Қазақстанда жүрілген көлікті сатып аларда ақшадан да, көліктен де айырылып қалмау үшін не істеу керек?
Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
"Ұрылмаған, боялмаған, бір ғана иесі болған" - Қазақстанның автокөлік нарығында ең танымал, бірақ көбіне шындыққа жанаспайтын тіркес. Жүрілген көлік сатып алу - лотерея сияқты. Әдеміліктің артында кепілдік, қайта соғылған VIN-нөмір, төленбеген утилизациялық алым немесе басқа да мәселелер жасырылуы мүмкін.
Ақшаңызды алаяқтарға беріп, тақырға отырып қалмау үшін сатып алар алдында көлікті қалай тексеру керек екенін білу маңызды. TengriAuto заңгерлер және автосарапшылармен бірлесе отырып, құжаттар мен капот астындағы нендей дүниелерге назар аудару керек екенін талдап көрді.
Ең алдымен неге мән беру керек?Капот астына үңілмес бұрын, автосарапшы әрі автоблогер Анатолий Русев автомобильдің VIN-кодын тексеруді ұсынады. Оның айтуынша, осы кезеңде "күмәнді" нұсқалардың тең жартысы бірден іріктеліп қалады.
"VIN-кодты алдыңғы терезе астынан, есік тіреуішінен, амортизатор тостағанынан және міндетті түрде техпаспорттан іздеңіз. Барлық әріптер мен сандар бір символға дейін сәйкес келуі керек. Егер бір ғана белгі сәйкес келмесе - кері бұрылып, кете беріңіз".
![]()
Анатолий Русев
автосарапшы, "Руки в масле" арнасының авторы
Көлікті жан-жағынан көзбен шолып шығу да артық етпейді. Капот, есіктер мен бөлшектер арасындағы саңылауларға назар аударыңыз - олар тегіс және бірдей болуы тиіс. Егер бір жерде саңылау айтарлықтай үлкен немесе кіші болса, бұл ЖКО-дан кейінгі жөндеу жұмыстарының белгісі болуы мүмкін.
Көліктің жол апатына ұшырағанын көрсететін белгілер"Егер сол жақ саңылауға саусақ сиып, ал оң жақ бөлігі тіреліп тұрса - шанақ геометриясы бұзылған деген сөз. Сондай-ақ терезелердің таңбалануын оқимыз. Әрбір терезе мен фарада шыққан жылы көрсетілген зауыттық белгі бар. Ол автокөліктің шыққан жылымен сәйкес келуі немесе ең көп дегенде бір жылға үлкен болуы тиіс. Күндердің әртүрлі болуы - көліктің апатқа ұшырағаны және соққыдан кейін терезелер "жаңартылғанының" айқын белгісі", - деп түсіндірді Русев.
Анатолий Русевтің пікірінше, ұрылған көлікті төрт негізгі аймақ арқылы анықтауға болады.
Бұл тізімде:
Күш беретін элементтердегі іздер. Лонжерондардағы, шанақ тіреуіштеріндегі, қосалқы дөңгелек орнындағы және жүк салғыш сөресіндегі майысулар, қолдан жасалған жіктер, дәнекерлеу іздері немесе "бөтен" герметик - көліктің ауыр соққы алғанының бұлжытпас белгісі. Түстердің үйлеспеуі және біркелкі емес саңылаулар. Жарық әртүрлі түскенде эмаль реңктерінің өзгеруі, шанақ бөлшектерінің арасындағы симметриялы емес, "қисайған" саңылаулар сапасыз жөндеуді әшкерелейді. Бұралған бекітпелер. Капот, қанаттар мен есік болттарындағы қырылған бояулар бұл элементтер тегістеу немесе толық ауыстыру үшін шешілгенін білдіреді. "Атылған" қауіпсіздік жүйесінің іздері. Қауіпсіздік жастықтарының жоқтығын рульдегі және панельдегі тығындар арқылы оңай анықтауға болады - олардың құрылымы мен түсі өзгеше болады. Қауіпсіздік белдіктері де мәселені аңғартады: егер олар бастапқы қалпына оралмаса немесе олардағы шыққан күні жазылған биркалар кесіп тасталса. Басты тораптарды өз бетінше тексеруАвтосарапшы Анатолий Русев көру кезінде негізгі агрегаттарға бірден жылдам диагностика жүргізуді ұсынады.
1. Шанақ - бояу қалыңдығын өлшеу құралымен жұмыс істейміз
Көптеген көлікте зауыттағы бояу қабаты 80-150 мкм (кейбір "азиялық" көліктерде - 120 мкм-ге дейін) - бұл қалыпты жағдай. 200-250 мкм маңындағы көрсеткіштер косметикалық бояуды немесе қосымша лак қабатын - яғни, "екінші қабатты" білдіреді.Ал 500-ден 1000+ мкм-ге дейінгі сандар - бөлшектің ауыр зақымнан кейін түзетілгенін және қалың "шпаклевкамен" тегістелгенін көрсететін тікелей белгі, деп түсіндірді Русев.
2. Қозғалтқыш және түтіні
Визуалды тексеру кезінде блок пен поддон құрғақ болуы тиіс. Жасына байланысты аздап "терлеуі" қалыпты, бірақ жаңа май тамшылары - ойлануға негіз болады. Одан кейін сарапшы май құятын қақпақты ашуға кеңес береді. Егер онда ақшыл эмульсия болса, бұл антифриздің майға араласып жатқанын білдіреді. Ал егер қалың қара күйе болса - бұл майдың сирек ауыстырылғанының белгісі.
Сондай-ақ жағдайды шыққан газдың түсіне қарай бағалауға болады:
Көкшіл немесе көк түтін - майдың жануы = поршень тобының немесе қалпақшалардың тозуы. Қызған мотордағы қою ақ түтін - антифриздің цилиндрлерге түсуі. Қара түтін - отын жүйесіндегі немесе қоспаның дайындалуындағы ақаулар.3. Трансмиссия (АКПП / МКПП)
Егер көлік автомат, вариатор немесе робот болса - көлік тұрған кезде селекторды барлық күйге (P-R-N-D) ауыстырып көріңіз. Кідірістер, сілкініс немесе жұлқу болмауы тиіс. Қозғалыс кезінде, тіпті жылдамдықты күрт арттырғанда да ауысулар бірқалыпты болуы керек, дейді автосарапшы.
Ал егер көлік механикада болса - берілістер анық қосылуы керек. Қозғалыс кезіндегі гуіл немесе ілінісу педальын басқанда/жібергенде шығатын бөгде шулар ілінісу жүйесінің немесе подшипниктердің тозғанын көрсетеді.
4. Жүріс күйі және шиналар
Бұл бөлікті тексеру үшін тест-драйв жасаңыз. Төмпешік және ұсақ шұңқырлардан өтіп көріңіз. Салонда металдың соғылған дыбысы, шиқыл немесе жүріс бөлігінің "босаңдығы" сезілмеуі тиіс.
Сатушылар көбіне нені жасыруға тырысады?"Шиналардың тозуына міндетті түрде назар аударыңыз. Егер шина біркелкі мүжілмесе, көліктің не дөңгелектерінің арақашықтығы бұзылған, не апаттан кейін шанақ геометриясы қисайған", - деп түсіндірді сарапшы.
Ең көп таралған айла-тәсілдердің бірі - майдың шамадан тыс шығыны және қозғалтқыштан сұйықтық ағуы. Сату алдында майдың немесе басқа сұйықтықтардың ізін жасыру үшін моторды мұқият жуады. Сондықтан бір түйір шаңы жоқ мінсіз таза қозғалтқыш қуанатын емес, қайта күмәнданатын жағдай екенін атап өтті Анатолий Русев.
"Тағы бір жиі кездесетін мәселе - беріліс қорабының ақаулары. Ауыстыру кезіндегі жұлқуды, шуды немесе сілкуді уақытша жасыру үшін кейбір сатушылар трансмиссияға арнайы қою қоспалар қосады. Олар қысқа уақытқа қораптың жұмысын бірқалыпты ете алады, бірақ сатып алғаннан кейін мәселе қайта шығады".
![]()
Анатолий Русев
автосарапшы, "Руки в масле" арнасының авторы
Тағы бір айла - істен шыққан қауіпсіздік жастықтары. Жөндеудің орнына, панельде AIRBAG қатесі жанбауы үшін сатушылар кейде эмуляторлар орнатады.
Сондай-ақ жүрістегі мәселелерін де жасыруы мүмкін - сату алдында тек алғашқы уақытқа ғана шыдайтын арзан бөлшектерді орнатады.
Аз жүрілген жол көрсеткішіне сенуге бола ма және қолдан азайтылғанын қалай анықтау керек?Көліктің қанша жүргеніне қатысты құр сөзге сенуге болмайды. Одометрдегі сандар - ең соңғы кезекте қарайтын нәрсе, дейді сарапшы.
"Салон тозуының жанама белгілері: рөлдегі, педальдардағы, беріліс қорабының тұтқасындағы және жүргізуші орындығының сол жақ жастығындағы қажалулар. 100 000 шақырымға дейін қазіргі заманғы көліктердің көбінің салоны жаңа сияқты көрінеді. Егер рөл тесілгенше тозған болса - ол 200 000+ шақарым жүрген деген сөз. Сервистік тарих пен деректер базасын қараңыз - базалар арқылы тексеру, техникалық қызмет көрсету (ТҚК) белгілері, техникалық байқаулар, сақтандыру төлемдерінің тарихы", - деп кеңес береді Русев.
Айтпақшы, көптеген көлікте жүрілген жол мөлшері беріліс қорабын басқару блоктарында (DSG/АКПП), ABS-те, кілт блогында сақталады - сол жерлерді міндетті түрде тексеру керек.
Тіпті жүрілген жол мөлшері шынымен аз болса да - компьютерлік диагностика жасау қажет.
ТҚС-на бару керек пе?Компьютерлік диагностика - міндетті. Ол барлық блок бойынша: мотор, АКПП, ABS, Airbag, климат бойынша сақталған және белсенді қателерді көрсетеді. Нақты уақыттағы жұмыс параметрлері - отын коррекциясы, оталдырудағы іркілістер, турбина/отын қысымы, температура. Қосалқы блоктардағы нақты жүрілген жол. Көптеген заманауи моторлардағы ГРМ тізбегінің созылу параметрлері", - деді автосарапшы.
Көлікті көтеріп қарауға болады. Жасыратын ештеңесі жоқ сатушы сіздің есебіңізден тексеруге оңай келіседі.
Көтергіште ең алдымен мыналарды қарау ұсынылады:
Түбі, күштік элементтер (лонжерондар, жақтаулар) коррозия мен жөндеу тұрғысынан. Қозғалтқыш, беріліс қорабы, редукторлар астынан май мен техникалық сұйықтықтардың ағуы. Сайлентблоктардың, иінтіректердің, шарлы тіректердің, амортизаторлардың, ШРУС шаңқаптарының және рөл рейкасының жағдайы. Тежегіш жүйесі (дискілердің тозуы, шлангілер, суппорттардан сұйықтық ағуы). Автокөліктердегі "қауіп белгілері"Сарапшының айтуынша, тәуекел етпеген жөн болатын бірнеше сигнал бар.
Біріншіден, егер көлікті иесі емес, оның "досы", "ағасы" немесе "құдасы" сатып жатса, әрі сенімхаты болмаса - бұл күмәндануға негіз.
VIN-кодты міндетті түрде тексеріңіз. Егер ол зақымдалған, тот басқан, қайта соғылғандай көрінсе немесе айналасында дәнекерлеу іздері байқалса - мұндай көліктен бас тартқан дұрыс. Шанақтағы нөмірлер құжаттармен сәйкес келмеген жағдайда да солай істеу керек.
Тағы бір қауіпті белгі - сатушы көлікті ТҚС-да немесе бояу қалыңдығын өлшегішпен тексеруге үзілді-кесілді келіспесе. Көбінесе осылайша маңызды ақауларды жасыруға тырысады.
Егер тіректерде, төбесінде немесе лонжерондарда дәнекерлеу іздері, қалың сылақ қабаты болса немесе қауіпсіздік жастықтарының орнына муляждар орнатылғаны анықталса, сатып алудан бас тарту керек.
Таксиде немесе каршерингте болған көлікті қалай тануға болады?Мұнда назар аудару керек бірнеше белгілер бар.
Сыртын тексеріңіз. Егер есіктерде немесе капотта жапсырмалардан қалған іздер, ұсақ сызаттар байқалса немесе бояудың реңкі өзгеше болса, көлік бұрын таксидің немесе каршерингтің фирмалық белгілерімен қапталған болуы мүмкін. Салонды тексеріңіз. Мұндай көліктердің артқы орындығы, оң жақ артқы есігі және оның тұтқасы жиі тозады - оларды жолаушылар үнемі пайдаланған. Тағы да VIN-кодты тексеру. Ол арқылы көліктің такси тізілімінде болған-болмағанын білуге болады. Автокөлікті сатып алмас бұрын тағы нені тексеруге болады?Бүгінде сатып алушылар үшін автокөлікті тексеру құралдары бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қолжетімді. Мемлекеттік сервистерден бөлек, түрлі дереккөздерден ақпарат жинайтын және мәміле жасалғанға дейін көлік тарихын зерттеуге мүмкіндік беретін коммерциялық мәліметтер базасы бар.
Қазақстанда автокөлікті eGov порталындағы "Автокөлік тарихы" сервисі арқылы тексеруге болады. Онда бұрынғы иелерінің саны, тіркеу тарихы, кепілде болу-болмауы, сондай-ақ көлік құралы туралы жекелеген мәліметтер көрсетіледі.
Егер автокөлік шетелден әкелінсе, тексеру мүмкіндіктері тіпті көп. Көптеген халықаралық сервис көліктің тек Қазақстандағы емес, Ресейдегі, сондай-ақ бірқатар басқа ТМД елдеріндегі пайдалану тарихын білуге мүмкіндік береді. Тіркелген еліне байланысты бұрынғы иелері, жүріп өткен жолы, ЖКО-ға түсуі, сақтандыру төлемдері, таксидегі жұмысы, тіркеу әрекеттеріне шектеулер, тіпті бұрынғы сату туралы хабарландырулардағы суреттері туралы мәліметтерді алуға болады.
Дегенмен, тіпті ең егжей-тегжейлі тексерудің өзі толық құқықтық қауіпсіздікке кепілдік бермейді. Деректер базасының көпшілігі мемлекеттік тізілімдер мен ашық дереккөздердегі мәліметтерді көрсетеді, бірақ жеке тұлғалар немесе компаниялар арасындағы азаматтық-құқықтық даулар туралы ақпаратты қамтымайды. Сондықтан автокөлік барлық тексеруден сәтті өтіп, бірақ сатылғаннан кейін бірнеше жыл өткен соң сот талқылауының нысанына айналуы мүмкін.
Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдай деректер базасы арқылы тексеру - сатып алу алдындағы маңызды кезең болғанымен, ол барлық қауіп-қатерді толық жоя алмайтынын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Көлік таңдадыңыз ба? Енді ақшаңызды қалай қорғау керек екенін айтайықСіз көлік таңдап, оның техникалық жағдайы дұрыс екеніне көз жеткіздіңіз. Бірақ алдын ала төлем беруге асықпаңыз. Техникалық жарамдылық - істің жартысы ғана. Мәмілені заңды түрде қалай дұрыс рәсімдеу керек және ақшасыз әрі көліксіз қалмау жолдары туралы адвокат Абзал Қасымжанов айтып берді.
Ақшаны аудармас бұрын үш нәрсеге көз жеткізу керек:
Сатушының автокөлікті сатуға құқығы бар. Көлікте шектеулер жоқ: кепілде, бұғатта немесе іздеуде емес. VIN-код сәйкес келеді: шанақтағы нөмір техникалық паспорттағы (КҚТК) деректерге қатаң сәйкес келуі тиіс.Адвокаттың айтуынша, автокөлік тарихы туралы барынша көп ақпарат алуға тырысыңыз: неше иесі болды, көлік ЖКО-ға ұшырады ма және оған қатысты сот даулары бар ма.
Сатушыдан өз көзіңізбен көруге тиіс минималды "қауіпсіздік пакеті": оның жеке куәлігі, техникалық паспорты (КҚТК), негіздеме құжат (бар болса, сатушының өзі осы көлікті бұрын сатып алған шарты).
Нотариалды сенімхат - егер мәмілені иесінің орнына өкілі жүргізсе. Егер автокөлік бұрын несиеге алынған болса, банктен қарыздың толық өтелгені туралы анықтама сұраңыз.
"Автокөліктің кепілде, бұғатта немесе іздеуде емес екеніне қалай көз жеткізуге болады? Автокөлікті бірден бірнеше бағыт бойынша тексеру қажет. Біріншіден, жылжымалы мүлік кепілі туралы мәліметтерді мемлекеттік жылжымалы мүлік кепілі тізілімі арқылы тексеруге болады. Екіншіден, меншік иесіне қатысты атқарушылық іс жүргізулердің бар-жоғын тексеру ұсынылады, өйткені сот орындаушысы автокөлікке қамау қоюы мүмкін. Сондай-ақ, мамандандырылған ХҚКО-ға хабарласқан жөн немесе тіркеу шектеулерін тексеру үшін мемлекеттік сервистерді пайдалану керек".
![]()
Абзал Қасымжанов
адвокат
Күдік туындаған жағдайда - мәміле жасалғанға дейін заңгерге жүгінген дұрыс. Әйтпесе, сатып алғаннан кейін мұндай мәселелерді шешу айларға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін.
Сатушының шынымен автокөлік иесі екеніне қалай көз жеткізуге болады?Абзал Қасымжановтың айтуынша, ең алдымен сатушының жеке куәлігіндегі деректерді автокөлікті тіркеу туралы куәлікпен салыстыру қажет.
Егер көлік басқа адамның атына рәсімделген болса, оны неге меншік иесі емес, басқа адам сатып жатқанын міндетті түрде анықтаңыз. Егер мәмілені өкілі жүргізсе, сенімхатты мұқият тексеріңіз: ол жарамды ма, қандай өкілеттіктер береді және қайтарып алынған жоқ па.
Тек сатушының сөзіне сенуге болмайды - барлық құжатты өз бетіңізше тексергеніңіз абзал.
Көлікті сенімхат арқылы сатып алуға бола ма?Адвокат мұндай нұсқаны құптамайды.
Сенімхаттың күшін кез келген уақытта жоюға болады, сондай-ақ ол меншік иесі қайтыс болғаннан кейін өз қолданысын тоқтатады. Сонымен қатар, сенімхат бойынша сатып алушы автокөліктің иесі болып саналмайды.
Кейінірек нақты меншік иесі сатуға келісім бермегенін немесе сенімхаттың заңсыз пайдаланылғанын мәлімдеуі мүмкін.
Ең қауіпсіз жолы - кәдімгі сатып алу-сату шартын рәсімдеп, автокөлікті бірден жаңа иесінің атына тіркеу.
Сатып алу-сату шартында не нәрсеге назар аудару керек?Шартта автокөлік туралы барлық негізгі мәлімет көрсетілуі тиіс: VIN-код, мемлекеттік нөмір, маркасы, моделі, шыққан жылы, құны, төлем тәртібі және көлікті тапсыру күні.
Сондай-ақ адвокат шартқа автокөліктің кепілде немесе бұғатта жоқ екені және оған үшінші тұлғалардың таласы жоқтығы туралы тармақты қосуға кеңес береді. Егер кейінірек мәселелер туындаса, мұндай тармақ сатып алушының құқығын қорғауға көмектеседі.
Көлік үшін ақшаны қашан берген дұрыс?Сатушымен қай кезде есептескен тиімді - мәміле жасалғанға дейін бе, тіркеу кезінде ме әлде одан кейін бе?
"Ең қауіпсіз нұсқа - түпкілікті есеп айырысуды мәмілені рәсімдеу және автокөлікті тіркеумен бір мезгілде жүргізу. Егер ақша алдын ала берілсе, сатушы тіркеуден жалтаруы мүмкін деген қауіп бар. Ал төлем тіркеуден кейін жасалса, бұл жолы сатушы үшін тәуекелдер артады. Сондықтан тараптар әдетте шартқа қол қоюды, меншік құқығының ауысуын тіркеуді және есеп айырысуды бір уақытта жүзеге асырады", - деп түсіндірді Абзал Қасымжанов.
Адвокат төлем жасаудың ең қауіпсіз жолы ретінде қолма-қол ақшасыз банктік аударымды атады. Бұл төлем күнін, сомасын, жіберушіні, алушыны және төлемнің мақсатын растауға мүмкіндік береді.
"Егер қолма-қол есеп айырысу қолданылса, міндетті түрде толық соманы, күнін, тараптардың мәліметтерін және ақшаны беру негізін көрсете отырып, қолхат толтыру қажет", - дейді ол.
Алаяқтықтың қандай түрлері жиі кездеседі?Адвокаттың айтуынша, сатып алушылар көбіне кепілде тұрған автокөліктерді сату, жалған құжаттар арқылы немесе нағыз иесінің келісімінсіз сату жағдайларына тап болады.
Сондай-ақ сатушылар жарамсыз сенімхатты қолдануы, автокөліктің ауыр жол-көлік оқиғасына ұшырағанын жасыруы, жүрілген жол көрсеткішін азайтуы, VIN-нөмірді өзгертуі немесе елге заң бұза отырып әкелінген көлікті сатуы мүмкін.
Тағы бір кең таралған әдіс - алдын ала төлем сұрап, содан кейін жоқ болып кету. Сарапшының пікірінше, сатып алудан бұрын автокөлік пен оның құжаттарын мұқият тексерсе, бұл мәселелердің көбінен құтылуға болады.
Сатып алғаннан кейін автокөліктің кепілде екені анықталса не істеу керек?Абзал Қасымжановтың айтуынша, уақыт созбай, мүмкіндігінше тезірек заңгерлік көмекке жүгінген жөн.
Жағдайға байланысты сатушыдан ақшаны қайтаруды талап етуге, шартты бұзу және шығындарды өндіру туралы талаппен сотқа жүгінуге болады. Егер алаяқтық белгілері болса, құқық қорғау органдарына арыз жазу керек.
Неғұрлым тезірек әрекет етсеңіз, ақшаны қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
"ҚР заңнамасында мұндай мүмкіндік қарастырылған. Егер сатып алушының алданғаны, автокөлікті мүлікке билік етуге құқығы жоқ адамның сатқаны немесе сатушы маңызды жағдайларды жасырғаны анықталса, сот мәмілені жарамсыз деп тануы немесе шартты бұзуы мүмкін. Дегенмен, әрбір іс жеке қаралады, сондықтан дәлелдемелердің болуы өте маңызды".
![]()
Абзал Қасымжанов
адвокат
Адвокаттың сөзінше, сатып алушылардың қателігі - олардың көбіне сөзге сенуінде. Барлық базаларды тексермейді, қолхатсыз ақша береді, шартты тиісінше ресімдемейді, көлікті бірден тіркемейді, шартта автокөлік сомасын төмендетіп көрсетуге келіседі.
"Соңғы қателік өте қауіпті: егер мәміле бұзылса, тек шартта көрсетілген соманы ғана қайтару мүмкін болады", - деді адвокат.
Сарапшылардың басты ережесі - асықпау. Нағыз "өтімді" және жақсы нұсқалар тез сатылып кетеді, бірақ эмоция мен "мұндай жақсы көліктен айырылып қаламын" деген қорқыныш - алаяқтардың басты көмекшісі.
Көлік таңдауға суыққандылықпен және есеппен қараңыз. Барлық келтірілген ұсыныс - қатаң ережелер жиынтығы емес, тек сарапшылардың кеңесі ғана. Сайып келгенде, қандай көлік алуды және оның ақысын қалай төлеуді тек өзіңіз шешесіз.
Авторы: Елизавета Аксенова
Аударған: Дина Шәріпхан
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Жол апатына түскен көлікті қалай білуге болады: сатып алушыға арналған толық нұсқаулық
VIN-коды өзгертілгенін қалай анықтауға болады: сарапшы ұрланған көлікті сатып алмау жолын түсіндірді
Автокөлік “таза“ болған, бірақ сот басқаша шешті: Шымкенттік сатып алушының оқиғасы
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:79
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 05 Тамыз 2026 12:08 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















