Әже, мұнда нағыз Диснейленд қой : қазақстандық әйел ескі заттардан ауласын саябаққа айналдырды
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Бес литрлік бөтелкелерден жасалған аққулар, қауырсынды фламинголар, пингвиндер, жапалақтар мен дегелектер. Тастан қаланған гүлзарлар, ескі мұржалардан жасалған вазалар, тіпті гүл құмырасына айналған унитаз. Ақтөбе облысының тұрғыны Екатерина Чубарь өзгелер қоқысқа тастайтын заттарға екінші өмір сыйлап жүр. Ол үй шаруашылығы және он сауын сиырды бағумен қатар өзінің ерекше хоббиін де алып жүр, - деп хабарлайды Tengri Life.
Иманғали Білтабанов атындағы ауыл Ақтөбеден шамамен 130 шақырым жерде орналасқан. Мұнда негізінен аға буын өкілдері қалған, ауыл өмірі тыныш әрі бірқалыпты өтіп жатыр.
Алайда Екатерина Чубарьдың ауласы үйреншікті ауыл көрінісінен ерекшеленеді. Оның жанынан тоқтамай өту мүмкін емес.
Жасыл желек пен гүлдердің арасынан құстар, аңдар, ерекше гүлзарлар мен сан түрлі сәндік конструкциялар көз тартады.
Ерекше ауланы көрген жандар аялдап, ішке кіруге рұқсат сұрап, суретке түсіп жатады.
"Осы ауылдан көшіп кеткен тұрғындар келіп тоқтап: "Мұнда қандай әдемі!" - деп жатады. Аулаға кіріп, суретке түсуге рұқсат сұрайды. Менің есігім әрқашан ашық", - дейді Екатерина.
Бәрі немерелерін таңғалдыр ниетінен басталған
Екатерина мұнда 1982 жылдан бері тұрады. Осы уақыт ішінде үйі, ауласы мен бау-бақшасы өмірінің бір бөлшегіне айналғаны соншалық, ол өзін басқа жерде елестете де алмайды. Ал ауланы безендіруге деген құштарлық ең қымбат көрермендері - немерелерінен басталған.
Олар кішкентай кезінде қаладан әжесіне демалысқа келетін. Екатерина олардың өз ауласында қызықты уақыт өткізгенін, әр келген сапары есінде қалғанын қалады. Осылайша алғашқы идея - құстарды жасау ойы туындады.
"Әже болған соң оларды таңғалдырғың келеді. Осылайша: "Неге құстар жасамасқа?" деген ой келді. Олар мұндай қолөнер бұйымдарын қатты жақсы көреді. Сөйтіп, аққулар мен фламинголарды жасай бастадым. Немерелерім келгенде мәз болып қалады", - дейді Екатерина.
Екатеринаның ауласында алдымен аққулар пайда болды.
Кейін олардың қатарына фламинго, дегелек, жапалақ пен пингвиндер қосылды. Болашақ бұйымдарға қажетті материалдарды бірте-бірте барлық туыстары жинай бастады. Балалары бөтелкені, канистрді немесе сынған затты қоқысқа тастағаннан көрі, сенімді қолға - анасына берген дұрыс екенін біледі.
Канистрден жасалған аққу"Балаларым қаладан бес литрлік су бөтелкелерін әкеліп беретін. Соның бәрін іске жараттым. Бірдеңесі сынса, тастамай маған әкеледі. Тіпті шаңсорғыш бұзылып еді, оны да маған жіберіпті", - деп күледі кейіпкеріміз.
Екатерина алғашқыда жұп аққу жасаған. Негізі ретінде кәдімгі 20 литрлік канистрді қолданған. Ақ қауырсындары бес литрлік пластик бөтелкелерден қиылып, бұрандалармен бекітілген. Мойнын алюминий түтіктен жасап, оны иіп, сыртынан ескі шаңсорғыштың шлангісін кигізген.
Тіпті көздеріне шоколад кәмпитінің қорабы да жарап кеткен. Басқа біреулер әлдеқашан қоқысқа лақтыратын заттардан нағыз құрастырмалы ойыншық дерсіз.
Дәл сол кезде, дейді кейіпкеріміз, заттарды жайдан-жай тастай салу оның мінезіне жат екенін түпкілікті түсінген.
"Менің қолымда ештеңе де рәсуа болмайды. Тек уақыт болса болғаны, ал қиялым жетеді", - деп жымияды бұрынғы бухгалтер.
Шынымен де уақыт әрдайым жете бермейді. Жаз мезгілінде Екатерина қолөнерге көп уақыт бөле алмайды. Оның бау-бақшасы, гүлдері және он сауын сиыры бар үлкен шаруашылығы бар.
"Жазда қолым тимейді. Гүл суару керек, сиыр сауу керек. Қаймақтан өзім май шайқаймын. Бір бөлігін балаларыма жіберіп, қалғанын сатамын. Тұрақты сатып алушыларым бар. Ауылда көбі қазір сиыр саумайды, ерінеді. Ал мен баяғы әдіспен сепаратор тартып, малмен айналысамын", - дейді Екатерина.
Сондықтан шығармашылыққа тек қыс мезгілі қалады. Шаруа басылған кезде қолына қайтадан қайшы, бұрағыш пен кезекті пластик бөтелкені алады.
Бір пингвинге - жарты сағат, фламингоға - бірнеше күн"Бұл мүсіндердің бәрі суық түскенде - ұзақ қыс кештерінде жасалады. Осылайша бір қыста бірнеше құс дайын болады. Мен мұны жан рақаты үшін жасаймын. Таңертең тұрып, аулаға шығып: "Шіркін, қандай тамаша!" - деп өзіме айтқанды жақсы көремін", - дейді ол.
Кейбір мүсіндерді Екатерина бір кеште-ақ дайындап шығады. Мысалы, пингвиндерді жасау ол үшін ең оңай жұмыс. Пластик бөтелкенің ішіне жел ұшырып кетпес үшін құм толтырады. Содан кейін тек қиялына ерік беріп, бөтелкеге жаңа бейне сыйлау ғана қалады.
"Бұл - пластик бөтелкеден жасалатын ең оңай дүние. Дайын мүсіндерді кейін баллончикпен бояй саламын. Оларға кейін ерекше күтім де қажет емес", - деп түсіндіреді шебер.
Ал қызғылт фламинголарды жасау үлкен төзімділікті талап еткен. Екатерина әр қауырсынын жеке-жеке қиып шыққан. Құстардың барынша шынайы көрінгенін қалаған.
Тастардан гүлзар жасады"Күрделі құстарды жасауға бірнеше күн кетуі мүмкін. Ең көп уақыт қызғылт фламингоға жұмсалды. Қауырсындары ұқсас болуы керек еді. Әрқайсын қиып, шамның жалынына шарпып шықтым. Негізінен, қолым үйреніп қалды, қазір маған ештеңе қиын емес", - дейді ол.
Мұнда тек пластик қана екінші өмірге ие болған жоқ. Бірде Екатерина маңайда мал жайып жүріп, ескі іргетасты тауып алады. Тастар цементсіз қаланып, бірте-бірте шөп басып кеткен екен. Екатерина үшін бұл нағыз олжа болды. Қазір бұл тастар гүлзарларға, жиектастар мен сәндік элементтерге айналған. Жұбайы ең ауыр жұмыстарға көмектеседі - материал тасиды. Ал Екатерина оны қайда және қалай орналастыруды өзі шешеді.
"Бұл пластик емес қой, тастар ауыр. Сондықтан жұбайым оларды маған көлікпен тасып береді. Ал мен кейін оларды қалап, ауланы безендіруге бейімдеймін. Осылайша гүлдерге арналған сәндік орын пайда болды - эстетикалық жағынан тартымды, ерекше әрі әдемі. Ең бастысы - табиғи заттардан жасалған", - дейді ол.
Екатеринаның бақшасында гортензия, флокс, меруертгүл және басқа да гүлдер өседі. Бірақ мұнда өсімдіктер жай ғана гүлзарда тұрған жоқ - әр бұрыштың өз безендірілуі бар.
Мектеп плиткасы, ескі құбыр және унитазЕкатерина гүлдерге арналған қабырғалардың бірін ескі мектеп плиткасынан жасаған. Бұл хикая ол үшін өте ыстық. Бұл плитканың үстімен кезінде Екатеринаның өзі жүрген. Кейін балалары, сосын немерелері жүгірген. Мектептегі плитканы ауыстырып, ескісін қоқысқа тастағанда, әйел оны жинап алыпты.
"Ескі мектеп кафелін керексіз болған соң қоқысқа тастады. Мен оны жинап алдым, міне, енді жабайы жүзімге арналған осындай әдемі қабырға, жиектеме пайда болды", - дейді Екатерина.
Ауылға газ тартылғаннан кейін, ескі мұржа құбырлары да бос қалған. Екатерина оларды да іске асырды.
Сыртын цементпен қаптап, тастармен безендірген соң - гүл егетін ерекше ыдыстар шыққан.
Ал кейінірек аулада ең күтпеген зат - керексіз унитаз пайда болды.
"Мұны маған қаладан күйеу балам беріп жіберді. "Босқа жатқанша не болады?" деп ойланып-толғанып, оған неге гүл екпеске деген шешімге келдім. Нәтижесінде оны тас тұғырға қондырып, жыл сайын гүл егемін - өте жақсы өседі. Күйеу балам риза, "басқа ене болса, мұны ойлап таппас еді" дейді", - деп күледі Екатерина.
Тіпті шарбақ алдындағы орындық та ерекше. Оның негізі - күйеуі бала кезінде мінген ескі мотоциклдің дөңгелектері. Бекітуге арналған серіппелер де ескі көлік бөлшектерінің арасынан табылған.
Осылайша, мұндағы әр заттың дерлік өз тарихы бар аула қалыптасқан. 63 жастағы зейнеткердің шебер қолы тимегенде, бұл заттардың көбі қоқыс полигонында жатар еді.
"Одан да менің ауламда тұрсын"Бұл іс үй иесі үшін тек шығармашылық қана емес. Ол өз әуестігінің экологиялық жағына да тоқталды. Екатеринаның айтуынша, ауылдарда пластик көбіне қоқысқа тасталады. Кейін оны өртейді.
"Бізде пластикті қайта өңдеу жоқ қой. Ауылдарда бәрі қоқысқа тасталады. Ол жерде оны өртейді. Сосын ол қара түтін болып жанады. Қаншама түтін атмосфераға, қаншама химия ауаға тарайды. Одан да менің ауламда тұрып, айналаны көркейтіп тұрғаны жақсы", - дейді кейіпкер.
Оның туындыларын сатып алуға ниет білдіргендер де болған. Бірде жанынан өтіп бара жатқан ер адам аққуларды көру үшін арнайы тоқтаған. Оған мүсіндердің ұнағаны сонша, оларды сатып алғысы келіпті.
"Аққуларымды көріп, сатуымды өтінді. Олар баяғыда жасалған болатын, ол кезде дүкендерде мұндай гипс мүсіндері әлі жоқ еді. Оған аққулар қатты ұнады. Жақсы ақша ұсынды. Бірақ мен бас тарттым - оған қаншама күш пен еңбек жұмсалды ғой", - деп еске алады Екатерина.
Кейде одан тапсырыспен бұйым жасап беруді сұрайды, бірақ Екатерина келіспейді. Ол мұны тек өзі үшін және жанының рахаты үшін жасайтынын, ал мал-жан, күйеуі мен сиырлардың шаруасынан тапсырысқа уақыты жоқ екенін айтады.
"Менде мұнда Диснейленд"
Ауланың ең басты қонақтары - әрине, немерелері. Олар келіп, жаңа бұйымдарды тамашалайды және әжелерінің тағы не ойлап тапқанын бақылап жүреді. Ал ауланың өзіне ең дәл келетін атауды да солар қойған.
"Келген соң қалаға қайтқылары келмейді. "Әже, сіздің аулаңыз нағыз Диснейленд" дейді", - деп жымияды Екатерина.
Ол бұл ауылда жарты ғасырға жуық тұрып келеді және бұл өмірін қалаға ауыстырғысы келмейтінін айтады. Мұнда оның үйі, жары, шаруашылығы, бақшасы мен біртіндеп өз әлеміне айналдырып жатқан ауласы бар. Екатерина үшін бұл - қоршаған ортаны сұлуландырудың және әр таңды "Шіркін, қандай тамаша!" деген сөзбен қарсы алудың жолы.
Фото Tengrinews.kz
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:110
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 15 Қыркүйек 2026 12:16 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















