Сақа туралы сага
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Староста. Бұл сөз мектептен құлаққа сіңген. Аударылмаған. Аударылмас та. Жарты ғасыр бұрын оқыған мектепте қай оқушының староста болғаны есте жоқ, ал елу қиырдан құйылған елу студенттің ішінен екі топқа екі староста шыққанда, бірі – Мейрамбек Төлепберген еді. Онда Төлепбергенов.
 
Түскен оқуымыз – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультеті. Журфактың деканы – Қожакеев. Ол тұста «партия десең – Ленин еске түсетіні» сияқты бұлар да біріне-бірі кіндігінен байланған егіз ұғым еді.
Темірбек Қожакеев жайында бірнеше кітап шықты. «Мықшеге» деген кітапты өзіміз құрастырып, Қожакеевтің және бір алғыр шәкірті Мұхтар Құл-Мұхаммед басып берген. Сол кітаптардың өзегі журфак деканының жыл сайын орыстілді, қазақтілдісі бар екі бөлім, төрт топқа бөлінетін жүз баланы қалай адам етемін, қайткенде журналист қыламын деп жүз түрлі тәсілге барғаны жайында. Қаталдық пен әділдік те, тездік пен сөз түріндегі кездік те деканның бойынан табылатын. Жазықты студенттердің жатақханадан шығып, стипендиядан қағылуы – жазаның оңай түріне жатады. Осындай тағдыр қыл ұшына ілінген кезде шырылдайтын біреу бар – топтың старостасы.
Бұл старостаның міндетін жиырма бес қыз-жігіт оқу бітіріп, Темекеңнің темір шеңгелінен шыққанша Мейрамбек адал атқарды. Тіпті жанын сала жүгірді десе де болады.
Айтпақшы, староста сол кезден қолына портфель ұстады. Кейін облыс әкімінің орынбасарының портфелін ұстағанда таңырқамағанымыз сондықтан. Бірақ, ол студенттер старостасынан облыстың екі-үш басшысының біріне, бірнеше ондаған Мәжіліс депутаттарының біріне дейінгі жолды оңайлықпен жүріп өтпегені хақ. Сол университеттегі жылдары Мейрамбектің бойынан бірнеше қасиетті көргенбіз.
Біріншісі – білімділік. Иә, білім жарыстыра алатын аз ғана үздіктің бірі болды. Жұмабек Кенжалин, Шархан Қазығұл, Әмір Оралбай, кейін қосылған Кәрібай Мұсырман… Президент әкімшілігінде, Үкімет кеңсесінде, «ҚазМұнайГаз» сынды мығым мекемеде қызмет істеу, ақпарат саласында республикалық деңгейдегі акционерлік қоғамды басқару, Парламент депутаты болу – біздің курстастардың қиналмай алған биігі. Биікке жеткеннің бірі – Мейрамбек те білімділігімен, білімге құмарлығымен тәнті етті.
Оның бойындағы келесі қасиет – жауапкершілік. Отан алдындағы, отбасы алдындағы, жеке өз басы алдындағы жауапкершілікке адал болу – абырой баспалдағы екен. Мейрамбек үлкен атақтарға жетті. 2013 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Басқа да мемлекеттік марапаты болуы керек. Бірақ кеудесіне тағып, сыңғырлатып жүргенін көрмеппіз. Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығынан бастап, талай құрметке бөленді. Бәрібір атаққа емес, иықтағы жауапкершілікке жұмыс істейтіні сонау диплом алып Алматы облыстық «Жетісу» газетіне қызметке барған күнінен белгілі еді. Иә, қызметке тұрардың о жақ-бұ жағында сұлу Светаны қолынан жетектей кеткен, содан бері отбасы алдындағы жауапкершілікті де бір сәт ұмытпаған.
Қызметке тұрардан бұрын диплом алдық. Диплом алар, бір-бірімізбен қоштасар күндерде біз елу курстастың әрбіріне аттарын атап, бір-бір шумақ өлең шығардық. Қадыр Мырза Әлидің атақты «Студенттер» өлеңіндегі «Бірінші жыл ауылы естен кетпей, Бесінші жыл қимайды астананы» дегені айна-қатесіз біздің де басымызға келген. «Бірін-бірі қолынан ұзатып салған» қыздар, «бірін-бірі қолынан үйлендірген» жігіттер шынында қалай қиыссын?!
Сол қимастық әсерімен бәріне бір-бір шумақ арналғанда Мейрамбекке былай жазыппыз:
Болған жоқ ренжуің, кектесуің,
Болған жоқ мақтануың, көп бөсуің.
Мейрамбек староста ылғи өстіп,
Аман өт ортасынан от пен судың.
«От» – азуын айға білеген декан Темірбек Қожакеев те, «су» – староста жауап беретін топтағы қаперлеріне түк кірмей жайылып жатқан жиырма бес жүгірмек. Осы арада Мейрамбектің және бір қасиеті жатты – тіл табысу. Әрқайсысы әр қиырға ауа жайылатын жиырма бес болашақ «классик» пен диірмені дүрілдеп тұрған деканның аралығына дәнекер болғаны сондықтан.
Ол кіммен де болсын тіл табыса алатын. Өйткені түсінік пен таным әлемі кең. Ел мен жер жайында сұрасаң да, тарих пен тілге тереңдесең де, ғарыш пен техника тақырыбына салсаң да, ішкі саясат пен сыртқы саясатты талқылатсаң да суырылып шығады. Кешегі өзіндей өндір студент пен Кеңес Аухадиев сынды абыз ақсақалды екі жағына алып, тонның ішкі бауындай болып ортасында отыру – оған түк те қиын емес.
Және бір қасиеті, шамасы қоғамға пайдалы, бірақ өзіне пайдасы азы – ақиқатты айтатыны. Студент кезімізде 45 минуттан қосарланған бір жарым сағаттық, алайда сылдыр су сияқты дәрісі жалықтыратын доцентке «аға, мына лекцияңыз түк қызық емес» дегенді айта алса, Мейрамбек айтатын. Басын кесіп алса да шындықтан жалтармайтын. Сабақты дұрыс өткізе алмаған ұстазға ол мінін бетке айту – студент үшін оңай ма? Жоқ. Бәлкім, деканымыз Мейрамбекті староста қойғанда осы тайсалмайтын, жалтармайтын мінезін бағаласа керек.
«Қоғамға пайдалы, бірақ өзіне пайдасы аз» деуіміз тегін емес. Беріде үлкен мекеменің елеулі буынын басқарып тұрғанда жоғарыдағы министрдің қисынсыз талабын орындаудан бас тартады. Жай бас тартпайды, «мынауыңызды орындайтын болсақ, онда тура керісінше жүзеге асады» деп хабарлайды. Нәтижесі… біздің турашыл досымыздың бұл қызметті өткізіп беруімен аяқталған.
Жылдар жылжыған сайын ол мінезден қайтпады, қайтқан не, өткірлей түсті. Осы мінезі оны депутат етті. Алдымен Жамбыл облыстық мәслихатына. Одан Парламент Мәжілісіне! Мейрамбек Төлепбергенге дейін республиканың парламентіне біздің курстан Кәрібай Мұсырман депутат болған. Екі бірдей Мәжіліс депутаты шыққан курс Қазақстанда табыла қояр ма?
Студент кезінде бәріміз оны Мейрамбек деп айтқанда, жалғыз қыз оған «Сақа» деп сөйлейтін. Ол қыз – Оңлагүл Арзықұлова старостамызбен бір ауылда өсіп, бірге оқыса керек. Мектепте, сосын факультетте бірге оқу – ерекше құбылыс. Екеуі туған топырақтың қасиетінен болса керек деп санаймыз.
Оңлагүлден білсек, оны бала кезінде бүкіл ауыл Сақа деген екен. Кейін бір кітабына алғысөз жазғанда рухани ағасы Шерхан Мұртаза да оны «Сақа» атаған.
Сақа. Ол да, біз де – асық атқан ауыл баласымыз. Сақа басқа асықтан анағұрлым ірі, сондықтан салмақты, қолға ұстағанға қолайлы келеді. Бояп қойса, тіпті көрікті. Иіріп, тастап жібергенде алшы түссе, өзіңді айқұлақтандырып жібереді. Көзің түскен асықты шертіп атып қалғанда қалай мерейіңді үстем етеді.
Сақа – кезінде біз аударылмас деп жүрген староста сөзінің баламасы. Оның қызметін құйып қойғандай дәл бейнелейді. Сөйтіп, декан Қожакеев жиырма бес студенттің ішінде сақа тағайындаған Мейрамбекке өмір кейін де осы міндетті ұдайы жүктеп отырды.
Мейрамбек Төлепбергеннің сақалығы қызмет сатысының түрлі басқыштарында байқалып тұрды. Айталық, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында департамент директоры болған жылдары. Қарамағындағы бірнеше қызметкерімен бірге біздің досымыз анау-мынау электровоз тарта алмас жүкті діттеген жерге жеткізіп жүрді. Онда Қорғастағы Алтынкөл стансасын және басқа коммуникациялық нысандарды салу енді басталған. Мейрамбек топты журналисті ертіп болашақта мұнда қандай сәулетті қала, экономикалық аймақ, логистикалық орталық болатынын түсіндіретін. Тілші қауымын ол жерде теміржол тұрмақ, кеден, экономика, сыртқы сауда, құрылыс және басқа салалардың жілікті мамандары күтіп тұратын, кез келген сұрақтарға жауап берілетін.
Мейрамбек топты журналисті жинап алып, «Ақтөбе Қостанаймен, Арқалық Жезқазғанмен, Жезқазған Қызылордамен, Шалқар Бейнеумен байланысады әлі» деп сайрап тұратын. Тура географиядан сабақ беріп жатқандай. Онда Шар мен Өскеменді қосқан жол бітіп, Ақсу мен Курчатов арасындағы жол енді-енді салынып жатқан шығар. Мейрамбек ертек айтып тұрғандай көрінетін.
Біледі екен, білген соң айтады екен. Енді бір кездегі курстастар картасымен айтсақ, Мылтықбайдың (Торғай даласы) ауылынан Әмірдің (Сыр бойы), одан Мұраттың (Маңғыстау түбегі) ауылына бір пойызбен жетуге болады. Соның бәрін әттең, Сақамыздың осы үш курстасы да көрмей кеткені өкінішті.
Жоғарыдағы сөзімізде оның облыс әкімінің орынбасары болғанын тілге тиек етсек керек. Мұндай қызметке журналистер сирек жетеді. Біздің көз алдымызда облыс басқарған журналист Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Берік Уәли ғана. Облыс әкімінің орынбасары қызметіне қалам ұстаған қауымнан жеткендер де саусақпен санарлық. Соның бірі – Мейрамбек.
Мұнда да сақалығын көрсетті. Денсаулық, білім, мәдениет, спорт салаларын дамытуға үлес қосты. Тараздың мерейін асырған спорт сарайлары салынды. Қаншама әлеуметтік және өнер орындары жаңадан іске қосылды, ескілері жөнделді. Рас, қаржыны бюджеттен депутаттар бөлгізетін шығар, бірақ Мейрамбектің талап қойғыштығы байқалмай қалмады.
Кейбіріне облыс әкімінің орынбасары ретінде тікелей жауапты болып, кейбіріне оның алдында немесе кейінірек ел-жұртқа жаны ашитын, жөн білетін ағалардың қатарында жүріп Тараздағы талай іргелі мәдени-рухани шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Иісі қазаққа ортақ Кененнің, Баукеңнің мерейтойлары тұсында, онда көзі тірі Шерхан Мұртазаны, Асанәлі Әшімовті, Күләш Ахметова мен Қайырбек Асановты елге шақырып құрметтеуде бірқатар шаруаға Сақамыз бас-көз болғанын білеміз.
Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға Тараз қаласы таңдалғанда, бұл – аймақтағы атқамінерлерге де, менмін деген азаматтарға да үлкен сын еді. Сақаның сол сыннан сүрінбей өтуге кеңес беріп қоймай, білек түре кіріскеніне куәміз. Елдік тойын теледидар арқылы қазақ даласы тұрмақ, түркі әлеміне көрсету мақсатымен барғанымызда Мейрамбегімізді аймақтағы қолынан нақты іс келген басшылар тобынан көріп, марқайғанбыз.
Сақа болмаса, депутат сайланар ма?
Мейрамбек Мылтықбайұлы одан кейін Қазақстан телерадио корпорациясының Жамбыл облыстық филиалын басқарды. Төңірегінде: жас журналист, режиссер, оператор, дизайнер, тағы басқалары. Оларға журналистикада не істеуді өзі үйретеді. Студент кезімізде «ойыншы-жаттықтырушы» деген ұғым болды. Әсіресе командалық ойындарда: футбол, баскетбол, регбиде кездесіп жататын. Біздің досымыз – соның дәл өзі.
Күніне ондаған бағдарлама шығатын «Қазақстан – Тараз» телеарнасындағы «Сыр-перненің» автор-айташысы. Эфирді жүргізгеннің қалай екенін «Хабардан» – «Abai-ға» дейін бастан өткізген тұлғаның телеарнаны басқарғандағы жетістігі ерекше болды. «Жамбыл облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген 180-ге жуық хабарды өз авторлығымен эфирге шығарды». Бұл 2016 жылдың басындағы есеп болса, кейінгі уақытта футболда Криштиану Роналдудың соққан доптары сияқты бұл санның өсе түскені күмәнсіз.
Өмірдің ғажаптығына таңғалмасқа болмайды. Студенттік жылдарды бір аудиторияда өткізген староста досымызбен осылайша алпыстың асқарына іліккенде тағы да бір мекемеде қызмет еттік. Ол сақа қасиетін тағы байқатқан. Саны сексеннен асатын қызметкері бар ұжымға бұра тартпайтын басшы болды. Баяғы 25 баланың жауапкершілігіне қарағанда, мұнда талап үлкен. Мемлекеттік ақпараттық саясат. Күнделікті және суыт жаңалықтар. Қоғамды жаңғыртудағы жоғары жақ қойған міндеттер. Аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуы. Тіпті «Тараз» командасының қалай доп тепкеніне дейін бәріне эфирден орын берілуі керек.
Доп тепкен демекші, бұл досымыздың тағы бір қабілеті – спорт комментаторлығы. Мейрамбек – кезіндегі Қынабай Аралбаев марқұм, кейінгі «Жетісу» арнасындағы басшылардың бірі Мейрам Жанділдин сияқты 80-жылдар басындағы көгілдір толқында тікелей репортаж жүргізіп шыныққанның бірі. Содан шығар, ара-тұра қазіргі «Қазақстан» мен «Казспорт» телеарналарындағы комментаторлардың орашалақ тілі мен қарадүрсін ойларын сынап, көш-құлаш шолу жолдайтыны бар еді. Еріккеннен емес, жаны ашығаннан...
Облыстық филиал директоры қызметін абыроймен атқарып, одан Жамбыл облыстық кәсіподақтар ұйымын басқарды. Бұл да – студенттердің старостасы болғандағы сияқты нағыз от пен судың ортасы. Елді ереуілге көтермей-ақ, қалың қауымның қабырғасына батқан мәселені билікке шешкізудің жолдарын тапты. Түрлі саланың кәсіподақтарын алтыбақан алауыз қылмай, бір мүддеге тоғыстырды. Мұнда фермері де, фосфор өндірушісі де бар.
Кешікпей Қазақстан Ресубликасының Парламенті Мәжілісіне сайлау науқаны басталғанда «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облысындағы санаулы кандидатының бірі болды. Сол баяғы тура сөйлеп, тікесін айтудан, тынбас тірлік, бекем бірліктен айныған жоқ. Облыстағы бүкіл кәсіпорын, шаруашылықтарды аралады. Өткір сауалдардан жалтарған жоқ. Барды бар, жоқты жоқ деді. Әрі сол жоқты парламентке бара қалса, іздерін, мүмкіндік жеткенше тауып берерін айтты. Халық сенді. Осылайша М.Төлепберген Мәжіліс депутаты деген мәртебеге жетіп, мандатты қолына алды. Біздің курстың сақасы бүкіл халықтың сақасына айналды.
Саңлақ. Бұл сөзді староста-сақамызға үшінші сипаттама ретінде таңдап едік. Саңлақ журналист екені даусыз болды. Оны оқу бітіре салып орналасқан Алматы облыстық «Жетісу» газетінде дәлелдеген. Бұл – өте ерекше газет. Облыстық басылым болса да редакциясы ол жылдары республика астанасы Алматыда орналасып, Компартия ОК баспаханасында басылып шығатын. Редакцияның өзі «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерімен, «Қазақстан коммунисі», «Ара» және басқа мүйізі қарағайдай басылымдармен бір ғимаратта еді.
Жұмабек Кенжалин «Социалистік Қазақстанда», Қали Сәрсенбаев, Дүрәлі Дүйсебаев үшеуіміз «Лениншіл жаста», Коммунар Тәбеев, Болатбек Орманов «Қазақстан пионерінде» дегендей, бірнеше курстас ертеңгілік-кешкілік сол старостамызбен бір есіктен кіріп-шығатынбыз.
Алматыда басылатындықтан «Жетісу» газеті аптасына бес күн ертемен сиясы кеппеген қалпы алдымызда жатады. Басқа достар: Кәрібай Мұсырман, Әмір Оралбаев, Уәлихан Тоқпатаев, Өтеген Наукиев, Мылтықбай Исмағұлов, Иса Тасқұлов, Мұрат Әбуов және басқалары не жазғанын оқу үшін Алматыдағы бас почтамп жанындағы аллеяға баратынбыз. Аллеяның екі шетінде әйнектелген тақтайшалар тұратын. Оған облыстық газеттердің Алматыға келген жаңа нөмірлерін (анығында үш-төрт күн бұрынғы) айқара беттерін іліп тастайтын. Содан курстастардың фамилиясын іздейтін едік. Енді мына интернет, электронды-сандық заманда ертек айтып отырған сияқтысың.
«Жетісудан» журналист әріптесіміздің талай мақаласын қызыға, құныға оқып едік. Кейбірі әлі есте.
Одан өткен ғасырдың 90-жылдарының басында егемендікке иек арттық. Жаңғырту желімен «Халық кеңесі» газеті шығатын болды. Жаңа республикалық күнделікті басылымға сайдың тасындай іріктелген журналистер жиналды. Жұмабек Кенжалин, Жанболат Аупбаев, Марат Тоқашбаев, Самат Ибраимов, Нұрдәулет Ақышев, Бақытжан Тобаяқовтармен қатар Мейрамбек осында шақырылып, белсене қызмет атқарды. Ана тіліне мемлекеттік мәртебе әперу, республиканың тәуелсіздігі мен тұтастығына көз алартқандарға тойтарыс беру, Қазақстанның ғарыш державасы болуын негіздеу, ұлтаралық алауыздықты қоздырмақ болғандарды сабасына түсіру – ол жылдардың басты әрі өзекті тақырыптары еді. Мылтығы, анығында қаламы қолынан түспеген Мейрамбек Мылтықбайұлы осы жауапты шептерде елдікті қорғаған тілшілік күзетте тұрды.
Сосын елдің ең басты газеті «Егемен Қазақстанға» қызметке келді. Бұл – республикада жаңа Конституция арқылы экономикалық, құқықтық, әлеуметтік реформалар басталған тұс. Біздің сақамыз енді саңлаққа айналып, ең қажетті тақырыптарды толғады.
Жалпы, «Жетісу», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет еткен жылдары жазғандары бірнеше кітаптың өзегіне айналды. «Сағасында Таластың бір ауыл бар», «Ақиқат алдында», «Саңырақ батыр», «Қаһарман Бақтыораз», «Қос жүрек – бір тағдыр», «Заман сөзі» туындыларын баспадан шыға сала оқығанбыз. Қарап отырсақ, бәрі әлі өзекті.
«Латын әліпбиі – келешектің кілті» атты филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбековпен сұхбаты осыдан он жыл бұрын «Атамұра» баспасынан шыққан «Заман сөзі» кітабына басылған. Оқыңыз: «Әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар: біріншісі – әліпби, екіншісі – таңба, үшіншісі – емле-ереже деңгейі». Міне, қазіргі күннің бағдарламасы.
Мейрамбек Төлепберген жас кезінде шығарған «Сағасында Таластың бір ауыл бар» кітабынан бастап туған жер жайындағы толғаныстан арылған емес. Жазбалары арқылы ауылының әрбір адамы, әрбір сайы мен тасы бізге таныс болып кеткен.
Электронды ақпарат саласындағы еңбегі тағы бір төбе. «Қазақстан – Тараз» арнасындағы хабарлары, «Хабар» мен «Жетісу» және «Қазақстанда» көптеген бағдарламасы эфирден өтті. Жетісу өңірінің елге елеулілері, халыққа қалаулылары оның «Аманат» хабарына қатысып, іргелі ой, жарқын естелік айтты.
Шерхан Мұртаза туралы деректі фильмінің атының өзі неге тұрады – «Шындықтың жебесі». Төле би туралы фильмін қалай үкілеген – «Қазақтың кемеңгері». Мұндай журналистік ізденістер ізсіз кетуі мүмкін емес, ол үшін Мейрамбек Төлепберген республикалық байқауларда талай жүлде алған. Бір сөзбен, журналистика саңлағы атанған.
Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов ағалардың 90-жылдар басында бір-біріне хат жазу арқылы қоғамның күрделі мәселелерін кезекпен талқылаған ерекше жанры болған. Осы дәстүрді жалғастырған да – Мейрамбек. Бізден бірер жыл бұрын оқып, үлкен қызметтерге жеткен, қордаланған ойларды қозғайтын Жолтай Әлмешұлын серік етті. Енді заман өзгерген. Технология жетілген. Бұл жолғы хаттар әлеуметтік желіге жарияланып жатты. Оны да оқып тұрдық.
Күндердің күнінде Мейрамбек қолқа салды. Екеуара хаттарды кітап етіп шығармақ екен, соған алғысөз жазумызды сұрады. Өтінішін жерге тастамай жаздық. Қолжазбасы дайын кітапты шығарып беретін баспаны екеуі бірге емес, тек Мейрамбек іздеді. Жолтай асықпаса да, Мейрамбек досымыз асыққан екен. Себебі 2024 жылдың ең соңғы күні айқын болды ғой.
Сага. Сага – әдеби жанр. Ол туралы Қазақ мемлекеттік университетіндегі «Әлем әдебиеті» пәнінің алғашқы бөлігінде оқытқан. 1976 жылы журналистика факультетіне оқуға түскен 50 ұл мен қыздың құлағына «сага» сөзі жетіп, саналарына қазақтың Батырлар жыры сынды әдеби мұрасын көне ирланд жұрты «сага» деп атайтыны сіңірілген. Одан арғы курста – «Әлем әдебиетінің» кезекті бөлігінде бәріміз Джон Голсуорсидің «Форсайттар туралы сагасын» оқыдық. 50 курстастың бірі Мейрамбек Төлепберген де осылайша жаһандағы жазғыштар қолданатын жанрдың біріне құлағын қанықтырғаны даусыз.
Бірақ кейін өзі туралы сага, бір емес бірнеше ондаған сагалар жазыларын білді ме? Білмеді ғой. Біз де білмедік.
2024 жылдың желтоқсан айының ортасында екеуіміз Ақтөбе қаласында бірге жүрдік. Облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына орай Мейрамбек екеуміздің күні кешегі әріптесіміз, сондағы медиахолдингтің бас директоры Раукен Отыншин шақырған. Бұл газетті бірнеше жыл бойы курстасымыз Әмір Оралбай басқарған. Шақыруды шамасы, соның құрметі шығар деп санадық...
Ақтөбеде осы заманғы ақпарат құралдарының бағыт-бағдары туралы ғылыми-практикалық конференцияда тереңнен толғады. Облыс әкімі қабылдағанда ойлы сөйледі. Өңір газетінің салтанатты жиынында қатар отырдық. Бірге фотоға түстік.
Кештетіп Алматыға ұшуымыз керек еді. Раукен өзі шығарып салды. Әуежайдың құрметті қонақтарға арналған бөлмесіне дастарқан жайыпты. Біздің Алматыда боран екен. Ұшақты қондырмайтын болды. Ұшуы әр екі сағат сайын шегеріле берді.
Талай әңгіме айтылды. Айтатын – Мейрамбек екеуміз. Ұшақта ұйықтамай тағы екі сағат сөйлестік. Ақыры Алматы мен Талғардың арасындағы біздің үйдің алдында қоштасқанбыз.
Мәңгілікке қоштасып тұрғанымызды қайдан білейік. Жарты айдан соң төбемізден жай түскендей болды.
Ақтық сапарға аттандырған соң асында естелік айттық. Таразда қырқын берген қалың жұртының алдында тағы естелік толғадық.
Содан соң өзі тарау-тарау етіп тақырыптарын ғана жазып, жобалаған қойын дәптерін алып, сол бойынша мақалаларын жиыстырдық. Кітаптың атын өзі қойыпты. «Сағынышты жылдар мен жолдар». Баспадан шығуына атсалыстық.
Содан соң жан-жақтан сага жинастырдық. Мейрамбек Төлепберген туралы сага...
Қайнар ОЛЖАЙ
 Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар: Көрілімдер:97
Көрілімдер:97 Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 31 Қазан 2025 08:24
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 31 Қазан 2025 08:24 




 Кіру
Кіру
 Жаңалықтар
Жаңалықтар Ауа райы
Ауа райы Магниттік дауылдар
Магниттік дауылдар Намаз уақыты
Намаз уақыты Қымбат металдар
Қымбат металдар Валюта конвертері
Валюта конвертері Кредит есептегіш
Кредит есептегіш Криптовалюта бағамы
Криптовалюта бағамы Жұлдыздар
Жұлдыздар Сұрақ - Жауап
Сұрақ - Жауап Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Интернет жылдамдығын тексеріңіз Қазақстан радиосы
Қазақстан радиосы Қазақстан телевизиясы
Қазақстан телевизиясы Біз туралы
Біз туралы 
 
 

 
 
 







 
 Ең көп оқылғандар
Ең көп оқылғандар



















