Шикізат жеткізуден де маңызды: Тоқаев Германияға жаңа серіктестік ұсынды
Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев немістің Handelsblatt басылымына мақала жазып, онда Германияға стратегиялық серіктестіктің жаңа форматын ұсынды. Ол маңызды минералдарды бірлесіп өндіру мен өңдеуден бастап, қосылған құны жоғары өндірістер құруға дейінгі бағыттарды қамтиды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тек кепілді жеткізу ғана емес
Қазақстан еуропалық экономика үшін стратегиялық маңызы бар шикізаттың 34 түрінің 21-ін өндіреді. Атап айтқанда, сөз литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс туралы болып отыр.
Тоқаев Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынас үш онжылдықтан аса уақыт ішінде стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
"Экономикадағыдай саясатта да сенім – бұл капитал, ал сенімділік – оның ең жоғарғы формасы. Халықаралық турбуленттіліктің артуы жағдайында қарым-қатынастардың дәл осындай сипаты ерекше құндылыққа ие болады.
Үш онжылдықтан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Германия өзара сенімнің қомақты капиталын жинақтап, стратегиялық серіктестіктің берік негізін қалады. Бұл серіктестік сындарлы саяси диалог, уағдаластықтарды іске асырудағы жүйелілік және нақты нәтижеге деген нық ұстаныммен ерекшеленеді", - деп жазды Тоқаев.
Президент Қазақстан Германияны тек сауда серіктесі және инвестор ретінде ғана қарастырмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, елдерді ортақ экономикалық мүдделер байланыстырады, ал қарым-қатынастар біртіндеп Еуропа мен Азия үшін кеңірек маңызға ие болып келеді.
9 миллиард долларға жуық сауда айналымы"Бүгінде біздің өзара іс-қимылымыз екіжақты күн тәртібінің шеңберінен әлдеқайда асып түседі. Ол Азия мен Еуропа арасындағы маңызды байланыстырушы буынға айналып, бүкіл Еуразия кеңістігінде экономикалық тұрақтылықты, энергетикалық қауіпсіздікті және көліктік өзара байланысты нығайтуға елеулі үлес қосып жатыр.
Терең адами байланыстар ынтымақтастықтың берік тірегі болып табылады. Бүгінде Қазақстанда 200 мыңнан аса этникалық неміс, ал Германияда біздің елімізден барған миллионнан аса адам тұрады. Ортақ тарихи жады мен мәдени дәстүрлер халықтарымызды жақындастыра түседі", - деп есептейді Қазақстан Президенті.
Тоқаевтың айтуынша, Германияға жасалған қазіргі сапар ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік беруі тиіс. 2025 жылы екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 9 миллиард долларға жақындады, ал Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен мыңнан аса кәсіпорын тіркелген.
Сонымен қатар Президент тек сауданы арттыруда ғана емес, сонымен қатар күрделірек өнімдер шығаруға көшуде де әлеует бар екенін көріп отыр.
"Сондықтан Германияға жасаған қазіргі сапарымды, ең алдымен, стратегиялық серіктестігіміздің жаңа тарауын ашуға, жаңа өсу нүктелерін айқындауға және бірлескен жұмысқа қосымша серпін беру мүмкіндігі ретінде қарастырамын. Бұл үшін барлық қажетті алғышарттар бар. 2025 жылы өзара сауда көлемі 9 миллиард долларға (7,9 миллиард еуро) жақындады. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Бұл ретте айтарлықтай әлеует қазақстандық экспортты әртараптандыру және қосылған құны жоғары өнімдер өндірумен байланысты", - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан неміс нарығына өңделген өнімнің қосымша 80-нен аса түрін жеткізе алар еді. Ол ең перспективалы салалардың қатарына металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі және теміржол машинасын жасау салаларын жатқызды.
Өндіруден дайын өнімге дейінМақалада маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастыққа ерекше орын берілген. Қазақстан қазірдің өзінде еуропалық экономикаға энергетикалық көшу, өнеркәсіп және цифрландыру үшін қажетті шикізаттың едәуір бөлігін өндіріп жатыр.
Тоқаев жай ғана жеткізіп қоймай, неміс компанияларымен бірлесіп толық өндірістік цикл құруға көшуді ұсынады.
"Біз германиялық серіктестерге тек кепілді жеткізілімдерді ғана емес, геологиялық барлау мен өндіруден бастап, өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта пайдалануға дейінгі толық өндірістік тізбектерді бірлесіп құруды ұсынамыз.
Біздің қарым-қатынасымызда энергетика ерекше орын алады. Қазақстан Еуропаға энергия ресурстарын жеткізетін сенімді әрі тұрақты серіктес ретінде танылды, ол Еуропалық Одақ мұнай импортының шамамен 13 пайызын және табиғи уран жеткізілімінің 20 пайызын қамтамасыз етеді. 2025 жылы біздің мұнайымызды Германияға жеткізу көлемі 10 миллион тоннадан асты. Біз қолда бар көліктік мүмкіндіктерді ескере отырып, бұл миссияны бұдан былай да жауапкершілікпен орындауға дайынбыз", - деп жазды Тоқаев.
Сондай-ақ Президент жаңартылатын энергетика, электр желілерін жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру саласындағы бірлескен жобалардың келешегін атап өтті.
Қазақстан Германияға жаңа бағыттарды ұсынадыМақаланың жеке блогы көлік саласындағы ынтымақтастыққа арналған. Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы негізгі құрлықтық буындардың біріне айналып жатыр: екі аймақ арасындағы құрлықтағы жүк транзитінің шамамен 85 пайызы ел аумағы арқылы өтеді.
Сондай-ақ Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту мәселесіне де назар аударды. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша бұл бағыттағы тасымал 22 пайызға, ал Шығыс - Батыс бағытындағы транзит 55 пайызға артқан.
Қазақстан мен Германия мүмкіндіктері"Жаңа көлік жобалары бірқатар өңірді Каспий порттарымен тікелей байланыстыруға және Қытай – Еуропа бағытын 1 000 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз неғұрлым жылдам жолдар салып, герман бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашамыз.
Неміс компанияларын еліміздің аумағы арқылы өтетін әуе жүк тасымалына белсенді тарту және Қазақстанда әуе хабтарын дамыту тағы бір маңызды бағытқа айналуы мүмкін", - деп жазды Қазақстан Президенті.
Мақалада Президент цифрландыру және жасанды интеллект мәселелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде сауда мен өндірістің дамуын деректер алмасуы мен білікті кадрлар даярлау үдерісінен бөлек қарастыру мүмкін емес.
"Білікті мамандарсыз ешбір стратегия табысты болмайды. Серіктестігіміздің болашағы – герман стандарттары бойынша білім алған және алған білімін бірлескен кәсіпорында қолданып жүрген жас қазақстандық инженердің бейнесі іспетті.
Инвестициялық шешімдер де ұзақ мерзімді тәсілді талап етеді, ал бұл мемлекеттік институттарға деген сенімсіз мүмкін емес", - деп есептейді Тоқаев.
Президент Қазақстанның 2019 жылдан бері саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар арқылы бұл негіздерді дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті.
Сыртқы саясатта, Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан өзара құрмет, мемлекеттердің егемендік теңдігі және халықаралық құқықты сақтауға негізделген теңгерімді әрі прагматикалық курсты ұстанады.
"Einigkeit macht stark" – "Күш - бірлікте", – дейді неміс мәтелі. Бұл даналық біздің іс-қимылымыздан айқын көрініс табады, мұнда Қазақстан мен Германияның мүмкіндіктері бірін-бірі үйлесімді толықтырып тұр.
Өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте отырып, елдеріміз Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен өркендеу кеңістігін бірге нығайта түсетініне сенімдімін", - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, 28 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Германияға барды. Сапар аясында Берлинде ГФР Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералдық Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөздер жоспарланған. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қаласына барады. Бұдан бөлек, Президент Берлинде бизнес-форумға және Мюнхенде технологиялық бизнес-форумға қатысып, бірқатар кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:98
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 29 Қыркүйек 2026 11:22 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















