Мас күйде болған: Астана тұрғыны жедел жәрдем көлігінің терезесін сындырды
Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
АСТАНА, 13 қазан – Sputnik. Аялдама мен жедел жәрдем көлігінің терезесін сындырған вандалдар жазалады.
Түнгі уақытта полицияға жедел жәрдем жүргізушісі хабарласып, белгісіз ер адамның Бейбітшілік көшесінде қызметтік көліктің алдыңғы терезесін сындырғанын жеткізген.
"Тексеру кезінде 44 жастағы азаматтың мас күйінде көшеде кетіп бара жатып, алдынан өткен жедел жәрдем көлігіне барсеткасын лақтырғаны анықталды. Салдарынан көліктің алдыңғы әйнегі зақымданған", - дейді полиция.
Полиция қызметкерлері оған қатысты "Ұсақ бұзақылық" бабымен әкімшілік хаттама толтырды. Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Тағы бір осындай оқиға түнгі сағат үш шамасында болған. Мас ер адам аялдама павильонының әйнегін сындырған. Ол 10 тәулікке қамалды.
Жыл басынан бері Астанада бөгде мүлікті әдейі бүлдіру немесе жою бойынша 200-ге жуық құқық бұзушылық тіркеліп, 3 мыңнан астам адам жауапқа тартылған.


