Ақаң абыройы асқақтаған тарихи жиын
Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бастама көтерген кім? Жиынның қажеттілігі туралы алғаш бастама көтерген сол кездегі Шығыстану институтының директоры, Ғылым академиясының Қазақстан филиалының төрағасы, шығыстанушы, академик, П.М.Мелиоранский мен В.В.Радловтың шәкірті А.Н.Самойлович еді. Ол 1924 жылдың 21 наурызында түркітанушылардың съезін шақыру қажеттілігі туралы баяндама жасайды. Ең алғаш түркі халқы басым республикалар мен облыстарға ана тілі, тарих, этнографиясы, географиясы бойынша жоғары білікті мамандар даярлау ісінде ғалымдар тарапынан жәрдем көрсетілу керектігін, Якутиядан Қырымға дейінгі халықтардың ағартушылары, түркітанушы, шығыстанушы ғалымдардың белсенді қатысуымен, кейінге қалдыруға болмайтын мәселелерді бірлесіп талқылауға жиналу қажеттілігін қояды. Ұлттық әліпбиге негіз етіп қай әліпбиді – орыс, әлде латын әліпбиін алу керектігі жөніндегі даулар тоқтамайынша, мектеп ісін де, баспа ісін де жолға қою мүмкін емес дейді. Сонымен бірге жекелеген диалектілерді (әзербайжан, қырым-татар, түрікмен, т.б.) әдеби тіл дәрежесіне көтеруді жақтайтын және туыстас ұлттардың азды-көпті бөлігіне біртұтас ұлттық әдеби тілді тарату идеясын қолдайтын бағыттарды жан-жақты қарастырып, тиісті қорытынды шығару үшін де осы басқосудың қажеттігі айтылған хат жазады. Ғылыми терминологияны шешуде съезд байыпты еңбек етуге тиіс, ол үшін 70-тен аса делегат 14 күн бойы асықпай талқылауды ұсынады.
Арада 1 жыл өткен соң, бұл басқосудың Әзербайжанның Баку қаласында шақырылуға тиіс екені шешіліп, 14 күннің орнына 8 күн, 70 делегаттың орнына 131 делегат шақырылған бірінші құрылтай 1926 жылғы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында Баку қаласында ірі мұнай өндіруші Тагиевтер әулеті салдырған үйде, яғни сол заманда түркі мәдениеті сарайы болып табылған ғимараттың мәжіліс залында өтеді. 131 делегаттың 93-і түркі халқының өкілі, 38-і түркіден басқа ұлт өкілі болады. Ұйымдастыру комиссиясында 15 адам жұмыс істеген. Делегаттар негізінен ер адамдардан тұрды, тек арасында Султанова деген 1 әзербайжан әйелі болады. Арнайы шақырылғандар Әзербайжаннан – 6 ғалым, Татарстаннан – 6, Баш-құртстаннан – 3, Қазақстаннан – 3 (Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Біләл Сүлеев), Мәскеуден – Нәзір Төреқұлов, Әзиз Байсейітов, Өзбекстаннан – 6, Түрікменстаннан – 4, Қырғызстаннан – 2 (Қ.Тыныстанов, Б.Данияров), Грузиядан – 1, Армениядан – 1, Аджариядан – 1, Түркістаннан – 4, Нахичеваннан – 1, Қырымнан – 3, Ғылым академиясынан – 3, Шығыстанушылар академиясынан – 3, Ленинградтағы Шығыс тілдері институтынан – 1, Ташкент университетінен – 1, Ленинград университетінен – 1, Солтүстік Кавказ атқару комитетінен – 2, Солтүстік Кавказ өңіртану инс-титутынан – 1, Уфа халық ағарту комиссариатынан – 1, Ойрат облысынан – 1, Якутиядан – 3, Қалмақ облысынан – 1, Чуваш Республикасынан – 2, Қытайдағы Ұйғыр облысынан – 1, Абхазиядан – 1, Хакас өлкесінен – 1, Солтүстік Кавказдан, соның ішінде Қарашайдан – 2, Балқардан – 1, Шешеннен – 1, Ингуштан – 1, Адыгей-Черкестен – 1, Солтүстік Осетиннен – 1, Оңтүстік Осетиядан – 1, Солтүстік Кавказдың Түрікмен ауданынан 1 ғалым болды.
Конференция орыс тілінде өтті (50%) және түркі тілдерінде (50%), нақты айтсақ, баяндама мен пікірталас башқұрт, татар, түрік, өзбек, ноғай, әзербайжан тілдерінде жасалады.
Бір аптаға созылған құрылтайда делегаттар 15 рет отырыс жасайды. Бір отырыста 11-12 баяндама (сөз) тыңдалып, оның 2-3-еуі негізгі баяндама болады да, 7-8-і талқысөз болады. Алғашқы 26 ақпан күні тек құттықтау сөздер айтылады. Құттықтау сөздер саны 56 болған. Құттықтау сөздер, әрине, түркі халықтарының тұңғыш басқосуына қуанған ерекше сезімге толы еді.
Басқосудың атын түркі тілдерінің өз сөзімен «Курултай» деп атаған жалғыз А.Н.Самойлович болды.
Жиынның қолда бар стенографиялық жазбасын оқып отырып, іс-шараның жетілген ұлттық жазуын өз бетінше жасап алған қазақ ұлт зиялыларының райын, меселін әлі жазуын жөндеп, түзете алмай жатқан өзге түркі жұрты тұлғаларының қарсылығы арқылы қайтару, басу мақсатында болғанын сезінуге болады. Оны құрылтайдан келген бойда жариялаған Ахмет Байтұрсынұлының мақаласынан да оқимыз: «Құрылтай қарауына арналған
14 бапты мəселе еді. Соның əрбірінен 4–5, қатта 8–9 баяндамалар жасалды. Бірақ мəселе көп болғанмен, құрылтай шақырушылардың көбінесе көздегені латын қарпі екендігі құрылтайды ашушылардың да, үкімет тарапынан құттықтаушылардың да сөзінен көрініп тұрды», дейді ғалым.
Құрылтай жұмысын бастарда алдымен, қазіргідей, алқатоп (президиум) сайланады. Сайланған 22-25 мүшенің (Самед Ага Ағамалы, Рухулла Ахундов, Хабиб Джабиев, Василий Бартольд, Сергей Ольденбург, Теодор Менсель, Бекир Чобанзаде, Александр Мартынов, Ахмет Байтұрсынұлы, Исидор Барахов, Илья Бороздин, Михаил Павлович, Галимжан Ибрагимов, Гумер Иделкузин, Мехмет Фуат Кёпрюлю, Джалаледдин Коркмасов, Шакиржан Рахим, Қасым Тыныстанов, Бекги Бердиев, Осман Нури Акчокраклы, Али-бек Гусейнзаде, Иоганнес Банг, Мустафа Гулиев, Николай Марр, Анатолий Луначарский, Вильгельм Томсен) ішінде академик Бартольдтан кейін орын алған Ахмет Байтұрсынұлы екен. Бұны фотоқұжат та, стенограмма да дәлелдейді. Байтұрсынұлы бұдан бөлек құрылтайда талқыға түскен іргелі мәселелердің қарарын шығаратын 5 түрлі комиссияның да белді мүшесі болады.
Іргелі баяндамалар жасап, ұзақ-ұзақ пікірталастың ортасында болған Ахмет Байтұрсынұлының беделі мен абыройын ғалымға 38 рет жасалған сілтемеден танимыз. Оның қасында баяндамашы делегаттар атақты академик Л.В.Щербаны – 13 рет, профессорлар Жирковты – 19 рет, А.Н.Самойловичтің өзін – 24 рет, Яковлевті – 30, Ибрагимовті – 34 рет, Чобан-Задені 33 рет атаған.
Ғалымға жасалған сілтемелердің бір парасы мынадай. Қырым-татар ақыны, түркітанушы, профессор Бекир Чобан-Заде Байтұрсынұлы жасаған терминдер жүйесіне тәнті боп, жазуды халықтың тіліне жақындатқан тамаша тәжірибе деп тамсанған: «Сонда біз еш қауіптенбей-ақ жергілікті, табиғи жолмен жасалған терминдерімізді қабылдай аламыз деп ойлаймын. Мысалы, қазақ грамматикасы үшін Байтұрсынұлы жасаған тамаша терминологияны қабылдауымыз керек». «Алғашқыда тек қана таза халық тілін ұсынуымыз қажет. Мұны Қазанда Ибрагимов, Қазақстанда Байтұрсынұлы, Қырымда Одабаш жүзеге асырды». Жазу теориясының негізін салушы, аса білгір ғалым, академик Л.В.Щерба: «Өздерінің бүкіл ғұмырын тіл біліміне, жазу-сызу мәселелерін зерделеуге арнаған ғалымдарға бірдеңе айта аламын демеймін», деп Байтұрсынұлының қасында өздерін жоғары санай алмайтынын айтады.
Ал кириллицаны патшалық Ресейдің жазуы деп танып, орыс халқы латын әліпбиіне өту керектігін баса айтқан, жазуы жоқ кавказ, шешен, адыгей тілдерін зерттеген, Бодуэн де Куртенэ, Л.Щерба ілімін терең түсінген, оны практикада қолданудың тәсілін іздеген ғалым Николай Яковлев Байтұрсынұлының әліпбиіне кездескенін аса ірі жаңалық деп, тарихта алғаш рет «әліпби жасау – ғалымның ісі емес» деген қағидатты бұзған, ғылыми негізделген әліпби жасау – «әрбір тілдің фонемалар санын дәл есептеу және олардың графикалық берілуін алдын ала жоспарлау деген сөз» деп, Байтұрсынұлы әліпбиі арқылы үнемді әліпбидің математикалық формуласын ойлап тапқан және оны кавказ, адыгей сияқты жазуы жоқ өзге тілдердің әліпбиін жасауда қолдануды ұсынған ғалым: «Бірақ мәселенің мәні мынада: біз аса қызықты бір құбылысқа кездестік. Жергілікті жерлерде еңбек етіп жүрген мамандардың кейбірі, олардың арасында осында отырған Қазақстаннан келген жолдас Байтұрсынұлы да бар, өз бастамаларымен белгілі бір дәрежеде жаңалық ашты. Атап айтқанда, олар түркі тілдерінің фонетикалық заңдарын, соның ішінде сингармонизм құбылысын ешбір ерекшеліксіз жүзеге асыратын заңдылықтарды пайдаланған».
«...Бұл мәселені жергілікті жерлердегі мамандар, әліпби мәселесін сол жерде зерттеген ғалымдар өз бетінше шешіп, оны толықтай дұрыс шешкен. Енді бізге, ғалымдарға, сол құбылыстарға лайықты ғылыми түсініктеме табу ғана қалады...» (Яковлев). «...Менің әркімге кез келген істі таза механикалық түрде орындауға мүмкіндік беретін дайын рецепт ұсынып отыр деген әсер қалмасын деймін. Сондықтан мынаны айтуым керек: біз қандай да бір формуланы енгізген кезде оның міндеті үдерісті механикаландыру емес. Ең алдымен, дұрыс сандық көрсеткіштер берілуге тиіс, ал оны анықтайтын формула жоқ. Мен формуланы қандай да бір сиқырлы рецепт ретінде ұсынып отырған жоқпын, кейбір жолдастардың сөздерінде сондай түсінік байқалып қалды. Мен тек жергілікті жерлерде әліпби құру ісіне арналған белгілі бір техникалық құралды ұсынып отырмын». «Кейінгі уақытта маған әліпби құру формуласы деп атауға болатын мынадай формуланы шығару сәті түсті: A = nb + na немесе A = (9 + 17) - 4 + 1. Мұндағы A – әліпбидегі әріптер санының көрсеткіші» деп, ғалымның әліпби жүйесі бойынша өзге халықтардың әліпби құрамын дәл анықтауға болады дейді.
Құрылтайда ең көп аты аталған ғалымды маңызды фигура ретінде жария да, жасырын да бағалаған көпшілік бұл кісінің меселін қайтаруды да осы жолмен жасаған. Сөйтіп, мақсаттарына жетті де, 101 дауыс латын әліпбиін жақтап, 7 дауыс араб әліпбиін жақтап, 9 дауыс екіжақты дүдәмал күйде қалып, кеңестік түркі халқы жаппай латынға көшетін болып шешілді. Стенограммалық құжаттағы жақша ішінде жазылған «бурные, долго несмолкающиеся апплодисменты» 101 дауыс берген латын туралы қарарды жариялағанда да соғылады, сонымен бірге Байтұрсынұлының аты аталғанда да, ғалым бірнеше рет сөз сөйлеуге шыққанда да, сөйлеп болғаннан кейін де, сөзінің ортасында да осы «қол шапалақтаулар» соғылады.
«Ғажап құбылыс», «ғылымдағы жаңалық» делініп, түркітанушылардың тұңғыш басқосуында бағаланған ұлттық жазудан көп кешікпей айырылсақ та, ғалым көрсеткен жүйе, дыбыстар ерекшелігі, емле ұрпаққа аманат болып қалды. Ғұламаның өшпес мұрасы тіл ғылымының темірқазығы ретінде ұлтпен бірге жасай береді.
Құралай КҮДЕРИНОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы
Көрілімдер:33
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 05 Маусым 2026 10:31 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар



















