Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Тоқаев: Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты 4 есе қысқарды

Шаққалиев жанармай мен электр энергиясы бағасының өсуі азық түлік құнына қалай әсер ететінін түсіндірді

Атырауда жаңа судьялар тағайындалды

Неміс алыбы Volkswagen нің өмір сүруіне қауіп төніп тұр БАҚ

Қазақстандықтар шекті деңгей көтерілгенге дейін БЖЗҚ дан тұрғын үйге 55 миллиард теңге алды

Банктер үшін бірыңғай QR код 2026 жылдың шілдесінде іске қосылады Ұлттық банк

Қазақстан Орта Азия бойынша қарызы ең көп мемлекет болып отыр

Жамбыл облысында 17 бас жылқыны жымқырды деген күдікпен жылқышы ұсталды

Қаржы министрі бюджетке 336 млрд теңгенің түспеу себебін айтты

“Ақшаның қайда кеткенін көрсетіңіздер“ депутаттарда “шетелдік агенттер тізіміне“ қатысты сұрақтар туындады

Қазақтардың қонақжайлылық мәдениеті: урбанизация ежелгі дәстүрлерді қалай өзгертті

Қазақстан 2029 жылға қарай 150 млрд доллар инвестиция тартуды көздейді

Нейрохирургияның жаңа міндеттері

Асқар Мұстабеков: діни сенім әскерден босатуға негіз емес

Ең бастысы жұрт амандығы

Екінші турдың алғашқы ойындары: 18 маусымға арналған ӘЧ 2026 кестесі

Роналду гол соға алмады: Португалия мен Конго тең түсті

Алматылық әйел арықтауға арналған препараттың кесірінен қан доноры бола алмады

Жетісу Жұматай Жақыпбаевтың алдындағы қарызын өтеді

Депутат сот орындаушылары, МҚҰ және коллекторлар арасындағы күмәнді байланыс туралы айтты

Қазақстандық әйелдерге не болды және олардың еркектерге неге көңілі толмайды?

Қазақстандық әйелдерге не болды және олардың еркектерге неге көңілі толмайды?

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Әйелдер өзгеріп жатыр, ал ерлер бұған қалай бейімделерін білмейді: қазақстандық әлеуметтік желілер сегментінде гендерлік текетірес күшейді.

Әйелдер өзгеріп жатыр, ал ерлер бұған қалай бейімделерін білмейді: қазақстандық әлеуметтік желілер сегментінде гендерлік текетірес күшейді.

Ажырасу мен отбасы туралы жазбалар астындағы пікірлерді оқысаңыз, ерлер мен әйелдер әртүрлі әлемде өмір сүріп жатқандай әсер қалдырады. Бірі ер адамға деген құрметтің жоғалуы, еңбектің еленбеуі және тым жоғары талаптар туралы айтса, екіншілері некеде жалғыздық пен жауапкершіліктің тең бөлінбеуін алға тартады. Бұл ретте әр тарап өз уәждерінің ескерусіз қалып жатқанына сенімді.

Бұл материалдың дайындалуына, бір қарағанда, қарапайым көрінетін сұрақ себеп болды: неге ерлер әйелдер тарапынан құрметтің азайғанына жиі шағымданатын болды? Алайда бұл мәселе бір ғана реніштің шеңберінен шығып, "Қазіргі Қазақстандағы отбасы негізі қандай болуы керек?" деген ауқымды талқылауға ұласты.

Tengrinews.kz тілшісі осы мақалада ерлер мен әйелдер тарапына сөз беріп, өзара наразылықтың себептерін анықтауға тырысты және үйреншікті қарым-қатынас моделі неге дағдарысқа ұшырағанын сарапшылармен талқылады.

"Себепсіз" ажырасулар

Өткен ғасырда қазақстандық әйелдер маскүнемдік, қол көтеру немесе көзге шөп салу сияқты қоғам алдында салмақты саналатын себептермен ажырасатын. Ал қазір күйеуі "ішпеген, ұрмаған және түзде жүрмеген", сырттай бақуатты көрінетін некелердің өзі жиі ыдырай бастады.

Жақында достарының арасындағы ажырасуларға көңілі түскен қазақстандық бұл тақырыпты Threads әлеуметтік желісінде талқыға салды. Оның айтуынша, сөз болып отырған азаматтар - жұмысы бар, жаман әдеттерден аулақ, спортпен шұғылданатын, қалыпты өмір салтын ұстанатын жандар. Соған қарамастан, олардың шаңырағы ортасына түскен:

"Қазақстандағы отбасы институты не болып барады? Өзім де ажырасқанмын. Биыл екі танысым ажырасты, бүгін спорт залда тағы бір танысымды жолықтырдым, ол да ажырасқанын айтты. Шынымды айтсам, таңғалып отырмын. Бұл үш танысым да жақсы табыс табады, спортпен айналысады, 40-тан асса да сырт келбеттері өте жақсы. Маскүнем де, есірткіге үйір де емес, қыздарға да бармайды. Бәрінде ажырасу себебі бірдей: түсініспеушілік, үйге қайтқың келмейді, үнемі мін тағу. Отағасына деген құрмет қайда кетті? Әйелдер неге еркекке жол беруді қойған?"

Жазбаның астына аз уақытта жүздеген пікір жиналып, қазіргі неке мен қарым-қатынаста не болып жатқаны туралы қызу айтыс басталды. Мәселені сарапшылармен талқыламас бұрын, оқырман назарына екі тараптың да пікірін ұсынамыз.

Әйелдер пікірі 1. Еркектің "үш жақсы қасиеті" енді бағаланбайды

Біріншіден, әйелдердің пікірі бойынша, енді күйеуінің "ішпеуі, ұрмауы және көзге шөп салмауы" қазіргі қазақстандық әйелдер қоғамында артықшылық саналмайды.

"Қызық екен, бізде ер адамдар үшін "нашақор емес, жұмыс істейді" деген сияқты қарапайым дүниелер жетістік болып саналады. Сұрағыңыздың жауабы да осы. Бұған отбасы институты да, әйелдер де кінәлі емес. Мәселе өздеріңізде, ер адамдар, неге қарапайым, нормальды өмір салты үшін мақтау мен қошемет күтесіздер? Әйел адам жұмыс істеп те, спортпен шұғылданып та, үйге де, балаға да, күйеуіне де, өзіне де қарап үлгереді, бірақ ол үшін қоғамда ешкім оған медаль бермейді, бәрі солай болуы керек деп қабылдайды", - деп жазды әйелдер.

Бұған қоса, пікір қалдырушылар жазба авторы ажырасқан достарының тек сыртқы қасиеттерін тізіп, олардың отбасына және әйеліне деген қарым-қатынасы туралы ештеңе айтпағанын атап өтті:

"Сол таныстарыңыздың балалары қайда? Өздері спорт залда, сырт келбеттері жақсы, ал ол уақытта балалармен кім отыр? Таңертең оларды кім тамақтандырады, оятады, киіндіреді, апарады, әкеледі, жуындырады, киімін жуады, емдейді, орнын жинайды, сабақ үйретеді, түсіндіреді? Міне, ажырасудың себебі! Сіздің достарыңыз тек өздеріне көңіл бөледі! Өз денсаулығы, спорт залы, ал әйелі тұрмыстың тауқыметінен көз ашпай, душқа түсу үшін 15 минут уақыт таба алмайды. Сіз жағдайға тек бір жақты қарап отырсыз, шындықты көргіңіз келмейді".

"Бірде-біреуі туралы "жақсы әке болды", "әйелін жақсы көрді", "тұрмысқа көмектесті" деп айтылмаған. Жұмыс, спорт, нашақор емес. Сөйте тұра "отбасы институтына" кінә артасыздар. Есіңді жи, қалқам. Сендер ешқашан отбасылы болмағансыңдар. "Жетістіктеріңіздің" тізімінде бірде-бір отбасылық құндылық жоқ".

Кейбірі өзінің оқиғасын бөлісті:

"Спортпен айналысамын, ішпеймін, шекпеймін, 45 жасымда жап-жас көрінемін, еркек жағаламаймын, бірақ ажырастым, себебі үйге келгім келмейтін. Келсең - тау болып үйілген ыдыс, тамақ пісіру, үй жинау, балалар, күйеу - бәріне қызмет етуің керек, оның туыстарының көңілін табуың керек, ол аз десең табысы аз, мінезі нашар күйеуіңе шыдауың керек. Бұған не дейсіз?"

2. Енді ешкім еркекті "еркек болғаны үшін ғана" сыйлауға дайын емес

Екіншіден, әйелдердің ер адамды "тек еркек болғаны үшін" құрметтеуге ниетті емес екені белгілі болды. Бұл тақырыпта әлеуметтік желіде мынадай пікірлер жазылған:

"Мін тағу дейсіз бе? Әйелдер дамып жатыр, жұмыс істейді, үй тірлігін істейді, бала бағады. Оларға "қожайын" емес, серіктес керек. Тек ақша табу жеткіліксіз, әйелдер өздерінің базалық қажеттіліктерін өздері өтей алады. Ал ерлер әлі күнге дейін өткен ғасырдағы "мен басшымын, әйел айтқаныма көнуі керек" деген түсінікпен өмір сүріп жатыр. Енді бұлай болмайды".

3. Әйелдер "бұзылған" жоқ, олар бұдан былай төзуді қойды

Сондай-ақ өздерінің "нашарлап" немесе "жанжалқой" болып кетпегенін, тек өздеріне қолайсыз рөлмен үнсіз келісуді қойып, қарым-қатынастағы шекаралары мен күтетін талаптарын ашық айта бастағандарын жазған.

"Өйткені әйелдер бұдан былай аналары сияқты бәріне төзіп, ренішін ішке бүгіп өмір сүргісі келмейді. Ал ерлер әлі де әйел адам "қасымда еркек болса болды" деген ұстаныммен өмір сүрген әкелерінің заманындағыдай болғанын қалайды. Әлем өзгеріп жатыр және бұл - жақсы. Балаларымыз біздің қателіктерімізді қайталамасын".

4. Әйелдер ер азаматтан серіктестікті қалайды

Онда қазіргі заман әйеліне еркектен не керек? Пікірлерде бұл туралы да айтылды. Әйелдер, оның ішінде ажырасу хикаяларын бөліскендер де, күйеуін серіктес ретінде көргісі келетінін, ал олай болмаған жағдайда некеден бас тарту олар үшін оңайырақ екенін жазған.

"Мен жасөспірім бала сияқты (бұрынғы күйеуі – ред.еск.) өмір сүруден шаршадым. Отбасы үшін қарапайым нәрсенің өзін үнемі есіне салып отыру керек болатын. Оның үстіне, ол тек өзі қаласа, дұрыс көңіл күйде болса, "қажетті" үнмен өтінсең ғана немесе бірнеше рет айтқаннан кейін ғана бірдеңе істейтін. Бір күні одан гөрі оның жоқтығы өмірімді жеңілдететінін түсіндім. Содан кейін ажырастым. Сол шешіміме бірде-бір рет өкінген емеспін".

 "Қазір ажырасудың басты себептерінің бірі – ер адамның отбасындағы серіктестің емес, сырттай бақылаушының рөлінде қалуы. Егер үй шаруасына көмектесу немесе отбасыға араласу міндет емес, "жақсылық жасап жатқандай" көрінсе, онда некенің мәні жоғалады. Бүгінгі әйелге үйде жай ғана TikTok қарап жататын адам емес, бала тәрбиесіне белсенді араласатын, күнделікті тұрмыстың жауапкершілігін бірге көтеретін әке әрі жар қажет", – дейді сарапшы.

Пікірлерде ер адамдардың көбі өз мінез-құлқын өзгертуге дайын емес екені де айтылды. Көпшілік "ер адамды құрметтеу керек" деген жалпы ұғымнан гөрі, жақсы күйеу мен әкенің қандай болуы керек екені туралы нақты әңгіме қозғады. Яғни, ер адамды жай ғана күйеу немесе әке емес, отбасының толыққанды мүшесі ететін қасиеттер қандай деген сұрақ талқыланды. Соның нәтижесінде пікірлерде көпшілік қолдайтын өзіндік талаптар тізімі қалыптасты.

Сіз қандай күйеусіз және қандай әкесіз? Қазақстандық әйелдердің қазақстандық еркектерге арналған чек-листі Балаңыздың/балаларыңыздың сынып жетекшісінің аты-жөні кім? Балаңыз соңғы рет қашан екпе алды? Әйеліңіз (некеде болған кезде) соңғы рет қашан толық бір күнін тек өзіне арнай алды? Сіз (некеде болғанда) ыдыс-аяқты қаншалықты жиі жудыңыз? Сіз соңғы рет балаңызға қашан кітап оқып бердіңіз? Жұбайыңыз спортзалға, құрбыларымен дәмханаға, боулингке немесе концертке кеткенде, сіз балалармен үйде қаншалықты жиі қалатынсыз?

Егер сұрақтардың жартысына немесе одан көбіне жауап беру мүмкін болмаса, онда чек-лист авторларының пікірінше, отбасындағы күйеу мен әкенің рөлі толыққанды қатысудан гөрі, тек қатысып жүруге (бар болуға) ғана саяды.

"Себепсіз" ажырасулар - ерлер пікірі

Енді сөз кезегін ерлерге берейік. Көпшілігі неке дағдарысына әлеуметтік желілердегі "жаңа психология" қалыптастырған, отбасылық құндылықтардың орнына "өзіңді таңдауға" шақыратын әйел эгоизмін кінәлады. Сондай-ақ, тағы да әлеуметтік желілерден келген, еркектерге қойылатын тым жоғары талаптарды айтты.

 "Қазіргі әйелдердің эгоизмі шектен шығып кетті. "Маған жақсы болса болды" деген ұстанымның кесірінен балалар толық емес отбасында өсіп жатыр, әкелер күйзеліске түсіп, ал балалар психологиялық жарақат алып жатыр. "Маған осылай ыңғайлы", "ол міндетті", "бәрің абьюзерсіңдер" деген сөздер жиі айтылады. Әр ұрпақ өткен сайын отбасы құру қиындап барады. Әйелдер енді отбасының қадірін бұрынғыдай бағаламайды. Көпшілігінің мақсаты – Дубайға бару және "өзін табу" болып қалды".

"Әйелдерге ТикТок пен Инстаграмды қолдануға тыйым салу керек. Қытайдағы сияқты, ажырасқаннан кейін негізгі мүлік еркекке қалатын заңдар қабылдау қажет".

Отбасын сақтап қалатын нағыз күш - биязылық пен нәзіктік екенін еске түсіруге шақырғандар да болды:

"Маған ренжісеңіздер де айтайын, отбасындағы бүкіл атмосфераны әйел жасайды, егер ондай әйелдерден еркектер қашып жатса, демек бұған әйелдер кінәлі. Демек, өз энергияңызбен сондай жағдай жасадыңыз. Өйткені әйел энергиясы еркектің энергиясынан 10 000 есе күшті. Еркек үйдегі "белдемше киген еркекпен" бәсекелеспей, сізге көмектесуді өзі қалауы керек", - деп жазды ер адам.

Ал әлеуметтік желінің кейбір пайдаланушылары көңілі қалған әйелдердің көптігіне таңғалып, орынды сұрақ қойды: егер қазіргі әлемде неке осыншалықты жағымсыз кейіпте көрсетілсе, онда қыздар неге әлі күнге дейін тұрмысқа шығуға тырысады?

"Қызық, егер әрбір екінші тредте еркекпен өмір сүру - тозақ екені және бұл туралы ескертулер жазылса, пікірлерге қарағанда мұны бәрі білетін болса, онда қыздар неге тұрмысқа шығады? Орынды сұрақ туындайды: әйелдердің көбі мазохист пе?"

Объективті түрде: бәрі басталған жазбаның астында ерлердің пікірі әлдеқайда аз болды. Тепе-теңдік үшін біз сырттан пікір жинауды жөн көрдік. Осыған орай, ерлердің құқығын қорғаумен айналысатын қазақстандық MASKULIZM_KAZ қауымдастығына осы өзекті тақырып бойынша сауалнамаға қатысуды ұсындық.

Сыйластық неге азайды? - ерлердің көзқарасы

Ерлер қауымдастығының өкілдері бұл мәселенің төркінін бірнеше ірі процестерден көреді.

1. Әлеуметтік желілер, коучтар және отбасы туралы жаңа түсініктер

Ең көп таралған нұсқа бұған дейін де айтылған болатын - бұл интернеттің, әлеуметтік желілердің, блогерлер мен психологтардың әсерінен әйелдердің көзқарасының өзгеруі. Пікір білдірушілердің пайымдауынша, дәл осы ортада серігіне деген жоғары талаптар мен "жеке бақыт отбасын сақтап қалудан маңыздырақ" деген идея қалыптасады.

"Ажырасқан әйелдердің бақытты өмірі туралы ертегі айтатын псевдокоучтар! Ерлерге қойылатын тым жоғары талаптар! "Еркек міндетті" деген принциппен асқынған сұраныстар! Жылына бір рет Мальдив аралдары, әр жаңа шыққан сайын жаңа айфон және тағы басқалар".

"Бұған бір ғана себеп жоқ. Әйелдердің ерлерге деген көзқарасының нашарлауына ондаған жылдар бойы түрлі мәдениеттердің ықпалымен қалыптасқан факторлар кешені әсер етті. Білім беру және тәрбиелеу технологияларының кенже қалуы жағдайында интернет технологияларының күрт дамуы триггер болды деп болжауға болады. Бұл аштықтан қажыған адамды алдын ала дайындамай, әлемнің барлық тағамы қойылған дастарқанға бірден жібергенмен бірдей. Көпшілік үшін мұның нәтижесі өте өкінішті".

Сондай-ақ, пікір білдірушілер ақпараттық кеңістікте ер адамның жағымсыз бейнесі қалыптасып жатқанына, оларға "абьюзер", "жалқау" деген айдарлар тағылатынына және олар туралы жаман оқиғалар жақсы мысалдарға қарағанда әлдеқайда көп назар аударатынына шағымданды.

2. Заңдар, ажырасулар және әділетсіздік сезімі

Шағымдардың екінші үлкен тобы заңнамаға қатысты. Көптеген ер адам мемлекеттік институттар, соттар және отбасылық құқық жүйесі, әсіресе балалар, алимент және мүлікті бөлу мәселелерінде көбіне әйелдердің жағына шығады деп есептейді.

"Ең алдымен, әйелдерге тым көп құқық беріп қойды, ал олар бұл құқықтарды жақсы жағына емес, жаман жағына пайдаланып жүр".

"Әлеуметтік желілердің әсері және ерлерге қарсы заңдар. Алимент пен ажырасуды бизнеске айналдырып жіберді".

"Жазасыздық. Заң әдетте әйелдер жағында. Әйел адам өтірік айта салады, ал ер адамды жазалайды. Егер ер адам заң бойынша талап етіп жазса, оны елемей, істі созып, ақырында бас тартуы мүмкін. Әйел адам өзінікі дұрыс болмаса да, оны қолдайтынын және ер адамның кінәлі болып қалатынын біледі. Балаларды өз еркіне қарсы, анасы "дұрыс" болмаса да, сонда қалдырады. Себептер жеткілікті".

3. Асқынған үміт пен ерлерге тұтынушылық көзқараспен қарау

Талқылауға қатысушылардың бір бөлігі қазіргі әйелдер ерлерге тым жоғары талаптар қоя бастағанына, есесіне ештеңе ұсынбай, жоғары деңгейдегі дәулет пен жайлылықты күтетініне сенімді.

"Өйткені әйелдер көбірек пайдакүнем бола бастады, сол арқылы барған сайын көбірек талап етеді. Отбасылық өмірдің құндылықтары жоғалды".

Шынында да, кейбір пікір қалдырушылар мәселеге кеңірек қарап, оны тек ерлер мен әйелдердің жеке шағымдарымен ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы жалпы өзгерістер: жаһандану, экономикалық қиындықтар және дәстүрлі құндылықтардың жойылуымен байланыстырады.

Жаңа қарым-қатынас және балықшы мен балық туралы ескі ертегі

Біз пікір алу үшін жүгінген мәдениеттанушы Самир Серкебаевтың айтуынша, Қазақстан қоғамындағы "ерлерге деген құрмет" туралы әңгіме сырт көзге көрінгеннен әлдеқайда күрделірек.

"Ер адам өзін "құрметтемейді" деп айтқанда, бұл, әдетте, субъективті сезім. Ол бәсекелестік, үнемі сын айту, шешімдерін құнсыздандыру немесе қарым-қатынастағы жанжалдар арқылы көрініс табуы мүмкін. Бірақ кеңірек қарасақ, бұл тек психологиялық емес, сонымен қатар әлеуметтік мәселе".

Сарапшының пайымдауынша, мәселе қоғамның тез өзгеруінде, ал қарым-қатынас ішіндегі күтулер мен талаптар бұл қарқынға ілесе алмай жатыр.

"Қазақстан көп жағдайда дәстүрлі отбасылық құндылықтар елі болып қала береді. Көптеген адамда әлі күнге дейін ер мен әйелдің рөлдері бөлінген классикалық модель туралы түсінік бар: ер адам шешім қабылдауға, асырауға және тұрақтылыққа жауапты, әйел - үйге, қамқорлық пен қолдауға жауапты. Бірақ сонымен қатар қоғам басқа жағдайда өмір сүріп жатыр", - дейді мәдениеттанушы қайшылықты атап өтіп.

Ал қандай өзгерістер болды? Қазіргі әйел білім алды, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізді және таңдау мүмкіндігіне ие болды. Ол шешім қабылдауға көбірек қатысады, талқылайды, салыстырады, дауласады және отбасының жалпы бағытына әсер етеді.

"Осы жерде модельдер қақтығысы туындайды. Қарым-қатынастар дәстүрлі ережелер бойынша құрылғандай көрінгенімен, іс жүзінде адамдар қазіргі заман шындығында өмір сүреді. Ер адам бір рөлді, әйел адам басқа рөлді күтуі мүмкін. Содан кейін өзара өкпе-реніш пен "сені естімейді немесе бағаламайды" деген сезім пайда болады".

Дәйексөз авторын қосу

Сурет қосу

Самир Серкебаев

мәдениеттанушы

Нәтижесінде, кейбір ер адамдар болып жатқан жайттарды сыйластықты жоғалту ретінде қабылдайды, бірақ іс жүзінде бұл үйреншікті рөлдерді қайта қарау болуы мүмкін. Ол мынадай мысал келтіреді: бұрын көптеген нәрсе ер адамның жетістігі ретінде қабылданса, бүгінде олар міндетті функция ретінде қарастырылады. Ал ерен еңбек "солай болуы тиіс" нәрсе сияқты қабылдана бастағанда, құнсыздану сезімі пайда болады.

Бірақ бұл тек ерлерге қатысты емес - кез келген қарым-қатынаста адам үшін өзінің қосқан үлесінің мойындалғанын және бағаланғанын сезіну маңызды. Сонымен қатар, мәдениеттанушы ерлер немесе әйелдер арасынан кінәлілерді іздеу - тығырыққа тірейтін жол екенін баса айтады.

"Мұнда ешкім кінәлі емес. Мәселе адамдар қандай қарым-қатынас моделінде өмір сүретіні туралы өзара келіспеген кезде басталады. Егер жұп дәстүрлі форматты таңдаса - бір ережелер керек. Егер серіктестік форматты таңдаса - басқа ережелер қажет. Жанжал көбінесе тараптардың күткен үміттері бір-біріне сәйкес келмей қалған сәтте басталады".

Сарапшы ескі және жаңа модельдердің қақтығысын сипаттайтын бейне ретінде "Балықшы мен балық туралы ертегіні" мысалға келтіреді.

Кемпір лашықтарының нашар екенін айтқанда, шал балықтан жаңа үй сұрайды. Олардың жаңа үйі пайда болады және классикалық модель бойынша, бұл жерде әйел сол тілектің орындалуын талқыламайды да, сынамайды да. Яғни, ол тілек білдірді - еркек оны қолынан келгенше орындады, әрі қарай бұл мәселе қозғалмайды. Ал ертегіде керісінше: кемпір "Сарай сұрауға болатын еді, неге үй сұрадың?" деп сынай бастайды.

Мәдениеттанушының пікірінше, бұл әйелдің ер адамның мүмкіндіктеріне қатысты тұтынушылық мінез-құлқының заманауи үлгісі. Бұл ер адамның әйел үшін тек функционалды құралға айналуына әкеп соғады, нәтижесінде әйел ер адам ұсынған түрлі нұсқаларды салыстырып, сынай беретін болады. Бұл ретте Серкебаев бұған жақсы не жаман деп баға бермейді, ол тек мұның классикалық модельмен мүлдем үйлеспейтінін айтады.

"Әйел қызметші моделінен шықты": Қазақстандағы отбасылық дағдарыс әйелдер психологы көзімен

Мәселені талқылауды келесі сарапшымыз - психолог, әйелдер практикасының тренері Виктория Адамбаевамен жалғастырамыз.

"Қыз - қызметші, ұл - үміт"

Сарапшының айтуынша, қазіргі дағдарыстың тамыры Қазақстанда ондаған жылдар бойы ұлдар мен қыздарға мүлдем басқаша талаптар қойып келген тәрбие жүйесінде жатыр.

"Ашығын айту керек, көптеген отбасыда әйелді қызметші ретінде тәрбиелеу қалыпты жағдай болды. Егер біз Қазақстан және жалпы шығыс менталитеті (онда қыздар ұлтына қарамастан тәрбиеленеді) туралы айтсақ - мұнда бастысы мүмкіндігінше ерте тұрмысқа шығу болды. Одан кейінгі міндет - ауланы жақсы сыпыру, дәмді тамақ пісіру, үлкендерді сыйлау. Мұны күйеуінің отбасына қызмет ету деп атайық. Ата-анасы қыз баланы бала кезінен дәл осыған тәрбиеледі".

Сонымен қатар, спикердің пайымдауынша, ұлдарды мүлдем қарама-қайшы ұстаныммен өсірген:

"Әрбір ана өз ұлын әлпештеп, оған үлкен үміт артты. Бізде негізінен ұлдарды аналары тәрбиелейді".

Адамбаеваның пікірінше, мұндай теңсіздік баяу әрекет ететін мина секілді болды: қызды өмір бойы біреуге қызмет етуге, ал ұлды сол қызметті заңды нәрсе ретінде қабылдауға дайындады.

Фото: depositphotos.com

Бүгінде бұл модельге сызат түсті. Оның басты себебі - әйелдердің өсуі: олар негізгі жұмысымен қатар қызметші болуды қаламайды. Көбіне әйелдерге бір мезгілде аспаз, үй жинаушы, бала күтуші әрі балаларын таситын жүргізуші болуға тура келеді. Психологтың айтуынша, әйелдің бұл орасан зор еңбегі көбіне құнсызданып жатады:

"Есептеп көріңізші: балаларды тасу қанша тұрады? Бір балаға айына 200 мың теңге. Жинау мен жуу-шаю - кем дегенде 100–150 мың. Аспаздың жұмысы күнделікті болмағанның өзінде - кемі 200 мың. Ал егер бала саны көп болса ше? Осының бәрін істеп отырып ол: "Сен үйде отырсың ғой, ештеңе істемейсің ғой?" деген сөзді естиді", - деп спикер әйелдердің тегін атқаратын үй жұмысының құнын, егер ол үшін ақша төленетін болса, қандай болар еді деген мақсатта мысалға келтіреді.

Психологтың пікірінше, дәл осы еңбектің бағаланбауы ер адамдар көбіне құрметсіздік деп қабылдайтын әлгі "бүлікті" тудырады.

"Иә, ерлерге деген құрмет азайды, - деп жалғастырды сарапшы. - Өйткені әйел қазір өзіне көбірек құрмет көрсетілгенін қалайды. Ол өз құндылығын сезіне бастады және өзін ұмытып, тек бала туатын, күйеуі мен оның отбасына жайлылық пен қолайлылық жасап беретін станок емес екенін түсінді".

Бұл ретте психолог мәселенің екінші жағын да көреді:

"Тұрмысқа шыққан соң тұрмыстық тауқыметке батып, содан кейін бүкіл туыстары мен күйеуін кінәлайтын әйелдер де бар. Олар құрбанның рөліне енеді: "Бәрі кінәлі, ал мен жақсымын, бейшарамын". Осылай өмір сүре береді. Мұндай отбасына күйеуі де, балалары да оралғысы келмейді".

Сондықтан, дейді ол, әйел құрбан болуды тоқтатуы маңызды - айналадағының бәрін кінәлап, жапа шегуге болмайды, өзін түсінуі керек: Әйел не қалайды? Қайда бара жатыр? Оның мақсаттары қандай? Бұл әлемде ол кім? Ол өзін жақсы көре ме? Әлде ол бәрін балалары мен күйеуі үшін жасап, өзін соңғы орынға қоя ма?

Отбасы ішіндегі келісім және болашақ ерлі-зайыптыға арналған мектеп

Қорыта айтқанда, психологтың пікірінше, көптеген ажырасдың негізінде ерлі-зайыпты арасындағы қарапайым диалогтың жоқтығы жатыр. Біз бір-бірімізбен сезімдеріміз туралы сөйлесе алмаймыз. Парадокс сонда - тіпті қарапайым тұрмыстық мәселелердің өзі ерлі-зайыпты іштегі ренішін айтпай, үндемей қалғандықтан ажырасуға себеп болып жатады. Виктория Адамбаева қарым-қатынас моделінің өзін өзгерту керек деп есептейді. "Күйеуі - бас, әйелі - мойын" емес, тең құқылы серіктестік болуы тиіс.

Ол қазіргі жұптарға бірлескен өмірдің ережелерін алдын ала белгілеп, "жағада тұрып келісіп алуды" ұсынады:

"Тұрмысқа шыққанға дейін қандай да бір келісімшарт жасалса, керемет болар еді. Әр отбасы - жеке мемлекет сияқты. Сондықтан олар өз конституциясын енгізуі керек: нені бірге істейміз, нені істемейміз, тіпті ұсақ-түйекке дейін. Шыныаяқ қайда тұрады, үйде кім не істейді деген сияқты. Егер осының бәрі ашық айтылса, көптеген мәселенің алдын алуға болады".

Ал ең дұрысы, оның ойынша, отбасын құруды мектептен бастап үйрету керек. Адамбаева мектептерде 5-6 сыныптан бастап "Отбасы институты" пәнін енгізу артық болмас еді деп санайды.

"Тек жыныстық тәрбие ғана емес, дәл осы диалог құру, келісе білу жолдарын үйрету керек. Себебі қазір адамдар көзі ашылмаған марғау сияқты үйленіп жатыр. Кейде туыстарының қысымымен немесе барлық досы үйленіп қойған соң ғана үйлене салады. Одан кейін не істеу керек екенін ешкім білмейді. Егер балаларға дұрыс ақпарат берсек, олардың санасы жаңаша қалыптасады. Міне, бала кезден негізі қаланатын нағыз отбасы институты осы".

"Әйелдер ер адамдардан қорықпайтын болды": тарихшының көзқарасы

Қазіргі дағдарыстың тереңдігін түсіну үшін өткенге көз жүгірту керек. Отбасын ғасырлар бойы бағыныштылықта ұстап келген ер адамға деген "қасиетті құрмет" пен қорқыныш қалай қалыптасты және ол қазір қайда кетті?

Бұл сұрақтарға Tengrinews.kz тілшісіне тарихшы Салтанат Асанова жауап береді.

Көшпелі мал шаруашылығы - патриархаттың негізі

Оның айтуынша, қазақтың дәстүрлі қоғамының тамыры шаруашылық жүргізу тәсілінде жатыр. Дәл осы ерекшелік әлеуметтік құрылымнан бастап, ер адамның киімі мен оның мәртебесіне дейін бәрін айқындап берді.

"Қазақтың дәстүрлі қоғамы - көшпелі мал шаруашылығына негізделген қоғам. Бұл малды жыл бойы ашық аспан астында бағу, қорада ұстау емес. Көшпелі мал шаруашылығы ерлердің ойлап тапқаны саналады. Тіршіліктің негізі ерлердің өмір салтына, ер адамның күшіне бағытталған. Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамы - ер адамдар жетекші орынға ие болған патриархалды қоғам".

Дәйексөз авторын қосу

Сурет қосу

Салтанат Асанова

тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты

Ол мынадай мысалдар келтіреді: туыстық дәреже, тегі, мұрагерлік, меншік құқығы, билік - бәрі тек ер адам желісімен анықталған.

Дегенмен тарихшы бір парадоксты атап өтті: патриархалдыққа қарамастан, қазақ әйелдерінің әлеуметтік еркіндігі өте жоғары болған, бұл оларды басқа шығыс халықтарынан ерекшелендірген.

"Дәстүрлі көшпелі қоғамда жары мен ананың маңызы әрқашан мойындалған. Әйелдерге тіпті айтарлықтай жоғары әлеуметтік еркіндікке қол жеткізуге рұқсат берілген. Ислам дінін ұстанатын басқа шығыс халықтарынан айырмашылығы, біздің әйелдер бетін бүркемеген. Қарапайым қауым мүшелерінің күнделікті өмірінде әйелді паранжада ұстау мүмкін емес еді - әйтпесе бүкіл шаруашылық тоқтап қалар еді. Әйелдер ақын болып, жиындарда сөз сөйлеп, руды басқарып, соғыс қимылдары мен ойындарға қатыса алған".

Бірақ, сарапшы бұл еркіндіктің алдамшы болғанын баса айтады.

"Барлық көрініп тұрған еркіндікке қарамастан, заңды тұрғыда, әсіресе экономикалық жағынан, қазақ әйелінің меншік құқығы болмаған. Ол қайтыс болған күйеуінің шаруашылығын ұлдары ержеткенше басқара алды, ру басы бола алды. Бірақ іс жүзінде мүлік пен малдың иесі әрқашан күйеуі немесе ұлдары болып қала берді".

Қамшы - бедел нышаны

Тағы бір маңызды деталь - ер адамның беделі тұрмыста қалай көрініс тапқаны. Салтанат Асанованың айтуынша, физикалық зорлық-зомбылық қалыпты жағдай болмаған, бірақ ер адамнан сескену сезімі шексіз еді.

"Киіз үйде әрдайым қамшы ілулі тұратын. Сол қамшымен үй ішіндегілерді, соның ішінде әйелін де арқасынан осып жіберуі мүмкін еді. Бірақ, әдебиет пен менің өмірлік тәжірибем мен естіген әңгімелерім оншалықты ұрып-соқпағанын айтады. Егер отағасы келіп ашуланса, қамшыны алып, онымен еденді бір тартатын. Жай ғана ұратын. Себебі маңызды емес. Бұл бәрінің үнсіз қалуына жеткілікті еді. Бәрі тып-тыныш отыратын. Өйткені бұл - бедел".

Салтанат өз отбасының тарихынан жеке мысал келтіреді:

"Есімде, майдангер әкем бірде анаммен ренжісіп қалды. Мен ол кезде 14 жастамын. Қазіргі заманның қызымыз ғой, анамды қорғап, араласа бастадым. Сонда әкем орнынан тұрып, бізге ақшиіп бір қарады да, дәретханаға беттеді. Мен анама тұра ұмтылып: "Мама, қаштық па?" дедім. Мен өмірінде саусақ тимеген қыз едім, бірақ: "Мама, қазір кетуіміз керек, ол қазір шықса, бізді өлтіреді" дедім. Яғни, сондай қорқыныш болды. Ер адамдарда шынымен де сондай қуат болатын".

Бүгінде, дейді тарихшы, жағдай түбегейлі өзгерген - қазіргі мәселелердің тамыры да осында жатыр.

"Қазір еркектеріміз атқа мініп, соғысып, төбелеспейді. Бірақ бойларындағы көне генетикалық жад сақталып қалған. Қазақ еркектері өздеріне тән күштілікті, патриархалдықты сақтап келеді. Ал қазіргі қарым-қатынастағы қиындықтар әйелдердің олардан қорықпай бастағанымен байланысты".

Сарапшы бұрын бір қараудың немесе еденді қамшымен ұрудың өзі жеткілікті болғанын - содан кейін отбасы тыйылып, әңгіме бітетінін еске салады. Тарихшының айтуынша, қазір бұл механизм жұмыс істемейді. Және бұл - жаңғырудың бұлжытпас кезеңі. Қорқыныш пен сөзсіз беделге негізделген дәстүрлі сана әйелдер өз даусы мен тәуелсіздігіне ие болған жаңа шындықпен бетпе-бет келіп отыр.

Өз күнін өзі көрген әйел мен ат үстіндегі сері

Біз құрмет пен қайшылықтар туралы қазіргі заманғы гендерлік қатынастар туралы көп жазатын қазақстандық жазушы Максим Гринкевичпен де сөйлесуді жөн көрдік.

"Қазіргі қалалық қоғамда адамдардың бір-біріне, үлкенге, әлсізге деген құрметі айтарлықтай азайды. Кенеттен ережелерді сақтау "сәннен қалды". Бұл ер мен әйелдің қарым-қатынасына әсер етпей қоймады. Біз феминизм жеңіске жеткен ғасырда өмір сүріп жатырмыз, әйелдер бұдан былай дөрекі, сыншы болудан, ер адаммен сөзге келуден, оны талқылаудан, таңба басудан және серіктестерін ауыстырудан ұялмайды. Бұл әсіресе әлеуметтік желілерде анық байқалады, онда әйел өміріндегі ер адамның рөлі қандай да бір қызмет көрсетуші персонал деңгейіне дейін түсірілген".

Дәйексөз авторын қосу

Сурет қосу

Максим Гринкевич

жазушы

Бұл ретте, Гринкевичтің сөзінше, қоғамда парадоксалды сұраныс сақталып отыр:

"Әйел адам өз бетінше күн көре алады, шешім қабылдап, өзін асырай алады деген фем-ұстанымдармен қатар, әйелдің көңілін тауып, оның барлық қалауын орындайтын және әйелді бақытты етуден басқа өмірлік мақсаты жоқ "ат үстіндегі сері" туралы аңыз әлі де тірі. Егер еркек осы қалыпқа сыймаса (ал бұл әрдайым дерлік солай), ол қоғамның әйелдер қауымынан өз үлесіне тиесілі хейтке ие болады".

Жазушы мынаны алға тартады: біз ескі бағдарлар қирап, жаңасы әлі құрылмаған кезеңде тұрмыз. Бағдарлардың жаппай жоғалуы әлеуметтік институттарға соққы болып тиіп жатыр - біз ескіні мансұқ етіп, нигилизмге бой алдырып жатырмыз, бірақ жаңа дүниені ойлап табу үшін әлі көп уақыт қажет.
Максим Гринкевич мақалада қарастырылған басты сұрақты былай тұжырымдайды:

"Біз әйелдің еркекке деген құрметі ғасырлар бойы қорқынышқа негізделгенін түсінуге тырысып жатырмыз. Зорлық-зомбылық құрбаны болудан қорқу, күнкөріссіз жалғыз қалудан қорқу, қоғамның айыптауынан қорқу. Енді бұл қорқыныш сейілді, ал әйелдер еркекті не үшін құрметтеу керек екенін әзірге түсінбейді. Еркектер болса әйелдің құрметіне қалай ие болуды білмейді. Бұл жерде ақша мәселесі көмектесуден гөрі көбіне кедергі келтіреді. Және біз әлі ең бастысына - бір-бірімізге деген махаббатқа жете қойған жоқпыз".

Қорытынды

Сонымен, қазіргі қазақстандық отбасында еркекке деген құрмет қайда кетті?

Қарапайым қазақстандықтардың әртүрлі пікірлеріне сүйенсек, бұл сұраққа біржақты жауап жоқ. Еркектер беделдің жоғалуы, әділетсіздік пен шамадан тыс үміттер туралы айтады. Әйелдер - шаршау, неке ішіндегі жалғыздық және қасынан отағасын емес, серіктесті көргісі келетінін айтады. Сарапшылар мен спикерлер еркекке деген құрмет көбіне қорқынышқа сүйенгенін, ал ол қорқыныштың жоғалғанын алға тартады. Оның орнына жаңа әлеуметтік бағдарлар қажет, бірақ олар дәл қазір жоқтың қасы.

Біз бұл таласқа нүкте қоймаймыз және жеңімпазды анықтауға тырыспаймыз. Керісінше, біз бүгінде қоғамда жүріп жатқан пікірталастың екі жағын да тыңдап, олардың бір-бірін естуіне мүмкіндік бергіміз келді.

Авторы: Юлия Колмогорова

Дайындаған: Дина Шәріпхан

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу
Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
seeКөрілімдер:19
embedДереккөз:https://kaz.tengrinews.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 19 Маусым 2026 11:24
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Тоқаев: Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты 4 есе қысқарды

18 Маусым 2026 23:29see129

Шаққалиев жанармай мен электр энергиясы бағасының өсуі азық түлік құнына қалай әсер ететінін түсіндірді

17 Маусым 2026 15:07see117

Атырауда жаңа судьялар тағайындалды

18 Маусым 2026 03:06see115

Неміс алыбы Volkswagen нің өмір сүруіне қауіп төніп тұр БАҚ

17 Маусым 2026 14:44see114

Қазақстандықтар шекті деңгей көтерілгенге дейін БЖЗҚ дан тұрғын үйге 55 миллиард теңге алды

17 Маусым 2026 14:31see112

Банктер үшін бірыңғай QR код 2026 жылдың шілдесінде іске қосылады Ұлттық банк

18 Маусым 2026 22:20see112

Қазақстан Орта Азия бойынша қарызы ең көп мемлекет болып отыр

18 Маусым 2026 22:19see112

Жамбыл облысында 17 бас жылқыны жымқырды деген күдікпен жылқышы ұсталды

17 Маусым 2026 15:13see110

Қаржы министрі бюджетке 336 млрд теңгенің түспеу себебін айтты

18 Маусым 2026 22:19see110

“Ақшаның қайда кеткенін көрсетіңіздер“ депутаттарда “шетелдік агенттер тізіміне“ қатысты сұрақтар туындады

17 Маусым 2026 13:21see109

Қазақтардың қонақжайлылық мәдениеті: урбанизация ежелгі дәстүрлерді қалай өзгертті

18 Маусым 2026 22:08see108

Қазақстан 2029 жылға қарай 150 млрд доллар инвестиция тартуды көздейді

17 Маусым 2026 17:04see108

Нейрохирургияның жаңа міндеттері

18 Маусым 2026 23:29see107

Асқар Мұстабеков: діни сенім әскерден босатуға негіз емес

17 Маусым 2026 15:06see106

Ең бастысы жұрт амандығы

19 Маусым 2026 10:39see106

Екінші турдың алғашқы ойындары: 18 маусымға арналған ӘЧ 2026 кестесі

18 Маусым 2026 23:31see106

Роналду гол соға алмады: Португалия мен Конго тең түсті

18 Маусым 2026 00:41see105

Алматылық әйел арықтауға арналған препараттың кесірінен қан доноры бола алмады

17 Маусым 2026 17:12see105

Жетісу Жұматай Жақыпбаевтың алдындағы қарызын өтеді

18 Маусым 2026 23:31see105

Депутат сот орындаушылары, МҚҰ және коллекторлар арасындағы күмәнді байланыс туралы айтты

17 Маусым 2026 16:36see104
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары