Жарыстан жүлделі оралған жас сарбаздар
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
«Айбын-2026»: Жеңіс жолы
Ақмола облысының Щучинск қаласында әскери мектеп-лицейлер мен әскери оқу орындары арасында өткен халықаралық додада Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж үздік шығып, бірінші орынды жеңіп алды. Ал облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әскери-патриоттық клубтары арасындағы сайыста Шымкент қаласының мектеп оқушыларынан құралған «Сұңқар» командасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды.
Жеңімпаздарды қарсы алу рәсіміне ата-аналар, жастар ұйымдарының өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері, әскери құрылымдардың басшылығы мен ардагерлер қатысты. Сонымен қатар қала әкімдігі, Қорғаныс істері жөніндегі департамент, әскери колледж ұжымы, гарнизон әскери қызметшілері мен Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері жеңімпаз жастарға құрмет көрсетті. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өткен салтанатты іс-шара жас сарбаздардың жадында ұзақ сақталатын ерекше сәттердің біріне айналды.
Айта кету керек, халықаралық әскери-патриоттық жиынға Қазақстанмен қатар шетелдерден келген 64 команда қатысты. Бәсекесі жоғары додада шымкенттік жастар өздерінің әскери даярлығының, ұйымшылдығының және жауынгерлік рухының жоғары деңгейде екенін дәлелдей білді. Темірдей тәртіп пен тыңғылықты дайындықтың арқасында олар үздіктер қатарынан көрінді.
Сабыр Рахымов атындағы әскери колледждің курсанты Ернұр Өмірәлі бұл жеңістің оңайлықпен келмегенін айтады.
– Жарыста колледжіміздің намысын абыроймен қорғап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иелендік. Осы нәтижеге жету үшін ұзақ уақыт бойы жүйелі дайындалдық. Түрлі спорттық жарыстарға қатысып, әскери шеберлігімізді шыңдадық. Соның нәтижесінде төрт бірдей байқауда бірінші орын алып, жалпы есепте көш бастадық, – дейді ол.
– Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылардың барлығы мықты дайындықпен келгені бірден байқалды. Сондықтан сайыс басталар алдында аздап толқығанымыз рас. Өйткені халықаралық деңгейдегі мұндай додаға әр елдің, әр өңірдің ең үздік командалары қатысады. Соған қарамастан, намысты қолдан шығармауға бар күшімізді салдық.
Бізге ата-аналарымыздың, ұстаздарымыздың және колледж ұжымының артқан сенімі ерекше жігер берді. Жарысқа аттанарда айтқан ақ тілектері мен жүрекжарды лебіздері рухымызды көтеріп, жауапкершілікті бұрынғыдан да терең сезінуге ықпал етті. Оның үстіне бұл тек колледждің емес, ел намысы сынға түсетін халықаралық жарыс болды. Сондықтан Қазақстанның абыройын биік ұстау әрқайсымыздың басты мақсатымызға айналды.
Әрине, жеңіске жету үшін жалғыз намыс жеткіліксіз. Мұндай деңгейдегі жарыстар тыңғылықты әрі жан-жақты дайындықты талап етеді. Сондықтан жарыс өтетіні белгілі болған сәттен бастап жүйелі жаттығуларға кірістік. Әскери-патриоттық сайыстарда ең алдымен физикалық дайындық сыналады. Осыған байланысты спорттық жаттығуларға ерекше көңіл бөлдік. Белтемірге тартылып, күш-қуатымызды арттырдық, төзімділігімізді шыңдадық.
Сонымен бірге әскери колледждің курсанты тек спортпен шектелмеуге тиіс. Болашақ сарбаз әскери тактиканы жетік меңгеріп, қару-жарақ пен әскери техниканы кәсіби деңгейде игеруі қажет. Осы талаптарды орындау үшін тактикалық оқу-жаттығуларға белсенді қатысып, тәжірибемізді молайттық.
Біз тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да тыңғылықты дайындалдық. Себебі кез келген жарыста ішкі қобалжуды жеңе білу – табысқа жетудің маңызды шарттарының бірі. Егер адам бойындағы үрейді жеңе алмаса, бар білгенінен жаңылып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан жаттықтырушыларымыз бен тәлімгерлеріміз бізді ең алдымен психологиялық тұрғыдан шыңдауға ерекше көңіл бөлді. Халықаралық жарыстарда өте мықты қарсыластарды көргенде де сабыр сақтап, өз мүмкіндігіңе сенуді үйретті. Бұл дайындықтың пайдасын жарыс барысында анық сезіндік.
«Айбын-2026» біз үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Осындай сындарда шыңдалған жас сарбаз ретінде алдағы жарыстарда да жеңіс тұғырынан көрінуге күш саламыз. Ең бастысы – еліміздің сенімін ақтап, Қазақстанға адал қызмет ету. Мен үшін бұдан асқан мәртебе жоқ, – дейді Ернұр Өмірәлі.
Темірдей тәртіп пен тынымсыз жаттығу
Бүгінде Сабыр Рахымов атындағы әскери колледждің мәртебесі бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Бұрын әскери мектеп ретінде жұмыс істеген оқу орны бүгінде кәсіби әскери мамандар даярлайтын колледжге айналды. Мұнда білім алған түлектер оқуын сержант әскери шенімен аяқтап, нақты әскери мамандық иесі ретінде түлеп шығады. Мемлекет ұсынған жеңілдіктерге сәйкес колледж түлектері жоғары оқу орындарының екінші курсына тегін қабылдана алады немесе алған мамандығы бойынша әскери бөлімдерде сержант ретінде қызметке орналасуға мүмкіндік алады.
Колледжде курсанттардың жан-жақты әскери даярлығына ерекше көңіл бөлінеді. Қоян-қолтық ұрыс, атыс дайындығы, әскери тактика мен жауынгерлік машықтарды меңгеру оқу үдерісінің негізгі бағыттарының бірі саналады. Нәтижесінде, бұл оқу орнын тәмамдаған жастар әскери қызметтің кез келген талабына бейімделген, кәсіби даярлығы жоғары маман болып қалыптасады.
Қазіргі таңда мұнда үш әскери мамандық бойынша білім беріледі. Колледж түлектері мотоатқыштар бөлімшелерінде әскери техниканы басқару, танк жүргізу, сондай-ақ радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелерінде қызмет атқару бағыттары бойынша даярланады.
Сонымен бірге қазіргі заманғы әскери қимылдардың сипаты түбегейлі өзгеріп келеді. Соғыс жүргізудің дәстүрлі тәсілдері жаңа технологиялардың ықпалымен жаңарып, әскери тактика да уақыт талабына сай түрленуде. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бүгінде әскери басымдық тек ауыр қару-жарақтың санымен емес, жоғары технологиялық мүмкіндіктермен айқындалады.
Әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараттарының рөлі жылдан-жылға артып келеді. Заманауи әскери дрондар барлау жұмыстарын жүргізуге, нысаналарды дәл анықтауға және әскери операциялардың тиімділігін арттыруға кеңінен қолданылуда. Қазіргі әскери қақтығыстардың тәжірибесі бұл технологиялардың ұрыс даласындағы шешуші факторлардың біріне айналғанын көрсетті.
Осыны ескерген Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж де оқу бағдарламасын заман талабына сай жетілдіруде. Алдағы уақытта оқу орнында әскери дрондарды басқару мен оларды тактикалық мақсатта тиімді қолдануды үйрететін арнайы оқу кабинетін ашу жоспарланып отыр. Мұндағы басты мақсат – жас сарбаздарды жаңа буын әскери технологияларды меңгерген, кәсіби білімі жоғары әрі заманауи ұрыс жағдайында тиімді әрекет ете алатын әскери маман ретінде даярлау.
Өз кезегінде қала намысын қорғаған «Сұңқар» әскери-патриоттық клубының мүшелері де халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетті.
Команда мүшесі Асылайым Тәтіш бұл жеңістің артында ұзақ дайындық пен қажырлы еңбек жатқанын айтады.
– Осындай халықаралық жарыста туған қаламның намысын қорғау мен үшін үлкен мәртебе. Бұл жетістікке бірнеше ай бойы жүргізілген жүйелі дайындықтың, тынымсыз жаттығулардың және темірдей тәртіптің арқасында қол жеткіздік. Ең бастысы – бізге сенім артқан тәлімгерлеріміздің үмітін ақтай алғанымыз. Алдағы жарыстарда бұдан да жоғары нәтижеге жету үшін аянбай еңбек етемін.
Ел қорғау – тек ер азаматтардың ғана міндеті емес. Қазақ тарихында ел басына күн туған шақта ерлермен бірге қолына қару алып, Отанын қорғаған батыр қыздар аз болмаған. Сақ дәуіріндегі Томирис патшайымнан бастап, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұловаға дейінгі батыр аналарымыз біз үшін қайсарлық пен отансүйгіштіктің мәңгілік үлгісі болып қала береді.
Сол себепті мен бала кезімнен әскери сала мен спортқа ерекше қызығып өстім. Қазақ қызының тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қажет болған жағдайда қолына қару алып, елін қорғай алатын қайсар тұлға екенін дәлелдегім келеді.
Бұл жарыста әрбір қатысушыға үлкен жауапкершілік жүктелді. Командалық жеңіс ұлдардың ғана емес, қыздардың да табандылығы мен төзімділігіне байланысты болды. Сондықтан біз ешқандай жеңілдік күтпей, жігіттермен бірдей дайындалдық, бірдей жаттықтық.
Мен жастардың әскери-патриоттық қозғалыстарға көбірек қатысқанын қалаймын. Мұндай жиындар жастардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың тәртіпке, жауапкершілікке және өзін-өзі қорғауға бейімделуіне ықпал етеді. Сонымен бірге әскери-спорттық үйірмелер жасөспірімдерді зиянды әдеттерден сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен әсер етеді. Бүгінгі Қазақстанға дені сау, білімді, тәрбиелі әрі елжанды жастар қажет, – дейді Асылайым Тәтіш.
Жеңіспен оралған шымкенттік жастардың қуанышын бөліскен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысының төрағасы Еркін Сәбит халықаралық додадағы нәтиже – жүйелі жұмыстың заңды жемісі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қала мектептерінің намысын қорғаған «Сұңқар» командасы 11 бағыт бойынша өткен сайыстарда жоғары шеберлік танытып, жалпыкомандалық есепте жүлделі екінші орынға ие болған.
– Менің түсінігімде патриотизм – жүректен басталатын қасиет. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты байлығы – білімді, рухы биік, елін сүйетін жас ұрпақ. Өйткені мемлекеттің болашағы бүгінгі жастардың тәрбиесімен өлшенеді.
Елін сүйетін, жерінің қадірін білетін, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін азамат тәрбиелеу – барша қоғамның ортақ міндеті. Осы жауапты міндетті жүзеге асыруда «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының орны ерекше. Бұл ұйым әскери даярлықтың ғана емес, азаматтық жауапкершіліктің, көшбасшылықтың, тәртіп пен рухани кемелденудің үлкен мектебіне айналды.
Мұнда жасөспірімдер Отан қорғаудың қасиетті парыз екенін терең түсініп қана қоймай, нағыз азаматқа тән мінез-құлықты, жауапкершілікті және көшбасшылық қасиеттерді бойына сіңіреді. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бастамасымен құрылған «Жас сарбаз» қозғалысы бүгінде еліміздегі ең ірі әскери-патриоттық ұйымдардың біріне айналып отыр. Оның басты мақсаты – жастардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, әскери қызметтің беделін арттыру және болашақ Отан қорғаушыларын жан-жақты тәрбиелеу, – деді Еркін Сәбит.
Оның айтуынша, бүгінде «Жас сарбаз» қозғалысы еліміздің барлық өңірінде табысты жұмыс жүргізіп, мыңдаған жасөспірімді бір мақсатқа – елге адал қызмет етуге жұмылдырып отыр. Қозғалыстың негізгі ұстанымы – «Отанға қызмет ету – абыройлы міндет». Осы қағидат негізінде ұйым жастардың бойында туған жерге сүйіспеншілік, мемлекеттік рәміздерге құрмет, әскери қызметке жауапкершілікпен қарау, тәртіп пен ұйымшылдық, көшбасшылық қабілет, салауатты өмір салты, ұлттық рух пен елдік сананы қалыптастыру бағыттарын жүйелі түрде дәріптеп келеді. Бұл ұстанымдар жас ұрпақ бойында нағыз қазақстандық патриоттың бейнесін қалыптастыруға негіз болып отыр.
Қозғалыстың қызметі еліміздің барлық өңірін қамтитын бірыңғай жүйе арқылы жүзеге асырылады. Оның құрамына республикалық қоғамдық бірлестік, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы филиалдар, аудандық және қалалық бөлімшелер, мектептердегі әскери-патриоттық клубтар, «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныптары, сондай-ақ әскери-қолданбалы спорт секциялары мен үйірмелер кіреді. Осындай құрылымның арқасында әскери-патриоттық тәрбие ел аумағында ортақ мақсат пен жүйелі бағыт негізінде жүргізіліп келеді.
«Жас сарбаздың» жұмысы тек әскери дайындықпен шектелмейді. Бұл – жастардың жан-жақты дамуына бағытталған ауқымды тәрбие алаңы. Қозғалыс аясында әскери-патриоттық форумдар, далалық оқу-жаттығу жиындары, әскери бөлімдерге танымдық экскурсиялар, саптық және тактикалық дайындық сабақтары, әскери-қолданбалы спорт жарыстары, тарихи-танымдық кездесулер, ардагерлермен тағылымды жүздесулер және республикалық әрі халықаралық деңгейдегі әскери-патриоттық жобалар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мұндай іс-шаралар жастарды төзімділікке, тәртіпке, өзара сенімге және командалық әрекетке баулиды.
«Жас сарбаз» – ертеңгі ел қорғаны
Шымкент қалалық филиалы – өңірдегі әскери-патриоттық тәрбиені жүйелі түрде жүзеге асырып отырған белсенді құрылымдардың бірі. Оның басты мақсаты – жас ұрпақ бойына елге сүйіспеншілік, жауапкершілік, ұлттық рух және азаматтық ұстаным қалыптастыру. Бүгінде филиал Шымкент қаласының білім басқармасымен, қорғаныс істері жөніндегі департамент, әскери бөлімдер, құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметі, ардагерлер ұйымдары және өзге де мемлекеттік құрылымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.
Қала мектептерінде құрылған әскери-патриоттық клубтар мен мамандандырылған сыныптарда 5 мыңнан астам оқушы тәрбиеленіп келеді. Олар алғашқы әскери дайындықпен қатар көшбасшылық, жауапкершілік, тәртіп, батылдық және өзара сыйластық секілді өмірлік маңызды қасиеттерді меңгеріп келеді. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде қаладағы әскери-патриоттық тәрбие тұрақты түрде дамып отыр. Сондықтан да әрбір жетістік – жүйелі еңбектің жемісі.
Шымкенттік жас сарбаздар республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Соның айқын дәлелі – биыл Ақмола облысында өткен «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында Шымкент қаласының «Сұңқар» командасының жалпыкомандалық есепте 2-орын иеленуі. Бұл жеңіс – кәсіби дайындықтың, қажырлы еңбектің және елге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
«Жас сарбаз» жай ғана қоғамдық қозғалыс емес. Бұл – елін сүйетін ұрпақты тәрбиелейтін рухани мектеп, тәртіп пен жауапкершіліктің, ерлік пен елдік сананың алтын бесігі. Шымкент қалалық филиалы осы игі миссияны абыроймен атқарып, жастардың бойына патриотизмді, адамгершілікті, ұлттық рухты және Отан алдындағы жауапкершілікті сіңіру бағытында жүйелі еңбек етіп келеді. Бүгінгі жас сарбаз – ертеңгі ел қорғаны. Сондықтан олардың бойына сіңірілген әрбір ізгі қасиет, берілген әрбір сапалы тәрбие – елдің қауіпсіз әрі жарқын болашағына салынған берік негіз, – деді қозғалыс жетекшісі.
Айта кету керек, «Айбын» – жастар арасындағы ең ірі халықаралық әскери-патриоттық жиындардың бірі. Он жылдан астам уақыт бойы 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер бұл алаңда әскери тәртіпке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке тәрбиеленіп келеді. Биылғы дода Ақмола облысындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж базасында ұйымдастырылды.
Жарысқа Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Әзербайжан елдерінен мыңға жуық жас өрен қатысты. Қатысушылар әскери-спорттық, зияткерлік және шығармашылық бағыттар бойынша сынға түсті. Биыл алғаш рет бағдарламаға жүзу мен жасанды интеллект дағдыларын меңгеру кезеңдері енгізілді.
Жарыс барысында белтемірге тартылу, әскери қорғаныс жиынтығын кию, пневматикалық қарудан ату, граната лақтыру, АК-74 автоматын бөлшектеу мен жинау, сондай-ақ қысқа және ұзақ қашықтыққа жүгіру сияқты әскери-қолданбалы сынақтар өткізілді.
Сайыстың жабылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, жас сарбаздарға жүрекжарды тілегін білдірді. Мемлекет басшысы жастармен кездесіп, пікір алмасып, естелік суретке түсті. Бұл сәт жас өрендер үшін өмірлік маңызы бар тарихи оқиғаға айналды.
Ал Шымкенттің мерейін асқақтатқан бұл жеңіс – әскери-патриоттық тәрбиенің нақты нәтижесі, сондай-ақ жас сарбаздардың табандылығы мен бірлігінің айқын көрінісі болып қала бермек.
Көрілімдер:49
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 04 Шілде 2026 09:49 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар


















