Мұғалімдердің білім сапасы қай деңгейде?
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ел түзету ісін бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген еді. Бала оқыту ісіндегі басты мәселе – маман мәселесі. Кез келген саланың дамуы сондағы қызмет ететіндердің кәсіби әлеуетіне тікелей тәуелді. Ендеше, білім саласындағы мамандардың біліктілік деңгейі қандай?
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Сандар «сыр жасырмайды»
Мектепке дейінгі білім. Салмақты сұраққа жауап іздеп 2025 жылға арналған Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің ахуалы мен дамуы туралы ұлттық баяндамасын парақтадық. Сондағы деректерге сүйенсек, мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогикалық кадрлардың саны 2024 жылы 42 667 адамды құраған. Соның ішінде 28 мыңдай балабақша маманының 32 пайызы (13 566 адам) колледж дипломымен жұмыс істейді, 65 пайызының (27 849 адам) жоғары білімі бар, магистр, PhD дәрежесін алғандардың (небәрі 704 адам) үлесі 2 пайызды құрайды.
Біліктілігіне қарай жіліктесек, балабақша мамандарының ең көп үлесі, 55 пайызы – қатардағы педагогтер, яғни көбінде біліктілік санаты жоқ. 30 пайызы модератор, 9 пайызы сарапшы (1-санат), 5 пайызы зерттеуші (жоғары санат), 0,1% пайызы педагог-шебер санатына ие. Педагогтердің еңбек өтіліне қарай тоқталсақ. Саны ең көп топ, яғни 51 пайызы – еңбек өтілі 5 жылға дейінгі педагогтер, 20 пайызы – 6 жылдан 10 жылға дейінгі, 12 пайызы – 11 жылдан 15 жылға дейінгі, 19 пайызы – 16 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлер. Жалпы алғанда, педагогикалық құрам құрылымында еңбек өтілі аз мамандар басым.
Орта білім. 2024 жылғы есеп бойынша еліміздің жалпы орта білім беру жүйесінде 406 631 педагог жұмыс істеген. Педагогтердің 94%-ы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, ал тек 6%-ында техникалық және кәсіптік білім алған. 2024 жылғы педагогикалық құрамның біліктілік құрылымы мынадай: педагогтердің 24,3%-ы «педагог» санатына ие, 29,9%-ы – «педагог-модератор» немесе екінші санаттағы педагог, 24,5%-ы – «педагог-сарапшы» немесе бірінші санаттағы педагог, 20,5%-ы – «педагог-зерттеуші» немесе жоғары санаттағы педагог, ал тек 0,8%-ы ғана – «педагог-шебер». Аталған ұлттық баяндамада: «Бұл деректер мұғалімдердің шамамен төрттен бірінде біліктілік санаты жоқ екенін, осы жүйеде жас мамандардың көптігін немесе педагогтердің аттестациядан өтуде қиындықтарға кезігетінін көрсетеді», делінген. Аттестациядағы қиындық мәселесі – өте өзекті.
Техникалық және кәсіптік білім. Техникалық және кәсіптік білім жүйесі экономикадағы нақты секторға кадрлар даярлауда шешуші рөл атқарады, бұл даярлықтың сапасы өз кезегінде педагог кадрлардың кәсібилігіне тікелей әсер етеді. 2024 жылы ТжКБ жүйесіндегі 42 846 педагогке қатысты деректер күрделі әрі әркелкі жағдайды көрсетеді. Барлық санаттағы оқытушылардың басым бөлігі жоғары білімге ие болғанымен, жоғары оқу орнынан кейінгі білімінің болуы (магистратура, докторантура) айқындаушы фактор саналады, себебі олар – маман даярлау ісімен айналысатын оқытушылар. Ұлттық баяндамаға үңілсек, онда: «ТжКБ педагогтерінің ғылыми дәрежесі бойынша жалпы динамикасы теріс үрдісті көрсетеді. Кейінгі үш жылда магистр, ғылым кандидаты немесе PhD дәрежесі бар педагогтер саны біртіндеп азайып барады. 2022 жылы олардың жалпы саны 5 328 адамды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 4 735 адамға дейін төмендеген. Мұндай қысқару техникалық және кәсіптік білім сапасының ұзақмерзімді дамуына қауіп төндіреді», делінген.
Шындап келгенде, мамандардың формалды білім деңгейіне қоса, олардың жұмыс өтілі мен біліктілік санаты да аса маңызды. Сондықтан колледж оқытушыларының осы көрсеткішіне де тоқтала кетейік, біліктілік санаттары бойынша деректер елдегі педагогтердің шамамен 47%-ының тек базалық «педагог» санатына ғана ие екенін немесе мүлде иеленбегенін көрсетеді. Аталған көрсеткіш жекеменшік колледждерде айтарлықтай жоғары, 59,2%-ды құрайды. Мемлекеттік ұйымдардағы жоғары санаттағы педагогтердің (педагог-шебер, педагог-сарапшы және жоғары санат) үлесі ауылдық колледждерде (7,5%) ең төмен деңгейде, ал қалалық колледждерде 13,6%-ды көрсетіп отыр. Бұл кәсіби шеберлік деңгейіндегі алшақтықты, аттестация мен мансаптық өсу жүйесінің қалалық мемлекеттік колледждерде айтарлықтай тиімді жұмыс істейтінін көрсетеді.
Мүмкіндік пен бар шындық
«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан бері білім саласы қызметкерлеріне айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Мысалы, 2020 жылдан мұғалімдердің айлық еңбекақысы 100%-ға өсті. Сондай-ақ 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артты. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30–35% көлемінде үстемеақы қосылды. Санаттарының болуына байланысты педагогтерге келесідей үстемеақы төленеді: педагог-шебер – 50%; педагог-зерттеуші – 40%; педагог-сарапшы – 35%; педагог-модератор – 30%.
Иә, кейінгі бес жылда айлық жалақының өсуін ғана емес, академиялық дәрежеге, тәлімгерлікке, сабақтан тыс спорттық дәрістер беруіне үстемеақы төлеу, ынталандыру жүйесін қамтамасыз ету арқылы педагогтердің мәртебесі мен қаржылық әлеуетін көтеру, олардың міндетіне жатпайтын жұмысқа жегуден қорғау, мектепті үздік бітірген түлектерді салаға тарту бағытында маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Бір сөзбен айтқанда, жағдай жасалды, бірақ сол жағдай педагогтерімізге өзін кәсіби дамытуға, біліктілігін арттыруға, кадр тапшылығын шешуге неге қарқынды ықпал ете алмай отыр?
Айталық, күн тәртібінен түспей тұрған түйткілдің соңғысынан бастайық. Бүгінде елімізде бакалавриат деңгейінде педагог даярлау лицензиясы бар 52 жоғары оқу орны жұмыс істеп жатқанына қарамастан, кадр тапшылығы әлі бар. Яғни жоғарыда сөз еткен педагогтердің біліктілігін былай қойғанда әлі санға қол жеткізе алмай отырмыз. Өткенде дәл осы мәселе Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен болған кеңесте талқыланды. Сонда вице-премьер министрлік – әкімдік – жоғары оқу орны арасындағы тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоқтығын атап көрсетті. Оның айтуынша, тек үйлесімді және жүйелі жұмыс қана мектептерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуге, өңірлердегі кадр тапшылығын алдын ала, тиімді шешуге мүмкіндік береді. Ал бұл тапшылықтың негізгі факторы – еңбек нарығына жасалатын жан-жақты талдаудың болмауы.
«Кадр тапшылығына байланысты өңірлер бойынша қабылдау саясатын қайта қарау қажет. Кей жерлерде факультеттерге қабылдау көлемін арттыру керек. Егер бізге пән мұғалімдері, мысалы, математиктер жетіспесе, тиісті гранттар бөлу қажет. Жоғары оқу орындары еңбек нарығына бейімделуге тиіс. Жақын уақытта салада айтарлықтай өзгеріс болуы мүмкін. Айталық, жасанды интеллекттің дамуына байланысты бірқатар мамандық өзектілігін жоғалтады. Осыны ескере отырып, жоғары оқу орындары мен колледждер нарықтың нақты қажеттіліктеріне сай жұмыс істегені жөн. Тәжірибесіз теорияның пайдасы жоқ. Маманның білімі тек оны іс жүзінде қолданғанда ғана нәтижелі болады. Барлық жоғары оқу орнында студенттердің практикалық дайындығын ұйымдастыруда тең мүмкіндік қарастырылғаны абзал. Алайда бұл нақты әрі мұқият жоспарлауды талап етеді. Бүгінде болашақ мұғалімдерді дайындағанымызбен, жас мамандар диплом алған соң салада қалмайды. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығын арттыра береді. Мәселені шешу үшін күш біріктіруіміз керек. Қазір ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл бұрынғыдан да маңызды. Ортақ мақсат пен міндеттеріміз бар екенін ұмытпауымыз қажет», деді А.Балаева.
Вице-премьердің сөзіне мән берсеңіз, ол мамандықты бітірген түлектердің салада қалмайтынын, содан кадр тапшылығы туындайтынын тілге тиек етіп отыр. Біздіңше, Үкімет ақша шығындап оқытқан түлектердің салада қалмауы, мамандыққа бармауы кадр сапасына да тікелей ықпалы бар. Осы ойды айтқан қызылордалық тәрбиеші Ұлбике Өмірбек гранттың да бір кемшілігі барын тұспалдады.
«Біздің салада, жалпы мектепке дейінгі білім жүйесінде көбіне осы мамандыққа қаламай түскендер жұмыс істейді. Сол себепті де колледжбен шектеліп, жоғары білім, магистратураға ұмтыла бермейді. Өйткені мамандығын, жұмысын жақсы көрмейді. Әйтеуір ата-анасын қинамау мақсатында грант көп болғандықтан түсіп алып, бітіргендер. Мысалы, маған жыл сайын тәжірибеден өтуге студенттер келеді. Басым бөлігі – әне-міне оқуын тауысып, әріптес болуға дайын тұрғандар. Солардан бірінші күні «диплом алған соң тәрбиеші болып жұмыс істеуді қалайсыңдар ма?», деп сұраймын. Сонда санаулысы ғана қол көтереді. Кейбірі тіпті грантты өтегенше ғана салада қалып жұмыс істейтінін, кейін өзі қалаған бағытқа кететінін ашық айтады. Дәл сондай мамандар аталған салада ізденіп, білімін әрі қарай шыңдап, біліктілікке ұмытылады дегенге өз басым сенбеймін. Басқа бағытты білмеймін, дәл осы салада мамандар сапасының көтерілмей отырғанына бір себеп осы секілді», дейді Ұ.Өмірбек.
Қай бір күні әлеуметтік желіден сұмдық бір жарнаманы көзіміз шалды. Қаншама мың педагог отыратын топта таралған видеода қып-қызыл сауда жүріп жатыр. 30 мың төлесе жазып береді, 50 мың төлесе авторлық жұмысты тура тастүйін дайын етіп, аттестациядан өткізіп жібере жаздайды екен. Содан соң осы видеоны өз парақшамызға жүктеп, сұрау салдық. Аты-жөнін жарияламауды сұраған ақмолалық мектеп мұғалімі педагогтер сапасының төмендігіне әсер етіп отырған біршама былықтың шетін шығарды.
«Аттестациядан өтетін уақыт басталса бітті, дүрбелең қоса басталады. Мақала жазу, жариялау, авторлық жұмыс деп шапқылаймыз. Өзіңіз біліп отырғандай, бәрі де кәдімгі сауда базарына айналған. Екі мұғалімнің бірі мақаланы өзі жазбайды, жаздырады. Одан жариялағанына ақша алатын журналдар қаптап кеткен. Авторлық жұмыс деген сор болды. Үлгісін көрсең, кандидаттық қорғайтын сияқтысың. Мұны жазып отырғанда сабақты кім береді? Жазбайын, өткізбейін десең, директор төбеңнен төніп тұрады. Енді өзіңіз ойлаңызшы, қанша мұғалім бар, сонша авторлық жұмыс болса, оның бәрін кім енгізе береді? Онсыз да бағдарлама көп. Қайбір жылы әлеуметтік желіде аттестацияда кездескен өте бір ыңғайсыз сұрақтар да шу болды. Осындай миға қонымсыз талаптар мен қисынсыз кедергілерден кейін педагог қауым біліктілікке қолын бір сілтеп жататын жағдай кездеседі», дейді мұғалім.
Түйін. Бала – біздің болашағымыз. Педагог – тұлға қалыптастыратын маман. Болашағымыздың берік болмағы, еліміздің ертеңгі адам капиталының сапасы бүгінгі ұрпақтың оқу-тәрбиесімен шұғылданып жүрген сала қызметкерлерінің білім-білігіне байланысты екені сөзсіз. Келешегімізді кімге, қандай әлеуеттегі қауымға тапсырғанымызды, ондағы сапаны көтерудегі кедергілерді байыптап бердік. Аталған салада маман даярлау мәселесіне қатысты атқарылатын әлі талай шаруа бар секілді...
Соңғы жаңалықтар
Тұтынушылардың отандық өнімге сенімі артып келеді – сауалнама
Сауда • Кеше
Алматы зообағында билет бағасы өзгерді
Алматы • Кеше
Алматы әлемде үздік 14 туристік бағыттың тізіміне енді
Туризм • Кеше
Аязға байланысты оқушылар мен студенттер қашықтан оқиды
Ауа райы • Кеше
Атыраулық хакерге халықаралық іздеу жарияланды
Заң • Кеше
Құрдасын өлтірген оқушыға үкім шықты
Қылмыс • Кеше
Шығыста жаңа жедел жәрдем көліктері берілді
Медицина • Кеше
Парламент • Кеше
Маңғыстауда «Таза Қазақстан» акциясының ең жас қатысушысы марапатталды
«Таза Қазақстан» • Кеше
Қысқы ойын түрлері қарқын алып келеді
Спорт • Кеше
Астронавт ауырып қалған: Ғарыш кемесі кері қайтарылды
Әлем • Кеше
Иранның әуе кеңістігі ұшақтар үшін қайта ашылды
Әлем • Кеше
Дін бағытындағы ЖИ: Елімізде «Imam AI» мобильді қосымшасы іске қосылатын болды
Технология • Кеше
Жас өнертапқыштардың әлеуеті: Идеялар неліктен өндіріске жетпей қалады?
Білім • Кеше
МӘМС: 2026 жылы сақтандыру есебінен емделетін аурулар тізімі кеңейтілді
Қоғам • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:85
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 16 Қаңтар 2026 07:52 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















