Қазақ Елінің цифрлық экономикасы: жетістіктері мен проблемалары
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Aikyn.kz цифрлық даму жолындағы еліміздің жетістіктеріне тоқталып, жаңа технологиялардың ел экономикасы мен халықтың тұрмыс сапасына ықпалын, олармен бірге ілескен проблемаларды да саралайды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәлімдеуінше, цифрлық жаңғыру жекелеген технологиялық жобалар шеңберінен шығып, жасанды интеллекті мемлекеттік басқару мен экономикаға жүйелі түрде енгізу кезеңіне өткен. Ал 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы технологиялық дамуға тың серпін берді.
Саладағы елеулі жетістіктердің бірі – электрондық үкімет жүйесінің дамуы. БҰҰ-ның E-Government Survey 2024 зерттеуіне сәйкес, Қазақстан әлемдегі 193 мемлекеттің арасында төрт саты жоғарылап, 24-орынға көтерілді. Ал онлайн қызметтер индексі бойынша әлемнің үздік он елінің қатарына енді.
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамын интернет арқылы алуға болады. 2025 жылы eGov.kz порталын пайдаланушылар саны 15,1 миллион, ал eGov Mobile мобильді қосымшасын қолданушылар 11,7 миллион болған. Қосымшаға азаматтарға қажетті қызметті оңай табуға көмектесетін eGov AI іздеу жүйесі де енгізілді.
Бұрын бірнеше мекемені аралап, ұзын-сонар кезекте тұруды қажет еткен анықтамаларды бүгінде үйден шықпай-ақ алуға болады. Бұл – цифрландырудың қарапайым азамат өміріне әкелген нақты өзгерістерінің бірі.
Қазақ Елінің технологиялық дамуындағы маңызды қадамдардың бірі – ұлттық есептеу инфрақұрылымын дамыту. Alem.Cloud суперкомпьютері әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің TOP500 халықаралық рейтингінде 86-орынға ие болды. Ол ЖИ модельдерін әзірлеуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге және ауқымды деректерді талдауға арналған.
Ұлттық жасанды интеллект платформасы да даму үстінде. Мемлекеттік органдар осы платформаның негізінде әкімшілік жұмыстарды автоматтандыруға арналған 50-ден астам ЖИ агентін әзірлеуде.Алайда жасанды интеллект индустриясын дамыту тек бағдарламалық жасақтамамен шектелмейді. Оның берік іргетасы – озық микрочиптермен жабдықталған деректер орталықтары мен халықаралық технологиялық ынтымақтастық.
Aikyn.kz Қазақ Еліне әлемдік технология индустриясының көшбасшыларын, соның ішінде NVIDIA сияқты флагмандарды тартудың маңызын ұдайы жазып келеді. «Бұл кәсіпкер миллиард доллар табу әдісін үйретеді. Бірақ оны Қазақстанға Президент шақыруы керек» атты материалымызда жасаған болжамдарымыз расталды.
Президент Тоқаевтың бастамасымен NVIDIA және америкалық Firebird компаниясымен жасалған келісімдерді еліміздің цифрлық даму саясатындағы маңызды жетістік деп санаймыз. Әңгіме Екібастұзда «Деректер орталықтарының алқабын» құру жөніндегі ауқымды жоба туралы болып отыр. Бастапқы инфрақұрылымдық қуаты шамамен 300 МВт болатын кешенді болашақта 1 ГВт-қа дейін кеңейту көзделген.
Үкімет жалпы құны 10 млрд доллар болатын келісімдер жасалғанын жариялады. Жоба аясында 100 мыңға дейін заманауи графикалық процессор пайдаланылатын есептеу кластерін құру жоспарланған.
Бұнда NVIDIA GB300 процессорлары мен Vera Rubin архитектурасы сияқты озық технологиялар қолданылмақ. Қуаты 125 МВт болатын алғашқы деректер орталығы 2027 жылы іске қосылмақшы. Жобаға NVIDIA технологиялық серіктес ретінде қатысса, Firebird есептеу инфрақұрылымын дамытуға атсалысады.
Бұл бастаманың мәні тек миллиардтаған доллар инвестиция тартуда емес. Әрине, 10 млрд доллар рекордтық қаржы. Ең бастысы, алғаш рет қазақ жеріне әлемдегі ең үздік компания келіп, ЖИ модельдерін әзірлеуге, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге және цифрлық қызметтерді экспорттауға мүмкіндік беретін технологиялық негіз жасауға қатысады.
Цифрландырудың нәтижесі әлеуметтік салада да байқала бастады. Мәселен, «Әлеуметтік әмиян» қызметі 6,7 мың мектепте енгізілген. Осы жүйе арқылы оқушыларға 49 млн тегін ыстық тамақ берілген. Ресми мәлімет бойынша, өңірлердің тиісті шығындары 15-30%-ға дейін үнемделген. Бұл мысал цифрлық технологиялардың бюджет қаражатының жұмсалуын ашық әрі тиімді етуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.Технологиялық жетістіктердің жарқын көрінісі жаңашылдықпен ілесіп жүретін проблемаларды тасада қалдырмауы тиіс. Ең алдымен, қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтық жойылған жоқ. Үкіметтің ресми дерегінше, 2025 жылдың соңына қарай 2,6 мың ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Ал 2026 жылы тағы 1,9 мың елді мекенді желіге қосу жоспарланған.
Шалғай ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін Starlink спутниктік жүйесінің қолданыла бастауы қуантады. Ауыл мектептері осы технологияның арқасында сапалы байланысқа қосылып, қала мен ауыл мектептері арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтуға қадам жасалуда.
Бүгінде интернет байланысының сапасы тек ақпарат алмасу мәселесі емес. Ол ауыл баласының сапалы білім алуына, кәсіпкерлікке, тұрғындардың мемлекеттік және медициналық қызметтерге қол жеткізуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан цифрлық теңсіздіктің болашақта әлеуметтік және экономикалық мүмкіндіктер теңсіздігіне айналмауына көңіл бөлу керек.
Тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректердің сапасы мен өзара үйлесімділігі. Түрлі ведомствоның ақпараттық қорлары бір-бірімен толық әрі тиімді байланыспаса, цифрландырудың нәтижесі де шектеледі. Бұған қоса киберқауіпсіздік, азаматтардың жеке деректерін қорғау және ЖИ қабылдайтын шешімдердің дұрыстығы ерекше назар аударуды қажет етеді.
БҰҰ бағалауына сәйкес, Қазақ Елі 2024 жылғы Жаһандық киберқауіпсіздік индексінде 100 балдың 94,04-ін жинады. Бұл – елеулі көрсеткіш. Алайда цифрлық жүйелер дамыған сайын, кибершабуылдар мен деректердің сыртқа таралу қаупі де өзекті бола түседі. Цифрлық мемлекет құру технологияны енгізумен шектелмейтінін дұрыс түсіну қажет. Еліміздің цифрлық болашағы тек заманауи жабдық сатып алуға немесе қуатты деректер орталықтарын тұрғызуға байланысты емес. Бұл жолда білікті мамандар даярлау, ЖИ жүйелерін тәуелсіз сараптамадан өткізу, қазақ тіліндегі сапалы деректер қорын қалыптастыру және цифрлық қызметтердің барлық азаматқа бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету айрықша мәнге ие.
Салалық министрліктің мәліметінше, 2025 жылы 500 мыңнан астам азамат жасанды интеллект дағдылары бойынша оқудан өткен. Ал алдағы бес жылда бұл көрсеткішті бір миллион адамға жеткізу мақсаты қойылған.
Әсіресе қазақ тіліндегі ЖИ технологияларын дамыту стратегиялық міндеттердің бірі болуы тиіс. Өйткені технологияның шынайы қолжетімділігі оның қаншалықты қуатты екенімен ғана емес, азаматтың өз ана тілінде еркін пайдалана алуымен өлшенеді.
Қазақ Елі бүгінде цифрлық экономиканың елеулі инфрақұрылымын құрып үлгерді. Цифрлық дамудың шынайы өлшемі суперкомпьютердің қуатымен немесе енгізілген платформалардың санымен анықталмайды. Оның басты көрсеткіші – технология жетістігінің әр азаматтың өмірін қаншалықты жақсарта алғанымен байланысты.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:55
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 19 Қазан 2026 09:44 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















