АҚШ пен Канада арасындағы сауда соғысы: ол қаншалықты ықтимал?
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Дональд Трамп Канадаға қысымды қайта күшейтті, Оттава бұған қатаң жауап қайтарып жатыр.
Tengrinews.kz авторлық бағанда саясаттанушы әрі тарихшы Сұлтан Әкімбеков АҚШ-тың не көздеп отырғанын, Канада неге шегінгісі келмейтінін және көршілер арасындағы сауда соғысы қаншалықты ықтимал екенін талдайды.
21 тамызда АҚШ пен Канада арасындағы сауда келісімдеріне қатысты келіссөздер сәтсіз аяқталғаннан кейін, тараптар бір-біріне қарсы өте қатаң мәлімдемелер жасады.
АҚШ жалпы құны 20 миллиард доллар болатын Канада тауарларының бір бөлігіне 50 пайыздық сауда баждарын енгізді, бұл барлық импорт көлемінің шамамен бес пайызы.
Канада 8 қыркүйекте оларға жауап беруге уәде берді.
АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің әлеуметтік желісінде былай жазды:
"Канада АҚШ құрамындағы штат болмаса да, оның артықшылықтарын пайдаланып отыр".
Ал 24 тамызда ол:
"Канада АҚШ-ты жылдар бойы тонап келеді", - деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Канададан келетін импортқа қосымша 50 пайыздық баж салығын енгізуге уәде берді.
Өз кезегінде Канада премьер-министрі Марк Карни:
"Біз өзімізге ұсынылғанды қабылдай алмаймыз және бізден талап етіліп отырған нәрсені бермейміз", - деп кесіп айтты.
Тұтастай алғанда, қақтығыс ушығып кетті және оның салдары екі елдің экономикасы үшін де теориялық тұрғыдан өте ауыр болуы мүмкін.
Трамп Канадасыз АҚШ қуаттырақ болады деп сендіргенімен, бұл мүлдем олай емес. Олардың экономикалары бір-біріне тәуелді. Бұл - алдымен АҚШ, Канада және Мексика кірген NAFTA келісімі, кейін 2020 жылдан бастап жаңа USMCA форматы аясында еркін сауда аймағының ұзақ жылдар бойы дамуының тікелей салдары.
Солтүстік Американың еркін сауда туралы NAFTA келісімі жаһандану процестері белсенді дами бастаған 1994 жылдан бері жұмыс істеп келді.
Нәтижесінде көптеген АҚШ кәсіпорындары өз өндірісін негізінен Мексикаға көшірді. Бірақ басты салдары үш елдің шекарасын кесіп өтетін күрделі жеткізу тізбектерінің пайда болуы еді. Канада өз экспортының 75 пайызына дейінгі бөлігін АҚШ-қа бағыттайды. Ол үшін бұл - ең ірі өткізу нарығы.
Жалпы алғанда, бұл мәселе тек АҚШ пен Канада арасындағы экономикалық қатынастар шеңберінен шығып кетеді.
Жаһанданудың гүлденген дәуірінде бизнес үшін оның дамуына кедергі келтіретін халықаралық шекаралар болмауы тиіс деп есептелді. Тиісінше, егер елдер арасындағы кедендік баждар түріндегі кедергілер алып тасталса, олардың арасындағы сауданың дамуы жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады деп сенді.
Канада мен Мексика үшін АҚШ-тың алып нарығымен көрші болу стратегиялық артықшылық болғаны заңды. Сонымен қатар олар америкалық бизнеске өз мүмкіндіктерін ұсына алды. Мексика үшін бұл - арзан жұмыс күші болса, Канада үшін - неғұрлым білікті мамандар. Қалай болғанда да, шекараның екі жағындағы көптеген кәсіпорын оның бар-жоғына қарамастан өз қызметін жүзеге асырып, жеткізу тізбегін құра алды.
Бірақ уақыт өте келе белгілі бір қиындықтар туындады, ең алдымен өнеркәсібі мен жұмыс орындарын жедел қарқынмен жоғалта бастаған АҚШ-та. Бұған қоса, импорттың артуы мен экспорттың азаюына байланысты орасан зор сауда балансының тапшылығы пайда болды.
Жалпы алғанда, осы негізде Трамптың жеңісінде үлкен рөл атқарған MAGA - Make America Great Again ("Американы қайта ұлы етейік") саяси қозғалысы дүниеге келді. Сонымен қатар штаттарда ішкі мәселелерге көбірек көңіл бөлуге бағытталған оқшаулану (изоляционизм) көңіл-күйі де күшті болды.
Фото Whitehouse.gov сайтынан
Осыдан кейін Трамп сауда-экономикалық қатынастар жүйесін қайта қарауды бастап, бүкіл әлемге дерлік баж салығын енгізе бастады.
Көптеген сарапшы бұл процесті протекционизмнің жаңа толқынының басталуы деп атады. Алайда 2026 жылғы 20 ақпанда АҚШ Жоғарғы соты баж салығын енгізуге тек конгрестің айрықша құқығы бар екенін мәлімдеп, оған қарсы шықты. Америка президенті бұнымен келіспей, бірден басқа заңды негізге сүйене отырып жаңа баждарды енгізді.
Нәтижесінде Трамп бәрібір оқшауланушылардың үмітін ақтамады - ол баж салығы жолындағы күресті халықаралық аренадағы белсенді саясат үшін пайдалана бастады, сол себепті көптеген адам бұл саясатты тіпті империалистік деп атады.
Әсіресе ол әзіл-шыны аралас Канадаға АҚШ-тың 51-штаты болуды ұсынғанда бұл анық байқалды.
Бірақ Гренландияға қатысты АҚШ-қа қосылуға шақырғанда, Трамптың әзілдемегені анық еді.
Дегенмен Гренландия - шалғай жатқан аумақ, оған экономикалық қысым көрсету қиын. Оның үстіне ол Данияның құрамдас бөлігі, ал Дания өз кезегінде Еуропалық Одаққа мүше. Жалпы алғанда, Вашингтон Гренландияға қатысты қандай да бір ерекше белсенділік танытқан жағдайда, жанжал өте ушығып кетуі мүмкін.
Ал Канада дәл іргеде орналасқан, сондықтан оған экономикалық қысым жасау мүмкіндіктері әлдеқайда көп. Онда америкалықтарға өте жақын ағылшынтілді халық тұрады. Сонымен қатар, Канада халқының басым бөлігі АҚШ-пен шекаралас аймақтарда қоныстанған. NAFTA мен USMCA келісімдері жұмыс істеген ондаған жылдар ішінде екі ел тіпті жақындай түсті.
АҚШ пен Канада шекарасындағы Бейбітшілік аркасы. Фото қоғамдық игілік болып табылады
Ең бастысы - Трампқа қарашада өтетін Конгресс сайлауы қарсаңында қандай да бір жеңістер ауадай қажет. Сондай-ақ оның қысым көрсету саясатының нәтиже бере алатынын дәлелдеу маңызды.
Канада жағдайында сөз, әрине, аннексия туралы болып отырған жоқ - бұл көптеген себепке байланысты мүмкін емес. Бұл жерде көбіне артықшылыққа ие болу әрекеті, соның ішінде Канаданың экономикалық саясатының кейбір аспектілеріне ықпал ету туралы айтуға болады. Ал экономикалық қуаты әу бастан тең емес елдер арасындағы еркін сауда аймақтарында мұндай қауіп өте шынайы сипатқа ие.
Мәселен, 21 тамызда келіссөздердің тоқтауына себеп болған, канадалықтар қабылдамаған АҚШ талаптарының арасында Канаданың егемендігіне нұқсан келтіруі мүмкін тармақтар болды.
Мысалы, Оттава өзінің инфрақұрылымдық нысандарына салынатын шетелдік инвестиция мәселелерін қандай да бір бірлескен комиссияның қарауына беруі тиіс еді, бұл Вашингтонға өзіне ұнамайтын жобаларға вето қою құқығын берер еді. Сонымен қатар, көршілес ел Канададан үшінші елдерге қатысты экспорттық бақылау мен импорттық тарифтерді өзімен келісуді сұрады. Бұл өз алдына дербес сыртқы сауда саясатын жүргізу құқығынан бас тарту деген сөз. Сондай-ақ Вашингтон аса маңызды пайдалы қазбаларды сатып алуда өзіне басымдық беруді талап етті. Бұдан бөлек - мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастыру кезінде жергілікті канадалық өнім берушілерге берілетін преференциялардан бас тартып, америкалық компанияларға тең қолжетімділік ұсыну талап етілді. Сонымен қатар АҚШ канадалықтардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қорғау жүйесін, әсіресе сүт, жұмыртқа және құс етінің жергілікті нарығына қатысты жүйені жоюын, сондай-ақ химикаттар мен пестицидтерді қолдану саласындағы стандарттардан бас тартуын қалады.Канададан келетін мұнай, табиғи газ, гидро және атом энергиясына қол жеткізуде АҚШ-қа басымдық беру, сондай-ақ оларға кепілдендірілген баға белгілеу туралы сұранысты да атап өткен жөн. Бұл тармақ өте қызықты. Себебі Вашингтонға қазіргі жасанды интеллект бәйгесі мен жалпы басты технологиялық держава мәртебесін сақтап қалу контексінде көптеген арзан электр энергиясы қажет. Ал шекарадағы, әсіресе халық тығыз қоныстанған солтүстік-шығыстағы канадалық электр энергиясы АҚШ үшін ерекше маңызға ие.
Айта кететін жайт, 24 тамызда Онтарио премьер-министрі Даг Форд өз провинциясының АҚШ-қа электр энергиясын беруді тоқтатуы мүмкін екенін ескертті. Ал бұл жеткізілімдерге Мичиган мен Иллинойс штаттары тәуелді. Сонымен қатар Квебек провинциясының премьер-министрі Кристин Фрешетт әріптесін қолдамады, бірақ мұндай мәселенің күн тәртібіне шығуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Мұндай ұстамды баға Квебектен келетін гидроэлектр энергиясының Американың Нью-Йорк штатына баруымен байланысты, қазіргі уақытта осы екі аймақ арасында жоғары вольтты электр желісінің құрылысы жүріп жатыр. Оның үстіне, тамызда Канада билігі елдің шығысындағы жасыл энергетикаға - жел және гидроэлектростанцияларға 70 миллиард канада долларын инвестициялау ниеті туралы мәлімдеді. Бұл негізінен Квебек пен Ньюфаундленд аймақтары. Өндірілген таза энергияның артық мөлшерін бір жерге сату керек екені түсінікті, ал ең қисынды нұсқа - орталығы Нью-Йорк болатын АҚШ-тың солтүстік-шығыс штаттары.
Бірақ сонымен бірге, франкотілді Квебек билігі 21 тамызда тоқтап қалған келіссөздерде айтылған АҚШ-тың тағы бір талабын - жергілікті контент (CanCon) квоталарын жою және америкалық тауарларды жергілікті тіл туралы заңдардан босату мәселесін назардан тыс қалдыра алмайды.
Басқаша айтқанда, АҚШ Канада нарығында көптеген жеңілдікке, соның ішінде егемендікті ішінара жоғалтуды білдіретін талаптарға қол жеткізгісі келді. Канадалықтар кейбір мәселелер бойынша ымыраға келуге дайын еді - қалай дегенмен АҚШ-қа бағытталған 400 миллиард долларлық экспорт тұр, бірақ болып жатқан жағдай олар үшін тым ауыр тиіп отыр.
Сондықтан Канада премьері Карнидің қатаң ұстаным танытқаны қисынды. Әрине, АҚШ-қа экспорттың азаюы салдарынан жұмыс орындарының бір бөлігін жоғалту қаупі бар. Дегенмен ел ішінде түйінді мәселелерде егемендікті сақтап қалу үшін күреске үлкен қолдау бар.
Бұл жерде Канаданың АҚШ-қа қарағанда әлеуметтік бағыттағы мемлекет екенін ескеру қажет. Бұл тұрғыда ол ұйымдастыру мәселелері бойынша еуропалық елдерге жақынырақ. Сонымен қатар, Канаданың өз ерекшелігі бар, ол француз тілінің саясат пен экономикадағы рөліне қатысты - елде 8 миллионға жуық (немесе халықтың 22 пайызы) франкофондар тұрады.
Канада премьер-министрі Марк Карни (Mark Carney). Фото: Lars Hagberg. Дереккөз: Pm.gc.ca
Мұнда мына жайтты еске түсірген жөн: былтыр Трамп Ақ үйге келгеннен кейін Канаданы АҚШ-тың ықтимал жаңа штаты ретінде қарастыру туралы әңгімелер пайда болған еді. Сол кезде бұл екіталай болғанымен, өте нәзік мәселеге қатысты франкофон канадалықтардың ұстанымы шешуші мәнге ие болды. Өйткені олар үшін халқы әлдеқайда көп ағылшын тілінде сөйлейтін басқа елдің құрамына кірудің еш мәні жоқ.
Тұтастай алғанда, Канада қоғамында Трамптың идеялары онша танымал емес. Бірақ ол өз мәлімдемелерінде табандылық танытып отыр, тіпті қазірдің өзінде бұл туралы тағы да еске салды.
Дегенмен, қазір мәселе басқада: АҚШ пен Канада арасындағы сауда соғысының ықтималдығы қаншалықты немесе бұл екінші тарапты жол беруге мәжбүрлеу үшін жасалған ниеттің көрінісі ме?
Бұл болжам, ең алдымен, қарсыласын тығырыққа тірегенді ұнататын Трампқа қатысты айтылған.
Соған қарамастан, екі елдің экономикасы бір-бірімен тығыз байланысты болғаны соншалық, байланыстардың үзілу ықтималдығы барлық тарап үшін өте ауыр зардаптарға әкеп соқтырады.
Сондықтан қазір жағдайды тұрақтандыру үшін екі тараптан да (әсіресе Америка жағынан) түрлі компаниялар мен шекаралас штаттардың лоббистері іске кіріседі деп күтуге болады. Оның үстіне, АҚШ-Канада қатынастарындағы дағдарыс USMCA келісімінің, демек, Мексиканың да тағдырына әсер етуі мүмкін, бұл Америка бизнесінің мүдделеріне тіпті көбірек соққы болып тиеді.
Негізінде, Канада қарашадағы Конгресс сайлауының нәтижесін күтіп, оның қазіргі америкалық әкімшіліктің ұстанымына қалай әсер ететінін бағамдай алады. Ал тығырыққа тірелген жағдайда тағы екі жыл күте тұрып, бұрынғы келісімдерге қайта оралуға тырысуы мүмкін.
Аударған: Дина Шәріпхан
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Нетаньяху Трампқа барды. Таяу Шығыстағы ахуал әлі де шиеленісіп тұр
“Happy birthday, мистер президент“: Трамптың туған күні және Иранмен бейбіт келісім
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:41
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 26 Тамыз 2026 11:41 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















