Ормуз бұғазы әлем мен Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді және алда не күтіп тұр?
Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Таяу Шығыста жарты жылдан аса уақытқа созылған соғыс қимылдары мұнай экспортының негізгі бағыттарының бірі - Ормуз бұғазының рөлін өзгертті. Қазір мұнда кеме қатынасына қауіп төніп тұр, ал Парсы шығанағы елдері шұғыл түрде жеткізудің балама жолдарын іздестіріп жатыр. Алайда сарапшылар үйреншікті бағыттарды тез арада алмастыру мүмкін емес екенін ескертті. Tengrinews.kz ірі энергия ресурстарын өндірушілер жағдайға қалай бейімделіп жатқанын, бұл әлем мен Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін екенін баяндайды.
Ормуз бұғазы неге кемелер үшін қауіпті аймаққа айналды?
28 ақпанға дейін бұғаз арқылы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 20 пайызы (тәулігіне 20 миллион баррельге жуық) және Парсы шығанағы аймағында өндірілетін шикізаттың 90 пайызы өтетін. Бір тарапта Израиль мен АҚШ, екінші тарапта Иран тұрған қақтығыстың алғашқы күндерінде-ақ Тегеран бұрыннан айтып жүрген қоқан-лоқысын іске асырып, Ормуз бұғазы арқылы кемелер өтуіне тосқауыл қойды. Тыйымды елемей, бұғаз арқылы өтуге тырысқан танкерлер шабуылға ұшырады. Тіпті АҚШ президенті Дональд Трамптың кемелердің қауіпсіздігін конвой көмегімен қамтамасыз ету туралы уәдесі де көмектеспеді, бұл бастама жүзеге аспай қалды.
Кейінгі айларда Вашингтон жағдайға бірнеше рет араласуға тырысты. Тіпті Иран түрлі жасырын жолдармен мұнай экспорттауына жол бермеу үшін бұғазды өзі де қоршауға алды. Бұған жауап ретінде Ислам революциясының күзет корпусы (Иранның басты арнайы қызметі) бұғазға мина қойды. Маусымда АҚШ пен Иран тыйымды тоқтату туралы келісімге келгенімен, көп ұзамай бір-біріне қайта соққы беріп, бұл бастаманың да күлі көкке ұшты.
Осылайша, кезінде әлемдегі мұнай тасымалының негізгі бағыттарының бірі болған Ормуз бұғазы арқылы кемелер еркін өтуі әлі де мүмкін болмай отыр. Тәуекелге бел буып, оны еңсеруге тырысқан санаулы кеме ИРКК қойған миналарға тап болады.
Қазанда навигациялық жүйелерін өшіріп тастаған үш супертанкер жарылғаны белгілі болды. Жалғыз жол - қауіпсіз өту және учаскені уақытша минадан тазарту үшін Тегеранға ақы төлеу. Жазда ирандық БАҚ әр кемеден 1,5-2 миллион доллар жиналатынын хабарлады. Билік жылына шамамен 7,5 миллиард доллар табыс табуды көздеп отыр, дегенмен бұл соманы "онша көп емес" деп санайды.
Өз кезегінде Трамп Иранға ақы төлейтіндерге немесе ақылы өтуді ұйымдастыруға көмектесетіндерге қарсы санкция салуға уәде берді. Сондай-ақ, Америка президенті бұғазды қоршауға алу аясында өз алымын жариялады. Оның мөлшері тасымалданатын жүк құнының 20 пайызына дейін жетуі мүмкін.
Кейінгі апталарда белсенді бола бастаған Йемен хуситтері де Ормуз бұғазына қосымша қауіп төндіріп отыр. Иран қолдайтын бұл топ 2014 жылдан бері Йеменнің орталық үкіметі мен Сауд Арабиясы әскеріне қарсы күресіп келеді. Арақашықтыққа байланысты хуситтер Ормуз бұғазына тікелей соққы бере алмайды, бірақ мамандар олардың әрекеті Иранның бұл жердегі бақылауын одан әрі нығайтуға ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Оның үстіне, хуситтер Сауд Арабиясындағы мұнай-газ нысандарына және Йемен, Эритрея, Джибути арасында орналасқан Баб-эль-Мандеб бұғазына шабуыл жасап жатыр. Соғысқа дейін бұл жер арқылы жаһандық мұнай жеткізілімінің шамамен жеті пайызы және бүкіл әлемдік теңіз саудасының 12 пайызы өтетін.
Мұндай жағдайда Иран мен оның одақтастарына жақын теңіз жолдары ұзақ уақыт қауіпті бағыттардың бірі болып қалуы мүмкін. Оның үстіне Тегеран бұғазды қоршауды (соның ішінде басқа елдердегі өз проксилері арқылы) алғаш рет геосаяси қысым құралы ретінде пайдаланып көрді. Ол оны алдағы уақытта да пайдалануы мүмкін.
Қандай балама жолдар бар?Қақтығыс басталғаннан кейін бірнеше күн өткен соң әлемдегі ең ірі шикі мұнай өндіруші саналатын Сауд Арабиясы өндірілетін шикізатты Қызыл теңіздегі Янбу порты арқылы тасымалдау жоспарын мәлімдеді. Бұл порт - қуаты тәулігіне бес миллиард баррель болатын "Шығыс-Батыс" құбырының соңғы нүктесі. Сол кездің өзінде мамандар балама бағыт хуситтер шабуыл жасай алатын аумақта орналасқанын ескерткен еді. Ол уақытта хуситтер қазіргідей белсенді емес еді және негізінен Йеменнің ресми билігіне қарсы күреске ден қойған болатын. Оның үстіне, құбыр Сауд Арабиясының бүкіл мұнай экспортын қамтамасыз ете алмайды. Соғысқа дейін ел тәулігіне шамамен жеті миллион баррель мұнай экспорттаған.
Соған қарамастан, наурызда осы бағыт арқылы мұнай тасымалы басталып, бірнеше ай бойы жағдайды біршама жеңілдетуге мүмкіндік берді. Алайда кейін хуситтердің соққысынан құбыр жұмысы екі рет тоқтады. Үзілістер бірнеше күннен бір айға дейін созылды. Қазір "Шығыс-Батыс" мұнай құбыры қайта жұмыс істеп тұр.
Ормуз бұғазына тағы бір балама - БАӘ-нің аттас әмірлігінде орналасқан Фуджейра порты және Хабшан-Фуджейра мұнай құбыры. БАӘ билігі оның ел мен бүкіл аймақ үшін маңызын түсініп, мамырда оған қосымша құбыр құрылысын жариялады. Ол "Батыс-Шығыс" деп аталады және келесі жылы дайын болады деп жоспарланып отыр. Қосымша құбыр салу қажеттігі Хабшан-Фуджейра бағытының мүмкіндігі шектеулі болуымен байланысты. Ел тәулігіне шамамен алты миллион баррель мұнай өндіргенімен, қолданыстағы құбыр арқылы небәрі 1,8 миллион баррель тасымалдай алады. Ал "Батыс-Шығыс" құбыры тәулігіне қосымша 1,5 миллион баррель мұнай жеткізуге мүмкіндік береді.
Allianz халықаралық сақтандыру компаниясының сарапшылары жағдайды жақсартуға көмектесуі мүмкін өзге мұнай құбырларын да атады. Олар Сауд Арабиясы, Ирак, Түркия, Иордания, Оман және Сирия аумағы арқылы өтеді. Алайда бұл бағыттардың әрқайсының елеулі кемшіліктері бар. Көбіне мәселе - құбырлардың мүмкіндігі шектеулі болуы. Соның салдарынан мұнай тасымалын соғысқа дейінгі деңгейге жеткізу мүмкін емес. Ал Иран арқылы мұнай жеткізу жоспары жүзеге асуы екіталай. Өйткені өңірдегі жетекші орынға ұмтылған Тегеран мен Эр-Рияд арасында саяси текетірес бар. Сауд Арабиясы әскері Йеменде хуситтерге қарсы соғысып жатыр.
Ең қолайлы жағдайда мұнай тасымалының бұрынғы жүйесі келесі жылы ғана қалпына келуі мүмкін. Оған дейін өңірден экспортталатын мұнай көлемі айтарлықтай төмен күйінде қалады. Allianz есебінше, балама бағыттар пайдаланылғанына қарамастан, қазір өңірдің мұнай экспорты тәулігіне 4,3 миллион баррельге қысқарған. Бұл соғысқа дейінгі көлемнің төрттен біріне жуық. Мұнай қымбаттауына байланысты әлемдік сұраныс тәулігіне 2,5 миллион баррельге азайса, экспорттағы шығынның бір бөлігін өтеуге мүмкіндік тууы мүмкін. Алайда Парсы шығанағы елдерінің табысы күрт азайып қана қоймай, сенімді жеткізуші ретіндегі беделіне де нұқсан келуі ықтимал.
Мұнай өнімдеріне де әсер еткен тағы бір мәселе - логистика күрт қымбаттауы. Қазір мұнай мен жанар-жағармайды теңіз арқылы жеткізу бағасы кейінгі бірнеше жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен. Мәселен, Парсы шығанағынан Қытайға мұнай тасымалдау үшін сыйымдылығы екі миллион баррельге дейін жететін VLCC (Very Large Crude Carrier - аса ірі мұнай танкері) санатындағы танкерді жалдау шамамен бір миллион доллар тұрады. Ал былтыр жыл басында мұндай танкерді жалдау құны бірнеше ондаған мың доллардан аспаған.
Сурет: depositphotos.com
Таяу Шығыстағы жағдай ақпанда шиеленіскенге дейін араб елдерінен мұнайды ең көп сатып алған мемлекеттер Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Үндістан және АҚШ еді. Бұл елдердің әрқайсына Парсы шығанағынан жеткізілетін мұнай маңызды болғанымен, шешуші рөл атқармаған. Ең көп зардап шеккен ел Қытай болды. Өйткені ол араб елдерінен бөлек, Иран мұнайын да белсенді сатып алған. Тегеран санкцияларды айналып өтіп, жасырын жолдармен экспорттаған мұнайдың 90 пайыздан астамы Қытайға жөнелтілген.
Allianz сарапшыларының қорытындысына сүйенсек, алдағы уақытта мұнай жеткізілімін соғысқа дейінгі деңгейге толық қайтару мүмкін емес. Әлемдік нарықтағы мұнай көлемін арттыру үшін асығыс қабылданған уақытша шаралар да жағдайды түзете алмайды. Көктемде АҚШ билігі Иранға елде өндірілген мұнай мен одан алынатын өнімдерді заңды түрде экспорттауға рұқсат берді. Әскери қимылдар басталғаннан кейін АҚШ-тың өзі Ормуз бұғазын Иран кемелері үшін жабуға тырысқандықтан, мұнайды жасырын жолдармен жеткізу қиындаған еді. АҚШ Қаржы министрлігі берген рұқсаттың мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Алайда шілдеде бұғаздағы танкерлерге шабуыл жасалғаны туралы хабардан кейін бұл рұқсаттың күші жойылды.
Наурызда Халықаралық энергетика агенттігіне (ХЭА) мүше 36 ел екі ай ішінде қордағы 400 миллион баррель мұнайды нарыққа шығаруға келісті. Соның нәтижесінде әлемдік нарыққа жеткізілетін мұнай көлемі тәулігіне 6,7 миллион баррельге артты. Бұл төтенше жағдайға жауап ретінде қабылданған тарихтағы ең ауқымды шара болды. Алайда мұндай қадамның өзі мұнай тапшылығының үштен бірін ғана өтеуге мүмкіндік берді. Оның үстіне бұл шара ұзаққа созылмады.
Энергия ресурстары бағасы өсуіОсының бәрі энергия тасымалдаушылар бағасы өсуіне әкеп соғады. Көктемнен бері мұнай фьючерстерінің (алдын ала белгіленген болашақ келісімшарттардың) бағасы Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздер туралы жаңалықтармен бірге құбылып тұрды. Қазір еуропалық Brent маркалы мұнай барреліне арналған келісімшарт 109 доллардан асады. Бұл АҚШ пен Израиль Иранға соққы беруінен бір күн бұрын, яғни 27 ақпанда сауда-саттық жабылған кездегі бағадан 50,7 пайыз жоғары. Allianz болжамынша, жыл соңына қарай мұнай бағасы барреліне 87 долларға, ал 2027 жылы бірінші тоқсанда 76 долларға дейін төмендейді. Алайда Сауд Арабиясының мұнай нысандарына шабуылдар жалғасса, баға ұзақ уақыт бойы 100 доллар деңгейінде сақталуы да мүмкін.
Жапонияның Jera Co сауда компаниясының өкілі Юкио Кани мұнай бағасына тәуелді газ да алдағы уақытта қымбаттайтынын болжап отыр. Соғысқа дейін Қатар сұйытылған табиғи газ экспорттайтын әлемдегі жетекші елдердің бірі еді. Оның үлесіне әлемдік нарықтың 20 пайызы тиесілі болған. Наурыздан бері елдің газ сату көлемі бірнеше есе қысқарды. Еуропадағы газ қоры әдеттегіден әлдеқайда аз болуы және Еуроодақтың Ресей газын импорттаудан өз еркімен бас тартуы жағдайды одан әрі күрделендіреді.
Таяу Шығыста соғыс басталғалы Нидерландтың Роттердам қаласындағы әлемдік ірі сауда орталығында сатылатын газ 2,7 есе қымбаттап, мегаватт-сағатына 87,4 еуроға немесе мың текше метріне 1025 долларға жетті. Алайда Allianz сарапшылары жапон компаниясы өкілінің болжамымен келіспейді. Олардың есебінше, газ бағасы жыл соңына қарай мегаватт-сағатына 65 еуроға, ал 2027 жылы бірінші тоқсанда 36 еуроға дейін төмендейді. Бұған негізінен Ормуз бұғазы арқылы газ жеткізілімі қалпына келуі және АҚШ-тың экспорттық мүмкіндігін кеңейтуі ықпал етеді.
Мұнай мен газ электр энергиясын өндіруде әлі де маңызды рөл атқаратындықтан, электр энергиясы да қымбаттап жатыр. Мамандар бұл жағдайдан ең көп зардап шегуі мүмкін аймақ Еуропа екенін айтады. Норвегия сияқты ірі газ өндіруші ел болғанына қарамастан, Еуропа импортқа қатты тәуелді. 2022 жылға дейін өңірді газбен негізінен Ресей қамтамасыз етсе, кейін оның орнын АҚШ пен Қатар басты. Қазір Еуроодақ америкалық сұйытылған газ үшін Азия елдерімен бәсекелесуге мәжбүр. Өйткені Қатар газы уақытша жеткізілмеуі Азияда да сұранысты арттырды.
Сарапшылардың пікірінше, қыс қатты болып, газ бағасы мегаватт-сағатына 120 еуроға немесе одан да жоғары көтерілсе, еуроаймақ рецессияға ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдайда өнеркәсіп өндірісі мен ішкі сұраныс қысқарады. Ал бюджет шығыны, соның ішінде энергияға жұмсалған қаражатты өтеуге арналған шығын керісінше өседі. Мұнай өнімдері қымбаттауы жолаушылар мен жүк тасымалы құнына әсер етеді. Бұл өз кезегінде тауарлардың басым бөлігінің бөлшек саудадағы бағасын көтереді. Соның салдарынан инфляцияның айтарлықтай үдеу қаупі бар. Қыркүйектің қорытындысы бойынша инфляция 3,8 пайызға жетті, ал тамызда 3,2 пайыз болған. Баға өсімі жеделдеген жағдайда Еуропа орталық банкінің пайыздық мөлшерлемелерді төмендету арқылы экономиканы қолдау мүмкіндігі де шектеулі.
Ал әзірге дағдарыстың АҚШ-қа әсері әлдеқайда аз. Бірнеше ай ішінде америкалық ірі кәсіпорындарға электр энергиясының бағасы мегаватт-сағатына 45 доллардан 50 долларға көтерілді. Еуропалық кәсіпорындар үшін бұл көрсеткіш 40-65 доллардан 100-110 долларға дейін өсті. Қосымша сұраныстың арқасында АҚШ энергия ресурстарын импорттағаннан гөрі көбірек экспорттайтын елге айналды. Дегенмен бұл жағдай ұзақ сақталады деген сөз емес. АҚШ тұтынатын мұнайының шамамен үштен бірін сырттан сатып алады. Сонымен қатар, өзі өндіретін мұнайдың үштен бірін экспорттайды. Сондықтан әлемдік мұнай бағасы өсуі ел ішіндегі бағаларға, соның ішінде бензин құнына да әсер етеді. Конгрестегі маңызды сайлау қарсаңында бұл мәселе Трампты ерекше алаңдатып отыр. Ол тіпті Мәскеумен "дизель келісіміне" келіп, қазанның өзінде 300 мың тонна отын сатып алуға уәде етті.
Қалыптасқан жағдайдың америкалық мұнай өндірушілер үшін тиімді тұстары да бар. АҚШ-та өндірілетін мұнайдың үштен екісіне жуығы тақтатас кен орындарынан алынады. Мұндай кен орындарын игеру кәдімгі мұнай кен орындарына қарағанда қымбатырақ. Мұнай бағасы төмендеген кезде олардың көбі шығынға ұшырап, жұмысы тоқтатылады. Ал қазір кен орындарының иелері қымбатшылықты пайдаланып, табыс таба алады. Сонымен қатар, бұл ішкі нарыққа қосымша мұнай жеткізуге мүмкіндік береді.
20 қазанда The Wall Street Journal басылымы Ормуз бұғазы арқылы жүк тасымалы соғысқа дейінгі деңгейге толық оралғанын жазды. Бұған АҚШ қорғауындағы уақытша тасымал жүйесінің тиімділігі ықпал еткен. Басылым Kpler талдау компаниясының дерегіне сүйенген. Компания мәліметінше, 12-18 қазан аралығында бұғаз арқылы тәулігіне орта есеппен 14 миллион баррель мұнай тасымалданған. Бұл 28 ақпанға дейінгі көрсеткіштің шамамен 70 пайызына тең. Жақында АҚШ энергетика министрі Крис Райт та осындай дерек келтірген болатын. Қазір пайдаланылып жатқан балама бағыттарды есепке алғанда, Таяу Шығыс елдерінің жалпы мұнай экспорты тәулігіне 24 миллион баррельге жеткен. Бұған дейін бұл көрсеткіш 23,3 миллион баррель болған.
Газет қазіргі тұрақтылық уақытша болуы мүмкін екенін де мойындайды. Трамп азаматтық кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бас тартса немесе тараптар әскери қимылдарды қайта бастаса, жағдай тағы ушығуы мүмкін. Кәсіби трейдерлер де осыған алаңдайды. Сонымен қатар, басылым кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қосымша шығынды талап ететінін, ал оның ауыртпалығы түптеп келгенде тұтынушыларға түсетінін жазды.
Кейбір қауіптер қазірдің өзінде шындыққа айналып жатыр. BBC келтірген Ұлыбритания әскери-теңіз күштерінің статистикасына сәйкес қазанның ортасына қарай Ормуз бұғазындағы кемелерге жасалған шабуылдар саны соғыс басталғалы бергі ең жоғары деңгейге жеткен. 5-12 қазан аралығында 12 кемеге шабуыл жасалған. Осы жағдайға байланысты мұнай жеткізілімінің қалпына келу қарқыны баяулаған.
PACE Analytics талдау компаниясының басшысы Асқар Исмайылов та жағдайға оң баға беретін сарапшылардың пікірімен келіседі. Ол Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында мұнай нарығы өзгеріп тұратынын және тасымал бағыттарындағы өзгерістерге де тез бейімделе алатынын айтты.
"Дегенмен кейбір бағыттар мен мұнай өнімдері бойынша тасымал қалпына келуі баяу жүруі мүмкін. Бүгінгі басты мәселе - жеткізілім көлемі емес, тасымалдау, сақтандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шығындары өсуі", - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, шикі мұнай тасымалы іс жүзінде қалпына келген. Бұған мұнайды басқа бағыттар арқылы жеткізу мүмкіндігі көмектескен. Дегенмен Исмайылов Ормуз бұғазын қысқа мерзімде толық алмастыру мүмкін емес екенін айтады. Балама құбырлар мен теңіз жолдары бұғазға тәуелділікті азайтқанымен, оның орнын баса алмайды. Сондықтан әлемдік экономика үшін Парсы шығанағындағы кеме қатынасы қалпына келуі маңызды.
Энергетикадан бөлек қандай қауіптер бар?"Алайда мұнда басқа қауіп туындайды. Мұнай өндіру мен тасымал қалпына келуі әлемдік нарықта қолжетімді мұнай көлемін арттырады. Геосаяси қатерге байланысты бағаға қосылатын үстеме азайса, мұнай бағасына қысым күшейеді. Осылайша, тасымал мүмкіндігі қалпына келуінің басты салдары олардың толық пайдаланылмауы емес, 2027-2028 жылдары әлемдік мұнай бағасы төмендеуі болуы мүмкін", - деп түйіндеді Исмайылов.
Парсы шығанағы елдері үшін Ормуз бұғазы - энергия ресурстарын экспорттайтын негізгі бағыт қана емес, басқа да тауарларды, соның ішінде азық-түлікті жеткізетін маңызды жол. Өңірдегі климат құрғақ болғандықтан, бұл мемлекеттер сырттан әкелінетін азық-түлікке қатты тәуелді. Биылғы екінші тоқсанда Абу-Даби портын басқаратын AD Ports Group компаниясының айналымы 2025 жылғы сәуір-маусыммен салыстырғанда 65 пайызға қысқарған.
Жергілікті импорттаушылар тез арада балама бағыттарға көшті. Олардың қатарында Фуджейра порты, Шарджа әмірлігіндегі Хор-Факкан қаласы, Оман порттары, Сауд Арабиясындағы Жидда қаласы және әуе тасымалы бар. Қазанның басында күшіне енген БАӘ мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы сауда келісімі де жағдайды біршама жеңілдетуі мүмкін. Келісім тауарлардың басым бөлігіне салынатын кеден салығын төмендетуді немесе толық алып тастауды көздейді. Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, Қазақстан былтыр БАӘ-ге 130 миллион доллардың тауарын экспорттаған. Бұл жалпы экспорттың 0,2 пайызына тең. Ал биылғы алғашқы сегіз айда 68,8 миллион доллардың тауары жеткізілген. Оның жалпы экспорттағы үлесі 0,1 пайыз болған.
Бұған қатысты тағы бір мәселе - ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізудегі іркілістер. Бұл тек өңір елдеріне емес, осы аумақ арқылы әлемнің басқа бөліктеріне транзитпен жеткізілетін өнімдерге де қатысты. Біріккен Ұлттар Ұйымы да осы қауіпті ескертті. Әсіресе, тыңайтқыш тапшылығы ауыл шаруашылығына қатты әсер етеді. Дегенмен қиындықтар өндірістің барлық кезінде туындауы мүмкін. Бұл азық-түлік қымбаттауына әкеп соғуы ықтимал. Көптеген елдегі шаруалар өндірген өнімдерін толық сата алмай қалудан қауіптеніп, егіс науқанын жоспарлауға сақтықпен қарай бастаған. Кейбірі қазірдің өзінде егін жинау кезінде қиындыққа тап болды. Бұған жанармай қымбаттауы да әсер еткен. БҰҰ жанындағы Ауыл шаруашылығын дамытудың халықаралық қорының басшысы Альваро Ларио шағын шаруашылықтар табысы жоғары болғанымен, пайдасын ұзақ күтуге тура келетін дақылдардан, мысалы, бидайдан бас тартуы мүмкін екенін айтқан. Оның орнына шаруалар тезірек табыс әкелетін дақылдарды өсіруге көшуі ықтимал.
Мұның бәрі Қазақстанға қалай әсер етеді?Қазақстан экономикасы мұнайға және оны сатудан түсетін табысқа қатты тәуелді. 2026 жылға арналған республикалық бюджетте Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферттер түрінде 4,47 триллион теңге көлемінде мұнай кірісі қарастырылған. Бұл бюджетке түседі деп жоспарланған жалпы 23,1 триллион теңгенің 19,4 пайызына тең.
Қазақстанда өндірілетін мұнай Ормуз бұғазы арқылы тасымалданған мұнайдан ерекшеленеді. Араб елдеріндегі негізгі екі мұнай сорты - Абу-Дабиде өндірілетін Murban және Dubai Crude. Ал қазақстандық мұнай CPC Blend (Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады) және KEBCO маркаларымен сатылады. Дегенмен әртүрлі мұнай сортының бағасы өзара байланысты және ол әдетте әлемдегі негізгі екі марканың біріне - Солтүстік Еуропаның Brent немесе Американың WTI мұнайына қарай белгіленеді. Қалыпты жағдайда қазақстандық мұнай Brent маркасынан арзанырақ сатылады. Алайда қыркүйекте жағдай өзгерді. CPC Blend мұнайына сұраныс артып, оның бағасы Brent-тен асып түсті. Содан бері бұл мұнай Brent-тен қымбат сатылып келеді. Қыркүйектің соңында екі марканың бір баррелінің бағасындағы айырмашылық 20 долларға жетті.
Мұнай бағасы өсуі мұнай компанияларының экспорттан түсетін табысын арттырады. Соның нәтижесінде мемлекет кірісі де көбейеді. Алайда бұл өзгеріс ресми статистикада бірнеше айдан кейін ғана көрінеді. Өйткені Ұлттық статистика бюросы шикі мұнай экспорты мен одан түскен табыс туралы мәліметті үш ай кешіктіріп жариялайды.
Дегенмен алдағы уақытта қазақстандық мұнай араб елдерінен жеткізілетін мұнайдың орнын басады деп күтуге болмайды. Қазақстан мұнайының басым бөлігі Еуропа елдеріне экспортталады. Ал бұл елдерге мұнай жеткізіліміндегі іркілістер салыстырмалы түрде аз әсер еткен. Қазақстан мұнайын сатып алушылар тізімінде Қытай, Корея және АҚШ соңғы орындарда тұр. Ал негізгі сатып алушылар - Италия, Нидерланд, Франция және Грекия. Италия порттары арқылы мұнай Еуропаның басқа елдеріне де жеткізіледі. Ұзақ мерзімді келісімшарттар мен мұнай құбырларының мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, ішкі нарыққа зиян келтірмей, экспортты басқа бағыттарға бұру оңай емес.
"Қазақстан мұнай бағасы қолайлы болуына сүйеніп қана экспорт көлемін айтарлықтай арттыра алмайды. Өйткені мұнай өндіру көлемі мен тасымал инфрақұрылымының мүмкіндігі шектеулі", - дейді Асқар Исмайылов.
Мұнай компанияларының табысы мемлекет қазынасына тікелей түспейді, бірақ бюджет кірісіне әсер етеді. Мемлекет өз үлесін салық пен басқа да төлемдер арқылы алады. Олардың қатарында корпоративтік табыс салығы, мұнай компанияларының үстеме пайда салығы, кен орындарын пайдаланғаны үшін төленетін бонустар, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және экспортқа салынатын рента салығы бар. Бұған қоса, Қазақстан елдегі ең ірі үш кен орны бойынша өнімді бөлу туралы келісімдер аясында да табыс алады.
Бұл қаражаттың бәрі Ұлттық қорға түседі. Тек экспорттық кеден бажы республикалық бюджетке тікелей аударылады. Сонымен қатар, Ұлттық қордан жыл сайын бюджетке трансферттер бөлінеді. Олар кепілдендірілген және нысаналы трансферттер болып екіге бөлінеді. Биыл кепілдендірілген трансферт көлемі 2,77 триллион теңге болды. Үкімет 2026 жылы нысаналы трансферттерден бас тартты. Мұндай қаражат әдетте мемлекеттік маңызы бар, көбіне инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.
Мұнайдан түсетін табыс көбейсе, Ұлттық қордағы қаражатты 2030 жылға қарай жоспарланған 100 миллиард долларға жеткізу мүмкіндігі артады. Жыл ортасында қорда 65,5 миллиард доллар болған. Содан бері Қаржы министрлігі қордағы қаражат көлемі туралы мәлімет жарияламаған. Алайда мұнайдан жоспардан тыс түскен қосымша табыстың бір бөлігі мемлекеттің қазіргі шығындарын жабу үшін республикалық бюджетке аударылуы мүмкін.
Биылға жоспарланған кепілдендірілген трансферттердің шегі қыркүйекке қарай толық игеріліп қойған. Сондықтан бұрынғы жылдардағыдай Ұлттық қордан шұғыл түрде қосымша қаражат алынуы мүмкін. Алайда Үкімет мұндай шешім қабылдамай-ақ, Ұлттық қордың ақшасын бюджетке жанама жолмен аудару тәсілін қолдана алады.
Мәселен, 2023-2024 жылдары Ұлттық банк Ұлттық қор қаражатына "Самұрық-Қазына" қорынан "ҚазМұнайГаз" бен "Қазатомөнеркәсіп" акцияларын сатып алуды ұйымдастырған. Кейін бұл қаражат "Самұрық-Қазынаның" дивидендтері арқылы бюджетке түскен.
Әлемдік мұнай бағасы өсуі Қазақстандағы бензин құнына әсер етпеуге тиіс. Өйткені мемлекет жанармайдың бөлшек саудадағы бағасын тікелей реттеуден бас тартқанымен, ол күрт қымбаттауына жол бермеуге уәде етті. Бір жыл бұрын елдегі жанармай құю бекеттерінде баға бірнеше айға тоқтатылған еді. Мұндай шаралар болмаса, әлемдік баға өсуі ішкі нарыққа да әсер етер еді. Себебі мұнай өндірушілер мен өңдеушілер өнімді экспорттаудан қанша табыс таба алатынын ескереді.
Электр энергиясы да қымбаттамауға тиіс. Мемлекет мұнай-газ компаниялары ішкі нарықты қамтамасыз етуін, соның ішінде электр станцияларына жеткілікті көлемде шикізат жеткізуін қадағалайды.
Қалыптасқан жағдай теңгеге де оң әсер етті. Ақпаннан бері ұлттық валюта долларға шаққанда 9,7 пайызға нығайып, бағамы 449,5 теңгеге жетті. Былтыр күзде басталған бұл үрдіс Таяу Шығыста әскери қимылдар басталғаннан кейін де сақталды. Мұнай компаниялары экспорттан түскен қосымша валюта табысын сатып, теңгеге сұранысты арттырып отыр. Дегенмен сарапшылар ұлттық валюта нығаюына ең алдымен шетелдік инвесторлар келуі, Ұлттық банктің операциялары ықпал еткенін айтады. Шетелдік инвесторлар Қазақстанның қаржы құралдарына инвестиция салу үшін теңге сатып алады. Ал Ұлттық банк бюджетке трансферттер аудару және алтын сатып алуға жұмсаған қаражатының валюта нарығына әсерін теңестіру үшін теңгеге сұраныс тудырады.
Теңге нығаюы инфляцияны тежеуге және бағаның өсу қарқынын баяулатуға айтарлықтай көмектесуі мүмкін. Бірақ ол үшін басқа факторлар кері әсер етпеуі керек.
"Алайда жағымсыз салдары да бар. Халықаралық тасымал, жүктерді сақтандыру және импорттық тауарлар қымбаттап жатыр. Энергетикалық дағдарыс ұзаққа созылса, Қытай мен Еуропа экономикасының өсімі баяулауы мүмкін. Бұл қазақстандық металдар мен басқа да шикізатқа сұраныс төмендеуіне әкеп соғады", - дейді Исмайылов.
Оның айтуынша, қысқа мерзімде Қазақстан Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайдан ұтуы мүмкін. Алайда дағдарыс ұзаққа созылса, шығын өсуі, инфляция және әлемдік экономика баяулауы мұнайдан түсетін қосымша табыстың бір бөлігін жоққа шығаруы мүмкін.
Qazaq Expert Club сарапшысы Саида Тілеуленова Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайды Қазақстан үшін "сыртқы қаржылық күйзеліс" деп бағалады. Бір жағынан, бұл жағдай экспорттан қосымша табыс әкелуі мүмкін. Екінші жағынан, валюта нарығына, инфляцияға және қарыз алу құнына қауіп төндіреді. Сондай-ақ, бұл өңірлік қақтығыс қысқа мерзімде әлемдік баға мен қаржы нарығына әсер ететін дағдарысқа ұласуы мүмкін екенін көрсетеді.
Тілеуленова төрт негізгі қатерге назар аударды. Біріншіден, мұнай қымбат болуы теңге міндетті түрде нығаятынын білдірмейді. Екіншіден, импорт қымбаттауы мұнай бағасы өсуінен түсетін пайданы жоққа шығаруы мүмкін. Үшіншіден, Ұлттық қор мен бюджет кірістері артқанымен, бұл бірден жүзеге аспайды. Төртіншіден, инвесторлар дамушы нарықтарға қаржы салғаны үшін жоғары табысты талап етеді.
"Мұнай бағасы жоғары болуын тиімді жағдай деп қарастырмас едім. Мұнайдан қанша қосымша табыс түсетіні ғана емес, оның өсіп жатқан шығынды қаншалық өтейтіні де маңызды. Басты міндет - мұнай бағасының қолайлы кезеңін пайдаланып, резервтерді нығайту, бюджеттің тұрақтылығын арттыру және сыртқы дағдарыс ел ішінде инфляцияны ұзақ уақыт күшейтуіне жол бермеу. Кеме қатынасындағы іркіліс неғұрлым ұзаққа созылса, Қазақстан үшін тиімді бюджет саясатын жүргізу, валюта бағамының икемділігін сақтау, экономиканың шикізат бағасына тәуелділігін біртіндеп азайту соғұрлым маңызды бола түседі", - дейді сарапшы.
Мәтін: Алексей Афонский
Дайындаған: Жансая Қадыржанова
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:75
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 02 Қараша 2026 10:35 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















