Ерсұлтан Жүнісақынов, өнертапқыш: Қазақ жастары жаһандық деңгейде бағаланып отыр
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Сол жүздесуге Call2action.ai компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, стартапер Ерсұлтан Жүнісақынов та қатысып, Президентке өз жобасы жөнінде баяндаған. Ал біз жаңа жобаның негізін қалаушымен байланысқа шығып, сұхбаттастық.
– АҚШ-та Қазақстан Президентіне сіз де өз стартап бастамаңызды таныстырған екенсіз. Жалпы, ол қандай жоба?
– Мен Вашингтонда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесуге қатыстым. Онда біз АҚШ-та дамып жатқан қазақстандық стартаптар туралы, соның ішінде өзімнің Call2action.ai жобам жайлы айттым.
Стартаптардың ішінде жасанды интеллект, логистика, финтех, HR-tech, білім беру және креативті индустрия бағытындағы жобалар болды. Ең маңыздысы, бұл стартаптар тек идея деңгейінде емес, нақты АҚШ нарығында алғашқы клиенттерін тауып, жұмыс істеп жатқан жобалар деп нық сеніммен айтамыз.
Біз қазір АҚШ-та өнімімізді белсенді түрде масштабтап жатырмыз. Негізгі назар тракинг пен логистика саласында болып тұр. Пилоттық жобалар да жүріп жатыр, нарықтағы қызығушылық та жоғары, көптеген компания бізбен жұмыс істеуге әзір, кейбіреуімен жұмыс басталып та кетті. Біздің команда толық халықаралық деңгейде құрылған. Стартаптар орталығы саналатын «Кремний алқабында» жұмыс істейміз. Кеңесшілер қатарында MIT, YC түлектері, Rippling компаниясының әйгілі кеңесшілері де бар. Сонымен бірге Workday компаниясында жұмыс істеген, HR-tech саласын жақсы білетін бірқатар маман да командамызда еңбек етуде. Біз ойлап тапқан AI кандидатпен тірі адам сияқты сөйлесіп, сұхбат жүргізеді. Бұл платформа адам қабілетін 0-10 ұпай бойынша бағалайды және рекрутинг үдерісінің негізгі кезеңдерін автоматтандырады. АҚШ-тағы тракинг нарығында мұндай кешенді шешім әзірге қолданысқа енбеді.
Әлем қазақстандық стартаптарға шын мәнінде қызығушылық танытып отыр. Кейінгі жылдары Қазақстаннан шыққан фаундерлер мен өнертапқыштардың деңгейі айтарлықтай өсті. Көпшілігі дүниежүзінің стартап орталығы саналатын «Кремний алқабында» тәжірибеден өтіп, біліктілігін шыңдап, АҚШ-тағы тұтынушылармен жұмыс істеп, дами бастады.
– Бұл жобаңызға инвестор тартылып, іске аса бастады ма?
– Әлбетте, біз инвесторлар тарттық! Құны 500 мың доллар көлеміндегі Рre-seed раундын жаптық, компания бағалауы 6 млн долларды құрады. Раундқа америкалық және халықаралық инвесторлар қатысты. Инвестиция бойынша нақты айта өтсем. Дәлірек 200 мың доллар көлемінде MOST Ventures қорынан қаржы алдық, ал Рre-seed раундтың қалған бөлігі АҚШ-тың басқа да инвесторларынан түсті. Бұл дегеніміз қазақ өніміне Америка нарығында нақты сұраныс бар екенін көрсетеді. Осы деңгеймен тоқтамаймыз, әлі де талай жобаға қол жеткіземіз. Біздің платформалық өнім Call2action.ai қазір толыққанды АҚШ нарығында іске қосылды. Негізгі тұтынушылар – АҚШ-тағы тракинг және логистика компаниялары. Қазір аталған бастамалар бойынша бірнеше пилоттық жоба өтіп, келісімшарттар жасалып, масштабтау кезеңіне қадам бастық. Сонымен қатар елде де жобаларымыз жұмыс істеп тұр. Тағы да Қазақстан бойынша біз бірнеше ірі компаниямен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Атап айтқанда, Beeline Kazakhstan, ERG Group, «ҚазАгроМашХолдинг» бар. Бұл компаниялармен жұмыс әзірге келіссөз деңгейінде, жақын уақытта келіссөз аяқталса, іске кірісеміз.
Сонымен бірге біздің шешімімізді келесі ұлттық компанияларға да ұсынуды көздеп, ойластырып отырмыз. Логистикалық платформада үлкен стартап мүмкіндіктерге ие болып отырған соң «ҚТЖ», «ҚазАвтоЖол» және көлік саласындағы басқа да ірі ұйымдармен келісімге келмекшіміз. Себебі транспорт-логистиканы дамыту, оны цифрлық мүмкіндіктер арқылы басқару, сервисін оңтайландыру – заман талабы. Өйткені өніміміз үлкен көлемде қызметкер жалдайтын және кадр тапшылығы жоғары компаниялар үшін өте тиімді шешім болып есептеледі. Бірақ басты нарығымыз Америка Құрама Штаттары болып қала береді. Өйткені бұл салада біздің технологияға сұраныс өте жоғары, мүмкіндік мол. Сондықтан да алған беттен таймай, күндіз-түні нәтижеге жұмыс істеп, өз-өзімізді қамшылап, жаһанда ойып тұрып орын алатын, қазақтан шыққан бизнес орталыққа айналғымыз келеді.
– Командаларыңызда қанша адам бар? Оның қаншасы қазақ жастары, тағы қандай бағытты қолға алмақсыздар?
– Біздің командада қазір 6 адам бар. Барлығы – инженерлер мен әзірлеушілер және көпшілігі Қазақстаннан шыққан жас мамандар. Біз әрі қарай да рекрутинг бағыты бойынша дамуды жоспарлап отырмыз. Кейін жоғары кадр айналымы бар салаларға кеңеюді көздейміз. Атап айтқанда, HoReCa, ритейл және қойма логистикасы (warehouse) бағыттарын дамытуды ойластырып жүрміз. Стартаптар туралы айтқанда, HoReCa, ритейл және қойма логистикасы салаларын дамытып жатырмыз. Онда кадр тапшылығы мен кадрлардың жиі ауысуы ең өзекті мәселе болып саналады. Сондықтан біздің технология дәл осы бағыттарда үлкен пайда әкелетін болады.
Бірінші бағыт, HoReCa жобасы мейрамхана, қонақүй, кафе индустриясы ісіне бағытталған. Бұл салада даяшылар, аспаздар, хостес, бармендер, бөлме тазалаушылар сияқты қызметкерлер жиі ауысады. Сол себепті көптеген компания қызметкер таппай қиналады. Себебі жұмысы ауыр, аусым ұзақ болғандықтан, адамдар ұзақ тұрақтамайды. Осының негізінде құрастырылған AI платформасы арқылы автоматтандырылған сұхбат пен скрининг осы саланың жұмыс берушілеріне кандидаттарды тез табуға, іріктеуге көмектеседі.
Екінші бағыт, ритейл дүкендер, супермаркеттер, сән бутиктері желісінің қызметін жандандыруға негізделген. Ритейлде мыңдаған кассир, сатушы және қойма қызметкері қажет. Бұл жұмысқа ағылып келетіндер көп, бірақ тастап кететіндер де жетерлік. Біз ойлап тапқан жүйенің негізінде ауыспалы қызметкерлер, маусымаралық жүктемелер, жүздеген адам біздің платформаның тиімділігін көре алады. Біздің AI платформасы мұнда да көмектесе алады. Кандидаттарды сатылым қабілеті, клиентпен жұмыс істеуі, сенімділігі бойынша автоматты түрде бағалай алады.
Үшінші бағыт, қойма логистикасы (warehouse) дамытуды діттейді. Бұл саланың физикалық жұмысы ауыр. Жүк тасушылар, операторлар, көлік жүргізушілері көптеп шоғырланған. Бұнда да кадр тапшылығы өте жоғары. Компаниялар көбіне үлкен көлемде 50, 100, тіпті 300 адамды бірден жалдауға мәжбүр. Ал AI интервьюер арқылы қызметкердің физикалық жұмысқа дайындығы, тәртіпке бағынуы, еңбек мәдениеті сияқты қасиеттерін бағалауға болады. Бұл бағыттардың жай-жапсарын толық жүзеге асқанда нақтылайтын боламыз.
Неге бұл салалар біз үшін маңызды? Өйткені бұл салаларда кадр айналымы өте жоғары, рекрутингке уақыт көп кетеді, жұмыс берушілерге жылдам шешім қажет. Осының бәрін ескеріп, осы салаларда жұмыс істеуге ниеттіміз. Ал AI платформасы аталған проблемалардың шешілуіне нақты көмектесе алады. Ал жүзеге асу тетіктерін пысықтап, толыққанды іске асатындай етіп жасап, нарыққа ұсынамыз. Осы себепті біз рекрутингтен бастай отырып, осы жоғары сұранысты үш үлкен салада да технологиямызды енгізуді жоспарлап отырмыз.
– Қазақстанда стартаптарыңызға мемлекет тарапынан қолдау болды ма? Бұған дейін де күнделікті қолданысқа еніп, жұмыс істеп тұрған жобаларыңыз бар ма?
– Қазақстанда стартаптарды қолдайтын өте маңызды жүйе бар. Әсіресе, Astana Hub үлкен рөл атқарады. Олар гранттар, акселерациялық бағдарламалар және халықаралық серіктестіктер арқылы қолдау көрсетеді.
Мысалы, дәл осы Astana Hub бағдарламаларының арқасында біз 2024 жылы «Кремний алқабындағы» беделді Alchemist Accelerator акселераторынан тәжірибеден өттік. Бұл біздің Call2action.ai жобасын дамытып, АҚШ нарығына шығуымызға үлкен мүмкіндік берді. Бұған дейін де IT мен Е-commerce саласында іске асып, жұмыс істеген жобаларымыз болды. Сол тәжірибе қазіргі стартаптарды құруға жол ашты.
– Өзіңіз қай жердің тумасысыз, қай оқу орнының түлегісіз, стартаптарға қызығушылық қай кезден басталды?
– Мен Алматыда туып-өстім. Бұл – менің туған қалам. Алатау бөктеріндегі бұл шаһардың орны айрықша. Қарапайым қазақ отбасынан шыққанмын. Әкем инженер-техник, анам университетте ағылшын тілі пәнінің оқытушысы болып жұмыс істейді. Олар мені еңбекке баулып, қиындыққа төзімді болуға үйретіп, жақсы тәлім-тәрбие берді. Технологияға деген қызығушылығым өте ерте кезден басталды. Бала кезімнен бірдеңе құрастырып, жаңалық ойлап табуға құмар едім. Сөйтіп, 15 жасымда кәсіби деңгейде сайттарды бағдарламалап, алғашқы табысымды IT арқылы таба бастадым. Осылайша, технология менің шынайы жолым екенін ұқтым.
Әке-шешем де уақыт өте келе менің таңдауымды түсініп, қолдауға кірісті. Алматы энергетика және байланыс университетінде білім алып, түлегі атандым. Білім мен біліктілікті жетілдіруді көздедім. Сол арманмен АҚШ-қа жол тартым. Әйгілі «Кремний алқабын» көріп таңдандым. Мұнда стартап бастау қалыпты жағдай саналады. Сол ортаның энергиясы мен жылдамдығы менің өмірге, жаңа технологияға деген көзқарасымды қатты өзгертті. Стартапты екі негізгі жолмен үйрендім. Әуелгісі Акселераторлар (Alchemist Accelerator, SVR, Astana Hub) бағдарламалары арқылы біліктілігімді шыңдадым. 2024 жылы біз «Кремний алқабындағы» ең беделді B2B акселераторлардың бірі Alchemist Accelerator-дан сынақтан өттік. Ондағы менторлар «өнімді қалай тестілеу», «клиентпен дұрыс жұмыс істеу», «сатылымды құру», «инвестормен келіссөз жүргізу», «жаһандық деңгейдегі фаундер қалай ойлау керек» деген ең маңызды дағдыларды үйретті.
Кейіннен АҚШ-тағы MIT, YC һәм Stanford түлектерімен, сондай-ақ табысты компаниялар құрған кәсіпкерлермен жұмыс істедім. Сол өнертапқыштар бірнеше дағдыны бойыма сіңіруге жәрдемдесті. Олар маған «идея – тек 5%, ал орындау – 95%», «ең дұрыс жауап – әрқашан клиентте», «жылдамдық пен тәжірибе бәрінен маңыздырақ», «табысқа ең ақылды емес, ең төзімді адам жетеді» деген қағидалар құрап берді. Соның негізінде жұмыс басталып, жүрер жолым айқындалды. Әрдайым отбасымның қолдауын сезіп келемін. Сондай-ақ бала кезден технологияға деген қызығушылық, АҚШ-та жиған-терген тәжірибем, мені кәсіпкер ретінде қалыптастырған негізгі факторлар дер едім.
– АҚШ-та қазақстандық мамандар қалай бағаланады? Жастарымыз көбіне қай салаға бейім?
– Кейінгі жылдары АҚШ пен жалпы әлемде қазақстандық IT мамандар мен жаңа технология бағытын таңдап жүрген жастарға деген көзқарас айтарлықтай жақсарды. Мұнда қазақ жастарын еңбекқор, тез үйренетін, техникалық жағынан мықты және жауапкершілігі жоғары мамандар ретінде бағалайды. Қазақ жастары көбіне жасанды интеллект және Machine Learning, бағдарламалау (backend, mobile, full-stack), киберқауіпсіздік, Data Science және деректер аналитикасы бағыттарына қызығып, машықтанып жүр.
АҚШ-та қазақстандық AI, финтех, логистика, HR-tech бағытында стартаптар жұмыс істеуді бастады. Біздің мамандар Google, Apple, Meta, Tesla, Amazon секілді алпауыт компаниялардың жұмысын ілгерілетіп отыр. Қазақстаннан шыққан бірнеше фаундер «Кремний алқабындағы» акселераторлардан өтіп, инвестиция тартып, жаһандық деңгейдегі өнімдер жасап келеді. Әлем қазақстандық инженерлер мен IT мамандарын жоғары бағалайды. Себебі біздің жастарда табиғи техникалық қабілет, табандылық, еңбекқорлық, үлкен амбиция бар.
Ерекше мысал ретінде айта кетсем, досым Tesla компаниясында бас техникалық инженер қызметін атқарған. Мұндай деңгейдегі инженерлер бүкіл әлемде бар болғаны 15-20 адам шығар. Сол топта қазақ маманының болуы біздің жастардың әлемдік деңгейде бәсекеге толық қабілетті екенін дәлелдейді. Қазір Айтемір Ескенов деген білікті маман Tesla компаниясында жетекші әзірлеушісі болып істейді. Ол Tesla-дағы жоғары деңгейлі техникалық шешімдерді әзірлеуге қатысады. Мұндай рөл әлем бойынша санаулы мамандарға ғана беріледі. Сонымен бірге Серік Смағұлов деген қазақ жігіті Stanford университетінің AI Research Scientist маманы болып қызмет етіп жүр. Ол жасанды интеллект, машиналық оқыту және нейрожелі бағытында ғылыми-зерттеулерді іске асырады. Stanford – әлемдегі жетекші университеттердің бірі, сонда қазақ ғалымының жұмыс істеуі үлкен жетістік деп санаймыз. Бұл мамандар қазақ жастарының жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті екенінің нақты дәлелі.
Жерлестеріміз көбірек жасанды интеллект пен IT саласына қызықса дейміз. Себебі қазақ өнертапқыштары АҚШ-та да, әлемде де өз орнын тауып келеді. Ең бастысы, нәтижеге еңбек етіп, тоқтап қалмау қажет. Қалғанының бәрі уақытпен іске асады деп ойлаймын.
– Қазақстанда стартаптарға қолдау жасау үшін қандай механизмдер енгізу керек?
– Қазақстанда стартаптарды тиімді қолдау үшін бірнеше маңызды механизм енгізілуі керек. Көбірек стартаптарды қолдау қажет. Мойындау керек, елде стартаптарға қаржы тарту қиын. Егер өзімізде жергілікті VC-қорлар көбейсе, жүздеген жаңа жобаға септігін тигізеді. Біздің елге әлемдік деңгейдегі акселераторлар мен инкубаторлар қажет. Alchemist, YC, Techstars сияқты бағдарламалардың филиалдары немесе сол деңгейдегі орталықтар Қазақстанда ашылса, біздің стартаптар жаһандық нарыққа тезірек шыға алады. Сондай-ақ жаһандық топ университеттермен бірлесе жұмыс істеу аса маңызды. MIT, Stanford сияқты модельдерге жақын сапалы инженерлік және зерттеу орталықтары керек. Әсіресе, AI, инженерия және технология бағыттарын күшейту өте өзекті болып тұр. Сонымен қоса, мектептен бастап программалау мен AI/ML оқытудың күн өткен сайын маңызы артып барады. Балаларды ерте жастан код жазуға, алгоритмдік ойлауға және жасанды интеллект негіздеріне бейімдеу маңызды. Сонда ғана болашақта инженер, фаундерлер саны айтарлықтай көбейеді. Әгәрәки, осы тетіктер жүзеге асса, Қазақстан нағыз әлемдік деңгейдегі технологиялық орталыққа айнала алады.
– Елге оралып, жаңа жобаларды жүзеге асыру ойда бар ма?
– Әрине, кім болсын өз елін ойлайды, туған жерін аңсайды, ағайын-туыс бауырларын жақсы көреді, өз Отанының патриоты болуға тырысады. Жас кезде өзімізді әлемге дәлелдеу керек болып тұр. Әзірге АҚШ-та тұрақтап, негізгі жұмысты осы жерде жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Себебі біздің мақсат – АҚШ-та млрд долларлық компания құру. Осындай деңгейге жеткен кезде біз Қазақстанда 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын аша аламыз. Ең маңыздысы, бұл жұмыс орындары жоғары білікті бағдарламалар әзірлеушілер, инженерлер, AI/ML мамандары, деректер саласының сарапшылары секілді бірқатар маманға арналады. Өйткені бұл жоғары жалақысы бар, әлемдік деңгейдегі мамандықтар қатарына кіреді. Яғни, АҚШ-та үлкен компания құру арқылы біз Қазақстанның технологиялық саласына да елеулі үлес қосамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Олжас ЖОЛДЫБАЙ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:87
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 27 Қараша 2025 06:40 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















