Жұмбақ ақын Жұмекен
Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Ақ Жайықтың жағасында жыр мен сырға толы ақынның 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Еркіндік пен рухты өлеңіне арқау еткен жыр алыбының есімі уақытпен бірге жаңғырып, қайта жаңарып жатыр. Жұмекен жыры – қазақ рухының айнасы, әділдік пен ардың өлшемі.
«Жөргек иісі аңқыған...»
Оның өлеңдері талай жанның жадында жатталып, санасында сақталған. «Туатұғын секілді бүгін-ертең, мраморға жазылар бір өлеңім» деп жырлаған ақын өлеңдері мраморға емес, жүректерге өшпестей болып жазылғаны ақиқат. Олардың ішінде шоқтығы биігі – әрине, «Менің Қазақстаным».
«Кей сөзінен құмның иісі аңқитын, кей сөзінен мұңның иісі аңқитын» ақынның алты Алашын жанындай сүйгені анық. Оны жыр жампозының бүкіл өлеңдерінен байқауға да болады. Қызығы «...ойынан жөргек иісі аңқитын» ұлы жүрекке ұлтын сүюді өзі туған топырағы, қасиетті мекені үйретсе керек.
Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің Жұмекеннің «жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай» дейтін өлең жолына ерекше тамсанып, «Иірімде» жазғаны бар. «Мұндай тіркесті Жұмекен ғана жаза алса керек-ті» дейтін ақын.
Ақын өмірінің жалғасы бес перзенті бар. «Бес бұтағы», бірін маңдайынан сүйіп, бірін иіскеп, сағынышына, жүрек жақұтына айналған бес перзент әке есімін ұмыттырмай, аманатына адалдық танытып келеді. Қарлығаш Нәжімеденова Атырауда өткен мерейтойға қатысып, жүректерге жазылған әке өлеңін естіп, қанаттанып қайтты.
«Әкем Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына қатысып, үлкен әсер алдым. Әкем жанымда жүргендей болды. Біз әке өлеңдерін отбасында жиі естіп өстік. «Менің Қазақстаным» 2006 жылдан бастап Әнұранға айналды. Сабыреден атамнан бір ұл, екі қыз тараған: ұлы – Жұмекен, қыздары – Жаңылсын мен Сәбила. Әкемнің прозасы бөлек. Оның ішінде «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» романдарын ерекше бағалаймын. Сол үш шығармасы желісінде көпсериялы фильм түсірсе деген арманым бар.
Әкем тартқан күйлері таспаға басылып, 2005 жылы шықты. Әкем мен анам отбасын құрғанда үш есімді дайындап қойыпты: Әйкен, Назкен, Бикен. Әйкен 1958 жылы дүниеге келді, Назкен бірақ шетінеп кетті, мен туғанда қыздардың аттарын сәйкестігін ауыстырып, Қарлығаш деп қойды. Тоғжан Мағжаннан кейін туған. Есімін анамның өзі қойды. Әкем өмірден өткен кезде 21 жаста едім. Әке бейнесі жүректе мәңгі сақталады. Күйшілік дәстүрін жалғастырған Ақкербез, Самал мен Саиданың қыздары. Ұлы Мағжан мен менің ұлым Мақсаттың күй тартатын өнері бар. Мақсатты анам өзі жетектеп, Карима Сахарбаева деген домбырашыға апарды. Ондағы ойы – әкемнің тартқан күйлерін меңгерсе дегені. Мақсат әкем орындаған күйлерін тартып отырғанда, анам ерекше күйге бөленетін. Арман көп: бастысы – әке жаққан өлең отын өшірмей, Жұмекен жырын насихаттап отырсақ» дейді Қарлығаш апай.
Жұмекен жыры – мәңгілік. Ол өмірдің өткіншілігін емес, рухтың өшпес отын жырлады. Сол от бүгін де жанымызды жылытып, жүрегімізге жарық түсіріп келеді.
«Бес бөбегім, бесеуі де асыл маған»
Саида Нәжімеденова – Жұмекен ақынның сүт кенжесі. Осыдан 30 жыл бұрын «Қазақстан әйелдері» журналына берген сұхбатында: «Өз ұғымымда әкем үлкен қасиетті кісі болатын. Өзіне тән қарапайымдылығымен, әзіл-қалжыңымен ерекше боп көрінетін. Көп ақынға тән мақтану, көлгірсу, менмендік әкеме жат қасиеттер еді. Ол үнемі қарапайым боп жүретін. Жаны адал, ақкөңіл, сезімі пәк еді. Әкем өте балажан адам еді. Балаларының бәрін де жақсы көретін. Үлкен апам Әйкенді «Менің ақылшым, сүйенішім» деп үнемі үлкен кісімен сөйлескендей ақылдасып жүретін. Одан кейінгі Қарлығашты да еркелетіп, ерекше жақсы көретін. Қарлығашқа арналған «Ақ көгершінім» дастаны әкемнің балаға деген нәзік сезімінің куәсі десе болғандай. Ағам Мағжанды «Ақ Мақа» десе, маған тете апам Тоғжанды «Ақ Тоқа» деп еркелететін. Әкем үшін бәріміз де әппақ болып көрінуші едік. Әкем мені де «әппағым, ақ қызым» деуші еді. Қайда барса да қасынан тастамай алып жүретін. Кейін мектепте оқып жүрген кезімде, қонаққа баруға ұялып, өзім бас тартсам да: «Баламды ұнатпаған адам мені қонаққа шақырмай-ақ қойсын!» деп ертіп кететін. Әкем ұйықтар алдында Мағжан мен Тоғжанның маңдайынан сипап, менің басымды иіскеп барып төсегіне жататын. Мені «Саидокдок-док» деп мейірленетін. Балаларының бәрін тең ұстаса да, кенжесі болғасын ба, мені қатты еркелететін» деп жазады.
Жұмекеннің жырына үңілген жан өз жүрегін көреді. Оның өлеңінде еркіндік бар, ел бар, тағдыр бар. Жұмекен ақынның кенжесі Саида Нәжімеденоваға ақын туралы, әке туралы сауал қойған едік.
– Әкеңіз 21 жасында Әнұранның, яғни «Менің Қазақстаным» әнінің сөзін жазды. Ән туралы, әннің тарихы туралы отбасында айтылатын ба еді? Алғаш Әнұранға айналған кезі есіңізде ме?
– «Менің Қазақстаным» әнінің тарихы туралы анамыз жиі айтатын. Ол өлеңнің қашан, қалай дүниеге келгенін анамыз өзінің «Жұмекен – құдірет» атты естелік кітабында жазған. Сонымен қатар әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған сұхбаттарында да әннің тарихын жан-жақты баяндады. Анамның кітабынан үзінді келтірейін: «Жұмекеннің «Менің Қазақстанымы» қазақ ұлтының жүрек тебіренісін сомдаған шынайы туынды екенін уақыт дәлелдеп отыр. Бұл ақынның көкейкесті арманы – болашақ қазақ елінің тәуелсіздігі жайында армандауға ғана, түс көруге ғана болатын кезеңде жазылған өлең. Ол кезде тәуелсіздік жайында жақ ашып, үн шығару мүмкін емес еді. Алып империяның бұғауына сыймауы – кеңестік идеяның шарықтап тұрған кезінде «Менің – елім, менің – жерім, қазағым» деп сол кездің өзінде ашықтан-ашық жігерлі жыр жазуы, оның егемендік алған еліміздің Әнұранына айналуы еді».

Әрине, бұл ән алғаш рет 2006 жылы мемлекеттік Әнұран болып қабылданғанда ерекше қуандық. Шын мәнінде, өлеңнің мәтіні де, әні де нағыз гимн болуға лайық. Оны уақыт дәлелдеді. Елдің нағыз сүйікті Әнұранына айналды. Бұл әнді білмейтін қазақ жоқ десе де болады.
– Жұмекен ағаның анасы Мүслима 15 жасында тұрмысқа шығып, төрт жылдан кейін сәбиін өмірге әкелген екен. Анаңыз Нәсіп енесінің «Жұмекенді кимешектің ішінен мойныма қара ала тұсау салып жүріп құдайдан тілеп алдым ғой» деп айтқанын жазады. Әкеңіз анасы туралы толғау жазды ма?
– Мүслима әжеміз 1915 жылы дүниеге келіп, 1986 жылы қайтыс болды. Біз кішкентай кезімізден бастап әжеміздің тәрбиесін көрдік. Мүслима әжеміз аз сөйлейтін, өте төзімді, адал адам еді. Өте балажан кісі болатын, бізге бір ұрысып, дауыс көтерген жоқ. Әкем өз анасына арнайы толғау жазбаса да, анасының өмірін «Ақ шағыл» романындағы Мұғзима образы арқылы берген. Әкемнің өлеңдерінде анаға деген ерекше сый-құрметі көрінеді. Оған дәлел – «Ақ сүт» деген өлеңі. Сонымен бірге «Келін» поэмасындағы образынан да өз анасына деген, бүкіл қазақ келіндеріне деген ерекше құрметін көруге болады.
– Жұмекен Нәжімеденов – ақын ғана емес, проза мен аударма саласының да үздігі атанған қаламгер. Ол кісінің шығармалары (прозасы) жиі насихатталмай қалатын секілді. Әлде ақындығы басым түсіп кете ме?
– Әкем әдебиеттің барлық саласында, оның ішінде поэзияда, прозада, көркем аударма жасауда қыруар еңбек етті. Әдебиет әлеміне поэзиямен келді. Одан кейін 1973-1977 жылдары үш роман, бірнеше әңгіме-повесть, хикаяттар жазып, прозада көрінді. Аударма саласында да түпнұсқасынан асып түсетін көркем туындылар жазды. Қай жанрда жазса да, өнімді еңбек етіп, өзіне тән поэтикалық өрнегін сақтады. Мен үшін әкемнің поэзиясы мен прозасы бір өзеннің қос арнасы сияқты, екеуі де бір рухтың, бір дүниетанымның көрінісі. Сондықтан шығармаларын бір-бірінен бөле жармай, тұтас бір рухани әлем ретінде қабылдаймын. Әкемнің шығармашылық лабораториясына үңілген зерттеушілер бұл жанрларды біртұтас дүние деп талдаса ғана оның ішкі әлемінің терең тұңғиығына бойлай алады деп ойлаймын.
– Әкеңіздің керемет күйші болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ол күйшілік дәстүр туралы «Күй кітабын» жазып қалдырды. Қазір ол кісінің шерткен күйлері архивте сақталған ба?
– Әкем күйді керемет тартатын. Кішкентай кезінен бастап домбыра тартуды үйренген. Солақай күйші болатын. Алматы консерваториясында оқып, музыканың тарихын жан-жақты меңгерген адам. Күйдің құдіреті мен табиғатын әкем терең түсінді. Ол үшін күй ұлттың жаны мен тарихының үні еді. Сол күйлердің ішкі мәнін, рухани тереңдігін шынайы ұғынудың арқасында 1967 жылы «Күй кітабы» деген жыр жинағы жарық көрді. Бұл жинақ қазақ поэзиясына музыкалық поэтика мен ұлттық рухтың жаңа тынысын әкелді. Сол кітап негізінде 2005 жылы аудиодиск шығарылды. Онда поэзия мен күй бір арнада тоғысып, әкем жырлаған өлеңдердің рухы қайта жаңғырғандай әсерге бөлейді.
Әкем Абылдың «Абыл», «Нарату», Баламайсанның «Баламайсан», Динаның «Әсем қоңыр», Тәттімбеттің «Сылқылдақ», Мәменнің «Қайғылы қара», Құрманғазының «Кішкентай», Дәулеткерейдің «Көркем ханым» күйлерін, халық күйі «Ақсақ құлан» сияқты орындалу техникасы жағынан өте күрделі күйлерді шебер орындады. Осы тоғыз күйді 1968 жылы атақты шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың күйеуі атақты геолог Бәнсәтдин Күздебаев өзінің магнитофонына үнтаспаға жазып алған екен. Кейін бұл күйлер нотаға көшірілді. Аталған күйлер нотасымен бірге әкемнің архивінде сақтаулы.
– Оның «бес бұтағы» – «бірін иіскеп, масайып, бірін сүйіп басын жазатын» бес перзенті екені белгілі. Ұлының есімін Мағжан деп қойды. Мағжанды алаш қайраткерінің құрметіне қойғаны анық. Одан кейінгі балаларына есім қоюда белгілі бір ерекшеліктер болды ма?
– Әкем өте балажан кісі еді. Балаларының бәрін жақсы көріп, еркелететін. Бес баласын «бес бұтаққа» теңеп, ерекше өлең жолдарын да арнаған:
Бес бөбегім, бесеуі де асыл маған,
Асыл оймен жаңарам, жасылданам.
Бірін сүйсем – масайып қаламын да,
Екіншісін иіскеп – басым жазам.
Анамыздың айтуынша, әкем мен анам үйленгенде үш қызының есімін Әйкен, Назкен, Бикен деп дайындап қойған екен. Әйкен 1958 жылы дүниеге келді, одан кейін 1960 жылы Назкен дүниеге келді, ол 8 айында суық тиіп, шетінеп кетті. 1962 жылы анамыз қыз босанғанда, әкем Бикен деп қойғысы келген екен, әкемнің жолдастары: «Балалардың атын ұйқастыра берсең, ұл болмайды», – деп айтыпты. Содан кейін әкем қызының атын Қарлығаш деп қойды. Қарлығаштан кейін жалғыз ұлы Мағжан дүниеге келеді. Оған әкем сол заманда атын атауға да қорқатын, қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімін берді. Одан кейін дүниеге келген қызға анамыз Абайдың ғашығы Тоғжанның есімін өзі қойған екен. Ал менің атымды ұлы кемеңгер Әбіш Кекілбаевтың ұлы Әулет қойыпты.
Балаларына ат қоюдың тарихы осындай. Ал әкемнің төрт немересінің аты өз шығармаларынан алынды. Мысалы, әкемнің «Ақ шағыл» романындағы кейіпкерлерінің есімімен анам өз немерелеріне Темірәлі, Идаят, Талжібек деп ат қойды. Біздің ұлымыз Жанайдар да әкемнің поэмасының кейіпкері.
Гүлзина БЕКТАС


