Әлеуметтік қолдаудың ауқымы кеңейді
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Әсіресе мүгедектігі бар азаматтарды оңалту, арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамту, жұмыспен қамтамасыз ету және көші-қон мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева мәлімдеді.
Жалпы, қазір Шымкентте 43 924 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Өткен жылы олардың саны 42 702 адам болған. Оның ішінде бірінші топтағы азаматтар – 5 223, екінші топта – 15 304, үшінші топта – 14 502 адам. Сонымен қатар қалада 18 жасқа дейінгі 8 895 мүгедектігі бар бала бар. Әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыты – азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету. 2026 жылы осы бағыт бойынша 52 515 өтінім түсіп, оның 42 330-ы, яғни 80,7 пайызы орындалған. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы 47 924 өтінімнің 37 254-і орындалып, қамту деңгейі 77,7 пайызды құраған.
Кресло-арбаға мұқтаж азаматтардың 91,4 пайызы қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Жеке көмекші қызметіне өтініш білдіргендердің 97,3 пайызы, ымдау тілі маманының қызметіне мұқтаж азаматтардың да 97,3 пайызы қамтылды. Гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету көрсеткіші 91 пайызға жетті. Бұдан бөлек, 5 528 азамат протездік-ортопедиялық көмекпен, 652 адам сурдологиялық, 1 135 адам тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Санаторлық-курорттық емдеуге мұқтаж 11 633 азаматқа жолдама берілді.
Әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін қалада жаңа нысандар іске қосылып, қолданыстағы орталықтардың мүмкіндігі кеңейтіліп жатқанын айта кетейік. 2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Шымкентте 3 261 азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Оның ішінде 816 адам – стационарлық, 825 адам – жартылай стационарлық, 373 адам – уақытша болу жағдайында, ал 1 247 азамат үйде қызмет көрсету форматында көмек алған. Былтыр арнаулы әлеуметтік қызметтермен 3 236 адам қамтылған болатын. Бұл ретте әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілуде. 2025 жылы 50 орындық «Сенім» орталығы мен 150 орындық «Балауса» балалар орталығы құрылды.
Мүгедектігі бар азаматтарды оңалту инфрақұрылымын одан әрі күшейту мақсатында 150 орындық жаңа оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Нысанның жалпы дайындық деңгейі 70 пайызға жеткен. Оны 2026 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Жобаның құны – 14,05 млрд теңге. Балаларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру бағытында да нақты жобалар бар. «Қолдау» балалар орталығын жабдықтауға «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 574,9 млн теңге көлемінде қолдау көрсету жоспарланған. Ал бейімдеу орталығында қосымша 100 орындық ғимарат салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Әлеуметтік қолдау саласындағы өзгерістер тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Мемлекеттік қолдауды нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау үшін оны тағайындау тәсілдері де жаңартылады. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді. Жаңа тәсіл бойынша мемлекеттік қолдау отбасының нақты әлеуметтік жағдайы мен қажеттілігіне қарай көрсетіледі.
Жұмыспен қамту саласында да жаңа тәсіл енгізілуде. 1 қазаннан бастап жұмыс іздеп жүрген азаматтарға лайықты жұмыс табу тәртібі жетілдіріледі. Бұған дейін мансап орталығы мамандарына азаматқа сәйкес жұмыс орнын іздеуге 2 күн берілсе, жаңа тәртіп бойынша бұл мерзім 13 күнге дейін ұзартылады. Осы уақыт ішінде мамандар жұмыс іздеушінің білімі, еңбек өтілі, кәсіби дағдылары мен мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеп, соған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынуға тиіс.
Шымкент қаласында еңбек ресурстарын тиімді орналастыру және жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аударуды ынталандыру бағытындағы жұмыстар да жалғасып келеді. 2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Шымкенттен жұмыс күші аз өңірлерге 143 отбасы немесе 586 адам қоныс аударған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. 2025 жылы осы кезеңде 40 отбасы, яғни 93 адам қоныс аударған болатын. Қоныс аударғандардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарына бағытталған.
Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысына – 49 отбасы немесе 226 адам, Павлодар облысына – 44 отбасы немесе 167 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 28 отбасы немесе 105 адам, Қостанай облысына 16 отбасы немесе 62 адам көшкен. Сонымен қатар Абай, Ұлытау және Қарағанды облыстарына да отбасылар қоныс аударған. Бұл бағыттағы мемлекеттік қолдаудың мақсаты бір жағынан жұмыс күші тапшы өңірлердің еңбек ресурстарын толықтыру болса, екінші жағынан азаматтарға тұрақты жұмыспен қамтылуға және жаңа жерде орнығуға мүмкіндік беру.
Көші-қон саласында қандастарды қабылдау және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау мәселесіне де назар аударылуда. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 142 азаматқа «қандас» мәртебесі берілді. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл мәртебені 626 азамат алған. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін қандас мәртебесін беру, тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеу және азаматтық алу мәселелері Үкімет айқындаған жеті өңірде қаралады. Олар – Абай, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстары.
Шымкенттегі әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыстардың ауқымы бірнеше бағытты қамтиды. Бір жағынан, мүгедектігі бар азаматтарға қажетті оңалту құралдары мен қызметтерін ұсыну, арнайы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және жаңа инфрақұрылым қалыптастыру көзделсе, екінші жағынан, еңбекке қабілетті азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:72
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 06 Қазан 2026 05:01 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















