Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Жылап, жатып қалдым : Айнұр Тұрсынбаева күйзеліске түскен кезін еске алды

Талдықорғандағы түнгі төбелес видеоға түсіп қалды

Уақытпен үндескен ұрпақ

Қостанай облысында аурухана медициналық жабдықтарды сатып алуда бәсекелестікті әдейі шектеген

Бізге келген америкалық конгрессмендер қалалардың тазалығына таңғалды Тоқаев

Ұлттық тазалық стандартын әзірлеу қажет деп санаймын. Бұл уақыт талабы Тоқаев

Көкшетауда студент қыз көлік тұрағына байланысты ер адаммен болған жанжал кезінде жарақат алды

Димаштың Чилидегі концерті қарсаңында Қазақстанға арналған куэка орындалды (видео)

Қазақстаннан 558 спортшы қатысады: Нагояда ХХ жазғы Азия ойындары ашылды

Дания Украинаға 276 млн доллар көлемінде жаңа көмек пакетін жіберуді жоспарлап отыр

Жамбыл облысында бұрынғы әйелін қорқытқан ер адам қамауға алынды

Әрқашанда еліміз туралы ойлап, Қазақстанға қамқоршы болыңыздар Президент қазақстандықтарға үндеу жасады

Хуситтер Сауд Арабиясына зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасады

Қазақстанның бірқатар өңірінде найзағай, бұршақ пен күшті жел күтіледі

Трамп БҰҰ Бас ассамблеясында бейбіт келісімдер мен егемендікті талқылайды Уолц

Жаңа iPhone 18 сатылымға шықты: әлемнің бірнеше қаласында ұзын сонар кезек пайда болды

Цифрлық дәуірдегі дала

Қазақы тазылар асылдандыру жүйесіне енгізіледі

Қарағанды облысында 200 ге жуық шошқа тиелген жүк көлігі жол апатына түсті

90 км/сағат жылдамдық: Алматыда электр самокат мінген ер адам көз жұмды

Елдікке еңбек етер екі кітап

Елдікке еңбек етер екі кітап

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қызық болсын, рецензияны (этика­лық тұрғыдан басылым басшысы жөнінде мерейтойлық мақала беру ыңғайсыз көрінеді, айтқандай, кезінде өзіміз де солай еткенбіз) дәл кеше, 19 маусымда Еуразия ұлттық университетінде тұсаукесері өткен кітаптарға байланыс­ты сын пікір айтудан бастағалы отырмыз... Дихан Қамзабекұлы «Елшіл жол» кітабындағы бір мақаласын «Оңтұстық және БАҚ» («Egemen Qazaqstan», 2023 жыл, 23 қараша) деп атаған екен. «80-нен асқан жасында жазушы Ғабит Мүсірепов тілге, сөзжасамға қайта үңіліп, бәрімізді ойлантқаны есімізде. Соның бірі – оң мен сол бағыттағы өңірлерді айқындаған «түстік» сөзін «тұстық» деп айтуы еді. Әрине, мұнымен біреу келісті, біреу келіспеді. Бірақ ол классиктің аузынан шықты. Оңтұстық – тыста да, іште де кең ұғым» деп бастайды. Былай қарасаңыз, жаны бар да сөз сияқты. «Оң тұстағы», «сол тұстағы» дейтініміз рас қой. Әйтсе де, автор жазғандай, «классиктің аузынан шықса» да бұл сөз неге орнықпады? Кезінде («Егемен Қазақстан», 2003 жыл, 15 қаңтар) мынандай уәж келтіргенбіз: «Сөздің дұрыс жазылуы деген де барлық кезде бірдей қатып ұстанатын үлгі емес. Мысалы, бәйшешек те, бәйтерек те қате жазылған сөздер, бұлардың дұрысы байшешек, байтерек, яғни шешегі бай өсімдік, жайқалған терек дегеннен шыққаны талас тудырмайды. Оны айтасыз, бізде тұтас облыстардың (Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан) аттары да қате жазылған... Кезінде Ғабит Мүсірепов бұлардың елдің оң тұсындағы, сол тұсындағы өңірлер деген мағына бepeтінін айтып, өзi Оңтұстық Қазақстан, Солтұстық Қазақстан деп жазып та, соны талап етіп те жүрді. Әрине, олай емес деп Ғабеңмен ешкім таласа да қойған жоқ, бірақ ешкім солай жаза да қойған жоқ. Өйткені бұл тіліміздегі үндестік заңына қайшы, айтуға ауыр». Тіпті бас газет тақырыпқа шығарып тұрғанда да бұл сөздің «оңтүстік» күйінде жазыла бергені – біздің ойымыздың тағы бір дәлелі.

Ендігі бір ауыз сын кітаптың сөзі­не емес, автордың өзіне қатысты айтыл­мақшы... Олай болатыны – осы екі кітап қолымызға бейсенбіде, оның өзінде кешкі сағат жеті жарымда тиді. Екі кеш­тің арасында редакция қызметкері үйге жеткізіп берді. Оның өзінде автордан сұратқан соң. Бұл, былайша қарағанда, жақсы. Бұл кітап иесінің кішіпейілдігін, кішіктігін, өзін өзі жарнамалауға жоқтығын, пиарға жақын жүрмейтінін көрсетеді. Екінші жағынан, бұл онша жақсы да емес. Кітаптар тұсау­кесері өткізілетін болған соң, олар жөнінде нақтырақ әңгіме қозғалға­ны жақсы. Ал ол үшін жұртшылық назарына ұсынылатын еңбектің қыр-сырына қанығуға мүмкіндік жасаудың, яғни тұсаукесерге шақырылғандардың біразына кітапты алдын ала берудің еш әбестігі жоқ. Бұл не үшін айтылып тұр? Өйткені біздегі тұсаукесердің көбіне жұрт кітапты оқымай келеді. Оқыма­йын демейді, қолына кітап тимейді. Қолына кітап тигізсе, тұсаукесер өткізуші­нің артық пысықтығындай көреді. Авторлар сондайдан сақтанады. Осыдан келіп, әңгі­ме нақтылықтан ажыраңқырап қалады. «Тұсаукесер – кітапты оқы­май мақтайтын жер» деген әзіл сөз содан шығады...

Тұсаукесердің хабары тигеннен-ақ­ Дихан Қамзабекұлының қолда бар кітап­тарын қайта бір мұқият қарап өткен едік. Олар – «Алаш және әдебиет» (2002), «Пайым» (2004), «Түркістан алқасы» (2011), «Арайна» (2024). Ал Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадан электронды поштаға алдыртқан мәліметіміз кәдімгідей таңдантып тастағанын да мойын­дауға тура келеді. Дихан Қам­за­бекұлының қаламынан туған кітап­тардың (ұжымдық монографиялар­ды қоспағанда) жаңағы аталғандардан басқасын рет-ретімен жазып шықсақ, былай болады: «Смағұл Сәдуақасұлы» (1996), «Руханият» (1997), «Тіл саясаты: тағылым және тәжірибе» (2006), «Алаштың рухани тұғыры» (2008), «Жұрт» (2012), «Ой алаңы» (2015), «Алаш – темірқазық» (2015), «Алаш арқауы» (2017), «Түркі алқасы» (2021).

Осы тізімнің өзі Дихан Қамзабекұлы­ның алпыс атты алты асқардан асқан­ша қаншама ірі іс тындырғанын тамаша танытып тұр. Бұлардың ішінде біз әр жылдары оқи алғандарын қозға­сақ, Диханның Алаш қозғалысының саяси сипатына қоса, руханияттағы іс-әрекетіне де күрескерлік рухы тән болғанын айқара ашқан, қазақ ағартушылығының туу, қалыптасу, даму жолдарын әлемдік контексте зерттеген, қазақ жәдитшілігінің, ұлттық сөз өнеріндегі милләтшілдіктің әдеби-эстетикалық концепцияларын парасатты пайымдаған «Алаш және әдебиет» монографиясын алдымен айтамыз. Ұлт­тық тұлғалардың ел мен жер, дін мен тіл, жалпы елшілдік туралы ой-пайым­дары жайында жазылған «Пайым» да – парасатты еңбек. Одан кейінгі «Түркістан алқасында» автор ізденіс өрісін кеңейтіп, Орталық Азиядағы түркі халықтарының танзиматшыл­дық, жаһат­тастық, автономияшылдық, басма­шылдық мәселелерін тереңдете қазды. Мысалы, өзімізге Сабыр Рақымов туралы кітапты жазу барысында Дихан­ның басмашылдыққа қатысты Зәки Уә­ли­ди Тоғанның, Мұстафа Шоқай­дың, Бай­­мырза Хаиттың пікірлерін кел­­тіргені көмектескенін разылықпен айтамыз. Көршілерде кейінгі кезде Сабыр Рақымовқа күрделілеу көзқарас қалыптасқанының көп себебі бар. Соның бірі – оның қызыл командир ретінде басмашылармен шайқасқаны, сол күрес­те ерекше көзге түскені. Мұндай жық­пыл-жықпыл жайларды жазуға Түркістан мұхтариятының табиғатын қопара қозға­ған Дихан еңбегі де септесетіні сөзсіз. Байырғыда «сабыр, тоқтам, ұстам, тоқтам» мағыналарын берген сөзді («Арайна, билер, арайна») архаизм аранынан алып шығып, бүгінгі шым-шыты­рық шырғалаңдарға шама келгенше саралап қараудың септесінін­дей ете алған Диханның көлемі 526 беттік «Арайна» кітабы автордың ғалымдық қарымын, публицистік арынын даусыз
дәлелдеді.

«Елшіл жол» және «Байып» деп аталған жаңа екі жинақ академик Дихан Қамзабекұлының бұрынғы еңбекте­рін тақырыптық тұрғыдан да, рухы жа­ғынан да жарасымды жалғастырып жатыр.

Бір жақсысы, елдің бас газетін қада­ла қарап жүретін адам үшін Дихан Қамзабекұлының жаңа жинақтарын түп-түгел оқып шығудың қажеттігі жоқ. Екі кітаптың екеуі де автордың 2021–2026 жылдар аралығындағы, яғни негізі­нен «Егемен Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығына кел­геннен кейінгі кезеңдегі жарияланымдарынан тұрады. Демек, басылым­ның тұрақты оқырманы үшін мұндағы мақалалардың барлығы бұрыннан таныс. Ал газеттегі назар аударарлық жа­рияланымның бәрін дерлік шыққанын шыққанша астын сыза оқып, қиып алып, тақырыптық папкаларға тігіп қою­ды әдетке айналдырған кәсіби жур­налист үшін Дихан кітабындағы мақалаларды талдап өту тіпті де қиынға түспейді.

Қалай дегенде де автордың осы бес жылдағы еңбекті бөлек екшеп, оқырман назарына ұсынуы – құптарлық қадам. «Елшіл жолдың» «Аңдатуындағы» ал­ғашқы жолдарда автор: «Бұл жинақ – осы күннің жазбасы. Әлбетте, әуелі жоғары мектеп пен ғылым, содан кейін ақпарат саласы маманының мемлекет пен қоғам, мәдениет пен саясат, кәсіп пен нәсіп туралы пайымдары. Ойлар мен ұсыныстар. Қилы бағыттағы әлеу­мет зәрулігі. Негізінен бүгінгінің сөзі мен түсінігі, талғамы мен толғамы» деп жазған. Демек, бұл екі кітапты белгілі бір дәрежеде Дихан Қамзабекұлының журналистика жолына толық түскен тұсындағы еңбегінен өмірдің бір беле­сінде берілген өзіндік есебі ретінде де қабыл алуға болады. Өмір бойы ғылыми, ұстаздық жолда жүрген, кезінде газет редакциясының штатында істеп көрсе де, жылдар бойы қара қазанында қайнап, өзіміз «күндіз әріп түзеткен, түнде қаріп күзеткен» деп жазатын жолдан өтпеген адамның бірден қазақтың бас басылымына басшы болып келуіне байла­ныс­ты кезінде айтылмай қалмаған күдік-күмәнге тиісті жауап та осы екі кітап арқылы беріліп отыр.

Әуелгі қолға алғанымыз – «Өркениет» баспасы шығарған «Елшіл жол». Мұн­дағы баса айтарымыз – «жоғары мектеп пен ғылым, содан кейін ақпарат саласы маманының» деп өзі жазғанындай, Дихан Қамзабекұлының қаламына тән басты белгінің бірі дәйім тәрбиені, парасатты алға шығаратыны, қай тақы­рыпты да бәрінен бұрын осы ракурста қарастыратыны. Оқыта алмай жүрген жастарды енді ойланта алмау қатерін тосып тұрған жасанды интеллект заманында, ақпаратты адамдықтың алдына шығаратын кезде, баспасөздің беделдігін басқа сөздің жеделдігі басып бара жатқан тұста ұлттық жур­на­листиканың қатты қаузайтыны осы мәселе болуға тиіс. Автор қалам қуатын дәл осы бағытқа бұрады. Аштық пен ашаршылықтың көзге көрінер-көрінбес аражігін ашса да, ұлттық аты-жөннің сауаттылығын құнт­таса да, әділетті әз тұтудың қасиетін танытса да, тардың таласып тозарын, кеңнің кеңесіп озарын айтып, бірлікке үндесе де, Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күнінің қадірін білдіріп, тарихи жадыға шақырса да, Ұлттық ғылым академиясының мақсат-мұратын сараласа да, баспасөздің баянды жолын іздесе де, әлеуметтік желідегі жиіліктің жайын жазса да, тәрбие түйткілдерін қозғаса да, қысқасы, қай қиырға көз салғанында да әрқашан елшіл жолдан айнымайды, жаңарған, әділеттілікті темірқазық еткен бүгінгі мемлекет басшылығы бастамаларына ықылас танытудағы алға тосар уәждері сендіреді де, нандырады да.

Рақымғали Құл-Мұхаммедтің демеу­шілігімен «Атамұра» корпорациясында басылған «Байып» кітабында да Дихан сара ойдан, сарабдал сөзден айнымайды. «Ер толғау», «Ел толғау», «Ес толғау» деп әсерлі аталған үш бөлімде елдіктің әлеуметтік-психологиялық мәселелеріне бойлайды. Ұзақ уақыт байыпсыздықты, пайымсыздықты көріп, үрдістің не екенін, күлкі істің не екенін, түрпі істің не екенін айырудан қала жаздаған қоғамның қоясын қопаратындай батыл байламдарға барады. Мұнда да өткенді танудағы қағидат пен ұстаным беріктігімен тарихтан тәлім алуға, ақылға, әлем тәжірибесіне, дәстүр үйлесімі арқауына жүгінеді. «Елшіл жолда» бүгінгі күннің толғақты тақырыптары көбірек қамтылса, «Байыпта» тарих тағы­лымы арқылы осы заманғы түйткілдердің тарқатылар түйіні табылады. Әлиханның, Мұстафаның, Ғұмардың, Әлімханның, Ғаббастың, басқа да Алаш арыстарының бәрінің сөзінде «автономия» тұрғанына қарамастан, 1917 жылғы ІІ жалпы қазақ съезінің қаулысын механикалық түрде қабылдап, Алаш автономиясы жарияланбағандай сөйлеп, жазып жүргендердің қисынын қақыратып сындырады, өз ойын негіздейді, дәйектейді. Дулат Бабатайұлының мұрасынан Алаш ойшылдарымен астастық табуы, ЮНЕСКО-ның Ахмет Байтұрсынұлын алқалауын әңгімелеу, Париж түбіндегі Мұстафаға мекен болған қалашық жайын баян етуі әсерлі. Сол жерге барғанымызда Мұстафа Шоқайдың күрескерлік іске қаржы қалдыру үшін жиырма жылдай уақыт бойы Парижден біраз қашықтағы Ножан-сюр-Марнға ертелі-кеш қоғамдық көлікпен барып жүргеніне, сол қалашықтың өзінен жалдамалы пәтерге ақша үнемдеп, терең сай беткейдегі арзанға түсетін үйде тұрғанына қатты қобалжығанымыз бар. Бірінші жаһан соғысындағы қорғансыз ұлттардың халі, Қошке Кемеңгерұлының рухани тәлімі, Тұрар Рысқұловқа қатысты он сегіз дерек, Жалау Мыңбайұлының жанкештілігі, Мақтымқұлының мәңгілік мұрасы жайындағы толғамдары тағылымды. Айседора Дунканмен Еуропаны аралағанда анау-мынауға таң қалмай, «Қалай десеңіз де бұл Самарқан емес қой!» деп өте шығатын Сергей Есениннің Тәшкендегі Төле би кесенесіне барғаны тіпті тың дерек. Дихан Есениннің Келеске барғанын да жазыпты. Бұл біздің Келес пе, жоқ Ташкент түбіндегі өзбек Келесі ме – ол арасын айқындай жатармыз. Автор бізге жіптің ұшын ұстатып отыр.

Айта берсе, Дихан Қамзабекұлының ғалым-публицист ретіндегі қымбат қырын даусыз дәлелдейтін бұл жинақ­тардың берері көп. Ғылым мен журна­листиканың қабысуы, табысуы, ғылы­ми ізденімпаздықты журналистік шебер­лікпен толықтыру қандай нәтижеге жеткізетінін көріп отырмыз. Академик қаламгердің өзіндік ерекшелігі де осыдан танылып тұр.

Елдікке еңбек етер екі кітапқа құтты болсын айтамыз.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
seeКөрілімдер:149
embedДереккөз:https://egemen.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 20 Маусым 2026 09:02
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Жылап, жатып қалдым : Айнұр Тұрсынбаева күйзеліске түскен кезін еске алды

18 Қыркүйек 2026 21:42see157

Талдықорғандағы түнгі төбелес видеоға түсіп қалды

19 Қыркүйек 2026 09:36see153

Уақытпен үндескен ұрпақ

19 Қыркүйек 2026 05:07see145

Қостанай облысында аурухана медициналық жабдықтарды сатып алуда бәсекелестікті әдейі шектеген

19 Қыркүйек 2026 11:28see143

Бізге келген америкалық конгрессмендер қалалардың тазалығына таңғалды Тоқаев

19 Қыркүйек 2026 17:11see142

Ұлттық тазалық стандартын әзірлеу қажет деп санаймын. Бұл уақыт талабы Тоқаев

19 Қыркүйек 2026 15:29see141

Көкшетауда студент қыз көлік тұрағына байланысты ер адаммен болған жанжал кезінде жарақат алды

19 Қыркүйек 2026 10:05see141

Димаштың Чилидегі концерті қарсаңында Қазақстанға арналған куэка орындалды (видео)

19 Қыркүйек 2026 00:23see139

Қазақстаннан 558 спортшы қатысады: Нагояда ХХ жазғы Азия ойындары ашылды

19 Қыркүйек 2026 19:12see135

Дания Украинаға 276 млн доллар көлемінде жаңа көмек пакетін жіберуді жоспарлап отыр

19 Қыркүйек 2026 20:17see132

Жамбыл облысында бұрынғы әйелін қорқытқан ер адам қамауға алынды

19 Қыркүйек 2026 20:17see132

Әрқашанда еліміз туралы ойлап, Қазақстанға қамқоршы болыңыздар Президент қазақстандықтарға үндеу жасады

19 Қыркүйек 2026 17:01see129

Хуситтер Сауд Арабиясына зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасады

20 Қыркүйек 2026 09:51see125

Қазақстанның бірқатар өңірінде найзағай, бұршақ пен күшті жел күтіледі

20 Қыркүйек 2026 09:27see125

Трамп БҰҰ Бас ассамблеясында бейбіт келісімдер мен егемендікті талқылайды Уолц

20 Қыркүйек 2026 11:06see119

Жаңа iPhone 18 сатылымға шықты: әлемнің бірнеше қаласында ұзын сонар кезек пайда болды

19 Қыркүйек 2026 14:33see117

Цифрлық дәуірдегі дала

19 Қыркүйек 2026 06:47see117

Қазақы тазылар асылдандыру жүйесіне енгізіледі

20 Қыркүйек 2026 11:51see116

Қарағанды облысында 200 ге жуық шошқа тиелген жүк көлігі жол апатына түсті

19 Қыркүйек 2026 13:07see116

90 км/сағат жылдамдық: Алматыда электр самокат мінген ер адам көз жұмды

20 Қыркүйек 2026 08:01see115
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары