“Троллейбус алғашқы әрі жалғыз көлігім“. Қоғамдық көлік жүргізушісімен бір күн
Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Таңғы сағат 5:50. Алматы көгіне күн енді ғана көтерілді. Қала әзірге тым-тырыс, бірақ троллейбус паркі қақпасының арғы жағында жұмыс күні басталып кеткен.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
Әйгерім Әбдірасылова 12 жылдан бері Алматыдағы № 11 троллейбус жүргізушісі болып жұмыс істейді және ауысымын таң атпай бастайды. Оның жұмыс күні медициналық тексеруден, кілттерді алудан және желіге шығар алдында машинаны міндетті түрде тексеруден басталады. Қоғамдық көлік жүргізушісі болғанға дейін Әйгерім мүлде рульге отырмаған, сондықтан ол өзінің алғашқы және жалғыз көлігі деп дәл осы троллейбусты атайды. Оның ауысымы 15 сағатқа дейін созылуы мүмкін және осы уақыттың көп бөгілін жүргізуші жолға, жолаушыларға, айналарға және байланыс желісіне бірдей қарап, рульде өткізеді. Өз мамандығының басты қиындықтарының бірі деп ол қозғалыстың басқа қатысушыларының мінез-құлқын — арнайы жолақтарға тұраққа қоюды, мопед жүргізушілерінің қауіпті маневрлерін және қоғамдық көліктің жолын кесетін жүргізушілерді санайды. Бірақ Әйгерімнің айтуынша, жолаушылармен тіл табысу одан да қиын: жүргізушілерге дөрекілікке, жанжалдарға, тіпті агрессияға тап болуға тура келеді. Соңғы бес жылда Қазақстанда ашық дереккөздерден жолаушылардың қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасауының кем дегенде 14 жағдайы табылды, олардың кейбіреуі ауыр жарақаттармен және адам шығынымен аяқталды. Бұл ретте жағымсыз жағдайлардың орнын ризашылық білдірген жолаушылар, әсіресе троллейбус тізгініндегі әйелді көріп таңғалатын балалар толтырады, дейді Әйгерім. Ұзақ ауысымдарға, жоғары жауапкершілікке және жұмысты отбасы жағдайымен ұштастыру қажеттілігіне қарамастан, ол мамандығын өзгертуге ниетті емес. Неліктен Әйгерім троллейбусты өзін тапқан жері деп санайды, қанша жалақы алады және бағытта онымен қандай күтпеген жағдайлар болады — материалдың толық нұсқасынан оқыңыз.
Аумақта жүргізушілер мен слесарлар ары-бері жүр, бокстардан бірінен соң бірі троллейбустар шығып жатыр. Осы таңғы қарбаласта Tengrinews.kz тілшілерін №11 троллейбус жүргізушісі Әйгерім Әбдірасылова қарсы алды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Әйгерім бұл сәтте өте сергек және жүзінен күлкі еседі - таңғы бестен бері аяқтан тік тұрғаны тіпті байқалмайды. Амандаса сала, ол бізді депоның ішіне қарай бастап кетті. Жол-жөнекей әріптестерімен сәлемдесіп үлгеріп жатыр.
"Ең бірінші - медициналық пункт", - деп ол адымын жылдамдата түсті.
Бізге де тез жүруге тура келді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Деподағы барлық процесс автоматтандырылған. Жүргізушілер Face ID арқылы өтіп, бірдей ондаған қобдиша ішінен өзінікін тауып алады да, кезекпен аппаратқа жақындайды. Ол қан қысымын өлшеп, алкоголь тексерісін жүргізеді. Содан кейін - дәрігерге. Хал-жағдайы туралы бірнеше сұрақ, көрсеткіштерге көз жүгірту, журналға жазба - келесі.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Бәрі де әбігерсіз, жылдам және нұсқаусыз-ақ орындалады. Әркім бұдан кейін не істеу керек екенін біледі.
"Егер қандай да бір шағым немесе ескерту болса, бізді жұмысқа жібермейді", - деп түсіндірді Әйгерім өзінің 7048 нөмірлі қобдишасын іздеп жатып.
Бұл - оның троллейбусының борт нөмірі.
Медициналық тексерістен кейін жүргізушілер келесі терезеге ауысады. Мұнда оларға кілт пен өтінім кітабы беріледі - оған ауысымнан кейін слесарлар назар аударуы тиіс барлық жайт жазылады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Медициналық тексеріс өтті, кілт алынды. Енді - көлікке. Жолда Әйгерім әріптестеріне сәттілік тілеп, парктен шығып бара жатқандарға қол бұлғап үлгерді.
"Әркімнің өз кестесі бар. Егер ең ерте шығатыны 5:15-те басталса, жүргізуші мұнда 4:55-те келеді. Ең кеші - 7:28-де. Алғашқы болып шыққандар кешкі жеті-сегізге дейін жұмыс істейді", - дейді ол.
Троллейбусына келген соң Әйгерім ең алдымен музыка қосады. Бұл оның таңғы кішігірім рәсімі. Бүгін колонкалардан Peggy Gou - Nanana әні естіледі. Таныс қайырмамен бірге Әйгерім ашық жасыл түсті жарық шағылыстыратын портупеясын киіп алады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Бұл - менің "сауытым", - деп күледі ол. - Егер желіде штангалар ажырап кетсе, біз сыртқа шығып, басқа жүргізушілер бізді көріп тұрғанына көз жеткізуіміз керек".
"Штанга" - біз троллейбустың "мүйізі" деп атап кеткен бөлшектің кәсіби атауы.
Кабинада Әйгерім аккумуляторды қосып, техникалық люкті жабады да, көлікті тексеруге кіріседі. Троллейбусты айналып өтіп: терезелерін, желдеткіштерін, айналарын тексереді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Содан соң қолғап киіп, тоқ қабылдағыштарды қолға алады. Әлгі "мүйіздер" сырттай ауыр көрінгенімен, Әйгерім оларды нық қимылмен басқарады. Арқандарды тартқанда - бір штанга байланыс сымынан ажырайды, соңынан екіншісі. Оларды қарап шығып, дәл қимылдармен орнына қайта қояды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Біз мұны сырттан бақылап, маңызды жайттарды мүлт жібермеуге тырыстық.
"Мұндайды видеоға түсіру керек. Бірақ сіздер әдемілеп жазасыздар ғой?" - деп Әйгерім жымия көз қысты.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Бірнеше минуттан соң борт нөмірі 7048 он бірінші троллейбус парктен баяу шығып кетті. Біз ішіндеміз, жүргізуші кабинасының жанында - Әйгеріммен бірге оның бүгінгі рейсіне аттандық.
"Бұл менің алғашқы әрі жалғыз көлігім"Троллейбус қарқын алды. Терезе сыртында - Алматының әзірге жартылай бос көшелері. Әйгерім үлкен рөлді нық ұстап, бізге өз хикаясын айтып келеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Таңқаларлығы, ол депоға жұмысқа тұрғанға дейін жеңіл көлік айдап көрмеген.
"Бұл менің алғашқы көлігім. Троллейбус, елестетіп көріңізші?! - деп жымиды Әйгерім, сонымен бірге көзін жолдан тайдырмай. - Мен өзімді мұнда өте жайлы сезінемін. Ол содан бері менің алғашқы әрі жалғыз көлігім болып қалды".
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Мамандығы бойынша Әйгерім - банк ісінің маманы, бірақ ол сала бойынша жұмыс істегісі келмеген. Жас кезінде полиция немесе әскери қызметте істеуді армандаған - оны ол жақта да ірі техникалар қызықтыратын. 2014 жылға дейін аға даяшы болып жұмыс істеген. Күн сайын жұмысқа бара жатқанда жолаушы орындығында отырып, жүргізушінің орнына қызыға қарайтын.
"Мен жұмысқа троллейбуспен баратынмын және әрдайым: "Қандай керемет! Мен де осы жерде отырғым келеді" деп ойлайтынмын. Құдай тілегімді естіген болуы керек. 24 жасымда курсанттар қабылдау туралы хабарландыруды көріп, үш ай оқып, емтихан тапсыруға бардым. Емтихан кезінде МАИ қызметкері маған қарап: "Сен қайда барасың? Кіп-кішкентай, нәзіксің ғой", - деді. Ал мен оған: "Аға, тиіспеңіз, бәрі дұрыс болады" дедім".
Емтиханнан кейін Әйгерім тағы бір ай тәлімгермен бірге жүрді (жаңадан келген жүргізушілер оларды өз араларында "папа" деп атайды). Одан кейін алғаш рет маршрутқа жалғыз шығатын сәт те туды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Тәлімгерсіз өткен алғашқы күн есімнен кетпейді. Түні бойы ұйықтамай, уайымдадым. Өйткені бәрін өзім шешуім керек: апатты қалай айналып өту қажет, жолаушылармен қалай сыпайы сөйлесу керек дегендей. Бірақ кешке қарай қорқыныш басылды. Өзіме: "Сенің қолыңнан келеді. Бәрі істеп жүр ғой, сенің олардан нең кем? Қане, өзіңді қолға ал" дедім де, жүріп кеттім", - деп еске алады Әйгерім кезекті қиылыстан өтіп бара жатқанымызда.
Рөлдегі 15 сағат және 30 минуттық түскі асКелесі аялдамада есіктер ашылып, салонға алғашқы жолаушылар кіре бастады. Әзірге қозғалыс кестесінен кешікпей келеміз. Осы сәтті пайдаланып, Әйгерімнен жұмыс күні қалай өтетінін сұрадық.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Троллейбус жүргізушісінің ауысымы 13-тен 15 сағатқа дейін созылады. Жұмыс кестесі ауысымды: екі күн жұмыс, екі күн демалыс.
№11 бағыт бойынша бір рейс шамамен бір жарым сағатты алады. Соңғы аялдамаға барып, кері қайтуға шамамен үш сағат кетеді. Троллейбустар арасындағы интервал - сегіз минуттай.
Осы уақыттың басым бөлігін жүргізуші бір қалыпта отырып өткізеді.
"Омыртқа - біздің басты тірегіміз. 15 сағат бойы тапжылмай отыру оңай емес, сондықтан бізге міндетті түрде қозғалу керек. Соңғы аялдамада үзіліс болғанда, қан айналымын жақсартып, бой жазу үшін кабинадан шығып, ары-бері жүремін".
Бір ауысымда түскі асқа бір сағат беріледі, бірақ ол 30 минуттан екіге бөлінген.
"Мен алдымен алты сағат үзіліссіз жұмыс істеймін, содан кейін жарты сағат түскі ас ішуге уақыт беріледі. Тағы үш сағаттан соң - екінші 30 минуттық үзіліс", - деп түсіндірді ол.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Әйгерімнің айтуынша, ағза мұндай режимге уақыт өте келе үйреніп кетеді. Тіпті демалыс күндері де оятқышсыз таңғы алтыда оянады екен.
"Біз әскердегідей шынығып кеткенбіз", - деп күледі ол.
Ұзақ ауысым жүргізушіге ғана емес, троллейбустың өзіне де салмақ түсіреді. Әр көліктің өзіндік техникалық қызмет көрсету кестесі бар. Дегенмен, ақау туралы слесарларға жүргізушілердің өздері де хабарлап отырады.
Ол үшін кабинада Әйгерім таңертең кілтпен бірге алған өтінім кітабы жатады. Егер рейс кезінде есіктерден, рөлдік басқарудан немесе басқа да механизмдерден ақау шықса, жүргізуші ауысымнан кейін слесарлар үшін жазба қалдырады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Бас 360 градусқа айналады" және жол-көлік оқиғасы"Міне, мысалы, соңғы өтінім: бәрі кедергісіз істеуі үшін оң жақ штанганы ауыстырып, табандықтарды майлау керек", - деп қыз бізге өз жазбаларын көрсетті.
Әңгімелесе отырып, Алматының таңғы кептелісіне де қосылдық. Сағат сегізге таяп қалды. Көлік легі артып, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолаққа жеңіл көліктер мен мопедшілер қайта-қайта киліге бастады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Рөлде отырғанда басың 360 градусқа айналады, - дейді Әйгерім. - Бір уақытта сымдар мен байланыс желісінің бағыттауыштарын қадағалаймыз, айналар мен салондағы камераларға қараймыз. Кейде жолымызды кесіп кететіндер болады. Бірақ троллейбустың салмағы 17 тонна, оның тежелу жолы өте ұзақ. Құдай сақтасын, бірдеңе бола қалса... Сондықтан жағдайды алдын ала болжауға тырысамыз: егер біреу қатты жылдамдықпен келе жатса, аяғымыз тежегіште дайын тұрады".
Оның алғашқы жол-көлік оқиғасы дәл осындай басқа жүргізушінің қауіпті маневр жасауынан болған. Оқиға жұмысқа орналасқан алғашқы айда болыпты.
"Маған бағыттауыш тұсында басқа желіге ауысу керек болды. Енді жүре бергенімде, бір жеңіл көлік алдымды кілт кесіп өтті. Арада небәрі бірнеше метр қалды. Рөлді барынша бұрғаныммен, тежелу жолы жетпеді. Көліктің бампері мен айнасын қағып кеттім. Иесі атып шығып: "Полиция шақырмай-ақ келісейік!" дейді. Бірақ бізде олай етуге болмайды: бірден диспетчерге хабарлап, қозғалыс қауіпсіздігі қызметін шақырамыз. Ал әлгі жүргізуші кейін маған қарап: "Қыз, бұл сенің жұмысың емес. Сен бір жерде директор болып отыруың керек еді" деді".
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
12 жыл ішінде Әйгерімде санаулы ғана жол апаты болған. Ол қоғамдық көлік жүргізушілерін жолдағы ең тәртіпті деп санайды.
"Жолдағы сыйластық - екі-ақ пайыз": Тұрақ және Тимирязевтегі BRT"Біз жарты жыл сайын жол жүру ережелері бойынша емтихан тапсырып, сертификат алып тұрамыз. Ал жеңіл көлік жүргізушілерінің арасында ережені жақсы білетіндері 10 пайыз ғана, бәлкім одан да аз шығар", - деп бөлісті кейіпкеріміз.
Әйгерімнің айтуынша, ол қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар пайда болғанға дейінгі және кейінгі айырмашылықты анық сезінген.
"Жұмысты жаңа бастағанда арнайы жолақтар болмады - міне, сол нағыз қиямет еді. Жеңіл көліктер алдыңды кес-кестейді, алдыңа келіп кілт тоқтайды. Қазір өз жолағың бар - еркін жүресің", - дейді жүргізуші.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Дегенмен, Алматы жолдарындағы жағдайды әлі де мінсіз деп айту қиын. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің басты проблемасы - қарапайым мәдениеттің жоқтығы мен жол жиегіне қойылған көліктер.
"Нағыз мәселе - жүргізушілердің көлігін кез келген жерге тастап кетуі. Мысалы, әл-Фарабиде, Абайда немесе университеттер жанында. Ол жақта көліктер тура автобус жолағында екі, тіпті үш қатар болып тұрады! Ал саған аялдамаға жақындау керек. Бұл ретте кептелістен сені ешкім өткізгісі келмейді. Жолдағы жүргізушілердың сыйластығы, ары кетсе, екі-ақ пайыз дер едім. Арнайы жолақтарға тұрақтайтындарға жай ғана айыппұл салмай, бірден эвакуатормен алып кету керек - сонда ғана үйретеміз", - дейді Әйгерім.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Ал Алматыдағы ең жақсы көретін көшесі қайсы деген сұраққа Әйгерім ойланбастан Тимирязев деп жауап береді. Ол жақтағы BRT жолағын жою мүмкіндігі туралы әңгімелер оның көңіліне кірбің ұялатады.
"Жолдағы кердеңсу": мопедистер мен көрінбейтін аймақтар"Мен Тимирязев көшесін жақсы көремін! Бұл өте ыңғайлы ғой! Әрине, егер BRT-ны алып тастаса, өте өкінішті болады. Ортадағы арнайы жолақ - ең сауатты шешім. Адамдар жеке көлігімен шексіз кептелісте тұрғанша, троллейбуспен жұмысқа тез, 10–15 минутта жетеді. Мен жалпы Алматының барлық орталық көшесінде автобус жолақтары тура ортадан жүргізілгенін қалар едім", - қоғамдық көлік жүргізушілерінің не армандайтынын осылай білдік.
Сол сәтте троллейбустың оң жағынан мопедист зу ете қалды. Ол автобус жолағымен жылдам жүріп өтіп, бірнеше секундтан кейін алда көрінбей кетті.
"Карантиннен кейін мопедистер тым көбейіп кетті, олар осылай бетімен кеткен. Автобус жолағымен жүреді, кердеңсіп, троллейбустың алдында артқы дөңгелегімен жүруге тырысады. Олар үшін, сондай-ақ велосипедтер мен самокаттар үшін Абай даңғылында керемет жолақ жасап берді ғой - сонда жүріңдер! Автобус жолағына килікпеңдер!" - деп Әйгерім эмоциямен үндеу тастады.
Жүргізушінің айтуынша, басты қауіп - жолдағы күтпеген жағдайлар мен троллейбус айналасындағы көрінбейбін аймақтар.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Бәріміз пендеміз. Рөлде отырғанда не болмайды? Құдай сақтасын, егер жүргізушінің денсаулығы сыр берсе, ол қай жаққа қарай бұрылады? Жиектасқа тіреліп тоқтау үшін оңға қарайды. Ал егер сол сәтте ол жерде велосипедші, самокатшы немесе мопедист келе жатса ше? Бітті! Сондықтан рөлде отырғанда өзің үшін де, өзгелер үшін де ойлауға тура келеді", - деп күрсінеді кейіпкеріміз.
"Бәріне біз кінәлі сияқты"Қауырт сәт басталды. Салон бірте-бірте жолаушыларға толды. Егер Әйгерімнен қоғамдық көлік жүргізушісі жұмысындағы ең қиын нәрсе не деп сұрасаңыз, ол бірден: "Жолаушылар", - деп жауап береді.
Оған 17 тонналық троллейбусты ұқыпты жүргізіп қана қоймай, адамдарға қарапайым ережелерді шыдамдылықпен түсіндіруге тура келеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Жолаушылар - бала сияқты. Олар ішке кіреді де, есіктің алдына жиналып тұрып алып, басқалардың кіріп-шығуына кедергі жасайды. Немесе тура төбемнен төніп тұрып, шынының арғы жағынан желкеме қадалып қарайды. Мен олардан сыпайы түрде: "Өтінемін, салонның ішіне қарай өтсеңіздер", - деп сұрай бастаймын. Ал оған жауап ретінде көбіне: "Өзім білемін! Маған ақыл үйретпей-ақ қой! Қайда тұрғым келсе, сонда тұрамын!" дегенді естимін. Осындай сәттерде өзімді тәрбиеші сияқты сезінемін.
Бірақ есік алдындағы кептеліс пен жолақы үшін талас - ең жағымсыз нәрсе емес. Жүргізушілер бәрінен де агрессивті жолаушылардан қорқады.
Әйгерім 2023 жылы жолаушы автобус жүргізушісін ұрған қайғылы оқиғаны еске алады. Жүргізуші әйел есінен танып қалып, автобус басқарудан шығып, аялдамадағы адамдарды қаққан болатын. Үш адам қаза тапты. Әйгерімнің айтуынша, бұл оқиға қала жүргізушілерін қатты есеңгіреткен.
Анықтама: Бұл жалғыз оқиға емес. Жүргізушілер жиі шабуылға ұшырайды. Редакция ашық дереккөздерден кейінгі бес жылда Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау, Петропавл және Тараз сияқты әртүрлі қалада жолаушылар қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасауының кем дегенде 14 жағдайын тапты. Әсіресе 2024 жылы мұндай эпизод көп болды - кем дегенде сегіз жағдай. Жанжалдарға жолақы төлеуден бас тарту, аялдаманы өткізіп жіберу, тезірек жүруді талап ету, бұзылған автобустан түсуді сұрау, жүргізушінің салондағы төбелесті тоқтатуға тырысуы себеп болған, ал бірқатар жағдайда агрессорлар мас болған. Жүргізушілерді жұдырықпен және аяқпен ұрып, буындырып, автобустан сүйреп шығарған, пышақпен, балғамен және кастетпен шабуыл жасаған, қорғаныс қалқандарын қиратқан.
"Бұл өте қорқынышты. Автобус немесе троллейбус жүргізушісі болсаң да бәрібір - бәріміз бір отбасы сияқтымыз және әрқашан әріптесіміз үшін алаңдаймыз. Ешкім де агрессиядан қорғалмаған. Қазір XXI ғасыр, бәрі дамыған: маршрут карталары аялдамаларда ілулі тұр, интернет бар, 2ГИС барлық ауысып міну жолдарын көрсетеді. Соны пайдаланыңыздар! Бірақ кейбіреулер бізге тек жиналып қалған ашуын шығару үшін келеді. Ал біз бәріне кінәлі адам сияқты отырамыз", - бұл тақырыптың Әйгерімге қатты бататыны көрініп тұр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
12 жылдық жұмыс өтілінде оның өзінде де мұндай оқиғалар аз болмаған. Жолаушылар әдейі салонды басып өтіп, кабинаға келіп дөрекілік көрсеткен, түкірген немесе әйнекті ұрған кездері де болған.
"Нағыз актерлер": "қояндар", еңбекті бағаламау және жалақы"Бірде кептелісте тұрып қалдым, аялдамадан небәрі үш-төрт метрдей ғана ұзаған едік. Ал біз жолаушыларды тек аялдамада түсіруге тиіспіз. Сол кезде бір әже бүкіл салонға айқай салып (троллейбусты тоқтатып, түсіп қалу үшін - ред. еск.), қасыма келіп, бар пәрменімен балдағымен терезені ұрды. Оның маған қарай келе жатқанын көріп: "Егер терезе шағылса, сынықтары маған ұшады-ау" деп ойладым. Есікті ашып: "Болды, түсіңізші" деуге тура келді. Егер жүргізушіні салоннан бөліп тұратын қоршау толық жабық болса және жолаушылар бізге жете алмаса, жақсы болар еді".
Біз бағыт бойынша жүріп келе жатып, Әйгерімнің назары рөо қасындағы шағын таблоға жиі ауатынын байқадық. Онда қанша жолаушы жолақысын төлегені көрініп тұрады.
Кезектегі аялдамада салонға шулаған қалың топ лап қойды. Есіктер жабылып, троллейбус жылдамдық алғанымен, экрандағы төлем жасағандардың саны айтарлықтай өзгере қоймады.
"Міне, өзіңіз қараңызшы, - дейді кейіпкеріміз, - он шақты адам кірді, бірақ "Оңай" картасымен біреуі ғана төледі. Қалғандары телефон арқылы төлеп жатқандай кейіп танытады. Негізі маған бәрі көрініп тұр. Нағыз актерлер ғой! Бақылаушы кіргенше соңғы сәтке дейін отыра береді. Көңілге тиеді: мен оларды тасып келемін, бұл менің еңбегім, ал адамдар оны бағаламайды".
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Кейде жолаушылар ақшасы жоқ екенін ашық айтады. Мұндай жағдайда Әйгерім алдын ала ескертуді сұрайды - сонда тексеріс кезінде жағдайды бақылаушыға өзі түсіндіріп береді.
"Қояндардың" табысқа әсері бар ма деген сұраққа Әйгерім басын шайқады. Жүргізушінің жалақысы төленген билет санына байланысты емес. Дегенмен, мұнда бекітілген айлықақы да жоқ: қорытынды сома жұмыс істелген сағаттардан құралады. Ал тапқан табысының нақты мөлшерін айтқанды ұнатпайды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
- Қанша табатынымды білгіңіз келсе - келіңіз, оқыңыз. Бізге жүргізушілер әрдайым керек. Бір ауысым жұмыс істеп көрсеңіз, бәрін өзіңіз-ақ білесіз, - деп жымиды қыз.
Бірақ біз бәрібір болжап көрдік:
- Сонымен, 600 мыңнан асады ғой?
- Бинго! - Әйгерім саусағын сырт еткізіп, күліп жіберді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Алайда, сәтсіз күндер мен "қояндардың" орнын алғыс айтатын, жағдайды түсінетін қала тұрғындары толтырады.
Кейде олар жүргізушіні өздері қорғап шығады. Егер біреу шұғыл тежеу немесе кептеліс үшін наразылық білдіре бастаса, 11-троллейбустың тұрақты жолаушылары: "Адамның жұмысына кедергі жасамаңыз! Көрмейсіз бе, оның жолын кесіп кетті ғой!" - деп тыйып тастауы мүмкін.
Әйгерімнің есінде әсіресе жолаушылардың берген шағын сыйлықтары сақталып қалған.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Біздің соңғы аялдамамыз - Көк базар. Карантинге дейін ол жақтан көбіне сауда жасаған әжелер мінетін. Кіріп келе жатып күлімсіреп, "мә, қызым, ал" деп кәмпит немесе жеміс ұсынатын. Шабдалы, өрік, алма беретін. Бұл сондай жылы әрі жағымды сәттер еді", - деп еске алады жүргізуші сағынышпен.
Бірақ ең сүйікті жолаушылары - балалар:
"Тәте сияқты болғым келеді""Балалар әрқашан қуанып кіреді, жақсы сөздер айтып, күніме сәттілік пен ақ жол тілейді. Міне, осылар - менің ең сүйікті жолаушыларым".
Жұмыс істеген жылдар ішінде Әйгерім адамдардың өзіне деген түрлі реакциясына үйреніп кеткен. Біреулер троллейбус тізгініндегі әйелді көріп таңғалса, енді біреулері сенімсіздікпен қарайды.
"Жолда әлі күнге дейін рөлдегі қызды көріп, сигнал басатын, тіпті көлік жүргізуді үйреткісі келетіндер жетерлік. Шамасы, намыстарына тиетін болса керек. Ал сіз менің орныма отырып, өзіңіз байқап көріңізші", - деп жымиды жүргізуші.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Ал жолаушылар көбіне қызығушылықпен қарайды, әсіресе - балалар.
"Кейде ата-аналар баласымен кіріп: "Қарашы!" дейді. Балалар маған таңырқай қарап, кейбірі кейін: "Өскенде мен де осы тәте сияқты болғым келеді" дейді. Осындай сәттер үшін таңғы бесте жұмысқа шығуға тұрарлық".
Бұл ретте троллейбус жүргізушілері арасында әйелдер әлі де аз. Алматы троллейбус паркінде 300-ге жуық жүргізуші жұмыс істесе, оның тек 63-і әйел.
Гендерлік теңсіздіктің бір себебі ретінде Әйгерім отбасындағы бұл мамандыққа деген көзқарасты атайды: кейбір күйеулері әйелдерінің жүргізуші болып жұмыс істеуін қолдамайды. Оның пікірінше, басқа әйелдерді ауыр жұмыс пен жауапкершілік сескендіреді.
"Көбісі: "Жолда өзімді қалай ұстаймын? Бәріне бірдей қалай үлгеремін?" деп ойлайды. Жолға қарап, көлікті басқару және жолаушыларды қадағалау керек. Осының бәрі қосылып шошытады. Бірақ егер әйел адам қаласа - мархабат, кел, көріңіз", - деп шақырады Әйгерім.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Әйгерім отбасы мұндай мамандық таңдауын қабылдағанын айтады. Бірақ басында уайымдағаны рас. Әсіресе анасы қатты алаңдаған: туыстарының арасында ешкім ешқашан қоғамдық көлік жүргізушісі болып істемеген. Уақыт өте келе көзқарас өзгерді.
"Қазір мақтанады. Қатты мақтанады!" - дейді қыз күлімсіреп.
Оның жұмысына, әсіресе, 16, 11 және 9 жастағы үш ұлы ерекше таңданыспен қарайды. Жүргізуші кейде балалары анасының кім болып жұмыс істейтінін көрсету үшін троллейбусқа достары мен сыныптастарын ертіп келетінін айтады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
"Олар: "Міне, бұл менің анам!" – деп мақтанышпен айтады. Ал достары: "Уау! Бізге анаңмен бірге жүруге бола ма?" – деп жатады. Мен ешқашан бетін қайтармаймын. Балаларымның менің жұмысымды мақтан тұтқаны маған жағымды".
Отбасылық өмірді ұзақ ауысымдармен ұштастыру оңай емес, сондықтан үй шаруасының бір бөлігін тікелей кабинада отырып, телефон арқылы шешуге тура келеді: балалардың жиналғанын, мектепке кеткенін тексеру, мұғалімдерге жауап беру. Жұмыс кестесіне байланысты жолдасымен демалыс күндері де сирек сәйкес келеді. Ал жеке демалыс күні әрдайым тынығуды білдірмейді.
"Үй жинау, балаларды бір жаққа апару, кір жуу, киім үтіктеу, кешкі ас дайындау – бәрі бір күнде. Аналық міндет ешқашан тоқтамайды", – дейді Әйгерім күліп.
Блиц: троллейбус, кофе және кешкі АлматыҚоштаспас бұрын Әйгерімге шағын блиц-сауалнама ұсындық. Мұнда ол көп ойланбастан жауап берді.
- Автобус па, әлде троллейбус па?
- Троллейбус. Мен оны жарнамалап жүрмін ғой!
- Таңғы ауысым ба, әлде кешкі ме?
- Таңғы.
- Сүйікті бағытыңыз?
- Он бірінші.
- Жұмыс алдында шай ма, әлде кофе ме?
- Кофе. Міндетті түрде.
- Не қиынырақ – кептеліс пе, әлде жолаушылар ма?
- Екеуі де. Кептеліс уақытымызды алса, кейбір жолаушылар энергиямызды тауысады.
- Рөлдегі ең сүйікті уақытыңыз?
- Кешкі уақыт. Сағат жетіден он бір-он екіге дейін.
- Музыка ма, әлде тыныштық па?
- Әртүрлі. Таңертең сергу үшін музыка қосамын. Ал кешке қарай бәрін өшіріп, тыныштықта айдаймын.
- Троллейбуста не жетіспейді?
- Алғашқы көмек қобдишасында мүсәтір спирті жетпейді. Кейде студент қыздар мінеді, олар көбіне диета ұстап, ештеңе ішпей-жемей, лық толы салонда есінен танып қалып жатады.
"Әр жолаушы үшін уайымдайсың. Биыл бір оқиға болды: бір жігіт жүгіріп келіп, салондағы адамның жағдайы нашарлағанын айтты. Мен бірден бейтарап беріліске қойып, қол тежегішін тарттым. Қарасам, 65 жастағы ер адам мұрнын қасығысы келеді, бірақ қолын көтере алмайды, сөзі де түсініксіз. Бірден түсіндім – инсульт алдындағы жағдай. Барлық терезелер мен есіктерді ашып, 103-ті шақырдым, белгілерін сипаттап бердім және жедел жәрдем келгенше қасында болдым. Мен жолаушыларым үшін әрқашан алаңдаймын. Біз үшін ең бастысы – адамдарды аман-есен жеткізу".
- Қоғамдық көліктің жақсы жүргізушісі қандай болуы керек?
- Сыпайы, психологиялық тұрғыдан төзімді және мейірімді.
- Троллейбус жүргізушісі болғысы келетін жас қыздарға не айтар едіңіз?
- Өздеріңізді барлық салада байқап көріңіздер! Бір нәрсемен шектеліп қалмаңыздар. Бәлкім, сіздің нағыз кәсібіңіз осы шығар. Өзіңіз байқап көрмейінше, өмірден нақты не қалайтыныңызды түсінбейсіз.
Біздің сапарымыз аяқталды, ал Әйгерімнің ауысымы әлі жалғасып жатыр. Ол жанарын қайтадан жолдан айналарға, сымдарға, содан соң салонға аударады. Алда кезекті аялдама мен жаңа жолаушылар күтіп тұр.
"Бірнеше диплом алып, бірақ өз орнын таба алмаған адамдар бар. Ал мен өзімді троллейбустан таптым", – дейді ол бізбен қоштасарда.
Троллейбус оның алғашқы әрі сүйікті көлігі болып қалды. Оны басқа ештеңеге айырбастайтын түрі жоқ.
Тағы оқыңыз: "Көршілер жанжалынан, қарулы шабуылға дейін". Алматылық учаскелік инспектордың жұмысы қандай?
Авторлары: Ақбота Сіләм, Болат Айтмолда
Дайындаған: Айнұр Қапышова
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:41
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 20 Тамыз 2026 22:59 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















