Ақ шашты дәуір: қартайып бара жатқан адамзат қайтсе аман қалады?
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Адамзат жаңа кезеңге қадам басты. Бұл халық санының азаю дәуірі. Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады деген түсінік байырғы түсінікке айналып барады. Ойлап қараңыз, жер бетіндегі тұрғындар саны XIV ғасырдан бері алғаш рет індеттің, соғыстың салдарынан емес, балаларды дүниеге әкелуден саналы түрде бас тартудың нәтижесінде күрт кеміген. Бұл неге апарады? Қоғамның қартаюына, жастар мен еңбекке қабілетті адамдардың тапшылығына. Бұл демографиялық құлдырау экономикаға, әлеуметтік жүйелерге және жаһандық тепе-теңдікке өте қатты ықпал етеді. Отбасыдан бастап, мемлекеттерге дейін сын-қатерден аман қалмайды. Әйтсе де, депопулизация дәуірі адамзаттың құрдымы деуден аулақпыз, бірақ бұл заман – сіз бен біздің болашағымызды қайта байыптайтын уақыт.
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Соңғы рет Жер бетіндегі халық саны шамамен 700 жыл бұрын, бубон обасы кезінде қысқарған. Індет тарқаған соң құлдырау да тоқтады. Содан бері адам саны ондаған есе көбейді, ал соңғы жүз жылда тіпті төрт есеге жуық артты. Ал қазір жағдай керісінше. Халықтың кемуіне індет емес, бала туу деңгейінің жетіспеуі себеп болып отыр. Бұл – адамзат тарихында алғаш рет болып отырған құбылыс.
Депопуляцияның басты себебі –балалы болуға деген ықыластың әлемде әлсіреуі. Мемлекеттер субсидия, салықтық жеңілдік, аналық капитал секілді түрлі тетіктер арқылы туу көрсеткішін көтеруге тырысты, бірақ бұл саясаттың нәтижесі мардымсыз болды.
Жаһандық көрініс1960-жылдары әлемде бала туу өте жоғары болды, оны «демографиялық жарылыс» деп атайды әлеуметтанушылар. Бірақ содан кейін жағдай өзгерді. Соңғы 50-60 жылда көптеген елде адамдар бұрынғыдай көп бала сүймей кетті. Бұл тек бір-екі мемлекеттің емес, барған сайын көбейіп бара жатқан елдердің ортақ үрдісіне айналып отыр. БҰҰ дерегінше, 2015 жылы әлемдегі орташа туу көрсеткіші 1965 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе төмендеген.
Қазір Жер бетіндегі халықтың көбі бала тууы жеткіліксіз елдерде тұрады. «Жеткілікті» дегеніміз – халық саны азайып кетпей, өз-өзін ұстап тұру үшін қажет деңгей. Дамыған елдерде ол шамамен бір әйелде 2,1 бала болуы керек. Екі бала ата-ананың орнын басады, ал «0,1» – өмірдің түрлі жағдайына байланысты (кейбірі балалы болмауы, ерте қайтыс болуы т.б.) қосылатын үлес. Ал өмір жасы қысқа елдерде немесе ер-әйел саны қатты тең емес жерлерде халықты сақтап қалу үшін бұдан да көбірек бала туу қажет болады.
Ахуал қалай, Азия?Азияда халық саны азая бастады. БҰҰ дерегіне қарасақ, 2021 жылы бұл өңір алғаш рет депопуляция кезеңіне өтті. Ал 2022 жылдан бастап Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және Тайваньда тұрғындар саны кеми бастады. 2023 жылы Жапонияда бала туу қалыпты деңгейден 40 пайызға төмендеді, Қытай мен Тайваньда бұл айырма тіпті 50 пайызға жетті. Ал ең төмен көрсеткіш Оңтүстік Кореяда тіркелді. Бұл ел бүгінде әлемдегі ең аз бала туатын мемлекеттердің бірі.
Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында да жағдай мәз емес. Шамамен 2018 жылдан бері мұнда туған балалар саны халықтың орнын толтыруға жетпей қалды. Бруней, Малайзия, Сингапур және Вьетнам бала саны азайып жатқан елдерге әлдеқашан қосылды. Халқы жағынан әлемде төртінші орында тұрған Индонезия да 2022 жылы осы шекке таяды. Филиппинде бір әйел орта есеппен екі балаға да жетпейтін деңгейде босанады. Кедей ел саналатын Мьянмада да бала туу өте төмен. Таиландта жағдай одан да күрделі: бұл елде қазір өлгендер саны туғандардан көп.
Бұл үрдіс Үндістанға да жетті. Әлемдегі ең халқы көп ел саналатын Үндістан ғана емес, Непал мен Шри-Ланка да депопуляция табалдырығында тұр. Үшеуі де пандемияға дейін-ақ төменгі нәтиже көрсеткен. Жақын жылдары бұл қатарға Бангладеш те қосылуы мүмкін екен. Үндістанның ірі қалаларында мәселе анық байқалады. Мысалы, Калькуттада бір әйелге бір баладан да аз келеді. Бұл көрсеткіш Германия мен Италияның ірі қалаларынан да төмен.
Шілдехана Америкада да азБұл өңірде де бала туу күрт азайды. БҰҰ есебіне сәйкес, 2024 жылы орташа есеппен бір әйелге 1,8 бала ғана келеді. Ал кей елдерде жағдай одан да қиын. Мәселен, Коста-Рикада бұл көрсеткіш 1,2-ге тең. Куба мен Уругвайда − шамамен 1,1. Бұл елдердің екеуінде де өлгендер саны туғандардан асып кеткен. Богота мен Мехико сияқты алып қалаларда бір әйелге бір бала да келмейді.
Таяу Шығыс таяққа сүйеніп тұрКөпшілік бұл өңірлерде бала туу әрдайым жоғары болады деп ойлайтын. Бірақ шын мәнінде мұнда да халық саны азайып барады. Діннің бала тууға үндейтін ықпалына қарамастан, табиғи кему бұл аймақта ширек ғасырдан бері байқалып отыр. Тунисте жағдай күрделі. Ал Түркияның ең ірі қаласы Ыстамбұлда 2023 жылы бір әйелге орта есеппен небәрі 1,2 бала ғана келген.
Қарт құрлық. Атына заты сай...Еуропада бұл мәселе бұрыннан бар. Мұнда халық саны соңғы 50 жыл бойы өзін-өзі жаңарта алмай келеді. Ресейде бұл шек 1960-жылдары-ақ орындалмай қалған. КСРО тарағалы бері елде қайтыс болғандар саны туғандардан 17 миллионға көп.
Еуропалық одақта да көрініс осындай. Қазіргі 27 елдің барлығында дерлік бала туу қажетті деңгейден шамамен 30 пайызға төмен. 2023 жылы ЕО аумағында 3,7 миллионнан аз бала дүниеге келсе, 5 миллионнан астам адам қайтыс болған.
Салыстыру үшін айтсақ, 1964 жылы Еуропада 6,8 миллион бала туған. Францияда екі жыл бұрын туған балалар саны тіпті 1806 жылдан бергі ең төмен деңгейге түсті. Испанияда да солай, 1859 жылдан бері мұндай аз көрсеткіш болмаған. 2023 жылы Польша мен Германияда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет ең аз бала дүниеге келді.
Еуроодақта 2012 жылдан бері өлгендер саны туғандардан артық. 2022 жылы төрт адам қайтыс болғанда, небәрі үш сәби туған. БҰҰ дерегіне сүйенсек, Еуропа халқы ең жоғары шегіне 2019 жылы жетіп, 2020 жылдан бастап ұзақ мерзімді демографиялық құлдырау кезеңіне өтті.
Қазақ саны тұрақты өсіп келедіҰлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 20 286 084 адам тұрады. Бір жыл ішінде халық саны 252 242 адамға өскен. Ең тығыз қоныстанған аймақтар – Алматы (2 292 333) және Түркістан облысы (2 154 334). Сонымен қатар, халық саны өсімінің ең жоғары қарқыны Астанада тіркелген.
Үкімет ел азаматтары санының өсу қарқыны әлі де артады және 2050 жылға қарай ел халқының жартысы оңтүстікте тұрады деп есептейді.
Африка алға оздыБүгінде туу көрсеткіші ұрпақтың орнын басу деңгейінен жоғары сақталған жалғыз ірі өңір – Тропикалық Африка. Мұнда шамамен 1,2 миллиард адам тұрады, бір әйелге орта есеппен 4,3 бала келеді.
БҰҰ есептеуінше, халық санының тұрақты сақталуы үшін бір әйелге орта есеппен 2,18 бала қажет. 2024 жылға арналған орташа болжам бойынша, әлемдік туу деңгейі осы шектен небәрі 3 пайызға ғана жоғары. Ал пессимистік сценарийде бұл көрсеткіш 8 пайызға төмендейді. Яғни адамзат қазірдің өзінде жаһандық ұрпақ жалғастыру шегінен өтіп кетуі мүмкін. Бүгінде Жер халқының төрттен бірінде депопуляция жүріп жатыр, ал жақын жылдары бұл құбылыс өзге өңірлерді де қамтиды.
Таңдау факторыТуу көрсеткішінің әлем бойынша төмендеу себебі әлі толық анықталған жоқ. Көп жағдайда бұл құбылыс экономикалық даму мен жаңғырумен байланыстырылады. Қоғам байып, білім деңгейі артқан сайын, қалалар ұлғайған сайын бала саны азаяды деген түсінік кең таралған. Бұл көзқарас «модернизациялық өтпелі кезең» теориясына сүйенеді.
Алайда соңғы жылдары бұл заңдылық әлсірей бастады. Қазір табысы төмен, білім деңгейі әлсіз, кедейшілік басым елдердің өзінде туу көрсеткіші төменгі деңгейге түсті. Мысалы, ең аз дамыған мемлекеттер қатарына кіретін Мьянма мен Непалдың өзі халық санын табиғи жолмен сақтай алмай отыр.
Екінші дүниежүзілік соғыстан бері бұл құбылысты түсіндіруге бағытталған ондаған зерттеу жасалды. Олар балалар өлімінің азаюын, контрацепцияның қолжетімді болуын, әйелдердің білім алып, еңбекке араласуын, қоғамдағы рөлінің күшеюін негізгі себеп ретінде атайды. Бірақ бұл мәселенің мәнін толық ашпайды.
Туу көрсеткішін не анықтайды?1994 жылы америкалық экономист Лант Притчетт туу деңгейіне әсер ететін ең басты факторды анықтады. Ол – адамдардың өзі қалаған бала саны. Ғалым нақты туу көрсеткіші мен адамдар армандайтын бала санының арасында барлық елде дерлік тығыз байланыс бар екенін дәлелдеді. Яғни бала санына ең алдымен экономикалық жағдай емес, жеке таңдау ықпал етеді.
Осы тұста заңды сұрақ туады. Егер бәрі таңдау болса, неге әлемнің барлық түкпірінде адамдар балалы болудан бас тартып жатыр? Неліктен бір балалы немесе мүлде баласыз отбасы бай елдерде де, кедей мемлекеттерде де қалыпты құбылысқа айналды? Бұл сұраққа ғылым әзірге нақты жауап бере алмайды. Дегенмен ортақ белгілер байқалады.
Біріншіден, өзгеріс тек бала тууға емес, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да әсер етті. Көп елде некесіз бірге тұру кең тарады, неке кейінге қалдырылып жатыр немесе мүлде қиылмайды. Жалғыз өмір сүретіндер саны да артты. Бұл үрдіс туу деңгейінің төмендеуімен тығыз байланысты.
Екіншіден, көптеген қоғамда діннің ықпалы әлсіреді. Ал дін дәстүрлі түрде неке мен бала тәрбиесін қолдап келген. Оның орнына жеке еркіндік, өзін-өзі дамыту, жеке жайлылық алдыңғы орынға шықты. Ал бала – қуанышпен қатар жауапкершілік пен шектеу әкелетін фактор ретінде қабылдана бастады.
Еліктеу – демографияның қозғаушы күшіҚазіргі үрдістер адамның бойында ұрпақ жалғастыруға туа біткен инстинкт бар деген ұғымға күмән келтірді. Бұл құбылысты еліктеу теориясы арқылы түсіндіруге болады. ХХ ғасырда бұл бағытты француз антропологы дамытқан. Оның пайымдауынша, адамды алға жетелейтін басты күш – өзгеге ұқсауға деген ұмтылыс.
Егер бұрын көпбалалы отбасы қалыпты жағдай саналса, бүгінде бір баламен немесе баласыз өмір сүру үйреншікті көрініске айналды. Соның салдарынан қоғамда көпбалалы өмір салты біртіндеп жоғалып барады. Оның тәжірибесі қоғамдық санадан өшіп келеді.
Қазіргі әлемде медицина дамыды, өмір сүру ұзақтығы артты, экономика өсті, Жер бетінде сегіз миллиард адам бар. Соған қарамастан, бір ғана ұрпақ алмасқан соң көптеген әулеттің жойылып кету қаупі туындап отыр. Себебі олардың ұрпақтары дәл осындай таңдау жасап отыр.
Жастарсыз жаһанForign Affairs ғылыми журналының сараптауынша, алдағы онжылдықтарда еңбекке қабілетті адамдар саны бүкіл әлемде қысқара бастайды. 2040 жылға қарай Африкадан басқа барлық өңірде 15 пен 49 жас аралығындағы халық саны кемиді. Бұл құбылыс Батыс елдері мен Шығыс Азияда қазірдің өзінде байқалып отыр. Латын Америкасында ол 2033 жылы, Оңтүстік-Шығыс Азияда 2034 жылы, Үндістанда 2036 жылы басталады.
2050 жылға қарай адамзаттың үштен екісі еңбекке қабілетті тұрғындар саны азайып жатқан елдерде өмір сүретін болады. Егер түбегейлі реформалар жасалмаса, бұл мемлекеттердің экономикалық әлеуетін қатты әлсіретеді.
Әлем қартайып барады. Демографиялық пирамидалар «төңкеріліп», қарттар саны жастардан асып түседі. Бұл ғасыр ортасына қарай қалыпты көрініске айналады. БҰҰ дерегінше, 2040 жылға қарай Африканың Сахарадан оңтүстігіндегі өңірлерінен басқа аймақтарда 50 жасқа дейінгі адамдар саны күрт азаяды. 2050 жылға қарай 60 жасқа дейінгілер саны бүгінгіден жүздеген миллионға кемиді, ал 65 жастан асқандар күрт көбейеді. Жалпы халық саны тұрақтағанымен, қарттар саны екі есе, ал 80 жастан асқандар үш есе артады.
Экономикаға соққыДепопуляция қоғамның қалыптасқан әлеуметтік және экономикалық ырғағын өзгертеді. Жұмысшылар, салық төлеушілер, тұтынушылар, кәсіпкерлер мен сайлаушылар саны азаяды. Қартаю мен халықтың қысқаруы экономикалық өсімді баяулатып қана қоймай, әлеуметтік қамсыздандыру мен зейнетақы жүйелерін тығырыққа тірейді. Еңбек ресурстары азайып, инвестиция кемиді, қоғамдық қаржы әлсірейді. Бұрын бұл мәселе тек бай елдерге тән саналса, қазір еңбек өнімділігі онсыз да төмен кедей мемлекеттерге де жетіп отыр.
Отан отбасысыз бола ма?Қартаю толқыны қоғамға бұрын-соңды болмаған ауыртпалық әкеледі. 60 – 70 жастағылар әлі белсенді болуы мүмкін, ал 80 жастан асқандар үшін бұл әлдеқайда қиын. Деменция, Альцгеймер секілді ауруларға шалдыққан адамдарды күту шығыны күрт өседі. Бұл – экономика мен қоғам үшін аса ауыр жүк. Ең бастысы, қарттарға қамқорлық жасайтын дәстүрлі тірек – отбасы институты әлсіреп барады.
Неке саны азайып, баласыз жұптар мен жалғыз өмір сүретіндер көбейді. Жауапкершілік артқан шақта отбасылар әлсіреп отыр. Болашақта бұл олқылықты жаңа ынтымақ формалары алмастыруы мүмкін. Алайда бейтаныс адамдар алдындағы борыш туған-туысқа деген махаббат сияқты күшті бола бермейді. Мемлекет те отбасының орнын толық баса алмайды. Роботтар мен жасанды интеллект көмектесуі мүмкін деген болжамдар айтылғанымен, әзірге бұл үміттен гөрі антиутопияға көбірек ұқсайды.
Енді қайтеміз?Халық саны азайған әлемде адамзат қалай өркендей алады? Бұл дәуір үрейлі көрінуі мүмкін. Алайда қартаю жағдайында да өмір сапасын арттыруға мүмкіндік бар.
Екі ұрпақ бұрын әлем «демографиялық жарылыстан» қорыққан еді. Ол кезде халықтың көбеюі аштық пен кедейлікке әкеледі деп есептелді. Бүгінде бұл қауіп тым әсіреленгені анық. Халық санының өсуі медицина дамып, өмір ұзақтығы артқанын көрсетті.
ХХ ғасырдағы өркендеу формуласы XXI ғасырда да жұмыс істей алады. Оның өзегі – адам әлеуетін ашу. Денсаулық, білім, ғылым мен технология – дамудың басты қозғаушы күші. Халық саны азайса да, осы салалардағы ілгерілеу өсімді ұстап тұра алады.
Адамзат тарихындағы ең білімді кезеңде өмір сүріп жатыр. Прогресс тоқтайды деуге негіз жоқ. Демографиялық пирамида төңкерілген сайын, әлем жаңа дағдыларға, жаңа экономикалық стратегияларға бейімделуі тиіс. Негізгі формула өзгермейді. Олар білім мен инновация. Бірақ экономика жаңа шындыққа икемделуге мәжбүр болады.
Әлеуметтік жүйелерді қайта құруДепопуляция дәуіріне көшу жеңіл өтпейді, әрине. Қазіргі зейнетақы мен медицина жүйелері еңбеккерлер саны азайып, зейнеткерлер көбейген жағдайда өміршең емес. Егер мемлекеттер табыс пен шығынның ескі моделін сақтаса, даму мен инфрақұрылымға қаржы таппайды.
Сондықтан жаңа әлемде мемлекет те, бизнес те, жеке адам да үнемшілдік пен жауапкершілікке сүйенуі қажет. Ұзақ өмір – зейнетке кеш шығуды, үздіксіз білім алуды талап етеді. Жасанды интеллект өнімділікті арттырғанымен, ескі дағдыларды тез ығыстырады. Қайшылық мынада: еңбек күші тапшы қоғамның өзінде жұмыссыздық мәселесі туындауы мүмкін.
Икемді еңбек нарығыАлдағы жылдары елдер еңбек нарығын барынша икемді етуге мәжбүр болады. Адамдардың кәсіп ауыстыруына жағдай жасалып, жасқа байланысты кемсітушілік жойылуы тиіс. Бұны ғылымда «эйджизм» дейді. Негізгі мақсат – өнімділікті арттыру. Өйткені депопуляция жағдайында экономикалық өсім жаңа ғылыми жаңалықтар мен технологиялық серпінге тікелей тәуелді болады.
Халық саны азайған сайын ішкі сұраныс та төмендейді. Сондықтан ашық экономика мен еркін сауда әл-ауқатты сақтаудың басты құралына айналады.
Талант тапшылығы күшейген кезде көші-қон экономиканың негізгі факторына айналмақ. Алайда бұл оңай шешім емес. Әрбір қоғам келімсектерді толық сіңіріп, оларды өнімді азаматқа айналдыра алмайды. Оның үстіне дамушы елдердің көпшілігінде ересек халықтың білім деңгейі мен базалық дағдылары өте төмен.
Соған қарамастан, дұрыс құрылған көші-қон саясаты елді құтқара алады. Ол еңбек ресурсын, салық түсімін және тұтынуды арттырады. Халық азайған сайын, талант үшін жаһандық бәсеке күшейеді. Сондықтан икемді әрі бәсекеге қабілетті миграциялық стратегия әзірлеу – болашақ қоғамдардың ең күрделі міндеттерінің бірі.
Әлемдік тәртіп қалай өзгереді?Депопуляция мемлекет пен азамат арасындағы қатынасты ғана емес, елдер арасындағы күштің тепе-теңдігін де өзгертеді. Бұл жаһандық саясатта жаңа шиеленістерге жол ашады.
Халық санының әркелкі өзгеруі әлем аймақтарының салмағын түбегейлі өзгертеді. Әлем барған сайын «африкалық» сипат ала бастайды. Қазір Тропикалық Африкада Жер халқының шамамен жетіден бірі тұрады, бірақ дүниеге келетін балалардың үштен бірі осы өңірде туып жатыр. Демек, келесі ұрпақта әлемдік еңбек күші құрылымында Африканың үлесі күрт өседі.
Алайда бұл автоматты түрде «Африка ғасыры» басталады деген сөз емес. Басты фактор – халық саны емес, адами капиталдың сапасы. Бұл жағынан Африка әзірге әлсіз. Халықаралық бағалауларға сәйкес, өңір жастарының 94 пайызы оқу, есеп, қарапайым логика сияқты базалық дағдыларды меңгермеген. Сол себепті 2050 жылға қарай Африкадағы білімі бар адамдар саны бір ғана Ресеймен салыстырғанда сәл ғана көп болады.
Тарихтың жаңа парағы ашыладыСонымен депопуляция басталып кетті дедік. Халықтың қартаюы мен азаюы адамзат тарихындағы екі үлкен дәуірдің шекарасына айналмақ. Бір кезең аяқталады, екіншісі басталады.
Соған қарамастан, өзгеріс пен тұрақтылық қатар жүреді. Адамзат материалдық тапшылықтан шығудың жолын әлдеқашан тапқан. Ол – жаһандық ынтымақтастық пен нарықтық экономика. Бұл жүйе халық саны артса да, кемісе де жұмыс істей алады. Ал енді бала тапшылығының мәселесін шешу күн тәртібінде тұр.
Демографиялық таңдаулардың күтпеген салдарымен күресу үшін тек технология мен саясат жеткіліксіз екенін көріп отырмыз. Ендігі кезекте адамның, отбасының және жауапкершіліктің, құндылықтың мәнін қайта пайымдау қажет секілді.
Соңғы жаңалықтар
Ақ шашты дәуір: қартайып бара жатқан адамзат қайтсе аман қалады?
Қоғам • Бүгін, 14:23
Елімізге шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі өзгерді
Саясат • Бүгін, 14:18
Спортшыларға арналған жасанды интеллект бағдарламасы әзірленіп жатыр
Технология • Бүгін, 14:01
Қоғам • Бүгін, 13:49
78 мыңнан аса бала «Ұлттық қордан» түскен қаржыға оқу ақысын төлеген
Экономика • Бүгін, 13:01
Белгілі актер Мұрат Бисембин қайтыс болды
Тұлға • Бүгін, 12:50
Алматы облысында қар барысының ізі анықталды
Оқиға • Бүгін, 12:27
ҚазҰУ-дың шатырына күн панельдері орнатылды
Технология • Бүгін, 12:13
Каникул кезінде батысқазақстандық 126 бала құқық бұзған
Аймақтар • Бүгін, 12:02
Михаил Кукушкин ширек финалға шықты
Спорт • Бүгін, 11:58
82 млн теңге: Ақмолада жер телімі мемлекетке қайтарылды
Қоғам • Бүгін, 11:40
13 жастағы оқушы информатикадан республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды
Білім • Бүгін, 11:37
WhatsApp-та кибералаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Қоғам • Бүгін, 11:25
Алматыда ер адам мешітте намаз уақытында ұрлық жасаған
Оқиға • Бүгін, 11:10
Аймақтар • Бүгін, 11:00
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:82
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 08 Қаңтар 2026 14:51 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















