Кәсіптің кілті гаражда
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Көктем шыға асфальты қармен бірге «еріп» кетіп, ойдым-ойдымға айналатын жолдар да «темір тұлпардың» тез тозуына түрткі. Жалпы, елдегі автосервис нарығы қалай дамып келеді? Шынымен бұл сала табысты ма?
Техқызмет стансалары (ТҚС) клиенттерінің қатарын күрт арттыратын тағы бір іргелі фактор бар. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметіне жүгінсек, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөліктердің жалпы саны 6 миллион 25,9 мыңға жетті. Тіркелмей, транзиттік нөмірмен жүргені қаншама? Оның жария есебі жоқ. Бұл көліктердің 83,9%-ы – жеңіл автомобиль, 8,2%-ы – жүк көлігі, 4,4%-ы – тіркеме, 1,5%-ы – автобус, 1,2%-ы – мотокөлік.
Көшелер мен сайын далада зымыраған осы миллиондаған машинаның басым көпшілігі немесе 71,7 пайызы – ондаған жыл жұмысқа жегілген «мәстектер», ескі-құсқы көлік. Өзгесінің де оңып тұрғаны шамалы: 3 жылға дейінгі «жастары» – небәрі 14,9 пайыз.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Қазақстанда автопарктің жас құрылымы бойынша 20 жылдан асқан көлік құралдарының үлесі – 45,1%. 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктердің еншісі – 26,6%. 3 жылдан 7 жылға дейінгілері – 9,4%, 7 жылдан 10 жылға дейінгілері – 4%. Ал 3 жылдан аз уақыт пайдаланылған жаңа көліктер – 14,6%, зауыттан енді ғана шыққаны – 0,3%. 20 жылдан асқан автокөліктердің ең көп саны Алматы облысында – 337,9 мың бірлік. Алматы қаласында – 226,7 мыңы, Жамбыл облысында – 206,3 мыңы, Қарағанды облысында 192,8 мыңы тіркелген.
СТО-лардың көрігі қызды
Қазақстанда ауқатты стансалар жылына орта есеппен 178 млн теңгеге дейін кіріс көреді. Бұл тартымды бизнесті қалай бастауға болады? ТҚС ашу оңай шаруа емес. Ол ғимаратты жалға алу, шеберлерді табу, клиент тарту, запасты бөлшектерді шетелден уақытылы алғызу, ақша айналымын қатаң бақылау сияқты шаруасы шаш-етектен әрі қаржылық, операциялық тәуекелге толы күрделі процесс.
Мамандардың түсіндіруінше, осы кәсіпке жаңа келген бизнесмен үшін ең ұтымды формат – бір-екі ғана бекеттен тұратын, сондай-ақ дөңгелек ауыстырып салу, май ауыстыру, техникалық қызмет көрсету, электрика, диагностика сияқты бағыттарда тар маманданған шеберхана құру болмақ. Шанақ-кузовты, қозғалтқышты жөндеу, сырлау және басқа күрделі жұмыстарды кейінірек, нарыққа бейімделген соң қосқан жөн. Олар қымбат құрал-жабдықты, желдету жүйесін, біліктілігі жоғары мамандарды, мол инвестиция салуды талап етеді.
Осы мақсатта жеке кәсіпкерлік немесе ЖШС тіркеуге болады. Қарапайым автомобиль жөндеу қызметі үшін жеке лицензия қажет етілмеуі мүмкін. Алайда кейбір қосымша қызмет бөлек талаптарға бағынады. Техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстары арнайы жабдықталған бекетте, қауіпсіздік талаптарын сақтап атқарылуға тиіс.
Бұл бизнестің басты бір «челленджі» – ТҚС-ке лайықты орынжай табу. Астанада және Алматыда ірі көшелер мен даңғылдарға жақын орналасқан гараждың, дүңгіршектің немесе өзге қолайлы нысанның бағасы 30 млн теңгеден басталады. Сондықтан бизнесті арендаға алынған орыннан бастауға болады. Жалға алмас бұрын нысанның мақсатын, онда станса орналастыру мүмкіндігін, электр қуатын, желдету, жылыту, кәріз жүйесін, көліктер кіріп-шығар жолдың болуын тексеру қажет.
Бірақ кәсіптегі басты қауіп – кадрлық аштық. Техниканың тілін білетін, ісіне адал, жұмысына жауапты шеберлердің тапшылығы, қызмет көрсетудің сапасыздығы – елде техқызмет стансаларының көбінің жабылуына соқтыратын басты себептің бірі. Іске қырсыз қызметкерлер клиенттің қымбат көлігін жөндеу орнына, бүлдіріп, қожайынының басын дауға қалдырып, үлкен шығынға отырғызып тынады.
Өрт қауіпсіздігі, санитарлық және экологиялық талаптарды да естен шығаруға болмайды. Әсіресе пайдаланылған май, сүзгілер және басқа қалдықты дұрыс жинау мен утилизациялау – кәсіпкерлік жауапкершіліктің бір бөлігі.
Бастапқы бизнес шығынының негізгі бөлігін нысанды жарақтандыру, керек-жарақ сатып алу, әсіресе көтергіштер мен диагностикалық жабдық, компрессор, құрал-сайман, шиномонтаж жабдығы құрайды. Мұның сыртында түнде жарық шашып, алыстан менмұндалайтын маңдайшаға, жарнамаға, қызметкерлер жалақысына, CRM жүйесіне, салық пен бухгалтерия есебіне көп шығындалуға тура келеді.
– Автокөлік жөндеу орталығы – техниканы түсінетін немесе жанында мықты маман серіктесі бар адам үшін өте тиімді бизнес. Өткен аптада мысалы, Lexus LX 600 көлігінің иесі келді. Машинасын диагностикалап, кемшіліктерін анықтап, жөндеуге 3,5 миллиондай төлеуіне тура келді. Автосервис ашқанда кез келген шеберді жалдай салу – үлкен қате. Мықты мотористі және диагносты табу қиын. Олар үш мың долларға дейін айлық сұрайды. Тақырға отырмау үшін басшы бекеттердің тұрақты жүктелуіне, тапсырыстардың мұқият, дұрыс орындалуына, түскен табыстың қолды болмай, бухгалтерияның дұрыс жүргізілуіне баса мән бергені жөн, – дейді астаналық ТҚС иесі Қайрат Сартаев.
Нарық ауқаты жарты триллионға жетті
Ұлттық статистика бюросының деректері таңдай қақтырады. Саланың табысы соңғы 6 жыл ішінде 4,4 есеге өскен. Мұндай жетістікпен көп сала мақтана алмайды. Атап айтқанда, 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу қызметтерінің көлемі небәрі 41,7 миллиард теңгені құраған еді. 2026 жылдың бірінші жартысында көрсетілген қызметтер көлемі 179,6 млрд теңгеге жетті. Салыстырғанда, былтырғы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 143,6 млрд теңгені құраған-тын.
Жартыжылдық нәтижелерін емес, тұтас жылдық қорытындыны салыстырсақ, онда да өсім ғаламат. 2020 жылы қызмет көрсету көлемі 107,6 млрд теңгені құрады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 140,2 млрд теңгеге дейін өсті. 2022 жылы 168,3 млрд теңгені құраса, 2023 жылы 233,3 млрд теңге биігін бағындырған. 2024 жылы көрсеткіш 323,1 млрд теңгеге дейін артып, 2025 жылы тарихи белеске 435,3 млрд теңгеге көтерілді.
Сөйтіп, 2015-2025 жылдары жылдық қызмет көлемі 69,8 миллиардтан 435,3 миллиард теңгеге дейін аспандаған. Сондай-ақ қарқыны да қайран қалдырады. 2015 жылы сала небәрі 2,8%-ға ғана өскен болса, соңғы 3-4 жылдағы өсім бұдан шамамен 13 есеге артық: 2023 жылы – 38,6%, 2024 жылы – 38,5%, 2025 жылы – 34,7%. Тұтастай алғанда, статистика Қазақстандағы автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу нарығының тұрақты әрі қарыштап өсіп келе жатқанын айқын көрсетті.
2026 жылдың бірінші жартысында да бұл жағымды үрдіс сақталды: биылғы қаңтар-маусым айларында 179,6 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Бұл көлем 2025 жылдың сәйкес кезеңімен (143,6 млрд теңгемен) салыстырғанда 25%-ға артық.
Көліктерге техқызмет және жөндеу бойынша көрсетілген қызметтердің ең үлкен еншісі екі мегаполиске тиесілі. 2025 жыл қорытындысында Алматы 139,3 млрд теңгені немесе жалпы республикалық көрсеткіштің 32%-ын қанжығалады. Астананың үлесі 73,1 млрд теңгені құраса, Атырау облысында 34,9 млрд теңгеге жетті. Жалпы, осы үш өңір нарықтың 56,8%-ын қамтамасыз етіп отыр.
Олардан кейінгі орындарға Қарағанды (27,8 млрд), Шығыс Қазақстан (19,6 млрд) және Ақмола (19 млрд) облыстары жайғасты. Ең аз қызмет көрсету көлемі Ұлытау (1,1 млрд), Қызылорда (2,8 млрд) және Жамбыл (3,6 млрд) облыстарында тіркелді.
Ел бойынша барлығы 8 881 «СТО» бар. Ең көбі Алматыда (1 262 станса, жылдық табысы 139,3 млрд теңге), Қарағанды облысында (919 бірлік, 27,8 млрд теңге), Астанада (767 ТҚС, 73,1 млрд теңге), Павлодар облысында (621, 11,9 млрд), ШҚО (596, 19,6 млрд теңге) орналасқан. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең азы: Түркістан облысында (239 станса, 9,5 млрд), Қызылорда облысында (226, 2,8 млрд), Маңғыстау облысында (198, 6,6 млрд), Атырау облысында (196, 34,9 млрд), Ұлытау облысында (90 станса, 1,1 млрд).
Осы тізімнен байқалғандай, стансалардың саны олардың жинаған табысына тікелей пропорционалды бола бермейді. Мысалы, Атырау облысында бар-жоғы 196 автожөндеу стансасы жұмыс істесе де, аймақ нарық көлемі, тапқан табысы жөнінен ел бойынша үшінші орынға шықты. Онда бір ТҚС бір жылда орта есеппен 178 млн теңгенің қызметін көрсетеді. Ал Алматыда бұл көрсеткіш 110,4 млн теңгені, Астанада 95,3 млн теңгені, ел бойынша орташа есеппен шамамен 49 млн теңгені ғана құрады. Демек, Атырауда ТҚС ашу көбірек табыс түсіретінге ұқсайды.
Мұндай айырмашылық бекітілген баға-тариф деңгейіне, стансалардың жүктемесіне, нарықтың монополиялануына, «темір тұлпар» иелерінің ауқатына және сервис орталықтарының мамандануына байланысты. Шанақты жөндеу, жеңіл автомобильге емес, үлкен техника мен коммерциялық көліктерге қызмет көрсету және күрделі техникалық жұмыстарды орындау әлдеқайда көп табыс әкеледі.
Сонымен қатар бұл кәсіпкерлердің тарифтері де тынымсыз өсіп жатыр. 2026 жылдың маусымында жеке көлік құралдарын техникалық қызмет көрсету және жөндеу былтырғы маусыммен салыстырғанда 13,5%-ға қымбаттады. Баға динамикасы өңірлер бойынша әрқалай. Көлік жөндеу сервисі ең көп қымбаттаған өңір – Павлодар облысы: бір жылда бірден 76,5%-ға шарықтап кеткен. Ұлытау облысында баға 21,5%-ға, Маңғыстау облысында – 20%-ға, Жетісу облысында – 18,6%-ға, Абай облысында – 17,9%-ға, ал Қостанай облысында 17,5%-ға өсті.
Жөндеу жұмыстарының қымбаттауына байланысты автожөндеу стансалары үшін тек жаңа клиенттерді тартып қана қоймай, тұрақты клиенттерді ұстап қалу өзекті мәселеге айналған. Бағасы қолжетімді, жөндеу мерзімін қатаң сақтайтын, жұмысына кепілдік беретін және автосақтандыру жағдайлары бойынша қызмет көрсете алатын стансалардың аты алға озып барады. Қорыта айтқанда, бұл кәсіп түрі – тынымсыз еңбекке, кәсіби шеберлікке және адал қызметке шын берілген жандар үшін үлкен мүмкіндік.
Айхан ШӘРІП
Көрілімдер:86
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 15 Тамыз 2026 07:46 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар


















