Еңбек, цифрландыру, инфрақұрылым: Әділет партиясы өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылады
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Құрылтай депутаттығына кандидат Тәттігүл Талаева мен «Әділет» партиясы өңірлік штабының өкілдері «Aqtobe-su-energy-group» АҚ-ның еңбек ұжымымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Басқосуда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және қаланың инженерлік желілерін жаңғырту мәселелері талқыланды. Коммуналдық инфрақұрылымның жағдайы халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өткен қатысушылар желілерді уақтылы жаңарту, олардың тозу деңгейін төмендету және басқарудың заманауи технологияларын енгізудің маңызды екендігіне тоқталды.
Тәттігүл Талаева «Әділет» партиясының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ұсыныстарын таныстырды. Атап айтқанда, энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру, саланы цифрландыру, заманауи есептеу құралдарын орнату, сондай-ақ тұрғындар, мүлік иелерінің бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері және коммуналдық қызметтер арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық платформа құру туралы айтылды. Оның айтуынша, заманауи технологиялық шешімдер коммуналдық қызметтердің ашықтығын арттырып, тұрғындарға қолжетімді әрі ыңғайлы қызмет алуға мүмкіндік береді.
Кездесуде инженерлік желілерді, коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңарту қажеттілігіне де ерекше назар аударылды. Бұл мәселелер қалалық желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін кәсіпорын үшін аса маңызды. Себебі жабдықтардың жағдайы, апаттардың алдын алу және оларды жедел дұрыстау тұрғындарға коммуналдық қызметтердің үздіксіз көрсетілуіне тікелей әсер ететіні айқын. Сонымен қатар сала тиімділігін арттыру үшін заманауи технологияларды енгізудің тиімділігі туралы да айтылды.
Кәсіпорын қызметкерлері еңбек жағдайлары, өндірістік базаны жаңғырту және мамандардың кәсіби даярлығы жөнінде өз ұсыныстарын білдірді. Тәттігүл Талаева қауіпсіз еңбек орындарын құру, еңбек құқықтарын қорғау және білікті кадрларды қолдау маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту және тұрақты жұмыспен қамтуға жағдай жасау мәселелері сөз болды.
Кездесу соңында қызметкерлер кандидат пен өңірлік штаб өкілдеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Басқосу барысында коммуналдық сала қызметкерлері үшін желілерді жаңғырту, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері қала тұрғындарына көрсетілетін қызметтердің сапасымен тікелей байланысты екені атап өтілді.
Құрылтай депутаттығына кандидат Мейрамбай Кемалов пен өңірлік сайлауалды штаб мүшелерінің «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының ұжымымен кездесуінде цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кездесуге қатысушылар заманауи технологиялардың күнделікті өмірдегі және жұмыс барысындағы рөлі туралы пікір алмасты. Сондай-ақ «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген цифрландыру саласындағы негізгі міндеттер таныстырылды. Аудандар мен ауылдық елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті арттыруға ерекше назар аударылды.
Мейрамбай Кемалов цифрлық инфрақұрылымды дамыту партия бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бағдарламаға сәйкес, елді мекендерді кең жолақты интернетке қосуды аяқтау, шалғай ауылдардағы спутниктік байланысты кеңейту және 3 мыңнан астам ауылдық елді мекенді сапалы интернетпен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар жасанды интеллектіні экономика мен мемлекеттік басқаруға енгізу, ұлттық AI-инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың цифрлық сауатын арттыру жоспарланып отыр.
«Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының қолжетімділік желісін пайдалану және дамыту департаментінің пайдалану қызметінің басшысы Ольга Киреева атап өткендей, облыс бойынша 350-ге жуық маман телекоммуникациялық желілерді дамыту мен үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Өңірдегі барлық елді мекен интернетпен қамтылған. Бүгінде мобильді байланыс қарқынлы дамып, оптикалық желілер кеңейтіліп жатыр. Ақтөбе қаласында абоненттердің шамамен 70 пайызы оптикалық желіге қосылған. Алдағы уақытта тағы үш аудан орталығына оптикалық инфрақұрылым қосылады.
Штаб өкілдері цифрлық мүмкіндіктердің артуы интернет пен заманауи технологиялардың адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар цифрлық сервистер санының артуы пайдаланушылар үшін интернет-алаяқтыққа қатысты тәуекелдердің де артуына сеп болып отыр. Осыған байланысты Бас прокуратура мен «Қазақтелеком» азаматтар мен олардың қаражатын интернет-алаяқтардан қорғауға және цифрлық ортадағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған бірлескен жобаны жүзеге асырып жатқаны айтылды.
Кездесу барысында компания қызметкерлері байланыс саласындағы жас мамандарға берілетін мүмкіндіктерді арттыру, соның ішінде олардың кәсіби және әлеуметтік дамуына жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Өңірлік штаб мүшелері ұжымның сауалдарына жауап беріп, сала мамандарын сайлауға белсенді қатысуға шақырды.
«ҚТЖ» АҚ конференц-залында кәсіпорын қызметкерлерімен үгіт-насихат кездесуі өтті. Еңбек ұжымымен «Әділет» партиясы штабының мүшелері Гүлмира Капенова мен Медет Ерболұлы жүздесті.
Жиында көлік саласын дамыту және оның ел экономикасындағы маңызы сөз болды. Қатысушыларға «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы көлік инфрақұрылымын жаңарту, саланы дамыту және заманауи технологияларды енгізуге қатысты ұсыныстар таныстырылды.
Әңгіме барысында инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту, тасымалдың тиімділігін арттыру және саланың одан әрі дамуына жағдай жасау мәселелері қозғалды. Аумағы кең, транзиттік мүмкіндігі мол Қазақстан үшін сенімді көлік жүйесінің маңызы зор.
«Қазақстан үшін көлік саласы - тек жол мен теміржол емес. Ол өңірлерді байланыстырады, бизнестің дамуына жол ашады, адамдардың еркін қатынауына мүмкіндік береді. Сондықтан инфрақұрылымды жаңартып, заманауи технологияларды енгізіп, тасымал сапасы мен тиімділігін арттыру маңызды. «Әділет» партиясының бағдарламасында көлік жүйесін дамыту ел экономикасының өсуіне ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылады», - деді Гүлмира Капенова.
Кездесу барысында «ҚТЖ» АҚ қызметкерлері өз сұрақтарын қойып, көлік саласының дамуына қатысты пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Қызылордадағы «Dalatex» кәсіпорнында еңбек адамын толғандырған мәселелер ашық талқыланды. Өндіріс орнында өткен кездесуде ұжым мүшелері өңдеу өнеркәсібін дамыту, тұрақты жұмыспен қамту, еңбек жағдайы және кәсіби мамандарды даярлау мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесуде «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы өндіріс пен экономиканы дамытуға бағытталған басымдықтар түсіндірілді. Партияның ұстанымына сәйкес, өңірдегі өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуі, отандық өндірісті қолдау, кәсіпорындардың технологиялық әлеуетін арттыру және жаңа жобаларды жүзеге асыру – экономикалық өсудің маңызды тетіктерінің бірі.
«Әділет» партиясының мақсаты – өндірісті тек сақтау емес, оны дамытуға жағдай жасау. Ол үшін жергілікті өндірісті қолдау, кәсіпорындардың технологиялық мүмкіндігін арттыру, инвестиция тарту және жаңа өндірістік жобаларды іске қосу маңызды. Мұның барлығы түптеп келгенде жаңа жұмыс орындары мен тұрақты табысқа жол ашады. Бұл партияның сайлауалды бағдарламасында нақты көрсетілген», – деді облыстық штаб мүшісі Әлібек Жаппасбаев.
Партия өкілдері өндірістің дамуы еңбек нарығымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Жаңа технология енгізілген сайын білікті маманға деген сұраныс та артады. Осыған байланысты жастарды сұранысқа ие кәсіптерге даярлау, кәсіби біліктілікті арттыру және еңбек нарығының талабына сай маман қалыптастыру мәселелеріне де назар аударылды.
Кездесуде цифрландыру тақырыбы да қозғалды. Мағжан Абзалұлы өндірістік процестерге заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңызын атап, бұл бағыттың еңбек өнімділігін арттыруға, жұмыс процестерін оңтайландыруға және мамандардың жаңа дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік беретінін айтты.
«Қазіргі өндірістің бәсекеге қабілеттілігі технологиямен ғана емес, оны меңгеретін маманмен де өлшенеді. Сондықтан жастардың цифрлық және кәсіби дағдыларын дамыту – біз үшін маңызды бағыт», – деді ол.
Әйел қызметкерлермен пікір алмасу кезінде олардың өндірістегі орны, тұрақты жұмыспен қамтылуы, кәсіби дамуы және әлеуметтік қолдауы жөніндегі мәселелер көтерілді. Қатысушылар еңбек жағдайын жақсарту, өндірістегі қауіпсіздікті сақтау және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасау жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
«Dalatex» ұжымы өкілдері тұрақты жұмыс орындарын сақтау, өндірісті кеңейту және еңбек адамына жасалатын жағдайды жақсарту мәселелерінің маңызды екенін атап өтті. Қызметкерлер партия өкілдеріне өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу соңында еңбек ұжымы өкілдері өндірісті дамытуға, жұмыс орындарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және еңбек адамын қолдауды масқат еткен «Әділет» партиясын қолдайтындарын жеткізді.
«Әділет» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды штабының мүшелері Ордабасы ауданындағы жұмыс сапары барысында А.Иманов атындағы мектептің педагогикалық ұжымымен және Қажымұқан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ашық форматта өткен жиындарға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрлан Толыбаев, Нұрсадық Ергешбек, Дәурен Битемиров, облыстық штаб мүшелері Қалыйма Жантөреева, Ләззат Асанова, Мөлдір Нұрманова, сондай-ақ аудандық штаб өкілдері қатысты.
Кездесуде «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, білім беру сапасын арттыру, педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеру, заманауи мектеп инфрақұрылымын қалыптастыру, цифрлық технологияларды білім саласына кеңінен енгізу және өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру мәселелері талқыланды. Жиынды жүргізген «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық сайлауалды штаб мүшесі Қалыйма Жантөреева партияның бағдарламалық басымдықтарына тоқталып, ел дамуының жаңа кезеңінде білім мен адам капиталына инвестиция салудың маңызын атап өтті.
Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев ауыл жастарына мүмкіндік беру, білім алуға және еңбек етуге қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Ауылдың ең үлкен капиталы – адам. Сондықтан адам капиталына салынған инвестиция елдің ұзақмерзімді дамуының негізгі кепілі. Біздің мақсатымыз әр азаматтың тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан өз қабілетін толық ашуына мүмкіндік беру. Ол үшін сапалы білім, жаңа машықтарды меңгеру және еңбек нарығында сұранысқа ие болу мүмкіндігі қолжетімді болуы керек», – деді Нұрлан Әлішерұлы.
Кандидат сондай-ақ балалар мен жастардың денсаулығын нығайтуға бағытталған бастамаларға тоқталды. Атап айтқанда, «Саламатты шаңырақ» ұлттық науқанын іске қосу және «Саламатты мектеп» бағдарламасы арқылы оқушылардың денсаулығын нығайтуға, балалардың қауіпсіз әрі үйлесімді дамуына жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде кандидаттар Нұрсадық Ергешбек пен Дәурен Битемиров білім сапасының елдің кадрлық әлеуетін қалыптастырудағы шешуші рөлін атап өтті. Олардың пікірінше, баланың өз қабілетін ашуы да, экономиканың қажетті мамандармен қамтамасыз етілуі де білім беру жүйесінің сапасына тікелей байланысты.
Сайлауалды штаб өкілдері Қайнар Аббасов пен Бостандық Жәкей партияның өңірлерді дамытуға қатысты ұстанымдарына тоқталды. Олар қуатты мемлекет ең алдымен әлеуеті толық ашылған өңірлерден қалыптасатынын айтып, ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жақсарту, жергілікті экономиканы дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың маңызын жеткізді. Сонымен қатар партияның негізгі құндылықтары – Әділеттілік, Патриотизм, Еңбекқорлық, Жауапкершілік және Прогресс екені атап өтілді. Штаб мүшелері бұл құндылықтар партияның саяси ұстанымдары мен бағдарламалық шешімдерінің негізін құрайтынын айтып, тұрғындарды алдағы саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу соңында мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, білім беру сапасы, мектептердің материалдық-техникалық базасы, ауылдың инженерлік инфрақұрылымы және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері көтерілді.
Тұрғындар өз ұсыныстарының ескерілетініне сенім білдіріп, кандидаттарға сәттілік тіледі. Әділетті қоғам құрудың негізі – халықтың үнін есту, нақты мәселеге нақты шешім ұсыну және әр азаматқа тең мүмкіндік беру.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:100
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 16 Тамыз 2026 13:08 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















