Тері өңдеудегі тоқырау
Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда ірі қара малдан 2023 жылы – 2,54 млн, 2024 жылы 2,78 млн дана тері жиналған. Ал ұсақ малдан 2023 жылы – 7 млн данаға жуық, 2024 жылы 6,41 млн дана алыныпты. Ал 2025 жылы тері және теріден жасалған тауарлардың өндіріс көлемі шамамен 16,9 млрд теңгені құраған. Бұл сектор жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің ішінде 10-15% шамасында үлес алады.
АШМ дерегінде 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарда тері өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 200-ден астам мал терісін дайындайтын әрі жинайтын пункт ашу және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру қарастырылған. Одан бөлек, кешенді жоспар аясында теріні тереңдете өңдеу бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделіпті. Жаңа кәсіпорындар салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, мал терілерін өңдеу кәсіпорындарының шығындарын өтеу шаралары да бар.
Әйтсе де, Қазақстан тері және жүн өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеев тері өңдеу саласында ауыз толтырып айтатын жүйелі істің болмауына алаңдаулы. Егер бұлай кете берсе, салада тоқырау болатын көрінеді.
– Қазақстанда тері өңдеу саласы кейінгі он жылда кері кеткеннің кебін киді. Ол, біріншіден, әлемдік нарықта сұраныстың төмендеуі мен бағаның құлдырауынан туындады. Негізгі сатып алушы қытайдың тері өңдеу саласы кейінгі он жылда екі-үш есе төмен түсті. Көптеген зауыттар жабылды. Сұраныс болмаған соң баға да 80-83%-ға кеміді. Өзін-өзі ақтамағаннан соң көп кәсіпкер банкрот болды, көп зауыттар жабылды. Қазір тек сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығарған кәсіпорындар ғана қалды. Осыдан он бес жыл бұрын Қазақстанда 19 зауыт болса, қазір содан 9 зауыт қана қалды, олардың көбісі шалажансар күйде тұр. Осыдан-ақ тері өңдеу саласының қандай жағдайда екенін көруге болады. Тері өңдеу өте күрделі сала, өте көп қаражатты талап етеді. Себебі қондырғылары, химиялық қоспалары өте қымбат, – дейді сарапшы.
Маман тапшылығы байқалады
Салаға байланысты «Технология және жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің дизайны» мамандығы оқытылады. Оның ішінде тері және былғары бұйымдарының технологиясы, дизайны бағыты бойынша Атырау, Алматы және Тараздағы ғана жоғары оқу орындары ғана білім береді. Алайда тері өңдеу саласына баратын мамандардың аздығы, маманның жетіспеуі тері өндірушілер қауымын уайымдатады.
– Бұл саланы дамыту үшін мықты мамандар даярлаған кешенді жоспар, мемлекеттік бағдарлама керек. Тері шикізатының сапасын жақсартудан бастап, соңғы өнім шығарғанға дейін қаржылай қолдап, мықты мамандармен қамтамасыз еткен жөн. Ал қазір оның бәрі тапшы, бағдарлама да жоқ, қаражатта жетпейді, маман да жоқ, маманды қойғанда жәй қарапайым жұмысшы да табу қиын. Қазір елімізде қалған тері зауыттары шикізатты жартылай өңдеп ақуыз, желатин, белкозинге жіберіп күн көреді. Себебі ІҚМ терісінің 75-80%-ның сапасы тек соған ғана жарап тұр. Сондықтан да бағасы өте арзан. Ал жақсы сападағы терілер шетел асып кетіп жатқан жайы бар. Жақында БАҚ беттерінде Қордай тері зауытында тері жоқ, жұмыс тұралап тұрғаны туралы материалдар тарады. Әйтпесе, тері өңдеу біздің атакәсібіміз емес пе?! Ал бүгін бұл сала жетім қозының күнін кешіп келеді. Қытай, Түркия секілді алпауыттарды айтпағанда, Ресейге, тіпті Өзбекстанға жете алмай отырған жайымыз бар. Үкіметте саланы білетін маман жоқ. Маман болмаған соң біздің жанайқайымызды ешкім түсінбейді, айтамыз, айтамыз, сол қалпында қала береді, – дейді Н.Нүптекеев.
Абылайхан Мырзаев ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығы, тері кәсіпшілігінде жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Ол күндіз-түні мал бағып, оны кәдеге жаратып, терісін өткізіп, жүнін өңдеу оңай шаруа емес екенін айтады.
– Уағында колхоздың малын бақтық. Дербестік алғаннан кейін әркім өзінше өмір сүріп жатты. Біз сол атакәсіп, мал шаруашылығында өмір бақи істеп бүгінде 72 жасқа келдім. Қыстың суығы, жаздың ыстығында малмен айналысу оңай емес. Алғашқы жылдары теріні, жүнді базардағы алыпсатарларға 200-300 теңгеге пұлдап жүрдік. Өйтпесең, тері бозданып, тез бұзылады немесе далада қалып ит пен құсқа жем болады. Баяғыда апа-әжелер жүн түтіп, ұршық иіріп, көрпе-жастық жасайтын. Қойдың терісін босаға төсеніш етіп, әйтеуір кәдеге асыратын. Алматыдағы «Жетісу» фабрикасынан шыққан неше түрлі былғары аяқкиім, тон киіп жүретінбіз. Қазір мал сойылса, тері мен жүн аяқасты болып жатыр. Онымен тұрақты айналысып, істің көзін білетін адамдар да сиреді. Ізімізді басқан төрт түліктің жайын білетін, тері илеп, жүн түте алатын адам некен-саяқ. Атакәсіптен ада болып қалмасақ екен, – дейді зейнеткер.
Қаржылай қолдауды күтеді
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дереккөздеріне сүйенсек, қазір Қазақстан аумағында тері өңдейтін 9 кәсіпорын бар екен. Аталған өндіріс орындарының жылдық қуаты 3,3 млн дана ірі қара терісін, 4 млн ұсақ мал терісін өңдеуге қауқарлы көрінеді. Біздің елдің төрт түліктен алынатын тері өнімдері шикізат күйінде Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті құрлық асып, Африканың Нигерия еліне жөнелтіледі. Ең көп сұранысқа ие қой мен сиыр терісі болып тұр.
Теріні жеткізумен айналысатын кәсіпкер Самат Сейілханұлы да бұл салаға мемлекет тарапынан барынша қолдау қажет деп санайды. Оның сөзінше, уағындағы тері алып-сатып, тіпті алыс-жақын шетелдерге де жеткізіп жүрген адамдардің бүгінде қарасы азайған. Өйткені теріні жинау, сақтау мен жол шығыны қалтаға ауырлық етіп отырған көрінеді.
– Тері өңдеу саласында еңбек ететін жандар мәселенің шешілгенін қалап жүрміз. Түсінікті болу үшін нақтылай өтейін. Теріні елдімекендерден жинап, кәсіпорындарға дейін жеткізу бір машақат. Мәселен, Қостайдан шыққан 20 тонна өнімді өзге өңірлерді зауытқа жеткізу үшін кемінде 600-700 мың теңге жол шығыны жұмсалады. Біз Шығыс және Солтүстік өңірлерден тері жинаймыз, зауытқа өткіземіз. Өз қаражатымызбен Ресейге де, тасымалдап жүрміз. Бірақ терілер тиісті орынға жетпейінше, олар ақша аудармайды. Кейінгі кездері Қытайға бүкіл әлем тері жеткізетін болып алғандықтан, сапаға қойылатын талапты да күшейтіп тастады. Теріні жинап тұздап, химиялық тазалау оңай емес. Қолдау жоқтығынан көбісі басқа салаға ойысты. Ал мал бордақылау, шаруа қожалықтармен келісімшарт түзіп, жұмыс бір ізге түскен. Мұнда мәселе жекелеген адамдардың малды жөнді соймай, теріні тілім-тілім қылып немесе гигеналық талаптарды сақтамауында болып тұр. Бір кездері тері өндірушілерге 5 пайызбен жеңілдетілген несие беріліп, 85 пайыз кепілдеме «Даму» қоры арқылы реттелетін дейтін ақпарат тарап еді. Ол да беймәлім күйде. Ал субсидиядан үмітімізді әлдеқашан үзгенбіз. Бізге тері өңдеу саласына ұлттық бірегей бағдарлама қажет деп білеміз, – деген ниетте кәсіпкер.
Өндіріс орындары жанданатын көрінеді
Үкімет дерегінше, мал шаруашылығын кешенді дамыту үшін өндіріс көлемін ғана емес, сонымен қатар саланың қосылған құнын арттыру да маңызды саналады. Осы бағытта тері мен жүнді өңдеу жобалары іске асырылып жатқан көрінеді. Атап айтқанда, Ақтөбе облысындағы «КАФЕЛТЕК» ЖШС жүннен жылу оқшаулағыш материалдар өндіру жобасын жүзеге асыруда, ал Алматы қаласында Iskefe Holding ЖШС ауыл шаруашылығы жануарларының терісінен желатин өндіру жобасы іске аспақ. Сондай-ақ тері мен жүнге салынатын экспорттық кедендік баж салығы алынып тасталды. Тері өңдеу саласындағы істердің жай-жапсарын Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мал шаруашылығы департаментінің директоры Бағлан Аймырзаев түсіндіріп берген еді. Ол тері өндіру ісінде алға ілгерілеушілік бар екендігін, өңірлерде тері, жүн өңдейтін зауыттар құрылысы қолға алынғандығын, бұл бағытта назар аударылып келе жатқандығын жеткізген болатын.
– Мемлекет тарапынан тері өңдеу саласына қолдау бар. Мәселен, Ақтөбе облысында жүн өңдейтін KazFelTec деген зауыт ашуды діттеп отырмыз. Бұл өндіріс жүннен құрылсқа қажетті материалдар да шығармақ. Ынталандыру мақсатында жүннің келісіне 200 теңге субсидия беруді қарастырдық. Жүнді халықтан жинау үшін сервистік дайындау орталықтары түзіліп, оларды жеңілдетілген несиемен қолдаймыз. Алматыда Түркияның Iskefe Holding компаниясы тері өңдеу зауытын салғалы жатыр. Бұйырса, 2027 жылы теріні өңдеп, желатин өндіріледі. Осылайша, дамыған елдердегідей мал шаруашылығын дамытып, өңдеу технологиясына көшіп, ел қазынасы толыға түспек, – дейді департамент басшысы.
Былтырдан бастап тері өңдеу саласында оң динамика байқала бастаған. Бұрын жұмысы тұралап тұрған кәсіпорындар ісі қайта жанданып, шетел инвесторлары қаржыландырып, бірізділікке түсе бастаған көрінеді. АШМ деректеріне сенсек, таяуда Орал қаласында үш жылдық үзілістен кейін «ПОШ Руно» ЖШС былғары өңдеу кәсіпорны өз жұмысын қайта бастаған. Ирандық инвесторлардың қатысуымен Persist Kazakh K&K компаниясы арқылы кәсіпорынды қалпына келтіру процесі басталған болатын. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрады. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 800 мыңнан астам тері өңдемек. Сонымен қатар Арқалықта тері өңдеу зауытына қытайлық инверторлар 6 млрд теңгеден астам қаражат құйып, жұмысы қайта жандана бастады. Жылына 12 мың дана өнім шығару діттеліп отыр.
Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Мал шаруашылығы тері мен жүн өндіру саласына тікелей қатысты. Бұл бағдарламадан, тері өңдеу саласындағы кәсіп иелері де үмітті. Демек, тері өндіруге бізде сұраныс та, шикізатта, айналысамын деген ниетті жандар жеткілікті болып тұр деген сөз. Тек жүйелі қолдау қажет-ақ.
Тоқетері, ауыл шаруашылығының барлық ақпараттық жүйелерін біріктіретін «Е-АӨК» платформасы әзірленуде. Сондай-ақ тері мен жүнге салынатын экспорттық кедендік баж салығы алынып тасталды. Бүгінде тері мен жүн экспорттайтын 15 кәсіпорын жұмысы қайта жандана бастады. Осылайша, атакәсіптің бойына қан жүгірсе, төрт түліктен алынған тері өңделіп, тұрмыстың барлық саласына қолданылмақ. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнім көрсеткіші артып, текстильдік өндірістің қарқын алуына жол ашпақ.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:65
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 14 Ақпан 2026 06:51 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















