Кептеліс пен қарбаластан шаршады алматылық бойжеткен мегаполиске балама тауып, өмірі қалай өзгергенін айтып берді
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Кептеліс, жұмыс кездесулері мен асығыс тірлік - Алматының үйреншікті тынысы. Алайда 26 жастағы Әсия үшін өмірдің өзгеше ырғағы бар: тау, таза ауа және отбасымен өткізген уақыт. Ол жолдасымен бірге Саты ауылына көшіп барып, Tengri Life басылымына қала сыртындағы өмірдің несімен тартымды болғанын айтып берді.
Бәрі қалай басталды?
Әсия болашақ жарымен таныспас бұрын Сатыны жақсы білетін. Университетте оқып жүрген кезінде ол курстастарымен бірге Көлсай көлдеріне барған. Сол кездің өзінде қызды жергілікті табиғат, таулар мен таза ауа таңғалдырған еді.
"Курстастарыммен Көлсайға барған едік. Сонда құрбыма: "Осында тұратын адамдар қандай бақытты! Егер менің осындай ауылым болса, қуана-қуана тұрар едім", - дегенім есімде. Жақында сол құрбым екеуміз бұл сөздерді еске алып, тағдырдың қалай жазғанына күліп алдық", - дейді Әсия.
Кейінірек ол әлеуметтік желі арқылы Мақсатпен танысады. Қыз өзінің дизайн саласындағы жұмыстарын жариялап жүрсе, жас жігіт Талғардағы мейрамхана үшін маман іздеп жүрген екен. Кейін Мақсаттың туған жері Саты екені белгілі болады.
"Біз кездесе бастағанда, ол мені күн сайын жұмыстан алып кететін және жеке студия ашу туралы арманыма үлкен қолдау көрсетті", - деп бөлісті кейіпкеріміз.
Уақыт өте келе жұптың ауылға жиі баруына мүмкіндік туады. Бастапқыда ерлі-зайыпты туыстарына сәлем беру үшін айына бір рет барып тұрады. Бірақ әр сапары сайын олар жергілікті тұрғындарға не жетіспейтінін байқай бастайды.
"Біз қалада тұрдық, бірақ айына бір рет ауылға, туыстарға келетінбіз. Әр келген сайын Сатыда барлық қажеттілікті табуға болатын, тауары мол үлкен заманауи маркеттің жоқтығы көңілімізді түсіретін", - деп жазды Әсия.
Скриншот: TikTok
Нәтижесінде ерлі-зайыпты дүкен ашуды ұйғарады. Ал Сатыдағы жеке үйлерінің құрылысы аяқталған соң, ауылда ұзақ уақыт болуға тағы бір себеп табылған.
Ерлі-зайыпты көшуге қалай бел байлады?Қала сыртында көбірек қалу идеясын Әсия ұсынған. Қызы дүниеге келгеннен кейін отбасы жарты жылдай Талғарда, тауға жақын жердегі үйде тұрады. Жас анаға тыныштық пен жайлылық сондай қатты ұнағаны сонша, ол Алматының сыртында бұдан да көп уақыт өткізуді қалайды.
Сатыдағы жеке үйлері дайын болғанда, Әсия күйеуіне сол жақта ұзағырақ тұруды ұсынады.
Қазір ерлі-зайыпты екі жерде кезектесіп тұрады. Кейде олар ауылда он күн немесе екі апта болады да, содан кейін шаруаларымен Алматыға оралады.
"Алматыда менде үнемі кездесулер, нысандар, құрылыстар және кептеліс. Кейде бір күнде сондай шаршайсың, ештеңеге күшің қалмайды. Ал Сатыда мүлдем басқаша. Мұнда менің миым тынығады: қаланың шуы жоқ, таза ауа, жанымда жарым мен балам, үйдің тамағы және табиғат", - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар Әсия жұмысынан бас тартпақ емес. Ол дизайнмен айналысуды жалғастырып, бір уақытта оннан астам жобаны қатар жүргізіп отыр. Сондықтан Алматы мен Саты арасындағы сапарлар оның күнделікті өмірінің бір бөлшегі болып қала бермек.
Әсияға ауыл өмірі несімен ұнайды?"Екі өмір салтын үйлестіру, құрылыс нысандарын үнемі бақылау және шаруалармен жүру - ең қиыны осы. Бірақ Сатыдағы өмірден бас тарту туралы ойымызға да келмеді", - деп ағынан жарылды ол.
Қала сыртындағы өмірдің басты артықшылықтарының бірі ретінде Әсия отбасымен көбірек уақыт өткізу мүмкіндігін атайды. Қалада жол мен кептеліске сағаттап уақыт кетсе, Сатыда күнделікті тіршілік шусыз және асықпай атқарылады.
Қызға адамдары бір-бірін танитын және көмекке келуге дайын тұратын шағын елді мекеннің атмосферасы да ұнайды.
"Адамдар бір-бірін таниды, араласады, көршілеріне көмектеседі. Үлкен қалада кейде осы нәрсе жетіспей жатады", - деп атап өтті ол.
Табиғаттың да алар орны ерекше. Таулар мен таза ауа Әсияны Көлсайға алғаш барғанда-ақ баурап алған.
Мұндай өмір салты ерлі-зайыптының қызы үшін де пайдалы. Жақында бір жасқа толған бүлдіршінді ата-анасы ауылға жиі апаруға тырысады.
Дәріхана мен банкоматсыз, бірақ жан тыныштығымен"Оның тек қала ортасында өсіп қана қоймай, табиғат аясында уақыт өткізуге, таза ауамен тыныстап, үлкен отбасының қасында болуға мүмкіндігі бары маған қатты ұнайды", - деді Әсия.
Қала сыртына көшу барлық тұрмыстық мәселе өздігінен шешіледі деген сөз емес. Сатыда үлкен қалаға тән инфрақұрылым жоқ: мысалы, жақын маңда дәріханалар, банкоматтар мен мейрамханалар болмауы мүмкін.
Дегенмен, ерлі-зайыпты бұл қолайсыздықтарға тез үйреніп кетті. Әсияның айтуынша, қала сыртындағы өмірдің артықшылықтары олар үшін тұрмыстық шектеулерден әлдеқайда маңыздырақ.
"Тыныштық пен қарапайым нәрселерді көбірек бағалай бастадық"Қала сыртындағы өмірдің отбасына қалай әсер еткені туралы ой бөліскен Әсия көшіп келу үйреншікті құндылықтарды қайта саралап, күнделікті өмір ырғағына жаңаша қарауға көмектескенін мойындады.
"Біз тыныштық пен қарапайым дүниелерді көбірек бағалай бастаған сияқтымыз. Бұрын үнемі бір жаққа асығып, жұмыс істеп, бәріне бірдей үлгеру керектей көрінетін. Қазір кейде қарқынды бәсеңдетудің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Әсіресе бала дүниеге келгеннен кейін. Тек мансап құрып, бизнес дамытып қана қоймай, бұл уақытты отбасыңмен бірге толыққанды өткізгің келеді", - деп бөлісті ол.
Қала шуынан алысқа кеткісі келетіндерге Әсия өзгерістерден қорықпауға кеңес береді. Оның ойынша, бірден біржола көшіп кету міндетті емес: алдымен біраз уақыт қала сыртында тұрып көріп, мұндай өмір ырғағының сәйкес келетін-келмейтінін түсінуге болады.
Оның айтуынша, қала сыртындағы атмосфера еркіндік пен үйлесімнің мүлдем өзгеше деңгейін сыйлайды, ал егер қашықтан жұмыс істеуге немесе екі жақта кезектесіп тұруға мүмкіндік болса, мұндай тәжірибе өмірдегі ең дұрыс шешімдердің бірі болары анық.
Әсияның оқиғасы - Алматы тұрғындарының Қазақстанның өзге өңірлеріндегі жайлы өмірді таңдауына жалғыз мысал емес.
Мәселен, өткен жылдың соңында Гүлназ отбасымен бірге Алматыдан Қызылордаға көшуге бел буған. Ол кезде Гүлназ Қызылордаға келгелі гипотония ұстамалары да тоқтағанын айтқан болатын. Тағы бір жағымды жайт - өмір сүру құны. Отандасымыздың айтуынша, мұнда ет, дәмханалар мен қызмет көрсету түрлері мегаполиске қарағанда едәуір арзан - кейде екі-үш есеге дейін жетеді, ал жергілікті тұрғындар әрқашан көмек қолын созуға дайын тұрады.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:37
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 19 Қазан 2026 09:34 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















