Берік Беркімбаев, Құрылтай депутаты, Әділет партиясының мүшесі: Инвесторға түсінікті құқықтық карта қажет
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Осы үдерісте инвестор мен мемлекеттік органдарға ортақ, түсінікті қағидалар қажет пе? «Әділеттің 111+ шешімі» жобасындағы бизнесті қолдау бағытымен сабақтас бұл мәселені Құрылтайдың I шақырылымындағы «Әділет» партиясының депутаты Берік Беркімбаевпен талқыладық.
– Қазақстанның инвестициялық жүйесінде бірыңғай заң қажет деген мәселе неден туындап отыр?
– Қазір мемлекеттер нарық, технология, адами капитал үшін ғана емес, инвестиция тарту үшін де бәсекеге түсіп отыр. Инвестор қай елге қаржы салатынын шешкенде, ресурсы мен географиялық орнына немесе салықтық жеңілдіктеріне ғана қарамайды. Заңның тұрақты, рәсімдердің түсінікті болуы, құқығының қорғалуы және мемлекет келісімді нақты іске асыра ала ма – мұның бәрі маңызды.
– Сондықтан Қазақстанның инвестициялық жүйесі инвесторға қаншалықты түсінікті деген сұрақ туындайды. Оның негізгі тетіктерін бір заманауи заңға біріктіретін уақыт келген жоқ па?
– Бізде арнайы инвестициялық заңдар болған. 1994 жылы «Шетелдік инвестициялар туралы» заң қабылданды, ал 2003 жылы оның орнына «Инвестициялар туралы» заң күшіне енді. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл заң қолданыстан шықты. Инвестициялық қызметке қатысты бірқатар мәселе Кәсіпкерлік кодекске енгізілді.
Содан бері он жыл өтті, инвестициялық орта да өзгерді. Қазір Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті, KAZAKH INVEST, Инвестициялық штаб, инвестициялық омбудсмен институты, арнайы экономикалық аймақтар, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау мен инвестициялық келісімдердің де жаңа түрлері пайда болды.
Мен айтып отырған мәселе бұрынғы заңды қайта қабылдау емес. Қолданыстағы құқықтық жүйе бүгінгі инвестициялық саясаттың ауқымына сай келе ме? Қалыптасқан институттар мен тетіктерді ортақ қағидаларға біріктіретін жаңа, жүйеленген «Инвестициялар туралы» заң қажет пе? Мәселе – осы.
– Инвестор жоба бойынша алдымен әкімдікке, KAZAKH INVEST-ке немесе министрлікке жүгінуі мүмкін. Мұндайда орталық пен өңірлердегі мемлекеттік органдардың жұмысын қалай реттеуге болады?
– Инвестор қай мекемеге бірінші жүгінсе де, бір мәселені қайта-қайта түсіндіріп, әр мекеменің табалдырығын тоздырмауы керек. Бір мекемеде қабылданған шешімді келесісі де ескеріп, жұмысты жалғастырғаны жөн. Ол үшін әр мекеменің міндеті анық болып, бір-бірімен келісіп жұмыс істеуі қажет. Мақсат – инвесторға қосымша кедергі жасау емес, оның жұмысын жеңілдету.
Жобаға қатысты жұмыстың бір бөлігін министрлік, келесі бөлігін әкімдік атқаруы мүмкін. Кейде инвестор алдымен әкімдікке, кейін KAZAKH INVEST-ке немесе басқа мекемеге жүгінеді. Қай мекемеден бастаса да, жоба туралы мәлімет пен бұрын қабылданған шешімдер келесі мекемеге толық жетуі керек. Әйтпесе, бұрын келісілген мәселе қайта қаралып, жұмыс созылып кетуі мүмкін. Сонда инвестор жобасының қай кезеңде тұрғанын және енді кімнен жауап күту керегін білмей қалады.
Бұл министрлік пен әкімдік барлық мәселені бірге шешсін деген сөз емес. Әр мекеменің қандай іске жауап беретіні анық болуы қажет. Бір мәселе бірнеше мекемеге қатысты болса, олардың өзара келісіп жұмыс істеу тәртібі де белгілі болғаны жөн. Сонда инвестор бір мекемеден екіншісіне қайта-қайта барып, бір ақпаратты қайталамайды.
Жаңа заң осындай ортақ тәртіпті белгілеуге көмектеседі. Онда министрлік пен әкімдіктің міндеті, жобаның бір мекемеден екіншісіне өткенде жұмыстың қалай жалғасатыны және шешімге кім жауап беретіні көрсетілуі мүмкін. Инвестор қай мекемеге жүгінсе де, жобасының келесі қадамы қандай екенін біліп, бұрын қабылданған шешімдер аяқсыз қалмайтынына сенімді болуы керек.
– Инвестициялық келісімдер нақты жобаларға айналып, экономикаға пайда әкелуі үшін не қажет? Мұндай келісімдердің нәтижесін қалай бағалаған жөн?
– Келісімге қол қою жұмыстың бастауы ғана. Мемлекет басшысының шетелге сапарлары кезінде ірі халықаралық компаниялармен келіссөздер өтіп, инвестициялық дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Қазақстан серіктестеріне капитал салуды ғана емес, өндіріс ашып, технология енгізуді, өнімді ел ішінде өңдеп, қосылған құн тізбегін қалыптастыруды ұсынады.
2025 жылы қол қойылған коммерциялық келісімдердің жалпы құны шамамен 75 млрд доллар болды. Бірақ келісімнің құны басты нәтиже емес. Президент уағдаластықтарды созбалаңға салмай, нақты мерзімде орындау керегін айтып келеді. Ол үшін орындалуын бақылап, жауапты басшылардың дербес жауапкершілігін белгілеу маңызды.
Инвестициялық саясаттың нәтижесін кездесулер мен меморандумдардың санына немесе жарияланған жобалардың құнына қарап бағаламау керек. Нақты салынған қаржы, іске қосылған кәсіпорындар, ашылған жұмыс орындары, енгізілген технология, экспорт пен салық түсімі ескерілуге тиіс.
Келісімге қол қойылғаннан кейін жер мен инфрақұрылым мәселесін шешу, рұқсат алу, қаржы тарту, құрылыс жүргізіп, нысанды іске қосу қажет. Осындай кезеңдерде мемлекеттік органдардың жұмысы мен жауапкершілігі көрінеді. Сондықтан маңызды жобаны алғашқы келісімнен бастап экономикалық нәтиже шыққанға дейін бақылау қажет.
Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жобаларды тарту, іске асыру және бақылау кезінде мемлекеттік органдардың жұмысын бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Дегенмен цифрлық бақылау инвестордың кепілдіктері мен мемлекеттің міндеттемелерін айқындайтын тұрақты құқықтық қағидалардың орнын баса алмайды.
– Жаңа заң қолданыстағы кодекстер мен заңдарды қалай толықтыра алады?
– Жаңа заң қолданыстағы заңдарды қайталамауы керек. Инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау, жеңілдіктер, келісімдердің кейбір түрлері мен дауларды шешу тетіктері Кәсіпкерлік кодексте бар. Ал инвестицияға қатысты өзге нормалар Салық және Жер кодекстерінде, арнайы экономикалық аймақтар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, жер қойнауын пайдалану, құрылыс, көші-қон мен экология туралы заңдарда қамтылған.
Соңғы он жылда инвестициялық саясаттың ауқымы кеңейіп, жаңа институттар мен арнайы тетіктер пайда болды. Сондықтан жаңа заңның міндеті – салалық талаптарды өзіне жинау емес, инвестициялық саясаттың жалпы қағидаларын белгілеу және мемлекеттік органдардың осы саладағы құзыретін нақтылау. Ал жекелеген салаларға қатысты нормалар өз заңдарында қала береді. Осылайша, инвесторға инвестициялық жобаға қатысты құқықтық жүйенің қалай құрылғанын түсіну жеңілдейді.
– Бірыңғай инвестициялық қағидалар кімдерге қажет және қандай нәтиже беруі керек?
– Тұрақты әрі түсінікті қағидалар шетелдік инвесторға да, отандық кәсіпкерге де қажет. Өйткені инвестицияның ел үшін берері ортақ: өндіріс орындары ашылып, жұмыс көбейеді, экспорт пен салық түсімі артады, жаңа технология енгізіліп, еңбек өнімділігі өседі.
Қазақстанда инвестициялық инфрақұрылымның негізгі тетіктері қалыптасты. Ендігі міндет – олардың жұмысын ортақ құқықтық негізбен ұштастырып, орталық пен өңірлердегі саясаттың бірізді болуын қамтамасыз ету және жобалардың нәтижесіне жауапкершілікті нақтылау.
Бұл 2003 жылғы заңды қайта қабылдау деген сөз емес. Әңгіме Қазақстанның бүгінгі инвестициялық саясатына сай жаңа буын заң туралы. Ол меморандумнан нақты инвестицияға дейінгі жолды инвестор мен мемлекет үшін түсінікті әрі болжамды етуге тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Кәмила ДҮЙСЕН
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:63
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 20 Қазан 2026 05:52 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















