Жолынан жаңылмаған жоспар
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Әсіресе 2026 жылға жоспарланған көрсеткіштер өңірдегі тұрғын үй саясатының ауқымы едәуір кеңейгенін аңғартады. Биылғы жоспардың өзі өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда бірнеше есеге жоғары.
Қызылорда облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметіне қарағанда, 2023 жылы мемлекеттік бюджет есебінен 1 929 тұрғын үй салынған және сатып алынған. Сол уақытта бұл мақсатқа 26 млрд 657 млн теңге бағытталыпты. Оның 1 337-сі сатып алу арқылы болса, 592-сі құрылыс есебінен жүзеге асқан. 2024 жылғы тұрғын үймен қамту көлемі де ауқымды. Бұл жылы аймақта 2 573 тұрғын үйге 40 млрд 335 млн теңге жұмсалыпты. Ал 2025 жылы 2 477 тұрғын үй бойынша 36 млрд 412 млн теңге қарастырылған. Оның 1 827-сі сатып алу, 650-і құрылыс арқылы қамтамасыз етілген. Яғни 2023-2025 жылдары облыста тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік қолдаудың тұрақты көлемі қалыптасқанын байқауға болады.
Басқарманың мәліметінше, 2026 жылдың жоспары бұл көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Атап айтқанда, биыл облыста 9 734 тұрғын үйді қамту жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы межемен салыстырғанда шамамен төрт есеге жуық артық.
Биылғы жоспардың жалпы құны 167 млрд 636 млн теңгені құрайды екен. Оның ішінде 7 820 тұрғын үй сатып алу арқылы қамтылса, 1 914 тұрғын үй құрылыс арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл тұрғыда 2026 жылғы жоспардың басым бөлігі жаңа үй салуға емес, дайын тұрғын үйді сатып алуға бағытталып отырғанын байқауға болады.
Бұл ретте мұндай тәсілдің әлеуметтік маңызы зор саналады. Өйткені құрылыс жобасының аяқталуын бірнеше жыл күтудің орнына дайын пәтерлерді сатып алып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға беру баспана мәселесін жедел шешуге мүмкіндік берері анық.
Осы орайда айта кететін тағы бір маңызды мәселе – биылғы қаржының басым бөлігінің Қызылорда қаласына бағытталып отырғаны байқалады. Яғни жалпы жоспарланған 9 734 тұрғын үйдің 7 285-і Қызылорда қаласының үлесінде болса, қалған 2 449-ын облысқа қарасты аудандарда жүзеге асыру көзделген.
Сонымен қатар Сыр өңіріндегі тұрғын үйге қатысты қаржылық бөліністе де осы айырмашылық байқалады. Атап айтқанда, қалаға 134 млрд 838 млн 180 мың теңге бөлінсе, ал аудандарға 32 млрд 797 млн 889 мың теңге қарастырылған. Бұл да облыс орталығындағы тұрғын үйге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Жалпы тұрғын үй саласындағы динамиканы нақты сандармен сөйлетсек, соңғы жылдары атқарылған жұмыстардың ауқымдылығын аңғаруға болады. Бұл тұрғыда 2023 жылдан 2024 жылға қарай тұрғын үй саны 644 бірлікке көбейгені байқалады. Ал 2025 жылы көрсеткіш сәл төмендегенімен, мемлекеттік қолдаудың көлемі жоғары деңгейде сақталған. 2026 жылғы жоспардың ауқымы тіпті жоғары. Жалпы 2023 жылмен салыстырғанда биыл қамтылатын тұрғын үй көлемі шамамен бес есеге, ал жоспарланған қаржы алты еседен астамға ұлғайып отыр. Мұны бірінші кезекте тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік саясаттың қаржылық мүмкіндігі артқанын көрсететін маңызды көрсеткіш деп атауға болады.
Жыл басынан бергі көрсеткіштер де құрылыс қарқынының жоғары екенін аңғартады. Оның ішінде қаңтар-шілде айларында облыста 196,7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалып, көрсеткіш 134,9 пайызды құраған. Осы кезеңде қаржыландырудың барлық көздері есебінен 442,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл жоспардың 102 пайызға орындалғанын көрсетеді.
Ал қаңтар-тамыз айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 201,9 млрд теңгеге жеткізіліпті. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 123 пайыздық көрсеткішке тең дейді басқарма. Жыл соңына дейін тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін 569,8 мың шаршы метрге жеткізу көзделіп отырғанын мәлімдеді. Демек, құрылыс саласындағы серпін жоғары. Мұны жылдың алғашқы сегіз айындағы көрсеткіштерден байқауға болады.
Сонымен қатар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 5 613 пәтерді сатып алу және салу жоспарларда тұр. Оның ішінде Қызылорда қаласында құрылысы жүргізіліп жатқан 7 қабатты, 84 пәтерлі екі тұрғын үйден – 168 пәтер, ипотекалық тұрғын үй бағдарламалары аясында 945 пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған арендалық тұрғын үй бойынша 1 647 пәтер қарастырылған. Жоспар бойынша осы жылдың соңына дейін 2 760 пәтерді пайдалануға беру көзделсе, қалған 2 853 арендалық пәтерді келер жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.
Биыл тұрғын үй аумақтарында 38 инженерлік инфрақұрылым жобасын іске асыруға 22,5 млрд теңге қаралған. Оның ішінде 7,3 млрд теңге облыстық бюджеттен, ал 15,2 млрд теңге бағалы қағаздар шығару есебінен қаржыландырылу көзделіп отырғанын алға тартады. Мұндай жұмыстар тұрғын үй құрылысының инженерлік инфрақұрылымын қатар дамытуға мүмкіндік арттырады деген пікірде.
Сыр өңірінің тұрғын үй құрылысы саласында Қызылорда қаласының сол жағалауындағы құрылыс қарқыны да жоғары. Заманауи сәулеті қалыптасып, ауқымы кеңейе түскен жаңа шағынауданда тұрғын үй кешендерінің үлесі басым. Нақты кезеңде аталған аумақта 252 пәтерден тұратын 7 қабатты үш кредиттік тұрғын үй салуға бағалы қағаздар шығару есебінен 3,5 млрд теңге бөлінген.
Жалпы, 2026 жыл Қызылорда облысы үшін тұрғын үй мәселесін шешуде жаңа серпін беретін кезең болғалы тұр. Ендігі кезекте жоспарланған жобалардың уақытында әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:15
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 10 Қыркүйек 2026 04:52 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















