Ғибратты ғұмырдың баяны
Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Ал енді бір кітаптардың өмірге келу мехнаты ұзаққа созылып, автор балды қасықпен аузыңа тамызғандай жыл сайын дәмелендіріп, келесі тарауын ноқталағанша, төзіміңді тауысып, ынтықтырып қояды. «Құмнан су іздеген құландай» (Мұқағали) ізденіспен жазылған ондай туындыларды оқу жансарайыңды жадыратып, көңіліңді ерекше сезімге бөлейді.
Мемлекеттік қызметте жүріп, ой еңбегінен де қол үзбеген Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жаңа кітабымен сырласып, ой қыдыртқанымда тап осындай күйді кешкенімді жасыра алмаймын.
Мұндағы дүниелермен баспасөз бетінен алғаш танысқанымда, аяулы ағаларымыздың адамдық бейнесі жарқырай ашылған эсселердің түбі бір кітапқа айналарын ішіміз сезген. Сеніміміз алдамапты. Расында да, мінезі кесек, істері ірі тұлғаларымыздың ғибратты ғұмыры мен өнегелі тәрбиесінен үлгі алатын мазмұнға да, мағынаға да бай кітап өмірге келіпті.
«Менің ағаларым» сериясымен жазылған қаламгер, қоғам қайраткері Камал Смайылов туралы алғашқы мақаланың аты да өздігінен тіл ұшына үйіріле кетті. «Ақжарылқап». Үнемі күлімдеп, күндей жарқырап, айналасындағы адамдарға шуақ шашып, қу тіршілікке жан бітіріп жүретін, өмірі бір ашуланбайтын ол кісінің болмысын ашуға осыдан артық теңеу табу қиын еді.
Өмірдегі ұстазы болған ағасына деген сағынышын төгіп жазған естелікті жұрт жылы қабылдады. «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көре салысымен Камал Смайыловтың замандастары бірінен соң бірі хабарласып, ризашылығын білдіріп жатты. Әсіресе, академик Төрегелді Шарманов балаша қуанып, эссені оқи салысымен хабарласып, Камалмен бір сыныпта оқығанын, тай-құлындай тебісіп өскен өмірлік досымен соңғы сәтке дейін бірге болғанын тілге тиек етіп, жан сырын ақтарып, екеуі ұзақ әңгімелесті.
Мамандығы мүлде басқа саланың адамы болғанымен, бір көргеннен тіл табысып кеткен Төрегелді Шармановты ол рух жағынан өзіне ең жақын жандардың бірі санайтын. Тіпті, туған әкесіндей құрметтеген сыйластықтың арқасында Төкеңнің өзімен түйдей құрдас ұлы Алмас Шарманмен танысып, достасып кетті.
Академик Төрегелді Шармановтың өмір тарихынан хабары жоқ адам 300-ден астам ғылыми еңбек жазып, 15 монография жариялаған, отызға жуық өнертапқыштық ұсыныс жасап, оларды ғылыми айналымға енгізген академик жөнінде жұрт білмейтіндей не айтуға болады деп ойлауы да әсте мүмкін. Міне, осындай сезіммен эссені оқи бастағанда бірте-бірте ол ойыңнан айнып, тағдыр жолы тақтайдай тегіс болмаған азаматтың жаңа қырларын тани түсесің.
Тақырыбын жан-жақты зерттеп барып қана қолына қалам алатын Мұхтар Абрарұлы кім туралы жазса да өзін суда жүзген балықтай еркін сезінеді. Әңгімесін оқырмандарға тартымдырақ ете түсу үшін кей тұстарында әзіл-қалжың араластырып, кейіпкердің жұрттың бәрі біле бермейтін қырларын сипаттап, жан әлемінің жұмбағына бойлап, болмыс-бітімін мүсіндеп, мінезін ашуға айрықша ден қояды.
Академик Төрегелді Шарманов туралы жазылған екінші эссені де жұрт ықыласпен оқыды. Мемлекетіміздегі өзге ұлт өкілдеріне де ел ағаларының өнегелі ісін жан-жақты таныту үшін жазылған дүниелерді орыс тіліне тәржімалап, олар «Казахстанская правда» газетінде жарық көріп жатты. «Гражданин» деген атпен шыққан эссені оқып, дән риза болған академиктің ұлы Алмас Шарман оны ағылшын тіліне аудартып, Америкадағы беделді басылымдардың бірінде жарияланды. Дерегі мол, ішінде езу тартқызатын юморы да бар эссені америкалықтар да қызыға оқыпты.
«Менің ағаларым» – тағдырлы туынды. Кітапты оқи отырып, ұлт мақтанышына айналған ел ағаларының ғана емес, үлкен әулеттен шыққан азаматтың да тұлға болып қалыптасуы жолындағы саналы күресінің соқпағын көресің. Осы орайда автордың өз туындысы арқылы айтпақ болған ойының төркінін түсіну үшін әкесі жайында жазған «Асылзада» эссесіне тоқталмасқа амал кем.
«Асылзада» – күні бүгінге дейінгі жазылған еңбектердің ешқайсысына да ұқсамайтын, ондағы ойларды қайталамайтын, әке тақырыбын жаңаша түрлендірген, өрнегі өзгеше тоқылған, танымдық тұрғыдан да, тағылымдық жағынан да, тәрбиелік мәнімен де оқырманға берері мол ұлттық эссеистикамыздың зор табысы.
Абыз әкенің белінен туған перзентін ізгілікке баулып, ең әуелі имандылық әліппесімен жүрегін жуындырып, іштегі кірін тазалатқан даналығы таңғалдырады. Тілі шыға салысымен, баласына «Құран» аяттарын үйретіп, айт-арафа, оразада қара шаңыраққа бас сұққан қонақтарға «Фатиха» мен «әл-Ихласты» жатқа айтқызып, жаны жадырап, ұлына мейірлене қарап қояды екен, жарықтық. Күн ұясына батып, жұлдыздардың жарығы сәбилік қиялының арман-бесігін тербеткен түндерде Үміт әжесі әкесінің айтқандарын қайталатқызып, немересінің жанын иман сәулесінің нұрына шомылдырады. Міне, осылайша мектеп табалдырығын аттамай жатып-ақ қара таныған бала «Құран» аяттарымен сусындап, батырлар жыры, ғашықтық дастандармен жан әлемінің алқабын суарып өседі.
Кітаптың әр бетінде, әр сөзінде жазушының сәруар сағынышы менмұндалап, ағаларына деген мөлдір махаббаты айқұлақтанып тұр. Замандастарын мақтауға келгенде тиын санаған тіленшідей сараңдығы ұстап қалатын ақын апамыз Фариза Оңғарсынованың өзі ағынан ақтарылып, ағалар туралы эсселерді сүйсініп оқығанын айтып, іштегі сырын бүгіп қала алмапты.
«Мұхтардың Қалтай Мұхамеджанов, Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Зейнолла Қабдолов секілді ұлтымыздың айтулы тұлғалары туралы «Менің ағаларым» атты жалпы тақырып пен роман-хикаятқа бергісіз бірнеше эссе толғаныстары – жан жүрегіңді жаулап, ұйқыдағы сезіміңді сергітетін классикалық дүниелер».
Газет бетінен Фариза апамыздың осындай бір жүрекжарды лебізін көзім шалып қалғаннан кейін, мен де Мұхтар ағамның республикалық басылымдарда жарық көріп жатқан мемуарларын жібермей оқи бастадым. Міне, бүгін сол дүниелерді қайталап оқып, ақын апамыздың айтқан сөзінің шындық екеніне көзім жетті. Расында да, бұл дүниелер – мемуар жазудың классикалық үлгісі.
Кітапты оқу барысында ел ағалары атанған Камал Смайылов, Манаш Қозыбаев, Төрегелді Шарманов, Рымғали Нұрғали, Салық Зиманов, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдолов, Шаһмардан Есенов, Рақымжан Қошқарбаев, Темірбек Қожакеев, Қасым Қайсенов, Шот-Аман Уәлиханның тұлғалық табиғатына тереңдеген кездегі автордың тек сол адамдардың ғана мінезіне тән ерекшеліктерін байқаған қыранның көзіндей суреткерлік қырағылығына тәнті боласың. Көркем мінезден кенде емес әр тұлғаның қарапайымдылығын, азаматтығын, кішіпейілдігін, инбаттылығын, кейде тіпті баладай аңғалдығын суреттегенде автор үнемі жаңа деталь тауып отырады. Ал марқұм болып кеткен асыл ағалары жөнінде толғанған эсселерінің кей тұстары тіпті жібектей нәзік лиризмімен ет жүрегіңді елжіретіп жібереді. Елге сіңірген еңбектеріне сүйсініп, сен де ол адамдарды қимас туысыңдай, туған бауырыңдай жақсы көріп кетесің.
Кітаптан үш үлкен ерекшелік байқадым. Біріншіден, автор ұзын арқау, кең тұсауға жол бермей, мейлінше ойын сығымдап, аз сөзге көп мағына сыйғызып, тұлғаның даралық сипатын танытатын детальдарға қатты көңіл бөледі. Кейіпкердің кескін-келбеті, кесек мінезі, күрескерлік әрекетінің мәні оқиға барысында айқындалып, адамдық табиғаты әрекет үстінде ашыла түседі.
Екіншіден, тақырыбын бүге-шігесіне дейін зерттеген жазушы дерекке қатты мән береді. Шындығын дәлелдеу мақсатында мол мәлімет жинағанымен, солардың ішінен ең маңыздыларын ғана сүзіп алып, ұтымды пайдаланады.
Үшіншіден, туындысының шынайы болып шығуына баса назар аударып, кейіпкерінің жан әлемін аша отырып, керек жерінде сезімге де ерік беріп, оқырманнан сыр жасырмай, ағыл-тегіл ақтарылып та алады.
Парасаты биік, танымы терең, адамгершілігі мол, күрескер тұлғалармен араласа жүріп, аялы алақанын көрген ол қызметі өсіп, дәурені дәуірлегенде ағаларының атын ерттеп, қолтықтарынан демеп, оны Алла Тағаланың берген бақыты санады. Расында да, өзінен қырық жас үлкен Салық Зимановтай азаматтардың көзін көріп қана қоймай, туған әкесіндей құрметтеп, араласу мүмкіндігін берген тағдыр сыйын бақыт демегенде не дейміз? Жаны жайсаң ағалардың бәрі де оның азамат атанып, ұлтшыл болып қалыптасуына өнеге көрсеткен өмірлік ұстаздары. Ұлтын шексіз сүйіп, тек сүйіп қана қоймай, қиын-қыстау замандарда да өз халқына жан-тәнімен беріле қызмет ете отырып санасын оятуға болатын көш бастайтын көсемдікті де, сөз бастайтын шешендікті де ол өмірлік ұстаздары болған ағаларынан үйренді.
«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» дейді философ Жан-Жак Руссо. Бақытын аялап, тереңдік тағылымын санасына сыналап сіңірген ұлы ұстаздар Мұхаңның өмірінде аз болған жоқ. Солардың ішінде, әлі буыны бекіп, бұғанасы қата қоймаған шағында жұмысқа алып, жетектеп жүріп тәрбиелеген ұстазы академик Манаш Қозыбаевтың орны ерекше. Өкінішке қарай, бүгінде есімі көп ауызға алына бермейтін, ғұмырын ғылымға арнаған Манаш Қозыбаев шынында да ғұлама ғалым болды. Отандық тарихнамада жеке ғылыми мектеп қалыптастырды.
Адамгершілігі мол, азаматтығы бір төбе академик туралы Мұхтардың эссесін оқығанда Манаш Қозыбаевты мүлде басқа қырынан танып, оның ғалымдығымен қатар, күрескерлігіне де тәнті боласың. Отыз сегізінде ғылым докторы, отыз тоғызында профессор атанған ғалымның ұлттық мүдде жолында жанын шүберекке түйіп күрескен кемеңгерлігіне сүйсіне бастайсың.
Ғұлама ғалымның күрескерлігі тәуелсіздік жылдарында жарқырап көрінді. 1932–33 жылдардағы қазақ жеріндегі ашаршылық трагедиясын ашып көрсеткен «Шындық тағылымы», халқымызды қанға бөктірген патшаның баскесер жендеті Ермактың жауыздығын әшкерелеген «Аңыз бен ақиқат» т.б. сүбелі ғылыми еңбектерін жазып ұлттық санаға қозғау салды.
Тереңдік тағылымын үйреткен ұстаздар Мұхаңның өмірінде аз болған жоқ. Сондай жанына ерекше ыстық адамдардың тағы бірі академик Рымғали Нұрғали нағыз алашшыл тұлға болды. 1986 жылы ол Қазақ энциклопедиясына бас редактор болып келді. Сол жылы ол кісінің қарамағында жұмыс істеген Мұхтар Абрарұлы бар-жоғы 26 жастағы жігіт еді.
Өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ. Дүниедегі кез келген құбылыстың өз заңдылығы бар. Рымғали Нұрғали кейін өзі де үлкен ғалым болғанда өз шәкірттерін алашшыл рухта тәрбиелеуге бар күш-жігерін салды. Мұхтардың да жүрегіндегі отын жандырып, Алаш тақырыбына алып келген Рымғали ағасы еді.
Ұстазының арқасында ол Санкт-Петербург университетін үздік бітіріп, қазақтан шыққан алғаш право магистрі болған, бүкіл өмірі әуелі патшалық Ресейдің отаршылдық аппараты тарапынан, кейін Кеңес Одағының сталиндік сұрқия саясатынан қуғын-сүргінде өткен алаш ардақтысы Жақып Ақбаев тақырыбын зерттеуді қолға алды. Бұл тараптағы ізденісі танымдық мақалалар мен монографияларға жалғасып, ақыр соңында «Алаш қайраткерлерінің саяси-құқықтық көзқарасы» атты докторлық диссертацияға ұласты.
Мемлекет тарихының өткен жолдарының, даму белестерін, Алаш қайраткерлерінің тарихымен қосып зерделеген бұл еңбекті алаштанудың көшбасын бастаған зерттеулердің қатарына қосуға әбден болады. Мұндай күрмеуі күрделі тақырыптың тамырын басып көруге ол саналы түрде келді.
Құнды еңбекте қазақтың тұңғыш құқық магистрі, әмбебап тарихшы, энциклопедиялық білімі бар ғалым, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы қажырлы күрескер Жақып Ақбаев пен оның үзеңгілес замандастарының қайраткерлігінің деректері ғана емес, қиын-қыстау кезеңдегі саяси өзгерістер мен замана шерлерінің шеңберіндегі жанкештілігі баяндалып, боздақтардың бейнесі жан-жақты ашылған.
Монографияның маңызды арнасы – Қазақ өлкесінде отаршыл-құқықтық жүйенің орнығуына қатысты мәліметтердің, дереккөздерінің молынан қамтылуында. 1868–1917 жылдарды қамтыған кезеңдегі Ресей империясының Қазақстандағы отарлық заңдарының сипатты белгілеріне тоқталып, жік-жіктеп талдап береді.
Қазақ елінің орыс оташыларынан азаттығы үшін күрестің басында тұрған Жақып Ақбаев пен оның үзеңгілестерінің еңбегі бүгінгі Қазақстан тәуелсіздігінің іргетасы болып қаланды. Монография туралы қысқаша тұжырымымызды осымен тәмамдап, үзіліп кеткен әңгімемізді жалғап «Менің ағаларыма» қайтып оралайын.
«Менің ағаларымдағы» еңбектер жазылу формасы бір-бірін қайталамайтын шытырман оқиғалы шығармалардай оқылады. Егер де ұстазы Рымғали Нұрғали жөніндегі әңгіме бірден адамды еліктіріп әкететін оқиғадан басталса, академик Өмірбек Жолдасбеков туралы хикаясын автор «Тастан қашап жасалғандай кесек тұлға, арыстанның жалындай бұйраланған қою қара шашпен көмкерілген қазандай үлкен бас, құлжа мойын, келістіре пішілген кең иық, қай жаққа бұрылса да сом денеге өршелене жол салатын өрдеш төс және бұған бұдырайған екі шеке мен үнемі күреңітіп тұратын дөңгелек жүзді қосар болсаңыз, азаматтың арыстаны осындай-ақ болар дейтін адамның келбеті келмей ме көз алдыңызға» деп, көркем туынды жазуға әбден ысылған романистердей сөзінің «біссімілләсін» прозаның тілімен бастап, құйындата жөнеледі. Бірақ суреткерліктің қызығын қуып кетпей, кестелі көркем тілімен сезіміңді баурап алған соң сөзбұйдаға салмай, бірден оқырманды оқиғаның ішіне енгізіп жібереді. Үнемі кейіпкерінің шынайы бет-бейнесін суреттейтін айшықты бояулар, жан дүниесін ашатын әдемі детальдар тауып, елік сезіміңді еліктіре түседі.
Зады, Мұхтар Құл-Мұхаммед тұлғалық даралығын ашу үшін өз кейіпкерінің өмір жолын бүге-шігесіне дейін зерттеп, мол мәлімет жинап, оларды сұрыптап, шығармашылық шеберханасында тыным таппай еңбектенуден әсте жалықпайтын қаламгерлердің сойынан. Ой жұмысының жүйкені тоздыратын азабын тартып келе жатқан ол әр деректің шындығын егжей-тегжейлі тексеріп қана қоймай, басы артық дүниелердің болмағанына да қатты мән береді. Елдің көңілін алдарқатып, сөз қуып кеткенді суқаны сүймейді. Бір жазғанын қайта-қайта үстінен қарап, сан мәрте өңдеп, сөйлем түгіл, әр сөздің өз орнында кетігін тапқан кірпіштей қаланып тұрғанына айрықша көңіл бөледі.
Құдай аузына салды ма, Фариза апамыз бұл еңбектердің роман-хикаятқа бергісіз дүниелер екенін айтыпты. Шындығында да солай. Әрине, біздің сөзімізге қарсы шығып, «шағын эссені тұтас бір романмен салыстыруға бола ма?» деп дау айтушылар да табылып қалар. Біз мұндай қитұрқы сауалға «болады» деген жауапты толық сеніммен айта аламыз. Жазушы Герольд Белгердің сөзімен айтатын болсақ, рухани байлықтың құны еш уақытта да көлеммен белгіленбейді. Өйткені көркем әдебиетте, жалпы творчество атаулыда сан әрдайым сапаға ауыспайды. Мәселе, сөздің көптігінде емес – сыбағалы салмағында.
Өкінішке қарай, мемуар жазу мәдениеті әдебиетімізде әлі қалыптаса алмай, ақсап жатыр. Тұлғаның адамдық кескін-келбетін ашатын деректер ұтымды пайдаланылып, үлкен ізденіспен жазылған «Менің ағаларым» осы олқылықтың орнын толтырыпты. Айталық, академик Өмірзақ Жолдасбеков туралы көлемі отыз беттей ғана эсседе қаншама біз білмейтін мәлімет бар. 1970 жылдың тамызында Қазақ мемлекеттік университетіне ректор болып тағайындала салысымен, ондағы мүлгіген тыныштықты оятып, өзгеше арнаға түсіріп жіберген арыстан азаматтың табандылығы қалай шынайы әрі нанымды суреттелген.
«Шебер» әр сөзінің астарында терең мағына жататын, мақтаған болып отырып, кейде мақтамен бауыздап жіберетін сөз шебері Зейнолла Қабдоловтың келбетін айна-қатесіз көз алдыма елестетіп жіберді.
Басталған сәттен-ақ адамды толғандырып, терең ойдың тұңғиығына тастап жіберетін эсседе басы артық бір ауыз сынық сөйлем жоқ. Автор әр сөзін нақты мысалдармен, деректермен негіздеп, шегелеп отырып шындығын дәлелдейді. Жалған пафостарға, желбуаз мақтауларға жол бермейді. Ұстаз өмірінің маңызды белестерінің бәрі де ескеріліп, ой ықшамдалып, сөз сығымдалып, әр еңбегінің нақты бағасы беріледі. Мысалы, Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» кітабы жөнінде толғанғанда Мұхаңның өзі де шебердің тәсіліне салып, аз сөзге терең мағына сыйғызып жібереді.
Ұлттық әдебиетіміздің көрнекті тұлғалары туралы сөз болғанда Мұхаң қолтығына қанат біткендей шабыттанып, тасыған өзендей кемеріне сыймай, шалқып төгіледі. «Ұлтымыздың ұланғайыр күлкісі» атанған жазушы, дарабоз драмматург, публицист Қалтай Мұхамеджановтың пошымын, жүріс-тұрысын, сөзден жеңілмейтін шешендігін айнытпай суреттеген эсседе тырнақалды туындысының өзімен-ақ Мұхтар Әуезов бастаған ұлт әдебиеті ұлыларын дән риза еткен классиктің біз білмейтін көптеген қырлары жарқырай ашылыпты.
Абыздың білімділігіне, парасатына, жазушылық шеберлігіне ғана емес, шешендігіне, ұлттық мақсат-мұрат жолындағы күрескерлігіне де дән риза болып, марқайып қалдық.
Кітаптағы қай еңбекті алсаңыз да, одан Мұхаңның ағаларына деген адалдығы айдарланып тұрады. Тіпті, өмірде опық жегізе жаздаған ағаларының да жақсы жағын ғана көріп, кемшілікті өзгенің емес, өз бойынан байқап, кінәні өз мінезінен іздейді. Бұл шындығында да адамды адам ететін, ірі азамат ететін ұлы қасиет. Айталық, журналистика факультетінде темірдей тәртіп орнатқан дарабоз декан Темірбек Қожакеевтің қаталдығының артында, өз шәкірттеріне шын тіршіліктің өгей шешедей қатыгез болатынын, ал өмірдің ананың аялы алақаны емес екенін әу бастан үйреткісі келген әкелік қамқорлығы жатқанын көре біліп, оқудан шығарып жібере жаздағанына қарамастан, ұстазының ол ісін әділ бағалап, жылы сөз арнауы үлкен парасаттылық.
Қазақтың біртуар азаматы, академик Шаһмардан Есенов туралы эсседен біз қайраткер тұлғаның даралығымен бірге, даналығына да тәнті бола түстік.
Шаһаңның ата-тегі, әкесінің батырлығы, серілігі, шешендігі, білімдарлығы, орысша сауатының мықтылығы туралы деректердің ешқайсысы назардан тыс қалмай, дала қыранының ұясында тәрбиеленген жанның болмыс-бітімін көзбен көргендей әсер аламыз. 1962 жылы Никита Хрущев Маңғыстау түбегін мұнай өндірудегі тәжірибесі мол Түрікменстанға беру жөнінде мәселе көтергенде Шаһмардан Есеновтің орда бұзар отыз жасында қазақ жерінің тұтастығын қорғап қалған ерлігін Мұхаңның еңбегінен оқып, Әлімхан Ермековтің ерлігін қайталаған азаматқа деген құрметіміз бұрынғыдан да бетер арта түсті. Шаһмардан Есеновтің бұл ерлігін өз естеліктерінде академик Сұлтан Сартаев пен академик Әбдірахман Нұрлыбаевтар және тау-кен саласының ардагері, техника ғылымдарының докторы Ибрагим Еділбаев та растапты.
Мемлекетіміздің айшықты рәмізі Елтаңбамыздың авторы Шот-Аман Уәлиханды да білмейтін қазақ жоқ. Алайда «Ханзаданы» оқып шыққанымызда, аға буын Абылай хан әулетінің үлкені ретінде ардақ тұтқан, зиялы қауым сәулетші, тарихшы, әдебиетші ретінде құрметтеген тұлғаның ел білмейтін қырларының көп екеніне көзім жете түсті. Бұл еңбекті әдеби портрет қана емес, тарихи эссе ретінде де бағалауға болады. Іргелі зерттеу бірнеше бөлімнен тұрады. «Ұлы ханның ұрпақтары» бөлімінде Шот-Аман Уәлиханның тегінің мықтылығы сөз болып, Абылай ханның алтыншы ұрпағы екені айтылып, тарихы баяндалады. Кеңес заманында Абылай ханға байланысты отаршылар таңған сыңаржақ бағаның қате екенін 1895 жылы жарық көрген «Брокгауз-Ефрон» энциклопедиялық сөздігінің 29-томындағы сөздерге сүйене отырып дәлелдейді. Абылай ханнан тараған ұрпақтарын тарата келіп, Мұхаң өз еңбегінде атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметіне байланысты тың деректерді жария ете отырып, әңгімесін сабақтайды. Шот-Аман ағамыз Шоқанның інісі Мақы Уәлихановтың үлкен ұлы Ыдырыстан тарайды екен.
Шот-Аман Ыдырысұлының басқаруымен бір топ мүсіншілер мен сәулетшілер, құрылысшылар мен инженерлер жасап шығарған Алматыдағы Тәуелсіздік монументі – шоғыр ескерткіштердің ішіндегі шоқтығы биігі болды. Ол – сәулет, мүсін және инженерлік өнерді тоғыстырған сәулеттік кешен. 1996 жылы тұрғызылған бұл монумент Париждегі Эйфель мұнарасы сияқты бүкіл әлемге әйгілі ескерткіштің біріне айналды.
«Менің ағаларымдағы» әдеби портреттердің ішінен өзіме қатты ұнаған екі еңбекке ерекше тоқталғым келеді. Олар – қазақтың аты аңызға айналған батырлары Рақымжан Қошқарбаев пен партизан-жазушы Қасым Қайсенов туралы дүниелер.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бұл көлемді зерттеуін осы күнге дейінгі жазылған мақалалардың, естеліктердің, тарихи деректердің бәрін сұрыптап, әрқайсысына терең талдау жасап, оның ерлігін мұрағаттық материалдарға сүйене отырып дәлелдеген еңбек ретінде бағалауға әбден болады. Бұл еңбекпен танысқан соң Рақымжан Қошқарбаевтың ең алғашқы болып Рейхстагқа ту тіккеніне байланысты көңілдегі күмәннің бәрі шайылып кетеді. Соғыс кезінде болған ситуацияларды жан-жақты зерттеп, оқиғаға қатысты мәліметтердің бәрін егжей-тегжейлі саралап, әртүрлі ақпараттардың бәрін тарихи жағдаймен салыстыра отырып талдап, көптеген мұрағаттық деректерді мысалға келтіріп, сөзінің шындық екенін мойындамасыңа амал қалдырмайды. Тарихи шындықтың бұрмаланып, Егоров пен Кантарияның қалайша Жеңіс туының авторы атанып, Рейхстагқа шабуылдың әр сәтін «Гимлер үйінен» бақылап тұрған бүкіл командирлердің көз алдында алғаш ту тіккен Рақымжан мен Григорийдің ерлігі өз дәрежесінде бағаланбауының сыры неде екенін бірнеше дерек көздерінен алынған материалдарға сүйене отырып, соқырға таяқ ұстатқандай етіп дәлелдеп береді.
Қазақтың көзі тірісінде өз бағасын алмай кеткен тағы бір қаһарманы – партизан-жазушы Қасым Қайсенов. «Жоғалған пышақтың сабы алтын еді» деген қазақшылығымызға салынып, өкінішке қарай, біз енді ғана қандай дарабоз батырымыздан, қайсар ұлымыздан айырылғанымызды шын түсініп, азаматтың қадірін енді ғана біле бастадық.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Қаһарманын» оқып отырып даңқы қазақ даласын шарлап кеткен хас батырдың балалық шағынан бастап, бүкіл өмірін кинодан көргендей болдым.
«Менің ағаларым» – ұзақ жылдар бойғы мехнатты еңбектің мәуелі жемісі. Өз басым бұл кітапты ұрпақтар сабақтастығының өнегесін үйрететін еңбек ретінде бағалаймын. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы ғана қоғамымыздың жақсарып, мемлекеттігіміздің нығая түсетінін ұмытуға болмайды. Өйткені ол – ғасырлар бойы аға буын мен жас ұрпақтың өзара байланысын жалғастырып келе жатқан өріс жібі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», – деп зиялы қауымды толғандыратын ой тастаған болатын.
Міне, осы тұрғыдан алғанда «Менің ағаларым» – тәуелсіздігімізді нығайтуға зор үлес қосқан ағаларымыздың еңбегін ұлттық мүдде тұрғысынан бағалаған ұрпақтар сабақтастығының шежіресі. Танымдықтан бөлек, бұл еңбектің ұрпақтардың өзара достығын, бір-біріне деген сыйын, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуін дәріптейтін тағылымы да терең.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:25
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 27 Қараша 2025 06:39 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















