БҰҰ: дағдарыс һәм даму
Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Желтоқсанның басында әлемдегі ірі басылымдар бұл қысқартулар ендігі басталып кеткенін жазды. Тапшылықтың басты себебі – кей елдердің ұйымға міндетті жарнасын аудармауы болып отыр. Бұл тосын жағдайға не себеп?
80 жылдық тарихы бар бірлестіктің адамзатқа тигізген пайдасы аз емес: бітімгерлік бастамалары, лидерлерді жөнге салған айбарлы шағы, түрлі қиындықтан қажыған халықтарға көмек бергені есте, әлі де игі ісі мол. Әйтсе де, өткені мен бүгінін салыстыра отырып, болашағын бағамдауды қажет ететін тұстар бар.
Идеалистіктен туындаған тоқырау
Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымының жол тосқан мәселесі тұтастай көрінгенімен, оны бірнеше тармаққа бөліп қарастыруға болады. Ең әуелгісі – қаржылық қиындық. Мысалы, бірлестіктің маңызды бір тармағы саналатын Гуманитарлық көмек үйлестіру жөніндегі БҰҰ басқармасы 2026 жылғы қызметін қамтамасыз ету үшін донор елдерден қазір 33 миллиард доллар сұрап отыр. 2025 жылға 45 млрд доллар сұраған болатын. Алайда елдер тек 12 млрд доллар беріп, кейінгі 10 жылдағы ең төменгі көрсеткіш тіркелді. Жоспардағыдан 3 есе аз. Бұған қарап, келер жылы да қаржыландыру аз болатынын болжай аламыз.
Сарапшылар бұның себебін геосаяси жағдайлармен ұштастырып отыр. Түрлі қақтығысты желеу еткен АҚШ пен Еуропаның ірі мемлекеттері қаржы беруін қысқарта бастады. Дегенмен бір ғана тарапты айыптауға болмайды, мәселенің түп-төркіні көзқарастардың қайшылығынан шығып отырғанын айтушылар кезігеді.
– Кез келген халықаралық ұйымның, кез келген жобаның және жалпы мемлекеттер арасындағы қатынастардың тиімділігін бағалаудың екі түрлі тәсілі бар: идеалистік және реалистік тәсілдер. Идеалистік тәсіл белгілі бір құндылықтарға сүйенсе, ал реалистік тәсіл «кім мықтыға» негізделеді. Осы тұрғыдан алғанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының ішінде ұзақ уақыт бойы идеалистік тәсіл күшейе берді. Бұл тәсілмен қалай болса да жету қажет деп саналатын белгілі бір құндылықтар жарияланады. Ал шын мәнінде әлемді реализм басқарады. Реализм біреуді «жақсы», біреуді «жаман» деп бөлмейді, ол мемлекеттердің өз ұлттық мүдделерін қорғайтынын, тарихи үдерістер аясында әрекет етуге мәжбүр екенін, әр елдің өзіне тән, басқа елдердің мүдделеріне қайшы келуі мүмкін тарихи мүдделер жиынтығы бар екенін негізге алады, – дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.
Сарапшының пайымына салсақ, БҰҰ неғұрлым идеалистік сипат алған сайын, соғұрлым ақ-қараға бөліп ойлауға бейімделген. Мұндай жағдайда ірі мемлекеттердің БҰҰ-ны қолдауға деген ынтасы төмендейді. Қазір көріп отырмыз, ұйым бюджетінің тапшылығы Вануату немесе Уругвай сияқты елдердің жарнаны төлемеуінен емес, керісінше ірі державалардың өз үлесін толық өтемеуінен туындап отыр.
Ұйымның ендігі амалы – үнемдеуге көшу. Қазір бірлестік гуманитарлық қызметтің құрылымын қайта қарап жатыр. Яғни, көмекке мұқтаж кей аймақ тізімнен сызылуы мүмкін. Ал қазір әлемде қақтығыс, індет пен табиғи апаттардан зардап шегіп жатқан адамдардың саны 135 миллионға жетіп отыр. Гуманитарлық көмек үйлестіру жөніндегі БҰҰ басқармасының басшысы Том Флетчер осы жайтты ашынып айтқан.
– Қазір бүкіл жерде отбасылардың қиындық көріп жатқанын білемін. Бірақ өткен жылы әлем қорғанысқа, қару-жараққа 2,7 трлн доллар жұмсады. Ал біз сол соманың 1 пайызынан сәл асатынын ғана сұрап отырмыз, – деген ол.
Осы орайда айта кететін бір жайт бар. Қазір дүниежүзілік ұйымға мүше 190 мемлекеттің тек 61-і барлық қаржылық міндеттемесін уақытылы өтеп келеді. Қазақстан алғашқы бестіктен түскен емес: белгіленген 30 күн ішінде қаржылық міндеттемесін соңғы тиынына дейін аударуды дәстүрге айналдырған. Кейбір елдер жарнаны кешіктіргенімен, түбі төлеуге мәжбүр болады. Егер мемлекеттің қарызы екі жылдық жарнасына тең болса, БҰҰ Бас Ассамблеясындағы дауысынан айырылады. Кейін Бас Ассамблея арнайы шешім қабылдамайынша, борышкер ел дауысын кері қайтара алмайды. Бұл тұста ең ірі бюджеттік донор саналатын АҚШ ұйымға 2,7 млрд доллар берешек болып отырғанын айта кетейік. Жалпы, қазір БҰҰ-ның тұрақты бюджетіне – 2,4 млрд доллар, бітімгершілік қызметке 2,7 млрд доллар төленбеген жарналар бар.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұған қоса мұнда мемлекеттерге экономикалық қысымның да бар екенін түсіну қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазір көптеген ел қарыз жүгінің астында отыр. АҚШ-тың борышы ондаған трлн доллар, Ресейде де, Қытайда да экономикалық қиындықтар бар, Еуропада да жағдай бірқалыпты емес. Германия әлеуметтік міндеттемелердің шамадан тыс ауыр екенін ашық мойындап отыр. Ұлыбритания билігі сайлау алдында салықты көтермеймін деп уәде бергеніне қарамастан, енді салықты арттыруға жақындап келеді.
– Мұндай жағдайда мемлекеттер өз қаражатына әлдеқайда мұқият қарай бастайды. Бұған қоса, сыртқы саясаттың прагматизациясы байқалып отыр. Қазір халықаралық қауіпсіздік жүйесінің «тақталары» қозғалды, ал әрбір ірі мемлекет өз ұлттық мүдделерін мүмкіндігінше қорғауға ұмтылуда, – дейді сарапшы Әбішев.
Алайда бұл бүгін ғана емес, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жүйелік теңсіздіктердің салдары. Әлемдегі гуманитарлық дағдарыстар көлемі үнемі ұлғайып келеді. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің сөзінше, кейбір мемлекеттердің қаражатты уақытында аудармауының негізгі себебі экономикалық қиындықтардан гөрі жаһандық институттарға көзқарастың өзгеруінен болып отыр.
– Қаржы бөлу немесе оны кешіктіру қазір саяси сигналға айналды. Елдер осы арқылы ұйымның бюрократиялық баяулығына, жұмысындағы басымдықтарға немесе ірі державалардың ықпалына наразылығын білдіреді. Демек, бұл жағдайды ұйымға деген құрметтің төмендеуі деп біржақты түсіндіру дұрыс емес. Кейінгі жылдары донорлар көмекті тікелей екіжақты арналар арқылы беру тәсілін жиі қолдана бастады. Дәстүрлі дипломатиялық алаңдарда қайшылықтар көп болған сайын бюджет мәселесі сол келіспеушіліктің алғашқы белгісіне айналады. Яғни, БҰҰ қазір әлемдік текетірестердің өзіне тән салмағын көтеріп отыр. Дегенмен бұл үрдістерді көпжақтылықтан бас тарту деп қабылдау ағаттық. Керісінше, мемлекеттер халықаралық құрылымдардан тиімділік, ашықтық, жеделдік және жауапкершіліктің әділ бөлінуін талап етіп отыр. Қаржылық қысым – ұйымды жаңғыртуға итермелейтін сигнал. Сондықтан қазіргі дағдарыс БҰҰ үшін тек сынақ емес, көпполярлы дәуірде өз рөлін қайта айшықтап, жұмысын жаңаша құруға берілген мүмкіндік, – дейді сарапшы.
Бейбітшіліктің бағасы
Біреу білсе, біреу білмес, тарихта Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлттар Лигасы құрылғанын білеміз. Жұмыс форматы, рөлі Біріккен Ұлттар Ұйымына ұқсас еді, сондықтан БҰҰ-ны Ұлттар Лигасының мұрагері санайтындар бар. 1919 жылы құрылған алғашқысының ғұмыры 27 жылға ғана жетті. Басты мақсаты халықаралық бейбітшілікті сақтау, дауларды дипломатиялық жолмен шешу, ұжымдық қауіпсіздік қағидасын орнықтыру болғанымен, күткен нәтижені бере алмады. Бір жағынан түсінуге болады, БҰҰ секілді оның бітімгерлік күштері болмады. Әйтпесе, БҰҰ-ның айбарлы шағында бітімгершілік күштеріне қай елдің де әскері қарсы келе алмайтын.
Ұлттар Лигасы да сол қауіпсіздік идеясын насихаттаумен шектелгендей болып тарихта қалды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда маңызын толық жоғалтты. Ал БҰҰ сол қателіктерден сабақ алып құрылған ұйым болатын. Бұл әңгімені неге қозғадық? Біріккен Ұлттар Ұйымының іргелі бір тармағы – Қауіпсіздік Кеңесі. Бірақ қазір әлем толыққанды бейбіт емес. Осы күні жаһанда 120 қақтығыс ошағы бар. Ірілері Таяу Шығыста, іргедегі Ресей мен Украина жерінде. Жалпы, геосаяси ахуалды тұрақты деп бағалай алмаймыз. Сонда Қауіпсіздік Кеңесінің де маңызы жойылып бара ма?
– БҰҰ-ның дағдарысы ең алдымен негізгі органы – Қауіпсіздік Кеңесінің тиімділігіне тікелей қатысты. БҰҰ Жарғысына сәйкес, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жауапкершілігі дәл осы органға жүктелген. Кейінгі жылдардағы ірі халықаралық қақтығыстар Қауіпсіздік Кеңесінің бұл міндетті атқара алмай отырғанын көрсетті. Бұл XX ғасырдың басында құрылған Ұлттар Лигасының тағдырын еске түсіреді. БҰҰ құрылған кезде кемшіліктер ескерілген сияқты еді. Қауіпсіздік Кеңесіне міндетті шешім қабылдау құқығы, санкция енгізу және күш қолдану тетіктері берілді. Алайда тұрақты бес мүшеге берілген вето құқығы уақыт өте келе бейбітшілікті сақтаудың емес, Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысын блоктау, тұсаулау құралына айналды. БҰҰ Жарғысына сәйкес, бір тұрақты мүшенің қарсылығы шешім қабылдауға жеткілікті. Қауіпсіздік Кеңесі реформаланбаса, ұйымның функционалдық әлсіздігі тереңдей түседі. Мұндай жағдайда мемлекеттер БҰҰ шеңберінен тыс әрекет етуге көбірек жүгініп, халықаралық құқықтың орнына геосаяси мүдделер үстем бола бастайды, – дейді Халықаралық сарапшы, саясаттанушы Жанат Момынқұлов.
Қарарлардың күші және вето қою дегеннен шығады. Бұнда да ескеретін бірнеше дүние бар. Біріншіден, көптеген қарар «ұсыныс», «ұйымдастыру», «қоңырау шалу» сияқты сипатта болған, яғни заңды міндеттемесі жоқ әрі орындауға мәжбүрлемейді. Екіншіден, Қауіпсіздік Кеңесінің кейбір шешімін орындамау жайына кегенде мысал ретінде Газа секторын шабуылдаған Израильді айта аламыз. Бұл ел Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблея жасаған «1967 жылы басып алынған жерлерден шығу», «пропалестиналық босқындардың қайтарылуы», «Израильдің еврей олжаларын кеңейту саясатын тоқтату» секілді талаптарын орындаған жоқ. Өйткені осы талаптарға АҚШ секілді алпауыт елдердің бірі вето қоя салса болғаны, Израиль міндетінен құтыла салды.
– БҰҰ-ның шамадан тыс идеалистік бағыты кей тұстарда АҚШ-тың, Қытайдың, кейде Ресейдің, кейде Батыс Еуропа елдерінің мүдделеріне қайшы келіп жатады. Соның салдарынан сенімнің әлсіреуі мен ірі донор мемлекеттердің салқын көзқарасы қалыптасты. Өйткені күштердің нақты үлесін ескермей, шағын мемлекеттердің топтасып алып, Бас Ассамблеядағы әмбебап дауыс беру арқылы ірі мемлекеттерді басып озуы әрине наразылық тудырады. Ірі елдер бұл ұйымды бастапқыда өздері жиналып, шағын елдерге пікір айтуға мүмкіндік беретін, өзара қатынастарын реттейтін алаң ретінде қабылдаған. Алайда шағын мемлекеттер бұл теңдік туралы тезиске шын мәнінде сеніп, әлемде бәрі тең деп ойлай бастады, ал іс жүзінде әлемде бәрі тең емес, – дейді Ғазиз Әбішев.
Саясаттанушының айтуынша, АҚШ әлемді өз ұлттық мүдделерінің алдында тізе бүктіруге ұмтылуды, Ресей әлем тағдырын айқындайтын ірі ойыншылар үстеліндегі орнын қорғауды, Қытай тоқтаусыз экономикалық өсім жолына түсіп, үстемдікке қол жеткізуді көздейді. Үндістан да өз «інінен» шығып, ірі державаға айналуда. Мұндай жағдайда БҰҰ-ның жұмсақ, әдемі әрі әмбебап риторикасы мемлекеттерге жарамайды.
Ал Бөріхан Нұрмұхамедов ірі елдердің вето құқығын жүйенің кемшілігі емес, керісінше, ядролық державаларды тікелей қақтығыстан сақтап қалу үшін енгізілген «тежегіш» санайды. Бұл механизм шешім қабылдауды баяулатуы мүмкін, бірақ жаһандық тұрақтылық үшін маңызды рөл атқарады екен.
– Бірақ бұл реформа қажет емес деп ойламаған жөн. Қазіргі көпполярлы әлемде Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы да, оның жұмыс тәсілдері де жаңа шындыққа сай келмей отыр. Кейбір аймақтарда жаңа көшбасшылар пайда болды, қауіпсіздік түсінігі кеңейді, ал 1945 жылғы құрылым қазіргі геосаяси тепе-теңдікті толық бейнелей алмайды. Сондықтан ұйымның легитимдігі мен тиімділігін күшейту үшін өкілдікті кеңейту, аймақтық ұйымдардың ықпалын арттыру секілді қадамдар қажет, – дейді саясаттанушы.
Баламасы жоқ игі бастамалар
Қанша жерден ұйымның кемшіліктері аталғанымен, саяси салмағы азайғанымен, оның гуманитарлық, климаттық және әлеуметтік бағыттардағы рөлі бұрынғыдан да артып отыр. Мысалы, АҚШ-тың USAID қызметінің орны ойсырап бос қалды. Есесіне UNHCR, UNICEF секілді агенттіктер миллиондаған адамға көмек көрсетуде. Климат мәселесін де БҰҰ-сыз шешу мүмкін емес. COP саммиттері жаһандық келісімдердің жалғыз алаңы болып отыр. COVID-19 пандемиясы кезінде дәл осы БҰҰ мен ДДСҰ халықаралық үйлестірудің негізгі орталығына айналды. Яғни, БҰҰ-ның практикалық қызметін басқалар алмастыра алмайды.
Климат дегеннен шығады, келешектегі қақтығыстар басқа емес, дәл осы табиғи ресурстар үшін болуы мүмкін. Қазақстан тарапы бұл мәселені терең ұғынып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл бір емес, бірнеше жаһандық жиында су тапшылығы мәселесін көтерді, өзіміздегі Аралдың, Каспийдің ахуалын атап, бір елдің емес, түгел аймаққа ортақ мәселе болып отырғанын жеткізді. Өткен аптада ғана Ашхабадта өткен бейбітшілік пен сенім форумында Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынатынын жеткізді.
– Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтқан абзал. Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қазақстан Арал қасіретінен сабақ алды. Жоспарлы іс-әрекетіміздің арқасында, соның ішінде халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық нәтижесінде теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалдық. Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде еліміз бұл маңызды бағыттағы белсенді жұмысты жалғастырады. Дегенмен Каспий теңізі күннен-күнге тартылып барады. Бұл бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды. Сондықтан аймақтағы серіктестерімізді және барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырамыз, – деген болатын Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясындағы Жалпы дебатта.
Бұл айтылған мәселе Орталық Азия немесе Таяу Шығысқа ғана тән мәселе емес. Биыл Иранның қалай құрғақшылықты бастан өткеріп жатқанын білеміз, осыдан 10 жыл бұрын Оңтүстік Америкадағы ірі көлдердің бірі саналатын Поопо толық жойылды. 30 млн адамға тіршілік нәрін беріп келген Африкадағы Чад көлі 1960 жылдан бері 10 есе кішірейді. АҚШ-тағы Колорадо өзені теңізге жетпей қалып жатыр. Бұл мәселелер күрделене берсе, келешекте адам уран немесе мұнайға емес, табиғи тіршілік көзіне зар бола бастайды. Ал бұл тұрғыда БҰҰ біраз игі іс атқарып жатқанын жасыра алмаймыз. Жыл сайын климатқа қатысты есептеулерді, мәселелерді шешу жолдарын мінберлерде қозғайды. Яғни, ұйым белсенді, жұмысын басқа ешбір бірлестік алмастыра алмайды. Өз кезегінде осы қыры Қазақстанға тиімді екенін халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов айтып отыр.
– Қазақстан үшін бұл халықаралық медиациядағы рөлін күшейтуге, су және климат дипломатиясында бастамашы болуға, аймақтық қауіпсіздік архитектурасында белсенді ойыншыға айналуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар БҰҰ-ның гуманитарлық және даму агенттіктерімен тікелей жұмыс істеу Қазақстанға халықаралық бедел жинауға жол ашпақ, – дейді саясаттанушы.
Ұйым қайта ұйыта ала ма?
Барлық жайтты айта келе, біздің басты меңзегеніміз – БҰҰ-ның болашағы еді. Уақытша тоқырау, күдік болғанымен, ұйым келешегін бұлыңғыр деп ешкім сеніммен айта алмайды. Кей салаларда ықпалы сақталып қана қоймай, артып отырғанын көрдік. Дегенмен саяси тұрғыдағы ықпалы әлі де арта қоймауы мүмкін.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы толық күйреп кетпейді. Әрине, оның жұмысын қарап, жекелеген институттарын қайта бағалау қажет. Бірақ «реформа керек» деп айтатындардың өздері шын мәнінде оған аса мүдделі емес, әрі ортақ бағыт әзірге қалыптасқан жоқ. Шағын және орта мемлекеттер БҰҰ-ны әділеттілікке қарай өзгерту керек дейді, ал ірі державаларға бұл тиімсіз. Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері үшін де вето құқығындағы монополиядан айырылмайды. Себебі өздеріне халықаралық процестерді бұғаттау мүмкіндігінен айыратын әрі болашақта өздеріне қарсы қосымша қысым тетігіне айналуы ықтимал механизмді қолдан жібергісі келмейді. Ірі державалар өзара жаңа халықаралық қауіпсіздік архитектурасын және тепе-теңдік жүйесін қалыптастырмайынша, бұл мәселе алға жылжымайды. Ал олар егер келісіп, бұл жүйе орнықса, бәрі бірден жүйелі түрде жұмыс істей бастайды да, БҰҰ жаңа сипатқа ие болады, – дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.
Бұған қарамастан Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі көптеген ел үшін легитимділік пен дипломатиялық қорғанның жалғыз көзі болып қала бермек. Себебі ұйым кейбір қақтығыстарға, әділетсіздіктерге қарсы жаһандық деңгейде дабыл қаға алады, кей ірі мемлекеттерді осыған үндей алады.
Ендігі сауал: «халықаралық ұйымдардың әлсірей бастауы Қазақстан секілді орта державаларға қалай әсер етуі мүмкін?». Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов оның бір жағынан қауіп, екінші жағынан жаңа мүмкіндік саналатынын айтады. Себебі жаһандық ережелер бұрынғыдай жұмыс істемей қалса, әлем тұрақсыз және құбылмалы бола бастайды. Бірақ дәл осы жағдайда орта державалар өз сыртқы саясатын бұрынғысынан да еркін жүргізіп, бастамашыл әрекет етуге жол аша алады. Үлкен державаларға немесе жаһандық институттардың шешімдеріне толық тәуелді болу деңгейі төмендейді.
– Көпжақты тетіктер баяулап, тиімділігін жоғалтқан сайын орта державалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жолдарын іздеуге көшеді. Бұл аймақтық альянстарды нығайтуға, екіжақты қатынастарды тереңдетуге және дипломатиялық құралдарды кеңінен қолдануға алып келеді. Алайда мұндай жағдай қауіпті де арттыра түспек, ірі державалар арасындағы бәсекелестік күшейген сайын орта державаларға көрсетілетін геосаяси қысым да артуы мүмкін, стратегиялық таңдау бұрынғыдан да күрделене түседі, – дейді сарапшы.
Десе де, жаһандық институттардың әлсіреуі орта державалардың аймақтық деңгейде белсенді рөл атқаруына мүмкіндік беретінін көрсеткен айқын мысалдар бар. Бастамашыл ойыншыға айналып, келіссөздер жүргізуде, интеграциялық жобаларды дамытуда, энергетикалық саясат пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыруда жетекші рөл алғандар кезігеді. Түркия, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Индонезия, Бразилия секілді елдердің кейінгі жылдарда ықпалының артуы – осы үрдістің айқын дәлелі.
– Өз кезегінде бұның жауапкершілігі де болады. Бұрын ғаламдық ұйымдар атқарған гуманитарлық координация, бітімгерлік, миграциялық процестерді басқару сияқты міндеттердің бір бөлігі енді аймақтық күштердің мойнына түседі. Бұл қаржылық ресурстарды, тұрақты дипломатиялық белсенділікті және институционалдық дайындықты талап етеді. Егер орта державалар мұндай жүкті көтеруге дайын болмаса, аймақтық тұрақсыздық тереңдеуі әбден мүмкін. Ұзақмерзімді перспективада халықаралық ұйымдардың әлсіреуі орта державаларды экономикалық дербестігін арттыруға, технологиялық жаңғыруға ынталандырады. Егер бұл үрдіс жүйелі түрде жалғасса, жаңа көпполярлы жүйе тіректерінің біріне айнала алады. Бірақ бұл үшін кеңейген мүмкіндіктерді ғана емес, күшейген қысымды да ескеріп, өз мүддесін қорғаудың жаңа стратегияларын қалыптастыру қажет, – деп түйіндеді сөзін Б.Нұрмұхамедов.
Сонымен, қазіргі картина, болашақта болуы мүмкін сценарийлер айқындала түсті. Біріккен Ұлттар Ұйымын нақты әлсіреді немесе күшейді деп бағалау қиын, біздің тұжырымымыз бойынша, бірлестік жаңа әлемдік тәртіпке бейімделіп жатқандай көрінеді.
Мадияр ТӨЛЕУ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:107
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 18 Желтоқсан 2025 07:13 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















