Біз оқушының оқу табеліндегі бағаға емес, қарым қабілетіне қараймыз Сабыржан Садуақасов
Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Ал олардың қалыптасуы – ең әуелі мектеп қабырғасынан басталады. Оқушыларды білімге ұштау, қарым-қабілетін ашу, жетілдіру тұрғысынан не істеу керегі жайлы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов тарқатып айтып берді.
– Сабыржан мырза, Назарбаев Зияткерлік мектебі – кіл мықты, білімді, зерек, ақылды оқушылардың ортасы. Десе де, ел ішінде сіздерге білімді ғана емес, ақшалы не болмаса байдың балалары оқитын орын деп қабылдайды. Расымен бұл солай ма, әлде жаңсақ пікір ме? Оқушыларды қабылдауда қандай талапқа сүйенесіздер?
– Балаларды қабылдау кезінде өзімізде бекітілген нақты ереже бар, біз соны ұстанамыз. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің басқару құрылымы – жоғары қамқоршылық кеңестен басталады. Ал қамқоршылық кеңестің құрамына Қазақстан Республикасының Үкімет қызметкерлері кірген, оның төрағасы – Премьер-Министр. Сондықтан бекітілетін барлық құжат Үкімет деңгейде қарастырылады.
Біріншіден, НЗМ-де білім алу грантына тек қазақстандық азаматтығы бар балалар қатыса алады.
Екіншіден, балалар бізге құжаттарын 6-сынып оқып жүрген кезеңнен тапсыруы қажет. Міне, сол құжаттың негізінде екі күндік іріктеу басталады. Біздің мектепке іріктеу әдетте наурыз айында өткізіледі. Бірінші күні жаратылыстану, математика және сандық көрсеткіш бойынша тестілеуден өтеді. Екінші күні оқушының қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі деңгейі тексеріледі.
Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларды NIS-Programme атты оқу бағдарламасы аясында оқытады. Бұл дегеніміз – жаратылыс тану мен математика бағытындағы қабілеті бар оқушыларға арналады. Сол себепті біз оқушылардың жаратылыстану мен математика бағытындағы қабілетіне сәйкес таңдаймыз. Біздегі байқаудың ерекшелігі – осы. Яғни, іріктеуге қабылдау барысында оқушылардың табеліне назар аудармаймыз. Мысалы, үміткер 5-6-сыныпта кілең беске, төрт пен беске не болмаса кейбір пәнді үшке оқуы мүмкін. Біз оған қарамаймыз, оқушының жаратылыстану мен математикасын анықтай отырып, алдағы 6 жылда сол бағытта білім алуға қабілетті ме, әлде жеткіліксіз бе деген мәселені қарастырамыз. Сондықтан баланың қабілеті жоғары болса, түсетініне сенімдіміз.
Мектепке түсу кезінде әлеуметтік жағдай, тұрғылықты жер немесе ата-анасының мәртебесі ешқандай әсер етпейді. Басты мақсат – елдің түкпір-түкпірінен келген қабілетті балаларға тең мүмкіндік беру. Сынақ нәтижелері толығымен автоматтандырылған жүйеде есептеледі, сондықтан іріктеу барысында адами фактор мен субъективті пікірге орын жоқ. Дәл осы себепті Зияткерлік мектептерге еліміздің әр аймағынан, түрлі әлеуметтік топтардан шыққан ең қабілетті балалар оқуға түседі.
Мысалы, оқуға қабылданған шәкірттердің шамамен 10 пайызы ауылдық елді мекендерден, 40 пайызы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар.
– Еліміздегі Астана, Алматы, Шымкент секілді мегаполистер мен ірі қалаларында Назарбаев Зияткерлік мектебіне тапсыратын үміткерлердің көптігіне шек келтірмейміз. Соның арасында шалғайдағы ауыл-аймақтан түсіп жатқан оқушы көп пе?
– Қазір еліміз бойынша 21 мектебіміз бар: Астана, Алматы, Шымкент ірі мегаполистерінде білім ордасы екеуден ашылған. Ал қалған облыс орталықтарында бір мектептен бар. Бәрінің бағыты – математика мен жаратылыстану. Осыдан-ақ тапсырушылар саны жылдан-жылға ұлғайып жатқаны байқалады. Мысалы, соңғы үш жылдағы статистикаға сүйенсек, 2023 жылы 22 977 бала үміткер болған. 2024 жылы оның саны 28 мыңға жетсе, биыл тағы мың балаға көбейген.
Сол секілді ауыл балаларының құжат тапсыру саны да артып келеді. Нақты айтсақ, 2023 жылы 2 446 оқушы құжат тапсырса, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 4 342-ге жетті.
Мектебіміз қай жерде ашылмасын, ескеретін бірден-бір дүние – жатақхана мәселесі. Әр мектептің өз жатақханасы болуы міндетті. Сондағы мақсат – ең алдымен сол өңірдегі алыс ауыл-аймақ балаларының тұруына мүмкіндік жасау. Мәселен, Түркістан облысындағы мектептің жатақханасына оқушылар сыймай жатыр. Бұл да бізге тапсырушылардың саны артып жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептері ауылдағы білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның бірі – «Тірек мектептер» жобасы.
NIS ұстаздары мен сарапшылары тірек мектептерге әдістемелік қолдау көрсетіп, білім нәтижелерін талдайды және оқу сапасын арттыруға нақты көмек береді. Бүгінде еліміз бойынша 200-ге жуық тірек мектеп осы бағдарламаға қамтылған. Жоба нәтижесінде ауыл мектептерінің сапасы айтарлықтай көтерілді. Биылғы оқу жылында тірек мектептердің 35 оқушысы NIS-ке түсті.
Сонымен қатар NIS оқушылардың дайындалуына арналған тегін «Виртуалды мектеп» және «Каникулярлы мектеп» жобаларын жүзеге асып келеді. Бұл бағдарламалар 5–6-сынып оқушыларына пәндік білімін тереңдетіп, өз әлеуетін сынауға мүмкіндік береді. Онлайн сабақтар мен демалыс кезіндегі курстар талай өреннің талабын ұштап, Зияткерлік мектепке апарар алғашқы баспалдаққа айналып отыр.
– Бағын сынап сіздерге тапсыратындардың дені ауыл емес, қаланың балалары. Шалғайда орналасқан елді мекендердегі оқушыларды қалай тартып жатырсыздар?
– Ауыл балалары – біздің басты назарда. Соңғы жылдары шалғай елді мекендердегі оқушыларды өзімізге тарту мақсатында білек сыбана кірістік. Екі-үш жылдықта әр өңірде орналасқан Назарбаев Зияткерлік мектептің мұғалімдер мен әкімшілік қызметкерлері каникул уақытында сол маңдағы елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесіп, біздегі мүмкіндіктің қарапайым отбасына қолжетімділігін түсіндіреді. Тапсыруға ниетті ата-анамен де, баламен де сөйлеседі. 2023 жылы талдау жүргізген кезде «естімей қалдым» не болмаса «білмедік, хабарсызбыз» деген әттеген-айды естідік. Сонда ауылдық жерлерге байқау жайында толыққанды ақпарат жетпей жатады екен. Осы олқылықты түзеу барысында каникул кезеңін тиімді пайдалануға тырысып бағудамыз.
Оның үстіне, бізде 10-11-12-сыныпта ақысыз оқып жатқан оқушыларға «ауылдарыңа барыңдар, балаларға оқуға түсе алатынын түсіндіріңдер, мектеп әкімшілігімен кездесіңдер» деп тапсырамыз. Өз тарапымыздан сол жақтағы мектеп директорына байланысқа шығып, біздің оқушының балалармен жүздесуіне мүмкіндік беруін сұраймыз. Шыны керек, кейбір білім ордаларының басшылары бұған келіспейді. «Қай мектепте оқыса да ол – еліміздің азаматы. Бастысы, ол Қазақстанда білім алып отыр. Біз шетелдік білім ордасы емеспіз, бала сіздің мектепте ме, әлде бізде оқи ма айырмашылық жоқ. Толыққанды қаржыланған, оқуына барлық жағдай жасағандықтан, баланың талабын ұштауға, білімін жетілдіруге берілген мүмкіндікті жіберіп алмасын» деп те түсіндіреміз. Дегенмен әр мектеп жақсы оқитын оқушының өзінде қалғанын қалайды. Оған да түсіністікпен қараймыз.
Тіпті, өзіміздің мұғалімдерге «туған жеріңізде немесе жүрген жеріңізде оқу ордасы жайында бұрыс ақпарат естісеңіз, «соның ішінде мен жүрмін, сіз қателесесіз» деп түсіндіріңіз деуден жалықпаймыз. Кейінгі уақытта біз грантқа түскен балалардың мектебі мен ата-анасына шет қалдырмай, олардың еңбегін бағалап, алғысхат жібереміз. Бізге түсетін оқушылардың көрсеткішінің көбеюі – тынымсыз жұмыстың жемісі. Бұған дейін радио-теледидар арқылы хабарландыру беріліп, байқаудың басталғанын хабарлағанбыз.
– Бір пәннен үші бар балалар да бағын сынауға құқылы дедіңіз. Сондай оқушыларыңыз халықаралық олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атанғаны бар ма? Жалпы, сіздерде төмен бағамен түскен бала қанша?
– Ішкі ережеге сай, ондай баланың аты-жөнін айта алмаймын. Алайда Ақтөбе, Астана қаласындағы мектептерде директор орынбасары, директор болғанымда талайын аралап, аяқты тоздырдық. Сол себепті бір пәнінен үші бар балалардың оқуға түскенін көзіммен көрдім. Мөлшермен 20 пайызға жетеді. «Адамды орта тәрбиелейді» демекші, бала да өзінің қатарластарынан үлгі алып, тартылды. Мәселен, былтыр оқу жылының соңында Қазақстан атынан халықаралық олимпиадада үлкен жетістікке жеттік. Соның бірі – Шымкенттің тумасы, география пәнінен халықаралық олимпиаданың үш дүркін чемпионы. Сол бір сұхбатында: «Назарбаев Зияткерлік мектебіне келмей тұрып, олимпиадаға қатысамын деген ойыма кіріп шықпаған. Оқуға калай түстім, қолы бос бір сыныптасымды таппадым. Әрқайсының өз қызығушылығы бар, сонымен айналысады. Арасында бөлмеде жалғыз қалып қаламын. Міне, сол кезде маған бірдеңеге жазылайын деген ой келді. Өзім географияға қызығатынмын. Қасымдағы досым олимпиадаға барғалы жатқан соң еріп барғанмын. Нәтижесінде, үлкен жетістікке жетіп, шетелдегі халықаралық байқаулардың жеңімпазы боламын деп кім ойлаған?». Мынау – соның дәлелі.
– Кез келген баланың жаңа ортаға үйренісуіне уақыт керек. Мектеп интернатта көбісі бала бір жылда бейімделеді деп жатады. Жалпы, бала қанша уақытта үйреніседі?
– 7-сынып баланың есейіп қалған шағы ғой. Айтқаныңа бірден көндіге қоймайды, өзінің мінезі, көзқарасы бар, отбасы мен үй ішінде қалыптасқан әдет-ғұрпы бар. Дәл осы кезеңде оқушыларды басты назарда ұстаймыз. Әдеттегідей бұл балалар тамыз айының соңғы аптасы, яғни сабаққа бір апта қалғанда шақырылады. Ең әуелі бала жаңа ортада қысылып, абдырап қалмауы тиіс. Өйткені балаға бірден сабаққа келіп, сынып партасына отырудың өзі стресс әкелуі мүмкін.
«Бес саусақ бірдей емес» дегендей әр баланың мінез-құлқы әртүрлі. Бірі – ашық, тез кірісіп, ортаға үйренісіп кетсе, енді бірі – тұйық, адамға жұғымы жоқ болуы мүмкін. Біздің тәжірибеде балалардың бейімделуі қыркүйектен желтоқсанға дейінгі аралықты алса, соңғы жартыжылдықта санаулы ғана қалады. Онда да біз оларға көбірек көңіл бөлеміз. Арасында жүктемеден бұрын, ата-анасын сағынып, өз ортасын қимастықтан кететіні де жоқ емес.
– Сіздер оқушының ортаға бейімделуіне қандай жағдай істейсіздер?
– Өзіміздің құрастырған бағдарлама бойынша жұмыс істегендіктен, оған психологтер, кураторлар, пән мұғалімдері мен түлектерімізге дейін тартылады. Алғашқы күн таныстықтан басталып, бір-бірінің қызығушылығын айтса, кейін мектептің ережесімен таныстырылады. Оны әр оқушының ұстануы міндетті. Келесі күні мектептің ерекшелігі, қандай оқу бағдарламасы, қалай оқытылатыны түсіндіріледі. Қандай да бір қиындық туындаса мектептің психологі мен медициналық блогтың көмегіне жүгіне алады.
Сондай-ақ әр оқушының жаңа ортаға тез бейімделуі үшін «Шаңырақтар қауымдастығы» ерекше рөл атқарады. Бұл – Зияткерлік мектептерінің өзіндік дәстүрі мен тәрбиелік жүйесінің маңызды бөлігі.
Мұнда әр оқушы белгілі бір шаңыраққа бірігеді: жоғары сыныптар кіші буынға тәлімгер болып, бағыт-бағдар береді, бірге түрлі мәдени, спорттық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады. Осындай қарым-қатынас арқылы оқушылар арасында сенім мен достық орнап, жаңа келген бала өзін ұжымның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді.
Сырткөзге қалыпты дүние ретінде көрінуі мүмкін, бірақ біз әрбір ұсақ-түйектің бәріне мән береміз. Мәселен, ертеңгі күні өзара бөлініп, топтасып кетпес үшін сыныпта екі бірдей бір мектептің оқушысы не бір сыныптас болмауын қадағалаймыз. Сыныпта ұл мен қыз басым түспеуі керек, тіпті ауыл мен қала балаларының санын теңестіруге тырысамыз. Аты ұқсастарды әр сыныпқа бөліп тастаймыз. Осының бәрі – баланың жалғызсырамай, тез бейімделуіне көмектеседі.
Оған қоса, әр куратор өз сыныбының паспортын жасап, әр оқушының қай жерден келгені, қандай отбасы, жалғызбасты ананың не әкенің қарауындағы бала ма, көпбалалы әулеттен бе, бәрі көрсетіледі. Артынан сол сыныптың ұстаздарына «сіздің сыныпта толық отбасы емес бала бар, ана тақырыбын мұқият көтеріңіз» деп ескертіп, бәрін бақылауда ұстаймыз.
– Сонау жатақхана тәрбиешісінен бастаған жолыңыз, ұстаздыққа ұласып, нәтижесінде білім саласында қызмет еткеніңізде 22 жылдан асыпты. Бүгінде балалардың білімін арттыру үшін Назарбаев Зияткерлік мектебінен ауыл-аймақтағы, жалпы білім беретін білім ордаларына нені назарға алып, қосқан дұрыс?
– Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесі негізінде 2016 жылдан бастап еліміздің мектептері жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Ол жағынан білім ордасының тәжірибесі мол. Оның артықшылығы – білім мен дағды қатар жүреді. Байқасаңыз ақылды, білімді, олимпиада жеңімпазы, озат оқушы өмірде қарапайым жұмыста, жалдамалы қызметкер. Ал кезінде мектепте үшке оқыған бала кәсіпкерге айналған. Дағдының өзін екіге бөліп қараймыз: қатты дағды – ол пәндік, яғни физикада Ом заңын білу міндет. Жұмсақ дағды, яғни қарым-қатынас немесе уақытты тиімді пайдалану. Міне, осы нәрсе – біздің басты назарда және бұл оқу бағдарламасына кіріктірілген. Жалпы орта мектептегі әріптестеріміз осыған назар аударып, 40 минуттық сабақты дұрыс жоспарласа, кез келген баланы тиімді оқытады. Бізде мұғалімге де, оқушыға да толық күндік жұмыс. «Сабақты жоспарлауым керек» деген мәселені мұғалім сол жақта қарастырып, әріптестерімен талқылайды.
Екіншіден, балаға теориялық білім берумен ғана шектелеміз. Керісінше, оқушыға білімді беру арқылы өмірде пайдаға жарайтынын жеткізу керек. Мысалы, экономика сабағында бір оқушы үйінен азық-түліктің түбіртегін әкеліп талқылады. Сол арқылы кіріс-шығысты ғана емес, пайыздық мөлшерлеме есебін жүргізу есінде қалады. Не болмаса крахмалдың картоптан алынатынын тәжірибеде көрсетсе мәңгі жадында сақталады. Ісіне білек сыбана кірісетін, жанып тұрған ұстаздарымыз ел ішінде көп.
– Сіздерде оқушыларға жүктеме көп, таңнан кешке дейін бас көтермейді деп жатады. Бұған не дейсіз?
– Рас, бізде жүктеме көп. «Білім – инемен құдық қазғандай» дегендей, білімді азамат ретінде қалыптасу үшін оқып-тоқуы керек. Жасөспірім десек те, ол әлі бала ненің дұрыс-бұрыс екенін білмейді. Балалардың сабақтан кейін бос уақыты жоқ емес, бар. Әрине, олардың өз еркіне салсаң, уақытын бос өткізуі де мүмкін. Бірақ біз балалардың бос уақытын олимпиада, би, спорт, домбыра секілді үйірмемен толтырып тастағанбыз. Тіпті, қоңыраудың өзінде телефон берілмейді. Уақытыңды қажет емес дүниеге өткізгеннен гөрі, шахмат не асық ойнағаны жақсы емес пе?! 5-10 минутта бір-бірімен сөйлесіп, пікір алмасса да біраз дүниеден хабардар болады.
Оқу бағдарламасының күрделілігінен бұрын сабақ оқыту тілі де әртүрлі. Мәселен, қандай сынып болсын Қазақстан тарихы қазақ тілінде өтеді. География мен қазақ тілі пәні де сондай. Орыстілді немесе бізге дейін орысша оқыған балаға ауыр түседі. Ал дүниежүзі тарихы орысша оқытылады. Ауылдық балалар көбісі орысша білсе де, сөйлеуге қысылады. Ол кезде оқушыны топқа жетекші болуға шақырып, дебатқа қатыстырып, көпшілік алдында сөйлеу дағдысын дамытуға көмектесеміз. Әр оқушыға білім беріп қана қоймай, оның бойындағы қарым-қабілетінің дамуына, өмірге бейімделуіне атсалысамыз.
– Қандай да бір саланы тереңдетіп оқытатын мектеп болмаса, жалпыға ортақ білім ордалары оқушыларына бекітілген пәндер бойынша оқытатыны белгілі. Сіздер қай сыныпта қандай пәнге ден қоясыздар?
– Оқу бағдарламасы бойынша 1-ден 5-ке дейін бастауыш сынып, 6-10-сынып негізгі мектеп болса, 11-12-сынып жоғары мектеп. Сондықтан оқушылар негізгі білім алу үшін 7-сыныптан 10-сыныпқа дейін барлық пәнді оқуға міндетті. «Болашақта кім боламын?» деген мәселеде әр оқушы 10-сыныптан кейін пәндерін таңдайды. Біз бұған оқушыны 7-сыныпқа түскен күннен 4 жыл бойы қалауын табуға тырыстық. Мәселен, баланың ата-ана орнындағы біркүндік жұмыс деген әлеуметтік жобамыз бар. Әр ата-ана баласымен сөйлесіп, бір күні оны өзімен бірге жұмысына ертіп алып, немен айналысатынын басынан өткеруі керек.
Осындай жоба арқылы бала ойланып, өзіне не керегін ойлана бастайды. 10-сыныпқа келгенде олардың бейімдік пәндерді таңдауына көмектесеміз. Бізде физика мен математика пәндері стандарттық және жоғары деп екі деңгейге бөлінеді. Мәселен, математика мен физика – инженерлік мамандық, биология мен химия медицина деп түсіндіреміз. Нәтижесінде, бала 11-12-сыныпта таңдаған пәнін оқып, 12-сыныпта халықаралық емтихан тапсырады. Сөйтіп, мемлекеттік аттестат, халықаралық NIS сертификаты және ҰБТ сертификатын алып, еліміздегі және шетелдік оқу орындарына тапсыруға мүмкіндік алады.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:74
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 07 Қараша 2025 14:21 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















