Мектепке дайындық машақаты
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Әсіресе, көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар үшін бұл кезең жыл сайын қаржылық салмақты арттырады. Биыл Атырауда мектеп формасы мен оқу құралдарының бағасы тағы да қымбаттап, ата-аналардың алаңдаушылығын күшейтіп отыр. Дәл қазіргі уақытта Атырауда мыңдаған бала мемлекеттік көмектен тыс қалып қойды. Біз мәселенің мәніне үңіліп көрдік.
Мектепке дайындау қанша тұрады?
Қазіргі нарықтағы бағаларға көз жүгіртсек, мектепке бір баланы дайындаудың өзі көптеген отбасы үшін едәуір шығынды қажет етеді. Саудагерлердің айтуынша, мектеп формасы мен кеңсе тауарларының кейбір түрлері былтырғы жылмен салыстырғанда 10-20 пайызға қымбаттаған. Бұл, әсіресе бірнеше баласы мектепте оқитын отбасыларға қосымша қаржылық салмақ түсіріп отыр.
Мәселен, қарапайым базарлардың өзінде мектеп жейдесі 6 500-12 000 теңге аралығында болса, шалбар бағасы 7 500-16 000 теңгеге дейін барады. Қыз балаларға арналған белдемшелер 8 мың теңгеден басталады. Спорттық киім жиынтығы 14-22 мың теңге, ал мектеп сөмкесі 4 500-15 000 теңге аралығында сатылып жатыр. Бұған аяқкиім, кеңсе тауарлары, жұмыс дәптерлері мен басқа да қажеттіліктерді қосқанда бір оқушыны мектепке дайындауға орта есеппен 70-80 мың теңге қажет. Мектепте бір емес, бірнеше баласы оқитын отбасылар үшін бұл шығынның көлемі бірнеше есеге ұлғаятыны түсінікті. Тағы да қайталап айтамыз, біз қарапайым базарлардағы бағаны салыстырдық. Ал сауда үйлеріндегі баға базардағыдан әлдеқайда қымбат болуы мүмкін. Мұнайлы өңір саналатын Атырауда халықтың бәрі бірдей ауқатты ма? Мектепке бірден 5-6 баласы баратын отбасылар оқушыны сабаққа дайындауға жарты миллионға жуық ақша жұмсауға дайын ба? Бұл жағы үлкен сұрақ.
Әкімдік алдына жиналған аналар
Осыдан бірнеше күн бұрын Атырауда даулы жағдай болды. Көпбалалы аналар жаңа оқу жылы қарсаңында берілетін бірреттік қаржылай көмектен қағылғандарын айтып, облыстық әкімдік алдына жиналды. Олардың айтуынша, бұрынғы жылдары мектептер арқылы қажетті құжаттарын өткізіп, көмек алып келген. Биыл да дәл сол тәртіппен әрекет еткен. Алайда мектеп қызметкерлері балалардың жеке сәйкестендіру нөмірін арнайы база арқылы тексергеннен кейін көпшілігіне көмек ала алмайтындарын хабарлаған.
Көмектен қағылғандардың бірі – төрт баланың анасы Гүлзира Елеуғалиева. Ол өтінішінің бірнеше минут ішінде қабылданбай қалғанын айтады.
– Мектепте төрт балам оқиды. Біреуі Оралда, үшеуі Атырауда. Құжат тапсырғаннан кейін бір минутқа жеткізбей бас тарту туралы жауап келді. Себебін сұрасақ, нақты түсіндіре алмайды. Бізден барлық құжатты жинап әкелуді сұрады, бәрін тапсырдық. Бірақ ешбір құжат қаралмағандай әсер қалдырды. Бұл көмек шын мәнінде мұқтаж барлық отбасына берілуі қажет қой, – дейді ол. Наразы аналар табысы төмен, бірнеше баласы бар отбасылардың көмексіз қалуы түсініксіз жағдай екенін алға тартуда.
Айнұр Жұмахметова – көпбалалы ана. Оның мектеп жасындағы алты баласы бар. Толық отбасы. Бірден айтайық, Айнұр әкімдік алдына жиналған наразы аналардың қатарында болған жоқ. Айнұрдың шағын кәсібі бар. Ол тапсырысқа қыз жасауын тігеді. Құрақ көрпені шағын бизнеске айналдырған Айнұр айына жаман табыс таппайды.
– Мектепке киімдерді әлі ала қойғанымыз жоқ. Жолдасым қазір вахтада жүр. Тамыздың аяғына қарай, жолдасымның еңбекақысына балаларды киіндіруге шығамын деп отырмын. Менің алты баламның бәрі де мектепте. Жақында ортаншы қызым қаладағы мен деген лицейлердің біріне түсті. Ол мектептің формасы басқа, бомбер, белдемше, шалбар, футболкаларына 55 мың теңге төлеп кеттім. Мұның сыртында спорттық киім, аяқкиімдері, сөмке, оқу құралдары бар. Тағы бес балам қарапайым мектепте оқиды. Оларды базардан киіндіремін деп отырмын. Шамамен 800 мың теңгедей ақша керек деп ойлаймын. Тапсырыспен қыз жасауын тігіп отырсам да, мен үшін де бұл сома аз емес. Себебі мектепке дайындаудан бөлек, әр баланың курстары, үйірмелері аз ақша тұрмайды. Оған күнделікті тамақты қосыңыз. Қазір қоғамда көпбалалы десе, бәрінің әлеуметтік жағдайы төмен деген түсінік қалыптасқан. Көпбалалы отбасылардың бәрі бірдей мемлекетке алақан жайып отырған жоқ. Дегенмен көпбалалы болу – үлкен жауапкершілік, – дейді Айнұр Жұмахметова.
«Мұқтаж отбасылардың өзі тізімнен шығып қалған»
«Аналарға көмек қолдау» қоғамдық қорының төрайымы Сандуғаш Көкенова бұл мәселе жекелеген жағдай емес екенін айтады. Оның айтуынша, көмек алуға үміттенген көптеген отбасы жаңа жүйе бойынша іріктеуден өте алмаған.
– Қазір шын мәнінде мұқтаж отбасылардың көпшілігі көмексіз қалып отыр деген шағымдар түсуде. Кейбір аналардың айтуынша, отбасының табысы аз болғанына қарамастан, жүйеден бас тарту туралы жауап келген. Тіпті көпбалалы отбасылар арасында да мұндай жағдайлар кездесіп жатыр. Сондықтан аналар мемлекеттен жыл сайын беріліп келген қолдаудың әділ әрі ашық тетігін талап етеді, – дейді қоғамдық белсенді.
Қоғам белсенділерінің пікірінше, мәселе тек қаржылай көмекте емес. Бұл әлеуметтік қолдау тетіктерінің нақты мұқтаж жандарға жету-жетпеуі туралы сұрақты күн тәртібіне шығарып отыр.
Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?
Атырау облыстық Білім беру басқармасынан анықтағанымыз, биыл әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі түбегейлі өзгерген. Бұрын Жалпыға міндетті оқу қоры арқылы ата-аналар құжат жинап тапсыратын болса, енді бұл процесс толық автоматтандырылған. Оқу-ағарту министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері біріктіріліп, отбасының әлеуметтік жағдайы мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтер негізінде бағаланады.
Соның нәтижесінде бұрын құжат арқылы расталатын кейбір санаттар автоматты түрде анықталады. Облыстық Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов қазір жүйенің басты мәселесі бас тарту себептерін түсіндірудің күрделілігі екенін айтады.
– Бұл жерде ата-аналардың жеке деректеріне қатысты мәселелер бар. Сондықтан қызметкерлер барлық мәліметті ашып қарай алмайды. Біз Оқу-ағарту министрлігіне ұсыныс жасадық. Егер азаматқа көмек тағайындалмаса, оған нақты қандай себеппен бас тартылғаны туралы хабарлама жіберілуі керек деп есептейміз. Қазір бұл мәселе қарастырылып жатыр, – деді Марат Әбуов.
Білім беру басқармасының мәліметіне сәйкес, былтырғы көмек алушылардың едәуір бөлігі биыл жаңа жүйе талаптарына сәйкес келмеген. Нақтырақ айтқанда, былтыр екінші санат бойынша көмек алған 14 мың баланың шамамен 7 мыңы биыл автоматтандырылған сүзгіден өтпеген. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Өйткені ата-аналардың басым бөлігі өздерінің нақты қандай көрсеткіш бойынша көмекке лайық деп танылмағанын білмейді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда азаматтарға түсіндіру жұмыстары күшейтілуі қажет. Әйтпесе цифрландырудың басты мақсаты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету болғанымен, керісінше, түсініспеушілік пен әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін.
Биыл қанша бала көмек алады?
Облыстық Білім беру басқармасының мәліметіне сәйкес, Атырау облысында жаңа оқу жылы қарсаңында 23 мыңнан астам оқушыға бірреттік материалдық көмек көрсету жоспарланған. Әр балаға 50 851 теңгеден төленеді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі таңда 5 342 балаға қаржылай көмек аударылған.
Сонымен қатар автоматты жүйеден өте алмаған балаларды қолдау мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы іске асырылуда. Былтыр осы акция арқылы өңірде 5 мыңға жуық балаға көмек көрсетілген. Биыл акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Сарапшылардың пікірінше, ақпараттық жүйелер азаматтардың ресми табысын көрсеткенімен, олардың нақты әлеуметтік жағдайын дәл бейнелей бермейді.
– Қазір Қазақстанда несиесі жоқ адам ілуде біреу. Автоматтандырылған базада несие жүктемесі, уақытша жұмыссыздық немесе бейресми табыс мәселелері көрінбеуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік көмекті толық автоматтандырумен қатар апелляция механизмін де жетілдіру қажет. Азамат көмек ала алмаса, оның себебін біліп, қайта қарауға өтініш бере алуы тиіс, – дейді заңгер Нұрайым Шандозова.
Атыраудағы жағдай бір өңірдің мәселесі ғана емес. Бұл – цифрландыру мен әлеуметтік әділеттілік арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсететін мысал. Жаңа оқу жылы қарсаңында қоғамды алаңдатқан басты сұрақ өзгермейді: мемлекеттік қолдау жүйесі шынымен мұқтаж баланы көре алып отыр ма?
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:64
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 22 Тамыз 2026 08:13 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















