Нүкетай Мышбаева: Ұлт театрының рухани байлығы таусылмайды
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Театр – өткеннің үнін өшірмей, бүгінге аманат етіп жеткізетін рухани шежіре. Сол шежіренің бір ғасырлық жүгін арқалап келе жатқан киелі орда – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры. Бұл сахнада талай тағдыр тоғысып, сан ұрпақтың рухы тәрбиеленді. Біртуар тұлғалардың қайталанбас ізі қалды. Қасиетті қарашаңырақ рухын өз өмірімен өрнектеген сондай сахна саңлағының бірі – Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаева. Биыл кәсіби қазақ театрының құрылғанына 100 жыл толса, «әкемтеатрдың» анасы Нүкетай Мышбаеваның 90 жылдық мерейтойы. Бұл – жай ғана даталардың тоғысуы емес, өнер мен тағдырдың, жеке тұлға мен ұлттық сахнаның тарихи үйлесімі. Өйткені актрисаның өнер жолы – ғасыр жасаған ұлттық сахнаның тарихымен бірге тыныстаған тағдыр, бірін-бірі толықтырған өнер мен тағдырдың мерейлі межесі десек, титтей де артық айтқандығымыз емес. Атаулы мерейтойлар қарсаңында өнерінің өнегесі мен театрдың тағылымды тарихын тереңнен толғаған актриса жансарайын ашып, өткен күндер естелігін бөлісті.
– Апа, биыл өзіңіз жетпіс жылға жуық ғұмырыңызды арнап, қалтқысыз қызмет еткен театрыңызға ғасыр толыпты. Ал өзіңіз әне-міне 90 дейтін тағылымды жастың төріне шыққалы отыр екенсіз. Өнердегі алғаш тұсауыңызды кескен қасиетті қарашаңырақ туралы толғанғанда ең әуелі ойыңызға не оралады?
– Мен 1959 жылы оқуымды тәмамдап, өнердің алтын бесігіне айналған, киелі қарашаңыраққа қызметке қабылдандым. Сол сәттен бастап тағдыр мені қазақ өнерінің маңдайалды саңлақтары шоғырланған қасиетті ортаға алып келді. Алғаш театр табалдырығын аттағанда көзімізге бәрі ертегідей көрінді. Сәбира, Хадиша, Бикен, Шолпан, Хабиба апаларымыз – сахнада қаздай тізілген сұлу да сұңғақ, атақты актрисалар. Ал Серке аға Қожамқұлов, Қапан аға Бадыров секілді алыптар бізге тіпті қол жетпес жұлдыздай еді. Бізді театрға Құрманбек Жандарбековтің өзі іріктеп алды. Үміткер көп болды, бірақ жиырма бес-ақ адам қалдық. Соның ішінен біз, бір топ жас актер театрға қабылдандық. Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Райымбек Сейтметов, Раушан Әуебаева сияқты кейін қазақ өнерінің алыптарына айналған әріптестеріммен бірге келдік. Ол кезде театрға кірудің өзі үлкен бақыт еді. Театр жай ғана жұмыс орны емес, тұтас бір тәрбие ордасы болатын. Әр сөз, әр қимыл, әр көзқарас – бәрі өнеге. Сол жерде жүріп «Отан – отбасынан басталады» деген даналықтың шынайы мәнін терең ұқтым. Үйде анам Шәрипа жұдырықтай жүрегінің бар жылуын маған арнап, ештеңеден таршылық көрмей еркелеп өсуіме барын салса, театрда өнердің асқар шыңына шыққан, елге үлгі болған аға-апаларымның тәлім-тәрбиесін көрдім. Ананың мейірімі мен сахна саңлақтарының өнегесі – менің өмірлік өзегіме айналды. Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Хабиба Елебекова апайларым өнерде қандай талантты болса, өмірде жүрегі кең, мейірімі мол, парасатты аналар еді. Сәбира апам Құдай қосқан көршім болды. Ал Бикен апайдың бір көргеннен-ақ адамды танып қоятын көрегендігі мен жанашырлығы өз алдына бір мектеп еді. Әлі есімде, театрға жаңа келген шағым. Жас кез, тұрмыс жұпыны дегендей. Бар киімім – жалғыз қызыл көйлегім. Амалсыз соны күнде киемін. Бір гастрольдік сапарда Сәбира, Шолпан, Бикен апайларыммен бірге отырғанда, Сәбира апам әзіл аралас: «Ей, Нүкетай, өзің оймақтай болып алып, мына көйлегіңді тастамай киесің ғой», деп жанды жерімді айтып, тұқыртқаны бар. Мен қысылып: – Апай, осы көйлекті жақсы көремін, дедім. Сол сәтте бәрін іштей ұққан Бикен апай: – Әй, Сәбира, сен тігінші емессің бе, мына қызға көйлек тігіп бер, деді. Көп ұзамай Сәбира мен Шолпан апайларым сол кездегі ең қымбат, ең сапалы матадан маған көйлек тігіп берді. Ол жай ғана киім емес, аналық мейірімнің, үнсіз қамқорлықтың айқын белгісі еді. Бұл апаларым мені туған қызындай көрді. Артық сөзсіз-ақ халімді танып, дер кезінде бағыт-бағдар беріп отырды. Өмірде де, өнерде де адаспай жүруіме себеп болған сол асыл жандар – менің ең қымбат қазынам, мәңгілік тағылымым болып қалды. Ал Серағам – Серке Қожамқұлов туралы айтсам, ол кісінің ақиқатты ту еткен асыл болмысы мен адамгершілігі өз алдына бір дастан еді. Туған әкемдей қамқор болды. «Жақсы әртіс болу үшін алдымен жақсы адам болу керек» деп отыратын. Серағам театрдың тірегі, сөзі өтімді, беделі биік жан-тұғын. Атағынан ат үркетін, жасы үлкен, лауазымды кісілердің өзі оның алдынан кесіп өтпей, ерекше ілтипат танытатын.
– Алғашында актриса емес, Роза Бағланова секілді әнші болғыңыз келіпті деседі...
– Ол рас. Бала күнгі арманым – әнші болу еді. Жастайымнан құлағым радиода болатын. Үйіміздегі дөңгелек қара радиодан төгілген әндер тұтас бір әлем секілді еді. Әсіресе Роза Бағланованың үні жанымды тербейтін. Әндерін жаттап алып, қайта-қайта айтып жүретінмін. Сол әндер көңіл түкпіріндегі өнерге деген алғашқы ұшқынды жақты. Бұл арманымның түп-төркіні де бекер емес. Шешем – өзі әнші, айтыскер әрі сазгер адам болатын. Ол кісі: «Сен өнерге баруың керек», – деп үнемі демеп, қанаттандырып отыратын. Ана тілегі, ана батасы мені алға жетеледі. Осылайша, өнер деп өрекпіп, арман қуып Алматыға келгенімде жолым Асқар Тоқпановтай біртуар тұлғамен тоғысты. Ол кісі мені тыңдап отырып: – Әй, Мышбаева, қай жақтың қызысың? – деді. – Нарынқолданмын, – дедім. – Е, айналайын, Райымбек бабамның ауылынан келген екенсің ғой, – деп ерекше ілтипат білдірді. Сосын ойланып отырып: – Қызым, Роза жалғыз, ол қайталанбайды. Сен одан да менің актер дайындайтын бөліміме кел. Драма театрына барасың, – деді. Мен болсам: — Жоқ, бармаймын. Маған драма театры керек емес, мен тек әнші боламын, – деп қасарыстым. Бірақ тағдыр өз дегенін істейді екен. Сөйтіп, төрт жыл Тоқпановтың тәлімін көріп, 1959 жылы қазақ драма театрына актриса ретінде қабылдандым. Әнші боламын деп келген қыз сахналық сөз бен образ әлеміне осылай қадам басты. Сол күннен бастап сахна тағдырыма айналды. Жылдар өте келе сан түрлі бейне сомдадым. Жас қыздың албырт шағынан бастап, алпысты, жетпісті, сексенді алқымдаған аналарға дейінгі рөлдерді ойнадым. Әр рөл – өмірдің бір белесі, әр кейіпкер – жүрегімнен өткен бір тағдыр. Бүгінде өткенге көз салсам, әнге деген бала арманым мені үлкен сахнаға, өмірлік өнер жолына алып келгенін түсінемін. Өнер – менің маңдайыма жазылған тағдыр екен.
– Иә, алпыс жеті жыл деген бір адамның ғұмырына пара-пар уақыт қой. Осынша жыл табан аудармай еңбек еткен, өнер тудырған сахнаңыз туралы сырласайықшы. Айсұлу болып алғаш сахна аттаған сәтіңіз есіңізде ме?
– Әрине, ол сәтті қалай ұмытайын? Бәрі күні кешегідей көз алдымда, көңіл түкпірінде сайрап тұр. Тіпті спектакльдегі сөздерімді де жатқа білемін. Ұстазымыз Әзекең – Әзірбайжан Мәмбетов театрға бізден бір-екі жыл бұрын ғана келген, өзі жап-жас, бірақ өте талапшыл режиссер еді. Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясын қойды. Маған Айсұлу рөлін берді. Өзім де ауылдан шыққан, өлең айтып өскен, соғыс жылдарындағы тұрмысты көрген қызбын ғой. Сондықтан бұл рөл маған өте жақын болды. Кейіпкердің мінезін, болмысын жүрегіммен сезіндім. Әзекең көп сөйлеп түсіндірмейтін. «Мына жерде тұрасың, мына жерде жүресің» деп мақсатты нақты қоятын. Басында қорқатынбыз. Бірақ спектакль жүре келе бәріміздің талантымыз ашылды. «Ойпырмай, біз шынымен әртіс екенбіз ғой» деп өз-өзімізге сеніп қалдық. Спектакль сәтті шықты, көрермен жақсы қабылдады, баспасөз де жазды. Осылайша, «Беу, қыздар-ай!» бізді сахнаға байлап қойды. Өнерге деген сенімімізді бекітті.
Десе де, бір айта кететін қызық жайт, Айсұлу секілді комедиялық рөлдерде ойнап, үнемі күліп, жадырап, жайраңдап жүретін жарқын мінезімді көрген Әзірбайжан Мәмбетов мені трагедияға қимай, «бұл – комедияның актрисасы» деп, көбіне күлкілі рөлдерге бекітетін. Ал мен іштей келіспейтінмін. Өйткені комедия деген – тек күлкі емес, оның түбінде көзге көрінбейтін мұң жатады. Әрбір күлкінің астарында айтылмай қалған шер, ішке жұтылған қайғы болады. Сол екінші қабатты ашу – актердің шын шеберлігі деп ойлайтынмын. Ал өз басым трагедиялық рөлде ойнағанды ерекше жақсы көретінмін. Күтпеген жерден «Ана – Жер-Ана» спектакліндегі Әлиманның рөлі маған бұйырды. Онда да бірден берген жоқ. Кезекті дайындықтан кейін Әзекең кенеттен: «Әй, идиотка!» – деді. Орысша айтып тұр, ал біз іштей «бұл қазақша қандай сөз екен?» деп аң-таңбыз. Сосын: «Давай, Әлиманды сен ойнайсың», – деді. Ал мен қапелімде не дерімді білмей, іштей абдырап қалдым. «Қалай ойнаймын? Мен комедияда жүргелі қанша жыл болды?» деймін. Сынап көргісі келді ме, әлде «мынау трагедияға жарай ма, жоқ па» дегісі келді ме, оны білмеймін: «Ештеңесі жоқ, ойнайсың!», деп кесіп айтты. Пьесаны оқығанда еңіреп жыладым. Себебі соғыс кезінде туған қызбын. Бес жастағы баламын. Төрт ағамды бір күнде соғысқа алып кеткен. Шешемнің еңіреп жылағаны, ауылдың күңіреніп қалғаны – бәрі көз алдымда. Бір кішкентай ағайым бар еді, небәрі он бес жаста. «Он сегіздемін» деп жасын өсіріп, комсомолға өтіп кеткен… Ол алғашқы шайқаста қаза тапты деп естідік. Ең жақын ағам еді. Сондықтан Әлиманның қасіреті маған жат емес. Репетицияда Қасымды Нұрмұхан Жантөрин ойнады. Үлкен актер, алтын адам еді ғой, жарықтық! Соғысқа аттанар сәт. Мен оның жағасынан ұстап алып: «Сен мені кімге тастап барасың?» деп еңіреп жылаймын. Сол кезде көз алдыма туған жеңгем келді. Ол да дәл осындай тағдырды бастан өткерген. Тұрмысқа шыққанына бір-екі ай ғана болғанда, күйеуін соғыс жалмап кеткен. Ағамның шашын салалап тұрып жылағанын, артынан жібермей ұзақ қоштасқанын көргендей болдым. Шыдай алмай жылап жібердім. Бұл – нағыз трагедия еді. Ауыл азаматтарын соғысқа шығарып салғандағы халықтың мұң-зары, үнсіз қоштасулар, көз жасын ішке жұтқан аналар – бәрі-бәрі жүрегімде таңба болып қалды. Сол жара менің бойымда трагедияны сезінуге үйретті. Мен сахнада ойнаған жоқпын, көргенімді, жаныммен сезгенімді Әлиманның жүрегіне салдым.
– Рөлдің шынайы шыққандығының дәлелі шығар – премьера күні спектакль авторы Шыңғыс Айтматов ізденісіңізге ерекше риза болыпты...
– «Өзімді керемет ойнадым» деп айтуға аузым бармайды. Бірақ спектакльден кейін грим бөлмесіне Шыңғыс Айтматовтың өзі кіріп келгені бар. Ол кезде қасымда Сәбира апа отырған. Әлемге әйгілі жазушы бізге қарап: «Ой, Сәбира апа, Нүкетай, менің шығармамнан да биік ойнадыңыздар! Нүке, Әлиманды керемет аштыңыз», – деп, қолымнан сүйгені әлі есімде. Бұл – біз үшін ең үлкен баға еді. Кейін шешем де спектакльді көріп: «Қызым, сен менің өмірімді сахнаға шығарыпсың. Бұл жалғыз менің емес, бүкіл соғысты көрген аналардың қасіреті ғой», – деді. Осылайша, Әлиман менің тағдырыммен біте қайнасып кетті. Ал «Ана – Жер-Ана» – қазақ театрының тарихында алтын әріппен жазылған ұлы шығарма болып қалды. Осыдан кейін ғана Әзірбайжан Мәмбетов маған трагедиялық рөлдерді сеніп тапсыра бастады. Сөйтіп, менің ішімде көптен үнсіз жатқан трагедия сахнаға жол тартты. Әзекең – өте сұсты адам еді ғой. Келіп қалғанын көргенде зәреміз ұшатын. Бірақ жүрегі нәзік болатын. Әр актердің қайдан шыққанын, қандай тағдыр арқалап жүргенін, неге дәл солай ойнайтынын түгел зерттейтін. Бізді қатты қинайтын, бірақ сол арқылы өсірді, өз спектакльдерімен елге танытты. Әзірбайжан Мәмбетов шын мәнінде біздің бағымызды ашқан режиссер болды.
– Соғыс жылдарының сұрапыл ызғары сіздің де отбасыңызды айналып өтпепті... Өнерде сәтті еңсердіңіз, ал өмірде ше? Бұл трагедияны қалай жеңдіңіз?
– Оның рас, қызым. Соғыстың зардабын бір кісідей көрдім. Аштық пен жоқтықты бастан өткердім. Суыққа, аштыққа шыдамай көз жұмған адамдарды көзімізбен көрдік. Кейде өмірде бір қиындық кездессе, киіз үйдің астында, ашқұрсақ өткен бала күнімді есіме аламын да, өзіме өзім: «Е, Нүкетай, байқа! «Бәленім жоқ, төленім жоқ» деп налымай-ақ қой. Қазіргі өмірің – жұмақ», – деп бүгініме шүкіршілік етемін. Біз – қанды соғыстың ұрпағымыз. Мен әкемді көрмей өстім. Бір жасқа толмай жатып, дәм-тұзы таусылып, дүниеден өтіпті. Анам пысық, қайратты адам еді. Сол кісінің тәрбиесінде ерте есейдік. Алты жасымда-ақ жұмысқа әбден шыныққан баламын. Ол кезде ішетін ас та, татитын тәтті де жоқ. Шай дегенді білмейтінбіз, күйген нанды суға салып, соны шай қылып ішетін күндер өтті. Шешем әупірімдеп жүріп, таныс арқылы сиыр фермаға сауыншы болып орналасты. Үлкен әпкем әкем тірі кезінде тұрмысқа шығып, Кеген жақта тұратын. Дүкен ұстайтын. Шешем анда-санда соған барып, шай-пұлын, киім-кешегін алып қайтатын. Сол кезде сауыншы әйелдер: «Ойбай, Шәрипа қашан келеді?» деп анамды тосып отыратын. Шешем келген күні біздің үйде кішігірім той болатын. Анам алып келген дүниесінің тең жартысын өзгелерге таратып беретін. Сосын киіз үйдің ортасына ошақ жағып, бәрі жиналып ән салатын. Ән әуелі көңілді басталып, бірте-бірте зар-мұңға ұласатын. Бірі әкесін жоқтайды, бірі баласын, енді бірі күйеуін еске алып еңірейді. Соғыстың салған жарасы солайша әр шаңырақта сезілетін. Өткен өміріміз осылай өтті. Аллаға шүкір, бүгін ел аман, жұрт тыныш. Бейбіт күннің қадірін білетін буынның өкілі ретінде тілейтінім біреу-ақ, ол – еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы.
– Театр – тек спектакль емес, тағдырлар тоғысқан орта. Сол ортада танысып, тұрмыс құрып, бір-біріне тірек болған жандар аз емес. Сіз де өмірлік жарыңызды сахнада жолықтырыпсыз…
– Мен театрға келгенде қараторы, көп сөйлемейтін бір жігіт жүретін. Көпшілік аса мән бере қоймайтын. Кейін білдік, ол сахна суретшісі, ішкі әлемі терең, аса талантты жан – Мэлс Ержанов екен. Оқуды Ташкенттен бітірген, қарашаңырақ театрда Құлахмет Қожахметовтен кейін қызмет еткен екінші қазақ сценографы. Әзірбайжан Мәмбетовпен тағдырлас еді. Екеуі де әкесіз өскен, сол себепті бір-бірін үнсіз түсінетін. «Ана – Жер-Ана» спектакліндегі айналмалы сахналық шешімді тауып берген де – сол кісі. Спектакльдің ең басты өзегі – рух екенін дәл тапқан адам еді. Үнсіз жүретін, бірақ жасаған дүниесі сөйлейтін сирек суретші. Оның мәдениеті, талғамы, өнерге деген адалдығы мені өзіне баурап алды. Осылайша, өмір жолымыз да театрмен, өнермен біте қайнасып кетті. Отбасын құрып, Земфирадай перзент сүйдік. Қызымыз да шығармашылықтан алыс емес, өнертанушы, театрдың ішкі әлемін зерттеп жүрген парасатты жан. Мұңайтатыны – қосағым өмірден ерте кетті. Өнер, сахна деп жүріп мен де жалғыз баламен шектеліппін. Ондай жақсы адамның ұрпағы көп болуы керек еді деп қазір ойлаймын. Себебі күйеуім де бір әулеттің жалғызы еді. Бірақ бұл өмір ғой, тағдырдың жазғаны солай болған шығар.
– Білуімізше, қайын енеңіз де өнердің өз адамы. Қазақ театрының алғашқы қарлығаштарының бірі – Әйнеш Ержанова. Өнерлі әулеттің келіні болудың жауапкершілігі қандай екен?
– Иә, менің тағдырыма әсер еткен тағы бір үлкен тұлға – енем, қазақ театрының алғашқы буынының көрнекті актрисасы Әйнеш Ержанова. Қазақ музыкалық, кейін опера-балет театрының іргетасын қалаушылардың бірі. Опера театрының 1934 жылғы алғашқы қойылымы «Айман-Шолпанда» Шолпанды, ал Күләш Байсейітова Айманды ойнаған. Кейін тағдырдың жазуымен Орал театрына кетіп, онда Жұмат Шанинмен бірге қызметтес болды. Одан соң Гурьев, қазіргі Атырау театрында еңбек етіп, қайтадан осы жаққа оралды. Бұл – қазақ театрының тұтас бір кезеңін көзімен көріп, жүрегімен өткерген адамның жолы. Әйнеш анам – жалғыз ұл тәрбиелеп өсірген, өзі де қайратты, өнерлі, ән мен домбыраны қатар меңгерген сирек дарын иесі болатын. Тығыршықтай, жинақы, көзінен от шашып тұратын, халық сүйіктісі болуға әбден лайық тұлға еді. Егер тағдыр мен орта кейде әділ болса ғой, ол кісі сөзсіз Қазақстанның халық әртісі атанар еді. Бірақ мінезі тік болды, екіжүзділік пен жалған сөзге шыдамайтын. Өнерде де, өмірде де сол мінез өзіне көп кедергі келтірді. Осы орайда айтар бір тілегім, назым – қазақ театрының тарихына үңілсеңіз, Әйнеш Ержанова секілді зерттелмей жатқан қазына өте көп. Әрбір тұлға – жеке кітап. Қазіргі жас буын зерттеушілердің аяқ алысы жаман емес, жақсы келе жатыр. Десе де театртанушылар мен журналистер осы тарихты бір-бірлеп аршып, зерделесе, қазақ театрының рухани байлығы бұрынғыдан да айқын көрінер еді.
– Сіз театр саңлақтарының көбін көзбен көрдіңіз, сахналас та, әріптес те болдыңыз. Өткенді ойлағанда, кім көбірек еске түседі?
– Рас, уақыт ұзаған сайын қатарымыз да сирей береді екен. Күні кеше сайдың тасындай жарасып жүрген жақсыларымның біразы келмеске кетті. Әнуар, Райымбек, Раушан, Фаридалар қандай еді! Асанәлімізден айырылу да оңай тимеді. Есеңгіреп қалдық. Өмірдің заңы дегенімізбен, іштей бәрібір қимастық қалады екен. Солармен бірге өткен қайталанбас сәттерді үнемі еске алып, сағынасың. Әсіресе Фарида Шәріпованы жиі еске аламын. Жаны жарқын ерекше адам еді ғой. Фарида, Сәбира Майқанова үшеуміз бір аулада тұрдық. Фариданың жары Ыдырыс Ноғайбаевтың машинасы бар еді. Театрға көбіне сонымен бірге барып-келетінбіз. Ыдырыс сыртқа шыға қалса, біз де жинала кетеміз. Сәбира апа әрдайым қалжыңын қосып: «Ойпырмай, машинаны ұстаса, сендей жылтыратып ұстасын! Өзі қандай сымбатты жігіт, бой деген екі метр!» деп мақтай жөнелетін. Біз де мәз болып күліп қоямыз. Бірде Ыдырыстың көлігі бұзылып, таксимен шықтық. Жолай аялдамада отырған Қапан Бадыровты көріп қалдық. Сәбира апа бірден: «Өй, мынау неғып отыр, ей? Такси алмай ма? Отырысын қарашы!», деп қалжыңдай сөйледі. Қапан аға екеуі құрдас болған соң, апамыз оны еркін қағытатын. Мен болсам: «Апа, алып кетейікші», деп қоймадым. Машинадан түсіп: «Аға, көлікке мініңіз», деп шақырып, ішке кіріп кеттім. Сол сәтте Сәбира апа есікті тарс жауып қалды. Ағаның саусағы есіктің арасында қалып, қан сау ете түсті. «Ойбай, апа! Тоқтаңыз! Қапан ағаның қолы сынған жоқ па?!» деп шошып кеттім. Сәбира апам саспайды: «Ой, Құдай-ай, соғыста басты да жұлып кетеді! Анау немене? Жұмыстан қаламыз!» деді алаңсыз. Қапан аға қолын ұстап алған, саусағы салбырап тұр. Ағаны бірден ауруханаға жеткізіп, өзіміз театрға келдік. Сол күні «Ана – Жер-Ана» спектаклі жүріп жатқан. Екінші актіде Қапан аға сахнаға қолын аппақ матамен таңып шықты. «Қасым мен Майсалбек қаза тапты» деген сәтте біз жылауымыз керек еді, бірақ оның таңулы қолын көріп, өзімізді ұстай алмай күліп жібердік. Сәбира апа мені шымшып барып әрең тоқтатты. Театрдың қызығы да, қиындығы да, күлкісі мен көз жасы да осылай қатар жүретін. Сол күндер – бүгін сағынышқа айналған өмірдің ең қымбат сәттері.
– Ұрпақ алмасуы – өмірдің заңы. Театр да жыл сайын жас толқынмен толығып отырады. Өзіңізден кейінгі буынға көңіліңіз тола ма?
– Бұл – бізге дейінгі аға-апаларымыз аманаттап кеткен сара жол. Өмірдің өзі толқыннан тұрады десек, біздің буын бүгінде тоқсанға таяды. Ал бізден кейінгі Шәмшәгүлдер бастаған, Бекжан, Ерлан, Дулыға сынды актерлер бар буын – сахнаның салмағын сезінетін, жауапкершілікті арқалай алатын мықты толқын. Олар – театр көрерменіне ғана емес, көшеге шықсаң да, экрансыз-ақ ел танитын, сахнадан түлеп ұшқан өнер иелері. Бұл – киелі сахнаның, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сол буынға берген өлшеусіз сыйы әрі олардың театрға деген шексіз махаббатының айғағы. Театр мектебі оларды тек актер емес, тұлға етіп қалыптастырды. Репертуардағы классикалық қойылымдарда да, заманауи спектакльдерде де бұл буын өз мінезін, өз қолтаңбасын таныта білді. Өзім ерекше құрметтейтін, талантын бағалайтын өнердегі бауырым Бекжан Тұрысты айтсам, менен отыз жас кіші болса да, Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той» спектаклінде шалымды ойнады. Сол қойылымда залға сыймаған көрермен есікті бұзып кірген кездер болды. Бұл – атақтың емес, өнердің, сахнаға деген сенімнің құдіреті. Жас айырмашылығы ұмытылып, сахнада тек тағдыр ғана сөйлейтін. Мен бұл буынды Әуезов театрының абыройын асқақтатып, ғасырлық дәстүрдің туын қолдан түсірмей, желбіретіп жүретін, болашағына сеніммен қарайтын ұрпақ деп білемін. Жастарымызға да артар сенімім мол. Театр абыройын аласартпай, ұлттық өнерімізді өрге сүйрейді деп сенемін. Әманда солай болғай!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Астанада бір жылда теміржол аумағында 77 адам зардап шекті
Оқиға • Бүгін, 14:55
Аустралияда балалар 16-ға толғанша әлеуметтік желіні қолдана алмайды
Әлем • Бүгін, 14:54
Елімізде тарифтік жүк айналымы 10%-ға артты
Президент • Бүгін, 14:50
Жамбыл облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды
Аймақтар • Бүгін, 14:41
Алматыда автобус жүргізушілеріне арналған демалу бөлмелері салынады
Аймақтар • Бүгін, 14:32
«Парыз – 2026» байқауына өтінім қабылдау басталды
Бизнес • Бүгін, 14:25
Талғат Ғазизов «Kazakh Tourism» төрағасы болып тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 13:28
Қазақстан КТК ахуалына байланысты мұнай тасымалдау маршрутын өзгертетін болды
Экономика • Бүгін, 13:00
Астанада 82 жастағы қария шөбересіне зорлық-зомбылық көрсеткені үшін 20 жылға сотталды
Оқиға • Бүгін, 12:55
Ел экономикасы қалай өсіп жатыр: Депутат қарапайым сөзбен түсіндіріп берді
Экономика • Бүгін, 12:48
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 12:30
Түркістан облысында әкесін аяусыз ұрған азаматқа сот үкімі шықты
Заң • Бүгін, 12:23
Жетісу гарнизонының әскерилері 102 жастағы майдангерді құттықтады
Өшпес даңқ • Бүгін, 12:20
«Қайрат» Лондонда «Арсеналмен» кездеседі: Билет бағасы қанша тұрады?
Футбол • Бүгін, 12:13
Қазақтың көкпары VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ресми бағдарламасына енгізілді
Спорт • Бүгін, 12:10
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:73
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 16 Қаңтар 2026 15:19 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















