Face ID, MedTech, телемедицина: Дәрігерлердің жүктемесі 40 пайызға азайды
Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Оншақты жыл бұрын Үкімет электронды денсаулық сақтауды дамытудың 2013–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткенін білеміз. Кейін 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қолға алынды. Мұның барлығы белгілі бір деңгейде саланы цифрландыруға әсер етті деп айтуға болады.
Алдымен жасанды интеллектіден бастайық. Науқас туралы ақпаратты жылдам өңдеу, дәрігерге көмекші болатын ЖИ жүйелері туралы естіген боларсыз. Әлемде аталған технология «MedTech» деген атаумен танымал. Жасанды инттеллект жылдам медициналық қызмет алуға жәрдемдесетін тәсілді отандық ұйымдар да сәтті қолданып келеді. Astana Hub-та дәл осындай өзіндік ерекшелігі бар 40-тан астам стартап тіркелген, олардың қатарында «Autism Spectrum», «Daribar.kz», «CerebraAI», «CheckDoc» секілді бастамалар бар.
Мысалы, «CerebraAI» жасанды интеллекті небары төрт минуттың ішінде инсультті анықтап береді. Әдетте дәрігерлер инсультті анықтауға бірнеше сағатын арнайтынын ескерсек, бұл – цифрландырудағы ең басты жетістіктің бірі. Бүгінде жүйе 90-нан астам ауруханаға тегін орнатылып, 100 мыңнан астам науқас тексерілген. Жауапты мамандар 500-ден астам дәрігер жасанды интеллект технологиясын пайдаланады деп отыр.
«CerebraAI» жобасы халықаралық деңгейде жоғары бағаланған стартаптардың қатарына кіреді. АҚШ-тағы TechCrunch басылымы оны әлемдегі ең үздік стартаптардың бірі деп атаған. Бүгінде платформаны 700-ден астам невропатолог тұрақты түрде пайдаланып келеді. Сонымен қатар жоба Stanford University тарапынан 2023 жылдың ең үздік Digital Health жобасы ретінде мойындалып, Intel Software ұйымдастырған AI-стартаптар олимпиадасында бас жүлдеге ие болды.
Фото: digitalbusiness.kz
«CheckDoc» зертханалық жүйесін айта кеткен жөн. Жаңа стартаптың көмегімен науқастар үйден ұзамай қызмет алуға қол жеткізді. Жобаның жұмыс алгоритмі ыңғайлы әрі түсінікті: алдымен науқас «CheckDoc.kz» сайтына кіріп, қажетті анализ түрін таңдайды, кейін call-орталықтың операторы байланысқа шығып, өтінішті нақтылайды. Келесі кезеңде «CheckDoc» медбикесі көрсетілген мекенжайға барып, анализ үлгісін алып, оны бірден зертханаға жеткізеді. Өтініш берілген сәттен бастап қызметтің орындалуына дейін шамамен 40–60 минут өтеді, зерттеу нәтижесі бір тәулік ішінде дайын болады. Анализ қорытындысын алуға емханаға барудың да қажеті жоқ, бәрі науқастың электрондық поштасына жіберіледі.
Бұған қоса фармацевтика саласында цифрландыру үрдісі жоғары. Ел арасында «Daribar.kz» деп аталатын дәрі-дәрмекті табуға арналған онлайн жүйе кең қолданыста. Мұнда Қазақстан бойынша 400-ден астам дәріхана біріктірілген – «App Store», «Google Market» желісінде бар.
Есте болса, өткен жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасы жүзеге асырылған болатын. Оның аясында азаматтарды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету басталған, яғни науқас кепілдендірілген дәрілік заттар пакетін ала алады. Қазір «Әлеуметтік әмиян» жобасына 700-ден астам мемлекеттік дәріхана қосылған, өткен жылдан бері 13,9 млн дәрі-дәрмек осы «Әлеуметтік әмиян» жобасының цифрлық тетігі арқылы алыныпты. Алдағы уақытта жобаға жекеменшік дәріханаларды тарту жоспарланып отыр.
Коллаж: Kazinform/ DALL-E/ Pixabay
Жаңа бағдарламаларды кәсіби IT-мамандар ғана әзірлеп жатыр десек, қателесеміз. Өткен жылы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Адия Қызылтаева аутизмді ерте анықтауға арналған қосымша жасап шығарған еді. «Autism Spectrum» деп аталатын стартап жүздеген баланың дер кезінде көмек алуына себеп болды.
Өткен айда ғана Astana Hub пен Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығы MedTech саласында стратегиялық әріптестік бастады. Демек, денсаулық сақтау жүйесінің цифрлық трансформациясы жалғасады деуге негіз бар.
Ортақ жүйе және цифрлық құжатӘрине, цифрландыру үрдісі жақсы-ақ, алайда жүйелердің шашыраңқы әрі басқарусыз кетуі тиімсіз. Сондықтан Президент 2024 жылғы Жолдауында медицинада ақпараттың бірыңғай дерекқорын құруды ұсынған болатын. Өзара байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен деректер базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін әзірлеуді тапсырды. Баса айтқаны, жаңа ақпарат базасы барлық денсаулық сақтау ұйымын қадағалап, олар көрсеткен деректің шынайылығын тексеруі керек.
Осыған орай жауапты министрлік Денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жеке-жеке қызмет көрсететін ақпарат жүйелерін E-Densaulyq платформасына біріктіру қолға алынған. Бүгінге дейін денсаулық сақтау саласында 17 ақпараттық жүйе бар болса, осы жүйелерді сегізге қысқарту жоспарлануда. Бәрі бірыңғай мемлекеттік медициналық дерекқорға енгізіледі.
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шорановтың айтуынша, цифрландыру және жасанды интеллект жылы медицина сапасын арттыруға ықпал етеді.
– Бұл денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық білім беруге заманауи шешімдерді енгізуге қосымша серпін береді. Бүгінде Қазақстан технологиялар, ғылым және медициналық білім бірлесе жұмыс істейтін заманауи цифрлық денсаулық сақтау экожүйесін қалыптастырып жатыр. Негізгі мақсат – әрбір азамат үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, – дейді сарапшы.
Жалпы саладағы құжат айналымын цифрландыру қарқынды жүруде. Қазір 73-анықтама, 75-анықтама, балаларға арналған электрондық паспорт, жұмысшыға арналған жеке медициналық кітапша электронды форматқа ауыстырылды. Аталған анықтамалық құжаттарды eGov арқылы алуға болады. Бұл денсаулық сақтау саласындағы алаяқтықты тежеуге мүмкіндік бермек.
Бұған дейін дәрігерлер түрлі ақпараттық жүйелерде құжат толтыруға көп уақыт жұмсайтын. Ақпараттық базаларды біріктірудің нәтижесінде енді олардың жүктемесі 40%-ке азайып отыр. Бұрынғыдай бірнеше бағдалармада қатар құжат толтырмай, тек бір жүйемен жұмыс істеуге көшкен.
Коллаж: Kazinform / Nano Banana
Марат Шоранов трасформацияның маңызды элементі – электронды денсаулық паспорттары мен электронды медициналық карталардың енгізілуі деп санайды. Осы құралдардың арқасында медициналық ақпарат үздіксіз сақталып, пациент қай жерде ем алса да дәрігерлер үшін қолжетімді болады. Яғни деректер пациентпен бірге «жүріп», емдеудің сабақтастығын қамтамасыз етеді және медициналық шешімдердің сапасын арттырады.
– Цифрлық шешімдер денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен басқаруды айтарлықтай жақсартады. Олар медициналық көмектің қолжетімділігін нақты уақыт режимінде бақылауға, көрсетілетін қызметтердің мониторингін жүргізуге, медициналық ұйымдардың тиімділігін талдауға және үлкен деректер негізінде жүйенің қажеттіліктерін болжауға мүмкіндік береді. Әсіресе медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда цифрландырудың маңызы зор, – дейді спикер.
Қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау турасындағы жұмыстарды да айтуымыз керек. Себебі көпшілік жеке мәліметтердің жария болуынан қауіптенеді. Осы орайда мемлекет қандай қадамға барады?
Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе мен медициналық деректердің бірыңғай қоймасы – Smart Data Healthcare жүйесі әзірленеді дедік. Дәл осы жүйелер QazTech платформасында орналастырылып, eGov жүйесімен біріктірілетін болды. Оған қоса медициналық ұйымдарда науқастардың нақты келуін тіркейтін Face ID тетігі енгізілген. Пациент Face ID-ді eGov Mobile қосымшасы арқылы немесе биометриялық сәйкестендіру көмегімен растауына болады.
Заманауи технологияның игілігі мұнымен шектелмейді. Өткен жылдан бастап денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем қызметкерлерін бейнежетон тағып жүруге міндеттеді. Камера, GPS және дабыл түймесі бар жаңа құрылғы Астана, Алматы, Шымкент қалаларында сынақтан өтіп жатыр. Болашақта видеожетонды емханадағы дәрігерлер мен медбикелер де пайдаланабақ.
Ерекшелігі сол, құрылғыдағы жазба автоматты түрде дерекқорға жүктеледі және дәрігерге қауіп төнген жағдайда дереу полицияға SOS дабылын жіберуге лайықталған. Жоба сынақтан сәтті өтсе, еліміздің барлық жедел жәрдем қызметкері жаңа құрылғымен қамтамасыз етілуі мүмкін.
ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Бибігүл Өмірбаеваның сөзіне сүйенсек, Қазақстанның цифрлық медицинаға көшу жоспары нақты нәтижеге негізделген.
Фото: ҚСЗИ
– Бүгінде сұранысқа ие медициналық анықтамалардың сегіз түрі (жүргізушілікке рұқсаттан бастап, еңбекке жарамсыздық парағына дейін) цифрландырылды. Өткен жылдан бері ақпараттық жүйелерде миллиондаған құжат тіркелді. Бұл дәрігерлердің қағазбастылығын азайтып, пациенттердің мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін едәуір жеңілдетті. Face ID арқылы пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жобасы орынсыз тағайындауларды 6%-ға қысқартып, 4,7 млрд теңге қаржыны үнемдеген. Жуық арада диагностиканы оңтайландыруға және қателерді азайтуға көмектесетін жасанды интеллект негізіндегі «дәрігердің көмекшісі» енгізіледі, – деді сарапшы.
Телемедицина: Шалғай елге жеткен жәрдемКейінгі жылдары денсаулық сақтау саласындағы телемедицина, яғни науқастарға қашықтан көмек көрсету дамып келеді. Ресми дерек бойынша, шалғайдағы 800-ге тарта елді мекенде алғашқы медициналық көмек пункті жоқ. Сондықтан онлайн көмек тәсілін жетілдіру аса маңызды міндетттің біріне айналған.
Бұл тұрғыда телемедицинаны ілгерілету анағұрлым тиімді әрі шығыны аз. Дәрігер жүздеген шақырым жүрмей-ақ науқаспен тікелей байланысқа шығып, көмек көрсете алады. Мысалы, елде Digital MED365 телемедициналық кешені қолданылып келеді. Жоба басталғаннан бері 100-ге тарта ауылдағы фельдшерлер 6 мыңға жуық тұрғынды тексерген.
Жүйе жұмысын қысқаша сипаттасақ, телемедицина көмегімен дәрігер 10 минуттың ішінде пациентті тексереді, ЭКГ жасауға және анализ алуға мүмкіндік бар. Автоматты түрде электронды карта әзірленіп, кейін пациент туралы барлық ақпарат өзге медициналық ұйымдарға жіберіледі. Содан соң дәрігер тікелей науқасқа немесе медицина қызметкеріне кеңес береді.
Коллаж: Kazinform / Nano Banana
Бұдан бөлек «е-Медтексеру» жобасы көмегімен адамды 5 минутта медициналық тексеруден өткізуге қауқарлы. Бұл жылына 1 миллиард теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Мұндай автоматтандырылған медициналық тексеріс өндірістегі жұмысшылар мен әскерге шақырылғандардың денсаулығын қадағалауда жиі қолданылып келеді.
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шорановтың айтуынша, телемедицина технологиялары әкімшілік кедергілерді азайтады. Дегенмен технология дәрігерді алмастырмайды, керісінше оның мүмкіндіктерін кеңейтеді.
– Цифрлық медицинаның негізгі буыны деректермен сауатты жұмыс істей алатын, аналитикалық құралдарды қолданатын және дәлелді медицина негізінде клиникалық шешім қабылдай алатын білікті маман болып қала береді. Медициналық университеттерде бұл өзгерістер білім беру ортасының бір бөлігіне айналып келеді. ҚазҰМУ-де симуляциялық оқыту инфрақұрылымы, цифрлық зертханалар және медициналық деректермен жұмыс жүйелері дамып жатыр. Бұл студенттер мен жас дәрігерлерге жаңа технологияларды оқу кезеңінде-ақ меңгеруге мүмкіндік береді, – дейді университет басшысы.
P.S. Халық денсаулық сақтау жүйесін өте қарапайым өлшеммен бағалайды: уақытылы медициналық көмек алу, шығынсыз тексерілу, сапасы ғана маңызды. Сондықтан жаңа Конституция жобасының 32-бабында азаматтардың медициналық қызмет алу құқы нақтыланды. Бұл саладағы процестерді цифрлық форматқа көшіруді біршама жеделдетері анық.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:53
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 13 Наурыз 2026 15:54 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















