Инвесторға қамқорлық жаңа кезеңнің жүгі
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Бұл кезекті қызықты термин емес, бұл – ескі сүрлеуден жаңа арнаға бұрылуды, Үкіметтің жұмысын жаңаша құруды, мемлекеттік менеджменттің ісін ширатуды талап ететін тарихи белес. Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кезеңді абыроймен өткізу, барлық міндетке қол жеткізу үшін не істеу керегін бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берді. Сонымен бірге осы стратегиялық мақсатты жүзеге асыру әлемдегі күрделі кезеңге тұспа-тұс келгенін ескертті. Үкімет бұл ұлы мұрат үдесінен шыға ала ма?
Жаһандық дауылдағы жігерлі қадам
Бүгінгі әлемдік экономика – ертеңі бұлыңғыр, болжамы тұрақсыз құбылыс. Сарапшылардың аузынан «тоқырау» мен «төмендеу» деген үрейлі сөздер түспей тұр. АҚШ долларының әлсіреуі, халықаралық саудадағы шектеулер, тарифтік «соғыстар» дамушы елдерге бағытталған инвестицияның тамырына балта шаба жаздады. Көптеген ел ішкі нарығын қорғау шараларын күшейтіп, өзара шектеулер қою тәжірибесін кеңінен қолданады. Осы күрделі жағдайда Қазақстан төл тарихында бұрын-соңды болмаған жаңа даму моделін игеруге батыл қадам жасады. Президент мұндай үлгіні тек инвестициялық саясатты жандандыру және бизнестің мүддесін сенімді қорғау арқылы ғана қалыптастыруға болатынын атап өтті.
– Біз жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Елдегі инвестициялық ахуалды жақсы деуге болады. 2022 жылдан бері жинақталған тікелей инвестиция көлемі 84 миллиард доллардан асты. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 50%-ға артты. Бірақ былтыр елімізге тартылған тікелей инвестицияның көлемі өссе де, оның қарқыны әлі де баяу болып тұр, – деді Қ.Тоқаев.
Неге? Инвестор келеді, бірақ оны қағазбастылықтың «қалың орманы» күтіп алады. Бір міндетке бірнеше органның таласуы, шешім қабылдаудың сөзбұйдаға салынуы сапалы капиталдың сырт айналуына сеп. Қазіргі кезде негізгі капиталға салынған инвестицияның 70%-ға жуығы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Әйткенмен, мемлекеттің шығыны да қомақты.
Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас Стратегия әзірлеуді жүктеді. Онда жоғары технологиялы заманауи өндірістер ашуға басымдық берілмек. Жеке бизнес айрықша рөлге ие болады. Осы мақсатта «Бәйтерек» инвестициялық холдинг ретінде қайта құрылды.
«Самұрық-Қазына» қорына ұқсас талап қойылады. Айтпақшы, өткен аптада «Самұрық-Қазына» қорының және бірқатар ұлттық компанияның басшылары Мемлекет басшысының қатаң сынына ұшырады. Қ.Тоқаев компанияларының құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеуге міндеттеді. Президент сынының нысанасына не ілікті? Қор тобында қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ығай мен сығайдың туыс-туған, дос-жаранына толып кеткен. Президент олардың жұмысқа көміліп жатпағанына, жүктемесінің төмендігіне назар аудартты. Салдарынан, олар кейде не істерін білмей, әлеуметтік желіде өзіне қатысы жоқ тақырыптарда әркіммен пікір таластырады. Мұндай адамдар «жаңа кезеңді түбі жақсылыққа апармайды». Ендеше, қор басшылық құрамын тазалап алғаны абзал.
«Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, қорға 2026-2030 жылдар аралығында 27 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарту міндеті қойылды. Қор цифрландырылып, 5 жыл ішінде жиынтық әсері 1,3 млрд доллар болатын ЖИ жобаларын енгізуге тиіс. Қордың құрылымы одан әрі трансформацияланады. Қажет деп танылса, жекелеген компания біріктіріледі.
Инвестор жоғарыдан қорған тапты
Президенттің пайымдауынша, даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен бақталаспай, тиімді қарым-қатынас орнатуы қажет. Елде инвестор қызығушылығын оятар сала көп. Оны дамыту үшін мемлекет пен бизнестің сындарлы ынтымақтастығы қажет. Әсіресе, сирек жер металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн.
Биылғы тағы бір бастама-бетбұрыс: «жаңа кезеңді» жүзеге асыру үшін Президенттің тек инвестиция тартумен және инвесторлар мәселесімен айналысатын арнайы көмекшісі тағайындалды. Қ.Тоқаев «шетелдік, отандық инвесторлардың сұрақтары, арыз-шағымдары болса, тікелей Мұрат Нұртілеуге Focal point (фокус нүктесі) ретінде шағымдануға болатынын» жариялады. Ал халықаралық қаржы институттарымен Президент кеңесшісі Әсет Ерғалиев байланыста. Бұл – инвестордың мұң-мұқтажы тікелей Ақорданың бақылауында болады деген сөз.
Әзірге елдің басты инвестор тартушысы, «магниті» Мемлекет басшысының өзі болып тұр. Оның шетелге сапарлары және инвесторлармен кездесулері барысында қол жеткізілген коммерциялық келісімдердің жалпы құны 2025 жылы шамамен 75 миллиард долларды құрады. Енді осы келісімдердің орындалуына Үкімет пен әкімдер баса мән беруге тиіс.
Елдің құтын электр қуаты арттырады
Инвестициялық ахуалға кері әсер ететін кедергі жетерлік. Салық кодексіндегі өзгерістерді іске асырудағы олқылықтар, кеден жүйесін цифрландырудың баяулығы, Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері тізілімін енгізудегі асығыстық бизнес қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызды. Әрбір тауарды цифрлық таңбалау жүйесін енгізу де кәсіпкерлер мен инвесторлардың көңілтолмастығын туғызды.
Жаңа инвестициялық кезеңді жүзеге асыруға тағы бір тосқауыл – қуат тапшылығы. Инвестор келер, зауытын салар, алайда оған қажетті электр энергиясы болмаса, адымы алысқа ұзамай, кәсіпорны жабылып тынбақ. Еліміз электр энергиясының ішкі тапшылығын жою үшін оны жыл сайын импорттауға мәжбүр. Былтыр 3,7 миллиард киловатт-сағат энергияны сырттан сатып алды. Қуат көздері мен электр желілерінің әбден ескіруі бұл саладағы ахуалды ушықтырып тұр.
Соңғы 3 жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты аясында тұтынушыларға тарифтер көтеріліп, энергетика саласына 1 триллион теңгеден астам қаржы тартылды. Соның ішінен жаңа қуат көздерін іске қосуға небәрі 140 миллиард теңге бөлініпті. Бұл энергожүйенің ұзақ уақыт бойғы жұмысын қамтамасыз етуге жетпейді. Электр қуаты тапшы болса, ел ойдағыдай дами алмайды. Үкіметтің кеңейтілген жиынында Президент айтқандай, энергетика министрлігінің бұрынғы басшылары тек мұнаймен шұғылданған да, электр қуаты өндірісі екінші қатарға сырғыған. Жаңа кезеңде бұл олқылық тез арада түзетілуге тиіс.
Қазір Қазақстанда 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл еліміз үшін мүлде жеткіліксіз. Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосуды жоспарлап қойды. Оның 5,9 гигаваты жаңартылатын қуат көздерінен алынбақ. Сондай-ақ Үкімет келесі жылы электр қуатына деген сұранысты толық өтеуді көздеп отыр. Тіпті 1,3 миллиард киловатт-сағат қуатты артық өндіре аламыз деген болжам бар. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін міндеттеменің бәрі уақытылы орындалып, жеткілікті қаражат бөлінуге тиіс.
Сонымен қатар қуат көздерін іске қосу мерзімін қайта-қайта кейінге қалдыру әдетке айналды. Мысалы, Алматыдағы 2-ші және 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту мерзімі бірнеше рет шегерілді. Жұмыс әлі күнге жүргізіліп жатыр. Үкімет жоспарланған қуат көздерінің толық іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс.
Энергетика министрлігінің дерегінше, 2026 жылы 2,6 гигаватт көлемінде дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері іске қосылады. Бұл 2027 жылдың І тоқсанында энергия тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Бүгінде елде қуат тұтыну шырқау шегіне жететін сағаттарда электр тапшылығы туындайды, ол импорт есебінен өтеледі. Былтыр тапшылық 29% қысқарғанымен, әлі де орасан көлемде қалып отыр.
Тұтастай алғанда, 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемі 39 миллиард киловатт-сағатқа ұлғаяды. Энергетикалық егемендікті қамтамасыз ету және қуат тапшылығының өсуін еңсеру үшін Үкімет 2035 жылға дейін 26 гигаваттан астам жаңа қуат көздерін іске қосу бойынша кешенді жұмысқа кірісті. Оның ішінде атом станцияларын салуға және «таза» көмір генерациясын дамытуға айрықша мән беріліп отыр.
Жалпы алғанда, 2025 жылғы 9 ай қорытындысында тікелей шетелдік инвестиция 1,5 миллиард долларға немесе 10,9%-ға өсіп, 14,9 миллиард долларды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13%-ға өсіп, 22,7 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде мемлекеттік инвестициялар 800 млрд теңгеге артып, 5 триллион теңге болды. Жеке инвестициялар 2,4 триллион теңгеге өсіп, 17,7 триллион теңгеге жуықтады.
Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі С. Жұманғариннің айтуынша, 2026 жылы негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 31,5 трлн теңгеге жеткізу, тікелей шетелдік инвестициялар ағынын 25,5 миллиард доллар деңгейінде қамтамасыз ету межеленіп отыр.
2025 жылы 200-ден астам жаңа өнеркәсіп нысаны пайдалануға берілді, тағы сонша нысанның құрылысы аяқталу кезеңінде. Инвестор тарту жүйесі жетілдіріліп жатыр. Біріншіден, жобалар бастамадан бастап құрылыс толық аяқталғанға дейін «жасыл дәліз» қағидаты бойынша сүйемелденеді. Екіншіден, Мемлекет басшысының Жарлығымен инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас прокурорға жүктелді. Инвестициялық прокурорлар өңірлерде өз жұмысын бастап кетті.
Әкімшілік қысымды төмендетудің негізгі құралы – «прокурорлық сүзгі» тетігі. Оның аясында меморгандардың 27 мың шешімі зерделеніп, 1 мыңнан аса негізсіз бастама кері қайтарылды. 500-ге жуық әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды. 400 заңсыз тексеру күші жойылды, өзге 200 шектеу шарасына жол берілмеді. Бұл шаралар инвесторлардың қатысуымен болатын сот дауларының 30%-ға, әкімшілік құқықбұзушылық істерінің 10%-ға, қылмыстық істердің 2 есеге қысқаруына ықпал етіпті.
Инвестиция тартудың сыртқы бағытын күшейту үшін «инвестициялық әлеуеті жоғары елдерде» – Германия, АҚШ, Қытай, Қатар, Түркия, Малайзия, РФ-та Kazakh Invest өкілдіктері ашылады. Олар бұрын болған: оңтайландыру аясында жабылды және инвестор тарту Қазақстанның шетелдегі дипмиссияларына жүктелген еді.
Осы аптада Премьер-министр Олжас Бектенов Kazakh Invest ұлттық компаниясы мен өңір әкімдіктерінің қызметін сынға алды. Өйткені олар жұмысты тиісінше ұйымдастырмағаны былай тұрсын, орталықта мақұлданып қойылған жобаларды іске асыруға кедергі келтірген. Мәселен, өңірлерге «іске асыр!» деп жолданған 25 дайын жобаның тек үшеуінде белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Үкімет басшысы меморгандарға қалған инвестжобалар бойынша барлық қажетті шешімді шұғыл қабылдауды тапсырды. Ал инвесторлар қызметіне кедергі келтіру фактілері бойынша барлық материал Бас прокуратураға жолданды.
Жаңа кезеңді жүзеге асыру үшін мемлекеттік аппараттың инвестиция тарту және жаңа жобалар портфелін қалыптастыру тәсілдері өзгертілді. «Бәйтерек» холдингі маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүдделі ірі инвесторларды проактивті түрде іздеуге кірісті. Үкімет инвесторларды нысаналы түрде тартуды (таргеттеуді), алдын ала пысықталған әрі келісілген ұсыныстар пакеті түріндегі «инвестицияға тапсырысты» қалыптастыруды көздейтін проактивті модельге көшеді.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров «инвесторларды таргеттеудегі» жетістіктерге нақты мысал келтірді. Арасында: CHN Corporation-нің Қарағандыдағы құны 4 млрд доллар болатын көмір-химия кешені, Roca Group-тың Қызылорда облысындағы санитарлық-техникалық бұйымдар мен ванна бөлмесіне арналған жиһаз шығаратын зауыты, Fufeng Group-тың Жамбыл облысындағы құны 800 млн доллар тұратын жүгеріні терең өңдеу зауыты, UBM Group-тың Қостанай және Алматы облыстарындағы құрама жем зауыттары, Shandong Yuwang Industrial-дың сояны терең өңдеу жобасы бар.
Қазақстан IMD-дің «Жаһандық инвестициялық бәсекеге қабілеттілік» рейтингінде 69 ел ішінде 34-орынға, яғни бір жылда 1 сатыға жоғарылады. Алда атқарылар жұмыс ауқымы әлі де зор. Бұдан былай инвестор құқығын қорғау және қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру – барлық мемлекеттік органның ортақ міндеті.
Айхан ШӘРІП
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:60
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 19 Ақпан 2026 06:12 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















