Бесағашта жаппай құрылыс салынып жатыр. Тұрғындардың мұң мұқтажы қандай?
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Ірі мегаполиске жақын болу шағын елді мекен үшін артықшылық та, мәселенің қайнар көзі де болуы мүмкін.
Бесағаш тұрғындары мұны жақсы біледі. Кейінгі онжылдықтарда Алматының шекарасы бұл ауылға барған сайын жақындап, қазір тіпті іргесіне келіп тірелді. Ал онымен бірге кептеліс, тұрғын үй кешендерінің жаппай салынуы және одан туындайтын барлық инфрақұрылымдық мәселелер де келді.
Қазір Бесағашта 30 мыңнан аса адам тұрады. Биыл шілдедегі аптапта жергілікті 800 үй суармалы сусыз қалған. Алайда 2025 жылы ауылда бес миллиард теңгеге жаңа сумен жабдықтау жүйесі салынған болатын. Шенеуніктер жағдайды үйлерге су тартылғанымен, тұрғындардың бәрі бірдей оған қосылып үлгермегендігімен түсіндірді.
Tengrinews.kz тілшісі жергілікті халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, тыныс-тіршілігін көру үшін Бесағашқа барып қайтты.
"Ескі" БесағашБесағаш (Алматы облысы) Алматы аяқталған жерден басталады. Талғар трактісі дәл осы ауылдың үстімен өтеді. Бұл жерде тасжол мегаполистің басты күре тамырларының бірі - Райымбек даңғылына ұласады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Ауылға келісімен оның орталығына бет алдық. Бесағаш ауылдық округі әкімі аппаратының алдындағы аллеяның сиқы осындай.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бұл жерде абаттандыру жұмыстары жүргізілмегеніне біраз уақыт болғаны байқалады: орындықтардың бояуы көшкен, шөп шабылмаған, ал балалар алаңқайлары ескірген.
Аллеяның соңында таэквондодан әлемнің жеті дүркін чемпионы, қазақстандық Мұстафа Өзтүрікке қойылған ескерткіш тұр. Дәл оның артында әкім аппаратының ғимараты орналасқан, онда "ЖАЛҒА БЕРІЛЕДІ" деген жазуы бар үлкен сары баннер ілулі тұр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Әдетте мұндай әкімшілік ғимараттардың алдындағы көшелер мен алаңдар барынша абаттандырылған болады. Алайда мұнда тіпті әкім аппаратының кіреберісі алдындағы асфальттың өзі ойдым-ойдым.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бірақ біз мұнда абаттандыру деңгейін бағалау үшін келген жоқпыз.
Бесағаш тұрғындарының бұдан да маңыздырақ мәселелері бар. Сонымен қатар, Райымбек даңғылының жоғарғы жағында, яғни тауға жақын жерде тұратындардың мәселелері төменгі жақтағылардың проблемаларынан айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін.
Әкімдіктен ұзап, Байтұрсынов көшесіне шықтық - бұл ауылдың шартты түрде жоғарғы бөлігінде орналасқан. Мұнда жақын арада жер жұмыстары жүргізілгені көрініп тұр. Шамасы, баяғы су құбырлары тартылған болуы керек.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Осы жерде біз бір тұрғынмен таныстық. Одан Бесағаштағы қандай мәселелер артта қалғанын, ал қайсы әлі де шешімін таппай отырғанын сұрап білдік.
"Құбырды осыдан бір жыл бұрын тарта бастаған еді. Бірақ бір жыл өтсе де, судың игілігін көрмедік, - дейді тұрғын. - Суды тек осы жазда, шу шығарғаннан кейін ғана берді. Қазір жаңа су құбыры мен жаңа резервуар бар, сонымен бірге ескі құбыр мен ескі сыйымдылық та жұмыс істеп тұр. Екі құбырмен де су айдалады. Ескі резервуар толуы үшін, олар жаңасынан тікелей люк арқылы құбыр тастай салған. Қазір судан мәселе жоқ. Иісі жағымсыз, ол түсінікті. Құбырлар жаңа болғандықтан, иіс шыға береді. Қазір кейбір адамдар бұған наразы болып жатыр, бірақ жарты жылдан кейін бәрі басылады".
Сондай-ақ ол бұл жердің рельефі төбелі болғандықтан, биіктік айырмашылығы барын айтады. Оның сөзінше, жоғары жақта тұратындар "айлап су көрмейтіндерін" айтып шағымданады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Әңгімемізге бір әйел араласты. Ол ауылда электр энергиясымен де мәселе барын қоса кетті.
"Кішкене жел тұрса - жарық өшеді. Су құбырын жүргізді, тартып берді, бірақ жолдарды жөндеген жоқ. Соның кесірінен үйдің ішіне шаң кіреді", - деп бөлісті Бесағаш тұрғыны.
Тұрғындармен сөйлескеннен кейін Байтұрсынов көшесімен әрі қарай жүрдік. Көше шынымен де өте шаң екен - құбыр жүргізілгеннен кейін асфальт төселмеген сияқты. Және жаңа су құбырына әлі барлық үйдің қосылмағаны байқалады - құбырлар учаскелер алдында жерден шығып тұр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
2026 жылғы 2 шілдеде Алматы облысының прокуратурасы "Бесағаш тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді" деген тақырыппен баспасөз хабарламасын таратты. Онда ауылда су құбыры желілерінің құрылысы аяқталғаны айтылған. Талғар ауданының прокуроры жергілікті жерге барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысқаны туралы есеп берді. Мемлекеттік органның бұл жобаға ерекше көңіл бөлуі оның "прокуратура органдары мемлекетке қайтарған қаражат есебінен жүзеге асырылуымен" түсіндірілді. Нәтижесінде "халық орталықтандырылған су жүйесіне қол жеткізді, бұл өмір сүру сапасын арттырып, судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етеді" деп атап өтілді. Ол кезде құрылыс-монтаждау жұмыстары толық көлемде аяқталып, нысан пайдалануға берілгені туралы сендірген болатын.
Бізге туыстары бірнеше ұрпақ бойы Бесағашта тұрып келе жатқан әйелмен тілдесудің сәті түсті. Өзі Алматыда тұрақтағанымен, мұндағы ата-анасына жиі келіп тұрады екен. Оның айтуынша, олардың үйі ауылға кіреберіске жақын, төбешікте орналасқан. Бұрын айналасында тек жеке үйлер болса, қазір көптеген жаңа құрылыстар бой көтерген.
"2020 жылға дейін ол жақта айтарлықтай қиындық болған жоқ. Жалғыз мәселе - жаз мезгіліндегі су тапшылығы еді. Үйіміз төбеде орналасқандықтан, судың келуі әрдайым қиын болатын. Бірақ осыдан алты жыл бұрын су мәселесі қатты сезіле бастады. Су 3-4 ай бойы мүлдем болмауы мүмкін. Таңғы бесте немесе түнгі үште ағып қалуы ықтимал, сондықтан сәл болса да су жинап алу үшін үнемі аңдып отыру керек. Ата-анамның арнайы бөшкелері бар, олар жазға қарай су қорын жинап алады", - деп сипаттады жақындарының тұрмысын сұхбаттасушымыз.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Сондай-ақ әйел бұл аудандардағы құрылыстың бейберекет жүргізіліп жатқанына назар аударды. Оның пікірінше, ата-анасының үйіне судың жетпеуіне осы жағдай себеп болып отыр.
"Ауылдың өзі мүлдем дамып жатқан жоқ сияқты. Жаңа маркет, дүкен ашылды, базарды біршама ретке келтірді, бірақ соңғы уақытта жасалған жұмыс осы ғана. Ішкі инфрақұрылым жоқ, демалатын орындар, баратын жерлер қарастырылмаған. Сондықтан, меніңше, бұл ауылда ешқандай даму жоқ", - дейді алматылық тұрғын.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Ал біз ауылдың жоғарғы жағынан Райымбек даңғылына қарай түсіп келеміз. Сол жерде жол жиегінде тұрған такси жүргізушісімен таныстық. Ер адам Бесағаштың "төменгі бөлігінде" тұрады, олардағы жағдай мынадай.
"Бізде су жағдайы салыстырмалы түрде тәуір - Райымбектен жоғары тұратындардікіндей емес. Бірақ жаңбыр жауса, жел соқса немесе қар жауса, жарық өшіп қала береді. Ал жарық өшсе, насос та су айдауды тоқтатады. Кейде моншада жуынып жатқанда, су да, жарық та жоқ болып қалады. Содан сақтық үшін әрдайым тазикке су толтырып қоямын. Жақында жарық өшкенде ашуланып, оларға хабарластым: "Жел не жаңбыр болса бір сәрі, қазір ешқайсы жоқ қой, тіпті күн де шығып тұрған жоқ, тек бұлтты", дедім. Маған бір жерде ақау шықты, профилактикалық жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деп жауап берді. Ал жоғарғы жақта апталап су болмайды деп естідім. Солай ма?" - деп сұрады жергілікті тұрғын бізден.
Біз оған судың бұдан да ұзақ уақыт болмайтыны туралы естігенімізді айттық. Сұхбаттасушымыз сусыз сонша уақыт қалай өмір сүруге болатынын елестете алмайтынын жеткізді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Содан кейін біз кейінгі жылдары Бесағашта бой көтерген жаңа құрылыстарға бет алдық. Алғашқы нүкте - Nuria 2.0 тұрғын үй кешені. Көптеген он қабатты үйлер дәл Алматының шекарасына іргелес орналасқан.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Мұндағы құрылыс тығыз салынған, тұраққа көп орын бөлінген, бірақ жұмыс күні түске таяу болса да, орындардың көбі толып тұр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Жергілікті тұрғындардан жағдайдың қалай екенін сұрастырдық. Олардың мәселелері жеке сектордағы түйткілдерге ұқсас болып шықты.
"Электр қуаты жаман емес сияқты, бірақ су мезгіл-мезгіл тоқтап қалады, - дейді біз сұрақ қойған қыз. - Көбіне ыстық су болмайды, бірақ бұл біздің тұрғын үй кешенінің мәселесі шығар. Судың кермектігі де өте жоғары. Кептеліс қатты деп айта алмаймын, тіпті қарбалас уақытта "Думан" ықшамауданы арқылы тез өтіп кетуге болады".
Nuria 2.0 кешенінде пәтері бар тағы бір тұрғын интернеттің нашарлығына шағымданды. Оның айтуынша, жергілікті желілердің жылдамдығы өте баяу.
Алматыға жақын болғанына қарамастан, мұнда жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым жоқтың қасы - бұған "жаңа" Бесағаштың тағы бір тұрғыны назар аудартты.
"Талғар трассасының бойында екі жағында да дұрыс тротуар жоқ. Біз амалсыздан жолдың жиегімен жүруге мәжбүрміз. Негізінен, мұнда бәрі тек жолдарға, тұрғын үй кешендеріне және көбінесе көлік тұрағына айналған шағын аулаларға тіреледі. Тұрғындар серуендейтін және уақыт өткізетін толыққанды қоғамдық орындар мүлдем жоқ", - дейді ол.
Тұрғын үй кешендеріне келетін болсақ: біз барып қайтқан Nuria 2.0 жаңа құрылысының жанында одан да ірі Besagash және Hayat Apartments кешендері орналасқан. Біріншісі 24 блоктан, екіншісі 29 блоктан тұрады. Шағын "сауалнама" барысында тұрғындардан естіген шағымдарымыз таныс - ыстық су жиі өшіріледі.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Seventh City тұрғын үй кешенінде де осы жағдай - ыстық судың жиі болмайтынын айтады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бірақ "жаңа" Бесағаш мұнымен бітпейді. Біз Бұқтырма көшесімен төмен түсіп, бірінен соң бірі тізілген зәулім тойханалардың жанынан өттік. Бір сәтте олардың санынан жаңылысып қалдық. Мұнда олардың саны оннан асатыны анық.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Ал олардың артында салынып жатқан немесе пайдалануға берілген көптеген жаңа тұрғын үй кешендері бой көтерген. Олардың барлығы аумақтық жағынан Бесағашқа тиесілі.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Бұлардың қатарында Aspan City тұрғын үй кешені де бар.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Және Buta Flame кешені.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Және жеке сектордың іргесінде бой көтеріп жатқан басқа да көптеген жаңа құрылыстар.
Айтпақшы, былтыр шілдеде жергілікті тұрғындар кезекті ТҮК құрылысын тоқтатуды талап еткен болатын. Ол кезде адамдар толассыз шу мен қатты дірілге шағымданған еді. Бірақ бұл құрылыс процесін тоқтата алмады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Никита Данилин
Tengrinews.kz редакциясы Алматыдағы Қайрат ықшамауданының тыныс-тіршілік туралы репортаж дайындаған болатын. Кезінде ол да Талғар ауданына қарасты ауыл еді, кейін қала құрамына енді. Қазір бұл ықшамауданда көпқабатты үйлер жедел салынып жатыр, ал оның тұрғындары жарық пен судың іркілістеріне шағымданып жатады.
Бесағашты да осындай тағдыр күтіп тұр ма? Бұлай деп кесіп айту әлі ерте, бірақ бұған барлық алғышарттар бар.
Авторы: Никита Данилин
Аударған: Дина Шәріпхан
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
“Алматылық Бангладеш“ пе? Мегаполис іргесіндегі ең ірі тұрғын үй кешенінің халқы қалай тұрып жатыр?
Жарты ғұмырың кептелісте: Талғарда тұрып, Алматыда жұмыс істейтіндердің күні қалай өтеді?
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:116
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 15 Қыркүйек 2026 10:20 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















