Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Жылап, жатып қалдым : Айнұр Тұрсынбаева күйзеліске түскен кезін еске алды

Талдықорғандағы түнгі төбелес видеоға түсіп қалды

Уақытпен үндескен ұрпақ

Қостанай облысында аурухана медициналық жабдықтарды сатып алуда бәсекелестікті әдейі шектеген

Бізге келген америкалық конгрессмендер қалалардың тазалығына таңғалды Тоқаев

Ұлттық тазалық стандартын әзірлеу қажет деп санаймын. Бұл уақыт талабы Тоқаев

Көкшетауда студент қыз көлік тұрағына байланысты ер адаммен болған жанжал кезінде жарақат алды

Димаштың Чилидегі концерті қарсаңында Қазақстанға арналған куэка орындалды (видео)

Қазақстаннан 558 спортшы қатысады: Нагояда ХХ жазғы Азия ойындары ашылды

Дания Украинаға 276 млн доллар көлемінде жаңа көмек пакетін жіберуді жоспарлап отыр

Жамбыл облысында бұрынғы әйелін қорқытқан ер адам қамауға алынды

Әрқашанда еліміз туралы ойлап, Қазақстанға қамқоршы болыңыздар Президент қазақстандықтарға үндеу жасады

Хуситтер Сауд Арабиясына зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасады

Қазақстанның бірқатар өңірінде найзағай, бұршақ пен күшті жел күтіледі

Трамп БҰҰ Бас ассамблеясында бейбіт келісімдер мен егемендікті талқылайды Уолц

Жаңа iPhone 18 сатылымға шықты: әлемнің бірнеше қаласында ұзын сонар кезек пайда болды

Цифрлық дәуірдегі дала

Қазақы тазылар асылдандыру жүйесіне енгізіледі

Қарағанды облысында 200 ге жуық шошқа тиелген жүк көлігі жол апатына түсті

90 км/сағат жылдамдық: Алматыда электр самокат мінген ер адам көз жұмды

Лизинг әлде кредит: қолайлысы қайсы?

Лизинг әлде кредит: қолайлысы қайсы?

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Сарапшылар мұның оң және теріс жақтары барын айтады. Сонымен бірге президенттік тапсырманы орындаудың тетігі, жай-жапсары да әзірге жарияланған жоқ. Мысалы, сарапшылардың мәліметі бойынша дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаларға көлік лизингке берілмейді екен. Бұл үшін нормативтік-құқықтық актілерді өзгерту талап етілуі мүмкін.  

Автоөнеркәсіп үшін игі қадам

Мемлекет бұл қадамға жеңіл авто­мо­­бильдерді шетелден шашылған күй­де әкеліп, елде құрастыратын кә­сіп­орын­дарды қосымша қолдау үшін ба­рып отырғаны мәлім. Мемлекеттің тиіс­ті шешімін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашу рәсімі бары­сында жария етті. Оның тұжырым­дауын­ша, бұл еліміздегі машина жасау са­ласын дамыту бағытындағы өте маңыз­­ды қадам.  

Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұ­рын Қостанайға сапары кезінде KIA Sportage автокөлігі өндірісінің де тұ­сауын кескен. Бұл жолы онда KIA Motors корпорациясымен жасалған ке­лі­сім­ге сәйкес зауыт ашылды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы кәсіпорын мыса­лында отан­дық көлік құрастыру саласын қолдаудың маңызына тоқ­тал­ды. KIA Qazaqstan зауы­тын салу ту­ра­лы шешім 2023 жылы қа­былданыпты, енді ашылып отыр. Қос­танайдың ин­дустриялық аймағын­дағы зауыт жы­лына 70 мың көлік өндіре алады. Инвестиция көлемі – 131,5 мил­лиард теңге. 1500 жұмыс орны ашылған. Оның өнімі Қазақстанға, Орталық Азия және ЕАЭО елдерінің нарық­тары­на шы­ғарылады деп күтіледі. 

– Зауытта өндіріс локализациясына екпін қойылып отыр. Бұл шығарылатын өнімдегі қазақстандық үлесті едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшы­лардың есебінше, автозауыттағы әрбір жұмыс орны логистика, сервис, инфра­құрылым салаларында жанама түрде 5-6 адамды жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Бұл – жай ғана өндіріс желісінің кеңеюі емес, толық өнеркәсіп кластерін қалыптастыру үшін жасалған зор қадам. Мұндай жүйеде шағын және орта бизнес тұрақты дамуға мүмкіндік алады. Өндірісті ұйымдастырудың осындай кешенді тәсілі Қостанай облысының ғана емес, тұтас еліміздің индустриялық әлеуетін күшейтеді, – деді Қ.Тоқаев. 

Ол жаңа кәсіпорынның жұмысы отандық автопарктің жаңаруына септі­гін тигізетініне, сондай-ақ қалалар мен күрежолдардағы жол қозғалысы қауіпсіздігіне оң әсер ететініне сендірді. Президент машина жасау саласына әрі қарай баса мән беретінін мәлімдеді. Былтыр осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылғыдан 2,5 есе көп. Осы үрдіс биыл жалғасқан. Жыл басынан салаға 178 миллиард теңге қаражат салынды. 2024 жылы елде 145 мыңнан астам көлік шығарылды. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай, Сораң (Саран) қалаларында автокөлік өндірісіне қатысты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Сектор 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып келеді.

Президент жақында Үкіметке экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты іс-шаралар әзірлеу туралы тапсырма беріп, осыған байланысты бірқатар маңызды шешім қабылданға­нын жеткізді.

– Соған сәйкес енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокө­ліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз. Әлемдік озық талаптарға сай көліктерімізді сыртқы нарыққа, яғни шетелге шығаруға мүмкіндік болмақ. Қазақстан жаһандық автокөлік өнеркәсібінің дамуына бар күш-жігерін салуға дайын, – деді Президент.

Лизингтің арғы жағы, бергі жағы...

Мемлекет басшысы мәлімдеген лизингке бюджеттен қанша ақша шығындалатыны да әзірге беймәлім. «Отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл ав­токөлік сатып алуын қаржыландыру бағдарламаларын одан әрі жалғасты­рады. Жеке тұлғаларға жеңіл автокө­лік сатып алу бойынша лизинг тетігі енгізіледі. Бұл азаматтардың автокөлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған», – деп қысқаша түсініктеме берді Үкімет.

Жалпы, лизинг деген не? «Техникалық лизинг – автомобильді, арнайы тех­никаны, ауыл шаруашылығы техникасын және басқасын кейіннен сатып алу құқығымен жалға алу деген сөз. Клиент лизингтік шарттың қолданысы аяқ­талғанша машинаны пайдаланады және ай сайын аударым жасайды. Төлем енгізген сайын авто құны үнемі төмендеп отырады. Келісім мерзімі аяқталған соң қалған соманы төлеп, автокөлікті толық сатып алуға немесе алудан бас тартуға болады. Схема былайша жұмыс істейді: лизингтік компания немесе банк өз клиентін қызықтыратын машинаны сатып алып, содан кейін оны кәсіпкерге жалға ұсынады», – деп түсіндірді «Центр Кредит банкі» мамандары. 

Банк автокредит пен лизингтің келе­сі қолайлы және қолайсыз тұстары­на на­зар аудартты. Біріншіден, егер сіз кредитке ресімдесеңіз, бірден авто­мо­бильдің иесіне айналасыз. Ал бағдарлама лизингтік болса, көлік толық сатып алынғанға дейін лизингтік компания­ның меншігі саналады. Екіншіден, амортизация кредит құнына еш әсер етпейді. Кейіннен сатып алу құқығымен жалдауда амортизация коэффициенті пайдаланылады. Үшіншіден, әдетте автокредитте пайыздық мөлшерлеме қатаң бекітіледі. Лизингтік шарттарда машина құнын ғана емес, банктің не лизингтік компанияның оны сатып алуға жұмсаған шығындарын, ко­миссиясын және басқасын сіз төлейсіз. 

Төртіншіден, автокредитті ресімдеу кезінде кепілгер-гарант немесе кепілзат талап етіледі. Мұндай тәжірибе лизингте жоқ, себебі автокөлік онсыз да лизингтік компанияның меншігі. Бесіншіден, кредитте мерзімінен бұрын өтеу (дос­рочное погашение) бар, лизингте жоқ. Алтыншыдан, банк мамандарының мәліметі бойынша автокредит алғанда, бастапқы жарна талап етпеуі мүмкін. Ал лизингте бастапқы жарна – міндетті шарт. Ол автомобиль құнының 10%-ынан жоғары. 

Елордалық автосалон менеджері Үміт Құралбай жеке тұлғаларға көлікті лизингке алғаннан гөрі несиеге ресімдеген әлдеқайда тиімді екенін әңгімеледі: «Дара кәсіпкер мәртебесі жоқ жеке тұлғаларға әзірге автокөлік құралы лизингке берілмейді. Мүмкін, Пре­зиденттің өзі міндет қойса, жағдай өзгеретін болар. Қазіргі кезде тіпті қо­лында көліктің толық сомасы бар клиент­тің өзі машинаны несиеге ре­сімдейді. Шамалыдан соң бүкіл құнын төлеп, кредитін жауып тастайды. Неге? Мәселен, кредитке берілетін автомобильге кейде салмақты жеңілдік қарастырылады. Сондай-ақ автокредит алғаны үшін кейбір банк тұтынушысына тегін сақ­тандыру, комфорт-премиум комплек­тацияны, түрлі аксессуарларды сыйға тартуы ықтимал», – деді сарапшы. 

Оның айтуынша, лизингтегі автокө­ліктің құжаттары иесінің қолына бе­рілмейді. Бұл біраз жағдайда қиындық әкеледі. Әйткенмен, оның басты бір артықшылығы – амортизация нәти­жесінде ай сайынғы төлемі жыл сайын азаюы мүмкін. Бұл оны бұқараға қол­жетімді етер еді.

– Лизинг пен кредиттің оң жақтары да, теріс жақтары да бар. Екеуінің біре­уін таңдамас бұрын мақсатыңызды айқындап алыңыз. Егер автомобильді уақытша пайдаланғыңыз және жиі ауыстырғыңыз келсе, онда лизинг қолайлы. Егер машинаға ұзақ уақыт иелік етуді және толық меншігіңізде болуын қаласаңыз, кредит дұрысырақ. Екі нұсқаның бірін таңдамас бұрын маманға екеуінің де толық құнын есептеткізіп, салыстырып көріңіз. Әдетте жеке тұлғалар үшін көлікті лизингке алу өзін-өзі ақтамайды, босқа қосымша шығын шегуі мүмкін, – деді Ү.Құралбай.

Өйткені лизинг берушілер көбіне, автокөліктің ай сайынғы төлеміне сақ­тандыру шығыстарын, мемлекетке тө­лейтін алым-салықтарын, қызмет көр­сету шығындарын және басқасы­ның бәрін қосады. Бұған қоса, көлік лизинг кезінде апатқа түспеуі үшін жылдам­дықты шектеуі мүмкін. Ал егер кредитке алсаңыз, бұл енді сіздің көлігіңіз: трассадағы жылдамдық шектеуі аясында қалай құйғытамын десеңіз де өзіңіз білесіз.

Сарапшының пікірінше, лизинг негізінен бизнес үшін қолайлы: кәсіпкер-компаниялар осы арқылы салықтарын азайтады, салықтық шегерімді қолданады. Қолданыстағы заңнамада жеке тұлға­лардың лизингі үшін салықтық жеңілдік қарастырылмаған. 

Көшедегі көлік саны күрт өспек

Сонымен мамандар лизинг пен кредиттің келесі оң және теріс жақтарын атады. Автокредиттің «плюсы»: бірін­шіден, сіз бірден автокөліктің толыққанды меншік иесіне айналасыз. Бұл құқықтан тек несиеңізді өтемесеңіз айырыласыз. Екіншіден, бастапқы жарна талап етілмеуі мүмкін. Үшіншіден, машинаны қалай пайдаланамын, қалай және қайда жүргіземін десеңіз де шектеу жоқ. Төр­тін­шіден, Қазақстанда мемлекет немесе автоөндірушілер тарапынан дүркін-дүркін үлкен жеңілдікпен, арзан авто­кредит беріледі. Бесіншіден, нарықта автокредит бойынша ұсыныстардың алуан түрі бар. Мұнда бәсекелестік жоғары болғандықтан, ең тиімдісін таңдай аласыз. 

Кредиттің «минусы» ретінде, бірін­шіден, көлігіңізге қызмет көрсету үшін өз қалтаңыздан қосымша шығын шы­ғаратыныңыз (лизингте лизинг беруші қызмет көрсетеді), екіншіден, несиені ай сайын уақытылы төлеп тұру міндетті екені (онсыз айыппұл салынады), үшін­шіден, көліктің салықтары мен сақ­тандыруын өз бетіңізше төлеуге тура келетіні аталды.  

Лизингтің оң жақтарына, біріншіден, амортизация және көліктің ескіруі ай сайынғы төлемді азайтатыны, екіншіден, ресімдеу процедурасының жеңілдігі, құжаттардың шағын ғана топтамасы қажет етілетіні жатқызылды. Үшіншіден, көліктің салықтары мен сақтандыруын жеке төлемейсіз (ол онсыз да ай сайынғы төлемге қосылған). Төртіншіден, төлем енгізу кестесі икемді болуы, төлемі сәл кешіктірілсе айыппұл салынбауы ықтимал (егер келісімшартта солай көрсетілсе). Бесіншіден, автомобильді сатпай-ақ жиі ауыстыруға мүмкіндік береді.

Лизингтің теріс жақтары жетерлік. Біріншіден, толық ақысын төлеп бол­ғанша, яғни жылдар бойы сіз автокөлік­тің түпкілікті қожайыны болмайсыз, барлық құжат лизинг берушінің сейфінде сақталады. Екіншіден, түбегейлі сатып алғанға дейін көлігін қиратып, бүлдіріп тастамауы үшін компания қаптаған шектеу қоюы мүмкін. Оларды орында­масаңыз, шарт біржақты бұзылады және бұған дейін жылдар бойы енгізген ақыңыз қайтарылмайды. Үшіншіден, лизинг беруші ай сайын төлеттіретін төлеміне жасырын төлемдер мен комиссиясын қоса салады. Салдарынан, ақыр соңын­да бір автокөлік орнына екеуінің, тіпті үшеуінің құнын өндіртіп алса, таңғал­маңыз.  

Экономист Бауыржан Ысқақов жеке тұлғаларға арналған лизингтік бағдар­ламалар қазірден іске қосылып жатқанын жеткізді. Ол қатардағы автокредитке қарағанда, қаржылық лизингте ай са­йынғы төлемдер әлдеқайда төмен бола­тынына сенімді.

– Неге олай? Автокредитте ай са­йынғы төлемдер автомобильдің толық құны негізінде есептеледі. Өйткені сіз оны жаңа көлік ретінде толыққанды сатып аласыз. Ал лизингте оның амор­тизациясы ескеріледі. Тиісінше, көлік ескірген сайын ай сайынғы төлем 15-30%-ға азаюы мүмкін. Бірақ бір гәп бар: лизинг беруші қосымша комиссия­ла­рын, келісімшартта көрсетілген өзге де талаптарын қосатындықтан, әу бастан автомобильдің жалпы құны ең кемі 5-10% қымбат болады, – деді Б.Ысқақов.

Оның айтуынша, ай сайынғы қар­жылық жүктемесінің аздау болуы нә­тижесінде лизинг классикалық кредит­теуге қарағанда, қазақстандықтарға мей­лінше жоғары сыныптағы автокө­ліктерді сатып алуға мүмкіндік береді.  

– Мемлекет жеңілдікті автокредиттеу бағдарламаларын субсидиялауды жалғастырды. Соған қосымша лизинг тетігін дамытады. Жеңілдікті автонесие­лендіру мен лизинг қосыла келе, отандық көліктерге деген сұранысты күрт артты­рады. Осы арқылы мемлекет отандық автоөнеркәсіпті тікелей қолдауды кү­шейтті. Бұл елде жаңа жұмыс орында­рының ашылуына, салық түсімдерінің ұлғаюына және экономиканың өсуіне септеседі. Лизинг бағдарламасын қазақ­стандық өндірушілер үйлестіреді. Бұдан тиімділік болады деген ойдамын, – деді сарапшы.

Сонымен бірге Бауыржан Ысқақов бұл екі нұсқаның бірін таңдауға байыппен келу керегін ескертті: мысалы, қолда­ныстағы лизинг бағдарламалары өз жарнамасында «нөлдік пайыздық мөл­шерлемемен» қызықтырып жатыр. 

– Бұған құлай сенуге болмайды, сақтық танытқан жөн. Пайызсыз лизинг болмайды, бұл жай ғана маркетингтік айла. Шынайы қаржылық жүктемені олар қосымша комиссияларға, міндетті әрі қымбаттау автосақтандыруға жасырады немесе лизингке алуға болатын автомобиль модельдеріне шектеу қояды, – деді экономист. 

Мысалы, сіз лизингке арзандау седанды алғыңыз келді делік. Алайда автоөндірушілер ол модельдерін онсыз да өткізеді. Сондықтан лизинг арқылы клиенттерге бағасы жоғары универсал, хэтчбек, кроссоверлерді, жол талғамайтын көліктерді, тіпті премиум, люкс сынып­тағы (F-класс) флагмандық автомо­биль­дерін тықпалауы мүмкін. Мұндай жағ­дайда халық көлікке жоспарлағаннан әлдеқайда көбірек шығындалуға мәжбүрленеді. 

«Астана Бас жоспары» ҒЗИ-дің Урба­нистика орталығы басшысының орын­басары Бақтияр Бекенов журна­листерге сұхбатында қазақстандықтарды жеке көлікті сатып алуға ынталан­дыр­маған жөн екенін ескертті. Маманның ұстаны­мынша, керісінше, халықты қоғамдық көлікті пайдалануға көшуге иліктірген маңызды. Тұрғындарының 80%-ға дейінгісі автобус, такси, трамвай, метро секілді қоғамдық көлікті пайда­ланатын Лондон, Париж, Ыстанбұл іспеттес ірі мега­по­листердің ізгі тәжірибесі осыны көрсетті. Ал Астанада Министрліктер үйінен «Хан Шатырға» жету үшін кешкі кептелісте бір сағатқа жуық уақыт кетеді.

– Көлік тығындарымен күрес тек қоғамдық көлікті дамыту арқылы жүр­гізілсе табысты болады! Көшені қанша кеңейтсең де кептеліс мәселесін шешуге көмегі шамалы. Мұның сыртында бүгінде мемлекет жеңілдікті автокредиттеу бағ­дарламалары арқылы халықтың жеке көлік алуын ынталандыру үстінде. Оған лизинг қосылса, жолдағы жеке авто­мобиль легі тоқтаусыз артады. Мемлекет қоғамдық көлікті дамытуға екпін түсіргені абзал, – деді урбанист.  

Қазіргі кезде Алматы көшелеріне күн сайын 800 мыңнан астам көлік шығады. Астананың өзінде 500 мыңға жуық жеке автомобиль тіркелген. Шымкент жолдарында 270 мыңнан аса машина жүйткіп жүр. Қала салу ма­мандары мен экологтар лизингтің жеке көлікті қолжетімді етуі қордаланған проблемаларды тіпті ушықтырып жібереді деп қауіптенеді. Олай болса, лизинг бағдарламасына бюджет қаржысын шашпас бұрын Үкімет оның халыққа және мемлекетке қаншалықты керектігін тағы бір пысықтап алса, артық болмас еді. Әйтпесе, әлемжелідегі пікірлер әкетіп бара жатқан қажеттілігі болмаса да, автобусты пайдаланудан арланған­дықтан ғана автомобиль сатып ал­ғандардың барын паш етті.

Елдос СЕНБАЙ

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
seeКөрілімдер:193
embedДереккөз:https://aikyn.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 04 Қараша 2025 06:40
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Жылап, жатып қалдым : Айнұр Тұрсынбаева күйзеліске түскен кезін еске алды

18 Қыркүйек 2026 21:42see157

Талдықорғандағы түнгі төбелес видеоға түсіп қалды

19 Қыркүйек 2026 09:36see153

Уақытпен үндескен ұрпақ

19 Қыркүйек 2026 05:07see145

Қостанай облысында аурухана медициналық жабдықтарды сатып алуда бәсекелестікті әдейі шектеген

19 Қыркүйек 2026 11:28see143

Бізге келген америкалық конгрессмендер қалалардың тазалығына таңғалды Тоқаев

19 Қыркүйек 2026 17:11see142

Ұлттық тазалық стандартын әзірлеу қажет деп санаймын. Бұл уақыт талабы Тоқаев

19 Қыркүйек 2026 15:29see141

Көкшетауда студент қыз көлік тұрағына байланысты ер адаммен болған жанжал кезінде жарақат алды

19 Қыркүйек 2026 10:05see141

Димаштың Чилидегі концерті қарсаңында Қазақстанға арналған куэка орындалды (видео)

19 Қыркүйек 2026 00:23see139

Қазақстаннан 558 спортшы қатысады: Нагояда ХХ жазғы Азия ойындары ашылды

19 Қыркүйек 2026 19:12see135

Дания Украинаға 276 млн доллар көлемінде жаңа көмек пакетін жіберуді жоспарлап отыр

19 Қыркүйек 2026 20:17see132

Жамбыл облысында бұрынғы әйелін қорқытқан ер адам қамауға алынды

19 Қыркүйек 2026 20:17see132

Әрқашанда еліміз туралы ойлап, Қазақстанға қамқоршы болыңыздар Президент қазақстандықтарға үндеу жасады

19 Қыркүйек 2026 17:01see129

Хуситтер Сауд Арабиясына зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасады

20 Қыркүйек 2026 09:51see125

Қазақстанның бірқатар өңірінде найзағай, бұршақ пен күшті жел күтіледі

20 Қыркүйек 2026 09:27see125

Трамп БҰҰ Бас ассамблеясында бейбіт келісімдер мен егемендікті талқылайды Уолц

20 Қыркүйек 2026 11:06see119

Жаңа iPhone 18 сатылымға шықты: әлемнің бірнеше қаласында ұзын сонар кезек пайда болды

19 Қыркүйек 2026 14:33see117

Цифрлық дәуірдегі дала

19 Қыркүйек 2026 06:47see117

Қазақы тазылар асылдандыру жүйесіне енгізіледі

20 Қыркүйек 2026 11:51see116

Қарағанды облысында 200 ге жуық шошқа тиелген жүк көлігі жол апатына түсті

19 Қыркүйек 2026 13:07see116

90 км/сағат жылдамдық: Алматыда электр самокат мінген ер адам көз жұмды

20 Қыркүйек 2026 08:01see115
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары