Мерейі тасыған Марқакөл
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында экономиканы әртараптандыру, цифрлық өзгерістерді жеделдету, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелерін мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары ретінде айқындаған болатын. Бұл міндеттер Марқакөл ауданында да жүйелі түрде іске асырылып келеді.
Бүгінде ауданның дамуы бір ғана бағытпен шектелмейді. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, инфрақұрылым, әлеуметтік сала – осының барлығы өзара сабақтасып, өңірдің тұрақты дамуына негіз қалыптастыруда. Жаңадан құрылған аудан болғанына қарамастан, қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылған жұмыстар оның болашағына деген сенімді күшейтіп отыр.
ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ АУДАН
Аудан құрамына бес ауылдық округ пен 23 елді мекен кіреді. Оның ішінде 17 ауыл мемлекеттік шекарадан 50 шақырымдық белдеуде орналасқан. 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң нәтижелерге жетті. Мысалы, өнеркәсіп өнімінің көлемі 7,3 миллиард теңгеге барып, нақты көлем индексі 140,5 пайызды құрады. Әсіресе тау-кен өнеркәсібінде жоғары өсім байқалып, өндіріс көлемі 4 миллиард теңгеге жетсе, нақты көлем индексі 160,1 пайыз болды. Бұл өңірдегі өндірістік әлеуеттің артып келе жатқанын және инвестициялық белсенділіктің күшейгенін көрсетеді.
Өңдеу өнеркәсібінде де оң өзгерістер жалғасуда. Саладағы өндіріс көлемі 2,9 миллиард теңгені құрады. Бұл жергілікті шикізатты өңдеу үлесінің біртіндеп ұлғайып келе жатқанын білдіреді. Алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібін дамыту аудан экономикасының басты бағыттарының бірі болып қала береді.
Экономиканың негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылығы да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға өсіп, 2,9 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш шаруалардың еңбегі мен мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін дәлелдейді.
Инвестициялық белсенділік те артып келеді. Биылғы бес айдың өзінде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 365,1 миллион теңгені құрады. Бұл қаражаттың басым бөлігі өндірісті жаңғыртуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жобаларды іске асыруға бағытталуда.
Қазір аудан аумағында 552 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жергілікті кәсіпкерлердің экономиканы дамытудағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы арқылы кәсіпкерлік саласы жаңа серпін алып, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ықпал етуде.
Кейінгі жылдары ауданның дамуында ең маңызды ерекшеліктің бірі – барлық саладағы жұмыстардың кешенді түрде жүргізілуі. Бұрын жеке-жеке қарастырылып келген мәселелер бүгінде біртұтас даму стратегиясының құрамдас бөлігіне айналған. Экономиканы дамыту әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартумен қатар жүзеге асырылса, туризм жол салу және абаттандыру жұмыстарымен қатар өрістеуде.
Марқакөлдің табиғаты – оның ең үлкен байлығы. Биік Алтайдың баурайында орналасқан көл, қалың орман, саф ауа мен қайталанбас ландшафт жыл сайын мыңдаған туристің қызығушылығын тудырады. Сондықтан ауданның болашақ дамуы табиғатты сақтай отырып, экологиялық туризмді өркендетумен де тығыз байланысты.
Сонымен бірге ауданның дамуы ең алдымен еңбек адамдарының еңбегімен өлшенеді. Мал шаруашылығын өркендетіп отырған шаруалар, кәсіп ашып жатқан жастар, әлеуметтік нысандарда қызмет ететін мамандар, мектеп пен аурухана қызметкерлері – барлығы да өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары осы еңбектің нәтижелі болуына мүмкіндік жасап отыр.
Марқакөл ауданы туралы сөз болғанда ең алдымен ойға оралатын сала – ауыл шаруашылығы. Бұл – ғасырлар бойы өңір тұрғындарының негізгі кәсібіне айналған, атадан балаға жалғасқан еңбек мектебі. Кең жайылымы, шұрайлы шабындығы, табиғи ерекшелігі мал өсіруге қолайлы бұл өлке бүгінде де аграрлық бағыттағы аудан ретінде өзінің әлеуетін толық сақтап отыр. Аудан экономикасының негізгі үлесі дәл осы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі.
Жер – ауылдың ең басты байлығы. Сондықтан оны тиімді пайдалану мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі саналады. Осы мақсатта пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
2026 жылға жоспарланған 4 500 гектар жерді қайтару жоспарының алғашқы жартыжылдығында-ақ 3 435 гектары мемлекетке қайтарылды. Бұл жоспардың 76 пайыздан астамының орындалғанын көрсетеді. Жер қатынастары саласындағы тәртіп ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз болады.
Көктемгі дала жұмыстары аудан бойынша ұйымдасқан түрде жүргізілді. Ауа райының ерекшеліктеріне қарамастан, шаруалар белгіленген агротехникалық мерзімдерді сақтап, барлық негізгі жұмыстарды уақытында аяқтады.
Марқакөлдің басты байлығы – төрт түлік. Табиғаты мал өсіруге қолайлы өңірде бүгінде барлық шаруашылық санаттары бойынша ірі қара саны 40 мың бастан асады. Ұсақ мал саны 64 мыңнан артық болса, жылқы саны 24 мыңнан асып отыр. Сонымен қатар құс шаруашылығы да біртіндеп дамып келеді.
Бұл көрсеткіштер ауданның мал шаруашылығы бағытындағы әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді. Әсіресе ет және сүт өндірісін ұлғайту, асылтұқымды мал басын көбейту, өнімнің сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мал басының көбеюімен бірге ветеринариялық қауіпсіздік мәселесі де ерекше назарда тұр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары тұрақты жүргізілуде.
Сонымен қатар фитосанитариялық қауіпсіздік те назардан тыс қалған жоқ. Республикалық әдістемелік орталықтың мәліметіне сәйкес, аудан аумағында зиянкестер мен өсімдік ауруларының алдын алу мақсатында кең көлемді өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Суармалы егіншіліктің тиімділігі көбіне ирригациялық жүйелердің жағдайына байланысты. Осыған байланысты аудандағы су арналары кезең-кезеңімен тазартылып келеді. «Қазсушар» мекемесінің теңгеріміндегі магистралды каналдардың бірнешеуі тазартылып, олардың су өткізу мүмкіндігі қалпына келтірілді. Мұндай жұмыстар көктемгі және жазғы маусымда су тапшылығының алдын алып, шаруалардың еңбегін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Марқакөл ауданында 337 шаруа қожалығы мен 27 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істейді. Бұл ауыл кәсіпкерлерінің жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын және ауыл экономикасының нығайып отырғанын көрсетеді.
Мемлекеттік қолдау ауыл еңбеккерлеріне жаңа мүмкіндік ашуда. Жыл басынан бері лизингтік бағдарламалар арқылы жеті шаруа қожалығы жалпы құны 130 миллион теңгеден асатын жеті бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Заманауи техника – өнімділікті арттырудың басты кепілі. Бүгінде жаңа тракторлар, шөп шабатын кешендер мен басқа да техникалардың көмегімен еңбек өнімділігі артып, шығын көлемі азайып келеді. Ауыл шаруашылығын дамыту тек экономикалық көрсеткіштерді жақсартумен шектелмейді. Бұл – ауылдағы халықтың әл-ауқатын арттыру, жастардың туған жерде тұрақтауына жағдай жасау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұлттық дәстүрлі кәсіпті сақтау деген сөз.
КӨРКЕМ ТАБИҒАТ – ТАБЫС КІЛТІ
Экономиканың аграрлық әлеуетімен қатар Марқакөлдің тағы бір үлкен мүмкіндігі – табиғаты мен туристік тартымдылығы. Соңғы жылдары ауданның бұл саладағы әлеуетін тиімді пайдалану бағытында да ауқымды жобалар қолға алынуда.
Марқакөл десе, ең алдымен көз алдымызға тұмса табиғат, көгілдір көл, қалың орман мен асқар Алтайдың көркем келбеті келеді. Бұл өлке – тек шығыс өңірінің ғана емес, бүкіл Қазақстанның табиғи інжу-маржандарының бірі. Сондықтан кейінгі жылдары аудан экономикасын әртараптандыру барысында туризм саласына ерекше басымдық беріліп отыр.
Марқакөл ауданында туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламалармен қатар жеке инвестициялар арқылы да қарқын алып келеді. Әсіресе көл жағасындағы Урунхайка ауылы бүгінде экологиялық туризмнің орталығына айналуға бет бұрды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы құны 61 миллион теңгені құрайтын екі жоба мақұлданды. Оның бірі – Урунхайка ауылында кішігірім қонақүй салуға бағытталған «Марқакөл Экоплаза» жобасы болса, екіншісі – «Хадия» өндірістік кооперативінің демалыс базасын салу бастамасы.
Туризмнің дамуына жеке инвесторлардың қызығушылығы да жылдан-жылға артып келеді. Соның жарқын мысалы – Markakol Lodge жобасы. Жеке қаражат есебінен Урунхайка ауылында алты заманауи глэмпинг үйі салынды. Бұл бастамалар ауданның туристік әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Ең бастысы – табиғатты сақтау мен туризмді дамыту қатар жүргізілуде.
Урунхайка ауылының «Шығыс Қазақстан облысының үздік рекреациялық туристік аймағы» байқауында жеңімпаз атануы да өңір үшін үлкен жетістік болды. Осы жеңістің нәтижесінде ауыл инфрақұрылымын дамытуға 200 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Былтыр оның алғашқы 100 миллион теңгесі игеріліп, бірқатар жұмыс атқарылды. Қалған қаражатты игеру биылғы жылға жоспарланған.
Туризмнің табысты болуы ең алдымен жолдың сапасына байланысты. Жол бар жерде қатынас бар, қатынас бар жерде кәсіп дамиды. Сондықтан аудан жолдарын жөндеу және жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Марқакөл ауданындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 393 шақырымды құрайды. Оның 77 шақырымы республикалық, 146 шақырымы облыстық және 170 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Бұл жолдар тек ауылдарды бір-бірімен байланыстырып қана қоймай, шекаралық өңірдің әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылым саналады.
Аудан жолдарын кезең-кезеңімен жаңғырту алдағы жылдары да жалғасады. Қазір бірнеше ірі жол учаскесіне орташа жөндеу жүргізудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – ӨҢІРДІҢ ІРГЕТАСЫ
Халықты баспанамен қамтамасыз ету – мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Марқакөл ауданында тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан осал азаматтарға арналған 12 жеке тұрғын үй, яғни 24 пәтер салынуда.
Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде басталып, инженерлік-коммуникациялық желілерді толық жеткізу бойынша мердігер ұйымдармен арнайы келісімдер жасалды. Жоспар бойынша тұрғын үйлер пайдалануға берілгеннен кейін олар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестіріледі. Бүгінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде ондаған отбасы тұр. Сондықтан жаңа баспаналардың салынуы көптеген отбасы үшін маңызды әлеуметтік қолдау болмақ.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Марқакөл ауылында оффтейк келісімшарттары негізінде отыз пәтерлі үш қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Әсіресе жылумен қамту жүйесін жаңғырту алдағы жылдардың басты жобаларының бірі болып отыр.
Қазір аудан орталығындағы орталықтандырылған жылу жүйесі «Теректі» коммуналдық мекемесінің қазандығы арқылы жұмыс істейді. Дегенмен ауданның даму қарқыны жаңа инженерлік шешімдерді қажет етеді. Сондықтан Марқакөл ауылында қуаттылығы алты гигакалория болатын жаңа орталық қазандық пен ұзындығы он екі шақырымға жуық жылу желілерін салу жобасы әзірленуде.
Сонымен бірге аудан орталығының қолданыстағы жылу желілерін толық жаңғырту жобасы дайындалып, оған оң қорытынды алынды. Жалпы құны бірнеше миллиард теңгені құрайтын бұл жоба жүзеге асқанда жылумен қамтамасыз ету сапасы айтарлықтай жақсарады. Осы өзгерістің барлығы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Кез келген өңірдің дамуы экономикалық көрсеткіштермен ғана бағаланбайды. Халықтың денсаулығы, білім сапасы, мәдениеті, спортпен айналысу мүмкіндігі, өмір сүруге қолайлы ортасы – мұның барлығы қоғамның әл-ауқатын айқындайтын маңызды көрсеткіштер. Осы тұрғыдан алғанда Марқакөл ауданында әлеуметтік саланы дамытуға ерекше назар аударылып келеді.
«Қуатты өңір – қуатты мемлекет» қағидаты ең алдымен ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырудан басталады. Сондықтан кейінгі жылдары ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Ең алдымен денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер байқалады. Бүгінде аудан тұрғындарына бір аудандық аурухана, үш дәрігерлік амбулатория және 16 медициналық пункт қызмет көрсетеді.
Ауылдық жердегі медициналық көмектің қолжетімділігі – халықтың өмір сүру сапасын арттырудың басты шарттарының бірі. Осы бағытта материалдық-техникалық базаны нығайту, мамандармен қамтамасыз ету және медициналық қызметтің сапасын көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қазір аудандағы денсаулық сақтау ұйымдарының жабдықталу деңгейі 84 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
Білім беру саласы да өңір дамуының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Марқакөл ауданында бүгінде 19 мектеп, бір балабақша және бір шығармашылық үйі жұмыс істейді. Бұл білім беру ұйымдары ауыл балаларының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік жасап отыр.
Қазір білім беру цифрлық технологиялармен тығыз байланысты. Сондықтан интернет желісінің сапасын арттыру ауыл мектептерінің мүмкіндігін кеңейтіп, оқушылардың әлемдік білім ресурстарына қол жеткізуіне жол ашады. Биыл аудандағы бірқатар білім беру мекемесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар оффтейк келісімшарттары аясында Тосқайын мен Қайнарлы ауылдарында жаңа оқу-әкімшілік орталықтарының құрылысы іске асырылып жатыр.
Ауданда мәдениет үйлері, ауылдық клубтар мен кітапханалар халыққа тұрақты қызмет көрсетуде. Бұл мекемелер ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, мәдени өмірдің жандануына ықпал етеді.
Спорт саласында да оң өзгерістер аз емес. Ауданда стадиондар, спорт залдары, хоккей алаңдары, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт алаңдары халық игілігіне қызмет етуде. Инфрақұрылыммен қамту деңгейінің жоғары болуы тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік береді.
Өңірдің мәдени брендингін қалыптастыруда бұқаралық іс-шаралардың да маңызы зор. Биыл аудан аумағында «Марқакөл – Шығыстың маржаны» мәдени-көпшілік іс-шарасын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар «МарқаFest» фестивалі де өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, ұлттық мәдениетті дәріптеуге және ауданның табиғи ерекшелігін кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды жобалардың бірі болды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан көлемінде ағаш көшеттері отырғызылып, қоршаған ортаны қорғауға арналған көптеген экологиялық акция өткізілуде.
Бүгінгі Марқакөл – өзгерістер жолына түскен аудан. Экономикасы тұрақты өсіп келе жатқан, ауыл шаруашылығы дамып жатқан, инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, туризмге тың серпін берілген, әлеуметтік инфрақұрылымы жаңарып жатқан өңір. Әрбір саланың дамуында нақты нәтижелер бар. Мемлекеттік қолдау, халықтың ауызбіршілігі және жүйелі жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде аудан алдағы жылдары да өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақты жалғастырып, Шығыс Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналары сөзсіз.
Марқакөл ауданының бүгінгі даму қарқыны – ең алдымен мемлекеттік қолдаудың, жергілікті атқарушы органдардың жүйелі жұмысының және аудан тұрғындарының белсенді еңбегінің нәтижесі. Бұл жұмыстарға Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі тарапынан ерекше назар аударылып келеді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жас ауданның қалыптасуы мен тұрақты дамуын маңызды басымдықтардың бірі ретінде қарастырып, Марқакөлдің әлеуетін толық пайдалану, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Алдағы уақытта да ауданның экономикалық қуатын арттыру, ауылдық аумақтарды дамыту, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту және халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Себебі Марқакөлдің өркендеуі – тек бір ауданның жетістігі емес, бүкіл Шығыс Қазақстанның тұрақты дамуына қосылған маңызды үлес.
М.ТӨЛЕУ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:52
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 09 Шілде 2026 05:03 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















