Бәйтеректің байлығы еселенеді
Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Бұдан былай ол «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі (ҰБХ) емес, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдинг (ҰИХ) аталады. Жаңа атауының өзі айтып тұрғандай, әу баста мемлекеттік активтерді басқару арқылы ел экономикасын қолдауға бағытталған бұл ұйым енді экономиканы серпінді дамыту үшін инвестиция тартуға бағдарланады. Холдинг бұрынғы міндетінің үдесінен шыға алды ма? Жаңа мәртебе қандай жаңа жүк артып, өзгеріс әкелмек?
Өзгерістердің онжылдығы
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ осыдан 12 жыл бұрын құрылды. «Бәйтерек» құрамына бұрын мемлекеттік органдардың басқаруында болған 11 даму институты және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ кірді. Кейін «Самұрық-Қазына» өз алдына жеке отау құрды. Ұлттық инвестициялық қор, Ұлттық технологиялық даму агенттігі сияқты ұйымдары жабылды.
Бүгінде «Бәйтерек» холдингі құрамында 6 еншілес ұйымы ғана қалды. Атап айтқанда, «Қазақстан Даму Банкі АҚ, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, Qazaqstan Investment Corporation АҚ тек ірі кәсіпорындарды қолдайды. Оларды борыштық және үлестік қаржыландырады, экспорттық операцияларын сақтандырады, лизинг сияқты қолдау құралдарын ұсынады.
Микро, шағын және орта бизнес үшін – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жұмыс істейді. Ол ШОБ-ке қолдаудың 3 құралын ғана ұсынады – банктерден алған несиесінің сыйақы ставкасын субсидиялау, кредиттерге кепілдік беру және қаражатты екінші деңгейдегі банктерде шартты түрде орналастыру.
«Бәйтеректің» халық арасында ең танымал «перзенттері» – «Отбасы банк» АҚ және «Қазақстан Тұрғын Үй Компаниясы» АҚ. Олар тұрғын үйді жалға немесе ипотекаға алуға көмектеседі, өзге банктер арқылы жеңілдетілген қаржыландыруды ұйымдастырады. Ауыл кәсіпкерлері үшін сүйкімдісі – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ. Ол ауыл шаруашылығындағы ірі, орта және шағын кәсіпкерлікті арзандатылған несиемен, лизингпен қолдайды, агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына, техникалық жарақтандырылуына жәрдемдеседі.
Жалпы, өткен 12 жыл ішінде холдинг өзіне жүктелген міндетті орындай алды ма? Кемшілік жоқ емес, бірақ іс тындырып жатқаны аңғарылады. «Бәйтерек» басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің айтуынша, холдингтің бизнесті қолдау ісіне қосқан жалпы үлесі 2023 жылы 2,5 трлн теңгені құрады. Ал 2024 жылы 6 трлн теңгеге жуық қолдау көрсеткен. Оның 4,1 триллионы ірі, орта және шағын бизнеске үлестірілсе, қалған 1,9 триллионы тұрғын үй-құрылыс секторына бағытталып, қарапайым халықтың игілігіне айналды. 2025 жылы 8 трлн межесін еңсермек.
Банкир кемсітсе, кім қамқоршы?
Холдинг елдегі бизнестің өркендеуіне жауапты құрылымның бірі болғандықтан, кәсіпкерліктің өрге басқан әр қадамын өз жетістігіндей қабылдайды. Мәселен, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрылған кезден бастап Қазақстанда микро, шағын және орта бизнестің дамуының оң серпіні байқалады. ЖІӨ құрылымындағы МШОК үлесі 2014 жылғы 25,9%-дан енді 36,7%-ға дейін өсті. Белсенді әрекет ететін субъектілердің саны 9 жылда 2 есеге артып, 2,5 млн-нан асқан. МШОК-та жұмыспен қамтылғандар көрсеткіші орта есеппен 4,4 млн адамды құрады.
Ілгерілеуден хабар беретін тағы бір дерек: 10 жыл бұрын, 2015 жылы «Бәйтеректің» активтері 3,130 трлн теңгені құрапты. Ал, 2024 жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 4,5 есе өсіп, 14,1 трлн теңгеге жеткен. Инвестициялық және несие портфелі 10,3 трлн теңгеге дейін ұлғайып, таза табысы 416 миллиард теңгеге жуықтады. Таза табысын тегіс дивиденд түрінде ел бюджетіне құйғанда, үлкен демеу болар еді. Алайда Р.Қарағойшиннің айтуынша, бұл қаржы да холдингтің компаниялар тобы аясындағы бағдарламаларды іске асыруға жұмсалып жатыр. Соның аясында холдинг басшысының дерегінше, 2025 жылдың көктемінде «Даму» қоры базасында 2 кепілдік қоры іске қосылды.
Мұның егжей-тегжейін «Бәйтеректің» басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайқы әңгімелеп берді. Бірінші кепілдік қоры» (КҚ-1) жобасы 7 миллиард теңгеге жетпейтін көлемде ғана қаржыны қажет ететін кәсіпкерлерге арналған. Оның сендіруінше, мұнда бұрын-соңды болмаған шарттар ұсынылады: мемлекеттік кепілдік бизнес алатын несие сомасының 85%-ына дейін «жабуы» мүмкін, бірақ жалпы көлемі 3,5 миллиард теңгеден аспауы керек.
– Осы арқылы шағын және орта бизнестің жігерін құм қылып, еңсе тіктеуіне жол бермеген басты проблемасын – жеткілікті кепілдігінің болмауы мәселесін шешіп береміз. Бұл, әсіресе ауылдық кәсіпкерлер үшін өзекті: ауылдағы активтердің, дүние-мүліктің құнын банктер көбіне тым төмен бағалайды, тіпті менсінбей, кепілге қабылдамайды. Мұның сыртында ауыл бизнесмендеріне банктер тек жоғары пайызбен береді, оның өзінде несиеге қол жеткізу шектелген, – деді Ж.Шайқы.
Ал екінші кепілдік қоры (КҚ-2) инвестиция көлемі 7 миллиард теңгеден асатын алып инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды сүйемелдейді. Мұнда мемлекеттік кепілдік жоба құнының 30%-ын және 15 жылға дейінгі мерзімді қамтиды.
– Мұның тетігі қарапайым: кәсіпкер «Даму» қоры жүйесімен аккредиттелген қаржы мекемесіне немесе банкке қаржыландыруға өтініш береді. Егер банк жобаның келешегінен мол үміт күттіретінін байқаса, бірақ қарыз алушының кепілдігі жеткіліксіз болса, онда КҚ-2-ні шақырады, – деді «Бәйтерек» басшысының орынбасары. Екінші деңгейлі банктерден басқа, кепілдіктерді «Бәйтеректің» еншілес компаниялары – Қазақстан Даму Банкі, Аграрлық несие корпорациясы, «Даму» қоры және QIC (Qazaqstan Investment Corporation) арқылы алуға болады.
«Бірегейлігі» бағы ма, соры ма?
Бүгінде мемлекеттігін және жеке меншігін қоса санағанда, әлемде 750-ге жуық даму институты бар, олардың қызметі көптеген саланы қамтиды. Оңтүстік Азияда – 12%-ы, Латын Америкасында – 10%, Германияда – 8%-ы шоғырланған. Даму институттарының қызметіне өсімге неғұрлым күшті әсер ететін «драйверлік» секторларға көмектесу кіреді. Бұл бағыттарға экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылым (энергетика, көлік, байланыс, ирригация, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, білім беру), капиталды қажет ететін өнеркәсіп салалары (мұнай өндіру, металлургия, химия және мұнай химиясы, ауыр машина жасау және басқасы), ауыл шаруашылығы кіреді.
Жаһандағы жүздеген даму институты арасында «Бәйтерек» өзін теңдесі жоқ бірегей санайды екен. Ол өзінің 2033 жылға дейінгі даму жоспарында солай деп «дөп» жазып қойды: «Халықаралық практиканың салыстырмалы талдауы қызметтің әртүрлі мамандандырылған бағытын біріктіру нәтижесінде «Бәйтерек» АҚ-ның теңдесі жоқ бірегей даму институты болып табылатынын көрсетті», – делінген.
Сонда несімен ерекше? Үкімет оны экономиканың әр саласында лаулаған «өртті» сөндіруге, дағдарысты жағдайды шешуге пайдаланады. Мысалы, елде баспана тапшылығы ушығып, проблемалы құрылыс қаптап, үлескерлер ұлардай шулап жатқанда, бұл холдинг 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының операторы болды, салада қордаланған мәселелерді шешуге септесті. 2020 жылы ауыл шаруашылығын дамытуға берілген триллиондарды талан-тараж етіп, бірнеше басшысы ұсталып, абыройсыздыққа тап болған, салада дағдарыс туғызған «ҚазАгро» холдингі «Бәйтерекке» қосылып, оның ауыр мирасын еңсерді.
2022 жылы Ресейге қарсы халықаралық санкциялар енгізілгенде, еліміздегі ең алпауыт 3 банктің біріне айналып үлгерген ресейлік «Сбербанктің» еншілес ұйымын құтқару «Бәйтерекке» жүктелді. Үкімет тапсырмасымен, 2022 жылғы 1 қыркүйекте холдинг «Сбербанк» АҚ еншілес банкіндегі 99,99% үлесін және миноритарлық акционерлерінен 248 дауыс беретін акциясын сатып алды. Оны қайта тіркетіп, «Береке банк» АҚ-ын құрды. Кейін оны Қатардан келген инвесторларға өткізді.
Соңғы рет, 2025 жылғы 29 сәуірде «Бәйтерек» басшылығын қабылдаған Мемлекет басшысы холдингке жаңа міндеттер жүктеді. Қ.Тоқаев «Бәйтерекке» банктермен бірлесіп, экономиканың нақты секторын қаржыландыруды, жаңа ЖЭО-ларды салу үшін Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту ұлттық жобасына қаржы тартуды тапсырды. Компания экономиканы орнықты әрі сапалы дамыту үшін ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, көлік, логистика, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы сияқты перспективалы салаларға басымдық беріп, кешенді қаржыландыруға күш салуға тиіс.
Трансформация триллионды талап етеді
Сонымен бір мезгілде, «Бәйтерек» холдингінің құрылымы мен мазмұнын трансформациялау басталды. Басшылары оны 2025 жыл соңына дейін аяқтауға міндеттелді. Осы орайда 27 қарашада Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторын қолдауды күшейту және инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде «Бәйтеректің» директорлар кеңесінің отырысын өткізді.
Жиында Директорлар кеңесі атауын өзгерте келе, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ трансформациясын мақұлдады. Инвестхолдингке қосымша функциялар берілді: ол инфрақұрылымдық, экспорттық және индустриялық жобаларды қолдаумен де айналысады. Негізгі мақсат – шикізаттық емес экспортқа капиталды белсенді тарту, ішкі өндірісті дамыту және импорт алмастыру. Нәтижесінде, жоғары өнімді кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Бұл экономиканы сапалы дамытады, халық табысын ұлғайтады.
– Құрылымы және мазмұны тұрғысынан қайта құру арқылы холдинг біз басым деп айқындайтын секторларға қаржы, құзыреттер мен жаңа технология алып келетін ірі инвесторларды тартатын тиімді тетікке айналуға тиіс. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр, – деді Олжас Бектенов.
Президенттің жалпыға бірдей цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру үшін холдинг басшылығының кәсіпкерлікті қолдау саласына жасанды интеллект құралдарын енгізу бойынша жаңа қызметі бекітілді. Төрағаның 6 орынбасарының «пайдалы әсер коэффициенті» (KPI) түзетілді: әрқайсысының жұмысы өзі жетекшілік ететін бағытқа тарта алған шетелдік инвестициялар көлеміне қарай бағаланады.
Қаржылық сарапшы Андрей Чеботаревтің ақпаратынша, «Бәйтерек» 2025 жылы кәсіпкерлікті, тұрғын үй құрылысын және басымдықты инвестжобаларды қаржыландыруға 8 триллион теңге жұмсайды. Келесі 2026-2027 жылдары бұл соманы 10 триллионға жеткізу жоспарланған. Әзірге биыл бизнеске жалпы сомасы 5,7 трлн теңгеге қолдау көрсетілді, жаңа 29 мың жұмыс орны ашылды.
8 триллиондық межені бағындыру үшін «Бәйтерек» холдингі өз тарихындағы ең ірі қосымша капиталдандыруға – 1 триллион теңгеге қол жеткізді. Мемлекет оған алдағы 4 жыл бойы да – жыл сайын триллион теңгеден беріп отырады. 10 триллионның қалған бөлігін ҰИХ нарықтан қарыз түрінде тартып, кәсіпкерлерге үлестіреді. Мысалы, қаржылық сарапшы «Бәйтеректің» жуырда алғаш рет Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкінен юаньмен қарыз алғанын еске салды. Холдинг 430 млн юань немесе шамамен 29,5 млрд теңгені шамамен 3% ставкамен 5 жылға алды. Ақша Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру үшін Қазақстанның аграршыларына кредит түрінде таратылады.
Эксперттер «Бәйтерек» холдингінің әлсіз жақтары жетерлік екенін ескертеді. Оған біріншіден, ірі жобаларды кредиттеудің тым ұзақтығы жатады: бұл тұтастай алғанда холдинг қызметі тиімділігінің төмендеуіне алып келеді. Екіншіден, Индустрия 4.0-ге дайындығы тұрғысынан технологиялық сараптама бағытында көрсетілетін қызметтері жоқ. Салдарынан бүгін маңызды деп ашылған жоба-кәсіпорын ертең өзекті болмай, жабылып тынуы ықтимал.
Үшіншіден, «Бәйтерек» клиенттерінің мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттануына қатысты кері байланыс жеткіліксіз болып шықты. Төртіншіден, банк секторындағы теріс трендтер «Бәйтерек» холдингіне әсер етеді. Бесіншіден, ауыл шаруашылығы секторлары мемлекеттік қаржыландыруға қатты тәуелді. Тиісінше, әлдеқалай холдинг несиелендіруді тоқтатса, АӨК-ке жойқын соққы берілер еді. Холдингке төнген өзге де қауіп-қатерлер аталды. «Бәйтеректің» кредиттік рейтингі тосыннан төмендесе, сыртқы қаржыландыру көздеріне қолжетімділік шектеледі. Холдинг клиенттерінің Батыстың қайталама санкцияларына іліну тәуекелдері сақталыпты. Сондықтан елдің жетекші даму институтына осындай сын-тегеуріндерді еңсере жүріп, қойылған жаңа әрі ірі міндеттерді лайықты орындауға тура келеді. Оған қазіргі басшыларының білімі, белсенділігі мен білігі жете ме, уақыт көрсетеді.
Айхан ШӘРІП
Көрілімдер:36
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 02 Желтоқсан 2025 06:49 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар


















