Әнші әртістер орамалды кім үшін тағады және не үшін шешеді?
Как передает Qazaq24.com, со ссылкой на сайт Informburo.KZ.
Соңғы уақытта әлеуметтік желі кеңістігінде хиджабын шешіп, бұрынғы өмір салтына қайта оралған танымал тұлғалардың әрекеті қоғамда қызу пікірталас тудырып жатыр. Желі қолданушыларының көзқарасы екіге жарылды: бірі бұл қадамды "жат ағымдар тарапынан көрсетілген қаржыландырудың тоқтауы" деп қатаң айыптаса, екіншілері әр әйелдің жеке таңдау құқығы мен сенім бостандығын алға тартып, олардың бақытты өмір сүруге деген талпынысына түсіністікпен қарауға шақырады.
Соңғы жылдары хиджаб киіп, сахнадан алшақтаған өнер иелерінің бірі – әнші Айдана Меденова. "КешYOU" тобының құрамында танылып, мыңдаған тыңдарманның ықыласына бөленген ол өз таңдауына қатысты осы күнге дейін ешкімге тіс жармаған шындығын айтып, ағынан жарылды. Әншінің пайымдауынша, оның өнерден кетуіне Ислам діні емес, басынан өткерген жеке басындағы қиындықтары себеп болған. Әсіресе, асқар тауы – әкесінен айырылуы өмірге деген көзқарасының күрт өзгеруіне басты түрткі болғанын жасырмады.
"Құшағымды жайып, сіздермен бүгін шынайы сөйлескім келіп тұр. Соңғы бірнеше жыл менің өмірімде де, отбасымда да оңай жылдар болған жоқ. Әртүрлі өзгерістер, бақытты сәттер де, қуанышты жағдайлар да қатар жүрді. Білім алу мен тәжірибе жинақтау процесі де тоқтаған емес. (...). Шоу-бизнестен кеткен соң, бәрін жаңадан бастағымыз келді. Жаңа салаларда өзімізді іздедік. Бірде сәтті болса, бірде өте қиын болды. Осы қиындықтармен қатар, сыртымыздан түрлі қауесет жүріп жатты. "Әлішер Айданаға тыйым салып тастапты", "пропаганда үшін ақша алыпты" деген сияқты жағымсыз әңгімелер көбейді. Біз сол кезде іштей қиналып, бағытымызды таба алмай жүрген едік, бірақ оны ешкімге айтпадық. Тіпті жақын туыстарымыз да мұндай қиындық көріп жатқанымыздан хабарсыз болды", – деді Айдана Меденова.
Оқи отырыңыз: 2030 жылы мұсылмандар бір жылда екі мәрте ораза ұстайды. Ал биыл ораза қыста басталады
Сонымен қатар, әнші шығармашылыққа қайта оралып, концерттік бағдарламаларын жалғастыратынын мәлімдеді. Өз өмірінің жаңа парағын бастаған ол бұл жолда көпшіліктен қатаң сын емес, керісінше, қолдау күтетінін жеткізді.
"Тағы бір себеп – мен әкемнен айырылып қалдым. Сол кезде менде үлкен трансформация мен терең ойлар болды. Мұндай жағдай менің өмірімде екінші рет қайталанды. Кезінде анам қайтыс болғанда да мен екі жылға әншіліктен кетіп қалған едік. Сіздер білесіздер, мен Семейде кішкентай кезімнен ән айтып келемін. Сол кезде "әншілікке ешқашан қайтып оралмаймын" деген шешім қабылдағанмын. Осыдан үш жыл бұрын әкемді жоғалтқанда да соған ұқсас сезімдер болды. Денем де солай реакция берді – мен іштей аза тұттым. Ал сахнада ән айту мен үшін мереке сияқты еді, сондықтан аза тұтып жүріп сахнаға шығуды елестете алмадым. Ол кездегі шешімімнің хиджабқа еш қатысы жоқ. Мен хиджаб кигенде "сахнадан біржола кетемін" деген мақсат болмаған. Тек уақыт өте келе өз сезімдерімді тыңдап, сондай шешімге келдім. "Уақыт – емші" дейді ғой, бәрі де өз уақытымен болған шығар. Қазір сіздерге айтайын дегенім: мен сахнаға, өз әндеріме, шығармашылығыма ораламын. Әрине, барлық концертке қатыспауым мүмкін. Өзіме ұнайтын форматта, мемлекеттік концерттерде немесе өзім қалаған бағытта ән айтуды жалғастырамын. Сіздерден өтінерім – ешкімге асығыс шешім шығармаңыздар, ешкімді тез сөкпеңіздер. Өйткені әр адамның өмірінде қандай қиындық болып жатқанын ешкім білмейді. Біз сол адамның жолымен жүріп көрмейінше, оның ішкі күйін сезе алмаймыз. Әр адамның өз уақыты, өз сабағы бар. Алла әр пендесіне әртүрлі сынақ береді", – деп түйіндеді сөзін Айдана Меденова.
Әлеуметтік желіде әншінің бұл қадамын қатаң сынағандардың қатарында танымал блогер, кәсіпкер Фариза Мырзабек те болды. Ол желіде жариялаған видеоүндеуінде танымал тұлғалардың хиджаб киіп, артынша қайта шешуі дін жолында шын ниетімен жүргендердің абыройына нұқсан келтіретінін айтты. Блогердің пайымдауынша, мұндай тұрақсыздық қоғамда дінге деген күмән ұялатып, шынайы сенім иелеріне сөз тиюіне себеп болады.
"Дін – ең алдымен, ешкімге қиянат жасамау""Блогерлер мен әншілер орамалды ойыншық қылды. Ақшадан өлдіңдер ме? Сұмдық қой мынау! "Жанымның қалауы, жүрегімнің тыныштығы, елдің сөзі" дейсіздер. Алла алдындағы парыз қайда қалды? Неге тақтыңдар онда? Елдің бәрін тағып-шешуге үгіттеп жатырсыздар. Позор. Түсінбей жатқандар болса, айта кетейін: Айдана Меденова орамалын шешіп тастапты. Құрметті әншілер, сіздерді орамалсыз-ақ жақсы көретін едік. Орамал таққан соң сыйларыңыз арта түсті. Ал шешкеннен кейін не болды? Діннің атына кір келтірдіңіздер", – деді Фариза Мырзабек видеода.
Дінге заманауи көзқарасымен танымал Нұрлан имам (Нұрлан қажы Байжігітұлы) бұл орайда Ислам дінінің тек хиджаб киюмен ғана шектелмейтінін түсіндіріп өтті. Оның пайымдауынша, асыл дініміз ешқашан білім алуға тыйым салмайды және адамның рухани өмірі тек намаз оқумен ғана шектелмеуі тиіс. Имам қоғамды, әсіресе жастарды шет тілдерін меңгеруге, жан-жақты сауатты әрі білімге құштар болуға шақырды. Дін адамды тек шектеу немесе жабу үшін емес, керісінше, оның қоршаған әлеммен үйлесім тауып, бақытты өмір сүруіне септігін тигізу үшін берілгенін алға тартты.
"Қап-қара киініп, хиджабқа орануды немесе тек сақал қоюды "дін" деп түсіну – үлкен қателік. Дін жолына түскен соң "оқуға болмайды екен, дін деген тек намаз оқу" деген жаңсақ оймен мектеп пен университетті тастап кеткен қаншама жастың тағдырына куәміз. Негізінде, шынайы сенім тек намаз оқумен немесе мешітке барумен ғана шектелмейді. Шын мәнінде, дін – ешкімге қиянат жасамау, Отанды сүю, елді қадірлеу және өз сеніміңе адал болу. Сонымен қатар, өзге тілдердің бәріне құрметпен қарау – мұсылмандықтың белгісі. Нағыз қазақ, нағыз мұсылман ешқашан біреудің ала жібін аттамайды. Пейілі кең ата-бабаларымыз тілі мен діні, ұлты бөлек жандардың бәрін құшақ жая қарсы алып, төрінен орын берген. Егер біз бүгін дін ісін бұрмалап, бір-бірімізге сөз тигізіп, алауыздық тудырсақ, ертеңгі ұрпақ пен бабалар алдында жүзіміз қалай жарқын болмақ? Сондықтан, ардақты жас ұрпақ, қазір – жаһандану заманы. Барлық тілді үйренетін, әсіресе ағылшын, қытай және басқа да шет тілдерін меңгеріп, биік белестерге ұмтылатын кез. Білім мен тәрбиені қатар ұстағанда ғана алынбайтын қамал болмайды", – деді Нұрлан имам.
Оқи отырыңыз: 2025 жылы Қазақстанда қанша мектеп және қанша мешіт салынды
Қазақстанда хиджаб кию қалай басталды?Мәдениеттанушы Зира Наурызбай теріс ағымдардың ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі Ислам дініне тигізген кері әсеріне тоқталды. Оның пайымдауынша, Исламды терең түсінген жан үшін бұл дін, керісінше, әйел құқығын жоғары қойып, оны қорғайтын құндылықтарға толы. Осы орайда, ол қазақ әйелінің болмысына жат, тым тұмшаланған жабық киімдердің шығу төркіні мен оның біздің мәдениетімізге қалай енгенін тарихи тұрғыдан түсіндіріп өтті.
"90-жылдары Маңғыстау өңіріндегі Құлсарыда және Ақтөбе облысының Шалқар станциясында радикалды ағымдардың ықпалы өте күшті болды. Тіпті, әйел адам көшеге басына орамал салмай немесе қасына ер адам ертпей еркін жүре алмайтын. Құдды қалыптасқан тәртіпке бағынбасаң, таспен атқылап жазалайтындай көрінетін. Сол кезеңде елімізге түрлі діни ағымның қалай енгенін және олардың артында қандай қаржылық қолдау тұрғанын бәріміз көрдік. Көптеген саясаткеріміз сол тұста "дінді саяси басқару құралы ретінде пайдалана аламыз" деген жаңсақ сеніммен түрлі сектамен ынтымақтастыққа барды. Мұсылмандық бірегейлік тек халықтың жадында ғана сақталып, дәстүрлі исламның негіздері терең түсіндірілмегендіктен, радикалды идеялар мен лаңкестік әрекеттер күткендегідей Оңтүстікте емес, Батыс аймақтарда көбірек көрініс тапты. Мұның себебі, бәлкім, жергілікті менталитетте шығар. Десе де, Оңтүстік өңірлерде дәстүрлі отбасылық діндарлық пен ата-баба жолы жақсырақ сақталғанын айта кету керек. Ал Батыста бұл сабақтастық үзіліп қалды", – деп түсіндірді Зира Наурызбай.
Зира Наурызбай қоғамдағы отбасылық діни сабақтастықтың үзілуі қандай парадокстарға әкеп соқтырғанын атап өтті. Оның айтуынша, дәстүрлі тәрбие мен шынайы діни танымның үзілуі адамдардың сыртқы пішінге ғана мән беріп, ішкі мазмұн мен өткен тарих арасындағы алшақтықтың туындауына себепші болады.
"Отбасылық діни сабақтастықтың болмауы жастардың сырттан келген уағызшылардың жетегінде кетуіне әкеп соқты. Тіпті, кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде Саид Бурятский сияқты Ресейдің өзінде тыйым салынған уағызшылардың дәріс оқуына жол беруге дейін бардық. Қауіпсіздік мекемесінің өзі сондай ықпалда болса, басқа не деуге болады? Дінге жаңа келген неофиттер, әдетте, бұл жолға баспен кіріп кетеді. Адамның білімі неғұрлым таяз болса, ол соғұрлым қатты сөйлейді және өз пікірін өзгелерге таңуға тырысады. Бұл – Даннинг-Крюгер эффектісінің нақ өзі: ештеңе білмейтін адам өзінің абсолюттік ақиқатына сенімді болады. Көп жағдайда бойындағы кемшілігін дінмен бүркемелеуге тырысады. Жуырда Facebook желісінен бір әйелдің "Хиджаб киген сәтте өзімді өзгелерден жоғары сезіндім, бәріне жоғарыдан төмен қарауға құқығым бар деп есептедім" деп жазыпты. Бірақ уақыт өте келе ол киімнің адамға қасиеттілік немесе күнәсіздік мәртебесін бермейтінін түсінген. Қазір мұндай секталардың қаржылық және саяси қолдауы азайған шығар деп үміттенемін, дегенмен идеялардың санаға терең енгені рас. Дегенмен әр жағдай – жеке қарастыруды қажет етеді, барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды", – деді Зира Наурызбай.
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
"Проекция: Хиджабын шешкендерді сынайтындар – сол қадамға өзі бара алмай жүргендер"
Психолог Жібек Абжанованың пайымдауынша, әке қамқорлығын сезінбей өскен немесе сыртқы әлемді қауіпті деп қабылдайтын қыздар үшін хиджаб – өзін қорғаудың бір жолы. Ол мұны нәзік жандылардың өз тәнін орап қою арқылы іштей "қауіпсіздік белдеуін" жасауға тырысатын психологиялық қорғаныш механизмі деп түсіндіреді. Сонымен қатар, маман орамалын шешкен бойда бірден ашық киімге көшетін қыздардың әрекетіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл – ұзақ уақыт басылып келген ішкі еркіндіктің сыртқа жарылып шығуы және адамның өз денесіне деген иелік құқығын қайта орнатуға талпынысы.
"Психология мен психоанализ ілімінде хиджаб кию – бұл тек діни таңдау ғана емес, адамның ішкі әлеміндегі күрделі процестердің көрінісі. Көптеген қыз үшін орамал сыртқы әлемнен қорғайтын "психологиялық сауыт" қызметін атқарады. Егер адам айналасын агрессивті немесе қауіпті деп сезінсе, ол орамал арқылы өзіне қауіпсіз шекара орнатады. Сондай-ақ Зигмунд Фрейдтің теориясына сүйенсек, бұл – ішкі қалаулар мен инстинкттерді қатаң моральдық нормалармен тізгіндеу әдісі. Адам өз бойындағы энергияны немесе "тыйым салынған" ойларын басу үшін осындай сыртқы шектеулерге жүгінеді. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, адам өмірде тірегінен айырылғанда немесе әкесімен қарым-қатынасы қиын болғанда, бейсаналы түрде "Жоғарғы Әке" – Құдай бейнесінен қорғаныш іздейді. Хиджаб кию – сол абсолютті билік пен шексіз махаббатқа мұқтаждықты өтеудің бір жолы. Кей жағдайда бұл "рухани нарциссизмге" де ұласуы мүмкін: адам өзін өзгелерден таза, рухани биік сезіну арқылы өз-өзіне беретін бағаны көтергісі келеді", – деп түсіндірді психолог.
Жібек Абжанованың айтуынша, хиджабты шешкен соң қыздардың тым ашық киімге көшуі – психологиядағы "реактивті қалыптасу" немесе "орнын толтыру" механизмі. Яғни адам орамалды іштей дайындықсыз, тек ортаның немесе догмалардың қысымымен кисе, оның ішінде "еркіндікке шөлдеген энергия" жинала береді.
"Орамалды шешкен сәтте сол энергия сыртқа жарылып шығады. Бұл жерде тым ашық киіну – әдепсіздік емес, бұл: дене шекарасын бекіту: "Менің денем – менің билігімде" дегенді дәлелдеу; реабилитация: Ұзақ уақыт "көрінбей" келген жанның "мен тірімін, мен осындамын" деп әлемге айғайлауы; жанды емдеу: Іштегі басылған агрессия мен ұяттан арылуға талпыныс. Бұл – өтпелі кезең. Психика бір шеттен екінші шетке ауысу арқылы өзінің сау, теңгерімді нүктесін іздейді. Бұл жерде қызды айыптау емес, оның ішіндегі "еркіндікке сусаған баланы" түсіну маңызды. Қызық бір жайт: хиджабты шешкендерді ең қатты сынайтын адамдардың көбі – іштей дәл сондай қадамға барғысы келетін, бірақ өзіне рұқсат бере алмай, сол сезімді тұншықтырып жүрген жандар. Психологияда мұны "проекция" дейміз: адам өзіндегі басылған қалауды басқадан көргенде, оны жек көру арқылы өзін қорғайды. Сондықтан, біреудің таңдауына төрелік айтпас бұрын, оның жан жарасының қаншалықты терең екенін сезінуіміз қажет. Әрбір адам – өзін-өзі құрастырып жатқан үлкен әлем", – деп қорытындылады жан маманы.
Оқи отырыңыз: Хиджаб кию қазақ дәстүрінде болған ба?
"Әр шешімнің астарында біз білмейтін үлкен себептер, ішкі арпалыс жатыр"Фитнес-жаттықтырушы Айжан Қалымова әлеуметтік желіде сынның астында қалған аруларға барынша түсіністік пен жанашырлық танытуға шақырды. Оның пайымдауынша, әрбір адамның қабылдаған шешімінің астарында біз біле бермейтін терең себептер мен ішкі толғаныстар жатыр. Сондықтан, сыртқы киім үлгісіне қарап төрелік айтудан бұрын, адамның таңдау құқығына құрметпен қарау маңызды. Осы орайда маман тән саулығы – Жаратқанның адам баласына берген ең ұлы аманаты екенін алға тартып, әрбір нәзік жандыны өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және спортпен шұғылдану арқылы өзіне деген махаббатын арттыруға шақырды.
"Ең алдымен айтқым келетіні – хиджаб кию немесе кимеу, оны шешу немесе қалдыру – әрбір әйелдің жеке еркі мен қасиетті құқығы. Біз әр адамның таңдауына махаббатпен, үлкен жанашырлықпен және түсіністікпен қарауымыз керек. Себебі әрбір шешімнің артында біз білмейтін үлкен себептер, ішкі арпалыстар мен тағдыр жолдары жатыр. Сондықтан, сыртқы стиль қандай болса да, біздің алдымыздағы басты міндет – Жаратқан берген тәніміздің саулығын бірінші орынға қою. Көп жағдайда біз "құлшылық" дегенді тек діни жоралғылармен ғана байланыстырамыз. Алайда, фитнес саласындағы маман ретінде мен үшін өз денсаулығыңа күтім жасау – Жаратқанның алдындағы ең үлкен жауапкершілік пен парыздың бірі. Дене – бізге уақытша берілген аманат. Біз бұл дүниеге жанымызды да, тәнімізді де сау күйінде сақтау үшін келдік. Сондықтан, дұрыс тамақтану, денені шынықтыру және белсенді өмір салтын ұстану – бұл жай ғана сән емес, бұл – Жаратушының берген сыйына деген құрметіміз.
Денені шынықтыру – өзіңді сүюдің ең шынайы көрінісі. Өзін жақсы көретін адам өз тәнін сапасыз тағаммен уламайды, қозғалыссыз қалдырып тоздырмайды. Керісінше, спортпен шұғылдану арқылы біз ерік-жігерімізді шыңдап, тәртіпке үйренеміз. Сау денеде – сау рух болады. Егер тән әлсіз, сырқат болса, адамның рухани деңгейде де өсуі қиындап кетеді. Сондықтан, фитнесті жай ғана "арықтау" немесе "әдемі көріну" деп емес, Жаратқанның аманатына қиянат жасамау және өмірлік энергияны арттыру деп түсінгеніміз абзал. Біз қанша жерден рухани бай болсақ та, сол рухтың мекені – біздің тәніміз. Сондықтан, физикалық белсенділік пен денсаулыққа күтім жасауды күнделікті құлшылықтың бір бөлігі деп қабылдау керек. Өзіңді сүю – таңертең ерте тұрып денеңді оятудан, таза су ішуден және күш-қуатыңды нығайтудан басталады", – дейді Айжан Қалымова.
Оқи отырыңыз: Ғани Бейсембаев мектепке хиджаб киіп келу туралы: Бәріміз заңға бағынуымыз керек
Орамал тағу немесе оны шешу – тек мата мен стильдің ауысуы емес, бұл әр әйелдің ішкі әлеміндегі күрделі рухани және психологиялық процестердің көрінісі. Қоғам болып біреудің таңдауын айыптаудан бұрын, оның артындағы адами себептерге үңілу – парасаттылықтың белгісі. Имамдар айтқан ішкі ниет тазалығы, мәдениеттанушылар алға тартқан тарихи сабақтастық, психологтар ескерткен ішкі еркіндік пен жаттықтырушы айтқан тән саулығы – бәрі де бір арнаға тоғысады. Ол адамның өзімен және Жаратқанмен үйлесімде өмір сүруі. Ең бастысы, сыртқы бейне қандай болса да, жүректегі иман мен адами қасиеттердің жоғалмауы. Өйткені нағыз рухани тазалық – өзгенің таңдауына құрметпен қарап, аманатқа қиянат жасамаудан басталады.
Другие новости на эту тему:
Просмотров:50
Эта новость заархивирована с источника 14 Января 2026 17:43 

Войти
Новости
Погода
Магнитные бури
Время намаза
Драгоценные металлы
Конвертор валют
Кредитный калькулятор
Курс криптовалют
Гороскоп
Вопрос - Ответ
Проверьте скорость интернета
Радио Казахстана
Казахстанское телевидение
О нас

Самые читаемые