Оңалту орталықтарындағы оң өзгеріс
Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін оңалту қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында барлық өңірде заманауи оңалту орталықтарын салу қолға алынды. Жаңа орталықтар халықаралық талаптарға сай жоғары технологиялық және заманауи оңалту құрал-жабдықтарымен жарақтандырылмақ.
Сондай-ақ қолданыстағы оңалту орталықтары да кезең-кезеңімен жаңартылып, ем алушылардың функционалдық мүмкіндіктерін қалпына келтіруге бағытталған емдік денешынықтыру, физиотерапия, механотерапия, эрготерапия секілді қызметтерді көрсетуге қажетті заманауи жабдықтармен қамтылып жатыр. Бұл азаматтарға сапалы әрі тиімді оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік береді.
Оңалту қызметін алу үшін азамат тұрғылықты жеріндегі емханаға немесе медициналық ұйымға жүгінеді. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда дәрігер оңалту қызметіне жолдама береді. Ал мүгедектігі бар адамдар техникалық оңалту құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу үшін тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне немесе Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүгіне алады.
Мемлекеттік оңалту орталықтарында медициналық көрсетілім бойынша жолдама алған азаматтарға оңалту қызметтері, жатын орын мен тамақтану тегін ұсынылады. Сонымен бірге жеке оңалту бағдарламасына сәйкес кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетіледі. Заңнамада көзделген жағдайларда азаматтар техникалық оңалту құралдарымен де қамтамасыз етіледі.
«Оңалту қызметтерінің басты мақсаты – азаматтардың функционалдық мүмкіндіктерін қалпына келтірумен қатар, олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға негізделеді», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Талғат Сағитов.
Тағы бір ақжолтай жайт – елімізде мүгедектігі бар балаларға үйден шықпай-ақ кешенді оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік беретін «QH Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен және Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп қолға алынған.
Қазіргі таңда бастама Шымкент қаласында, сондай-ақ Қызылорда, Павлодар, Абай облыстарында сәтті жүзеге асырылып келеді. Жобаның аралық қорытындылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырыстарында тұрақты түрде талқыланып, оған тиісті баға беріліп отыр.
Игі бастама іске қосылғалы бері 628 бала үй жағдайында кешенді оңалтудан өтті. Оларға 405 инновациялық оңалту құралы берілді. Бағдарламаның тиімділігі нақты нәтижелерден де көрінеді. Жобаға қатысқан 470 баланың, яғни шамамен 75 пайызының дамуында оң өзгеріс байқалған.
Тұрақты жүргізілген оңалту сабақтарының нәтижесінде 130 бала басын өздігінен нық ұстай алатын деңгейге жетсе, 76 бала өздігінен отыруды үйренген. 78 бала тірек құралдарының көмегімен аяғына нық тұра бастаған. Ал 34 бала қаз басып, алғашқы қадамдарын жасаған.
Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында өмірі оң бағытта өзгерген нақты отбасылардың тағдыры тұр. Бағдарлама қатысушыларының бірі – Абай облысының тұрғыны Назым Рашитқызы. Оның айтуынша, ұлының сырқатына ем іздеп жүрген отбасына бұл жоба бір жарым жылдан бері үлкен көмек көрсетіп келеді.
«Ұлымның аяққа нық тұруы едәуір жақсарды. Қазір ойыншықтарын өзі алып, өздігінен тамақтануға талпынып жүр. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен жетістік. Осындай жобаға шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Келешекте де жалғасын тауып, өзге балаларға да қолжетімді болуына үміттенеміз», дейді Н.Рашитқызы.
Үй жағдайында жүргізілетін оңалтудың басты артықшылықтарының бірі – отбасыларды цифрлық бақылау күнделігі арқылы тұрақты сүйемелдеу. Реабилитологтер баланың жағдайын қашықтан бақылап, үйде жүргізілетін жаттығулардың нәтижесін талдайды. Қажет болған жағдайда оңалту бағдарламасына түзетулер енгізеді. Мұндай тәсіл шалғай елді мекендерде тұратын балаларға да сапалы оңалту қызметін көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
Алдағы уақытта цифрлық платформаның ауқымын кеңейтіп, оған ата-аналарға арналған оқыту материалдарын, логопедиялық жаттығуларды орындауға мүмкіндік беретін жаңа сервистерді енгізу жоспарланған. Сонымен қатар тәжірибе алмасу және өзара қолдау көрсету мақсатында ата-аналардың тұрақты офлайн кездесулерін өткізу көзделіп отыр.
Жобаға сұраныстың жоғары екенін ескерген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оны биылғы жылдың соңына дейін жалғастырмақ. Нәтижесінде, үй жағдайындағы оңалту қызметі тағы төрт өңірде – Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында қолжетімді болады.
Жобаны кезең-кезеңімен кеңейту үй жағдайында оңалтудың бірыңғай ұлттық моделін қалыптастыруға негіз болмақ. Осылайша, заманауи оңалту тәсілдерін тұрғылықты жеріне қарамастан, мүгедектігі бар барлық балаға қолжетімді етуге мүмкіндік туады.
Елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің жұмысында кедергісіз орта қалыптастырудың жаңа тетіктері мен оңалту қызметтерін цифрландыру мәселелері де тұрақты назарда.
Жақында өткен талқылау барысында нысандардың қолжетімділігін бағалауға арналған Алгоритм жобасы таныстырылды. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скубтың айтуынша, жаңа регламент ғимараттардың құрылыс нормаларына сәйкестігін тексеру үдерісін жүйелеуге мүмкіндік береді.
Алгоритмге сәйкес, Комитеттің аумақтық департаменттері нысандардың нақты қолжетімділігін растау мақсатында тексеру жүргізеді. Бұл ретте ғимараттардың кіреберісі, жүріп өту жолдары, санитарлық тораптары секілді нысандардың негізгі элементтері бағаланады. Жалпы, бағалау автотұрақ орындарынан бастап, визуалды және дыбыстық навигация жүйелеріне дейінгі 12 негізгі аймақты қамтиды.
Мониторинг жүргізуге және мүгедектігі бар адамдардың мәселелерін оңтайлы шешуге бағытталған жұмыстарға әкімдердің штаттан тыс кеңесшілері де белсенді тартылмақ. Бұл бағалау үдерісінің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар шипажайлық-курорттық емдеу сапасын арттыруға бағытталған заңнамалық бастамалар да жүзеге асырылмақ. Алдағы уақытта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске шипажайлық-курорттық ұйымдарды міндетті аккредиттеуді енгізуді көздейтін түзетулер енгізу жоспарланып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі есту қабілеті төмен балаларды қолдау және әлеуметтік демеу бағытындағы жұмыстарды да жандандырып келеді. Есту-сөйлеуді бейімдеу курстарының арқасында жүздеген бала есту қабілетін қалпына келтіріп, ауызша сөйлеуді меңгеруге мүмкіндік алды.
Мұндай оңалтудың басты мақсаты – күрделі операцияның, яғни кохлеарлық имплант орнатудың нәтижесінде балаға дыбыстарды танып, сөйлеуді үйренуге көмектесу. Әрбір оң нәтиженің артында пәнаралық мамандар командасының ауқымды еңбегі жатыр. Балалармен сурдолог-дәрігерлер, невропатологтер, дефектолог-сурдопедагогтер, логопедтер, психологтер, сондай-ақ массаж мамандары мен емдік денешынықтыру нұсқаушылары жұмыс істейді.
Әр бала үшін оның жас ерекшелігі мен медициналық жағдайын ескере отырып, жеке оңалту жоспары әзірленеді. Былтыр есту және сөйлеу қабілетін оңалтудан 1-17 жас аралығындағы 298 бала өтіп, олар үшін 936 курс ұйымдастырылды.
Атқарылған жұмыстың нәтижесі де көңіл қуантады. Ауызша еркін сөйлеуге дағдыланған балалардың саны 4,03 пайызға артты. Екі сөзді байланыстырып, қысқа сөйлемдер айта алатын жеткіншектердің үлесі 4,36 пайызға өсті. Ал есту қабылдауы қалыптаспаған балдырғандардың саны 5,37 пайызға азайды.
Игі бастаманың игілігін көріп отырған балалардың қатары да артып келеді. Былтыр Алматыдан – 81, Шымкенттен – 56, Астанадан – 46, Қызылордадан – 45, Ақтөбеден – 40, Тараздан 30 бала оңалту курс-тарынан өтті.
Биыл жыл басынан бері орталық филиалдарында алты оңалту курсы өткізіліп, 234 бала қамтылды. Оңалту жұмыстары жыл бойы жүргізіледі. Орталықтың филиалдары бар өңірлерде балалар курстарға күндізгі форматта қатысады. Ал облыста филиал болмаған жағдайда мемлекет қызметке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында балаларды жылына бір рет 15 күндік оңалту бағдарламасына шақырады. Бағдарламаға қатысу үшін ата-аналар тиісті бейінді департаментке жүгінуі қажет.
Қорыта айтқанда, елімізде оңалту қызметтерін дамытуға бағытталған ілкімді жобалардың игілігі нақты нәтижелерден көрініп келеді. Заманауи орталықтардың ашылуы, үй жағдайындағы оңалтудың жолға қойылуы, цифрлық технологиялардың енгізілуі және мамандардың кешенді жұмысы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Оңалту – тек медициналық қызмет емес, ол адамның қоғамға қайта бейімделуіне, өз мүмкіндігін барынша пайдалануына және толыққанды өмір сүруіне жол ашатын маңызды әлеуметтік қолдау. Сондықтан мұндай бастамалардың ауқымын кеңейтіп, олардың әрбір азаматқа, әсіресе ерекше қолдауды қажет ететін балаларға тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді болуы – маңызды міндет. Ұлт саулығын нығайтуға және әр адамның өмір сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалар баянды болғай.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:80
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 30 Шілде 2026 09:06 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















