Мыңдаған шаңырақтың жаңа өмірі
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Облыстың Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының дерегінше, өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдау мен ескі тұрғын үй қорын жаңарту қатар жүріп келеді. Кейінгі 3 жылдың ішінде ғана өңірде барлық қаржыландыру көзі есебінен 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы кезеңде 3 мыңнан астам кезекте тұрған отбасы баспаналы болған.
Жалпы, бұл көрсеткіштің жыл сайын артып келе жатқаны назар аударарлық. Мәселен, 2023 жылы облыста 658,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2024 жылы 670 мың шаршы метр, ал 2025 жылы 703 мың шаршы метр тұрғын үй азаматтардың игілігіне тапсырылған. Яғни 3 жылдың ішінде құрылыс көлемі төмендемей, керісінше тұрақты өсім көрсеткені байқалды.
– Тұрғын үй құрылысының тұрақты өсуіне бірқатар фактор әсер етіп отыр. Соның ішінде мемлекеттік бағдарламалар, бюджет қаражаты, жеке инвестициялар және тұрғын үйді қаржыландырудың түрлі тетігі маңызды рөл атқарады. Бүгінде басты міндет – тұрғын үй құрылысын тек облыс орталығында емес, аудандарда да жүйелі түрде дамыту көзделіп отыр. Сонымен бірге жаңа үйлердің сапалы салынуы, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырылуы жіті назарда, – дейді облыстың Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев.
Еліміздегі тұрғын үй саясатының маңызды бағыты – баспанаға мұқтаж азаматтарды, әсіресе әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды қолдау екені рас. Құзырлы органның статистикасына сенсек, кейінгі 3 жылда 1 747 отбасы жаңа көппәтерлі тұрғын үйлер салу есебінен, тағы 1 857 отбасы тұрғын үй сатып алу тетігі арқылы баспанамен қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар 2023 жылдан бері жүйелі түрде жалғасып келеді. Мәселен, 2023 жылы облыста 4 көппәтерлі тұрғын үй салынып, оның ішінде 2 жалдамалы үйдегі 85 пәтер және 2 несиелік үйдегі 105 пәтер пайдалануға берілді. Бұған қоса, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 251 тұрғын үй сатып алыныпты.
Аймақта 2024 жылы тұрғын үй құрылысының қарқыны бірден арта түскен. Бір жылдың ішінде 23 көппәтерлі тұрғын үйдегі 1 199 пәтер пайдалануға берілді. Оның 122-сі 3 жалдамалы үйде болса, 1 077-сі 20 несиелік үйде орналасқан. Сонымен бірге әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған 850 тұрғын үй сатып алынған.
Ал 2025 жылы 8 көппәтерлі тұрғын үйдегі 358 пәтер ел игілігіне берілді. Оның ішінде 4 жалдамалы үйде – 108 пәтер, 4 несиелік үйде 250 пәтер бар. Әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды баспанамен қамту үшін тағы 756 тұрғын үй сатып алынған. Бір қарағанда, қарапайым сандар болып көрінгенімен, осы цифрлардың әрқайсысының артында өз үйін ондаған жыл бойы күткен, балаларының болашағын ойлаған, баспанаға қол жеткізуді армандаған адамдар тұрғаны айдан анық.
Өңірде тұрғын үй құрылысы биыл да жалғасып жатыр. Мәселен, тек биылғы жылдың алғашқы алты айында облыста 274,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы кезеңде 2 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Жыл соңына дейін өңірде кемінде 1 200 пәтер салу жоспарланыпты.
Өңірде реновация бағдарламасы аясында 8 көппәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Олардағы пәтер саны – 680. Сонымен қатар 21 ескі тұрғын үй бұзылып, олардың орнында жаңа құрылысқа мүмкіндік жасалды. Бұл – шаһарда ондаған жыл бойы апаттық жағдайға жетіп құлауға шақ қалған үйлерді сүріп жаңартудың ғана емес, адамдарға қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудың нақты көрінісі екені сөзсіз. Жалпы, ресми деректер бойынша кейінгі екі жылда Көкшетау, Бұланды, Бурабай және Аршалы аудандарында 23 ескі тұрғын үй сүріліп, тұрғындарды көшіру үшін 763 пәтерлі 10 көпқабатты үй салынғаны көрсетілген. Нәтижесінде 248 отбасы жаңа баспанаға көшсе, тағы 73 меншік иесіне өтемақы төленген.
– Ақмола облысында реновация бағдарламасы 2024 жылдың қарашасында басталды. Қазірдің өзінде 23 ескі әрі тозығы жеткен ғимарат сүріліп, олардың орнына 763 пәтерлі 10 жаңа тұрғын үй кешені салынды. Нәтижесінде 248 ескі үйдің меншік иесі жаңа пәтермен қамтамасыз етілді. Биыл тағы 11 жоба жүзеге асырылып, шамамен 70 ескі үй сүріледі. Оның орнына 1 200 пәтерлік жаңа тұрғын үй салу жоспарланған, – дейді KOKSHE ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиев.
Ақмола облысындағы тұрғын үй құрылысының бүгінгі қарқыны бір ғана санмен өлшенбейді. 2 миллион шаршы метрден астам жаңа баспана мыңдаған отбасы үшін жаңа мүмкіндіктің басталуына жол ашатыны айқын. Бұл орайда 703 мың шаршы метр – 2025 жылғы рекордтық көрсеткіштердің бірі болса, 2026 жылдың алғашқы алты айының нәтижесі 274,4 мың шаршы метрге жетіп отыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:89
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 10 Қыркүйек 2026 05:47 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















