Орташа жалақы инфляциядан оза алмай тұр
Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Номиналды жалақы өскенімен, оның бәрін инфляция жұтып қойып жатқанына үйреніп болдық. Оның үстіне, орташа көрсеткіштің өзі қазақстандықтардың басым бөлігінің нақты табысын көрсете бермейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері осыны тағы бір дәлелдегендей.
Бюроның дерегіне қарағанда, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық номиналды жалақы 448 588 теңгеге жеткен. Ал жалдамалы қызметшілер бойынша есептегенде, бұл көрсеткіш 461 486 теңгені құрайды. Осыған қарап, жалақы өсіп жатқандай әсер қалады. Бірақ медианалық жалақы мөлшері бұл ойды біраз сейілтеді.
Екінші тоқсанда ол 316 152 теңге болған, яғни жалдамалы қызметкерлердің жартысы осы көлемнен аз тапқан. Орташа және медианалық жалақының айырмасы 132 мың теңгеден асады. Демек, бірнеше жүз мың немесе миллион теңге жалақы алатын жоғары табысты қызметкерлер орташа көрсеткішті жоғары қарай тартып отыр. Ал қарапайым жұмысшының жалақысы 300 мың теңгенің маңайында қалуы мүмкін.
Экономист Марат Әбдірахмановтың Ұлттық статистика бюросының деректеріне жасаған шолуы да осы мәселеге назар аудартады. Оның есебінше, биыл екінші тоқсанда жалдамалы қызметшілердің орташа айлық жалақысы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 2,5 пайызға төмендеген, ал былтырғы екінші тоқсанмен салыстырғанда 9,1 пайызға өскен.
Бірақ дәл осы жерде инфляцияның әсері көрінеді. Бір жылдағы инфляция қарқыны 10,2 пайыз болғандықтан, жалақы номиналдық тұрғыда 9,1 пайыз өсті дегеннен гөрі нақты табыс, керісінше, шамамен 1,1 пайызға төмендеді дегенді білдірсе керек. Демек, жұмыс беруші қызметшіге көбірек теңге төлегенімен, ол қаражаттың сатып алу қабілеті бұрынғыдан кеміген.
Ал 2026 жылдың басынан бері жинақталған инфляцияны есепке алғанда, Әбдірахмановтың бағалауынша, нақты табыстың төмендеуі одан да айқынырақ көрінеді. Бұл жерде мәселе тек статистикада емес. Адамның қалтасына түскен ақша көлемінен бұрын сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып ала алатыны маңызды. Сондықтан «жалақы 10 пайызға өсті» деген мәлімдеме халық үшін аса қуанышты жаңалық бола қоймайды. Егер азық-түлік, коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, баспана және басқа да күнделікті шығындар бұдан жылдамырақ қымбаттаса, номиналды өсімнің мәні азая береді.
Қазақстандағы жағдайды Еуразиялық экономикалық одақтағы басқа елдермен салыстырғанда, мәселе одан әрі өткірлене түседі. Еуразиялық экономикалық комиссияның деректері бойынша, 2026 жылдың қаңтар-маусымындағы орташа жалақы Қазақстанда 480 461 теңге шамасында болған. Бір жылда ол номиналды түрде 10,3 пайызға өскен. Бірақ инфляцияны есептегенде, нақты жалақы 0,6 пайызға төмендеген. Соған қарап, Қазақстан ЕАЭО елдерінің ішінде нақты жалақысы төмендеген жалғыз мемлекет болып шығады.
Ал экономикалық одақтың өзге мемлекеттерін қарайық: Арменияда нақты жалақы – 0,9 пайызға, Беларусьте – 7,5 пайызға, Ресейде – 6,5 пайызға, ал Қырғызстанда бірден 15,3 пайызға өскен. Жалақының номиналды мөлшері бойынша Қазақстан ЕАЭО-да үшінші орында. Бірақ инфляцияны алып тастағанда, жағдай әлдеқайда нашар.
Осыдан соң орынды сұрақ туады. Егер экономика өсіп жатса, бюджет кірістері артса, мұнай бағасы мен экспорттан түсетін түсімдерді қоса алғанда қарапайым азаматтың нақты жалақысы неге төмендеуі керек?
Мұнайлы елдің де мәселесі бар
Бұл мәселе ел экономикасында қайшылық барын тағы бір дәлелдей түседі. Қазақстанда ең жоғары жалақы әдеттегідей тау-кен өндіру, қаржы, сақтандыру, ақпарат және байланыс сияқты салаларда тіркеледі. Ал әлеуметтік және қызмет көрсету салаларында жалақы әлдеқайда төмен.
Әсіресе мұнай секторындағы көрсеткіштер назар аудартады. Ұлттық статистика бюросының өнеркәсіп бойынша мәліметтеріне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстандағы мұнайшылардың орташа айлық жалақысы шамамен 1,7 млн теңге болған. Бұл жалпы елдегі орташа жалақыдан бірнеше есе жоғары. Бірақ мұнайшылар өнеркәсіптегі жұмысшылардың небәрі 7,4 пайызын құрайды. Соған қарамастан, олардың үлесіне өнеркәсіптегі жалпы жалақы қорының 18,4 пайызы тиеді. Мұнай саласындағы жылдық жалақы қоры шамамен 2 млрд долларға бағаланады. Демек, мұнай саласы елдегі орташа жалақы көрсеткішін біршама жоғары тартып отыр деген сөз. Сонда орташа жалақының шынайы мөлшері қандай болғаны?!
Мұнай сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, бұл мәселені тек мұнай өндірісінің көлемімен немесе бюджетке түсетін салықпен бағалау жеткіліксіз. Ол шамамен он жыл бұрын жасаған салыстыруында Қазақстандағы мұнай компаниялары арасында жалақы деңгейі бойынша айтарлықтай айырмашылық болғанын айтады. Оның бағалауынша, сол кезде NCOC-тағы жалақы ТШО-дан жоғары болған, ал ең төменгі деңгей қытайлық компанияларда тіркелген. «ҚазМұнайГаз» ортаңғы позицияда. Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдай да түбегейлі өзгермеуі мүмкін.
Мұның бәрі ақырында Ұлттық қор мәселесіне тіреледі. Қазақстан ондаған жыл бойы мұнайдан түскен табыстың бір бөлігі Ұлттық қорға жиналып келеді. Мақсат белгілі, табиғи ресурстардан түсетін табысты болашақ ұрпаққа сақтау және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Сонымен қатар қор қаражаты экономика мен бюджетке түрлі механизм арқылы бағытталып келеді.
Бірақ қарапайым азамат үшін ең маңыздысы басқа. Миллиардтаған теңге Ұлттық қордан экономикаға құйылған кезде оның нәтижесі халықтың жалақысынан көріне ме? Егер нақты жалақы төмендеп, халықтың сатып алу қабілеті әлсіресе, онда бюджет пен Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың экономикалық әсері қайда кеткені? Ақылға салса, мұндайда мемлекеттің экономикалық көрсеткіштері жақсы болса керек еді. Мұнай экспортталып, ірі компаниялар табысын өсіріп, бюджетке едәуір қаражат түсіп жатқанымен, осының бәрі қарапайым азаматтың өміріне әсер етпесе, мұндай өсімнің не пайдасы бар деген ой туады.
Экономист Айдархан Құсайынов осы ойды қуаттай түседі. Мәселен, ҰСБ деректеріне сәйкес, акционерлік қоғамдардың құрылтайшылары мен ірі қатысушыларының саны мың адамға дейін азайған. Егер салықтық өзгерістердің нәтижесінде түрлі шағын ЖШС өз қызметін тоқтатқанын ескерсек, бұл қисынды.
Оның ойынша, кәсіпорын өз иесіне (құрылтайшысына) тұрақты түрде қомақты пайда әкеліп тұрса ғана жұмысын жалғастыра береді. Ал қай кезде жабылады? Жалақы төлей алмай қалған кезде емес, оның пайда деңгейі меншік иесін қанағаттандырмаған кезде жұмысы тоқтайды. Инвестициялық жоба да иесіне жеткілікті пайда әкелетін болса ғана жүзеге асырылады.
– Бизнесті субсидиялаудың, жеңілдік пен преференцияның барлығы кәсіпорынның пайдасын, яғни акционерлердің табысын қолдауға бағытталған. Олар ешқашан тікелей жалақы өсіміне айналмайды, өйткені жұмысшылар нарыққа сай, яғни нарықтық жалақы деңгейінде жұмысқа қабылданады. Нарықтық жалақыны 9 миллиондық жұмыс күші және мемлекеттік қолдау алатын жүздеген мың, тіпті миллиондаған жұмыс беруші – жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындар қалыптастырады. Ал субсидияланатын кәсіпорындардағы жұмысшылардың саны ең көп дегенде бірнеше мың адам ғана. Бұл жалпы еңбек нарығымен салыстырғанда теңізге тамған тамшыдай, – дейді ол.
Сондықтан оның сөзінше, бизнесті қолдауға және субсидиялауға бағытталған триллионның бәрі сол 500-1000 адамның қолында шоғырланады. Оның үстіне, сол субсидияға кететін қаражаттың өзін мемлекет барша қара халықтан жоғары ҚҚС арқылы және Ұлттық қорды пайдалану есебінен жинап алады.
Ербол ТҰРЫМБЕТ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:93
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 10 Қыркүйек 2026 06:19 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















