Әлеуметтік осал топтарға арналған баспана құрылысы аяқсыз қалды: Көкшетауда мердігер 8,5 жылға сотталды
Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Ал бөлінген қаржының бір бөлігі өзге қарыздарды жабуға және жеке қажеттіліктерге жұмсалған. Нәтижесінде мемлекетке 211 миллион теңге залал келген, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Көкшетау қалалық соты жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры М.-ға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Оған бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде бірнеше рет иемдену, ресми құжатты қолдан жасау және көрінеу жалған құжатты пайдалану баптары бойынша айып тағылған.
Сот материалдарына сүйенсек, оқиға 2021 жылдың желтоқсанында басталған. Сол кезде М. Көкшетау қаласының құрылыс бөлімімен екі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жөнінде мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жасасқан. Бірінші нысанның құны 618 миллион теңге болса, екіншісінікі 634 миллион теңгені құраған. Осылайша, екі келісімшарттың жалпы сомасы 1 миллиард 252 миллион теңгеге жеткен.
Бір қарағанда, бұл әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамтуға бағытталған маңызды жоба. Алайда кейінгі оқиғалар мердігердің міндеттемелерді орындауында елеулі мәселелер болғанын көрсетті.
Аванс алынды, құрылыс басталмады
2022 жылдың мамырында М. алғашқы нысан бойынша 55 миллион теңге алғанымен, құрылыс жұмыстарын бастамаған. Ал екінші тұрғын үй бойынша жалған құжаттар негізінде аванс ретінде 225 миллион теңге иеленген. Серіктестік құрылыс жұмыстарын ішінара орындап, орындалған жұмыс актілерін ұсынғанымен, игерілмеген аванс сомасы 156 миллион теңгені құраған. Бұған қоса, 2023 жылы М. аванс көлемін ұлғайту үшін құрылыс бөліміне жалған құжаттар ұсынып, қосымша қаражат алған.
Алайда сол жылдың шілдесінен бастап екінші нысандағы құрылыс жұмыстары да тоқтап қалған. Сот анықтағандай, алынған ақшаның бір бөлігі серіктестіктің берешектерін өтеуге және жеке қажеттіліктерге жұмсалған. Атап айтқанда, қаражаттың бір бөлігі Ақтау қаласындағы өзге міндеттемелер бойынша контрагенттер алдындағы қарыздарды жабуға аударылса, қалған бөлігі банкоматтар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған болып шықты.
Осы әрекеттердің салдарынан мемлекетке, яғни Көкшетау қаласының құрылыс бөліміне жалпы сомасы 211 миллион теңге материалдық залал келтірілген.
Сотта қандай дәлелдер қаралды?
Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәлардың айғақтары, беттестіру хаттамалары, аудиторлық есеп, ақша қозғалысын растайтын құжаттар және құрылыс нысандарының нақты жай-күйі туралы мәліметтер арқылы дәлелденген.
Сонымен бірге сот серіктестіктен аванс сомаларын өндіріп алу туралы бұрын қабылданған сот шешімдерін, сарапшылар мен мамандардың қорытындыларын, сақтандыру компаниясы мен мемлекеттік кредиттік бюроның жауаптарын және басқа да іс материалдарын зерттеген.
Бір айта кетерлігі, аванс қаражатын өндіріп алу және ЖШС-ні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы азаматтық сот шешімдері бұрыннан болған. Осыған байланысты қылмыстық іс аясында азаматтық талап қойылмаған.
8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды
- Сот үкімімен ЖШС директоры М. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, барлық меншік нысанындағы ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 8 жылға айырылды, - дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Дегенмен серіктестік директоры қылмыстық кодекстің 385-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылғанымен, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жауаптылықтан босатылған. Қылмыстық кодекстің 385-бабының 1-бөлігі бойынша тағылған айып дәлелденбеуіне байланысты сотталушы кінәсіз деп танылып, ақталды.
Дегенмен бұл істің қоғам үшін маңызы тек бір мердігердің жазалануымен шектелмейді. Өйткені сөз қарапайым коммерциялық жоба туралы емес, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың баспанаға қол жеткізуіне арналған мемлекеттік қаражат туралы болып отыр. Сондықтан мұндай жобаларда қаржының игерілуі ғана емес, құрылыс жұмыстарының нақты орындалуы мен әр кезеңдегі бақылаудың тиімділігі де маңызды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:66
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 05 Қараша 2026 15:57 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















