куйбышев аудандық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі Юра Вальтер пәтер ұрлығы үстінде Николай Мальченко мен Сергей Синихті ұстады. Кәсіби түйсігі оған бұл екеуінің бұдан да ірі қылмысқа қатысы бар екенін сездірді. Содан соң біз де қосылдық".
Сергей Синих. СҚО ПД музейінің мұрағатынан алынған фото
Милиционерлер ұсталғандар отырған камераға сыбыс таратты: сыған отбасы өлтірілген жерді тінту кезінде люстрадан қылмыскерлердің саусақ іздері табылған көрінеді (олар сол люстрада ілулі тұрған алтын алқаларды шешіп алған). Ұсталғандар үрейге бой алдырып, бірі екіншісіне: "Біз қолғаппен болдық қой", - деді. Тергеу изоляторының қабырғалары бұдыр болатын, олар папиллярлық сызықтарды зақымдау үшін саусақтарын қан жоса болғанша қабырғаға ысқылай бастаған..
Өздерінікі өлтірген…"Адамның іс-әрекетінен оның қылмыс жасағаны көрініп тұрады, - деп түсіндіреді отставкадағы полковник. - Мен әрқайсымен жеке-жеке төрт сағаттай сөйлестім. "Егер қазір айтып берсең, азырақ мерзім арқалайсың, ал егер сыбайласың бірінші болып мойындаса, саған ешқандай жеңілдік болмайды" дедім. Осылайша оларды сөйлеттік".
Сыбайластары басқа да қатысушылар туралы айтып берді. Олар жедел уәкіл Бондаренкоға жақсы таныс ағайынды сығандар Павел мен Пётр Шинкаренко еді.
Павел Шинкаренко. СҚО ПД музейі мұрағатынан алынған фото
"Ағайынды Шинкаренколардың соңынан бардық - олар да сол Жұмысшы кентінде тұратын. Түнде келдік, пышағым бар еді, сонымен есіктің ілгегін көтеріп, есікті аштым. Жарықты жағып қалсақ - біреуі диванда ұйықтап жатыр екен… Ол оянып кетіп, мені көре сала: "Бондаренко…" деді де, аузынан көбік ағып, есінен танып қалды. Содан айқай-шу басталды десің! Олар қарындасымен бірге тұрады екен. Әлгі әйел біздің назарымызды аудару үшін асылып қалды, оны сырттан түсіріп алуға тура келді. Сол кезде қарасақ - басқа сығандар өз адамдарын арашалап алу үшін үйге қарай жүгіріп келе жатыр, әйтеуір ұсталғандарды әрең алып кеттік", - дейді Владимир Бондаренко.
Пётр Шинкаренко. СҚО ПД музейі мұрағатынан алынған фото
Жалтарудың мәні болмады - Шинкаренколар өз қандастарын өлтіргендерін мойындады. Сонымен қатар, олар бұл отбасына Петров-Лебедевтердің жиен қарындасының күйеуі - "Милорд" лақап атымен танымал Николай Мартыновтың жол көрсеткенін айтты. Ол үйге туыс ретінде келіп жүріп, Лебедевтердің бай тұратынын, тіпті "бір шелек алтын" туралы да айтқан. Бөлмелердің егжей-тегжейлі жоспарын сызып беріп, отбасының барлық мүшесі олардың күн тәртібі мен әдеттері туралы айтқан да сол екен.
Қылмыстан кейін Милорд Свердловск (қазіргі Екатеринбург) қаласына кетіп, туысы - сыған баронының үйіне тығылған. Жол көрсетушінің соңынан Владимир Бондаренко аттанады: оны ұстау үшін нағыз айлалы операция жүргізу қажет болды.
Николай Мартынов. СҚО ПД музейі мұрағатынан алынған фото
"Келіп, свердловтық әріптестерге жағдайды түсіндірдім. Олар әскер жұмылдырып, қоршауға алып, ұстауды ұсынды. Мен: "Жоқ, бұл жерде ол іске аспайды. Бізде сығандарға барсаң, кез келген бала жүгіріп барып ескертеді, сыған поштасы өте жылдам жұмыс істейді, содан кейін ол адамды Одақ кеңістігінен мүлдем таппай қаласың" дедім", - деп бөлісті жедел жұмыстың қыр-сырымен ІІМ ардагері Владимир Бондаренко.
Ол өзін баронмен таныстыруды сұраған. Сөйлесу кезінде милиционер өзін "аңқау" етіп көрсетіп, жұмыс істеп жатқан болып көріну үшін бастықтарының оны өлтірілгендердің барлық туыстарынан саусақ ізін алуға жібергенін айтып шағымданған.
Бір шелек емес, бір уыс алтын"Оған: "Маған Милордтың керегі жоқ, ертең ұшып кетемін. Оны әуежайға жеткізе салшы, түсініктеме жазсын, саусақ ізін алайын да, сосын бірден алып кетесің" дедім. Ол осы "қармаққа" ілініп, Милордты маған әуежайға әкелді, мен оны бірден ұшаққа мінгіздім де, ұшып кеттік".
Қылмыстық топ ұсталды, бірақ заттай айғақтар - сол ұрланған алтындар - бірден табылмады. Сол кезде милиционерлер тағы бір айлаға көшті. Олар әскери комиссардың ұлы болған Сергей Синихті босатып жіберіп, соңынан бақылау орнатты.
Петровтар-Лебедевтер отбасын өлтіріп кеткеннен кейін олардан ұрланған алтын. СҚО ПД музейі мұрағатынан алынған фото
"Жоспар іске асты. Синих бірден үйіне жүгіріп, алтын жасырылған шатырға шықты. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін біздің жігіттер оны және әлгі алтынды алып келіп, менің кабинетіме кірді. Сол алтын бір уысқа сыйып кетті - бірнеше мөрлі жүзік, сақиналар, сырғалар, крест пен үйдегі люстрада әшекей ретінде ілулі тұрған моншақтар. Бар болғаны 530 грамм. Міне, барлық "шелек" осы… Осы нәрсе үшін адамдардың мұндай айуандыққа барып, соншама жанды қиғанын түсіну бәрімізге өте ауыр тиді. Осы оқиғадан кейін мен алтын сатып алған да, таққан да емеспін!" - дейді ішкі істер органдарының ардагері Зинаида Трусова.
Қылмыстық топтың басшысы Николай Мальченко 27 жаста еді. Бұған дейін спирттік ішімдіктерді алыпсатарлықпен сатқаны үшін сотталған ол зауытта фрезерші, кейін жол жұмысшысы, ал соңында вагон-мейрамханада от жағушы болып жұмыс істеген.
Мейрамхана-вагонның от жағушы-күзетшілері болып ағайынды Шинкаренколар да жұмыс істеген (Павел 24-те, Петр 22-де болған). 23 жастағы Сергей Синих сыра зауытында слесарь болып еңбек еткен. Ағайынды Шинкаренколардың бірінен басқасының бәрінің кішкентай балалары болған, әрі бейберекет өмір салтына байланысты бәрінің де әйелдері кетіп қалған.
Петровтар-Лебедевтер отбасын өлтіргені үшін сотталғандар тобы. Фото СҚО ПД музейі архивінен
Бұл – ортақ дағдылар мен өмір салты біріктірген ұйымшыл топ еді. Олар бірге барлар мен мейрамханаларға барып, ішімдік ішетін, ал топтың екі мүшесі - Мальченко мен Синих - есірткі де тұтынатын. Бір сәтте олардың арасында оңай жолмен баю жоспары туындады. Қайғылы оқиғаға дейін олар бірнеше пәтер ұрлығын жасаған, бірақ бұл оларға айтарлықтай табыс әкелмеді.
Қылмыстық істен анықтама: "Әлдебір ауқатты отбасын тонау ниеті оларда 1986 жылдың басында туындаған. Павел Шинкаренко топ мүшелерімен сөйлесу кезінде осындай екі отбасын атаған: біріншісі - "орыс" сығандарының отбасы, екіншісі - қауесет бойынша "бір шелек алтыны" бар Петров-Лебедевтердің "молдаван" сығандарының отбасы. 1986 жылдың көктемінде бірінші отбасын тонау жоспарланған еді, бірақ Синих, Мальченко және Шинкаренко отағасында тапанша бар екенін және үйге тұтқиылдан басып кірудің қиындығын білген соң, бұл ойларынан бас тартқан. Оның үстіне Павел Шинкаренко "молдаван сығандары" "орыс сығандарына" қарағанда байырақ екенін айтқан".
Қорқынышты таңдау Грек Петровтың отбасына түсті. Қылмысқа қатысушылардың өздерінен алынған тергеу мәліметтері бойынша, олар ең басынан-ақ ешқандай куәгер қалдырмауға және жасына қарамастан отбасының барлық мүшесін өлтіруге, ал содан кейін үйді өртеп жіберуге келіскен. Іске қатысуға ниет білдірген жоғарыда аталған Милорд тартылып, ол аула мен үйдің егжей-тегжейлі жоспарын сызып берген.
Қылмыскерлер шабуыл жоспарын мұқият ойластырып, өзара рөлдерді бөліскен. Олар металл құбыр мен электр сымынан жасалған сойылдарды, балталарды дайындап, екі аңшы мылтығынан шолақ мылтық жасаған. Сондай-ақ қолғаптар мен кір жаятын жіптер сатып алып, өздеріне шұлықтан бетперде, ал құрбандарының басына кигізетін қаптар әзірлеген. Олар жасырылған байлықтың орнын білу үшін құрбандарын азаптау қажет болады деп болжаған. Мальченко танысынан көлік сұрап, ол ақылы түрде көлігін бір түнге беруге келіскен.
Қылмыстық іс материалдарынан үзінді: "Пётр Шинкаренко үйдің верандасына терезе арқылы кіріп, есікті ішінен ашқан, сол жерден қалғандары кірген. Отбасы мүшелерін сойыл, балта, шолақ мылтықпен ұрып-соққан. Оларды байлап, еденге жатқызған. Ұрып-соғу арқылы алтын мен ақша талап етіп, өлтіреміз, зорлаймыз және жыныстық қорлық көрсетеміз деп қорқытқан. Ересектердің көзінше кішкентай қызды таптап қорлаған. Петров Грек берген алтынды алып, үй ішінде басқа құнды заттар жоқ екеніне көз жеткізген соң, бәрін балтамен шауып өлтірген. Өлтіргеннен кейін барлық мәйіттерді бөлмелердің біріне жинап, үстеріне бензин құйып, өртеп жіберген".
Осы әдіспен қолға түскен алтынның бір бөлігін өткізуге қылмыскерлерге вагон-мейрамхананың өндіріс меңгерушісі көмектескен. Ол, сырттай бағыттаушы Милорд және көлік берген автокөлік иесі ұзақ мерзімге сотталды. КСРО Жоғарғы соты қылмыстық топ мүшелеріне ең ауыр жаза - ату жазасына кесті.
Үкім орындалды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz
"Алтын шелек" ісінің құрбандары Жұмысшы кентіндегі ескі зиратта жерленген. Бірінші бейітте - отағасы Грек Петров, қасында ұлы мен қызы жатыр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz
Гректің ұлдарының бірі боксшы болатын. Сол түні ол жанұшыра қарсылық көрсетуге тырысып, тіпті қарақшылардың қолынан сытылып шыққан, бірақ олар оны қуып жеткен.
Ал өлтірілген кішкентай қыз биыл 41 жасқа толар еді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz
Зират басына барып қайтқан соң, кезінде қаза тапқан отбасы тұрған Клара Цеткин көшесіне бет алдық.
Бұл жерде Петров-Лебедевтер әулеті тұрған. Фото: ©️ Tengrinews.kz
Қазір үйдің орны - бос тұр. Қылмыстан кейін көп ұзамай баспананы бұзып, тіпті іргетасын да түгелдей қопарып тастаған. Тек шөп арасындағы қалдықтар ғана бір кездері бұл жерде үлкен үй болғанын аңғартады. Бұл маңға қандай да бір құрылыс жүргізуге жұрт сескенеді...
"Бұл учаскенің қарғыс атқан жер екенін бәрі біледі, сондықтан ешкім мұнда құрылыс салғысы келмейді, - дейді біздің суретке түсіріп жатқанымызды көрген көршісі. - Мен мұнда көптен бері тұрамын, сол бір сұмдық оқиға жақсы есімде. Кісі өлімінен кейін мұнда сығандар келіп: "Естеріңде болсын - бұл жер қарғыс атқан, кім осы жерді сатып алса, соның басына қайғы орнайды", - деп бәріне ескертіп кеткен. Осыдан кейін мұнда кім жоласын? Ешкімнің де басына пәле тілеп алғысы келмейді ғой!"
Фото: ©️ Tengrinews.kz
Дегенмен, ер адамның айтуынша, бұл қарғыс сол баяғы "бір шелек алтынды" іздеп, учаскені бірнеше рет қазып тастаған адамдарға кедергі болмаған. Нақты кімнің қазғанын ол білмейді.
Айтпақшы, сыған отбасының "шелегін" милиционерлерге де, соның ішінде КСРО-ның әртүрлі қалаларынан іздеуге тура келді. Алтынды әлдеқайда тасып, көміп тастады деген қауесеттің қисынсыздығына қарамастан, жедел қызметкерлер барлық нұсқаны пысықтауға мәжбүр болды. Бірақ тәркіленген 530 грамнан басқа ештеңе табылмады...
Авторы: Елена Бережная
Аударған: Дина Шәріпхан
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:93
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 31 Шілде 2026 18:50 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















